Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

2 дріс

.docx
Скачиваний:
26
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
25.86 Кб
Скачать

2-тақырып. С.Сейфуллин шығармашылығы

Мазмұны: С.Сейфуллиннің шығармашылық өмірбаяны. Сәкен лирикасының өзіндік ерекшеліктері. Поэмаларынан көрінетін ақын шеберлігі. «Тар жол, тайғақ кешу» туындысының жанрлық сипаты.

С.Сейфуллин 1894 жылы Ақмола уезі, Нілді болысы, 1-ші ауылда (Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы) орта шаруаның отбасында дүниеге келген. Алғаш ауыл молдасынан хат танып, сауат ашқан соң, Нілді мыс зауытындағы орыс-қазақ мектебінен білім алады. 1908-13 жылдары Ақмоладағы орыс мектебінде, кейін 1916 жылы Омбының мұғалімдер семинариясын бітіріп, оқытушы болады. «Өткен күндер» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1914 жылы Қазан қаласында жарық көреді.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында «бақыт таңы атты» деп түсінген ақын «Жас қазақ марсельезасы», «Кел, жігіттер», «Асығып тез аттандық», «Жолдастар» т.б. өлеңдерінде қазақ еңбекшілерін тізе қосып топтасуға, кеңес өкіметін нығайтуға шақырған жалынды жолдар басым келеді.

С.Сейфуллин 20 жылдардың өзінде-ақ қазақ кеңес әдебиетінің қалыптасып, дамуына негіз салды. Бұл жылдары оның «Асау тұлпар»(1922), «Домбыра»(1924), «Экспресс»(1926), «Тұрмыс толқынында»(1928), «Көкшетау»(1929) тәрізді өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарияланды.

30 жылдары «Альбатрос»(1932), «Қызыл ат»(1934), «Социалстан»(1935) атты кітаптары шықты. Әр уақытта жазылған әңгіме, повестері 1935 ж. «Айша» деген атпен жарық көрді. С.Сейфуллин драматургия саласында да табысты еңбек етті. «Бақыт жолына»(1917), «Қызыл сұңқарлар»(1922) пьесаларын жазды. «Бақыт жолында» қазақ тұрмысының ауыр жағдайы, әйел теңдігі мәселесі Мүслима бейнесі арқылы көрініс беріп, кейіпкердің әділдікке қол жеткізуі баяндалса, «Қызыл сұңқарларда» нақты революциялық күрес бейнесі, өз идеясы үшін күрескен адамның табанды ерлігі суреттеледі. Кейіпкерлердің мінез-құлық, көзқарасындағы ерекшеліктер ашылып, диалог арқылы көңіл-қүйі анықталып отырады.

Екі түрлі идея, екі алуан дүние белдескен заманға шығармашылығы дөп келген ақын өз идеясына(бақыт, теңдік идеясы) кәміл сенді, жаңа заманға өмірі, қайрат-қажыры, поэзиясымен еңбек ете білді. Ақын ұлттық өнерді жаңа мазмұнмен байытты.

С.Сейфуллин – табым, халқым деп өткен, Октяьрьге, революцияға, социализмге сенген, оған шын берілген, қазақтың жаңа әдеби сөзін бастаған қаламгер. Ол өз парызын адал өтеп кеткен адам. Ромен Роллан: «Егер әрбір суреткер ой мен форма саласында жаңалы ашушы болса және сол жаңалығының назар аударарлықтай мән-маңызы болса, ол қайтссе де өзгелерді өз арнасына бұрып әкетпей қоймайды»,- дей келеді де, бұл жаңа әдебиеттің жаңашыл бастаушылары Өзбекстанда Хаким-заде, Ниязи, Тәжікстанда Садриддин Айни, Ресейде Горький мен Маяковский, Қазақстанда С.Сейфуллин деп көрсетеді.

