Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
науч.проект.docx
Скачиваний:
22
Добавлен:
05.03.2016
Размер:
66.2 Кб
Скачать

Негізгі бөлім

Зерттеу жұмысының «Зерттеудің теориялық және методологиялық алғышарттары» деп аталатын бірінші бөлімінде герман және қазақ тілдерінің салғастырмалы фразеологиясының қалыптасуы, салыстырмалы-салғастырмалы фразеология саласын зерттеудегі жаңа бағыттар, тіл және мәдениет сияқты жалпы теориялық мәселелер қарастырылады.

Тіл біліміндегі салыстырмалы-салғастырмалы әдісті қолдану арқылы әртүрлі туыстас және туыстас емес тілдердің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, фразеологиялық т.б. жүйелерін салыстырып, салғастырып зерттеуге болады. Бұл әдістің түп төркіні ХІХ ғасырдың басынан бастап туыстас тілдер семьясы мен тобы, олардың туыстық қатынасы мен дәрежесін зерттеуге арналған салыстырмалы-тарихи әдісте жатыр. Салыстырмалы-тарихи әдіс туыстас тілдердің деректерін салыстыра тарихи тұрғыдан зерттеп, ондағы лексикалық және грамматикалық құбылыстардың шығу тегі, өзгеруі мен дамуын және түп тегінің бірлігін анықтау үшін қолданылған.

Кейіннен осы атақты әдістің нәтижелері мен деректерін есепке ала отырып, тіл білімінің жаңа принциптері айқындалды, бұрынғы деректер жаңа мәліметтермен толықтырылды. ХХ ғасырда салыстырмалы әдіс арқылы туыстас емес тілдерді де салғастыра зерттеуге болады және зерттеу керек деген пікір кең өріс алды. Бұл әдістің соңғы жылдары кең тарағандығы соншалық, тіпті осыған байланысты тіл білімінің жаңа тараулары, зерттеудің жаңа бағыттары пайда болды: салыстырмалы-салғастырмалы фонетика, салыстырмалы-салғастырмалы лексикология, салыстырмалы-салғастырмалы грамматика, салыстырмалы-салғастырмалы фразеология тілдің тағы сол сияқты басқа салалары өз алдына дербес пән ретінде қаралып, талай ғылыми еңбектердің негізгі нысандары болды.

Тіл білімінің басқа салалары сияқты фразеология да бүгінгі таңда терезесі тең, дербес пәнге айналып отыр. Фразеология саласын тіл білімінің жеке саласы ретінде қалыптастыруда, оның нысандарын, тілдегі орны мен табиғатын зерттеу әдістерін анықтауда, маңызды теориялық тұжырымдар жасауда көптеген отандық және шетелдік ғалым-фразеологтардың еңбектері ерекше орын алады. Н.И.Амосова, А.В.Кунин, И.И.Чернышева, В.Флейшер (W.Fleischer), М.М.Копыленко, І.Кеңесбаев, А.Т.Қайдар, А.Д. Райхштейн, С.Е.Исабеков, С.К.Сатенова, З.Қ.Ахметжанова, Д.Добровольский, М.Сабитова, К.К.Дүйсекова т.б. атақты ғалымдардың жалпы және салғастырмалы фразеология мәселелеріне арнап жазған құнды-құнды еңбектері жарық көрді.

Бүгінгі таңда адамзат тарихының шексіз өрлеп, кемелденген заманында, мәдениет пен өнер, саясат пен тіл салаларында халықаралық қатынастың дамып, жанданған уақытында салыстырмалы-салғастырмалы тіл білімі өзекті де көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Тілдерді салыстыра –салғастыра зерттеу әр тілдің өрнек бояуын, ұлттық ерекшелігін, қайталанбас қасиетін танып білуге жол ашады. Осындай зерттеулер мәдениетаралық қатынастың төрінен орын алып, халықтардың бір-бірімен түсінісу барысын жүзеге асыруға кеңінен ат салысады.

Еліміз егемендік алып, әлемдік өркениет биігіне ұмтылып отырған заманда, жоғары дамыған Еуропа елдерімен саяси, экономикалық, мәдениаралық қарым-қатынастың дамып отырған уақытында – қазақ тілін Еуропаның беделді тілдерінің бірі ағылшын тілімен салғастыра зерттеу – баға жетпес құнды дүние.

Соңғы 10-15 жыл ішінде қазақ тілі фразеологиясын герман (неміс, ағылшын) тілдері фразеологиясымен салғастыра зерттеуге арналған бірталай жұмыстар жарық көрді (Карбозова Г., Арғынғазина Ш., Оспанова Ф., Молдасанова А., Қапышева Г., Атаханова Р., Мықтыбаева Т. және т.б.).

Бірі түркі, бірі герман тілдері тобына жататын қазақ және ағылшын, қазақ және неміс тілдерінің тілдік, ұлттық мәдени ерекшеліктерін түрлі тілдік бірліктер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер бойынан тауып, олардың бір-біріне ұқсастық немесе бір-бірінен айырмашылық дәрежесін анықтауға, ұлттық нақышты тереңірек түсінуге талпынған ғылыми еңбектер баршылық, дегенмен шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Осындай негізгі мәселелердің біріне қазақ және герман тілдеріндегі фразеологизмдерді қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттары мен ұстанымдары негізінде салыстыра-салғастыра зерттеу жатады.

Тіл бірліктерін «этнос (адам) – тіл – мәдениет» үштігіне сүйеніп зерттеу үрдісі тіл білімінің этнолингвистика, тіл арқылы ел тану, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика сияқты жаңа бағыттарына жол ашты. Аталған бағыттардың негізінде адамның тілі мен мәдениетінің өзара байланысы мәселесі жатыр. Тіл мен халықтың, оның мәдениетінің арасындағы тікелей байланыс халықтың рухынан, тілінен көрініс табады. Олай болса, тілді зерттегенде оны сол халықтың рухани байлығымен, мәдениетімен байланыстыра зерттеу қажет.

Отандық ғалымдар М.М.Копыленко, Ә.Қайдар, Е.П.Жанпейісов этнолингвистиканың теориялық мәселелерін қарастырып, мақсат мүддесін, зерттеу нысанын, әдіс-тәсілдерін айқындап берді. «Бай тіл қазынасын этнос болмысы тұрғысынан толық меңгеріп, оның бейне бір тұңғиық теңіздей терең мағына-мазмұнына бойлап еніп, оны игеріп танып-білу жүйелей түсіп жан-жақты зерттеу этнолингвистиканың мақсаты» деп түсініктеме береді Ә.Қайдар өзінің «Қазақ тілінің өзекті мәселелері» атты еңбегінде [4].

Тілді этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеудің өкшесін баса өз бастауын алған жаңа бағыттардың бірі – тіл арқылы ел тану. Фразеология саласында бұл бағыттың алар орны ерекше, өйткені әр тілдің фразеологизмінде үлкен мазмұн – халық өмірі, мәдениеті бар. Фразеологизм мағынасындағы елтану потенциясының пайда болу принциптері тіл арқылы елтану бағытының еншісі болып табылады. Тіл арқылы елтану теориясының пайда болып дамуы фразеология саласын жаңа қырынан, яғни фразеологизмдерді кез келген халықтың ұлттық мәдени дамуының айнасы ретінде қарастыруға мол мүмкіндік береді.

