Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

3 дріс

.docx
Скачиваний:
22
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
25.79 Кб
Скачать

3-тақырып. Б.Майлин шығармашылығы

Мазмұны: Б.Майлин - ақын. Поэзиясындағы ауыл кедейінің бейнесі, өлеңдерінде әйел бас бостандығын паш етуі. Б.Майлиннің лирикалық поэмалары. Б.Майлин - әңгіме жанрының шебері.

Б.Майлин 1894 жылы 13 қарашада қазіргі Қостанай облысында, Аят өзенінің бойында, Ақтөбе деген жерде дүниеге келген. Алғашында 3-4 жыл ауыл молдасынан сауат ашып, 1909 ж. Болыстық мектепте білім алып, 1913-14 жылдары Тройцкідегі «Уәзипа» медресесінде, Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқиды. Оның бірді-екілі хабары, өлеңдері «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланып тұрады. «Садақ» атты қолжазба журналының редакторы болады. Оған өзі өлең, әңгіме, шағын пьесалар жазып, «Шұғаның белгісі» осы журнал бетінде жарияланады.

Б.Майлин әдебиеттің барлық жанрында да онікті еңбек етті. Оның қаламынан өлең, поэма да, повесть, роман да, фельетон, пьеса да, очерк. әңгіме де туды. Қайсысын болса да жоғары идеялы, көркем суретті етіп шығара білді. Б.Майлин қазақ халқының бұрынғы-соңғы мәдениетін, тарихын, тұрмыс-салтын, ауызша, жазба әдебиетін жетік білумен қатар, орыс, татар халықтарының үлгілі әдебиеттерімен де таныс болған. Ол өлең жазумен 1909-10 жылдардан бастап шұғылданады. Өлеңмен қатар прозалық туындылардың авторы – «Шұғаның белгісі» атты повесть, «Азамат Азамтыч» роианын және көптеген әңгімелер жазды.

1913-17 жылғы шығармаларын негізінен ағартушылық-демократтық бағытта жазды. Содан былайғы жылдары революция идеясына кәміл сенген Бейімбет:

Сенің зарың – зарлайтыным өмірде,

Сенің арың – арлайтыным өмірде.

Сен не көрсең, мен де соны көрмекпін,

Белді буғам ауырға да, жеңілге.

Сен жыласаң – көзден жасым тамшылар,

Сен қуансаң – қайғы, шерім ашылар...-

деп серт етеді.

Қаламгердің жас кезде жазған «Байлыққа», «Мол», «Жазғы қалып» өлеңдерінде кедей бұқаралық мұң-мұқтажынжырлайды.

Мырқымбай образы арқылы автор кедейлердің басынан кешкен бүкіл өмір тарихын, олардың сана-сезіміндегі жаңа өзгерістерді сипаттайды. – «Мырқымбай», «Кедейдің кейістігі», «Қара сор», «Әйт, шу, ала атым». «Мырқымбай» поэмасы.

«Рәзия қыз» (1920) поэмасында, «Зәйгүл» (1921), «Жігіт пен қыз», «Қашқын келіншек» өлеңдерінде әйел зарын, әйелдің бас бостандығын паш етеді.

«Сағындық»(1927), «Маржан»(1923), «Кемпірдің ертегісі»(1927), «Қанай» поэмасында әйел теңдігін, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, азамат соғысы жылдарының кейбір оқиғалары суреттеледі.

Көлемді прозалық туындыларынан «Раушан коммунист», «Шұғаның белгісі», «Он бес үй», «Көк теректің бауырында» повестерін, «Азамат Азаматыч» роианын және көптеген әңгімелерін атауға болады.

Б.Майлин әр алуан жанрда жазған жазушы. Өз тұсындағы қазақ өмірінің Бейімбет қозғап, сөз етпеген, жазбаған мәселесі жоқ деуге болады. Жазушының тақырыпты таңдау, баяндау жөніндегі бір ерекшелік, сайып келгенде, ол тұрмыс-салтты, әдет-ғұрыпты суреттеген жазушы. Б.Майлин қазақ халқының тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын, мінез-құлқын егжей-тегжейіне шейін жете біліп, дәл суреттейді.

