Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
науч.проект.docx
Скачиваний:
22
Добавлен:
05.03.2016
Размер:
66.2 Кб
Скачать

Қорытынды

Бүгінгі ғаламдастыру, жаһандандыру саясатының аясында ғылымдардың даму көкжиегін жаңа бағыттармен кеңейту, қайсыбір ғылым саласы болмасын, оны "адами факторлармен, адами құндылықтармен" бірлікте қарастыру-адамзат өркениеті мен замана керуенінің алға тартып отырған кезекті талабы. Әлемдік қолданбалы және теориялық ғылымдардың ішіндегі негізгі қоғамдық, әлеуметтік коммуникацияның жетекші идеяларын жүзеге асыруда мақсат еткен тіл ғылымының қазіргі бағыт-бағдары ғасыр талабына толық жауап бере отырып, "адам-тіл-мәдениет" үштігінің аясындағы тың міндеттердің шешілуін көздейді.

Қазіргі тіл біліміндегі өзара туыс және туыс емес тілдерді салыстырмалы-салғастырмалы тіл білімінің ұстанымдары мен әдістемелерін кең қолдана отырып зерттеу- отандық және шетелдік тіл біліміндегі ерекше дамып келе жатқан жаңа бағыттардың бірі.

Құрылымы әр түрлі ағылшын және қазақ тілдерінің сөздік қорындағы сан алуан атаулардың ішінде өте жиі қолданылатын, мағынаға бай, қолданыс ауқымы кең тілдік бірліктердің бірі - фразеологиялық теңеулер.

Фразеологиялық теңеулердің басым көпшілігі ұлттық негізді арқау ете отырып пайда болған. Олар – ұлт өмірінің айнасы, сондықтан да бойында сақталған ұлттық мәдени негіздерге сүйенеді, себебі өркениеттің өрісі қаншалықты екені де тілден бөлек дүние емес. Ендеше ұлт мәдениеті ұлт тілінен бөлінбейді. Тіл мен мәдениет - өркениет дамуының ең алғашқы кезеңдерінен бастап үйлесімділік пен сәйкестікте өмір сүріп келе жатқан құбылыс.

Тілі, ділі, мәдениеті, дүниетанымдық көзқарасы әр түрлі ағылшын және қазақ халықтарының фразеологиялық теңеулері жан-жақты, құрылымы, ішкі форма, аялық білім, жалғаса туындаған ауыспалы мағына, концепт, лингвомәдени тұрғысынан зерттеу нәтижесінде тіл-тілге тән ортақ заңдылықтар, жалпыхалықтық рухани дүниелер, ұлттарға тән танымдық ерекшеліктер т.б. жөнінде бірқатар жаңа мағлұматтарға қол жеткізілді.

Ағылшын және қазақ тілдері фразеологиялық теңеулерін тақырыптық тұрғыдан топтастырғанда теңеу образы ретінде келетін екі тілдегі атаулардың кездесу жиілігі мен арақатынасында айырмашылықтар бары анықталды.

Фразеологиялық теңеулердің ұлттық белгісі олардың мағыналық ерекшеліктерінен айқын көрініс табады, себебі кез келген халықтың бүкіл мәдени және психологиялық күрделі кешенін оның қайталанбас ойлау тәсілін жинақтайды. Бұл әр тілдің түрлі бейнелерге сүйенетіндігімен, мағынасы ортақ болғанымен, негізінде жатқан бейненің әр тілде өзіндік бояуы болуымен анықталады. Дегенмен екі тілге ортақ бейнелерге ие фразеологиялық теңеулер кездесетіні байқалады. Бұл құбылыс қазақ және ағылшын халықтарының дүниетанымдағы кейбір түсінік ұқсастығын дәлелдейді.

Фразеологиялық теңеулердің ұлттық-мәдени мағынасын олардың құрамындағы ұлттық-мәдени элемент білдіреді. Ұлттық-мәдени элементке әр халықтың өзіне ғана тән бейнелеу образдары жатады. Белгілі бір ғана тілде кездесетін тілдік образдар басқа тілдерде қайталанып келмесе, олар әрқашан ұлттық болып табылады.

