Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

4 дріс

.docx
Скачиваний:
33
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
49.11 Кб
Скачать

4-тақырып. І.Жансүгіров шығармашылығы

Мазмұны: Абай дәстүрін ілгері дамытушы. Ілияс лирикасының өзіндік ерекшеліктері, ақындық шеберлігі. Поэма жанрын дамытудағы үлесі. Дастандарындағы тың өлең өрнегі, тіл көрекмдігі.

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Тадықорган облысы, Ақсу ауданы) туған. Ескіше хат танитын, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинайтын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме-шежірелерді жақсы білетін, көкерегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнерді ұстаған әңгімеші, домбырашы, ұста, көшелі Жансүгір анасынан ерте қалған Ілиясты жетімсіретпей, еркелетіп, жақсы үлгі көрсетіп, тәрбиелеп өсіреді.

Қазақ әдебиеті тарихында кең құлашты, терең мағыналы эпикалық поэмалар тудырған талантты ақындар қатарында Ілияс Жансүгіров есімі ерекше аталады. Бұл салада ақын көптеген әдеби барлау, көркемдік тәжірибе жасай жүріп, әлеуметтік маңызды тақырыптарға арналған бірнеше салмақты туынды берді.

Қазақстан өміріндегі ерекше саяси-әлеуметтік науқан – ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеп, өздерін жер аудару науқаны 1928 жылы болды. Бұл мәселеге арналған қазақ әдебиетінде көптеген үгіттік-насихаттық мәні бар өлеңдер, очерктер, деректі әңгімелер, дастан-жырлар жазылды. Осылардың ішінде идеялық-көркемдік ерекшелігімен Ілияс Жансүгіровтің "Кәмпеске" (1928 ж.) поэмасы дараланып тұр. Бұл шағын туындыда автор Мұқан байдың кәмпескеленген сәттегі көңіл-күйін, психологиялық күйзелісін суреттейді. Комиссия келіп, малы алынып, дүние-мүлкі ортаға түсіп, төрт құлақты бейітке апарып көмген жерінен жамбы, тай тұяқ алтындарынан айырылған, ақ ордасының ойраны шыққан жуанның қайғысында шек жоқ. Ақын ауыз әдебиетіндегі жоқтау өлеңнің формасын сәтімен пайдаланады. Мұқанның бәйбішесі Ұлжан дүние-жиһазын кедей-кепшікке алдырып, су төгілмес боз жорғасын кедейлер мініп, шарасы шайқалып, сабасы тілінеді, бәйтерегі құлаған соң зар илеп, запыран құсады. Соры қайнап, сорпасы төгіледі. Содан кейін көк айыл бәйбіше аруаққа, ата қонысқа, туған топыраққа лағынет айтады.

Ақын уақыты өткен, заманы біткен таптың өз үкімін өзіне шығартады. Мұқан мен Ұлжан жапа-жалғыз жер ауып, поезд ішінде есеңгіреп кетіп бара жатыр. Поездың өзі бұларға адам жұтатын айдаһар болып көрінеді. Ақынның коллективтендіру тақырыбына арналған екінші бір шығармасы "Мәйек" (1929 ж.) деп аталады.

Туынды лирикалық кейіпкердің алыста қалада жүріп, қырды сағынып, далаға шығуынан басталады. Қуаң шөлге гүл өнген, түтіні бұлықсыған, Түрксіб орнаған, еңбек дабылы кернеген дала суреті көз алдына келеді. Араға он үш салып, өз ауылына келгенде ақын көп өзгерісті көреді. Бұдан кейінгі әңгіме еңбекте шынығып өскен ел азаматы Қалабай аузымен айтылады. Тағдыры тас, тар заманда жүдеп-жадап, тозып, тентіреген ауылдың басы Түрксіб жолы салынғаннан кейін қайта қосылып, ел ес жинай бастайды.

Қазақстандағы коллективтендіру тұсында кеткен сұмдықтарды жасырмай айтатын шығармалар қатарына Ілиястың "Жаңа туған" (1933 ж.) поэмасын жатқызуға болады. "Жыршыдан" деп аталатын кіріспеде қазақ даласындағы өзгерістер, шаруалардың ұжымдық еңбекке жұмылуы айтылады.

Әуелі жеті үйдің басын қосып артель, артынан "Талап" колхозы болғандығы баяндалады. Әбжан есімді жігіттің еске түсіруі арқылы колхоз құруда кездескен қиындықтар, асыра сілтеу, қылмысты әрекеттер, ақыры жұртты ашықтыруға дейін апарған авантюристік қылықтар көрсетіледі. Борсықбай секілділердің "Сиырыңды сойып ал, сорпасына тойып ал" деген уағыздарының ақыры неге соққанын ақын жасырмайды. Ал Жылысбай секілді белсенділер: "Бір мен үшін ел құрбан болса-дағы қайғырман, Қалсаң аман сөгістен" деген принципке түскен. Малдан айырылған шаруалардың еріксіз сорлы болып, боранда, жол бойында аштан өлуін ақын трагедиялық суреттер арқылы, әсіресе Әли бейнесі арқылы береді.