С.Сейфуллин жаң мазмұнды еркін меңгеріп, оған сай орамды форма табу нәтижесінде қазақ өлеңі мен қара сөзін соны әуен, өзгеше леппен сөйлетті, тың ұғым, терминологияны пайдалана отырып, жекелеген сөздердің мағыналық ауқымын, мүмкіндік мөлшерін арттыра түсті. Өмір құбылыстарын дәл суреттейтін бейнелі тіркестер легін кең қолданды. Шығармаларының өзекті арнасы – езілген таптың көрген қорлығы, енді оның азаттыққа қол жеткізуі. С.Сейфуллиннің тағы бір жаңалығы – жаңа идея, жаңа дүниетаныммен қатар, метафора, қуаты мол екпін, серпінді ырғақ көріністері, өлеңнің өткір айшықтары. С.Сейфуллин жаңа өмірді алға қарай жүйткіген экспресс бейнесінде суреттеп, тосын өрнектер тапса, енді бірде қазақ ұғымына етене таныс сөз айшықтарын қлоданады. Мысалы, «Бұлшық ет» өлеңін алайық:

Айғырдың тоқпақ жалындай,

Бөкеннің серке санындай,

Қайыңның қырған безіндей,

Шортанның жұмыр беліндей,

Ширатылып түйілген,

Болаттай күшпен иілген

Бұлшық етті білек пен

Балтырдан күшті дене жоқ.

Қазақ лирикасындағы реализм әдісінің кемелденуіне үлес қосқан ақын деп С.Сейфуллинді айтуымызға болады. Бұл жерде ескертетін мәселе: ақынның реалистік туындыларын романтизмнен мүлдем бөлек әкетуге болмайды. Жалпы, ақынның бір сезімге нақты тереңдеуі төңкеріске дейінгі жырларында көбіне махаббат тақырыбындағы өлеңдерінде байқалса, төңкеріс кезінде және одан кейін лирикалық қаһарманның бүкіл халық тағдыры үщін күреске шығуын бейнелейтін туындыларында көбірек көрінеді. «Рас, «Қара айғыр», «Біз», Қызыл ерлер», «Жолдастар» т.б. өлеңдерінде лирикалық қаһарман сезімі біршама жалпылама түрде берілсе, «Тұлпарым», «Түрмеден қашып шыққанда», «Сыр сандық» шығармаларында оның белгілі бір толғанысын екшеп, түкпірлеп, нақты өрнектеу басым.»(Қуандық Мәшһүр-Жүсіп. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. Павлодар,1999, 142б.) С.Сейфуллиннің өлеңдеріндегі реализм дегенде, оның романтизммен тығыз байланысты өрістеген туындысының бірі – «Сағындым»(1918) өлеңі. Шығармада лирикалық қаһарманның қамуда отырған кезінде туған елін сағынуы жырланады. Лирикалық қаһарман алдымен өзінің бір кезде мекен еткен жерін, қырын, одан кейін ауылын, үшінші сәулесін, төртінші анасын т.б. көксегенін рет-ретімен баяндайды:

Туғалы қапас көрмеген,

Көкіректе кектер кернеген.

Талпынып құлаш сермеген

Айтайын ішкі сырымды:

Қайырымды қалың елі бар

Сарыарқа сары белі бар,

Өрісті шалқар көлі бар

Сағындым мен қырымды.

Ішкі сырдың жанданып құлаш сермеуі лирикалық қаһарманның ерекшелігін, қатардағы көптен озуын, сол арқылы романтикалық сипатқа көбірек ойысқанын байқатады.

Сонымен қатар, осы үзіндідегі екінші шумақтың өзінде және одан кейінгі суреттейлерде лирикалық қаһарман сезімінде реалистік сипат басым келуін де көреміз. Бұдан шығатын қорытынды: « 1-шіден, Сәкен – суреткер ақын. Ол лирикалық қаһарманның нені ұнатқанын жай баяндаумен шектелмейді, бірер қырымен болса да нақты суреттеу әдісін қолданады. 2-шіден, Сәкеннің лирикалық қаһарманында әрі әдеттегі адамға, әрі уөптен озған үздікке тән сезімдер қатар өрбиді, яғни Сәкен реализмі роиантизммен қанаттанған, асқақтық, ірілік шарпуына бөленген реализм. 3-шіден, осы айбындылық Ақынның лиркалық қаһарманының өзіндік мінез-қылығын, өзіндік стилін негіздейді. 4-шіден, әдеттегі адамға тән қалыпты сипаттары болуы үстіне лирикалық қаһарманның өзіндік өрлігі, кесектігі ақынның өзіндік сөз қолданысына да әкеледі»(147б.)

