Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

журтышыкпен байланыс

.pdf
Скачиваний:
22
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
886.64 Кб
Скачать

Фирмаішілік қарым-қатынастарды үйлестіруге бағытталған PR-дың басты міндеттерінің бірі дағдарысты ахуалдарды шиеленістірмей шешу жəне олардың алдын алу болып табылады, мұның өзі ықтимал қауіпті біліп-сезіп отыруды жəне туындай қалған жағдайда оны жою жоспарларының болуын талап етеді, атап айтқанда:

-«Типтік», яғни күнделікті дағдарысты ахуалға арналған ақпаратты жинастыру;

-Басшылықты жаттықтыру, тренингтен өткізу;

-Хабарлау құрылымын жасақтау;

-«Оң көзқарастағы» бейресми (неформал) тұлғалар тізімін жасау жəне т.б.

Жұртшылықпен байланыстың мəн-маңызы ұйым (мекеме,

кəсіпорын, партия, қоғамдық қозғалыс) халықпен арадағы қарым-қатынастарды орнатып, қолдап отыру үшін жүзеге асыратын коммуникативтік іс-əрекеттердің өзге түрлерімен PRды салыстыру барысында бедерлене көзге түседі. Бір жағынан, бұл қызметтің (PR-дың) жарнамамен ұқсастығы бар. Дегенмен, жұртшылықпен байланыс сұхбат орнату, мəмілеге келу арқылы жұртшылықпен келісімге келуге бағытталады. PR-дың негізгі мақсаттарының бірі – жұртшылықпен байланыс субъектісінің жағымды имиджін қалыптастыру болып табылады, ал жарнаманың мақсаты – тауарды өткізу. Жарнама белгілі бір ақыға орналастырылады, ал жұртшылықпен байланыс ауқымында таратылатын ақпарат ақылы сипатқа ие емес.

Жұртшылықпен байланыс əлеуметтік тенденцияларды зерделеуге, олардың салдарларын талдап, болжауға, қоғамдық пікір, əртүрлі тараптардың ұстанымдары, өзге де мəселелер туралы деректерді талдауға жəне баға беруге бағытталады. Жұртшылықпен байланысты ұйымдастыру жөніндегі қызмет бағдарламаларды зерттеуден, жоспарлау мен жүзеге асырудан, осы бағдарламалардың жұртшылыққа əсер ету тиімділігін айқындаудан тұрады.

Жұртшылықпен байланыс ауқымындағы қызмет мазмұнында клиенттерге саясат, іс-əрекет жəне коммуникация мəселелері бойынша кеңес беру, ұйымдарға, мекемелерге ұсыныстар жасау, яғни консалтингтік қызмет көрсету елеулі рөл атқарады.

41

Жұртшылықпен байланыс жүйесіндегі қызмет бірқатар принциптерге сүйенеді. Оның негізін қалайтын принциптерді Д. Ньюсом, А. Скотт, Дж. Турк тұжырымдаған. Олар мыналар:

Жұртшылықпен байланыс қиялдағы емес, нақты өмірдегі болмыспен, дақпыртпен емес, айқын дерекпен істес болатындықтан, оның жемісті жұмыс жүргізуі үшін ақиқат шындық талап етіледі, сондықтан PR бағдарламаларын мұқият жоспарлап, орындау қажет, мұның негізгі мақсаты – қоғам мүдделерінің шынайы ақпаратқа деген қажеттілігін, сұранысын қанағаттандыру.

Жұртшылықпен байланыс – жеке бастың емес, жұртшылықтың мүддесі басым мəнге ие болатын қызметтерді көрсетуге бағытталған кəсіп. Басқаша айтқанда, PR-жұртшылыққа адал қызмет ету.

Жұртшылықпен байланыс жөніндегі маман жұртшылыққа үн қатып, қалың көпшіліктің ұйым ұсынған бағдарламалар мен саясатты қолдауына жүгінетіндіктен, осы бағдарламалар мен саяси бағыттарды таңдаудағы басты өлшем қоғамдық мүдде болуға тиіс. Сондықтан да жұртшылықпен байланыс маманы өз клиентіне «жоқ» деп айта алатындай немесе жұртшылықты теріс бағытқа түсіретін бағдарламаны орындаудан бас тартатындай жігерлі болуы тиіс.