Басшылық өзгеріп, елге көмек берілген соң, жұрттың қайта көтерілуі, колхоз дамуы еңбек көріністерін, қырмандағы қимылды суреттеумен беріледі. Колхоз тойы, бәйге алғандарға жеке-жеке мінездеме шығарманың оптимистік идеясын көтеріп тұр.

Азамат соғысы кезеңінің бір эпизодына арналған "Кеңес" атты шағын поэмада дұшпанмен күрес үстінде өлген Есім деген жігіттің әйелі Нұрайша жалғыз ұлды тәрбиелеп өсіреді. Сол ұл үлкен кеңеске кеп отыр. Өзінің аты да – Кеңес, жұмыс істейтін колхозының аты да – "Кеңес". Сөйтіп, ақын "Кеңес" сөзіне символдық мән береді.

Сонымен, Ілияс Жансүгіровтің совет дәуіріне, оның ішінде коллективтендіру кезеңіне арналған поэмаларының сюжеті өз дәуірінің нақты оқиғаларынан алынған; бұлардың басты кейіпкерлері – не өмірі өтіп бара жатқан таптың өкілдері, не жаңа тұрмыс жасаушы шаруалар, колхозшылар, шығармаларының көлемі шағын, формалары әр түрлі, ақын алты тармақты шумақты ("Кәмпеске"), тоғыз тармақты шумақты ("Мәйек"), он екі тармақты шумақты ("Жаңа туған") егіз ұйқасты, шалыс ұйқасты, аралас ұйқасты қолданған. Бұл циклдағы туындыларда публицистикалық ой, үгіт-насихат сарыны, актуальды саяси идеяларды ашық айту әуездері аса мол.

Қазақ поэзиясының тарихында ерекше орын алатын көркем туындының бірі – Ілияс Жансүгіровтің "Дала" (1930 ж.) поэмасы. Ақын шығармасын терең идеялық, символдық, ишарат мағына беретін өте салмақты, философиялық тереңдігі бір сөзбен “Дала» сөзімен атаған.

Бұрынғы өткен күніңді

Берейін жырлап

елге, анам.

Көргеніңді бүгінгі

Жаз, жаз, қалам,

тер, қалам, -

деген жолдарда автор алға қойған шығармашылық мақсатын, туындының эстетикалық нысанасын оқырман алдына жайып салады. Ақын көркемдік, идеялық мұратын толғау түрінде, төкпе жыр үлгісінде, сөздерді еселей қолданып, градацияға ерекше мән беретін дәстүрлі әдісін "Арнау" деп аталатын поэма прологында сәтімен қолданған.

Шығарманың негізгі тарауларынан ақынның өмірлік, тарихи материалды сәтімен беру үшін іздеп тапқан өзіндік жаңа көркем форманы айнымай, дәл ұстанып отыратынын көреміз.

Дәстүрлі аңызды, не ұзақ сонар оқиғаны ұзақ баяндап беретін хикаялық сюжет құру сорабынан автор бойын аулақ салып, қазақ поэзиясында, оның ішінде поэма жанрында бұрын қолданылмаған соны өлең кестесін алған. Рас, Абай қолданған 8 тармақты шумақты дамыта пайдаланған.

Көпті көрген бір кәрі, а (7)

Талай-талай заманнан ә (7)

Тепкі көрген қыр шалы б (7)

Дөңде отырды осы кез. в (7)

Кейде айқайлап, қиқулап, г (7)

Кейде күлкі, кейде зар, ғ (7)

Жатты әйтеуір, қыр шулап г (7)

Құлақ қоя, жұмды көз. в (7)

Поэма бастан-аяқ осындай әр тармағы 7 буыннан, әр шумағы 8 тармақтан тұратын а-ә-б-в-г-ғ-г-в түріндегі ұйқасты үнемі сақтап отыратын өлең өлшемімен жазылған. Шығарманың 23 тарауының әрқайсысына жеке-жеке ат берілген. Ең қысқа тарау ("Таңда") 4 шумақтан, ал ұзақ тарау ("Той бастау") 29 шумақтан тұрады, негізгі тараулардың көлемдері бір-бірімен шамалас.