Тіл мен мәдениет арақатынасын зерттейтін тіл білімінің жаңа бағыттарының бірі – лингвомәдениеттану. Лингвомәдениеттану – қазіргі тіл білімінде кеңінен қолданыс тауып келе жатқан антропоцентристік бағытпен, яғни сол тілдің иесі болып табылатын адаммен, тілдің функционалды қолданыс табатын әлеуметтік орта, тарих, мәдениет пен танымдық процестермен байланыстыра зерттеу үрдісінің нәтижесі болып табылатын тіл мен мәдениеттің өзара байланыс тетіктері мен жалпы ұлттық дүниетаным, ұлттық мәдениеттің тілдегі көрінісін зерттейді.

Лингвомәдениеттану ғылымының алғышарттары В.фон. Гумбольдтың тіл мен мәдениеттің өзара байланысы идеясы және Э.Сепир мен Б.Уорфтың «тілдік ықтималдылық болжамымен» ұштасып жатыр. Бұл ғылымның мақсаты тілдік бірліктің шығу тегін айқындау емес, әр түрлі тілдік бірліктерге (фразеологизмдерге) түсініктеме бере отырып, оның пайда болу шарттары мен жағдаяттарын анықтау болып табылады. Лингвомәдениеттану тіл мен мәдениеттің өзара байланысын, қатынасын қазіргі заманның ұлттық-мәдени сана сезімі тұрғысынан қарастырады және оның тілдегі көрінісін сипаттайды.

Қазіргі тіл білімінде ерекше дамып келе жатқан когнитивті лингвистиканың негізінде тілді - адам дүниетанымының кілті, адам санасында ғалам туралы түсінікті құраушы, таным модельдері арқылы ашылатын білімнің коды, шындық пен шындықты игеруші сана арасындағы дәнекер, сондай-ақ сана қызметінің нәтижесі деп қарайтын когнитивтік көзқарас жатыр.

Когнитивтік лингвистика тіл мен сол тілдің иесі адам санасын тұтастықта қарастырып, тілдік білімді адам миының жемісі, күрделі ассоциативті-вербальды құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде танытушы жүйе ретінде кешенді сипаттауға негізделеді. Когнитивтік үрдістің негізгі айырым белгісі тілді жаңаша зерттеуде жаңа тәсілдер еңгізуде ғана емес, таза танымдық бағдарының жаңалығында, тілді танымдық тұрғыдан қарауында.

Когнитивтік лингвистиканың негізгі мәселелерінің бірі – когнитивтік мағына. Тілдік бірліктердің мағынасы адамның ойлау жүйесімен қатар қарастырылады. Бұл бағыттың басты назар аударатын негізгі ұғымдары: «әлем бейнесі», «әлемнің тілдік бейнесі», «әлем моделі» немесе «когнитивтік модель». Когнитивтік мағына тіл арқылы құрылып берілетін танымдық ақпарат ретінде қарастырылады. Когнитивтік семантика – сол тіл арқылы құрылып берілетін адам санасындағы концептуалды білімді таным моделі арқылы зерттейтін ғылым.

Тіл білімінің қазіргі даму кезеңі құрылымы әртүрлі тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеуге деген қызығушылықтың артуымен сипатталады және функционалды, прагматикалық, когнитивтік, антропоцентристік, лингвомәдениеттану және басқа да парадигмалардың қатар өмір сүруімен ерекшеленеді. Осы парадигмалардың ортасында жеке тұлға мен адам қызметінің әлеуметтік жағына деген қызығушылықты арттыратын антропоцентрлік әдістеме тұр. Аталған бағыттардың зерттеу нысаны – тіл мен мәдениет.

Мәдениет – халық дамуындағы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын ұлттық құндылықтар жиынтығы. Әр ұлттың ана тілінде оның бүкіл өмірі, тарихы, тыныс-тіршілігі, жан дүниесі, яғни, мәдениеті көрініс табады. Тіл мен мәдениет-қоғам дамуының әлеуметтік азығы. Тілдің әлеуметтік маңызы тіл мен мәдениетті, тіл мен қоғамды бірге алып қарағанда ғана ашылады. Адамның жан дүниесі мен болмысының, мәдениетінің қалыптасуына үлкен үлес қосатын халықтың баға жетпес байлығы – оның тілі. Тіл – мәдениеттің көзі, ұлт өмірінің айнасы. Тіл мәдениеттен тыс өмір сүрмейді, себебі ол мәдениеттің бір көрінісі. Ал, кез келген мәдениеттің түрлері, атаулары тіл арқылы бейнеленіп, тілдің кумулятивтік қызметі арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіледі.

Сонымен, тіл – халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі, қадір тұтатын заттары мен құндылықтар дүниесінің, қоршаған ортаның т.б. өмір сүру үлгілерінен хабардар ететін құрал. Мәдениет – адамның тілде көрініс табатын бүкіл рухани өмірі, тәжірибесі.

Жұмыстың «Aғылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің концептілік құрылымы және коннотативтік мағынасы» деп аталатын екінші бөлімінде теңеуге логика-философиялық және лингвистикалық тұрғыдан мағлұмат беріліп, ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің мағына қалыптасу негіздері және мағыналық-тақырыптық топтары анықталып, екі тілдегі фразеологиялық теңеулердің концептілік құрылымы, концепт түрлері және коннотативтік мағынасы, фразеологиялық теңеулердің екі тілдегі «жағымды» және «жағымсыз» мазмұндағы концептілер түрлері топталып қарастырылып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары, әр тілге тән ерекшеліктері айқындалды.

Теңеу - танымдық қызметі зор, ең көне, әрі қарапайым, тілде жиі қолданылатын логикалық теңестіру тәсілі. Шындық әлемді танудың қисынды құралы бола отырып, теңеу мейлінше көп қырлы, мазмұнды тілдік құбылысты білдіреді. Ойлау өрісі ретінде теңеудің дүниені эмоционалды түрде қабылдауы және ондағы қайсы бір құбылысты салыстыра бағалау тұрғысынан қандай да бір нысанға мән берудегі салмағы ерекше. Философиялық жақтан қарастырғанда, теңеу адамның абстрактілі ойлауын дамытудың көрінісі болса, лингвистикалық тұрғыдан осы ойдың тілдік қолданыста бейнеленуі. Сонымен бірге теңеу – сипатталушы нысанның бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін көркемдік әдіс. Теңеу – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затпен салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан таныстыратын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы. Басқа тілдік бірліктер секілді тұрақты теңеулер де адамның танымдық мүмкіндігін тілдік қабілетімен сабақтастырудан бастау алатындықтан, басты назар олардың когнитивтік негіздеріне аударылады.