Жазушы көбінесе шығармаларының желісі мен оқиғасын от басы, үй іші мәселесіне, адамдардың мінез-құлық ерекшеліктеріне құрады. Бұған оның «Талақ», «Неке қияр», «От басында», «Қара шелек», «Сары ала тон» т.б. әңгімелері дәлел. Күрделі, саяси мәселелерді қарапайым оқиғалардың төңірегінде айтып, халықтың өміріндегі, салт-санасындағы өзгерістерді сол арқылы көрсетеді. Б.Майлиннің нағыз сөз зергері екенін танытатын туындылары – повестері мен әңгімелері. Олардың ерекшеліктері:

1) Жазушы кейіпкерлерінің сөзі қарапайым, өздерінің табиғи іс-әрекеттеріне сай келеді. Мысалы, «Дүниеде әйелдерден сорлы бар дейсің бе? Көретіні бейнет, ошақтың үщ бұтында отырып ешбір қызық көре алмай дүниеден өтеді. Осының бәрін көрмей өлген еркек терде арман жоқ қой.» Мінеки автор Раушан сөзі арқылы қазақ әйелінің мұң-зарын дәл беріп отыр.

2) Туындыларында астарлы мағынаға толы нақыл сөздер мол болып келеді. Бейімбет алғашқы ақындық адымдарының өзінен бастап-ақ парасатты тілмен сөйлеуге бой ұрған болатын. Көптеген сөздері қанатты сөздерге айналып кеткен. «Әйелге мал жолдас емес, теңі жолдас», Бос адамның қашанда босаңдығы қалмақ емес қой» т.б.

3) Қаламгер халық қазынасындағы мақал-мәтелдерді мейлінше көп қолданады. Бірақ оларды орынсыз қолданудан өзін аулақ ұстайды. Мысалы, «Не деген батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан құйрық», «Жаман айтпай жақсы жоқ», «Топалаң кезінде той»(Сары ала тон). Дайрабайдың мінез-құлқын, бейнесін «Бүліктің басы бурылдан» деген мақалмен-ақ жеткізіп тұрғандай.

4)Жаңа дәуір ағысына орай дүниеге келген жаңа сөздкрді пайдаланып тіл қорын толықтырып, молықтыра түскен.

5) Жазушы өз шығармаларында кейбір жағымсыз кейіпкерлерін жеңіл юмор, езу тартқызар күлкімен әжуалап, әшкерелеп те жібереді. Сынға алған кейіпкерлерінің бірі – Желдібай Жындыбаев. Автор күліп отырып, оқушысын да еүлдіре отырып нанымды бейне жасаған. Құрғақ баяндау емес, оқиғалы сюжеттермен , детальдармен кейіпкерінің жағымсыз қылығын аша түседі. Ж.Жындыбаев бай да би де емес, кәдіигі кедейлердің бірі. Бірақ ол мақтануды жақсы көретін белсендісымақтардың бірі. Әңгімедегі Жындыбаев сол кездегі мақтаншақ, есерсоқ пысықсымақтардың жиынтық бейнесі, типтік образы. Мысалы:

Жолда кездескен бір ақсақалдың:

- Апырым-ай, шырағым, тым қатты жүреді екенсің ау,-дегеніне қара құлақшынын желкесіне итеріп қойып, жымың-жымың етіп, ожырая қарайды.

Ай, отағасы, надандық-ау, жұмыстың жайын білмейсің ғой. Мен қызу науқанмен келем. Мен Жындыбаевпын. «Товарыш Жындыбаев»,-десең осы елдің баласына дейін біледі», - деп көпіреді.

Қолына берілген мандат желігі онон сайын қоөдырған Ж.Ж. менмендігі көп, насаттануға құмар, қолына билік тисе жұртқа қоқилана қарайтын, не қолынан іс келиейтін бос кеуде болып суреттеледі.

Асыра сілтеп, байбалам салушы Мұқыш, даушыл Дайрабай, құбылмалы мінезді Айдарбек, өркөкірек Талтаңбай – бәрі де автордың юморды шебер қолдана отырып жасаған бейнелері.

Б.Майлин «Күлпаш», «Аштық құрбаны», «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры», «Арыстанбайдың Мұқышы»т.б. әңгімелерінде өз дәуіріндегі өткір әлеуметтік мәселелерді қозғайды.