Шығарманың барлық тараулары дөң басында отырған кәрі шалдың құлағына жеткен сарын, күй, не оның көзіне елестеген сурет, бейне ретінде басталады, "Әлде жылау Әлде ән? Бұл не дыбыс? Не сарын" деген тіркес көп жерде қайталанады; немесе "Қалды тыңдай шал мұны", "Деді қария баяғы", "Сергіді шал, селт етті", "Елжіреп шал тыңдады" деген жолдармен тараулар аяқталып отырады. Мұндай қайталау шығарма композициясына өзіндік ырғақ, ықшамдылық элементін ендіріп, жеке бөлімдер арасын жымдастырып тұр.

Ақын ұлттық поэзияда бұрын болмаған көркемдік тәжірибе жасайды, расында қазақ халқының екі ғасырлық өміріндегі негізгі кезеңдерді түгел қамтыған шығарма бұрын жазылған жоқ. "Дала" поэмасы 1730-1930 жылдар арасын, яғни 200 жыл уақытты түгел шолып көрсетпек болған туынды. Бұл бір адамның, бір топырақтың, бір рудың, тіпті бір жүздің әңгімесі емес, бүкіл қазақ халқының тағдыры туралы, даланың шежіресі жөніндегі шығарма. Соншалықты ұзақ уақыт аралығында орасан зор кеңістікті ала отырып, ақын ең алдымен ықшамдылық, мейлінше тұжырымды болу талаптарын, көркемдік келісім, лаконизм заңдылықтарын ескерген. Талант күшін, дарын қуатын бейнелі сурет, нақты картина арқылы көркем ой айтуға жұмсаған.

Шартты түрде алғанда, поэманың алты тарауының объектісі – революциядан бұрынғы қазақ өмірінің көріністері. Олар: "Ақтабан", "Құл көгені", "Құрбандық", "Сандал", "Толқын", "Бостандық".

Ақын тартысты, қайшылықты мәселелерден қашқақтамай, ең көкейкесті, халық басынан өткен ауыр күндердің көрінісін алға тартады. Отарлау саясатының қанды іздерін, елден, жерден айырылып, босуды, күңіренген дала қасіретін "Сандал" деген тараудан көруге болады. Көкөрім, өңшең көгенкөз, солдатқа көнбейміз деп бекерге қырылған, атамекенді тастап, қырғи тиген торғайша бытырап, Ауғанстан, Қытайға тентіреген 1916 жылдың картинасы ("Толқын" тарауы) әр түрлі нақты бейнелермен беріледі. Бала бермейміз, соғысқа бармаймыз деп күңіренген елдің ашуы бар. Әбден күйініп, қанына қарайғандықтан болысқа пышақ салып өлтіру – Қазақстанның әр жерінде болған саяси мәнді оқиға. Ақын бұл құбылысты дәл басып, дұрыс бейнелеген. Кейін Сәбит Мұқановтың "Ботагөз" романында ашынған елдің болысты өлтіру әрекеті кедей-кепшік, жарлы-жақыбайдың таптық сана-сезімінің оянуын көрсететін фактор ретінде бейнеленетін болады.

Поэмада халық басынан өткен ауыр кезеңді көркем баяндау, нақты бір сюжетті өрбіту, уақыт тынысын беретіндей диалог, монолог, полилог үлгілерін, әр түрлі әлеуметтік топтың аузынан айтылатын сөздерді пайдалану сияқты түрлі көркемдік тәсілдер кеңінен қолданылады. Жер мен көкті дүңкілдетіп жеткен тосын хабар – патшаның тақтан түсуін, сол шақтағы жалпы әлеуметтік жағдайды, саяси тартыстарды көрсететін "Бостандық" тарауында түрлі комитеттердің, партиялардың құрылуы, "Хұрият, Құрылтай" деп шапқылаған бай, саудагер, муфти, қазы, қазірет, мырза, көпес, төрелердің әңкі-тәңкі болуы, газет-журналдардың ашылуы, көпірме жиналыстар секілді көп жағдайды ақын диалог формасымен бере білген.

Ілияс Жансүгіровтің Москвада журналистика институтында (1925-1928) оқып, қоғам дамуы заңдылықтарын, әлем әдебиеті, өнер тарихын тереңдеп білуі оның эстетикалық көзқарастарына орасан зор ықпал етіп, жазушылық тағдырына бетбұрыс жасады. Өмір құбылыстарын екшеп, әр түрлі тақырыптарға барғанда ақын интуиция, көңіл-күй әсерлерімен ғана емес, ең алдымен саналы түрдегі дүниетаным тұрғысынан келетін болды.