Халықтың рухани өмірі мен мәдениетінің ұштасқан тәжірибесі әлемнің тілдік бейнесін бойына жинақтаған концептілерде көрініс табады. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі концепт түрлерін салғастыра келе ойсурет, фрейм, схема, сценарий және логикалық-ұғымдық концепт типтерінің екі тілге де ортақ екендігі айқындалды. Жағымды/жағымсыз концептілік өріске енетін фразеологиялық теңеулер әр түрлі атаулар негізінде қалыптасқанымен, фразеологиялық мағыналары көп жағдайда сәйкес болып келеді. Ал олардың мағыналық айырмашылығы теңеу тіркесі диапазонының алшақтығына екі тілдегі фразеологиялық теңеулер құрамында бірдей сөздердің болмауында, сөз компоненттері мазмұнында ұлттық мәдениеттің бейнеленуіне байланысты. Ағылшын және қазақ тілдеріндегі концепт құрылымына ұғымдық, бағалауыштық, бейнелілік компоненттер тән. Фразеологиялық теңеулер жүйесі екі тілде де әр түрлі бірліктер мен мағыналық аяларды қамтиды. Әр мағыналық өріс микроөрістерге, микроөрістер – қатарларға тармақталып когнитивтік модельдер құрайды.

Жағымды/жағымсыз концептілеріндегі когнитивтік модельдер фразеологиялық теңеулердің санадағы құрылымын құруға, мағыналық мөлшерін көрсетуге, түрлі қасиеттерін сипаттауға мүмкіндік жасайды. Теңеулердің танымдық модельдерін зерттеу тілді адаммен және оның әлемімен тығыз байланыста қарауды басшылыққа ала отырып жүзеге асырылады.

Мағыналық шеңбері мен қолданыс аясы кең ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық теңеулер жүйесін лингвомәдени тұрғысынан салыстыра-салғастыра талдау осы жүйенің екі тілде де ұлттық танымнан мол ақпарат беріп, ұлт-мәдениет-өркениет жиынтығынан құралатын әлемнің тілдік бейнесін сипаттаудағы мәні ерекше екені байқалады.

Екі тілдегі фразеологиялық теңеулердің пайда болу көздері әр халықтың тарихымен, заттық және рухани мәдениетімен, өмір-тіршілігімен тығыз байланысты. Олардың мағыналарын, тарихи-этимологиялық көздерін лингвомәдени және лингвокогнитивтік талдау жүргізу арқылы ғана ашуға болады.

Фразеологиялық теңеулердегі жеке көріністер тек сол тілге ғана тән ерекшеліктермен сипатталып, ұлттық нақышпен бейнеленеді. Олардың лингвомәдени және танымдық сипатын ашу ұлттық дүниетанымның сыры мен ерекшеліктерін танып білуге септігін тигізеді.

Фразеологизмдерді, атап айтқанда фразеологиялық теңеулерді тек тұлғалық (формалық) жағынан ғана емес, сонымен қатар оларды мағыналық, ұғымдық, концептілік тұрғыдан зерттеу арқылы халықтардың ұлттық болмысын, дүниетанымын, рухани байлығын, мәдениетін айқындап, оларды келер ұрпаққа жетуіне жағдай жасалады. Ал туыстас немесе туыстығы жоқ тілдердегі фразеологизмдерді лингвомәдени және лингвокогнитивтік тұрғыдан салыстыра-салғастыра зерттеу арқылы олардың тілдердегі ұқсастығы мен ерекшеліктерін ашу осы замандағы жаһандану үрдісіне байланысты мәдениетаралық қарым-қатынас үшін де маңызы зор болмақ.

Зерттеу жұмысының болашақ бағыт-бағдары.

Тіл білімінің антропоцентрлік және когнитивті коммуникативті жаңа даму кезеңі фразеологизмдерге жаңа көзқараспен қарауды, нақты ізденістерді талап етеді. Диссертацияның тұжырымдары мен нәтижелері болашақта әр түрлі тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеуде тіл білімінде этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика бағыттарында жүргізілетін ізденістерге, зерттеулерге жол ашады.