Күлпаш, Мақтым, Қали, Қайрақбай, Шырынкүл, Таңсық пен Дәмештер – аштық құрбандары. Өз басының қамын күйттеп амалсыздыққа ұрынған Күлпаштың Мақтым мен Қалиды өлімге қиып тастап кетуі арлы жанға сын. Осы Күлпашты адамдық арын сатқызған да – аштық. Жазушы өлсең өл, бірақ арыңнан айырылма деген ой тастайды. Күлпаштың басынан өткен ауыр күндерін шынайы суреттей келе аштықтың қандай қасіреттерге апаратынын әсерлі суреттейді.. Осы әңгімесінде Б.М. өзінің авторлық сөзіменжұрттың шұбырып кетіп, жүрегі үзіліп аштықтан қырылып жатқанын, әке-шешесі үшін құрбандыққа салынып, Дәмеш сияқты қыздар құнсыз сатылып кеткенін баяндайды. Екі әңгіменің құндылығы – сол кездегі үлкен проблеманы ізін суытпай шапшаң жазып, жұртшылықтың назарын аударуында.

30 жылдары күштеп жеке меншікті тартып алудың салдары аштыққа әкеп тірегені белгілі. Ал сол күштеу, асыра сілтеу жайында Б.Майлин де жазған. Бұған «Даудың басы...» мен «Арыстанбайдың Мұқышы» әңгімелері дәлел. Бір қарағанда, Дайрабай даушыл, адамның басын қатыратын сөзуар, ал Мұқыш өктем мінезді, өз айтқанынан қайтпайтын бір беткей, шатақшыл адам секілді. Бірақ екеуін де ақымақ адамдар қатарына жатқызуға болмайды. Шындығында, ол көз шығарып, бас жаратын «тентектер» емес, шындық үшін шырылдап, асыра сілтеуді көріп, соған қарсылық білдіріп жүрген жандар. Бірақ оларды айналасындағылар түсінбейді, өйткені олардың өресі де асып тұрған жоқ.

« - Уа, жолдас, «көк сиырдың дауы» - депжұрт күлер. Жұртқа күлкі болғанмен, маған күлкі емес, мен жолсыз істі айтпай тұра алмаймын. Жүздерін жырта-жырта айтамын», - дейтін Дайрабай көп былықтың да бетін ашады. Оның сөйлеу мәнері, ілінісе кететін даурықпа ашушаң мінезі күлкі шақырғанмен, ол адалын айтып, асыра сілтейтін қуларды әшкерелейді. Б.Майлин Дайрабай мен Мұқыш сияқты кейіпкерлеріне колхоздастыру кезіндегі жолсыздықтардың бетін ашып, әшкере еткізу үшін оларды өмірдің өзінен алады. Сондай-ақ «Ұлбосын», «Сары ала тон», Кеңес ағасы Кәмила», «Қара шелек, «Охрана бастығы», «Сары май» т.б. әңгімелерінде кохоз құрудың қиыншылығын, жіберіліп отырған кемщіліктерді көрсете отырып, жазушы ондай ұйымдастыруды құптағандай. Жазушы белсендісымақтардың асыра сілтеген қимылдарынан қиянатшылдықты байқайды, оның арты қасіретке апаратынын сезеді.

Майлин реалист жазушы есебінде өмірдегі ұнамсыз құбылыстарды өз шығармасында үнемі ашып көрсетіп отырады. Адам бойындағы қайшылықты мінездер мен өмірдегі жақсы-жаман танып отырады. Бұл – Б.Майлин реализмінің күші.

«Күлпаш» әңгімесінде 1920-21 ж. аштық суретін бір отбасының тағдыры арқылы ашады. Әңгімедегі қайыр сұраудан пайда түспей, бұралып өлгелі жатқан Мақтым мен Қалидың аянышты күйі де, олардың қимай, әрі аштық қысып, 2-ші жағынан Күлпаштың трагедиясы да психологиялық тұрғыда күшті берілген. Жазушының суреттеуі бойынша, тірі қалса да, Күлпаш – рухани өлген адам, ол – аштық құрбаны.

Осыған жалғас ол «Айт күндері»(1922) атты әңгіме жазды. Мұнда бұрын айтты қызықтап, ел қыдырған еркін елдің басына түскен бүгінгі ауыртпашылық – аштық суреті бірнеше эпизодтық суреттемелер арқылы беріледі.

Б.Майлиннің проза саласындағы ең көлемдісі – “Азамат Азаматыч” романы. Ол – дәуір шындығын кең қамтыған, көп планды шығарма.

Романның тақырыбы – қазақ кедейлері қатарынан оқыған, интеллигенция өкілдерінің дайындалып шығу жолы. Кітапта бұл Азамат Азаматычтың образы арқылы беріледі. Жалшы Күркілдектің баласы Қожалақтың балалар үйінде тәрбиеленіп. “Азамат” деген ат алып шығуы – оның жаңа қоғамның қатардағы азаматы болып, заман жүгін көтеруге жарағанының белгісі.