Фразеологиялық теңеулер фразеологизмдердің басқа түрлерінен өзінің логикалық құрылымы, компаративті мағынасы мен стильдік қызметі арқылы ерекшеленеді. Фразеологиялық теңеулер табиғатын зерттеуде фразеологиялық теңеу мен метафораның өзара байланысы, ұқсастығы мен айырмашылықтарына тоқталу қажет. Осы мәселеге арналған ғылыми еңбектерде фразеологиялық теңеулер мен метафоралар тілде қатар қолданылады, себебі олар өзара тығыз байланысты деген пікір бар. Теңеу мен метафораның ортақтығы – олардың заттар мен құбылыстар негізінде фразеологиялық ассоциация жасауынан көрінеді. Алайда, оларды мазмұн жағынан ажыратып қарастырған жөн. Теңеуде салыстырушы теңеу заты және оған қажетті негіз бар. Ал метафораға ондай негіз қажет емес. Фразеологиялық теңеулер екі затты салыстырудың нәтижесі болса, метафоралар – олардың ұқсастығының нәтижесі She is a fox – ол түлкі; She is as sly as a fox – ол түлкідей қу, айлакер.

Фразеологиялық теңеулер кез келген тілдің фразеологиялық қорының елеулі бөлігін құрайды. Теңеу – көркем ойлаудың ұлттық ерекшеліктері жинақталған, дүниетанымның ұлттық өзгешеліктері бас қосқан логика-философиялық және лингвистикалық категориялардың санатына жатады.

Теңеу лингвистикалық категория ретінде қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттарының бәрінің де зерттеу нысаны бола алады. Бұл бағыттардың ішінде құрылымы әр түрлі тілдердегі фразеологиялық теңеулерді лингвомәдениеттану және когнитивтік лингвистиканың негізгі ұстанымдарына сүйене отырып салыстырмалы-салғастырмалы зерттеу жүргізудің мәні ерекше. Себебі халықтың дүниетанымы, өмірге және қоршаған ортаға деген көзқарасы, салт-дәстүрі, көңіл-күйі әр халықтың жалпы фразеологиясынан, оның ішінде әсіресе, фразеологиялық теңеулерден көрініс табады. Фразеологиялық теңеулер жекелеген өмір құбылысына нақты баға беретін, ғасырлар бойы атадан балаға мұра ретінде беріліп отыратын, әр халықтың өмірінен қызықты деректерді өз бойына жинақтаған халық мұрасы. Сондықтан, туыстас, не туыстығы жоқ тілдердегі фразеологиялық теңеулерді лингвомәдени және лингвокогнитивтік тұрғыдан зерттеу әр тілдің өрнек бояуын, ұлттық ерекшелігін, менталитетін, қайталанбас қасиетін танып білуге, олардың мағына қалыптасуындағы және тілдік қолданыстағы қасиеттерін ашуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда туыстығы жоқ қазақ және ағылшын тілдерінің фразеологиялық теңеулерінің мағына қалыптасуының негізін ашу ерекше мәнге ие. Теңеулердің ішкі мазмұнын анықтауда уәжтану теориясына жүгінген жөн. Уәждеме теориясына сүйене отырып, бастапқы еркін тіркестер негізінде жасалған фразеологизмдердің түп төркініне зер салып, уәжін айқындау, сол арқылы тіркестің қалыптасу түп көзін тауып, өзіндік ерекшеліктерін ажырату арқылы олардың мәні мен мазмұнын ашуға болады. Фразеологизмдердің фразеологиялық мағынасы олардың ішкі мағыналық құрылымында жатқан бейне арқылы уәжделеді. Мысалы, қазақ тіліндегі құмырсқадай құжынаған, құмға сіңген судай, сүліктей жабысты, ағылшын тіліндегі dumb as a fish (балықтай тілсіз), as brave as a lion (арыстандай айбатты), dance like an elephant (пілше билеу) сияқты тіркестердің фразеологиялық мағыналарының ішкі формасы айқын, яғни олардың мағыналары ішкі формалары арқылы уәжделіп қалыптасқан.

Фразеологизмдердің ішкі формаларының тасалануынан олардың мағыналарының күңгірттенуі шығады. Ондай фразеологизмдердің сырын, жасалу төркінін тілдің ішкі заңдылықтарынан гөрі экстралингвистикалық факторлар мен этимологиядан іздеу қажет. Мысалы, кәрі қойдың жасындай жасы қалды фразеологизмі қой түлігінің тіршілік ету мерзімін (10 шақты жылдай) бақылаудан туған. Осы жайт ауыс мәнде жасы ұлғайған адамға қатысты айтылатын бейнелі тіркестің тууына негіз болған. Ағылшын тіліндегі to fight like Kilkenny cats (Килкени мысықтарындай айқасу) - өлімге бас тігіп қырқысу деген мағынада қолданылатын фразеологизмнің қалыптасуына ХVII ғ. Kilkenny мен Irishtawn қалалары арасындағы қантөгістің аяғы екі қаланың да қирап бітуіне әкелген тарихи уақиға негіз болды.

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің басым көпшілігі «Адам» атты мағыналық макротопқа жатады, олардың мағынасы адам мен оны қоршаған әлемнің өзара әрекетін бейнелейді. Фразеологиялық теңеулердің негізінде адам өмірі мен қызметінің тұстарын бейнелейтініне байланысты екі тілде олардың төмендегідей мағыналық-тақырыптық топтары анықталды:

1. Адам мінезі мен ақыл-ой қабілетін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: Қарабайдай қатыгез, дала бүркітіндей қырағы; Ағыл.: a memory like an elephant (сөзбе-сөз: есі пілдей), яғни еске сақтау қабілеті жоғары, тамаша, as blunt as a hammer (сөзбе-сөз: балғадай ақымақ) яғни топас, т.б. 2. Адамның жағдай-күйіне байланысты ФТ-лер: Қаз.: сең соққан балықтай, жарасын жалаған иттей, жаралы арыстандай аласұрды; Ағыл.: as miserable as a bandicoot – (қалталы қөртышқандай) – бақытсыз, аянышты, as still as a mouse – тышқандай жасырынып тұру т.б. 3. Адамның сыртқы келбетін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: қырмызыдай ажарлы, ақ маралдай әдемі; Ағыл.: as fair as a lily – лилия гүліндей сұлу, pale as death - өліктей бозарған т.б. 4. Адамның өмірі мен қызметін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: түлкі қуған тазыдай соңына түсу, ит пен мысықтай өмір сүру; Ағыл.: as thick as thieves (бір-біріне ұрылардай жақын болу) – жан дос, айырылмас дос, to live like cat and dog – мысық пен иттей өмір сүру. 5. Адамның эмоциялық жағдайын сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: найза үстінде отырғандай, тышқан алған мысықтай;Ағыл.: to shake /quake/ tremble like an aspen leaf – көк теректің жапырағындай қалтырау, to sit on a powder keg – оқ-дәріге толы бөшкенің (күбінің) үстінде отырғандай. 6. Адамның басқа бір адамға немесе затқа қатынасын сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: жыландай жек көру, құлындай шыңғырту, қойдай бауыздау; Ағыл.: hate smb like poison – біреуді удай жек көру, flieng smb aside like an old boot – біреуді қажеті жоқ ескі аяқ киімдей лақтырып тастау, яғни пайдаланып алғаннан кейін өзінен алыстату, қуу. 7. Құбылыстар мен заттардың сапасын сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: көздің жасындай таза (мөлдір), жаман түйенің жабуындай (келіссіз). Ағыл.: fresh as a daisy – маргаритка гүліндей жас, жаңа, cold as a frog – құрбақадай суық. 8. Түсті сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: ақ бөкеннің таңындай, орман түлкісіндей қызыл, сүттей ақ; Ағыл.: as white as driven snow/as milk – қардай/сүттей ақ, as red as a turkey-cock – күрке тауықтың айдарындай қызыл. 9. Адамның тамақтану процесін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: бурадай қарш-қарш шайнау, егінге түскен сиырдай жайпау; Ағыл.: eat like a pig – шошқадай ішіп-жеу, drink like a fish – балықша ішу. 10. Заттар мен құбылыстардың көлемін сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: қойдың құмалағындай, ешкінің асығындай, иненің жасуындай; Ағыл.: as light as a drum – барабандай жеңіл, thin as a lath/rake – ескектей жіңішке. 11. Арақашықтықты сипаттайтын ФТ-лер: Қаз.: есік пен төрдей, ат шаптырымдай жер, қозы/қой өрісіндей жер. Ағылшын тілінің фразеологиялық теңеулерінің біз жинаған материал ішінде бұл топқа жататындары кездеспеді. 12. Уақытты сипаттаушы ФТ-лер: Қаз.: бие сауымдай уақыт, сүт қайнатымдай уақыт, қас қаққандай. Аталмыш топқа да ағылшын тілінің фразеологиялық теңеулері біз қарастырған материал арасынан кездеспеді.

