Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
7 дріс.docx
Скачиваний:
43
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
45.98 Кб
Скачать

7-тақырып. М.Әуезов шығармашылығы

Мазмұны: М.Әуезовтің әңгімелері мен повестерін, ондағы әлеуметтік өмір шындығы, тартыс көрінісі, психологизмнің әсері, көркемдік ероекшелігі, образ және тип, портрет және пейзаж, адам характерін жасаудағы диалогтің мәні. Драма жанрындағы туындылары. Трагдияларының тақырыбы, идеясы, образдар жүйесі, тартыс. «Абай жолы» роман-эпопеясының әлем әдебиетіндегі орны.

М.Әуезовтің шығармашылығы әдебиет үшін үлкен үйрену мектебіне, шеберлік, парасат мектебіне айналып отыр. М.Әуезовтің шығармашылық мұрасы, поэтикалық әлемі, көркемдік дәстүрлері қазіргі қазақ әдебиетінің даму, ілгерілеу жолын анықтап, белгілеудің, сонымен қатар қазақ әдебиетінің бүгінгі күні жеткен биігі, асқан асуының да дәл және айрықша өлшемі бола алады. Бұған белгілі қаламгерлердің ой-пікірлері арқылы да көз жеткізуге болады.

Мысалы, академик З.Қабдолов: «...біз М.Әуезовті өзіміздің рухани әкеміз санаймыз», - деп, ұлы жазушының әсемдік әлемінің ешкімде жоқ сұлу байлығын құрмет тұтады. Ал Ш.Айтматов: «Өз басым өзге елге сапарға шығып, бөтен жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: бірі – Манас, бірі – М.Әуезов. ...осы екеуіне иек артсам болғаны, жат жұрт арасында жалым күдірейіп шыға келеді».

Әңгімелері. М.Әуезов көркем прозасының басы 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» әңгімесі. Әңгімеде қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі жазған. Әңгіме әсерлі табиғат суретінен басталады: «С. Қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көріне дәмелендіріп тұрады. Жолдың аузында созылып жатқан көлденеңі он шақырымдай, бірақ ұзыны тәуір болғанмен енсіз кереге сықылды жалғыз жал. Не бауыр, не сыртында ықтасын жер жоқ. Арқалық жадағай жалғыз болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да панасы болмайды. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды». Арқалықтың осы түрі оқырманды бірден-ақ бір түрлі оқыс оқшау сезімге салып, сүреңсіз табиғаттың әлдеқандай бір беймәлім сырынан секем алғызады. Құлазыған құла түз, жалаңаш жол, қаһарлы қыс, бұрқаған боран... Бұл өңірдегі табиғаттың осы көрінісінің өзі-ақ әлдебір жұпыны, жоқ-жітік халдің хабаршысындай адамға ауыр ой салады. Сонда бұл сурет табиғат көрінісі емес, сол кездегі заман сипаты, адам тағдыр-тіршілігінің түрі тәрізденеді. Осындай әсерлі суретке жалғаса келіп, Күшікбай батыр туралы аңыз әңгімеленеді. Бұл да тартымды оқиға, әңгіменің фабуласымен ұтымды ұштасқан эпизод. Осы тұста жазушының екі түрлі қасиетін тануға болады: 1) өмірді бейнелеудегі шыншылдық; 2) ортаны танытудағы ұлттық ерекшелік. Осы екі қасиет әңгімеге нақтылық, нұсқалық, заттық сипат береді. Мысалы: «Күшікбайдың кім екендігін, бастан қандай дәурен кешкендігін әрі-ьбері өтіп жүрген керуеннің көбі білуші еді. Оларға білдіретін заманның шежіресі дәурені өтіп, кедейлік басқан, көңілсіз салқын өмірге түскен кәрілер болатын». Әсіресе соңғы сөйлемнен аңғарылатын шындық айрықша әсер етеді адамға. «Ақсақал мал қоралап болып жайланып, шайын ішіп, қазан аспаның аузында кейде жылтылдап, кейде лапылдап жанып жатқан отты көріп, бұрқылдап қайнап жатқан еттің исі мұрнына келіп отырғанда серпіліп әңгіме бастайды». Бұл үзіндіде, яғни суреттен танылатын тұрмыс-тіршілікте де, мінез-құлықта да айқын ұлттық бояу бар.