Жұртшылықпен байланыс маманы жұртшылыққа коммуникацияның бұқаралық арналары болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы арнау жолдайтындықтан, осы арналардың тазалығын сақтауға міндетті. Ол бұқаралық ақпарат құралдарын əдейі немесе ойда-жоқта адастырмауға тиіс.

Ұйым мен оны қоршаған жұртшылық арасында делдал бола отырып, жұртшылықпен байланыс маманы өтімді коммуникатор болуы тиіс, өзара түсіністікке қол жеткенге дейін екі бағыт бойынша да ақпарат жөнелтіп отыруы керек.

Қос тарапты жалғайтын коммуникацияға жəрдемдесу жəне тиімді коммуникатор болу үшін PR мамандары жұртшылықтың қалың топтарының пікірлері мен көңіл-күйін жақсы білулері қажет, қоғамдық пікірді зерттеудің ғылыми əдістерін кеңінен қолданғандары жөн. Себебі, жұртшылықпен байланыс қауесетке жүгінбейді.

Ұйым мүшелерін толғандыратын проблемаларды терең түсіну жəне тығырықтан шығудың тиімді жолдарын іздестіру үшін жұртшылықпен байланыс қызметкерлері көңіл-күй ауанына

42

берілмеулері қажет, олар бұқаралық коммуникация, психология, əлеуметтану, саясаттану сияқты əлеуметтік ғылымдардың тұжырымдарына сүйенуге міндетті, қоғамдық пікірді, коммуникация процестерін жəне семантиканы зерттеу əдістемелерін кеңінен қолданулары тиіс.

Жұртшылықпен байланыс саласындағы ғылыми зерттеулермен көптеген мамандар айналысатындықтан, бұл саланың практиктері іргелес пəндердің, соның ішінде таным теориясының, жұртшылықпен байланыс қызметтерінің, адам психологиясының, əлеуметтану, саясаттану, экономика жəне тарих теорияларының жетістіктерін өз жағдайларына орайластырып қолдана білулері керек. Сөйтіп, жұртшылықпен байланыс саласына пəнаралық көзқарас қажет болады.

Жұртшылықпен байланыс қызметкерлері жұртшылыққа проблеманың мəн-жайын ол дағдарысқа айналып кетпей тұрғанда түсіндіре білуге міндетті. Мұның өзі жұртшылықпен байланыс қызметкерлері дабыл қағып, адамдар қапыда қалмауы үшін дер кезінде кеңес берулері қажет дегенді білдіреді.

Ресейлік авторлар жұртшылықпен байланысты ұйымдастырудың:

PR-дың мекеме үшін де, жұртшылық үшін де өзара тиімді болуы;

Ақпараттың шынайылығы; Ақпараттың қажеттілігі жəне жеткіліктілігі;

Бұқаралық сана қалыптасуының заңдылықтарына сүйену; Субъективтілік пен бұра тартудың болмауы сияқты принцип-

терін бөліп көрсетеді:.

Жұртшылықпен байланыстың функциялары оның қоғамда жүзеге асыратын атқарымдарын білдіреді. Жұртшылықпен байланыс:

Ақпаратты жинауға, өңдеуге жəне талдауға қатысты зерттеу; Мақсаттар мен міндеттерді айқындауға жəне оларды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жасауға қатысты жос-

парлау; Алға қойылған іс-шараларды жүзеге асыруға жұртшылықпен

байланыс маманының қатысуын білдіретін ұйымдастырушылық; Жүргізілген жұмыстың тиімділігіне баға беруден жəне алда тұрған жаңа проблемаларды айқындаудан көрініс табатын сарап-

шылық функцияларын орындайды.

43

Америкалық беделді PR зерттеушісі С.М. Катлип жұртшылықпен байланыс:

Ұйымның басқару қызметінің дербес бөлігі ретіндегі жұртшылықпен байланыс, яғни коммуникациялық менеджмент атқарымдарын орындау;

Ұйым мен жұртшылық арасындағы өзара тиімді байланыстар орнатып, қолдап отыру;

Қоғамдық пікірді саралау, аудиторияға коммуникативтік əсер етуді ұйымдастыру жəне оның нəтижелерін бақылап отыру;

Ұйым жүргізіп отырған саясат жұртшылықтың мүдделерімен жəне ұйымның ішкі тіршілігімен қарама-қайшы келген жағдайда оны өзгерту туралы ұсыныстар беру сияқты функцияларды атқаратынын атап өтеді.