Теңеу бейнесі қызметін орындаушы семалар негізінде қазақ және ағылшын тілдерінде фразеологиялық теңелеурдің мынадай топтары анықталды:

1. Күнделікті тұтыну заттар атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: сабынша бұзылу, тозған бөздей ыдырау; Ағыл.: to fit like a glove - қолғаптай дәл), as fat as butter - сары майдай толық. 2. Үй жануарлары атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: тағасыз аттай тайғанау, егінге түскен сиырдай жайпау; Ағыл.: stubborn as a mule – есектей қиқар, squeal like a stuck pig – шала бауыздалған шошқадай шыңғыру. 3. Табиғат және қоршаған орта құбылыстарының атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: бұлттай сұрлану, жауар күндей түнеру, желдей есу; Ағыл.: look like thunder – күннің күркіреуіндей көріну, яғни ашулы, ызалы, like greased lightning – найзағайдай шапшаң, жылдам. 4. Аң атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: қойға тиген қасқырдай, ақ маралдай керілу, жолбарыстай білекті; Ағыл.: as agile as a monkey - маймылдай икемді, as cross as a bear – аюдай ашулы, as cunning as a fox – түлкідей айлалы. 5. Құс атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: торға түскен қырандай, бұлбұлдай сайрау, жүнін жұлған тырнадай; Ағыл.: as drunk as (a boiled) an owl – жапалақтай мас, as gay as a lark – бозторғайдай көңілді, as a mild as a dove – көгершіндей жұмсақ. 6. Жәндік атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: қара құрттай қаптау, шыбындай қырылу, аш кенедей жабысу; Ағыл.: as merry as a grig – көк шегірткедей көңілді, ants in one’s pants – шалбар киген құмырсқадай, яғни ыңғайсыз, мазасыз сезіну. 7. Өсімдік атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: тікендей қадалау, қызыл гүлдей құлпыру, жел соққан қамыстай жапырылу; Ағыл.: grow up like mushrooms – саңырауқұлақтай өсу, көбею, shake as a leaf – жапырақтай дірілдеу, stick to smb like a bur – біреуге ошағандай жабысу. 8. Діни атауларға байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: жын ұрғандай жұлқыну, көктен түскен періштедей, иманындай сақтады. Ағыл.: a certain as preachig – діни уағыздай шын, айқын, as safe as a church – шіркеудей сенімді, берік, as ugly as sin – күнәдай үрейлі, қорқынышты. 9. Азық-түлік атауларынан жасалған ФТ-лер: Қаз.: айрандай ұйып отыру, бал қаймақтай, балға ашытқан қымыздай. Ағыл.: as brown as a berry – жидектей қоңыр, яғни күнге күйген, as full as an egg is of meat – етке толы жұмыртқадай толық, толы, толтырылған. 10. Ауру атауларына байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: сүзектен тұрғандай. Ағыл.: avoid like the leper – алапес ауруынан қашқандай, to avoid someone or smth like the plague – чума ауруынан қашқандай. 11. Балық атауларына байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: ақ сазандай бұлқынды, тұмсығы тасқа тиген бекіредей, шабақтай шүпірлету; Ағыл.: as flat as a flounder – камбала балықтай теп-тегіс, жазық, close/dumb as an oyster – устрицадай үндемеу, мылқау, аузын ашпау, swim like a fish – балықтай жүзу. 12. Тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға байланысты жасалған ФТ-лер: Қаз.: Абылай аспас асудай, Атымтайдай жомарт, Наушаруандай әділ; Ағыл.: as game as Ned Kelly – Нед Келлидей күшті. Нед Келли атақты қарақшы, as old as Methuselah – Мафусаилдай (библия кейіпкері) кәрі, ескі, as pleased as Punch – Панчодай (көше кезіп жүретін қуыршақ театрының кейіпкері) разы, риза.

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің жалпы мағынасы мен фразеологиялық мағынаны жасаудағы теңеу бейнесінде қолданылатын ұйытқы сөздерді зерделей келе төмендегідей тұжырым жасауға болады:

1. Мағыналық жіктелу тұрғысынан қазақ тілінде ФТ-дің 12 негізгі мағыналық тобы, ал ағылшын тілінде 10 мағыналық тобы анықталды. Ағылшын тілінде арақашықтық пен уақытты сипаттайтын ФТ-лер біз жинаған материалда кездеспеді.

2. Теңеу бейнесі қызметін атқаратын ұйытқы сөздер екі тілде де 12 тақырыптық топтың атауларынан жасалады. Дегенмен, бір тақырыптық топқа жататын ФТ-лер саны екі тілде бірдей емес. Мысалы, ағылшын тілінде өсімдік атаулары, діни атаулар, құс және жәндік атаулары көбірек кездессе, қазақ тілінде үй жануарлары, күнделікті тұтыну заттар атаулары саны жағынан ФТ-лер жасауда басымырақ қолданылады. Екі тілде де фразеологиялық теңеулер негізінде адамның өмірі мен қызметін, сипаты мен әртүрлі қасиеттерін, мінез-құлқын т.б. қасиеттерін бейнелі сипаттау үшін қолданылатыны байқалады.

