Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Дріс кешені Пробл.КПРК.doc
Скачиваний:
24
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
279.55 Кб
Скачать

Дәрістер тезистері Тақырып 1 Егемендік пен тәуелсіздік алғанға дейінгі Қазақстанның конституциялық дамуы

Мақсаты:

Қазақстанда Президенттік институтын енгізудің тарихи жағдайы туралы түсінік беру, сондай-ақ «Қазақ КСР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Декларациясын қабылдау мағынасы туралы жалпы түсінік беру

Жоспары:

  1. Қазақстанда Президенттік институтын енгізу және оның тарихи маңызы

2 «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы

1 Қазақстанда Президенттік институтын енгізу және оның тарихи маңызы. Осыдан он төрт жыл бұрын Қазақ КСР-інің "Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына сәйкес Қазақстанда Президенттік институтының іргесі қаланды.

Қазақстан Конституциясы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының басшысы алты жыл мерзімге сайланатын Қазақ КСР-інің Президенті болып табылады деп жария етті. Мемлекет басшысы республика аумағында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, Қазақ КСР-інің Конституциясы мен заңдарын сақтаудың кепілі болып табылды, республиканың егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдады, Қазақстан атынан ел ішінде және халықаралық қатынастарда, сондай-ақ КСРО Федерация Кеңесінде өкілдік етті.

Конституцияға сәйкес, Қазақ КСР Президенті Резиденциясының орналасатын жері мемлекет астанасы — Алматы қаласы болып айқындалды.

Президент сайлауы Қазақ КСР-інің "Қазақ КСР Президентін сайлау туралы" Заңының негізінде жүзеге асырылды.

1990 жылғы 24 сәуірде республика Жоғарғы Кеңесінің Қазақстанның тұңғыш Президенті — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлауымен байланысты мемлекет тарихында өшпес маңызға ие акт жүзеге асты.

Мемлекет басшысы жоғары қызметке сайланысымен реформаланып отырған КСР Одағының шеңберінде Қазақстанның саяси және экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған белсенді қадамдарды қолға алды және сонымен бірге халықтар арасында қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және тарихи байланыстардың ыдырауына жол бермеу жолында ерік-жігер мен табандылық танытты.

1990 жылы елдің орасан зор кеңістігінде экономикаға толыққанды басшылықты жүзеге асыруға қабілетсіз орталықтың іс-қимылы белең алып келе жатқан әрі алдарында кедейлік пен ең қажет тауарлардың, азық-түліктің жетіспеу перспективасы көлденең тартылған аймақтар арасындағы ондаған жылдар бойында қалыптасқан экономикалық байланыстарды үзе бастаған бей-берекетсіздікке тосқауыл бола алмады. Республикаларда экономикалық дербестікке ұмтылу үрдістері пайда болды, толыққанды дербестік - егемендік жариялау процесі басталды. Сонымен бірге КСРО халықтары жаңа одақтық шарттың әзірленуі мен қол қойылуын күту жағдайында болды.

Егемендік жарияланғаннан кейін Мемлекет басшысы бірінші кезекте елдің мемлекеттік басқару органдарын нығайту жөніндегі қадамдарды қолға алды.

1990 жылғы 20 қарашада Қазақстан Президенті "Қазақ КСР-індегі мемлекеттік билік пен басқару құрылымын жетілдіру және Конституцияға (Негізгі Заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды, оған сәйкес Қазақ КСР-інің Президенті жоғары атқару және өкім жасау билігінің басшысы болып табылады деп белгіленді; ел вице-Президенті қызметі тағайындалды; Министрлер Кеңесі таратылып, Қазақстанның Министрлер Кабинеті құрылды. Жаңа заңмен премьер-министр және мемлекеттік кеңесшілер қызметтері тағайындалды. Мемлекет басшысы мен елдің Министрлер Кеңесі аппараттарын Қазақ КСР Президенті мен Министрлер Кабинетінің біртұтас аппаратына біріктіру орын алды. Ел Президенті жанынан консультативтік-кеңесші орган — Республика Кеңесі құрылды.

Дәрменсіз социалистік экономика ширыға түскен, ыдырап бара жатқан Кеңес Одағының перспективалары мен даму жолдарын іздестіруге толы 1990 —1991 жылдардағы аса күрделі кезеңде Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаев орасан зор елдің күллі кеңістігінде жұртшылық ықыласына бөленіп, екі рет "Жыл адамы" аталды.