Белгілі зерттеуші Э.А. Уткин жəне басқа ғалымдар беделді экономикалық əдебиетке сүйене отырып, жұртшылықпен байланыстың:

Заңды жəне жеке тұлғаларға кеңес беру; Жекелеген кəсіпорын жəне жалпы қоғам үшін ықтимал тен-

денцияларды, заңдылықтарды айқындап, олардың салдарларын болжап білу;

Қоғамдық пікірді, жұртшылық тарапынан күтілетін көзқарасты зерттеу, пікір қалыптастыру жəне жұртшылық аңсарын қанағаттандыру жөніндегі ұсыныстар мен қажетті шараларды жасау;

Пайдаланылатын деректердің дəлдігі мен толық хабардарлыққа негізделетін екіжақты сұхбат орнату жəне қолдап отыру;

Жанжалды болдырмау, түсініспеушілікті жою; Өзара құрмет пен əлеуметтік жауапкершілік ахуалының

қалыптасуына жəрдемдесу; Жеке жəне қоғамдық мүдделерді үйлестіріп отыру;

Қызметкерлермен, өнім жеткізушілермен жəне тұтынушылармен арадағы жағымды қарым-қатынастардың қалыптасуына жəрдемдесу;

Өндірістік қатынастарды жақсарту; Компания ұжымына білікті мамандарды тарту, кадр тұрақ-

тамауын кеміту; Тауарлар мен қызметтерді жарнамалау;

Компанияның пайда əкелуін арттыру жөніндегі жұмысқа атсалысу;

44

Өзіндік имиджді қалыптастыру төмендегі функцияларын бөліп көрсетеді.

Кез келген коммуникация екіжақты бағытта болатындықтан, PR қызметкерлерінің бүкіл жұмысы үш негізгі функцияны орындаумен шектеледі:

1.Ақпаратты жинау жəне талдау функциясы, яғни:

-қоғамдық пікірді зерттеу, статистикалық деректерді талдау, əлеуметтанушылық, психологиялық, экономикалық жəне басқа зерттеулердің нəтижелерін қорыту, қолда бар «алғашқы» (дербес жүргізілген сұрау салу, байқау, анкеталау барысында алынған) жəне «қайталама» (осы мақсаттар үшін өзгелер жинақтаған)

ақпаратты өңдеу;

-заңдық, экономикалық жəне басқа құжаттарды талдау;

-ұйым үшін маңызды болып табылатын баспасөз жарияланымдарының көшірмелерін жасау;

-журналистермен, басқару органдары өкілдерімен, инвесторлармен, əлеуметтік топтармен, қоғамдық қозғалыстармен байланыс орнату;

-мақсатты аудиторияларды зерттеу, əр аудиторияның «ұжымдық келбетін» түзу;

-ұйым басшылығына талдамалық жазбалар мен ұсыныстар əзірлеу.

2.Ақпартты тарату функциясы, яғни:

-баспасөзге, басқару органдарына, инвесторларға, қызметкерлерге, клиенттерге жəне басқалараға арнап ақпараттық мате-

риалдар (брошюралар, мақалалар, баспасөз релиздері жəне т.б.)

əзірлеу;

-баспасөз мəслихаттарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, пошта корреспонденцияларында жұртшылықты ұйымның мақсаттары мен проблемалары туралы хабардар ету;

-тұтынушылармен қарым-қатынастарды жетілдіру (жарнама жасауға жəне оны орналастыруға, тауарларды нарыққа шығаруға, арнайы шараларды ұйымдастыруға, т.б. қатысу);

-жекелеген кəсіпорын жəне жалпы алғанда қоғам үшін ықтимал тенденцияларды жəне заңдылықтарды анықтап, олардың салдарларын болжау;

-неғұрлым жетілдірілген заңдар мен шешімдер қабылдау үшін депутаттарға жəне атқарушы билік органдарына ақпараттық ықпал ету;

-мүдделі тұлғаларға кеңесші болу.

