Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

21 дріс

.docx
Скачиваний:
24
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
25.48 Кб
Скачать

21-тақырып. Т.Әбдіков шығармашылығы

Мазмұны: Шығармашылық өмірбаяны. Әңгімелерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктері. Жазушы повестерінің идеялық-тақырыптық негізі. Шығармаларындағы көркем уақыт пен кеңістік.

Әбдіков Төлен 1942 жылы Торғай облысы, Жангелдин ауданында дүниеге келген. 1965 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді бітірген. 1965-70 жылдары “Қазақстан пионері” (Қазіргі “Ұлан”) газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1970-77 ж. “Жалын” альманағында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1977-79 жылдары “Қазфильм” киностудиясында бас редактор, 1979-90 жылдар аралығында Орталық комитетте жауапты қызметте болды. 1990-92 ж. “Қазақ әдебиеті” газетінде бас редактор, 1993 жылдан ҚР Президент әкімшілігінде қызметте.

“Көкжиек” (1969), “Күзгі жапырақ” (1971), “Ақиқат” (1974), “Айтылмаған ақиқат” (1979) әңгіме-повестер жинағының авторы. 1995 жылы “Өліара” романы жарық көрген. Кейінгі жылдары жазылған шығармасы – “Парасат майданы”.

Т.Әбдіков шығармаларында терең психологизм мен философиялық ойлар басым. “Әке” повесінде әке мен бала арасындағы қарым-қатынас өмірлік, адами маңызды мәселелермен өріле көрініс тапқан. Сондай-ақ “Қыз Бәтіш пен Ерсейіт” әңгімесінде де осы гуманизм мәселесі алдыңғы орынға шығып, жауапкершілік, ар, адамгершілік деген мәселелер көтеріледі. Адам атты күрделі болмыстың бойындағы тылсым арпалыстар, психикасындағы түрлі ғажайыптар, жақсылық пен жамандықтың бітіспес майданы жазушы прозасындағы басты сарын. “Оң қол” әңгімесінде жас қыздың өзінің оң қолы өзін тұншықтырып өлтіреді. “Оң қол” дәрігер жігіттің әңгімесі түрінде баяндалады. “Ақиқат” - телепат Роберттің азапты тағдырын арқау еткен туынды. Жазушы ертегіні идеялық мақсатына сай сәтті пайдаланған. “Тозақ оттары жымыңдайды” повесіндегі араку тайпасының тағдыры, жалпы үндістер трагедиясы суреттелген. Жазушы шындықты айтуға болмайтын кезеңнің өзінде қаламгерлік шеберлікпен халық тағдырын , оның рухына жасалған қысым-қиянатты осы повесі арқылы көрсетіп берді. “Өліара” романында кеңес үкіметінің баланы әкеге қарсы қойған сайқал саясатын , оның ұлтқа әкелген зардабын арқау еткен. Роман кейіпкері Бәйтен жаны таза, адал жан. Алайда сайқал саясат оны да құрбан етеді. Ол амалсыздан әке орнына әкедей болған немере ағасы Асқарға қарсы шығады. Романдағы Нұрбек пен Назар, олардың айналасындағы қошеметші топ – адами қасиеттен жұрдай жалаң ойлы кейіпкерлер. Халықтың соры да осылар. Романда замана шындығы шебер көрсетілген. Жазушының жаңа шығармасы – “Парасат майданы”. Автор мұнда да гуманизм мәселесін көтереді. Т.Әбдіков – қазақ әдебиетінен алар өзіндік орны бар қаламгер.

Егер О.Бөкеев повестерінде кеңістіктің адамға әсері, адам характерінің сол кеңістікті түйсініп, сезінуіне байланысты өзгеруіне ерекше мән берілсе, Т.Әбдіков повестерінде уақыт пен кеңістік болмысы өзінше суреткерлік қалыпта көрініс табады.