Күшікбай туралы аңыздан кейін әңгіменің арқауы басталады. Қаңтар айының батар күні дүниені қызыл сәулеге бөлейді: «Күнге жақын тұрған ұзынша жұқалаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған темірдей қып-қызыл болса, одан алысырақ тұрғандары асыл нұрдың буын ғана жалатқандай... Күннің қызыл сәулесі даланы да, тауды да өңіне кіргізген, тіпті күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн астында қызғылттанып көрінеді» - бұлардың бәрі пейзаж. Бұл жерде автор күннің қызыл сәулесін әдейі алып отыр. Әңгімеде жан-жақты көрінген бейшара жетімдердің жіңішкеріп, жұқарып барып үзілер соңғы үміт көріністері тәрізді. Бұл – символ. Ары қарай: «Күшікбайдан асатын қара жолдың үстінде Арқалықты бетке алып, қала жақтан бір пар атты келе жатыр. Жайдақ саы шанаға биіктеп салған жеңіл жүгі бар, жақсы киінген екі жігіт».

Автор жолаушының кескін-кейпіне ауысып, оны мінез-құлқымен салыстыра тағы да суреттейді. Портрет жасауда да жазушының талғампаздығын, ұсталығын байқаймыз.

«Жолаушының бірінің торғын түсті жаңа тымағы бар. Қалың киімінің сыртынан киген сұр түсті шекпен, жағасы қара барқыт. Байпағының қонышын барқытпен көмкерген жаңа қара етігі бар. Алғашқы көрген жерден-ақ мынау мырза дегізгендей...» Бұл – Ақан. Жазушының Ақан мырзаның сырт түріне, киім киісіне дейін назар аударып, егжей-тегжей етіп беруде бір мәнді мақсат бар. Қаһарманның сырт бітімі арқылы оның қай жердің қазағы екенін ғана аңғартып отырған жоқ, қай мезгілдің адамы екенін дәл танытып тұр. Демек, бұл суретте уақыт пен кеңістік сыры жатыр. «Бұл жігіттің жасы 30 шамасында. Орта бойлы, дөңгелек денелі, қысқалау мұрынды, шоқша сақалды, сұрғылт беті дөңгелек, жалпақтау. Суық қарайтын қисық біткен кішілеу өткір көзінде және түксиген қабағында өзгеше қаталдық бар. Кішкене мұрны көз-қабағына үйлеспейді. Бұл адамның күлгендегі пішіні құмарлыққа көп салынғандығын білдіріп тұрады».

Ақанға сыртқы түрімен де, ішкі сырымен де қарама қарсы образ – Ғазиза. «Сыпайы, нәзік өскен Ғазиза жіңішке, сұңғақ бойлы, аз ғана секпілі бар, дөңгелек ақ сұр жүзді. Жалғыз-ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынаған, кірбеңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу. Жас басына орнаған қайғы, жүрегін жеген дерт сыртына шығып тұр».

Осы Ғазизаның басындағы ауыр уайымның сырын жазушы терең ашып береді. Ғазизаның «уайымы осы үйдегі үш әйелге ортақ болған жесірлік, жетімдік. Бұлардың басынан тағдырдың дауылы жаңадын ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас бейіттер сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабірде жатқан Ғазизаның әкесі Жақып және кішкене бауыры Мұқаш. Иесіз қорада қорғансыз, қуатсыз үш әйел құлазып зарлап қалғанда, маңайынан жиылған көрші-қолаң ғазиздердің сүйегін қабірге бергенін ойлағанда әрқашан Ғазизаның жүрегі шаншып, өңі қашып, көзінен ыстық жасы тамшылап кетуші еді».

С.Мұқанов: «М.Әуезов шын мағынасындағы еуропалық прозаның дәрежесіне көтерілді.

М.Әуезовтің «Оқыған азамат», «Сөніп-жану», «Жетім», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Жуандық» т.б. әңгімелерінің бәрі өзара тағдырлас: бірінің бейнесін бірі толықтырып, бірінің мінезін бірі тереңдетіп тұрады. Тақырыбы ортақ, сюжеті желілес болып келеді. Суреткер шындықты шынайы береді.

«Үйлену» деген әңгімесі алғашында «Жас жүректер» деген атпен, ал «Сөніп-жану» - «Заман еркесі» деп ұсынылған. Кейінгі шығармаға Абайдың:

Қарасам қайғыртар жұрт бұл заманғы,

Салқын, қуыс - өмірі, я қараңғы.

Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,

Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды.

Бала мінез, ойыншы бұрынғылар,

Аңқау екен, мазақтар соны сынар.

Артқа қарап, ақпейіл шалға күліп,

Абүйірсіз, атақсыз көрге құлар, -

деген өлеңі эпиграф есебінде алудың терең мәні бар. Жазушының меңзеуінде интеллигенцияның жастық желігімен қоса, «абүйірсіз көрге құлар» қасіреті де қамтылған. Олар (интеллигенттнр) өздерін уақытша «заман еркесі» сезінеді. Соның артында терең қасірет бар.

Автор осы жылдардағы әңгімелерінде тақырыптың өзін мысқылмен «оқыған азамат», «заман еркесі», «қазақ қызы» деп қойып, олардың жан дүниесіндегі жалғандықты бүркемелеп тұрған «қылымсуды» әшкерелейді. Кейін тақырыпты, эпиграфты қысқартып тастайды.

«Үйленуде» өзінің Кәмилаға үйленуі суреттелген (әйелі Райханды тастап, Кәмила Мағауияқызын алып қашады).

«Кінәмшіл бойжеткен» мен «Қаралы сұлу» - автор басына талай дау-дамайды үйірген әңгімелер. Екеуін М.Әуезов көбірек түзеп, өңдеген. Өңделгеннен кейін көркемдік концепция әуелгі нысанасынан мүлдем қарама-қарсы бағдарды ұстанып, тонын айналдырып шыға келеді. Негізгі кінә - кейіпкер әйелдің бойындағы қазақы мінездің, тұрмыстағы әдет пен әдебінің іштарта, үлгі ете суреттелуі. Сал-серіліктің, сайранды көштің, пәуеске мінген жесірдің сән-салтанаты кейбір «әлеуметшілдерді» сескендірді. Ал керісінше «Кінәмшіл бойжеткендегі» нәсіпқұмар Ғайшаның зинақорлық қылықтарына намыстанып, «ойдан шығарылған ішкі сурет», «қазақ қызының намысына тиерлік жала» деді. Т.Жұртбай: «Әңгімелеріндегі тосын құбылыс – көркемдік кестесіндегі Еуропа классикалық әдебиетінің өрнегі, сарыны. Адам жанындағы психологиялық өзгерістерді Мопассанның, Бальзак, Тургенев кейіпкерлерімен үндестіре беруінде. Қазақ қара сөзінің жүйесі – қызықты, оқыс оқиғаға, аянышты халге, барымта іспетті үйреншікті тақырыпқа құрылып, негізгі жүкті сюжетке артатын балаңдық дәуірден әлі арылмаған кезде, адамның жан дүниесінің толқынына, сезім сырына, іштей психологиялық иірімге құрылған шығарманы жатырқай қарсы алды. Қабылдамады. Шығыс салтына ұятты істей көрінді».

М.Әуезов адамның сана-сезіміндегі жасырын құбылыстарға үңілді. Сыртынан гөрі іші-сыртының ыстық-суығы араласқан, ұят пен тілек, әдеп пен нәпсі шарпысқан әйелдің бейнесін жасады. Мазмұны, орындалуы, тұспал-нысанасы жағынан бір-біріне кереғар екі туындыны – «Кінәмшіл бойжеткен» мен «Қаралы сұлуды» бір жылда жарыстыра жазды.

Екі әйел – екі көзқарас. Өмірге, махаббатқа да екі түрлі тілекпен қарайды. Бірі – дене рақатын аңсайды, бірақ адал жар сүйгісі келеді. Екіншісі – бойды буған табиғи тілекті жеңеді. Әйел жанының мұндай тылсым құпиясын сыртқа шығарған шығарманы түсінуге сол кездегі қазақ қоғамы дайын емес еді.

«Қаралы сұлуды» өзгертуге себеп болған (алғашқы нұсқасында табиғи тілекті жеңеді) сын мынау кді: Қаракөз – бай жердің келіні, малшы Болатты қорлай сөйлейді. Сондықтан М.Әуезов Қаракөзді екінші нұсқасында шалдың ырқына көндіреді. Қаракөздің прототипі – Мәден Түсіпбаева.