45

3. Ұйымның, оның басшысының жəне жұртшылықтың жағымды қарым-қатынастарын қолдап отыру функциясы:

-пайдаланылатын деректердің дəлдігі мен толық хабардарлыққа негізделетін екіжақты сұхбат орнату жəне қолдап отыру;

-жанжалды болдырмау, түсініспеушілікті жою;

-өзара құрмет пен əлеуметтік жауапкершілік ахуалының қалыптасуына жəрдемдесу;

-жеке жəне қоғамдық мүдделерді үйлестіріп отыру;

-қызметкерлермен, өнім жеткізушілермен жəне тұтынушылармен жағымды қарым-қатынастардың қалыптасуына жəрдемдесу;

-өндірістік қатынастарды жақсарту;

-компания ұжымына білікті мамандарды тарту, кадр тұрақтамауын азайту;

-тауарлар мен қызметтерді жарнамалау;

-компанияның пайда əкелуін арттыру жөніндегі жұмысқа атсалысу.

Жалпы көзқарас тұрғысынан алғанда PR ұйым мүшелері, сондай-ақ ұйым мен əлеуметтік орта (жұртшылық) арасындағы коммуникация (байланыс) арқылы, өзара тəуелділік пен əріптестік негізінде жағымды (үйлесімді) қарым-қатынастар орнатуға қатысты басқарылатын қызмет болып табылады.

Макроəлеуметтік деңгейдегі жұртшылықпен байланыс жүйесін қарастыру барысында төмендегі жағдайларды ескеру керек болады:

-жүйе сыртқы ортаға бейімделе алуға тиіс, бұдан бейімделу, яғни адаптация функциясы туындайды;

-жүйе бейімделуге ұмтылатын нəтижелер түріндегі мақсаттарға қол жеткізе алуы керек. Бұл мақсаттылық функциясы болып табылады;

-мақсатқа жету үшін жүйеде жеткілікті ішкі бірлік пен жинақылық болуы шарт. Бұл интегративтік функцияны білдіреді;

-ішкі бірлік жүйе элементтерінің (субъектілерінің) жүйе нормаларын бойға сіңіруі арқылы сақталуға жəне өркендеп отыруға тиісті. Мұны Т. Парсонс жүйенің өз құрылымын сақтау мəселесі ретінде сипаттайды. Бұл сақталу функциясы деп аталады.

Жұртшылықпен байланыс функциялары «паблик рилейшнз» үдерісінің барлық негізгі кезеңдерінде: проблеманы зерттеу жəне мақсаттарды белгілеу, PR-бағдарламаның стратегиясы мен тактикасын жасау, тиімділікті бағалау мен түзетулер енгізу кезеңдерінде көрініс тауып отырады.

46

Жұртшылықпен байланыстың əлеуметтік рөлін талдаған зерттеушілер:

-Прагматикалықты (өз ұйымының, клиентінің игілігіне қызмет етуді);

-Консервативтікті (билік басындағы топтың мүддесін қорғауды);

-Бейтараптықты (науқастардың барлығын емдейтін дəрігер сияқты жұрттың бəріне көмек қолын созуды);

-Идеалдықты (ұйым, жұртшылық жəне қоғам арасындағы өзара түсіністік негізінде қоғамға қызмет етуді, туындап отыратын əлеуметтік проблемаларды зерттеуді жəне дер кезінде талқылап отыруды) бөліп көрсетеді.

2.2.Жұртшылықпен байланыстың өзге ғылымдармен, ғылыми бағыттармен байланысы

Жұртшылықпен байланыс теориясы интеграциялық сипатқа ие, сондықтан ол көптеген ғылыми пəндердің, атап айтқанда коммуникация теориясының, менеджементтің, маркетингтің, юриспруденцияның, журналистиканың, басқару теориясының, компьютерлік технологиялардың, саясаттанудың, риториканың, əлеуметтанудың, психологияның түйіскен тұсынан табылады.

Жұртшылықпен байланыс жəне коммуникация теориясы.

Жұртшылықпен байланыстың өзегін құрайтын «əлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастар» ұғымында осы қызметтің коммуникативтік жəне прагматикалық деңгейлері көрініс тапқан. Коммуникациялық процестер өндірістік қызметте ғана емес, имидж жасауда, əлеуметтік, экономикалық, саяси, мəдени-рухани проблемаларды талдау мен шешуде басты рөл атқарады.

Сондықтан да көптеген зерттеушілер жұртшылықпен байланысты мемлекеттік немесе жекеменшік құрылымдар мен жұртшылық арасында өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға жəне қолдап отыруға бағытталған басқарушылық қызмет ретінде түсіндіреді. Жұртшылықпен байланыстың коммуникативтік өрісі түрлі қоғамдық жəне басқарушылық құрылымдардың (мемлекеттік жəне жекеменшік) адамдардың танымдық қызметімен қатысты салаларда белсенді өзара байланысты білдіреді. Осы коммуникациялық өрісте өзара тиімді байланыстар жолға қойылып қана қоймай, сондай-ақ ақтық мақсаты қоғамның əлеуметтік кірігуі жəне ізгіленуі болып табылатын үйлесімді қоғамдық қарымқатынастарға жол ашылады.