3. Тілде көрініс табатын ұлттық ерекшеліктер фразеологизмнің құрамындағы ұлттық мәдени компонентімен байланысты. Мәселен, үй жануарларының тақырып тобын қарасақ, қазақ тілінің фразеологиялық теңеулерінде көбіне жылқы, қой, түйе компоненттері, ал ағылшын тілінде шошқа, тауық, қаз компоненттері жиі қолданылады, яғни кей атаулардың фразажасамдық белсенділігі қазақ тілінде жоғары, ағылшын тілінде төмен болса, ал кейбір атаулардың осы қасиеті керісінше ағылшын тілінде жоғары, қазақ тілінде төмен болып келеді.

Дүниетаным, ойлау қабілетінде салғастырылушы тіл иелері халықтарда ортақ болғанымен, өмір сүру жағдайы, табиғи орталығындағы айырмашылыққа қатысты бейнелеу, суреттеу, әсерлеу нысандары мен эмоционалдық жағынан алғанда әр халықтың өзіндік ұлттық ерекшелігі бар. Мысалы, қазақ тіліндегі қыздың жиған жүгіндей деген фразеологиялық теңеудің ағылшын тілінде баламасын табу өте қиын. Бұл – қазақ халқының көшпелі тұрмыс-тіршілігі, өмір салтымен байланысты әсемдікті танытудың көрінісі. Сол сияқты, ағылшын тіліндегі (as) dumb as a woolden Indian (сөзбе-сөз: дүкен алдында тұрған индеецтей), жалпы топас, ақымақ деген мағынада қолданылады. Жарнама ретінде Америкада темекі сататын дүкендердің алдында индеецтің ағаш мүсіндерін қою осы елдің дәстүріне жатады. Ал американдықтар түсінігінде ертеде индеецтер ақымақ, топас деп бағаланған.

Келтірілген мысалдардан теңеу бейнесінің негізі ретінде екі тілде әр түрлі мағыналық топтардың құрамына кіретін атаулар қолданылатыны көрінеді. Олардың қолдану аясында әр тілге тән ерекшеліктермен қатар, екі тілге де ортақ белгілері де кездеседі. Бұл айтылған ой фразеологиялық теңеулердің концептілік құрылымы мен коннотативтік мағынасына талдау жүргізу арқылы дәйектеледі.

Тіл білімінде «концепт» термині алғаш рет ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қоршаған орта құбылыстарын тіл әлемінде бейнелеу мәселелерін зерттеуге байланысты пайда болды. Соңғы жылдары тіл білімінде «концепт» теориясы лингвистикалық сипатта нақты, жан-жақты бір тілдің ішіндегі материалдар негізінде де, туыс немесе туыстығы жоқ әр түрлі тілдер материалдары негізінде де салыстыра-салғастыра зерттеле бастады. Ғылыми еңбектерде «концепт» ұғымына берілген әр түрлі анықтамалар кездеседі. Егер В.В.Колесов «концепт – сөздің мағыналық дамуының ең соңғы шегі, мәдениеттегі мазмұндық қатары молайған ұғым» десе, В.С.Кубрякова «концепт» - адамның санасында, психикалық жүйесінде қалыптасқан әлем бейнесінің мазмұндық бірлігі» деп түсінсе, В.Н.Телия концептіге белгілі бір объект туралы барлық мағлұмат жиынтығы деген анықтама береді.

Концепт сөзбен де, сөз тіркесімен де, фразеологиялық бірліктер арқылы да беріле алады.

Адамның әр қилы қасиеттерін негізге ала отырып, қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулерді лингвокогнитивтік тұрғыдан концептілерге бөлініп талданды. Талдау негізінде екі тілдегі концепт түрлері анықталды:

«Ойсурет» концептісі

«Ойсурет» концептісі белгілі бір ұлттың дүниетанымында қалыптасатын санадағы бейнелердің қарабайыр суреті. Мысалы, қазақ тіліндегі мұрнын тескен тайлақтай теңеуі тайлақты тұрмыста пайдалануға үйрету үшін екі жасында мұрнын тесетін әдет-ғұрыпқа байланысты пайда болған. Абстрактілену нәтижесінде адамға қатысты қолданғанда, осы сурет ойсурет болып көз алдымызға келеді. Бұл бейнелі теңеу айтқаннан шықпайтын адамдарға қатысты қолданылады.

Ағылшын тіліндегі Grin like a Cheshire cat (сөзбе-сөз: Чешир мысығы секілді күлу) фразеологизмі бір кездерде Англияның графтық ауданы Чеширде жасалатын ірімшіктің түрін жымия күліп тұрған мысықтың түріне келтіріп дайындаған. Осы оқиғаға байланысты пайда болған бұл тіркес тілде әр кез күлімсіреп жүретін жайдары адамға қатысты қолданылады, кейде мысқыл ретінде де айтылады.

«Фрейм» концептісі

Фрейм – белгілі бір концепт төңірегінде жинақталған тілдік бірліктер. Бұл бірліктер нақты бір концептіге ассоциацияланған негізгі, қарапайым, мүмкін болатын ақпаратты береді. Сонымен қатар фреймдер сол қоғамға тән ерекшеліктерді анықтап суреттей алады. Фрейм концептісі ойсурет концептісіне ұқсас, дегенмен, ойсурет концептісінде статикалық күй басым болса, фреймде динамикалық күй басым. Мысалы: Қаз.: ала тайдай бүлдірді, құтырған бурадай зіркілдеді, құмырсқадай қаптады. Осы қатардағы ала тайдай бүлдірді фразеологизмінің пайда болуы халық өмірінің тарихи кезеңдеріне байланысты. Халық жырында қалмақтар тұтқиылдан, дамылсыз шабуыл жасап ноғайлы қазақтарын абыржыта бергені айтылады. Бір күні байлаудан босанып кеткен ала тай ауылды айнала дүрілдете шауып, малды үркітеді. Жау келіп қалды екен деп ойлаған қазақтар қоныстарын тастай қашады. Кейін байқаса, шапқан жау жоқ, елді бүлдіріп, малды үркітіп жүрген ала тай екен. Содан былай халық «елді ала тайдай бүлдірген», деп жұртты дүрліктіріп, абыр-сабырға душар ететін адамға байланысты қолданады.

Ағыл.: (as) cross as a bear (with a sore head) – сөзбе-сөз: басы ауырған аюдай ашулы болу. Осы фразеологизмнің шығу төркіні ертеректе ақсүйек аңшылар аюларға иттерін айтақтап салатын болғандығында жатыр. Итке таланған аюдың көзі қызарып, қаһарланып ызаланатыны белгілі. Аюдың сол кейпі, түп негізі күңгірттенгенімен, бейнелеу құралы ретінде аурудан мең-зең күй кешкен, ашуға мінген адамға қатысты қолданылады.

«Схема» концептісі

Бұл концепт жазықтық, кеңістік, биіктік, өлшем, уақыт семаларының объективтенуі арқылы жасалады. Қазақ тіліндегі бие сауымдай уақыт тіркесі халықтың өзіндік уақытты өлшеу ерекшелігінен туындаса, қозы көшіндей жер тіркесі қозылардың қоныс аударғанда жүріп өтетін арақашықтығын, яғни «онша алыс емес» деген ұғымды білдіреді. Ағылшын тіліндегі as big as a barn (сөзбе-сөз: қоймадай, қамбадай кең, үлкен) тіркесінде теңеу бейнесі көлем өлшемі ретінде қолданылып тұр.

