Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
7 дріс.docx
Скачиваний:
43
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
45.98 Кб
Скачать

2. Фольклорлық-этнографиялық материалдар

Академик Қ.Сәтбаев: «Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымдардың бірде-бірі бұл кітапты жанап өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілінің тууы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф тұрмыстық бейнелер мен өмір құбылыстарын біледі.Құс салып, саяттық құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық көріністерінің әрқайсысы жеке-жеке-ақ толайым этнографиялық еңбектерге пара-пар», - деп айтқан сөздері бүгінде шындыққа айналып отыр. Эпопея негізіндегі фольклорлық және этнографиялық материалдар роман кейіпкерлерінің өзгеден бөлек ойлау ерекшеліктері мен еңбектерінің, олар өмір сүрген дәуірдің даралық сипатын терең, жан-жақты бейнелеудің бірден-бір дәйекті негізі болып табылады. Бұл жерде фольклорлық және этнографиялық материалдарды бөлек-жара емес, бірлікте қарастырған дұрыс, себебі этнографиялық материалдар «әдеби шығарманың құрылымында тек өмір материалы ғана емес, нақты, дара белгілері сақталған, фольклорлық-этнографиялық құбылыстар өзара тоғысқан, әрі тұтасқан күрделі көркемдік құбылыс болып табылады» (Ж.Дәдебаев. Өмір шындығы және көркемдік шешім.А.,Ғылым,1991,110б).

Кезінде роман-эпопея деген жанрдың өзі қызу пікірталас тудырған еді А.Марченко: «...фольклор мен эпос элементтерінің роман құрылымынаенуі – роман жанрының өркендеп, дамуына кедергі болады» (А.Марченко. Возможности свободного романа//Вопросы литературы, 1971,№9) – деген пікірді алға тартқан еді. Әрі қарай: «...романның негізінде фольклор, аңыз, әпсана, ауыз әдебиеті үлгілері жатқандықтан ол нағыз роман емес, ал бас кейіпкер Абай – қаһармандық бейне», - деген шешімге келеді. А.Марченконың бұл қорытындыларының қисынсыз екенін «Қазақ әдебиеті» газетінің 1971 жылғы 10 желтоқсан күні «Алтынды тот баспайды» деген атпен жарияланған мақала дәлелдеп шықты.

Эпопеяның қазақ фольклорымен терең тамырлы байланысы жайлы М.Қаратаев Қазақ әдебиетінің тарихы(1т,2к,А.,1964) кітабының Фольклор және әдебиет деген бөлімінде салиқалы байлам жасады. Бірақ эпопеядағы фольклоризмді жалаң түрде қарастыруға болмайды. Осы мәселеге байланысты Р.Бердібаев: «Көптеген еңбектерде жете ескерілмей жүрген тағы бір нәрсе – фольклорды тек сөз өнері ретінде қарап, оның халықтың әр дәуірдегі тұрмыс-салтымен, наным-сенімімен, тіршілік қалыбымен тығыз бірлікте туындайтынын мойындамаушылық»(Фольклор шындығы.А.,1991,3б)- дейді. Жазушы шығармадағы қазақ халқының болмысын, психологиясын, ірі-ірі қақтығыстарды фольклорлық-этнографиялық көріністермен көмкеріп отырады. Және де олар жазба әдебиеттің көркемдік жүйесіне тән заңдылықтарға бағынып, соның аясында белгілі бір көркемдік-эстетикалық жаңа қызмет атқарып тұр. Бұл тұста жазушының шеберлік сипаты, ойдан шығарудың, ойдан толықтырудың, жалпы көркемдік қиялдаудың бағыты мен мазмұны ерекше көзге түседі.

Роман-эпопея фольклорлық-этнографиялық суреттерге толы. Бірде жерлеу, ас беру, құдаласуға қатысты этнографиялық көріністер толығынан суреттелсе, енді бірде тек ұлттық әдет-ғұрыпқа байланысты белгілі бір деталь ғана келтіріледі. Мысалы, Бөжей қайтыс болғанда: «Үлкен күмбез ақ үйдің іші, оң жақ босағадан дәл төрдің ортасына дейін қатар тізіліп, мықындарын қос қолдарымен таянып, аңырап жылап отырған қатындарға толы екен». Осындағы «мықындарын қос қолдарымен таянып» деген сөздің мағынасын белгілі фольклорист Ә.Диваевтан табамыз: «Бүйірін таянған жақсы емес, өйткені өз күйеуінен айырылып, жоқтаған әйелдер ғана солай істейді»(Тарту,1991) – делінеді.

Эпопеядағы жерлеу, ас беруге байланысты этнографиялық көріністер толығынан, жан-жақты суреттеледі. Өлікті оң жаққа әкеліп салу деген не, қара тігу деген қалай, атты тұлдау деген не, артын күту, жоқтау, көрісу, жаназаға шақыру, сеп құру, аза салу т.б. толып жатқан ырым,салттарға жауап таба аламыз. «Қара тігу» туралы этнографиялық дерек Қ.Халидтің еңбегінде ұшырасады.