Осы шығармашылық эволюцияның, жаңа қаламгерлік сапаның, кемелденген шеберліктің бір үлгісі – 1929 жылы жазылған "Күй" поэмасы. Бес тараудан тұратын шығарманың басынан аяғына дейін біртұтас тартылған оқиға жүйесі жоқ. Сюжетті әрекет пен лирикалық толғаныс қатар келіп отырады. Бірінші тарауда "Жар қабақ, сида, арсақай, сар шұбар" қобызшы шал Молықбайдың "еңкейіп екінтідей күні кетсе де", "екі көзі іріңдеп, аузынан тісін аршып, қолы дірілдеп" отырса да, аңыратып, күңіретіп, дүрілдетіп күй тартатын шебер өнерпаздық дарыны жырланады. "Ақ көбек", "Көк көбек", "Боз інген", "Дүлділі Ер Әлінің", "Қорамжан", "Онсан мен Орманбеттің айрылғаны", "Ноғай-қазақ жыласқан" – осындай қазақ халқының басынан өткен небір тарихи кезеңдерді бейнелейтін музыкалық шығармалар қобыз тілінде сөйлейді.

Сөйтіп лирикалық кейіпкерлердің ой-санасындағы, өміріндегі құбылыстар күйге, өнерге деген көзқарасындағы өзгерістер арқылы көрінеді. Өнер тек қайғы, қасіретті, мұңды айтып, адам жанын жаралап, жүрегіне от тастайтын сиқырлы күй емес, өмірге жетелейтін қайрат-жігердің киелі қайнары деген идеяны "Күй" поэмасының өзекті сарыны, лейтмотиві деп білу керек.

Бұл эстетикалық бұлақ "Күйші" поэмасында терең көркемдік арнаға айналды. І. Жансүгіровтің еркіндік пен құлдық, махаббат пен зұлымдық, өмір мен өлім, пәни тіршілік пен мәңгілік өнер арасындағы күрес тақырыбына таңдап алып, терең мазмұнды, көркем идеялы, жұм-жұмыр "Күйші" (1934) поэмасын тудыруы ақын өміріндегі шұғылалы сәттердің бірі.

Он жеті тараудан тұратын кең көлемді шығарманың өлең формасында қысылып-қымтырылу, жеңіл-желпі жаңалық іздеу деген атымен жоқ, бастан-аяқ а-а-б-а түрінде келетін, қара өлең ұйқасына құрылған байырғы, халық құлағына әбден сіңісті11 буынды, төрт тармақты шумақты пайдаланған.

Осындай естіген жанды тылсымдай баурайтын киелі өнер иесі Күйшіге хан Кененің қарындасы Қарашаш көзі түсіп, көңілі кеткен соң, басы бүтін сұрап алады. Көзінен жасы сорғалап, еркінен айрылған бақытсыз Күйші зарлап кете барады. Құлағында хан Кененің "Сатса да, сойса-дағы өз еркіңде" деп, Қарашашқа айтқан сөзі.

Поэманың негізгі арқауы Қарашаш пен Күйші арасындағы терең психологиялық тартысқа, адам сезімдерінің алапат шарпысуына құрылған. Әуел бетте азаттықтан айрылып, құл болдым деп азапқа түскен Күйші бірте-бірте бұл халге де үйренеді. Алдымен іші-сырты зер кестелі, жібек, жанат, алтын, күміске толы Қарашаш отауындағы жиһаз оның көзінің жауын алып, бұрын айдаһар санаған Ханша енді "қара қас, қалың қабақ, ордадағы сырықтай, бойы сымдай, балға ашытқан қымыздай" болып көрінеді. Біресе ақ қоян, біресе кер марал, біресе түлкі болып елестеген, сұлу енді Күйшінің есін тандырып, көкірегіне ғашықтық отын жағады. Бұрынғы ескі сарынды күйлер тоқталып, кенет сұрапыл жаңа тасқын жөнеледі. Ақын өнер психологиясын, өмірге музыкалық шығарма әкелген шабытты сәтті былай бейнелейді:

Жіберді бір мезетте қағып-қағып,

Тасқындап тыңнан бір күй қосылды ағып,

Байырғы тоқсан күйдің бірі де жоқ,

Жаңа күй, жаңа жолмен кетті лағып.

Ал Күйшінің шабытты шақтағы портреті қимыл-әрекет арқылы динамикалық қозғалыс үстінде, жанды қалпында беріледі:

Саусақтар ойнап, орғып, қаздаң қағып,

Суырып ішек тілін, мұңын шағып.

Жүйріктің шын күйі келгенінде

Шығаннан шыға шашпай тұрсын нағып.

Асқақтап, кейде күйді көкке өрлетіп,

Алыстап, шырқап, сілтеп, әрі кетіп,

Қайырып, қалықтатып, қайта оралтып,

Бірден-бір, ақырын-ақырын төмендетіп.