Жазушының «Тозақ оттары жымыңдайды», «Ақиқат» повестерінде бейнеленген көркем кеңістік пен уақыт туындыда көтерілген маңызды мәселелердің мәнін ашуға, сондай-ақ жанрлық ерекшеліктерін саралауға көмектеседі. Аталмыш шығармалар Т.Әбдіковтің тақырып таңдауымен қызықтырады. Зерттеуші С.Асылбекұлы 70-80 жылдары ауыл мен қала, тарихи тақырыптарға жазылған повестердің молынан ұшырасатынын, ал шетел өміріне арналған үлгілері тек Т.Әбдіковтің шығармашылығынан табылатынын айта келіп, мұның басты себебін темір шымылдық саясатымен және таптық идеологияның ыңғайымен түсіндіреді. Зерттеуші ойын әрі қарай сабақтай келе: «Бір кездері өзі де соғыстан кейінгі қазақ ауылының жоқ-жітік тіршілігі мен метрополияның қарамағындағы бодан жұртқа көрсеткен кейбір жосық әлімжеттіліктерін көкірегіне түйіп өскен естияр қыр баласы американдық үндістер өмірінің аянышты тағдырлары мен өз жұртының басындағы халдерден біраз ұқсастықтарды көрді. Т.Әбдіков араку тайпасы мен қазақ жұртының арасына абсолюттік белгісін қоюға болмайтынын ұқса да, олардың тіршілігі мен тағдырларының көркемдік шығармаға азық болардай көптеген параллельдерді тапты», - деп жазды. Расында да, жазушыны толғандыратыны – жалпыадамзаттық проблемалар. Осыған орай Ә.Кекілбаев: «Қаламгердің көзі түсер кеңістікті ауыл мен қалаға, өз еліміз бен бөтен елге, суреткердің ойын бөлар уақытты өткен заман, осы заман, келер заманға жіктеп, бөліп жарып жатпапты. Пәлен деген елді, пәлен деген заманды, пәлен деген қоғамды, пәлен деген адамды тебірентетін айрықша ен-таңба салынған еншілі шындықты емес, әмбені тебіренте алатын әлеуметтік мәні зор ортақ шындықты іздепті. Оны өзгелердің басынан емес, өзінің көкірегінен іздепті», - деп жазады.

Қаламгер «Ақиқат», «Тозақ оттары жылмаңдайды» повестерінің сюжеттік желісін түрлі кеңістік аясында берсе де, адамзат баласының шыққан тегі – біреу, жер шарының бір нүктесіндегі келеңсіздік адамзаттың бәріне ортақ деген концепцияны ұсынады. Бұл концепция әсіресе «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінде анық сезіледі.

Шығармада суреттелген оқиғалардың хронологиялық бірізділігінің сақталмауын жазушының ретроспекция тәсілін қолдануымен түсіндіруге болады. Повесте екі сюжеттік желі тартылған: біріншісінде бас кейіпкердің қазіргі хал жағдайы баяндалса, екіншісі оның өткен өмір елестерін қамтиды. Екі сюжеттік желі авторлық ұстаным арқылы біріктірілген. Әсіресе, атақты дәрігер, есімі айдай әлемге әйгілі доктор Бейкердің санасында біртіндеп өше бастаған сурет-елестердің жаңғыруы осы екінші сюжеттік желіге арқау болған.

