Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

4 дріс

.docx
Скачиваний:
33
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
49.11 Кб
Скачать

“Жан-жақты қап-қара түтін басты. Түтін астындағы қараған, тобылғы, боркөздердің бадалы патырлап жанып, аспанға лаулады. Күн шілдесі жаздай қақтап, шақпақтың қуындай тұтанғалы тұрған қуқыл бетеге аз ғана желдің лебімен отты жан-жаққа әлдеқашан алып кетіпті. Қаулаған өрт, заулаған от көптен жауын тамбаған қу далаға ойнақты салып берді. Қарағандар бытырлап, тобылғылар шытырлап, шөптер от шалғысына шабылып, жылан-шаян шырылдап, бақа-қоңыз құрылдап, тау-тасты өрт алды”.

Стихиялы күш, тілсіз жау қаптаған өртті жазушы осылайша динамикалық қалыпта, жаны бар, ертегінің жалмауызы, аяу білмес қаһарлы дүлей ретінде бейнелейді.

Романның деректі негізін, өмірлік материалын Ілияс зерттеп, жинақтап, іріктеп алған, қаламгерлік қиялмен өзгерткен, сұрыптаған, дегенмен Мұқаметқали Тәтімов, Көлбай Төгісов секілді тарихи адамдардың тағдырымен Мәмбет, Сүбай бейнелерінің ұқсастығын көру қиынға соқпайды.

“Жолдастар” – қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік-психологиялық роман жазу барысындағы алғашқы сәтті тәжірибелердің бірі, өмірлік мазмұны терең, эстетикалық әсері күшті сапалы шығарма.

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТІҢ ДРАМАТУРГИЯСЫ

І.Жансүгіровтің қолжазбаларын, аса бағалы архив материалдарын, басқа қаламгерлерге де қатысты көптеген құнды, қымбат тарихи құжаттарды, фольклор нұсқаларын қиын жағдайларға қарамастан, ұзақ жылдар көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жоғалмастай етіп қалдырған оның жұбайы Фатима Ғабитова былай дейді: “Ілияс драматургия жанрында көп жазған жазушы емес. Тек 1931 жылдан бастап қана қолға алып, бес-алты жыл ішінде ірілі-уақты сегіз шығарма жазды” (І.Жансүгіров. Шығармалар, 5-т. А., 1964, 3-бет).

Дау туғызбайтын, дәл тұжырым. Бірақ Ілияс Жансүгіровтің драматургиядағы ізденістері туралы пікір қозғағанда, пьеса атымен жарияланған шығармаларды тексеріп қою аз. Ақын қазақ өлеңінің ырғақ, ұйқас жүйесіне жаңалық әкелумен қоса, формалық тұрғыдан да бірқыдыру барлау жасаған. Осы қатарда автордың өлеңде диалог үлгісін жиі қолданғандығына айрықша тоқталу керек.

Ақын 1921 жылы жазылған жиырма үш тармақты “Қазақы қорытынды” деген өлеңін әкесіне баласының қалыңмал қалды деген хабарды жеткізген диалогы түрінде қиыстырған. Бала – жаңалық жаршысындай, әке-ескілік жоқшысындай. Сол жылы жазылған “Некешілдер” өлеңнің көлемі елу жеті тармақ. Жақсыбай, молда, келін секілді персонаждар арасында шағын болса да, тартыс бар. Молдаға жалпылдап, қазан көтертпек Жақсыбайдың ішкі есебі – інісі өліп, енді жесір отырған келінін шариғат жолымен әмеңгерлікке көндіру. Әуелде дін жолымен алдаусыратқан молда, артынан күшпен қорқыта бастайды, бірақ келіннің көнер түрі жоқ, қақ маңдайдан таяқпен соққандай, ауыр, ащы сөзбен балағаттап қуып шығады.