Ызғытып, көкке өрлетіп, баяулатып,

Соқтырып кейде боран, дауылдатып;

Көңілдің асқарынан тұманды айдап,

Артынан нөсерлетіп, жауындатып…

Күй ырғағын, музыка әуенін дәл бейнелейтін, үсті-үстінен түйдектеле, тасқындай төгілетін үдеме сөз тіркестері, градация арқылы ақын оқырманға ғажап әсер етеді. Төреден шыққан сұлу қызға әбден көңілі кеткен Күйші басындағы сезім толқындарын, психологиялық сан алуан тебіреністерді, ұшқыр қиялды бейнелейтін көріністерде фантастикалық шалқу бар.

Ғашықтық отынан осылайша күйіп-жанып, шексіз қиялға берілген Күйші ақыры қызыл-жасыл арман, елес бұлтының арасынан жерге түседі. Қарашаш – төре, бұл – Сарыүйсін. Екеуінің арасында теңсіздік, таптық айырма жатыр.

Ғашықтық оты жүректерін күйдіріп, жандарын қайда қоярларын білмей, рухани арпалысқа түскен Қарашаш – Күйші арасындағы психологиялық, ішкі тартыс желісін кенеттен болған оқиға бұзады.

Исі Дулатқа аты әйгілі Әлімқұл датқаның ұлы Сапақ та өзінше сері, сылқым, құрық бермес асау. Сол ерің қара түнді жамылып келіп, Қарашашты оятам деп, пәлеге қалады.

Ақын қарадан шыққан жігіт Сапақ бізді басынды деп хан Кененің әскерін аяғынан тік тұрғызған Қарашаш әрекеттерін ел басына түскен зобалаң, жұртқа келген үлкен кесапат ретінде суреттейді. Бозбаланың болымсыз бір қылығына бола, күллі елді қынадай қырып тастағалы отырған ханшаға Кене қой демейді. Сонда көңілі тынған, бұдан былай ел-жұрт қорқып, бағынып жүрсін деп ойлаған Қарашаш "Қайтейін қылышымды қандап соған. Көбіңе қидым", - деп Сапақты өлтірмейді.

Осы оқиғаны бастан-аяқ көзімен көрген Күйшінің ішкі әлемінде орасан зор өзгеріс, жаңа, жігерлі серпін пайда болды. Жүрегі суып, қаны қараяды. Тәтті, мұңлы, сырлы күйлер тыйылып, қанды, жаралы, өлімді күйлер тартылады. Аңнан аң қоймай, қомағайлықпен көзіне түскенді қыра берген Арша мерген ақыры жалғыз ұлын атып алып, қанға бөгіп жатыр. Бұдан кейін тағы да қанды күйлер сорғалайды: "Атылған аққу", "Күйген", "Суға кеткен". Бұрын махаббат әлдиімен Қарашаш жүрегін тербететін сезімді күйлер бір жаққа мүлде көшіп кеткендей, оның есесіне түйе болып боздаған, бебеулеп, безілдеп, мұңданып, жамыраған сарындар қаптады. Кеше Күйші көзін байлаған, сұлу санаған Қарашаш шөп желке, шолақ бұрым, қотыр-қотыр албасты секілденіп көрінеді, біресе сұр мегежінге, біресе жиырылған кесірткіге айналып кетеді.

Күйші көңілінде Қарашашқа деген сезім атаулы түгел өшіп, енді өшпенділік, қарсылық, жек көру дауылы көтерілген. Ысқырған домбыра от шашып, кекті, кіжінген, зілді, ашулы, қаһарлы дыбыстар ханшаны үй-орманымен қосып өртеп, күлін көкке ұшырып жіберердей.

Күй әсерімен, музыкалық әуеннің сарынымен ақын Күйші – Қарашаш арасындағы тартысты махаббат пен зұлымдық шайқасының сұрапылы ретінде бейнелейді. Поэмада ондаған күйлердің әлеуметтік мәні, тарихи негіздері, эстетикалық нысанасы ашылады, олардағы мазмұн, суреттер айқындалады. Әділетсіздікті, азаттыққа апаратын зор қайрат-өнер деген иидеяны ақын тамаша суреттер, поэтикалық көркем бейнелер арқылы терең толғап, кемел суреттеп жеткізіп берген.

Қысқасы, "Күйші" - өлімді, зұлымдықты жеңген өнер құдіреті туралы симфониялық сарыны, романдық қуаты бар, кең тынысты, асқақ әуенді күрделі шығарма.

"Күйші" поэмасының оқиғасына автор араласпай, сюжеттің табиғи ағысына жол берсе, "Құлагер" (1936) поэмасының көркемдік құрылысында құнарлы өзгешіліктер, тынбай ізденген өрен жүйрік суреткер тапқан тамаша жаңалықтар, эстетикалық игіліктер бар.