Бас кейіпкердің бала кезін еске түсіруіне түрткі болған сюжеттік байланыс – журналист Палетеллидің сөзі. Журналистің Бейкермен кездесуі, оның жер бетінен жойылып бара жатқан араку тайпасы туралы әңгімесі кездейсоқ болғанымен, Бейкердің бақытты болып көрінген өміріне өзгеріс енгізеді. «...Мен осылардың бәрін құлағыммен естіп, көзіммен көрдім. Көрдім де бұл бүкіл адамзаттың арына басылған өшпес қара дақ деп түсіндім. Біз жұмсақ диванда жатып, қосыла алмаған екі жас туралы романдар оқып немесе фильмдер көріп, көзімізге жас аламыз. Біз бір адамның тағдыры үшін жер жүзінің прессаларын шулатып, ұрандар ұстап, көшеге шығамыз, қылмыстының жазалануын талап етеміз. өлім жазасына бұйырамыз. Ал тұтас бір нәсілдің, бірнеше халықтың құрып кетуін қай тілде суреттеп беруге болады. Халықты өлтірушілерге адамға біткен санамен қандай жаза ойлап табуға болады, доктор Бейкер!». Осы сөздерден кейін доктор Бейкер балалық шағына «саяхат» жасайды. Ретроспекция тәсілі арқылы берілген бұл сюжеттік арнаның шығарманың жалпы құрылымында көтеріп тұрған жүгі орасан зор деуге болады. Себебі бұнда автордың негізгі идеясы көрініс беріп, авторлық ұстанымы айқындалады.

Бір ерекшелігі, автор кейіпкерімен бірге оның балалық шағына орала отырып, санасында өшпестей із қалдырған кейіпкерлерді де суреттейді. Сондай-ақ, автор кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесіне бойлай отырып, жекелеген адамдар арқылы рухы биік, ештеңеден қаймығуды білмейтін, тәуелсіздікті ту етіп көтерген араку тайпасының тарихын да баяндайды. Араку тайпасының өздерін өркениеттің өкілдері деп санайтын жандардан көрген қорлық зомбылығы шебер суреттелген. Сөйтіп, сюжетке өткірлік дарыған. Гуманистік мәні бар өткір проблема болған бұл жайттар повестің сюжетіне динамикалық сипат береді, әсіресе ұтымды түрде кірістірілген Янумаканың елік пен адам, алтын өзен туралы аңыз-ертегілерін айтуға болады. «Янумаканың айтуынша, өте ертеде араку тайпасы күнгей беттегі алтын өзеннің қожасы болыпты-мыс. ...Бірақ күндердің күнінде бой-басын қаптап алған, жүзі адам шошығандай сұп-сұр, қаңғыбас жанның кесірі тиеді. Сұп-сұр бәле күнгей беттің бәрін кезіп, тыныстайтын ауаны арамдаған соң, сайтандар елінен от шашатын әскер жинап қалың елді қырып салған. Содан араку елі шегіне-шегіне өзеннің бергі бетіне өтіп, қалың орманды паналап қалыпты». Бұл аңыз символ ретінде берілуімен бірге, оқырман көңілін алда болар оқиғаға ынтықтыра түседі.

Жазушы сюжеттік желіде алдыңғы қатарлы өркениеттің жарқын үлгісіне жете қоймаса да, өзінің тазалығын, өршілдігін сақтап қалған араку тайпасының адамдарын, олардың арасынан шыққан Киякуды шебер бейнелей алған. Киякудың әкесінің: «Жаратушы куә, аракулар өмір бойы өзгеге қиянат қылып көрген жоқ, бірақ өзінің көргені өмір-бақи қиянат. Араку әділдікпен бірге жаралған. Әділдік өлген күні қоса өлмек... ендеше дүниеде әділдік жоқ, сол себепті біз де өлмекпіз!..», - деуінде үлкен мән бар. Ешкімге зәбірі жоқ, табиғатқа сыйынған аракудың сегізінші бақсысы болып, елі үшін жанын беруге ант еткен бала Кияку кейін атақты дәрігер болғанда сол аракудың соңғы адамын ажалдан арашалап қалуға дәрменсіз болып шықты..., асылы бақсы айтқандай, әділдіктің өлгені ғой...

Төлен Әбдіковтің біз талдап отырған повесінде көркем уақыт ерекше мәнге ие. Көркем уақыт тек реалды және концептуалды ғана емес, перцептуалды уақыттың да өлшемдерін өз бойына жинақтайды.