«Сценарий» концептісі

Бұл концептіде әрекет етуші біреу болмай, бірнешеу болуы шарт және олар бір-біріне қарсы әрекет етеді. Бұл концептіге қазақ тілінде абыройын айрандай төкті; қанын сүліктей сорды; жылқыдай жусатып, қойдай өргізді; ұршықтай үйірді т.б. фразеологизмдер жатады. Ағылшын тіліндегі dance like an elephant (сөзбе-сөз: піл сияқты билеу); sting like a wasp (сөзбе-сөз: ара сияқты шағып алу); eat like a pig (сөзбе-сөз: шошқа сияқты жеу) т.б. фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатады. Сценарийде әрдайым сюжеттік қасиет, сюжеттік түр орын алады. Басқа концептілерге қарағанда бұл концепт ерекше түрге ие, оның бойында қозғалысты, даму идеясын білдіретін семалардың болуы шарт.

«Логикалы-ұғымдық» концептісі

Адамның ішкі дүниесін, сезімін, көңіл-күйін білдіретін фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатқызылады. Бұл концептінің көлемі кең. Ол махаббат, қуаныш, реніш, қайғы, қатыгездік, бақыт т.б. жеке-жеке концептілерді қамтиды. Мысалы, қазақ тілінде: балаша мәз болу, ботасы өлген түйедей зарлау, жауатын бұлттай түнеру, жүрегі аттай тулады, су сепкендей басылды т.б. көптеген фразеологиялық теңеулерді, ағылшын тілінде: as merry as a cricket (сөзбе-сөз: шегірткедей мәз-мейрам), as agile as a monkey (сөзбе-сөз: маймылдай епті, шапшаң), as gay as a lark (сөзбе-сөз: бозторғайдай көңілді), as miserable as a bandicoot (сөзбе-сөз: қалталы егеуқұйрықтай аянышты), as happy as а king (сөзбе-сөз: корольдей бақытты) т.б. фразеологиялық теңеулерді осы концептіге жатқызуға болады.

Сонымен, қазақ тілінде де, ағылшын тілінде де жоғарыда сөз болған бес концептің бесеуі де орын алған. Бірақ әр концептке байланысты екі тілде ұқсастықтар мен ерекшеліктер бар. Ол ерекшеліктер ең алдымен фразеологиялық теңеулерге негіз болған атауларға байланысты. Егер қазақ тілінде барлық концептілерде теңеудің бейнесі негізінде көбіне үй жануарларының, адамның күнделікті өмір сүруде қолданатын заттардың, халықтың дүниетанымының ерекшелігін білдіретін табиғи құбылыстардың атаулары қолданылса, ағылшын тілінде жабайы аңдар және құс атаулары, ағылшындардың кәсібі мен шаруашылығына байланысты аң аулау, теңізде жүзу, балық аулауға қатысты заттар мен құбылыстардың атаулары алынады. Адам ұлтына, жағрапиялық орналасуына, кәсібі мен шаруашылығының ұқсас болмауына қарамастан қоршаған ортаны негізінен бірдей қабылдайды, бірақ әр тілде ол сол халықтың тұрған ортасына, табиғатына т.б. байланысты әр түрлі тілдік белгілер арқылы көрініс табады.

Мысалы, ашулы деген ұғым екі тілде де фразеологиялық теңеулер арқылы беріле алады. Дегенмен, қазақтар бұл ұғымды арыстанға, құтырған бураға, жын буған бақсыға теңесе, ағылшындар күйеуі тастап кеткен әйелге, аюға, бұрқылдап қайнаған суға теңейді.

Яғни, қандай да бір зат, құбылыс, іс-әрекетті бейнелей жеткізу үшін халық өзінің дүниетанымына орай жете таныс, көңілге қонымды, бөгде емес, белгілі бір сәйкес нышандары, адекваттық белгілері бар нәрселермен салыстырып сабақтастырады.

Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің негізгі айырмашылығы теңеу эталонынан көрінеді. Мысалы, жануарлар атауларына байланысты, егер бір халық теңеу эталоны ретінде жануардың бір қасиетін алса, екінші халық оның басқа қасиетін негіз қылып алады. Егер жылан атауы ағылшын тілінде даналықтың симолы ретінде қолданылса, қазақ тілінде ол қауіп-қатер мен қастықтың эталоны. Сол сияқты, құрамында қой, ит т.б. жануарлар атаулары қолданылған фразеологизмдердің де мағыналары екі тілде сәйкес келе бермейді. Дегенмен, екі тілде теңеу эталонының ұқсас жақтары да кездеседі: fox – түлкі қулықтың, lamb – қозы жуастықтың, bull – бұқа ашу-ызалықтың, hare – қоян қорқақтықтың эталоны ретінде екі тілде де қолданылатынын көреміз. Мысалы: as cunning as a fox = түлкідей қу, as timid as a hare = қояндай қорқақ, as mild as a lamb = қозыдай жуас.

Қазақ тіліндегі фразеологиялық теңеулердің «жағымды» және «жағымсыз» мазмұндағы концептілері.

Фразеологиялық теңеулердің қалыптасуына адам санасында қандай да бір ұғым тудыратын бейне себепкер болады. Белгілі бір фразеологиялық теңеуді жасауда сөз-дескриптор қолданылады. Мәселен, сөз-дескриптор үй жануары атауының бірі болса, сол жануардың сыртқы бейнесі, мінез-құлқы, іс-әрекеті т.б. жайлы мәліметтер жинақталып, этнос мәдениетіне сай тұрақты теңеу туындайды. Теңеу құрамында жануар туралы жиналған бұл мәлімет астарлы мазмұнға ие болады.

Адам дүниені танып білуде өзіне белгілі бір құндылықтары бар нысананы таңдайды. Қоршаған ортадағы барлық заттар мен құбылыстар «жаман», «жақсы» принципі бойынша бағаланады, олардың жалпы нормаға, ережеге сайлығына қарай қарастырылады. Осы тұрғыдан алғанда қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулерді мағыналарына қарай «жағымды» және «жағымсыз» мазмұндағы концептілер деп бөліп талдауға болады. Қазақ тіліндегі фразеологиялық теңеулердің «жағымды» мазмұнда төмендегідей концептілері бар:

1. «Сұлулық» концептісі: қырдың қызыл түлкісіндей, еліктің лағындай, кер маралдай керілу, қордың қызындай т.б.

2. «Қуаныш» концептісі: аты бәйгеден келгендей, жерден жеті қоян тапқандай, ақ түйенің қарны жарылғандай, әкесі базардан келгендей, әйелі ұл тапқандай, наурыз күнінедей т.б.

3. «Жуастық» концептісі: тойған қозыдай, қой аузынан шөп алмас, қойдай жуас, көгендеген қойдай т.б.