Т.Жұртбай: «Көксерек»(1928-1929) – жазушының жеке өз өміріндегі және өнеріндегі сандаған оқиғалар мен сарындардың қорытындысы және жастық шақ пен түрмеге түскенге дейінгі жақсы күндермен қоштасуы тәрізді». «Көксеректегі» адам мен табиғат арасындағы байланыс пен қарама-қайшылықты, түсініспеушілікті бейнелеген автор идеясын әсіре солшыл сыншылар бұрмалап, Көксеректің болмыс-бітімінен саяси астар мен қателік іздеді: «Көксерек - өтіп кеткен көшпенді дәуірдің елесі», - десті. Құрмашты қасқырдың өлтіруі – философиялық толғам. Адамды талаған тағыны тазыға жеңдіруі – үлкен философиялық астарлы ойды меңзейді. «Көксеректе» бірінші қатарға адамгершілік, қайырымдылық, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділік және олардың арасындағы қарама-қайшылық көркем шығарманың идеялық қазығына айналды. Көкскркек – қолға асыраған бөлтірік. Адамдар, Құрмаш оны жақсы көреді. Бірақ «бөрінің бөлтірігі далаға қарап ұлиды». Ол қатігездікті тудырған – табиғаттығ қарама-қарсылық заңдылығы. Зұлымдықты әділеттілік жеңеді. Бір адамды қансыратқанмен, бүкіл адамзатты жалғыз көкжал жуасыта алмайды. Сөзсіз жазаға тартылады.

Повестері. «Қилы заман» повесі. Жалпы, М.Әуезов эпикалық құлашы кең, қарпуы мол қаламгер екенін ең алғашқы шығармаларының өзінде-ақ танытқан болатын. Алайда, жазушының алғашқы шығармаларында суреттелетін өмір, баяндалатын оқиға көбінесе төңкерістен бұрынғы кезең болғандықтан, сол тұста тақырыптың ескілігі авторға жалған кінә болып тағылған еді. 1928 жылы басылған «Қилы заманның» алғы сөзінде «аты басқа, заты бөлек, беті теріс адам» деген сияқты жалған айып тағылды да, байыбына бармай, ойланбай айтылып қалған сол бір сыңаржақ сынның салдары көпке дейін созылғаны белгілі. Тек 1979 жылы М.Әуезовтің 20 томдық шығармалар жинағының екінші томында Ш.Айтматовтың алғысөзімен жарияланды.

Әдебиеттану ғылымында «Қилы заман» повесі туралы зерттеулер жүргізілмеді деп айта алмаймыз. Әсіресе повестің тарихи негізі туралы көп айтылып, молынан жазылды. Атап айтқанда, академик Ақай Нүсіпбековтың естелік-мақалаларында, Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың докторлық монографиясында, Т.Жұртбайдың «Бейуақ» атты кітабында, Фатима Ғабитованың «Алыптар тағдыры» атты күнделіктерінде мәселенің бір қыры жан-жақты әрі терең ашылған. Бұл авторлар М.Әуезовтің шығармасына арқау болған деректерді жинау мен талдаудағы өзіне тән ерекшеліктерін, тарихи шындықты классикалық көркем туындыға айналдырудағы хас шеберлігін сенімді дәлелдер арқылы баяндаған.

«Қилы заманның» жазылуына не түрткі болды деген мәселеге келсек, тарихшы зерттеушілер оның үш түрлі себебін атайды: біріншіден, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Ыдырыс Көшкінов тәрізді ел жақсыларының М.Әуезовке айтқан өтініш-ұсыныстары. Екіншіден, Қарқара өңірінде ұлт-азаттық қозғалыстың 10 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатқа қатынасқан тұңғыш қазақ театрының саңлақтары Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Серке Қожамқұловтардың М.Әуезовке айтқан әсерлі әңгімелері деп пайымдайды. Үшіншіден, М.Әуезовтің нағашы жұрты жетісулықтар болғандығынан дейтіндер де жоқ емес. Тағы бір ғалымдар, мысалы, т.ғ.д. Қ.Нүрпейісов М.Әуезовтің аталмыш тақырыпқа баруының себебін тереңнен іздейді. Негізгі себепті 20-шы жылдары КСРО-да, оның ішінде Қазақстанда бел алып күшейе бастаған әкімшіл-әміршіл жүйеге, қатарында М.Әуезов те бар ұлттық-демократиялық зиялы қауымның рухани қарсылығынан іздеген жөн деп атап көрсетеді. Себебі, 1920 жылы азамат соғысы Кеңес өкіметінің жеңісімен аяқталуына байланысты сол кеңестік тәртіпке қарсы тұрған Алаш қозғалысы тарих сахнасынан күштеп кетірілгені белгілі. Сондықтан да зиялы қауым өкілдері - Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов халықты билеуші режимге қарсы қарулы күреске шақыруды қажетсіз, тіпті зиянды деп санады. Олардың пайымдауынша енді күрес рухани салаға ауысуы қажет деп есептеді. Бұл рухани қарсылық 1920-28 жылдарды қамтыды. Ал М.Әуезов жазушы ретінде де, ғалым ретінде де, азамат ретінде де рухани саладағы күрестен сырт қала алмады.