С.Сейфуллин шығармашылығындағы реализмнің қаншалық кемелденуін танытқан туындысының бірі – «Сыр сандық» (1926) өлеңі. Адамдар ісі мен соған ұқсас табиғат құбылысын, немесе аң, жануар, құс әрекеттерін салыстыра алу қазақ әдебиетінде көне дәуірден келе жатқан әдіс десек, ақын алдымен осы дәстүрді тұлғаланта түскен. Ақын дерексіз ұғымды заттандыру, заттандыра отырып ұлғайту әдістерін қолданады. Сондай-ақ кемшіліктер де болды. «Әсіресе, 20-30 жылдарда шолу өлеңдердің, үстірт баяндаулардың қаптағаны сондай: ол ең шебер, ең көрнекті деген ақындарды да біраз тұмшалады. Сөз жоқ, жаңа талап, жаңа жағдай соны жетістіктермен бірге, бұрын болып көрмеген тың кемшіліктерді де тудырды. Соның бастысы – кеше мен бүгінді салыстырып, орынсыз мадаққа, әсерсіз уағызға жаппай ұрыну дер едік.»(149б.) С.Сейфуллинде «Қызыл ерлер» өлеңі. Өлең көлемін орынсыз кеңейтіп, қарадүрсінділікке салыну ақынның «Германия жұмыскерлеріне», «Жолдастар», «Қара арбада», «Биылғы май» өлеңдерінде де жүзеге асқан. Дегенмен Сәкен қазақ сахарасына жаңа келіп жатқан қоғамды өз поэзиясымен бейнелеп бере білді. Асау тұлпар, экспресс т.б. балама образдары әдебиетте осылай пайда болды.. Асау тұлпар – қазақ кеңес поэзиясында Сәкен әкелген символдық бейнеге айналды.

С.Сейфуллин негізінен реалистік дәстүрді ұстанумен қатар, әсіресе бастапқы кезде романтикаға көңіл бөлді. Е.Ысмайылов; «Қазақ әдебиетінде революцияшыл романтика Сәкен шығармаларынан басталады»,-дейп жазады. Сәкен романтизмінің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жөнінде М.Базарбаев былай деп жазады: «Жаңа әдебиеттің бұрынғы дәуірден үлкен айырмасының бірі – революциялық романтизм. Бұл сипат революция кезіндегі және одан кейінгі әдебиетте өріс алды. Революцияның қатал шындығы реализмді талап етсе, оның болашағы, орындалар арман-тілегі романтизмді керек қылды. Екеуінің қосындысы әдебиетке жаңа мағына, форма бергені анық.» С.Сейфуллиннің алғашқы туындыларын(1914) алып қарастырсақ, өмірді әдеттегі қалпында бейнелеген «Нұра», «Жайлауға көшу», «Қоштасқан жер» өлеңдері арасында суреттеу мәнері оқшау көрінетін шығармасы – «Түс» өлеңі. Өлеңде лирикалық қаһарманның түсінде жапан түзді кезіп жүріп, «қорғансыз бір бақшаға» кіруі сөз болады. Бақшадағы өсімдіктің жаздағы(күздегі емес) қураған түрі нақты көрсетілген. Шығармада лирикалық қаһарманның бұл апаттың сырын бір шыбықтан сұрауы тұсында шарттылықорын алса, шыбық жауабы берілуі кезінде шарттылық одан әрі дамытылады.