Осы шығармадан кейін автор поэзияда, оның ішінде, әсіресе көлемді өлеңде, диалог формасын жиі қолдана бастайды. Бұлар лирикалық сипаттағы, сюжетсіз туындылар емес, қысқа, шағын да болса оқиғалы, әрекетті, негізінен персонаждар қарама-қарсы ыңғайда алынатын драма тәріздес дүниелер.

Көлемі, жазылу әдісі жөнінен “Тапанша” (1922), “Ит-ай” (1923), “Жарқынбай, Беркінбай” (1923), “Бай бәйбіше” (1927) өлеңдері бір-бірімен қарайлас. Бұларда таптық айқас тудырған қазақ ауылындағы психологиялық өзгерістер сөйлеу тілінің мүмкіндіктері арқылы беріледі. Ақын инверсия, градацияға мән береді, монологты пайдаланады. Сатиралық ыңғайда жазылған кейбір өлеңді формасы жөнінен бір көріністі шағын скетч деуге сыяды. Автор қимыл, қозғалысқа, мінез қалыбына байланысты ремаркалар беріп отырады. 1931 жылы жазылған “Шошқа” деген өлеңінде драмалық формамен қоса, шарттылық әдісі қолданылады, автор, бір жағы, атеистік мақсатпен, екінші жағы, шығарманың әсерін күшейтуді ойласа керек, шошқаны молдамен дауластырып қояды. Байқасаңыз, бұрын бұл доңызды бақайына отырғызбайтын молдадан енді дәрмен кеткен секілді, талпақ танау шіркін өкірештеп әкетіп барады ғой!

Сөйтіп, диалогты өлең формасы Ілияс Жансүгіровтің драматургия жанрына бел шешіп, білек сыбанып барар алдындағы алғашқы барлауы, жемісті ізденісі болды.

Драматург қаламынан туған дүниелерді шартты түрде шағын және көлемді пьесалар деп екі салаға бөліп қарағанда, олардың жанрлық, стильдік ерекшеліктерін ажыратып, көркемдік өзегін ашып, жалпы әдеби процестегі орнын айқындау негізгі нысана.

Шағын көлемді, бір перделі пьесалардың барлығы да өлеңмен жазылған. Оқиғаға қатысты кейіпкерлердің жасы, мінезі, әлеуметтік отбасылық тегіне байланысты тәптіштелген анықтама берілмейді, тіпті дәл аттары да айтылмай, жалпылай көрсетіледі.

Бұл шығармалардың негізгі сарыны – енді ұжымдық өмірге бет алған ауыл тынысы, адамдар санасындағы жаңғырулар. “Мін де шап” атты бір перделі пьесада шарттылық тәсілімен берілген сатиралық мотив бар. Жаңа өмірдің мағынасын терең түсінбеген, дүмбілез шала-жансар, ұйқыдан бас көтермейтін колхоз бастығының сиырмен, атпен диалогы арқылы берілетін көріністерде улы мысқыл жатыр.

Сиыр сөйлеп тұр... Шаруашылықтағы қырсыздықты, оралымсыздықты, еңбекке икемсіздікті айтады.

Ат сөйлеп тұр... Керенау, кердең, кер жалқау, шолақ белсенділерден келген кесепатты айтады. Формасы, идеясы жөнінен Сәкен Сейфуллиннің әйгілі “Қызыл ат” поэмасымен сарындас бұл шығарманың кезінде актуалды мәні болғандығында дау жоқ.

Ыбырай Алтынсарин шығармашылығында басталған балаларға арналған жазба әдеби шығармалар тудыру дәстүрі Ілияс Жансүгіров поэзиясында дамытыла түсті. Ақын фольклордағы орныққан, жемісті өрнектерді, дыбыс әуезділігін, тұрақты тіркестерді, қалыптасқан бейнелерді өнімді пайдаланып, көшпелі өмір суреттерімен қоса, жаңа заман тыныс-ырғағын көрсеткен шығармалар да жасады.