Роман уақиғасы оқу бітірген Азаматтың Қарасай қаласына келіп, мекемеге жаңа жұмысқа орналасуынан басталады. Ескішіл жат топтар оны өз қолдарына қондырып, сол арқылы өрісін кеңейте түсуді ойлайды. Бұрын ақ армиясында офицер болып, большевиктерді қырған, бүгін жасырынып жүрген тап жауы Рақым Шегіров оны өзінің балдызы Мариямға үйлендіреді. Рақым маңындағы жат типтер Кәдірбаев, Қайдар, Жүніс т.б. әртүрлі жолдармен Азаматты жолынан тайдыруға қызмет етеді. Солардың ықпалымен таптық қырағылығы әлсіреп, күресте босаңси бастаған Азаматты мекемесінің қызметкерлері Алексеев, Медеу, Қайша, Шәймерден т.б. қамқорлыққа алады. Романда Азамат үшін тартыс өрістейді. Осы жолда бас герой саяси қоғамдық жұмыстардың, семьялық өмірдің, адал азаматтар мен жасырынған тап дұшпандарының арасындағы қарым-қатынастың неше түрлі сынынан өтеді. Осы талас-тартыста өз мінез-құлқын да характерін де қалыптастырады. Ақыры жаулар әрекеті әшкереленіп, Азамат халық жағында қалады.

Жиырмасыншы жылдар ішінде кедейлер ортасынан шыққан жаңа басшы кадрлардың тәрбиеленуі – үлкен қиын жол болатын. Оларға ескі күштер көп кедергі жасап бақты – сүріндірді, қателестірді. Бейімбет үлкен суреткер есебінде Азаматтар басынан кешкен осы қиын жолды ешбір оңайлатпастан табиғи да шын қалпында оқушы көз алдына жайып салады.

Азаматтың өз дәуірінің негізгі қайраткері болып қалыптасуының өзіндік жолы бар. Герой бойындағы ұяңдық пен жұмсақтық көп жағдайда оның тап жауларымен қарым-қатынаста босаңдық көрсетуіне әкеліп соғады. Ол Мариямның қолына оңай түсіп, оның айтуымен Мариямның бөлесі маскүнем Жүніске арашашы болады. Қайдар деген өзінің Мариямға жиен екенін айтып, жақындыққа тартады. Осылардың бәрін Азамат көп уақыт аңдамайды. Тек шын достарының араласуымен ұғына бастайды.

Романның ұнамды кейіпкері Алексеев, Медеу, Шәймерден, Қайшалар – жаңа заманның рухани тазалығын, жігер-қайратын бойына сіңірген адамдар. Мариям үйінде бұрын жалшы болған, бүгінгі Азаматтың ат айдаушысы Медеу Азаматты қоршаған топтың зұлымдық істерін байқап, Азаматты сақтандырады. Алексеев Азаматты жат топтан бөлу үшін жиі-жиі командировкаға жіберетін болады. Сөйтіп Азамат Мариямдар ортасынан біртіндеп бөліне бастайды. Ең алғаш ол Қайдар үйіне қонаққа бара алмай қалады. Кейін колхозға біріге бастаған ауылды Қайдарлардың қаншама ірікті салып отырғанын көреді. Ауылдағы шараларды іске асыруға қатысқан Азамат Қайдар мен Рақымдардың дегенін істемей, адал жолын ұстайды.

Романдағы ұнамсыз типтер күшті жасалған. Олар – ескі заманның беделді қайраткерлері. Бүгін тонын теріс айналдырып киіп, құбылып, жаңа дүниеге де ықпалын жүргізу қамында жүр. “Соңғы жылдың ішінде осы губернияға тиісті жұмыстың қандайына болса да, Рақымның ақылы қатыспай қалған емес, - деп жазады Бейімбет. – Қатынасқаны сол – барлық жұмыс осы Рақымның сілтеуімен орындалып отырды десе де болады. Ең арғысы бірер кеңсеге қызметке қойылатын адам да Рақымның ұйғаруымен қойылатын. Рақым мұны Кәдірбаев, Борсықбаев, Бұқабаевтар арқылы орындап отырды”. Осы үзіндіден Рақым Шегіровтың ықпалы күшті адам екені көрінеді. Жаңа келген қызметкер Азаматты танып, оған Мариямды жұмсаған, сөйтіп астыртын екеуін үйлендіруге қатысқан, Азаматты қыз үйіне кіргізіп алған да осы Рақым. Кейін Азамат бұлардың ынтымағынан алыстай бастаған кездерде де Мариямды қайрап, тіпті командировкаға кеткен адамның артынан жіберуге дейін барады.