20-жылдардың ортасынан бастап, тоталитарлық жүйенің күшеюіне орай ресми саяси және ғылыми әдебиетте қазақтардың арғы-бергі тарихының өзекті мәселелері, ең алдымен Қазақстанның Ресейге қосылу тарихы, ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы, жер-су мәселелері өрескел бұрмалана бастады. Сондықтан М.Әуезов сол кезеңдегі қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілістері тарихын бұрмалауға ашық қарсылық ретінде 1916 жылғы Жетісудағы ұлт-азаттық қозғалысының негізгі ошақтарының бірі болған Албан көтерілісін өзінің «Қилы заман» повесіне тақырып етіп алды. Х.Есенжанов: «Нар өркеш биік шығарма» деп атаған «Қилы заманда» Албан көтерілісі мысалында 1916 ж. Қазақстанның барлық өңірін түгелге дейін қамтыған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының шығу себептері, қозғаушы күштері, мақсат-міндеттері, оның жеңілуінің қасіретті салдары мен тарихи маңызы көркем әдебиет құралдарымен шындыққа сай көрсетілген.

«Қилы заман» повесінде Маусым жарлығына қарсы наразылық білдірген ауыл адамдарының қандай шешімге келерін білмей, дағдарған шағында жол көрсетуші азаматтардың ішінен Ұзақ батыр дараланып шығады. Жәмеңке бастаған ақсақалдар ел басына күн туған қиын жағдайды жан-жақты талдап, ой таразысына сала отырып, ақырғы, қорытынды сөзді Ұзаққа қалдырғанда, ол жиналған жұртқа мынаны айтады: «- Ел аман еді, жайлауы жарасып еді. Қарын шашы алынбап еді дейсің. Қазақтың аяғына жем түсіп, ұлы бойына оқ тигені бүгін бе екен? Мойныңа бұғалықтың түскені әлдеқашан емес пе еді? Бүгін тұқыртып, біржола шөктіргелі темір қолы құлаққа келіп жабысып отыр. Көптен торып, обырдай обып келіп, енді түгіңмен жалмағалы отырғаны осы. Бұл бүгін емес, көптен келген пәле де. Енді жетер жеріңе жеттің... Айтқанындай асау болсаң, енді тұяқ серпетін шағыңа келдің. ...Ел болар болсаң, енді сіресіп, ұстасып көр... Шыдаймын деп ұстас», - дейді.

Ел ақсақалдары, майданның қара жұмысына адам беруге наразы көпшілік, Жәмеңке, Серікбай, Тұрлығожа, Әубәкір болыс сияқты ел сенім білдірген кісілер Ұзақтың сөзіне тоқтасады.

Толқыған елдің ақылгөйі, кеңесшісі ғана емес, бағыт-бағдар көрсетіп, бастаушысы етіп Ұзақты өзгелерден даралап көрсеткенде, жазушы тарихи шындыққа сүйенеді. Ұзақ Саурықов мұрағат деректеріне қарағанда, 1916 жылғы Маусым жарлығының орындалуына алғашқылардың бірі болып қарсылық жұмысын жүргізгенге ұқсайды. Прежевальск уездік басқармасының тілмаш-аудармашысы Төлембай Дүйсебаев майданның қара жұмысына елден адам алу туралы патша бұйрығына қарсы Ұзақ Саурықовтың Қарқарада үгіт-насихат айтып жүргенін сол жылдың 16-шілдесінде естігені туралы жазады. Мұрағат деректері бойынша тамыз айының басында Қарқараға жиналып келіп, ұлықтарға майдана адам бермейтіндігі туралы жауаптарын айтқан мыңдаған қазақтардың ішінен бірнеше ер-азамат көзге түседі. Тұрлықожа Жансеріков, Серікбай Қонаев, Әубәкір Сұлтанбеков, Ұзақ Саурықов, Кәрібоз Қаңтаров, Нүке Ыстыбаев, Жәмеңке Мәмбетов. Тарихи дерек бойынша, тамыздың 5-де патша әкімдері күдікті деген біраз адамдарды тұтқындап, 15-де Прежевальск түрмесіне айдайды. Тарихтан белгілі: тамыз айының 10-29 аралығында патша үкіметі Қарқара маңында қарусыз қалың елді аяусыз қырғынға ұшыратқан.