Реалды немесе обьективтік уақыт адам санасынан тыс тоқтаусыз өтіп жатқан уақыт. Концептуалды уақыт шығармада суреттелген оқиға, іс-әрекеттің өту уақыты. Бұл іс жүзінде реалды уақыттың адам санасындағы үлгісі, бірақ онымен әрдайым сәйкес келе бермейді. Себебі туындыда орын алған іс-әрекеттің суреттелу уақыты ұзаққа созылуы немесе қысқаруы әбден мүмкін.

Ал перцептуалды уақыт - уақыттың субьективтік тұрғыдан қабылдануы. Ол адамның эмоционалдық, психологиялық жағдайына тығыз байланысты болып келеді. Яғни, перцептуалды уақыт ұғымы адамның сезім-түйсіктерінің, психикалық сәттерінің өзгеріп отыруымен төркіндес. Мәселен, көркем шығармадағы уақытқа қатысты адамның көңіл-күйінің өзгеріп отыруы – осының айғағы.

Бұдан кейін оқиға бастапқы уақыт пен кеңістікке қайта оралады да кешегі уақыт пен бүгінгі уақыт түйіліседі. Кішкентай Кияку – кешегі уақыттың еншісінде. Ал бүгінгі уақыттағы Бейкерді сән-салтанат, мадақ, қошемет, атақ-абырой, бедел өз аясына алған. Атақты дәрігерге ерекше ілтипатпен қарауды бүгінгі уақыттың өзі, қоғам, орта талап етіп тұр. Қоғамға да, Бейкерге де бүгінгі уақыттың жүргізер өз талабы бар. Бас кейіпкер бала кезінде басынан өткерген үрей мен қорқыныштан құтылғысы келеді, құтылудың ама-тәсілдерін іздестіруде өз тегінен ажырап, ұлт рухы сияқты маңызды нәрселерді ұмыта бастайды: «Сол үрей мұны өмір бойы өкшелеп қуып келеді. Жабайы аюдан қашқан адмның жүгірістен рекорд жасасам деп ойламайтыны секілді, Эдуард та ол кезде ұлы жаңалық ашып, даңққа бөленсем деп ойлаған жоқ. Бірақ даңқ өз аяғымен келді. Және өзімшіл, сұлу әйелдей өзінен басқаның бәрін ұмытуды, өзінен басқа ештеңені сүймеуді талап етті. Ал Эдуардтың бұған дейін қастерлеп, жүрегіне жақын тұтатын ештеңесі қалмағандықтан, даңқпен оңай табысқан. ...Даңқ мұны мәңгілік үрей азабынан құтқарды...»

Осылайша, даңқ, мансап дәрігердің мінез-құлқында, наным-сенімінде жаңа көзқарастар қалыптастырады. Аракулік дәрігер де заманның ыңғайына қарай бейімделе бастаған еді. Жазушы уақыттың құдіретті күшін, әрі өткенді ұмыттыра алатын, әрі көкірек түкпірінде көмескіленген елестерді жаңғырта алатын қарама-қайшылықты қасиетін Бейкер образы арқылы айшықтай түскен. Бейкер санасында кешегі мен бүгінгі тартысқа түсіп, өткен күндер оқиғасын таразылау характер өзгерісіне әкеледі: «Ол енді өзінің сонау ағысты, лай өзен жағасында қалған араку тайпасынан жеті бақсымен бірге не мақсатпен шыққанын және не деп ант бергенін есіне алды. ...Ол мынау дүниенің құны сертті сәтте өзі үшін түк емес екенін осы уақытқа дейін қалай ажыратпағанына өзегі өртеніп, бұдан да қайыршы болып, не жынданып кетсем әлдеқайда жеңілдер едім деп ойлады»

Өткен уақыттың ауыр елесі бүгінгі уақыт аясында қайта тіріліп, Бейкердің «көзі ашылады». Бірақ дәрігер үшін – кешегі уақыт қайтарымсыз болса, бүгінгі уақыт - өкініші мол, рухани азаптың басы ғана. Сөйтіп, уақыт – адамның өзін-өзі танып білуіндегі, дүниені рухани тұрғыда игеруіндегі шешуші категория ретінде берілген.