Ақынның лирикалық қаһарманды өзгеше жағдайда алып, оқшаулантып, тұлғалантып өрнектеуінің бір үлгісі – «Қашқынның ауылы»(1919) өлеңі. Шығармада лирикалық қаһарманның әдеттегі ауылға ұқсамайтын, ерекше жағдайға ұшыраған қашқынның ауылына кез болғаны айтылады. Қащқынның ауылының тұоған жері де әдеттегі мекеннен мүлде бөлек, оның адамдары да оқшау істерге бейім, сол күнгі табиғат та ерекше, ал лирикалық қаһарман да кесек әрекетке,күреске әзір.

Қащқынның ауылы үщ-ақ үй

Бұққан таудың ішіне.

Жаудың беті – ел шеті,

Сенген ерлік күщіне.

Бір-ақ үйде от жылт-жылт...

Ақынның романтикалық қаһарманға иек артуы 1917-19 жылдардағы арпалыс жылдары белгілі бір биікке көтерілсе, кейін ол деңгейде қалған жоқ, шамамен 1920 жылдардан бастап өмірінің ақырына дейін Сәкен көбіне реалистік сипаттағы қаһарманды бейнелеуге ойысты. Ақынның лирикалық қаһарманы да өсу үстінде. Ақынның бастапқы шығармаларында лирикалық қаһарманның тұнжырауы қылаң берсе, кейін, әсіресе 1917 жылдар тұсында уақыт лебі әсерін сезінгендіктен де, құсалану кейін ысырылып, тікелей шайқасқа араласу, бостандық, жеңіс таяу екеніне сеніп, сонымен қуаттану байқалады.

Сәкен лирикасында тақырыптық және жанрлық сыр-сипаты жағынан әр алуан. Ол туған даланың табиғатын, өлмес махаббатты көңіл күйі әсерлерін жырлады. Соның бәрінде де ақын адамның ішкі сезім байлығын ашуға, сол арқылы жаңа қоғамдық сана-қасиеттердің қалыптасуын көрсетуге тырысты. Көп жағдайда ол адамның сезім күйін қоғамдық өмірімен тығыз байланыста алып көрсетті. Бұған ақынның революциядан бұрын жазған табиғат, махаббат жайлы өлеңдері нақты мысал бола алады.

Жаңа дәуірдің лирик ақыны есебінде Сәкен өз шығармашылығында осы халықтың гуманизм мен демократизмді дамытушы болды. Табиғаттың әсем жыршысы атанды. Сұлу Көкше суреті осы күнге дейінгі оқушының ұғымына тек Сәкен есімімен, оның атақты «Көкшетау» поэмасымен сақталып келеді. Бұл тақырыпта ақын көптеген өлеңдер де жазды.

Сәкен табиғатты жалаң жырламаған. Оған әрқашан адам сезімімен, оның көңіл күйімен байланыста қарайды. Революциялық күрес жолында жау тұтқынына түскен адамның көңіл күйі табиғатты суреттеу арқылы қалай берілгені жоғарыда келтірілген «Қамаудан» атты өлеңнен белгілі. «Далада», «Қырда» атты өлеңдерінде ол табиғатпен сырласа отырып, ел басындағы ауыртпалыққа күйзеліс білдіреді. Дала желі – бостандық үнін елге жеткізер тың образ. Ақын әнін жел қағып әкетіп, Арқаға таратады. Даладағы жаңалықты ел жел үнінен естіп қуанысады.

«Ақша қар» атты өлеңде Сәкен табиғаттың күнә мен кірден пәк тазалығын тамашалайды. Тазалық пен адалдық – ақын идеалы. Кір басып былыққан ескі дүниеге ол ақша қарды қарсы қояды. Жаңа жауған ақша қар кірді тазартып, сәні кеткен ағаштарға шашақ тағып, көрік береді, жер бетін жұлдыздай жалтыратып, сәнге бөлейді.