М.Әуезов өз шығармасында Қарқара маңындағы босқан елдің қанды қырғынға ұшыраған халін дәл өзінде болғандай күйде мес, одан едәуір сыпайы, білгілі дәрежеде жеңілдетіп суреттейді. Әйтсе де, басы бірікпеген, ел ретінде мемлекеттік, саяси, әскери салалардың бәрінде де дәрменсіз халықтың қатыгез, озбыр, жауыз күштің шеңгелінде жазықсыз жайрап қалғанын жазушы суреткерлік асқан шеберлікпен бейнелеп көрсетеді. Қызыл бөрік болысы қазақтарының көтеріліс суреттері де мұрағат деректерімен толық сәйкес келеді.

Жазушы өз шығармасында халық көтерілісінің жалпы суретін, көтеріліс басшыларының азаматтық, ерлік рухын танытуға ерекше назар аударады да, жекелеген ел адамдарының, батырлардың тұрмыс жайын, үй ішінің шындықтарын толғай бермейді. Тек Ұзақ батырдың айналасына ған едәуір кең тоқталады. Оның өзі де көтеріліс оқиғаларымен байланыстырылады. Ұзақ батырдың отбасын, туысқандық айналасын М.Әуезов шағын да болса шынайы суреттейді. Мысалы, Ұзақтың Бекей атты қызының басындағы қайғылы оқиға шығармада тұтастай тарихи шындықтан тамыр тартып жатады. Бұл оқиғаның басты желілері І.Жансүгіровтің «Албан Асан», жас кезінде Ұзақтың қасында боп, көтеріліске қатысқан Қ.Сауранбаевтың «Ұзақ батыр» дастандарында кездеседі, мұрағат деректері де осыған айғақ болады. Бұл оқиғаларды суреттеу арқылы М.Әуезов Ұзақ батырды ел қамын ойлаған ер ғана емес, туған қызының қайғылы тағдырына жүрегі қан жылаған әке ретінде де танытуды мақсат тұтса керек. Суреткер зердесінде осылайша ел тағдыры мен жеке адамның өмір тарихы өзара тұтаса келіп, шығарманың өмірлік негізін, идеялық мазмұнының тарихи мәнін мейлінше анықтай, айқындай түседі.

Қорыта айтқанда, М.Әуезов «Қилы заманда» халық бойындағы өрлікті, қорлыққа көнгісі келмейтінін, тәуелсіздікке құштарлығын паш етті.

1. «Абай жолы» роман-эпопеясының тақырыбы мен негізгі идеясы

«Абай жолы» - М.Әуезовтің бас кітабы. Жазушы осынау ұлы туындысын жазуға жан-жақты ұзақ даярлықпен келді. Ұзақ жылдар бойы Абай өмірі мен шығармашылығын сарыла зерттеді, мұрасын жариялады, ақын туралы очерк, мақалалар, көлемді зерттеу еңбектер жазды. 30-жылдардың орта тұсында оның Абай тақырыбына арналған алғашқы көркем туындысы «Татьянаның қырдағы әні» әңгімесі, кейінірек Л.Соболевпен бірігіп жазған «Абай»(1939) трагедиясы дүниеге келді. Мұның бәрі алдағы үлкен шығармаға жасалған әр жанрдағы бақылау, тәжірибе жинақтау болатын.

«Абай» романының 1 кітабы 1942ж., ал 2 кітабы 1947 жылы жарыққа шықты Қалың оқырман құлшына қабылдады. Мысалы, Ғ.Мүсірепов: « «Абай» романын неше рет қайталап оқысам, сонша әрдайым жаңа бір ой, жаңа бір көркемдік, бұрын оқығанда байқалмай кеткен тереңдік табам», - дейді.