Адам санасындағы өткен уақыт жаңғырығы, оның адам характерін өзгертумен бірге, тұйыққа тірейтінін бейнелеу Т.Әбдіковтің «Ақиқат» повесіне тән сипат. Повестің бас кейіпкері Роберттің көріпкелдік қасиеттері, ақылдан азап шегуі, сау жүріп жындыханаға түсуі, асылып өлуі – шығармадағы негізгі оқиғаның бас-аяғы осы. Зерттеуші Қ.Хамзина аталмыш повесті жанрлық түрі жағынан фантастикалық деп атағанымен, шығармада бүгінгі күн шындығы бар екенін жоққа шығармайды. Шындығында да, повесті философиялық фнатастика жанрында жазылған шығарма десек дұрыс болар. Себебі повестің негізгі арқауын Роберттің көңіл-күйіндегі өзгерістер, оның адамзат тарихы, сана, бақытсыздық, ғылым мен өркениет туралы философиялық ой-толғаныстары құрайды.

Кейіпкер уақыты повестің сюжеттік-композициялық құрылымында маңызды қызмет атқарады. Жалпы кейіпкер уақыты қаһарманның суьбективтік уақытын ғана емес, оның өмірбаяндық уақытын да қамтиды. Кейіпкер уақыты оның характерінің қалыптасу ерекшеліктерін, қоршаған әлеммен қарым-қатынасын көрсетеді. Роберттің жеке уақыты жазушы тарапынан ерекше мән берілген «он жыл» мерзімді, лирикалық шегіністегі бал дәурен, жастық шағын және жындыханада өткізген күндерін суреттеу арқылы берілген. Бұл үш түрлі уақыттың кейіпкер санасында қалдырған өз таңбасы бар.

«Тек профессор аяғын айқастыра салып, көзілдірігінің үстінен сүзіле қарап, сабырлы отыр. Ол басқа бір затқа – он жыл бойына жүргізілген тәжірибеден бері телепаттың ақылға сыймайтын дәрежеде өскендігіне таң қалды. ...Профессордың он жыл бойына жинаған материалдары аз емес еді. Оның таңғажайып фактілерді көп жинағандығы сонша, осыдан бір жүйелі заңдылық тауып, игере алмай қалармын-ау деп те қорқатын»

Осы «он жыл» - Роберттің үміт пен күдікке толы уақыты, он жылдың нәтижесі – санадағы сілкіністер, өзгерістер, ақылдан азап шегу, адасу. Осылайша тұйыққа тірелген Роберт екінші бір уақытқа, онейрикалық, мистикалық уақытқа ауысады, сөйтіп жындыханаға тап болады. Осыған орай, шығармада екі түрлі уақыт-кеңістік көрініс береді. Біріншісі – адамдар өмір сүрген қоғамдық ортаның уақыт-кеңістігі, екіншісі – жындыхананың уақыт-кеңістігі. Роберт болса екеуінде де өмір сүреді. Бірақ кең дүниеге сыймай, жындыханадан далаға, даладан жындыханаға қашып жүрген Роберттің ақиқат іздеп аласұрған жаны мен санасы не даладан, не жындыханадан тұрақ таппайды. Тұйық кеңістікке (жындыханаға) қамалған Роберт алғашында кең далаға, бұрын өзі өмір сүрген қала кеңістігіне ұмтылады, дегенмен бұнда да жаны жай таппай сандалады: «Роберт көк шөпке шалқасынан түсіп, табиғат құбыжықтың жалғыз көзіндей болып жарқырап тұрған дөңгелек айға қарады. Шексіз, шетсіз кеңістікте зеңіп жүрген өлі, тірі денелер. Ажалдай қатал, мейірімсіз әлем. Мәңгілік деп аталатын уақыт кеңістігінде тіршілік атаулы қараңғы түнекте анда-санда бір жалт еткен нәзік сәуле секілді. Ал жеке адамның ғұмыры ше?.. Мәңгілікпен салыстырғанда осынша қып-қысқа ғұмырының ішінде осынша үлкен азапты арқалап кететіндей адам сорлының не жазығы бар?»