Сәкен табиғатты ел байлығының символы ретінде пайдаланады. Бұған «Экспресс» жинағындағы көп өлең дәлел бола алады. «Сұлу терек», «Міне, көл», «Орман», «Қара жер» өлеңдерінде экспресс үстінен туған даланың байлығын көріп шаттанған адамның көңіл күйі суреттеледі. Осы кітапқа кірген «Жазғы далада», «Күзді күні далада» өлеңдері де сол дәуірдегі қоғамдық өмірдің өзгерістерін көрсетуде және жаңа дәуір адамының сезімін танытуда да маңызды.

Сәкеннің табиғат туралы өлеңдері қазақ кеңес әдебиетінде табиғатты жырлаудың жаңа ұстанымын қалыптастыруға ықпал етті.

Туған өлкенің сырлы табиғаты Сәкеннің махаббат тақырыбына жазған өлеңдеріне де арқау болған. «Жазғытұры», «Тау ішінде» өлеңдерінде махаббаттың сәулелі үміт, тәтті арман, аңсаған құпия сырлары көктем мен тау табиғатының әсем фонында беріледі. Тамылжыған түнде қалғыған тауды оятып ән салған жігітті сүю сезімі мен туған өлке сыры қоса қанаттандырады.

Туған даланың сұлу табиғаты мен адал махаббатты бірлікте алып жырлауда Сәкеннің «Аққудың айырылуы» поэмасының ерекше маңызы бар. Үлкен гуманистік идеяны уағыздайтын романтикалық сарындағы махаббат туралы бұл аңыз күміс сулы, самал желді, қалың ну құрақты, аясы сырлы кеседей айдын көлдің жағасында өтеді. Көл сұлулығы мен сол көлді жайлаған жұбай аққудың жарастықты көркі ақындық шеберлікпен суреттеледі. Көл сәні – екі аққудың бірін қатал мерген тасадан атып түсіреді. Жұбайының өліміне шыдай алмай, егілген екінші аққу мергенге «мені де ат» деп жалынады. Қасиетті құстың қылығына таңданған мерген оны ата алмайды. Ал жұбайсыз өмірді мағынасыз санаған аққу биікке шырқап шығып, қанатын қақпай жерге құлап өледі. Адал махаббат туралы осы аңыздың үлкен гуманистік идеясы шын сезімді, достықты қадірлеуде, сұлулықты сүюде жатыр.

Осы гуманистік сарын Сәкеннің «Ақсақ киік» атты балладасының да өзегін құрайды. Мұнда Бетпақтың шөлінде кездескен ақсақ киікке ақын аянышпен қарайды.

Қап-қара екі көзі мөлдіреген,

Әдемі екі танау желбіреген.

Елеңдеп жас балаша жалтаңдайды,

Жел түрткен жусаннан да селдіреген,

деген жолдардың өзінде бала киікке үлкен сезімталдықпен, сүйіспеншілікпен қарап отырған ақынның нәзік жаны көрінеді. Осындай тамашаға оқ ату – сұлулыққа оқ атумен бірдей. Жас балаша жаутаңдаған бала киіктің аянышты мұңы әрбір сезімтал адамды қозғамай қалмайды.

Келеді қаңғырақтап жалғыз өзі,

Тілі жоқ, құр жүректе айтар сөзі.

Шағады шыбын жанның қиналғанын

Жалғыз-ақ мөлдіреген екі көзі.

Шығарма идеясының түйіні:

Ақ бөкен сахараның ботакөзі

Атты екен қандай адам көзі қиып? -

деген жолдарда жатыр.

Сұлулықты ардақтауға үндейтін, адамды гуманистік идеяға баулитын бұл екі шығарма Сәкеннің нәзік жанды, сезімтал, өмірге шексіз құштар, асқақ өз бейнесінен де хабар берді.

Идеясы жағынан бұларға жақын келетін туындының бірі – «Лашын әңгімесі». Адал достық, сүйіспеншілікті уағыздайтын бұл шығармасын автор тұспалдау әдісімен жазған. Уақиға түс түрінде суреттеледі. Шын жарын іздеп тапқан лашынға көлдегі басқа құстар жабылып, одан сүйгенін айырып алып қалады. Сезім сырын түсінбейтіндердің тарапынан болған зорлыққа ақын жәбірлене қарайды.