1991 жылғы 16 қазаңда Мемлекет басшысы Қазақ КСР-і Президентін сайлау туралы Заңға қол қойды. Нақ осы күзде Қазақстан Магниткасының металлургтері Н.Ә. Назарбаевты елдегі тұңғыш жалпы халықтық сайлауда Президенттікке кандидат етіп ұсынды.

1991 жылғы 1 желтоқсанда, шиеленісті сайлау алдындағы күрес нәтижелері қорытындыланғаннан кейін Н.Ә. Назарбаев дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 98 пайызынан астамының қолдауын алып, бүкіл халық сайлаған тұңғыш Президент болды.

Мемлекет басшысының алғашқы аса маңызды іс-қимылының бірі оның бастамашылығымен әзірленген "Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы" Қазақстан Республикасын әлемге жария еткен Заңға 1991 жылғы 10 желтоқсанда қол қойылуы болып табылды.

1991 жылғы 16 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына Президенттің қол қоюының және жаңа тәуелсіз мемлекеттің шынайы егемендігін жариялаудың Қазақстан халықтары үшін өміршең маңызы болды.

1992 жылғы 6 маусымда Республика Президентінің Резиденциясы үстінде көгілдір жалау - егемен Қазақстанның жаңа рәмізі көкке желбіреді.

Мемлекет басшысының сыртқы саяси қызметі Қазақстанның әлем мемлекеттерімен сыртқы экономикалық байланыстарын дамыту мәселелерін шешумен тығыз сабақтасып жатыр.

Экономикалық ынтымақтастық туралы шарттарға іс жүзінде Шығыс және Батыс Еуропаның барлық мемлекеттерімен, арабтық Шығыс елдерімен, Үнді Қытаймен, Корей түбегімен, Түркиямен, Иранмен және Пәкістанмен қол қойылды. Экономикалық ынтымақтастық ұйымы шеңберінде көрсетілген елдермен ынтымақтастық табысты жүзеге асырылуда. Қазақстан мен Германия арасындағы белсенді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық дамуда, Балтық және Қара теңіз жағалауы елдерімен байланыс жолға қойылды.

Егемендік алғаннан бастап тәуелсіз Қазақстан аумағы жөнінен әлемдегі тоғызыншы мемлекет болды, әрі осындай ұлан-ғайыр аймақта экономикалық тоқыраудың өте ауыр жағдайларында басталған әлеуметтік-экономикалық реформалар ел тұрғындарына ауыртпалығын түсірмей қойған жоқ. Алайда, инфляция 2000 пайызға жеткен экономикалық байланыстар үзілген және қолма-қол ақша қаражаттарының зәрулігі сөзілген ерекше қолайсыз ахуалға қарамастан, Қазақстан, Ресей секілді қоғамды және экономиканы реформалау қарқыны жөнінен басқа барлық бұрынғы кеңестік республикаларды басып озды.

Тәуелсіз мемлекеттің қажетті нышаны болып табылатын теңге елдің қаржы-ақша жүйесін жұмыс істейтін жағдайға келтіруге, ақша айналысындағы қаражаттың жетіспеушілігі проблемасын шешуге ықпал етті.

Мемлекет тарихында, бірінші Президенттің саяси және жеке өмірбаяныңда астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру сияқты орасан зор оқиға айрықша орын алады.

Президенттік басқару нысанындағы Қазақстан Республикасының жаңа мемлекетін орнату жоспарлы түрде, мақсат КСР - лікпен әрі тарихи қысқа кезеңде жүзеге асырылды. Бір ғана он жылдық ішінде Қазақстан тоталитарлық жүйенің бұғауынан толық босады және жаңа мемлекеттілік құрды. Бұл - ата-бабаларымыз қанды ұрыстарда шайқасқан және оны қалпына келтіруді армандаған қазақ халқының таңдаулы өкілдері сталиндік қапаста мерт болған мемлекеттілік еді.

Қазақстанның күшті Президенттік басқару нысанындағы мемлекет ретінде қалыптасуы және Президент Н.Ә. Назарбаевтың елдін шынайы демократиялық Конституциясының кепілі ретіндегі қызметі тоталитаризмнің зиянды мұрасын толығымен жоюға мүмкіндік туғызды. Елде сөз бен баспасөз бостандығы, діни наным еркіндігі секілді демократиялық құндылықтар жарияланды және іске асырылды елдегі барлық халықтар үшін тең құқылы даму қамтамасыз етілді. Республикада ресми бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар жеке газеттер мен журналдар шығарылады, телерадио студиялар мен компаниялар қызмет істейді. Қазіргі кезде 11 ақпараттық агенттік 86 телерадиокомпания мен студия жұмыс істейді, 314 газет пен 79 журнал қазақ, орыс және Қазақстан халықтарының басқа тілдерінде жарық көреді.

