Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
8 дріс.docx
Скачиваний:
57
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
30.83 Кб
Скачать

8-тақырып. С.Мұқанов шығармашылығы

Мазмұны: «Сұлушаш» поэмасының жазылу тарихы, образдар әлемі, көркемдік ерекшелігі. «Ботагөз» романының қазақ әдебиетінде алатын орны. Романдағы образдардың типтік дәрежеге көтерілуі. Романның көркемдік ерекшелігі. «Өмір мектебі» трилогиясының мемуарлық мәні. С.Мұқанов - драматург.

Сәбит Мұқанов – қазақтың әйгілі жазушысы, қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі. Сәбит Мұқановтың туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданы. Ол кездегі қазақ ауылындағы жалғыз оқу - молда болған. Жас Сәбит осы молдадан оқып арабша хат таниды. Ел арасына көп тараған қисса-поэмаларды оқитындай сауаты ашылады. Әуелден өлең-жырға, ертегі- әңгімеге әуес бала там-тұмдап әдебиет үлгілерін тауып оқи бастайды. Ол кездегі азын аулақ қазақ кітаптарында ескі өзбек немесе татар тілдері араласып келетін.

Әке шешеден жастай жетім қалып, балалық шағын ауқатты ағайындарына жалданып, қой бағумен өткізген Сәбит өзінің талаптануымен хат танығанымен, мұғалім алдын көріп, жүйелі білім ала алмайды. Тек он сегізге толғанда, Омбы қаласына барып, мұғалімдер курсында оқуға мүмкіндік туады. Оны бітіргеннен кейін ауылға барып, біраз мұғалім болады. Осында ауылды кеңестендіру жұмысына белсене араласып, таптық күрестің Көкшетау облысындағы оперативтік өкілі және партияның Ақмола губкомының нұсқаушысы қызметін атқарады. Бұдан кейін 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа түсіп, оны бітіріп шыққаннан соң, баспасөз орындарында жұмыс істейді. Сол жылдары орысша үйреніп орыс әдебиетінің үлгілерімен танысады. 1926 жылы рабфакты бітіріп шыққан соң «Батырақ», «Октябрь өткелдері», «Сұлушаш» поэмаларын жазады. 1926-1928 жылдары республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, баспа орындарда қызмет істейді. Осы кезге дейін атқарған сан салалы қызметінде болсын, шығармашылық өрлеу жолында болсын, ілгерлеудің басты кепілі терең білім екенін, онсыз көздеген мақсатында жету мүмкін еместігін айқын сезінген ол 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде оқиды, Москвадағы Қызыл профессура институтының әдебиет бөліміне түсіп, оны 1935 жылы бітіріп шығады. Осы кезеңде ол белгілі «Майға сәлем!» өлеңін, «Ақ аю» поэмаларын жазады.

1935 жылы ол жаңадан шыға бастаған «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болып істейді. 1937 жылы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарады. Бұл кездегі Сәбит Мұқанов қаламынан шыққан ірі туындылар «Ботагөз» романы (1938, бұрынғы аты «Жұмбақ жалау»), «Менің мектептерім» (1941), «Колхозды ауыл осындай» (1937) сияқты шығармалар.

1943-1951 жылдары ол екінші рет Жазушылар одағының төрағасы болады. 1950 жылдары ол «Сырдария» романын, «Шоқан Уәлиханов» пьесасын жазады. Кейін бұрынырақ жарияланған екі томдық «Өмір мектебі» кітабының жалғасы ретінде «Есею жылдары» деген өмірбаяндық романын жазып шығарады. 1947-1963 жылға дейін Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Оның 1974 жылы жарық көрген «Халық мұрасы» деген тарихи этнографиялық шолуы халқымыздың мәдениеті, өнері, тілі, материалдық игіліктері жайында жазылған ерекше құнды зерттеу еңбек болды.

С.Мұқанов – “Сұлушаш” дастанының, “Адасқандар” (“Мөлдір махаббат”), “Жұмбақ жалау” (“Ботагөз”), “Сырдария”, “Өмір мектебі” (трилогия), “Аққан жұлдыз” (трилогия) романдарының, “Балуан Шолақ” повесінің, “Шоқан Уәлиханов” драмасының, “Жарқын жұлдыздар”, “Қазақ қауымы” атты зерттеулердің, “Ақ аю” поэмасының, неше жүздеген өлең және мақалалардың авторы, ең өнімді қаламгерлердің бірі. Жазушы өзі өмір сүрген замана сыры мен тарихи шындық қатарларын бірдей ынта, жігермен шынайы бейнелей алды. С.Мұқанов 1973 жылы қайтыс болды.