Сәкеннің көңіл күйі лирикаларының ішінде «Сыр сандық» атты өлеңі көрнекті орын алады. Адамдар арасындағы адал достық пен сезім тазалығын шерткен бұл шығармада ақын адамның рухани дүниесін биік құздың басына шығып, сыр сандықты аша алмайды. Оны жан сырын терең ұғынған адал достар ғана аша алмақ. Сыр сандығын ашып, адам жанының сым пернесін басқанда ғана дос көңілі, сыры шертіледі.

Сыр сандықты ашып қара,

Ашып қара, сырласым,

Сым пернені басып қара,

Басып қара, жырласын.

Адамның рухани жан дүниесін түсіне алатын сыр сандығын ашып, сым пернесін баса білетін достарға Сәкен «Қолыңда жемің» барда шырқ айналып, жем таусылса, жалт беретін жанама достарды» қарсы қояды. Өлең идеясы өмір шындығынан туған терең философиялық ойды аңғартады. Ол – көркемдігі жағынан да Сәкен поэзиясындағы елеулі туынды. Өлеңнің қайталанып келетін жолдары мен сөз тізбектері ақын ойын нақтылап, анықтай түсумен бірге, шығармаға көркемдік ойнақылық береді.

Бұл айтылғандар Сәкеннің лириканың шекарасын батылдықпен кеңейте алғанын, оны тек нәзік сезімнің көрінісі түрінде қалдырмай, оған азаматтық әуен, ойлы мазмұн бере дамытқанын дәлелдейді. «Ананың хаты», «Анаға жауап» сияқты өлеңдерінде ол ана мен бала арасындағы сағынышты сезімге жаңа қызметшісі – баланың салиқалы ойын қосады. Ол сағынып, «елге қайт» деп үгіттеген анасына тоқтау айтады. Бұл өлеңдерде ескі өмір мехнатын көп тартып, баласын өмір үшін күреске тәрбиелеген ана мен күрескер, жаңа қоғам иесі баланың нақты образдары жасалған.

Сөйтіп, Сәкен лирик-ақын есебінде ізгі адамгершілік мінездерді, айнымас достықты, анаға деген қасиетті сезімдерді қастерлеуші болды.

Сәкен – бірқатар поэма жазған ақын. Өмірдегі, басқа да көркем туындыларындағы сияқты ақын, негізінен, поэмаларында жаңа заман тақырыбын, азаттық жолындағы күрес идеясын жырлады. «Альбатрос» атты поэмасында Ресейдегі (оның ішіндегі Қазақстандағы) революциялық күрес тарихы мен оның көсемі В.И. Лениннің жетекшілік рөлін көрсетуге ұмтылады. Оған белгілі дәрежеде орыс ақыны В.Маяковскийдің «Жақсы», «Владимир Ильич Ленин» атты поэмаларының әсері болғанын даусыз. Революцияның жеңісі мен жаңа қоғамның бет алысын «Советстан», «Социалистан» поэмаларына арқау етті. «Жан Цзо-Лин» поэмасын социалистік құрылыс мүддесін сатқан опасыздықты, капитализмнің тіміскілеуін әшкерелеуге құрды. Алайда олардың көркемдік табыстары біркелкі бола алмайды.

Сонымен қатар Сәкен халық аңыздарына сүйеніп, елдің батырлық, гуманистік дәстүрлерін, адамдық ізгілікті, қазақ жерінің көркем табиғатын суреттейтін кең тынысты поэмалар жоғарыда айтылады. Осы тақырыптағы ақынның үлкен табысы – «Көкшетау» поэмасы.

С.Сейфуллиннің прозалық шыңармаларының ішінде «Жұбату», «Омар», «Бандыны қуған Хамит»әңгімелері, «Айша», «Жер қазғандар», «Жемістер» повестері иен «Тар жол, тайғақ кешу» романы айрықша орын алады.