А.Нұрқатов «М.Әуезов творчествосы»(А.,1964) атты еңбегінде жазушының ас беру рәсімін көбірек суреттеуін романның кемшілігі деп жазса да, осы аста жас Абай мінезінің бір қыры ашылады. Байсалдан бата да алады.

Қазақ халқы көшпелі өмір салтын ұстанғандықтан, оның өмірінде көшудің орны ерекше.Көштің де түрлері бар. Соның ішінде ең қайғылы көшу – қаралы көшу. Көштің алдында өлген адамның бос ерттеулі атын алып жүруі марқұмның рухы туған жерімен мәңгілікке қоштасады деген сенімнен туған. М.Әуезов Бөжейдің қаралы көшінің көрінісін Құнанбайдың үш баласының көз алдына көлденең тартып суреттеу арқылы үш түрлі адам, үш түрлі мінезді көрснтнді. Оспан көз алдындағы көріністен ерсілікті, күлкіліні ғана таныса, Абай қайғы мен азаны және солардың ортасынан ерекше сұлулықты – Тоғжан сұлулығын табады.Жазушы қаралы көштің суреті арқылы жас Абайдың болмысындағы әсершілдікті де,, жанашаршылықты да, адамгершілікті де аңғартады. Ал Тәкежан болса, қатыгездігімен, тоңмойындығымен, жалған намысшылдығымен ерекшеленеді. Ең бірінші рет Тәкежан мен Абай да осы арада «шекісіп» қалады. Тәкежанға: «Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ермейді», - деп айтқан Абайдың жас кезінен ойға зеректігі мен тапқырлығын оның халық мұрасына айрықша зер сала бастауы, мақал-мәтелдердің даналық ойға толы екенін зерек сезінуі арқылы танытады.

Мінеки, қаншама жандардың мінез даралығын бұлайша терең ашып көрсетуге мүмкіндік бнріп отырған – этнографиялық көрініс екені даусыз.

Сондай-ақ эпопеяда аңшылыққа қатысты этнографиялық көріністер молынан ұшырасады. Салбурынға шыққан Абай тобы мен Бөжейдің баласы Жабай тобы бір түлкінің үстінде түйісіп қалады. Осы қақтығыста Жабайдың, Абылғазы мен Жиреншенің, Бүркітші Тұрғанбайдың характерлері ашыла түседі. Романда этнографиялық материал көркем суретке айналған.

Төрт томдық роман-эпопеядағы салт-дәстүр көріністері сан алуан және шексіз көп. Оның бәрін айту мүмкін емес. Біз тек ең негізгілерін характер сомдауда ерекше қызмет атқаратын, шығарма идеясын айқындай түсетіндерін ғана айтып өттік.

4. Портрет жасау шеберлігі, характер шынайылығы

М.Әуезов адам характерінің шындығын суреттеу барысында психикалық прцесті, «жан диалектикасын» ашуға баса назар аударады. М.Әуезовтің көркемдік әлемінде адамның жаны мен тәні, ой-сезімі мен іс-әрекеті өзара тығыз бірлікте, ерекше поэтикалық тұтастықта суреттеледі. Кейіпкердің ой-сезімін, сана әрекетін оның сыртқы қалпымен, қимыл-қозғалысымен байланысты байытып, жаңғыртып бейнелеуде жазушы тұрақты бір қатқан қағида жасамаған. Кейіпкердің қоршаған ортамен, жағдаймен байланыс, қарым-қатынас түрлерінің молдығына, байлығына және ерекшеліктеріне орай, оның нақты іс-әрекетін, түр-қалпын суреттеуден ішкі әрекетін, сырын талдап, қадағалауға көшуде, сондай-ақ ішкі сырын сыртқы қалыбы, ісі арқылы суреттеу тәсілдеріне ауысуда қаламгер жазушылық шеберліктің неше түрлі озық үлгілерін көрсетеді. Солардың ішінде бұл мақсат үшін «жан диалектикасын» ашудың эпикалық және лирикалық тәсілдерінің атқаратын қызметі айрықша мәнді деуге болады. Мысалы, Абай, Құнанбайдың психологиялық хал-күйін ашып көрсету мақсатында психологиялық талдаудың эпикалық тәсіліне ерекше мән береді.

Құнанбайдың қыбыр қақпай, бір нүктеге қадалып сөйлеген қату жүзі, жалпы бет-бедері оның мінезінің, адамдық табиғатының кейбір ерекшеліктерін айқындауға қызмет етеді. «Құнанбайдың жалғыз сау көзі оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады» дегенде көздің статикалық қалпына динамикалық серпін дарытады.

Құнанбайдың түрі мен түсіндегі басты белгілер оның алдындағы, маңындағы басқа адамдардың жүзіндегі, қасы мен қабағындағы ерекше сапалық белгілер аясында қосымша мазмұнмен баии түседі.