4. «Күштілік», «батырлық» концептісі: арыстандай айбатты, нар атандай, жолбарыстай қайратты, жараған бурадай қалшылдау т.б.

5. «Жақындық», «достық» концептісі: егіз қозыдай, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, тонның ішкі бауындай, біреуді бауырындай көру т.б.

6. «Жылдамдық» концептісі: шапқан аттай зымырау, үкідей ұшу, сайтандай жылт ету, ағын судай екпіндеді, жай оғындай атылды, жау қуғандай қашу.

7. «Мінез-құлық» концептісі: Атымтайдай жомарт – сері, қолы ашық кісі туралы айтылады.

8. «Түр-кескін» концептісі: ботаның көзіндей мөлдіреу, балқып туған толған айдай, домаланған қозыдай сүйкімді, жаңа туған құлындай т.б.

9. «Ақылдылық» концептісі: дана боп туғандай, Атымтайдай ақылды, арқардай тәсіл алу, Аплатондай ақылды т.б.

Өмірдегі жағымсыз қасиеттерді халқымыз жан-жануарлардың, хайуандардың, сондай-ақ кейбір заттар мен құбылыстардың ұнамсыз, нашар қасиеттерін адамның жағымсыз, ұнамсыз жақтарын бейнелі түрде салыстырып көрсетуге өте шеберлікпен қолдана білген. Қазақ тіліндегі фразеологиялық теңеулердің «жағымсыз» мазмұндағы концептілері:

1. «Ызалану, ашулану» концептісі: ақ сайтаны ұстады, арыстандай құтырды, асауға құрық салғандай құтырды, жын буған бақсыдай бүлінді т.б.

2. «Қыңырлық» концептісі: сіркедей қан шықпас, ала тайдай бүліну, аузына құм құйылғандай, аузына тас салғандай, кекіреге тойған текедей бақылдады, кірпідей жиырылды т.б.

3. «Кедейлік», «аштық» концептісі: бордай тозды, жетім қыздың тойындай, жылан жалағандай, күйедей жалады, тоқал ешкідей болды, темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалды, тұттай жалаңаш.

4. «Жанжалдасу» концептісі: итше ырылдасу, ит пен мысықтай, оқ жыландай көру, абыройын айрандай төгу, ара талағандай қылды, аузын бақадай ашырды, аюдай ақырды, бидайша қуырды, боздаған бордай етті, күшік иттей үрді т.б. көптеген теңеулер осы концептіге жатады.

5. «Қайғыру» концептісі: аш күзендей бүгілді, ботасы өлген түйедей зарлады, ботадай боздады, боз інгендей боздады/зарлады, иттей ұлып қалды, қоздаған қойдай маңырады, қойдай шулады, өгіздей өкірді, ұлардай шулады.

6. «Сүйкімсіздік» концептісі: жаман түйенің жабуындай, бетінің кіріне бес ит тойғандай, жүнін жұлған тырнадай, мойны ырғайдай, биті торғайдай, инеліктей бұралған т.б.

7. «Ебедейсіздік» концептісі: тайлақ түйедей тарпаңдау, сиырша тұру, сөзі түйеден түскендей, аюдай қорбаңдау, даңды судай тасқызды т.б.

8. «Қорқыныш» концептісі: інге кірген тышқандай, қылышпен тілгендей, таяқпен салып өткендей, таспен ұрғандай, кеудені басқандай, қамшы ұрғандай, жай соққандай т.б.

9. «Ашкөздік» конецптісі: аш қасқырдай, жемтікке қонған күшігендей, қарғаша үймелеу, жаналғыштай жұтыну, итше сұғыну, әкесі аштан өлген кісідей т.б.

10. «Әлсіздік» концептісі: көлігі болдырған жолаушыдай, көтерем малша дәрменсіз, көгендеген қойдай, сең соққан балықтай, әлсіз қурайдай, болдырған түйедей бұралаңдау, иттей боп шаршау, бордай босау т.б.

Ағылшын тіліндегі фразеологялық теңеулердің «жағымды» және «жағымсыз» мазмұндағы концептілері.

1. «Ақылдылық» концептісі. A mind like a steel trap (сөзбе-сөз: ақылы құрыштан жасалған қақпандай берік), as sharp as an owl (сөзбе-сөз: үкідей дана, ақылды), as smart as paint (сөзбе-сөз: суреттей икемді, ақылды), as solemn as an owl (сөзбе-сөз: үкідей дана), wise as Solomon (сөзбе-сөз: Соломондай дана, ақылды), (as) wise as a serpent (абжыландай ақылгөй, ақылды) т.б.

2. «Күштілік» концептісі. Бұл концептіге as bold as a lion (арыстандай күшті), as strong as a bull (өгіздей күшті), as strong as a horse (аттай күшті), like a Trojan (Трояндықтай, яғни трояндықтай күшті, батыл), to fight like a lion (арыстандай айқасу) сияқты фразеологиялық теңеулер жатады.

3. «Жылдамдық» концептісі. As fleet as a deer (сөзбе-сөз: ұшқыр, жүйрік бұғыдай), as swift as an arrow (сөзбе-сөз: оқтай жылдам), go out like a candle in a snuff (сөзбе-сөз: шам білтесінің күйесіндей жоқ болу), in two shakes of lamb’s tail (сөзбе-сөз: қозының құйрығымен екі сермеуіндей тез), like greased lightning (найзағайдай жылдам), run like the wind (желдей есу) т.б. фразеологиялық теңеулер адамның жылдам, тез жасайтын іс-қимылын бейнелі түрде көрсету үшін қолданылады.

4. «Қуаныш»/«бақыт» концептісі. As chirpy as a cricket (сөзбе-сөз: крокеттей көңілді, қуанышты), as happy as kings ( король сияқты бақытты), as merry as a marriage bell (сөзбе-сөз: үйлену тойы кезіндегі қоңыраудай қуанышты), as merry as a grin (сөзбе-сөз: шегірткедей көңілді), as pleased as Punsh (Панч секілді риза, көңілді) т.б. фразеологиялық теңеулер осы конептіге жатқызылады.

5. «Байлық» концептісі. As full as an egg is of meat (сөзбе-сөз: етпен толтырылған жұмыртқадай толы), as rich as Croesus (сөзбе-сөз: Крездей бай), flow like water (судай ағуда), like a dog’s dinner (сөзбе-сөз: иттің түскі асындай, яғни тамаша мол), live like a fighting cock (сөзбе-сөз: күреске шығатын әтештей өмір сүру, яғни молшылықта қызық дәурен сүру), like pigs in clover (сөзбе-сөз: жоңышқа арасындағы шошқалардай) т.б. фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатады.

6. «Сұлулық» концептісі. As fair as a lily (лилия гүліндей сұлу), as graceful as a swan (аққудай әдемі/нәзік), pretty as a picture (суреттей әдемі), (as) beautiful as a Greek (сөзбе-сөз: Гректердің құдайындай әдемі/сұлу) т.б. фразеологизмдер осы концептіден орын алады.