2 «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы. Қайта құрудың соңына қарай Кеңес Одағының орталық органдарының билігі әлсіреп, керісінше одақтас республикалардың құқықтары күшейе түсті. Алдымен Ресей Федерациясы, Украина КСР-ы өздерінің егемендіктерін жариялады. Одақты реформалауға бағытталған жаңа Одақтық шарттың жобасы жасалып жатты. Осындай жағдайда 1990 жылы 25 қазаңда республиканың Жоғарғы Кеңесі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі туралы Декларация қабылдады. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстан халқының еркін білдіре отырыл, ұлттардың өзін-өзі еркін билеу құқығын тани отырып, Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып, демократиялық, құқықтық мемлекет құруды негізге алып, Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігін жариялады және осы Декларацияны қабылдады.

Декларация 17 баптан тұрды. Қазақ КСР-і егемен мемлекет, ол басқа республикалар мен егеменді Республикалар Одағына ерікті түрде бірігеді және өзара қатынастарын шарттық негізде құрады. Одақтан еркін шығу құқығын сақтайды. Декларацияда алғаш рет ҚазКСР-і ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады деп жазады. Бұрын бұл қызметтер Одақтық органдарға тиесілі еді.

ҚазКСР-нің территориясының өзгермейтіндігі бекітілді.

Республиканың барлық ұлт азаматтары Қазақстан халқын құрайды, әрі ҚазКСР егемендігінің бірден-бір иесі және мемлекеттік өкімет билігінің негізі болып табылады деп көрсетілді. Республика халқы атынан ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің іс-қимыл жасауға құқығы бар.

Азаматтардың теңдігі атап өтілді.

Қоғамдык, саяси, діни ұйымдарға мемлекет пен қоғам өміріне қатысуы үшін кепілдіктер берілді. Мұндай нормалар ол кезең үшін демократиялық өзгерістер қатарына жатты.

Мемлекеттік өкімет билігі заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципі бойынша жүзеге асырылды.

Заң шығару Жоғарғы Кеңеске берілді. Президент республиканың басшысы болды және ең жоғары әкімшілік — атқарушы билік болып есептелді. Сот билігін Жоғарғы сот жүргізді.

ҚазКСР Бас прокурорының кандидатурасын Республика Президенті КСРО Бас прокурорымен келісе отырып ұсынады және оны ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі бекітеді.

Алғаш рет ҚазКСР территориясында, оның өз еркімен одаққа берген мәселелерін қоспағанда, ҚазКСР Конституциясы мен заңдарының үстемдігі орнатылады деп жазылды. Бұл егемендіктің өзекті қағидаларының бірі еді. Осыған орай ҚазКСР-і өз егемендігіне қайшы келетін одақтандарып тоқтата алды.

Меншіктің алуан түрлілігі және олардың теңдігі қамтамасыз етілді. Республика өз бюджетін дербес қалыптастырады.

Республикада ядролық қаруды сынауға, ол үшін полигондар салуға тиым салынды.

ҚазКСР-нің өз ішкі әскерлерін, мемлекет қауіпсіздігі және ішкі істер органдарын ұстауға құқылы болды.

ҚазКСР-і халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына дейінгі ұйымдарға қатысуға құқылы болды.

Қазақстанның егемендігі құқықтарын ҚазКСР-і мен Одақ жүзеге асырды. Бірақ оның ажырағысыз егемендігін ешкім бұза алмады.

Декларация Одақтық шарт жасау, ҚазКСР-нің жаңа Конституциясын, егемендік мәртебесін жүзеге асыратын заң актілерін жасауға негіз болып табылды.

Егемендік декларациясын қабылдау шын мәнінде үлкен тарихи оқиға болып, тәуелсіздікке жету жолындағы соңғы саты болып табылды. Сондықтан да кейінірек егемендік декларациясын қабылданған 25 қазаң Республика күні мерекесі болып бекітілді.

Тақырып бойынша дайындалуға ұсынылатын әдебиеттер:

Н: 1; 2: 3. Қ: 4, 5, 21.

Бақылау сұрақтары:

  1. Қазақстан аумағында Президенттік институты қашан енгізілді?

  2. Қазақ КСР қандай заңы Президенттік институтын бекітіп берді?

  3. Президенттікке алғаш келген адамды білесіз бе?

  4. «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қашан қабылданды?

  5. «Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясының құрылымы туралы не айтасыз?