Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Дріс кешені Пробл.КПРК.doc
Скачиваний:
27
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
280 Кб
Скачать
☆

Тақырып 5 Қазақстан Президенттік институтын одан әрі нығайту кезеңінде

Мақсаты:

Студенттер қауымына конституциялық құқықтың жеке пән ретінде қалыптасуы мен оның пәнін анықтау мәселелерін жеке саралап, түсіндіру

Жоспары:

1 Қазақстан Республикасында конституциялық құқықтың ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуы

2 Қазақстан Республикасында конституциялық құқығының пәнін анықтау мәселелері

1 Қазақстан Республикасында конституциялық құқықтың ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуы. Конституциялық құқық құқықтық ғылымның бір саласы ретінде оқытылады. Ғылым ретінде конституциялық құқыққа өз тақырыбы, өз қайнар кездерi, оны оқып-үйренуге өзіндік бағыт-бағдар тән. Ғылым конституциялық құқықты құқықтық ғылымның бір бөлігі ретінде қарастыратындықтан, ол салалық ғылымдардың қатарына жатады. Конституциялық құқық ғылымы конституциялық құқықтың қалыптасу, даму, қызмет ету заңдылығын зерттеуге бағытталған, конституциялық заңдылыққа сүйенетін негізгі ұғымдар мен категорияларды қалыптастырады және конституциялық құқықтың құқықтық ғылым жүйесіндегі орны мен рөлін анықтайды. Конституциялық құқық ғылымы мемлекеттік басқару және мемлекеттік құрылыс нысандарын, Қазақстан мемлекеті механизмін, мемлекеттік органдардың өзара қарым-қатынасының нысандарын, әдістері мен тәсілдерін зерттейді. Ол конституциялық құқықтың мәнін, нормалары мен институттарының бағыттарын және оны жүзеге асыруға байланысты процестерді зерттейді. Осындай жұмыстарды жүзеге асырудың нәтижесінде конституциялық-құқықтық қатынастар туады, өзгертіледі және тоқтатылады. Сондықтан конституциялық құқық ғылымы конституциялық-құқықтық қатынастардың сипатын және табиғатын, олардың басқа салалық құқықтық қатынастармен салыстырғандағы ерекшеліктерін зерттейді. Конституциялық құқық ғылымы реттелетін қоғамдық қатынастардың конституциялық-құқықтық, нормалар әрекетінің тиімділігін зерттейді, ондай тиімділік әлсіреген жағдайда оны күшейту үшін ұсыныстар жасайды.

Конституциялық құқық – Қазақстан Республикасы құқық жүйесi салаларының бірі. Ол өзiнiң ішкі тұтастығымен сипатталатын құқықтық нормалар жүйесін білдіреді және басқа құқық жүйесiнiң нормаларынан ерекшеленеді. Ішкі тұтастық конституциялық нормалардағы қоғамдық қатынастардың ерекшеліктерімен белгіленетін, солар арқылы реттелетін жалпы белгілердің болатындығын білдіреді. Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар оның мәнiн құрайды.

Конституциялық құқықтың өзiндік ерекшеліктері бар. Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар мемлекет және қоғам құрылымының негізін құрайды және мемлекеттік биліктің жүзеге асуымен тікелей байланысты жүргізіледі.

Конституциялық құқық пәнін түсіндірудің теориялық, сондай-ақ практикалық мәні бар.

2 Қазақстан Республикасында конституциялық құқығының пәнін анықтау мәселелері. Сөйтіп, құқықтың бұл саласының пәнін ең маңызды, тұғырлы деп анықтауға болатын қатынастар құрайды.

Конституциялық-құқықтық нормалар ең алдымен мемлекеттік құрылысты анықтайтын негізгі принциптерді бекітеді. Мемлекеттік құрылысты анықтайтын негізгі қатынастар және оның нормалары Конституцияның 1-ші "Жалпы ережелер" бөлімінде жан-жақты айшықталған. Олар мемлекет сипаттамасының мән-маңызын ашады: мемлекет құрылысының нысаны, басқару нысаны, мемлекеттік билік бастаулары, оларды жүзеге асыру принциптері, экономикалық және саяси жүйелердің негіздері және т.б.