47

Ал, прагматикалық тұрғыдан келгенде жұртшылықпен байланыс қоғамдық пікірге ұйымның (корпорацияның, фирманың, мекеменің, партияның, т.б.) мүдделері тұрғысынан əсер ету, яғни тұтынушыны ұйымның корпоративтік қызметі оның жеке басының игілігіне бағытталғанына иландыру дегенді білдіреді.

Жұртшылықпен байланыс өз қызмет өрісіне дəстүрлі екі бағытты – менеджмент (ағылшынша management – басқару, басшылық; итальянша maneggiare сөзі латынша manus –қол дегеннен туындайды) пен маркетингті (ағылшынша marketing – сауда, сатылым, өткізу; латынша, mercatus, mercari-сауда деген сөзден) қосады.

Жұртшылықпен байланыс жəне менеджмент. Жұртшы-

лықпен байланыс жүйесіндегі ұйым менеджментін кең мағынада қолданылатын басқару деп түсіну керек. Басқару ұғымыбұл орайда кəсіпорынның өз ішінде оңтайлы іскерлік жəне шығармашылық байланыстар орнату, сондай-ақ сыртқы ортамен, яғни тұтынушылармен, мемлекеттік құрылымдармен, кəсіптік ассоциациялармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарымқатынастар жасау дегенді білдіреді, ал мұның өзі əлеуметтік менеджмент болып табылады. Басқаша айтқанда, жұртшылықпен байланыс жүйесінде қолданылатын менеджмент түрі-əлеуметтік менеджмент.

Жұртшылықпен байланыс жəне маркетинг. Жұртшылықпен байланыс жүйесіндегі маркетинг корпорациялар мен фирмалар тұрғысынан алғанда кəсіпорындардың немесе олардың бөлімшелерінің нарықта өз өнімін (ақпаратын) тиімді «жылжытуға» қатысты қызметін білдіреді. Бұл қызмет тұтынушы туралы ақпаратты егжей-тегжейлі зерттеу, қоғамдық пікірді оң тұрғыдан қалыптастыру жəне өз имиджін таныта білу арқылы жүзеге асырылады.

Нарықты танып-білу қызметі ретінде маркетинг жұртшылықпен байланыстың мақсаттары мен міндеттерін қалыптастыратын қайнар көздер қатарына қосылады. Əдетте, жұртшылықпен байланыс жөніндегі маман іс жүзінде маркетингпен де айналысады. Ол тауарлар мен қызметтерді өндіруші мен тұтынушы арасындағы өзіндік бір делдал сияқты көрінеді. Практикалық қызметінде жұртшылықпен байланыс маманы нарық туралы ақпаратты маркетинг бөлімінен де ала алатынын айта кету керек.

48

Көптеген зерттеушілер жұртшылықпен байланыстың бүкіл жүйесін интеграцияланған маркетингтік коммуникациялар ретінде қарастырады. Осы тұжырымға сəйкес түрлі коммуникация арналарының жұмысын, атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнама, жеке сатылым, өткізуді ынталандыру, тікелей маркетинг бойынша жүргізілетін қызметті үйлестіріп отыруға тиіс.

Сөйтіп, осылайша əлеуметтік менеджмент пен маркетинг жұртшылықпен байланыстың аса маңызды құралына айналады.

Бұқаралық ақпарат теориясы мен практикасы жəне жұрт-

шылықпен байланыс. Білімнің осынау екі саласы бір-бірімен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда Қазақстанда көп кісілер жұртшылықпен байланысты радио мен теледидарда, баспасөзде ақылы (тапсырысты) мақалалар мен сұхбаттар орналастыру деп түсінетінін айта кету керек. Журналистік шығармашылық негіздерін игеру жұртшылықпен байланыс жөніндегі маман қызметінің іргетасы болып табылады.

Құқық жəне жұртшылықпен байланыс. Жұртшылықпен байланыстың құқықтық негізін заңдарды білу жəне оларды іс жүзінде қолдану құрайды.