Жазушының проза саласындағы елеулі туындысы – «Тар жол, тайғақ кешу». Жанрлық болмысын әр түрлі зерттеушілер әр түрлі ұғындырып келе жатқан бұл туындыда бір ғана адам, бір ғана жердің тіршілігі емес, бүкіл қазақ даласының түкпір-түкпіріндегі ояну, ашыну, бостандық ұранын жүзеге асыру мезеттері берілген. Кітапта халық бақыты үшін нелер тар жол, тайғақ кешулерден қайыспаған күрескерлердің бейнесі жасалады. Бұл туынды роман ба, әлде тарихи еңбек пе деген мәселенің басы ашық қалды. Зерттеушілер бұл туындының жанры туралы әр түрлі пікірлер айтты. Мысалы, С.Мұқанов «мемуар» десе, Е.Ысмайылов «мемуарлық роман» деп бағалайды. Шындығында да «Тар жолда» С.Сейфуллин көбінесе өзінің басынан өткендерін, көрген-білгендерін баяндайды. Осы жағынан келгенде оның кітабында мемуарлық сипат бар екені даусыз. Бірақ Сәкен кітабында өзінің бүкіл өмірбаянын қамтымайды, тек бір дәуірде ғана басынан өткендерін баяндайды. Сонымен бірге, өзі қатынасқан оқиғаларды болсын, өзі тікелей қатынаспаған оқиғаларды болсын жалаң мемуар мақала стилінде суреттемей, көркем шығарма стилінде суреттейді. Б.Кенжебаев былай деп жазады: «Кітабының көп жері фактіні көрікті етіп баяндау болып келеді. Сондықтан «Тар жол» роман да емес, мемуар да емес. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрес туралы жазылған очерк кітабы деген дұрыс. «Тар жол» - көркем очерктер циклы.»

Сәкен шығармасында әдебиеттің типтендіру құралдарымен қабат, публицистикалық құралдарды да пайдаланып отырған. Ал, бұл очерк жанрына тән қасиет. Очерк идеяны оқушыға көркем құралдар (образдылық, портрет, пейзаж, сюжет, композиция) арқылы, сол сияқты публицистикалық элементтердің (публицистикалық жинақтау, цитата, цифр, құжаттар, газет мақалаларынан үзінділер, партия ұйымдарының шешімдері т.б.( көмегімен жеткізеді.

С.Мұқанов «Тар жол» бір жағынан тарих, екінші жағынан саяси оқулық, үшінші жағынан оқушыны еріксіз өзіне тартып отыратын көркем шығарма дейді.

«Айша» повесі 1922 жылы жазылып, 1935 жылы қайта өңделген. Повесте төңкеріске дейінгі қазақ ауылында қыздардың қалың малға сатылып, бас бостандығынан айырылған ауыр тағдыры суреттеледі. Айша туған-туыс, ата-ана ұйғарымымен келіспей, өз теңдігін іздеп, соған қолын жеткізген жаңа кейіпкер.

«Жемістер» повесі(1935) Қазақстанда кеңес өкіметінің орнағанына 15 жыл толуына арналған.Жаңа заман оқиғалары туралы «Жер қазғандарда»(1928) қаламгер тың тақырып – темір жол салушы жұмыскерлердің зор еңбегі мен қажырлы өмірін суреттеген.

Жалпы С.Сейфуллин әдебиеттің барлық жанрларында – шағын әңгіме,очерктерден үлкен прозаға дейін, азаматтық лирикалардан поэмаға дейін еңбек еткен, қазақ әдебиетінің идеялық, көркемдік шеберлік жағынан дамытуға баға жетпес үлес қосты.

Әдебиеттер:

1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 7-том. А., 2004-2008

2. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Екі томдық. А., 2008

3. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А., 2003

4. Ысқақ Д. Әдебиеті сын тарихы. А., 2012

5. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. А., 2002

6. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ әдебиетінің тарихы. Астана, 2006

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]