Әрекет көлемінің ұлғаюы, персонаждар санының өсуі, композицияның күрделіленуі жөнінен келгенде “Колхоз тойы” пьесасы драматургтың шағын көлемді сахналық шығармаларының ішінде оқшаулау тұр. Автор халық тұрмысында бар той салтанатындағы театрға жақын элементтерді пайдалана отырып, жаңа дәстүр, жаңа мазмұнды сәтті бейнелейді. Пьесада әрекет аясына байланысты өлең өлшемдері өзгеріп, жеті-сегіз буынды жыр ағымы, он бір буынды қара өлең ұйқасы кезектесіп отырады. Ақын поэзиясының стильдік өзгешелігін танытатын “Тақылда, тіл тақылда”, “Қимылда, тіл қимылда”, “Айт, айт жырды, айт жырды”, “Жорғала, тіл жорғала”, “Соқ-соқ, өлең, бағала”, “Сорғала, жыр, сорғала” деген секілді градация үлгілері диалогтарда қолданылады.

Осы шағын шығармада кейін көптеген қазақ қаламгерлері драматургияда жиі пайдаланған ұлттық ойын ақындар айтысының формасын кәдеге асыру тәжірибесі бар. Драматург той салтанатына лайық атмосфераны жыршы, ретші, колхозшылар атынан айтылатын әр түрлі реплика, диалог, монолог, полилог сипаттарында келетін көп дауысты үн арқылы береді. Әрекеттің ең шарықтайтын тұсы, тойдың әбден қызған мезгілі – “Талаптан” және “Қастек” колхоздарының айтысы.

Сонымен, Ілияс Жансүгіровтің драматургиядағы алғашқы ізденістері поэзияда диалог, монолог формаларын қолданудан басталып, бір перделі шағын пьесалар жазуға ойысады. Бұлар адам характерлерін ашатын, күрделі тартыстарды көрсететін, жанрдың қатал талаптарына жауап беретін, төрт құбыласы бірдей, бас-аяғы теп-тегіс, жұмыр дүниелер емес, актуалды тақырыптарға арналған үгіттік-насихаттық идеяларға құрылған, әдеби монтаж, сценарий, скетч, либретто, фельетон сипатындағы туындылар.

Ақынның жаңа, күрделі жанрдағы тәжірибесі шығармадан шығармаға ұлғайып, авторлық идеал, шығармашылық мақсат шарттары кең көлемді, терең тынысты, күрделі пьесалар жазуға алып келген. І.Жансүгіровтің зерттеушілер назарына ілікпей, тексеру объектісіне айналмай жүрген бес суретті “Райхан” атты драмасы тақырыбы жөнінен де, көркемдігі жөнінен де өз кезіндегі қазақ пьесаларының жуан ортасында тұруға толық мүмкіндігі бар дүние.

Ілияс Жансүгіров алғашқыда драматургия саласында шағын формаларды игеру, жанр техникасына машықтанумен болса, “Кек” пьесасын жазу үстінде талант толысуына, қаламгерлік марқаюға, шеберлік шыңына көтеріледі.

Ең алдымен, суреткер дүниетанымында ілгерілеп өскендік, диапазон кеңеюі байқалады. Бұрын қазақ аулының пейзажын, ел өміріндегі өзгерістерді өлең, шағын поэма арқылы жырлап жүрген ақын енді ұлт тарихындағы ғаламат бетбұрыс – революция тақырыбы, тап күресіне батыл барып, туған әдебиетте әлі іргесі толық қаланып бітпеген жаңа жанрда күрделі көлемді шығарма тудырып, суреткерлік эволюцияның биік сатысына көтеріледі.