Психология жəне жұртшылықпен байланыс. Əлеуметтік психология саласындағы ғылыми талдамалар мен жаңалықтар жұртшылықпен байланыс қызметінде кеңінен пайдаланылуы тиіс. Мұның өзі жұртшылықпен байланыстың тиімділігін қамтамасыз ету үшін əлеуметтік топтардың, сондай-ақ жеке адамның мінезқұлқын айқындайтын факторларды ескеріп отыру қажеттігінен туындайды.

Саясаттану жəне жұртшылықпен байланыс. Жұртшылықпен байланысқа қатысты еңбектердің елеулі бөлігі саясатпен тығыз байланысты. Жекелеген партиялар мен қозғалыстардың мүдделерін қолдау, сайлау алдындағы науқандарды қамтамасыз ету PRагенттіктер мен консалтингтік фирмалардың қызметтер тізімінде салиқалы орынға ие.

Жұртшылықпен байланыс жəне саясат. Ел азаматтары үкімет қабылдаған шешімдердің дұрыстығына сенімді болулары тиіс. Əрбір қоғамдық топ ең алдымен өзінің жеке мүдделерін жоғары қоюға, оларды негіздеп, қорғауға тырысады, бірақ ол жалпы қабылданған нормалар мен заңдарға сəйкес жүзеге асырылуы тиіс. Саясаттағы PR ортақ құндылықтар мен мүдделер негізінде келісім орнату міндетін көздейді.

49

Жұртшылықпен байланыс жəне насихат. PR мен насихат арасының жігін ашып алу керек. Нацистік идеология негізін салушы Геббельс насихат туралы былай деп жазған болатын: «Насихат-саясат құралы, əлеуметтік бақылау тетігі... иландыру насихат міндетіне кірмейді, оның атқарымы-жақтастар тартып, оларды бағынышта ұстау... насихат міндетіадам өмір сүретін ортаны өзгерту жəне əлем жөніндегі нацистік көзқарасты қабылдауға мəжбүр ету үшін адам қызметінің барлық түрлерін қамтуда». Осы үзінді насихаттың негізгі бағытын көрсетсе керек. Бірақ, бұл жерде əңгіме саясаттағы насихат туралы болып отыр. Экономикалық насихаттың жөні бөлек, ол маркетингтік коммуникациялардың құрамдас бөлігі болып табылады. Саяси насихатта этикалық тұстар əрдайым ескеріле бермейді, негізінен алғанда ішкі мүдде көзделеді, мақсатқа жету үшін фактілер боямаланып көрсетілуі, тіпті бұрмалануы ғажап емес.

Керісінше, жұртшылықпен байланыс табыстылығы этикалық нормалардың сақталуымен тығыз байланысты. PR-ды əділетсіз істерді қолдау мақсатында пайдалануға болмайды. Өйткені, осы арқылы оның келеңсіз тұстары көрініп қалады. Саясат иланымды əрі сындарлы болуы қажет. Əріптестермен берік байланысты нақты да дəл фактілер арқылы орнатуға тырысу керек.

PR-дың мақсаты – келісімге жету, насихаттың мақсаты – қозғалысқа мұрындық болу. PR əділ сұхбатқа тырысады, ал насихат бұған ұмтылмайды. PR əдістері толық ашықтықты білдіреді, ал насихат қажет жағдайда фактілерді бүркемелейді. «PRтүсіністікке, насихат-жақтастар тартуға ұмтылады», - деп жазған болатын профессор А. Мейден.

Жарнама жəне жұртшылықпен байланыс. Зерттеушілердің бірқатары PR мен жарнаманы бір-бірінен толық бөлектегісі келеді, бірқатары PR-ды жарнама қызметіне телиді. Шынтуайтында, PR мен жарнаманың ұқсас та, айырмаланатын да тұстары жетерлік. Жарнама жекелеген тауармен жəне оны нарықта «жылжытумен», тұтынушыны белгілі бір əрекетке итермелеумен тікелей байланысты. PR қызметі қолма-қол нəтижеге ұмтылмайды, болашақ нарықты əзірлеп, алдағы іс-əрекеттерге негіз қалайды. Жұртшылықпен байланыс жөніндегі танымал маман Филипп Буари осы ерекшеліктерді атап өте отырып, «PR-«сенім» стратегиясы, жарнама-«талап-тілек стратегиясы» деген болатын.

50