Ілияс поэмасының қаһарманы Ақан өмірінің трагедиялық беттері ақындық баяндауда кеңінен ашылады. Автор өз кейіпкерлеріне деген ілтипатын жасырмай "Тұсында сері болсын, пері болсын, Ұнайды өмірімен Ақан маған" деп ашық айтады. Тентіреп, тау-таста жүру себебінің әлеуметтік-қоғамдық сырын ашады. Ысқырған жылан өмір жанын шағып, жау қанжары жүрегін жаралаған, ащы тіл, асау мінез, өр талант иесі сұм заманда, кері кеткен дәуірде жалғыздық құрбаны азабын тартады. Ерге – тұсау, зорға – думан болған зар кезеңнің құрбаны ақын, сері, әнші дарынын жерге тыққан қара күш, қаңқу сөз, қызыл көз қызғаныш қана емес, ең басты дерт патша өкіметінің ата қоныс, туған жерін тартып алып, тентіретіп жіберуі еді. Елдің шерін зарлы өлең, ащы әнге қосқан Ақынның табынар тәңірісі – табиғат, көздің шарасындай мөлдіреп жатқан Бурабай көлі, аспанға шапшыған Оқжетпестің бауыры. Сұлулыққа ғашық сері мөлдір көлге шомылып, орманға ұйықтап, өлең айтып, күй тартып, кір өмірдің тікен тұрмыс, улы өсегінен аулақ жүреді. Бір кезде төренің қасына еріп, жүйрік ат, сонар саят қызығын көрген, саңлақ мініп, сұлу сүйген Ақан мәнсіз, пәтуасыз дырдудан жалығады. Әсіресе Ақмарқа сұлуға үйлене алмай, аһ ұрып қалған соң, көп ортасынан мүлде жырылып, тағы болып, аулақтанып кеткен.

Асқа келген соң ерегіс тіпті күшейеді. Атты жақсы танитын Батырашқа Көктұйғынның ажалы Құлагер болып көрінеді, жүйрігінің алдына басқа жылқы түсіп кететінін сезгенде, оның ішінде қызғаныш оты лаулап, өкпе-бауыры өртеніп, шегі үзілгендей болып, ұйқы көрмей алас ұрады.

Ақан мен Батыраштың бетпе-бет кездесу сәті екеуінің от шарпыған, қылыштай өткір диалогтары арқылы беріледі. Бұларды ерегістіріп, бір-біріне айдап салған, біресе Құлагерді, біресе Көктұйғынды мақтап, жамандап, әр қилы сөз айтқан әлдекімдер тобыр мінезін танытады. Өзін Алтайдың ақиығына балаған, байлығын, дәулетін бұлдаған Батыраш Ақанның кедейлігін, жалғыздығын бетіне басып, төренің атын ерттеп өскен байғұс ел Қарауыл едің деп кемсітеді, сүйегін сындырады. Ашудан жарылған тәкаппар ақын, өткір шешен байлығына мас болған әңгүдік, әкірең қаққан, көк сақалдың ит терісін басына қаптайды: "Құлагер Көктұйғынның басы-көзін су ғып озбаса, атым сенікі" деп серт байлайды. Өңі күйіп, тұтқыштай қап-қара боп кеткен Батыраш тым-тырыс үн қатпай, жерге кіргендей күйге түседі. Жат ортада жалғыз жүрген Ақан дәл осы сәтте Құлагерге тағдырдың не дайындап тұрғанын ойына қайдан алсын, "Аулым қонған Сырымбет саласына" деп шырқап ән сала береді.

Кең далаға әйгілі болған осындай астың бірі Арқада Ерейменді мекен еткен, малы көп, малайы мол, бірнеше әйел алған, үрім-бұтағы қаулап өсіп бай болған, жасы тоқсан төртке келіп өлген керей Сағынайға берілген. Ол шамамен 1850-1860 жылдар арасында өтеді. Осы асқа Құлагерге мініп, Ақан да келеді. Ілияс Жансүгіров поэманың "Ас" тарауында қазақ өмірінің, тұрмыс-салтының тамаша білгірі екенін көрсеткен. Қанық бояулы, жанды бейнелі картиналар жасайды, этнографияны, экзотиканы көрсеткен сырттай тамашалаушы емес, әлеуметтік-қоғамдық теңсіздіктерді ашқан реалистік құдіретті қаламның қолтаңбасы жатыр. Ақын қысқа тұжырып, ықшам қайырып, шағын штрих, кішкентай деталь арқылы әр түрлі адам бейнелерін, тұрмыс суреттерін жасайды.