1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Ұлы ақын және оның халқы туралы тарихи романдар топтамасын одан әрі жалғастырған «Абай жолы» да 2 кітап – дилогия: 1 кітабы 1952 жылы, 2 кітабы 1956 жылы басылып шықты. «Абай жолы» өзара тұтасқан 4 том(тетрология) 1959 жылы Лениндік сыйлық берілді.

Ғ.Мүсірепов: « «Абайдай» шығарма бұл күнге дейін қазақ әдебиетінде болған емес».

Қ.Сәтбаев: «Тек қазақ әдебиетінде ғана емес, бүкіл кеңес әдебиетінің аса үздік жетістігінің бірі».

Луи Арагон: «Бұл шығарма кеңес әдебиеті туындыларының маңдай алды легінен орын алады десек аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын: бұл менің ойымша, 20 ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі!».

Осындай биік бағаға ие болған «Абай жолы» қандай қасиеттерімен ие болды, соған тоқталайық.

1. Тақырып. Қазақ халқының ұлылығын, оның өткен өмірін, тарихын, оның кезеңдерін, қазақ мінезін, трагикалық, творчестволық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқырата ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді. Жазушы роман-эпопеяға 19 ғасырдың 2 жартысы мен 20 ғасырдың бас кезіндегі қазақ халқының өмірін арқау еткен. Романда көтерілген қоғамдық-әлеуметтік мәселелер көп те күрделі. Олар қазақ қоғамының қат-қабат барша саласын (тұрмыс-тіршілігі, әдет-салты, әлеуметтік жағдайы, шаруашылық кәсібі, рухани келбеті, ел басқару жүйесі және т.б.) қамтиды.

М.Қаратаев: « «Абай жолының» бас кейіпкері – Абай. Романның бірінші кітабында балғын жас шәкірт Абаймен жарысып ауылға қайтсақ, ақырғы кітабында 60-ты алқымдатып қайтыс болған ел ағасы ақын Абайдың жаназасына қатысамыз. Сонда 50 жылдай өмірдің айғағы боламыз. Жарты ғасыр өмір. «Абай жолында» біздің дәуірге дейінгі қазақтың тұрмысы, әдет-ғұрпы ғана емес күллі ұлттың рухы сайрап жатыр. «Абай жолының» мазмұн жағынан алғанда, жалпы жұрт мойындаған энциклопедиялық сипаты, жанр жағынан алғанда қазақтың тұңғыш эпопеясы екендігі де осында жатыр».

Тағы бір ерекшілік – осынау кең құлашты халықтық эпопея бастан-аяқ тартысқа, қарама-қарсы күштердің қым-қиғаш күресіне құрылған және осылардың бәрі қимыл-қозғалыс, өсу-өрбу, өрістеу үстінде көрсетілген.

2. Зерттелу деңгейі

Л.Әуезова «М.О.Әуезов шығармашылығындағы Қазақстан тарихының мәселелері»А.,Мектеп,1977

М.Мырзахметов «М.Әуезов және абайтану» А.,1982

З.Ахметов «Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете истории ее создания. А.,1984

Р.Бердібаев Мұхтар шыңы. А.,1991

Е.Лизунова Мастерство М.Ауэзова А.,1968

А.Нұрқатов М.Әуезов творчествосы А.,1965

Б.Майтанов М.Әуезов – суреткер. А.,1996

Ә.Байтанаев. Шын шеберлік(«Абай жолы роман-эпопеясының көркемдік ерекшелігі) А.,1969

Мүсірепов Ғ. «Абай» романы туралы. 5 томдық шығ жинағы. 4 том, А.,1975

Мұхтар мұрасы. А.,1997

М.Әуезов тағылымы. А.,1987

3. «Абай жолы» роман-эпопеясына негіз болған өмірлік материалдар

Жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясының көркемдік-идеялық ерекшеліктері оның поэтикалық құрылымындағы бай өмірлік материалдардың алатын орнымен, атқаратын қызметімен тығыз байланысты. Шығарманың өмірлік негізін құрайтын материалдар сипаты әр түрлі. Оларды ғылымның белгілі салалары бойынша топтастыратын болсақ, былай деп жүйелеуге болады: а) тарихи материалдар, ә) этнографиялық материалдар, б) халық ауыз әдебиетінің материалдары және в) әдеби материалдар.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]