Поэзиясы. С.Мұқанов шығармашылық жолын ақындықтан бастап, 30 жылдардың ортасына дейін негізінен поэзиялық жанрда еңбек еткен қаламгер. Оның ақындық сапары «Көңілім», «Неге тудым», «Жалшының зары» атты кедей жалшының аянышты өмірін боямасыз бейнелеген шағын өлеңдерден басталған еді. Поэзиясының тақырыбы да сан алуан: теңдікке қолы жеткен кедей шаруаның жаңа бақытты өмірі, қазақ даласына төңкеріс әкелген саяси-әлеуметтік өзгерістер, социалистік заман шындығы, Ленин бейнесі, Советтік Армия, халықтар достығы және т.б.

Ақын лирикасындағы іргелі тақырыптың бірі – кедей өмірі. Ол бұл мәселені революция тақырыбымен байланыстыра жырлаған. Соның ішіндегі ең маңыздысы – 1919 жылы жазылған «Бостандық» өлеңі. Бұл өлең қазан төңкерісі шын мағынада еркіндік әкелді деген кешегі күнге дейін айтылып келген ұғымға саяды. Өлеңнің алғашқы шумақтарында тұрмыс тауқыметіне лажсыз көнген қазақ кедейінің сорлы, малайлық тірлігін суреттеп келеді де, өлеңнің екінші бөлігінде бұл жағдайдан оның қалай құтылғанын, не себепші болғанын түсіндіруге көшеді. Өлеңдегі қарапайымдылық пен үгіттік мазмұн ақынның төңкеріс әкелген бостандықтың мәнісін жалпы көпшілікке неғұрлым түсінікті жеткізіп, оларды күрес сапына тарту мақсатынан туған.

1920 жылы жазған «Кедей баласы» өлеңінде Сәбит Мұқанов сол революциялық тақырыпты онан әрі кеңейте түседі, таптық қырын өткірлей береді. Қанаушы таптың қазақ ауылындағы сұрқиялары бай, би, молдалар, олардың қолданар әдісі алдау, арбау, дінмен

көзді байлау деп ұғады ақын.

Ақын 20-шы жылдары қазақ ауылы, қазақ кедейінің халі, шаруалар тұрмысы жөнінде көптеген өлеңдер жазады. Оның бастылары «Шоқпыттың шаруасы», «Сүт заводы», «Қазақстан», «Жолы жоқтар біздің жолға қосылсын», «Егістік», «Балқаш», «Конвеер» және басқалары.

Кейін ұжымдастыру, индустрияландыру дәуірінде Сәбит Мұқанов көптеген жаңа өлеңдер жазды. Бұлардың қай-қайсысында болса да ақын құрылыс майданындағы қайнаған еңбекті, жұмысшы, малшы, егінші өмірін тақырып етіп алады. Ақын поэзияға жаңа өрнек, түр беруге, оны осы күнгі өмір, тұрмысқа бейімдеуге ұмтылады. Осындай соны, әуенді туындысы – 1933 жылы жазылған «Майға сәлем!» атты өлеңі. Мұнда ақын дүниежүзі еңбекшілерінің ынтымақ күні – 1 майды тек жасыл көктем, шуақ күн деп қана жырламайды, бұл күн бүкіл езілген халықтың қолына ту ұстап, күреске шығатын, бостандыққа ұмтылатын, азат еңбекке бастайтын күн дегенді уағыздайды. Май мейрамының өзін ақын «Жолдас» деп атап, оны жаңа адам, жұмыскер бейнесінде елестетеді. «Малшының мақтанышы», «Колхозды ауыл осындай», атты өлеңдерінде ақын ауыл еңбеккерлерінің бейнесін жасайды.