Европалық әдебиеттерде сан алуан шығармалар арналған Моцарт пен Сальерри тайталасы, дәлірек айтқанда, талант пен дарынсыз адам арасындағы күрес тақырыбына қазақ поэзиясында алғаш терең бойлаған Абайдың:

Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап?

Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап,

Қыран шықса қияға, жібереді

Олар да екі құсын екі жақтап,

немесе,

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,

Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып, -

деген философиялық сарындарының әуездерін, осы атақ пен қызғаныш, тұлпар мен жабы арасындағы күрестің әр түрлі көрінісін "Құлагер" поэмасынан да табуға болады.

Сахара өміріндегі ерекше серуен, халықтың серпінді күшінің думанындай қызықты бір рақаты – ат шабыс дәстүрін Ілияс ерекше тәптіштеп, дәлді деталь, нақты сурет арқылы, қимыл-қозғалыс үстінде, жанды, тірі қалпында кең тыныс, зор шабытпен жеріне жеткізе, оқырманның айызын қандыра бейнелейді. Бұл орайда автор ғасырлар бойы қалыптасқан, фольклорлық көркемдік тәсілдерді, тұрақты теңеу, метафора, эпитет жүйелерін қымсынбай, еркін, мол қолданады. Әлеуметке хабар беріп ұран салған хабаршының:

"Көмбе қайда?" – десеңіз, Жоламаттың қасында,

Көзді салып көрсеңіз: Жыландының жолында,

Өркеш-өркеш көрінген, Көкжайдақтың шенінде,

Орғылап су төгілген. Бозойнақтың белінде,

Балдырғаны білектей, Қайыңдының дөңінде,

Бүлдігені көнектей Қарақусақ көлінде,

Балаусасы жібектей, Сонда бәйге төбеге,

Ерейменнің тауында, Жиыласыз көмбеге! –

Егіз қызыл бауырында,

деген өлеңінен дәлді жер жағдайын көреміз, көз алдымызға нақты сурет келеді. ал бәйгеге қосылған 1300 аттың ішінен қазақ даласына атағы жайылған жиырма желаяқ, мыңнан озған тұлпарға сипаттама беріледі. Олардың аттарының өзінде тамаша бейне, жүйріктің нақты қасиетін айтқан сыңшылдық дәлдік бар. Олар: серке санды Көкшетаудың Құлагері, Алтайдың серпінді Көктұйғыны, Меруерт жалдас Шудың Ақсұры, Сырдың Қызқарасы, Ұлытаудың Құбайы, Қаратаудың Құмайы, қыпшақтың Елікқұбақаны, Есілдің Қасқабұласы, Аралдың Алаүйрегі, Жарылқаптың Жирені, Балқаштың бейпіл Бөртесі, Семейдің Сұр серкесі, Тобықтының Тұйғыны, Жауғашардың Жамбыл торысы, Алатаудың Аққанаткері. Бәйгеге 30 боз, 20 жирен, 40 қара, 90 торы, 70 көк, 200 кер, саны белгісіз алақұла аттар қосылды.

Осындай ет пен майды ішке тыққыштаған, қазы-қартаға түйе кекірік атып, қымыз құсып жатқан жуандардың әрекетіне Ақан сері өнері қарама-қарсы, контраста алынған. Көлеңкелі ақ отауға түскен әнші қалың жұрттың көңілін тауып, тәтті, мұңды, ерке, сағынышты әндерді майда, нәзік сызылтады. «Үш тоты», «Ақ саусақ», «Ақмарқа», «Сырымбет», «Көкшетау», «Ахау арман», «Жайдарман», «Ақшашақ», «Кербез керім», «Жайма қоңыр», «Кер қашаған», «Ой, ерке», «Мейлің-мейлің» әндерін Ақан сері аққудай даусымен, биязы ырғақпен тербетіп салғанда, естіген жұрттың буыны босап, жүрегі елжірейді, жастық сезімі өрекпіп, кәрінің көзіне жас келеді. Әсемдік, сұлулық, ләззәт дүниесі, мәңгілік маххабат, өлмес ғашықтық жыры теңіз толқынындай рақат құшағына алады.

Елге, жұртқа, халқына, оның бүгінгі ұрпағына ғана емес, болашақ буын, келер нәсілдеріне өлмес байлық, әсем әуезді, сиқыр сырлы әндер сыйлаған ғаламат өнер иесі, ақын-композитор, әнші, сері Ақан бағана өштесіп кекте кеткен кекті Батыраштың не сұмдық, қандай қастандық дайындап жатқанын сезбейді. Қара дүлей, томырық күш, зұлым жауызбен ерегісіп, трагедиялық қателікке ұрынған сері жағдайын Ілияс оқырманға шымшымдай сездіріп отырады.