«Сақал-шашы бір реңдес, қара бурыл Сүйіндік оқта-текте бір қарап қойғаны болмаса, Құнанбайға тесіле қарамайды. Көзін төмендете береді... Құнанбай ұзақ сөйлеп отырған кезде, Бөжей қыбыр етіп қозғалған жоқ. Көзін де төмен салған қалпынан бір көтермеді. Сондықтан оның ұйықтап отырғаны, я ойланып отырғаны мәлім емес. Қалың етті, салбыраңқы қабағы кішкене көзін көрсетпей, тасалап алған сияқты. Құнанбайға бұлардың ішінен көз алмай, қырындай қарап отырғаны - -дәл төрдегі Байсал. Қызыл жүзді, жирен сақалды Байсалдың денесі ірі, қапсағай. Көкшіл түсті үлкен көздері әрі салқын, әрі сыр берместей сабырлы».

Үш адамның бет-бейнесі. Көз салу ерекшеліктері берілген. Сүйіндіктің «көзін төмендете берген» жайы оның Құнанбайдың құрығынан құтылмасын білген лажсыздығын, бар нәрсеге мойынсұнған көнбістігін аңғартады. Бөжейдің қыбыр етпей ешбір қозғалыссыз, «көзін де төмен салған қалпынан бір көтермеуі» Құнанбай алдында оның да дәрменсіз, еріксіз екендігіне нұсқайды. Бірақ бұл еріксіздік емес, онда түптің түбінде бір үлкен бұлқынысқа түсіретін, бір батыл, шешуші іске бастайтын қайратты төзім бар. Ал Байсал мүлде бөлек қасиетімен танылады. Қырындай қарауы оған тән қандай нәрсеге де дайын, ерік-жігерге толы күресшіл мінездің нышанын танытады.

Құнанбай алыс-жұлысқа, арпалысқа ғана емес, сөзге де жүйрік, шешен, тілі өткір, тиген жнрі тіліп түседі. Осылардың бәрі Құнанбайдың өз ортасынан биік, оқшау тұрған, жоталы тұлға екенін көрсетеді және оның осындай өзгеше бөлек бітімін өз ортасы да әбден мойындап болған.

Өзі билік жүргізген атыраптағы қазақты бұқтырып, орысты ықтырып, бәрін өз алдында құрдай жорғалатқан Құнанбайдың философиясы да, дипломатиясы өз басына жетерлік. Ол мықты болмаса, онымен тартысқа түскен Абайдың да ірілігі көрінбес еді.

Алғашқы кітапта Абай адам, азамат ретінде қалыптасса, ал кейінгіде ақын, қайраткер ретінде қилы қимыл-әрекетке көшеді.

Эпопеяның басында Абай өзін қоршаған өмірге кіршіксіз сәби сезіммен, кінәсіз бала көзімен қараса, Қодардың өлімін көріп, ауырып қалады. Өзгеріс осыдан басталады. Енді Құнанбай мен құнанбайшылдардың ісіне күдікпен, іштей қарсылықпен қарай бастайды. Онан кейін Кәмшат тағдыры жанын жегідей жейді. Ғашығы Тоғжанға қосыла алмауы тұнығын лайлайды. Руаралық жанжалдар, таластар, Тоқпамбеттегі, Мұсақұлдағы қарулы қақтығыстар Абайдың өзі өмір сүріп келе жатқан ортаға әлеуметтік көзқарасын қалыптастырады.

2 кітапта ақын ретінде қалыптасады. Бұл тұста авторға әшығармашылығы арқылы Абайдың өзі» көмекке келеді. Ендігі жердегі көп-көп деталь Абай өнерінің психологиясын, көптеген өлеңдерінің туу құпиясын ашуға қызмет етеді.

М.Әуезов: «Абай кезіндегі қазақ даласында күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі ескіні мен Құнанбай бойына жинақтадым. Ал оның баласы Абай бойында енді туып қалыптасуын көрсету арқылы мен үлкен қоғамдық шындықты ескі мен жаңаның диалектикалық қарама-қарсылығын, күрес нәтижесінде ескіні жаңаның жеңуін ашуға тиіс болдым. Яғни Құнанбай образы идеялық жағынан алып қарағанда, сол дәуірде қазақ даласына орыс халқының мәдениеті арқылы еніп келе жатқан келешегі зор жаңаның жолындағы кедергіні – ескіні көрсету нәтижесінде туды».

Әдебиеттер:

1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 7-том. А., 2004-2008

2. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А., 2003

3. Ысқақ Д. Әдеби сын тарихы. А., 2012

4. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. А., 2002

5. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ әдебиетінің тарихы. Астана, 2006

6. Қ.Жүсіп. Көркем сөздің құдіреті. Павлодар 2000

7. Әуезов М. Шығармалары. 20 томдық.- Алматы:1979-1985

8. Лизунова Е. Мастерство М.Ауэзова. –Алматы:1968

9. Нұрқатов А. М.Әуезов творчествосы. – Алматы:1965

10. Дәдебаев Ж. Қазіргі қазақ әдебиеті. А., 2005

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]