7. «Мінез-құлық» концептісі. Адамның мінез-құлқын суреттейтін ағылшын тіліндегі фразеологиялық теңеулерге as tame as a chicken (балапандай көнімді), regular as clockwork (сағаттай дәл), right as rain (жаңбырдай берілген), as innocent as the baby unborn (кішкентай баладай аңқау), quiet as a mous (тышқандай тыныш) т.б. жатады.

8. «Түр-кескін» концептісі. Адамның сыртқы түр-кескіні ағылшын халқының дүниетаным және мәдени ерекшеліктеріне сай бейнеленеді. Фразеологиялық теңеудің бейнелі негізі ретінде көбіне күнделікті өмірде пайдаланатын заттар, табиғатта байқалатын құбылыстар атаулары қолданылады: as fat as butter (майдай толықша), as brittle as glass (шыныдай нәзік), fresh as a daisy (маргаритка гүліндей жас, жаңа), like the cat who eat the cream (қаймақ жеген мысықтай) яғни разы болу т.б.

«Жағымсыз» мазмұндағы концептілерге жататын фразеологиялық теңеулер адамның ақымақтық, қорқақтық, ашкөздік т.б. сол сияқты жағымсыз жақтарын суреттейді.

1. «Ақымақтық» концептісі. Бұл концептіге as blunt as a hammer (сөзбе-сөз: балғадай топас), as silly as a goose (сөзбе-сөз: қаздай ақымақ), been in one’s bonnet (сөзбе-сөз: бас киімнің астындағы арадай, яғни есінен адасқан деген мағынада), ful like a Charley (сөзбе-сөз: өзін Чарлидей сезіну – ақымақ), mad as a hatter (сөзбе-сөз: шляпа, қалпақ тігетін шебердей ессіз), mad as a March hare (сөзбе-сөз: Март айындағы қояндай жын соққан, ессіз), т.б. ағылшын тілінің фразеологиялық теңеулерін жатқызамыз.

2. «Қорқыныш» концептісі. Ағылшын тіліндегі fear somebody as the devil fears holy water (сөзбе-сөз: қасиетті судан қорыққандай), like a rat in a trap (сөзбе-сөз: қақпанға түскен егеуқұйрықтай), look as if one had seen a ghost (сөзбе-сөз: елес көргендей), to shake/tremble like an aspen leaf (сөзбе-сөз: көк теректің жапырағындай дірілдеу/қалшылдау), to sit on a powder keg (сөзбе-сөз: оққа толы күбіде отырғандай) т.б. фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатады.

3. «Кедейлік» концептісі. Ағылшын тіліндегі as bare as the palm of one’s hand (алақандай тап-тақыр), as bare as a bone (сүйектей тап-тақыр, жалаңаш), butterflies in the stomach (сөзбе-сөз: іштегі көбелектей, аш мағынасында), hungry as a hawk (қаршығадай аш), Mexican breakfast (сөзбе-сөз: мексиканецтің таңғы асындай/аш паек – сигарета + стақан су), poor as a church mouse (сөзбе-сөз: шіркеу тышқанындай кедей) т.б. фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатады.

4. «Мінез-құлық» концептісі. A tongue as long as a stock-whip (сөзбе-сөз: тілі шыбықтың ұзындығындай), as a hen with one chick (сөзбе-сөз: жалғыз балапанды тауықтай, яғни тыныш таппайтын, беймаза), as bold as a thief (ұрыдай арсыз), as changeable as a weathercock (сөзбе-сөз: желбаққыш секілді), as crooked as a dog’s hind leg (сөзбе-сөз: иттің артқы аяғындай қисық, ұятсыз адамға байланысты), like a bull at a gate (сөзбе-сөз: қақпа алдында тұрған бұқадай ашулы) т.б. фразеологиялық теңеулер адамның әр түрлі мінез-құлқын сипаттау үшін қолданылады.

5. «Көңіл-күй» концептісі. Бұл концептіге ants in one’s pants (сөзбе-сөз: шалбар киген құмырсқадай), as sick as mud (сөзбе-сөз: балшықтай әлсіз, яғни мұңайған, қайғы басқан), feel like nothing on earth (сөзбе-сөз: өзін түкке тұрғысыздай сезіну), like a bear with a sore head (сөзбе-сөз: басы ауырған аюдай сезіну), to be on pins and needles (иненің үстінде отырғандай), to get into hot water (қайнап жатқан суға түскендей), like a cat on hot bricks (шоқтың үстінде отырған мысықтай) сияқты адамның әр түрлі жағдайдағы көңіл-күйін бейнелейтін фразеологиялық теңеулер жатады.

6. «Түр-кескін» концептісі. As dry as a mummy (қурап қалған, саудыраған мумиядай арық), as fat as a pig (шошқадай семіз), as limp as a glove (сөзбе-сөз: қолғаптай еріксіз қалжыраған), bandy as a bandicoot (сөзбе-сөз: қалталы егеуқұйрықтай қисық аяқ), done up like a dog’s dinner, or dressed up like a dog’s dinner (сөзбе-сөз: иттің кешкі асындай киінген) яғни тұрпайы, дөрекі киінген деген мағынада т.б. адамның түр-пішінін, сыртқы көрінісін сипаттау үшін қолданылатын фразеологиялық теңеулер осы концептіге жатады.

7. «Ашкөздік» концептісі. As greedy as a wolf (қасқырдай тойымсыз), as mean cat’s meat (сөзбе-сөз: мысықтың етіндей сараң), jump at something like a cock at a grocer (сөзбе-сөз: ашкөздікпен бас салу), eat like a pig (шошқа сияқты жеу), jump at something like a cock at a groser (сөзбе-сөз: тарыға бас салған әтештей) т.б. фразеологиялық теңеулер осы концепт құрамына кіреді.

Қазақ және ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық теңеулердің жағымды және жағымсыз коннотациясы жалпы алғанда екі тілде де бірдей, бірақ әр тілде теңеу образы ретінде әр түрлі заттар мен құбылыстардың атаулары пайдаланатыны байқалады. Егер ағылшын тілінде теңеу образы рөлінде құстардың ішінде тауыс, түйеқұс, жапалақ, қаз лексемалары қолданылса, қазақ тілінде аққу, бұлбұл, бүркіт лексемалары қолданылған. Ағылшын тілі теңеулерінде қазақ тіліне қарағанда тарихи адамдар, тарихи оқиғалар, жер атаулары сияқты жалқы есімдер теңеу образы ретінде көбірек қолданыс тапқан.

Екі тілдің фразеологиялық теңеулерін лингвомәдени және лингвокогнитивтік тұрғысынан талдау барысында олардан ұлттық дүниетаным ерекшеліктері мен ұқсастықтары бар екені анықталды. Ішкі мәдени танымдық коннотацияның ұқсас не сәйкес келуі, ұлттық дүниетаным деген түсінікпен ұштасып, оның екі халықтың дүниетанымына ортақ болуына байланысты. Ал ұлттық дүниетанымның ерекшелігі, оның тілдегі көрінісі тіл иелерінің өз даму тарихы, әр түрлі табиғи ортасы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілік, шаруашылық түрлері т.б. жағдайларына байланысты деп білеміз.