Құлагар өлімін Батыраштан көрген қалың жұрт әуелде толқындай көтеріліп, селдей қаптап, құныкерді таптап жіберердей болады; бірақ дәлді айғақ, ұстап берер дерек табылмай, Алтай жағы мойындамайды, қайта сыбағалы бәйгемді бермедіңдер деп, көк айыл Батыраш жер тепкілеп, Керейлердің өзіне пәле салып, тіпті «Қарауылдың бір жылқысын тартып сойдым, неғыласыңдар, керек болса, еліңді шабам» деп қорқытады. Ырың-жырың көпшілік басы бірікпей бытырап, әркім өз бетіне тарап кетеді. Айдалада Құлагердің басын құшақтап зарлап, жылап, көзінен қанды жасы ағып Ақан сері отыр.

Қорлық, таба, жала қыспағында өмір сүргеннен гөрі ашық майдан, жекпе-жекте мерт болуды артық көрген Пушкин, Лермонтовтар поэмада тегін айтылмаған, олардың Ақан серімен рухани бауырластығы, трагедиялық тағдырластығы көрсетіледі. Шығарма прологы мен финалы ұқсас. Әсем үні бір күнде аспанға өрлеген Ақан сері енді кісі танымастай, тірі өлік. Оны осы халге жеткізген сұм заман, әділетсіз ортаның тепкісі. Мойынға түскен зіл батпан азаптың біреуі – Құлагердің мерт болуы еді.

Құлагер – Ақан серінің сұлулық, әсемдік идеалы еді, Құлагерді өлтіру ақын, әншінің көркемдік мұратын өлтіру болатын. Дарынсыздың талантты жерге тығуын, қызғаныштың даңқты таптауын, жарықты қара түнектің жұтуын трагедиялық қуатпен бейнелеген Ілияс Жансүгіров поэмасының оптимистік рухы қайғыдан туғанмен өр, мәңгі жасайтын, халық жүрегіне ұялаған, қанды қол жендетке қарғыс таңба басқан, қазақ қиялының ғажайып аты, өрен тұлпарға ескерткіш орнатқан «Құлагер» әнінің туып, таралуына сабақтас жатыр.

Қазақ тілінің лексикалық байлығын терең игеру, сатиралық күлкілі жігіттерді көре білу, адам мінездерін ашатын реалистік диалогтарға икемділік секілді ерекшеліктер Ілиястың прозалық шығармаларының, әсіресе оның “Жол аузында”, “Құқ” кітаптарына енген әңгіме, фельетондарының басты қасиеттері. Қазақ аулындағы әлеуметтік-таптық өзгерістерді, жаңа психологияны, өндіріс, мәдениет, техникаға бой ұрған адамдарды бейнелеу талабындағы әңгімелер, нақты-нақты деректерге сүйеніп жазылған репортаж, очерктер тәжірибесі арқылы өскен қаламгер халық өмірінің кең панорамасын жасауды мақсат еткен қалың оқиғалы, қою тартысты, көп кейіпкерлі “Жолдастар” романын тудырды. Шаһар тіршілігі, қала тынысы, он алтыншы жылғы аласапырандағы қазақ жігіттерінің қасіретті азабы, жұмысшылар ортасы, кемешілер әрекеті, оқыс, шырғалаң, қызықты сюжеттерді ала отырып, жазушы бостандық, теңдік азаттық үшін күрескен халық өкілдерінің сан алуан образдарын жасау арқылы өмір шындығын айтпақ болған. Сатан, Мәмбет, Мардан секілді жігіттер тағдыр талқысына түсіп, қорлық көріп, тапталса да мойымайды, қайралған қанжар іспеттес қайта жарқырап күреске түседі, әуелі барымта, ұрлықпен жуандардан өш алса, кейін әлеуметтік жағдайды, таптық тартысты түсініп, саяси айқасқа шығатын деңгейге көтеріледі. Әрине, романдағы көптеген персонаждарды тұлға дәрежесіне көтерліді деп айту қиын. Қазақтың ауызекі әңгіме айту дәстүріндегі шеберлікті еркін игерген Ілияс жеке бөлімдердің байланысы, композициялық тұтастық, типтендіру принциптеріне келгенде европалық үлгілерді терең меңгермегендігін, проза саласындағы, әсіресе роман жазуда тәжірибесіздігін аңғартып қояды. Табиғат суреттері, адам портреттері, мінез қалыптарын ашуда жазушы реалистік биікке көтерілді. Юморлық, сатиралық кейіпкерлерде көркемдік қуат бар. Жазушының суреткерлік қуаты барымта, жұт сценаларын, билер дауы, молдалар айтысын, жұмысшылар ортасын бейнелеуден жақсы көрінеді. Бір мысал.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]