Мариям – үстем таптың әлсіреген кезде өз мүддесін сақтау үшін қолына ұстаған қуыршағы. Сиқыр амалды, бірақ сыры танылып, қоғамнан аластала бастаған тип.

Тап жауларын суреттеуде жазушы біраз сатиралық образдар жасауға барады. Бір кезде басшы қызметтерде болып, төмендеп Қарасай қаласына келген Кәдірбаев – қазіргі кезде істен гөрі сөздің адамы болуға көшкенін көреміз. Оның маңында Бұқабаев, Борсықбаев сияқты қулар бар. Олар рухани тозып, өмірден сырыла бастағандар. Кәсібі – арақ ішу, карта ойнау, топ-топ болып жиналып қонақтау.

“Азамат Азаматыч” романы – реалистік прозаның елеулі табысы. Оның идеялық түйіні – Азаматтардың шын мәніндегі азамат болуға бет бұруы мен оны тәлкек етпек болғандардың өмір соққысына ұшырауы. Автор оны зор табыспен орындап шыққан.

Роман тілі көркем, кестелі. Онда байсалды шыншылдықпен қатар, ескіге деген зілді сықақ молырақ ұшырайды.

Б.Майлин – қазақтың көркем прозасын бастаушылардың және онда реалистік үлгілерді дамытушылардың бірі. Жазушы шығармаларының басты қасиеті ретінде оның өзі өмір сүрген дәуірдің басты мәселелерін өткір де батыл көтеріп, халық тіршілігін реалистік планда кең суреттей алғанын айтуға болады. Ол қарапайым көп өкілін әдебиеттің басты кейіпкеріне айналдыра отырып, дәуірдің іргелі мәселелерін соның өсу, ояну, жаңару жолымен байланыстыра көрсетті. Қандай тақырыпты алып жырласа да Бейімбет жаңа заманның жасампаз күшіне үн қоса, адамдар бойына күш, рух дарытып жатқан өзгерістер әсерін мойындай, кейіпкерлеріне мойындата жазады.

Бейімбет шығармаларына өзек болған уақиғалардың бірқатары – нақты өмірде болған жайлар. Оларды бастан кешкен адамдар да жазушы жерлестері. Өзіне таныс уақиғалар мен адамдар тіршілігін суреттегенде жазушы сол күйінде ала салмай, әлеуметтік өмір талаптарына сәйкес өткірлендіре, кейіпкерлерін “таныс бейтанысқа” айналдыра жазады. Оның шығармаларын оқу үстінде өмір көріністерінің жанды бейнесі елестейтіні де сондықтан.

Б.Майлин қазақ ауылы өмірінің сан-салалы, қиын да жұпыны шындығын әсерлемей, сол қалпында бейнелеуді ұнатады. Бұл – оның жазушылық стилінің басты ерекшелігі. Әбден үңіле қарасақ, сол бір қарапайым шындықта терең астар барын, қоғамдық дамудың жаңаша бір арнаға түсе бастағанын аңғарғандай боласың.

Жазушы шығармаларын көбінесе нақты бір жеке адамның тағдырына құрады. Уақиға да соның тіршілік, талабы арқылы өрістейді, сондықтан шашырамайды, жинақы келеді. Сөйтіп, сол жеке адамның басындағы тартыс, күрес арқылы заман талабына лайық жаңа геройдың тууын бейнелейді. “Раушан-коммунист”, “Шұғаның белгісі”, “Азамат Азаматыч” сияқты шығармалардың өзі бұған дәлел

Әдебиеттер:

1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 7-том. А., 2004-2008

2. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Екі томдық. А., 2008

3. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А., 2003

4. Ысқақ Д. Әдебиеті сын тарихы. А., 2012

5. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. А., 2002

7. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ әдебиетінің тарихы. Астана, 2006

8. Қ.Жүсіп. Көркем сөздің құдіреті. Павлодар 2000

9. Жармағамбетов Қ. Б.Майлиннің творчествосы. Алматы, 1958

10. Нұртазин Т. Б.Майлин творчествосы, Алматы, 1966

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]