Бұл ретте биліктерді бөлу принципіне конституцияда айрықша маңыз берілгенін баса айта кеткен жөн.

1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында, бұрынырақтағы конституцияларда орын алып келген "конституциялық құрылыс негіздері" деген жалпылама ұғым жоқ.

Адамның мемлекеттің азаматтығына тиесілігін анықтайтын қатынастар, жеке тұлғаның қоғамдағы және мемлекеттегі жағдайын сипаттайтын, адам және азаматтың құқықтық мәртебесі негіздерін құрайтын принциптер де конституциялық құқықтың пәніне жатады.

Конституциялық құқық нормалары экономикалық жүйенің негіздерін анықтайтын қоғамдық қатынастарды: мемлекетпен рұқсат етілген және қорғалатын меншік түрлерін, экономиканың негізгі бастаулары мен принциптерін, меншік иелері құқықтарын қорғау кепілдіктерін және т.б. реттейді. Конституциялық-құқықтық реттеудің пәні саяси жүйенің негіздерін белгілейтін қатынастар: қоғамдық ұйымдардың тыныс-тіршілігі, олардың мемлекетпен қарым-қатынасының негізгі принциптері, діни конфессиялардың мемлекетпен ара қатынасы негіздері болып табылады.

Конституциялық-құқықтық нормалар мемлекеттік билік органдары және жергілікті мемлекеттік басқару органдарын құрудың және қызмет етуінің негізгі принциптерін бекітеді. Конституциялық органдардың түрлерін, құқықтық мәртебесін, сондай-ақ оларды құру тәртібін, құзыретін, қызметінің ұйымдық-құқықтық нысандарын, шығаратын актілерін белгілейді.

Сөйтіп, конституциялық құқық Қазақстан Республикасы ұлттық құқығының жетекші саласы болып табылады, Ол Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы негіздерін іске асырушы қоғамдық қатынастарды, адам және азаматтың құқықтық мәртебесін, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік органдары және жергілікті басқару және өзін-өзі басқару жүйесін реттеуші және бекітуші құқықтық нормалар жиынтығынан құралады.

Конституциялық құқық бастаулары. Қазақстан Республикасының конституциялық құқық бастаулары деп Қазақстан Республикасы аумағында әрекет ететін, қоғам құрылым негіздерін және мемлекеттік билікті ұйымдастыруды реттейтін нормативтік құқықтық актілер ұғынылады.

Қазақстан Республикасы конституциялық құқығының негізгі бастауы Конституция болып табылады. Бұл Конституцияның жоғары заң күші барлығымен және Республиканың барлық аумағында тікелей әрекет ететіндігімен түсіндіріледі. Барлық басқа бастаулар Конституция нормаларынан шығады және оған қайшы келмеуге тиіс.

Тақырып бойынша дайындалуға ұсынылатын әдебиеттер:

Н: 1; 2, 3

Бақылау сұрақтары:

1 Қазақстан Республикасы конституциялық құқығының заң ғылымы ретiндегi маңызы қандай?

2 Қазақстан Республикасы конституциялық құқығының тақырыбы не болып табылады?

3 Қазақстан Республикасы конституциялық құқығы қандай бiлiмдер жүйесiн қамтиды?

4 Қазақстан Республикасы конституциялық құқығының заң ғылымы және құқық саласы ретiндегi бiр-бiрiнен ерекшелiктерi қандай?

5 Қазақстан Республикасы конституциялық құқығының негiзгi қайнар кездерi және олардың сипаттамасы қандай?

6 Конституциялық-құқықтық қатынастардың қандай түрлерi бар және олардың мазмұны қандай?

7 Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы құқыққа не жатады?