Бұрын жазылған, сахнада қойылып жүрген белгілі шығармалар “Еңлік-Кебек”, “Бәйбіше-тоқал”, “Қарагөз”, “Арқалық батыр” аңыз, эпос материалдарын, солардың көркемдік поэтикасын арқау еткені мәлім. Революциялық тақырыпта маңызды пьеса тудырған С.Сейфуллин үлгісі демесе, дәл “Кек” жазылар тұста қазақ драматургиясы реалистік дәстүрлерді түгел игеріп кетті деп айтуға болмайтын еді.

Отызыншы жылдардың орта шенінде, тарихшыларымыз Қазақстанның өткеніне байланысты ғылыми объективті пікірлерді анық тұжырымдап бітпеген кезде, жазушыларымыз әлі тарихи-төңкерістік, тарихи-ғұмырнамалық тақырыпқа бойлап бармай тұрған шақта Жансүгіровтің Исатай-Махамбет өмірінен пьеса жазуы шығармашылық үлкен батылдық, әдебиетіміз үшін маңызды қадам болатын.

Өз тұрғыластары, тағдырластарына қарағанда, ақынның архиві біршама сақталған. Фатима Ғабитованың ерлікке пара-пар құнттылығының арқасында жоғалмай, шашылмай жеткен материалдардың көпшілікке мәлім бола бастаған кейбір фактілеріне жүгінгеннің өзінде, Ілиястың тақырыпқа бару жолында зор ізденіске түсіп, көп еңбек, мол қайрат жұмсағанын көреміз.

Драматург ең әуелі Исатай – Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің әлеуметтік мәнін, қозғаушы күштерін, жеңілу себептерін тарихи тұрғыдан айқын, дұрыс түсінген. Өмірде болған, көтеріліске қатысқан адамдардың іс-қылығын дәл көрсеткен. Жер, ру, кісі аттары өз қалпында алынған. Осындай деректі, документті негізі бар шығарма сахналық өнердің биік, қатал күрделі талаптарына жауап берерліктей көркем, шебер.

Шығарма өлеңмен, ішінара қара сөзбен жазылған. Ремаркада “үш перделі, алты суретті трагедия” деп анық көрсетілген. Автордың хор, дуэт деп арнайы айтып отыратын тұстарына қарап, туындыны жеңіл құрастырылған жадағай опера либреттосы қатарына әсте жатқызуға келмейді. Біздің ойымызша, Жансүгіровтің бұл шығармасы сахнаға қоюға лайықталып жазылған, басты назар, негізгі салмақ музыкалық әуен, опералық саз, арияларда емес, сөздің ішкі қуатында, астарында, мағына-мәнінде жатыр. Бұл - әдебиетіміздің тарихынан сыбағалы, мәртебелі орын алуға лайық тамаша трагедия. Күні бүгінге дейін еленбей, ескерілмей, бағаланбай келсе, өз салғырттығымыз, әдебиеттанудағы олқылық, асылдың қадірін білмеу.

Абзалында Ілияс Жансүгіровтің “Исатай-Махамбет” трагедиясы өмірлік фактілерінің дәлдігі, оларды сұрыптауы, кейіпкерлерді даралауы, драматургиялық құрылысы, идеялық-эстетикалық нысанасы – жалпы маңызы жөнінен осы тақырыпқа арналып бұрын-соңды жазылған, М.Ақынжановтың “Исатай-Махамбет”, Ғ.Слановтың “Махамбет”, Б.Аманшиннің “Жақия” пьесаларынан шоқтығы биік туынды десек, бұл – ұлы ақынның аруағы алдында бас ию емес, шығарманы нақты анализ жасаудан туған дәлелді тұжырым, әдеби дамудың шындығы.

Әдебиеттер:

1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 7-том. А., 2004-2008

2. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А., 2003

3. Ысқақ Д. Әдебиеті сын тарихы. А., 2012

4. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. А., 2002

5. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ әдебиетінің тарихы. Астана, 2006

6. Қ.Жүсіп. Көркем сөздің құдіреті. Павлодар 2000

7. Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. – Алматы:1965

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]