Далада өткізген бір түн Роберт характерін күрт өзгертеді. Әрине, бұл бір сәттегі өзгеріс емес, он жыл бойы Роберттің санасындағы толғаныс пен тебіреністің, ашу мен ызаның, күйініштің бітеу жараға айналған соң сыздап жарылуы: «Ақыл-парасат-ауру. Адамдар туады да сол аурудан ауырады. 60-70 жылдай азаппен ауырады. Содан кейін бүкіл азап каторгінің кесімді жылы таусылғандай аяқталып адам мәңгі тыныштыққа кетеді. Тіршілік – үлкен аурухана!.. Сұмдық! ...Ақыл-ес ауруынан қалай құтылу керек? Ақыл-естен қалай айрылу керек? Ақыл-естен құтылу керек... Жындану керек... Ақыл-естен айырылсаң ғана бақытты бола аласың... Қайтсе жындануға болады?.. Есімнен айырылғым келеді, есімнен... Роберттің есіне жындыхана түсті»

Сюжеттік желідегі бұл жолдар Роберт болмысындағы, санасындағы шырқау биікті ғана емес, бүкіл сюжеттік арнадағы шарықтау шегін көрсетіп тұрған композициялық ерекшелікті байқатып тұр. Тіршілік ортасынна қашып жындыханаға қайта айналып келген Роберт өзінің субьективтік уақыт-кеңістік қоршауынан құтылғысы келеді: «Құтылдым... Өңкей аурулар қаптаған тіршілік әлемінен бір сәтте болса да... Ақыл-естен құтылсам... Есімнен тансам... Біржола... Мәңгіге... Япырай, қандай керемет болар еді!» Сюжеттік арнада ұзақ азаптанған Роберттің тағдыры немен тынатыныны оқырманға белгілі сияқты Роберт үшін азаптан құтылудың жолы - өлім ғана. Жазушы бас кейіпкердің өлімді таңдауын дәлелдей алған.

Жалпы, өмірдің баянсыздығын, өтпелілігін, дүние қызықтарының жалғандығын суреттеудің қазақ прозасындағы көрінісі – кейіпкердің жер ортасы жасқа келіп, өмірдің ащы-тұщы дәмін татқан, атақ пен даңққа бөленіп, одан да қажыған шағында азаптануы. Мәселен, Ә.Кекілбаевтың кейіпкерлері осы сөзімізге дәлел. Т.Әбдіковтың «Тозақ оттары жымыңдайды» повесіндегі бас кейіпкер де атақ пен даңқ, мансаптың қызылды-жасылды желегінен өмірдің шын мәні неде екенін көре алмайды. Ал «Ақиқаттағы» Роберт те жоғарыда аталған кейіпкерлердей өмірдің мағынасыздығын түсініп, ақиқат дегеннің бәрі де қолдан жасалған жалған нәрсе екенін түсінеді, сондықтан рухани қасіретке тап болады.

Қарап отырсақ, Роберттің трагедиясы – адам мен оны қоршаған ортаның келіспеушілігінен, үндестік таппағандығынан болатын жеке тұлға басындағы трагедия. Басқаша сөзбен айтсақ, кейіпкердің уақыт-кеңістігі мен өркениеттің уақыт-кеңістігі үйлесім таба алмайды, кешегі уақыт пен бүгінгі уақыт бетпе-бет келгенде, Роберт кешегі уақытта қалғысы келеді, бүгінгі уақытқа өз өлімі арқылы үкім шығарады, сөйтіп мәңгілік уақыт-кеңістікпен табысады.

Әдебиеттер:

  1. Әбдіков Т. Оң қол. Әңгімелер мен повестер. – Алматы:Атамұра, 2002

  2. Хамзина Қ. Қазақ повестеріндегі көркем уақыт және кеңістік (20ғ. 70-80 ж - Алматы, 2004.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]