Ақынның көптеген өлеңдері соғыс тақырыбына, кейін бейбіт еңбек, тың тақрыптарына арналды. Соғыс кезінде «Мен де аттандым майданға», «Фашизмнің ажалы», «Гвардеец бауырларға», «Ленин қаласында» сияқты жоғары патриоттық сезімдерге толы өлеңдер жазды. Ақынның лирикалық өлеңдерінің негізгі кейіпкері – қарапайым еңбекші халық өкілі.

1925-28 жылдары ақынның поэмалары жарық көре бастады. «Пионер» мен «Жетім қыз үйінде» жазушы қазақ ауылындағы кедейлердің қал ахуалын көрсетеді. 1926 жылы жазылған «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» (кейін «Батырақ» атанған) атты поэмасында ақын ауылдағы бай мен кедейдің ара қатынасын нақтылы образдар арқылы суреттеді. «Сұлушаш» романы 1928 жылы жазылған. «Сұлушаш» жанры жағынан алғанда өлеңмен жазылған роман. Бұл жанрдың ерекшелігі туралы Ғ.Мүсірепов былай дейді: «Өлеңмен жазылған роман дүниежүзілік әдебиетте де сирек кездеседі. Өйткені түр жағынан да, мазмұн жағынан да әрі тереңдікті, әрі кеңдікті талап етеді де, күшке тиетін еңбекке жатады. Сондықтан поэзиялық шығарманың мұндай түрі қай әдебиетте болса да елеулі орын алады». Өлеңмен жазылған романның жанрлық табиғаты тұрғысынан екі түрлі әдеби тектің – түрі жағынан лирикалық, мазмұны жағынан эпостың ерекшелігін қоса қамтиды. Өлеңмен жазылған роман автордан ақындық шеберлікті, эпикалық ауқымдылықты қажет етеді.

«Сұлушаш» әдеби сында көп сөз болған туынды. Роман жарық көргеннен кейінгі 7-8 жыл ішінде сыннан әділ бағасын ала алмады. Тек 1936 жылдан бастап әділ бағасын алды. Осы жылы роман орыс тілінде екінші рет Москвада басылып шықты да, шығарма туралы одақтық, республикалық баспасөзде бірсыпыра сын-пікірлер жарияланып, оларда «Сұлушаш» халықтық, реалистік көркем туынды ретінде жоғары бағаланды.

Профессор Т.Нұртазин «Сұлушашты» тарихи туындыға жатқызбаған. Былай дейді: ««Сұлушаш» халықтың өткен өміріндегі орын алған үлкен шындықты - әлеуметтік теңсіздікті айтқан шығарма. Бірақ романның сюжеті нақты өмір шындығына емес, аңызға негізделіп, бұған қосымша сол дәуірде өмірде орын алған типтік шындықтан өрілді емес пе? Олай болса, «Сұлушашты» тарихи тақырыптағы шығармалар санатына қосудың жөні жоқ».

Романның сюжеті баршаға мәлім ел аузындағы Сұлушаш пен Алтай жайлы аңызға негізделген. Т.Нұртазин аңыздың толық күйде сақталмағанын, тек оның «Көкейкескен» күйі түрінде танымал екенін айтқан.

С.Мұқановтың өзі дероманның негізін аңыздан алғанын «Өмір мектебі» кітабында ескертсе, «Қысқаша өмірбаянында» былай дейді: «Біздің ауылда Бәжінің Қазыбегі деген бар. Сол бәріміз Қабанбайдың Қабдолынан ертегі, аңыз-әңгіме тыңдаушы едік. «Сұлушашты» бізге сол айтты».

С.Мақпыров: ««Сұлушашты» автор аңызға негіздеп жазды» деген қалыптасқан тұжырымнан гөрі «С.Мұқановтың осы шығарманы жазуына аңыз түрткі, себепші ғана болды» деу ақынның шығармашылық қыруар еңбегіне – ізденісіне берілген әділ баға болмақшы».

С.Мұқанов аңызға неліктен қызықты? Т.Нұртазин айтқандай, бұл жерде ақынды қызықтырған нәрсе ескілік емес, басқа. Ол аңызға өзінің ақындық мақсатын неғұрлым тиімді жеткізудің құралы деп қарады. Көне аңыздың азды-көпті мәліметін өзінің авторлық идеясына сай өзгерте, толықтырып, оған жаңа әлеуметтік мазмұн бере отырып, халықө тарихы, өткен өмір жайлы шындықты айтпақ болды. Қаламгер Қазақстан жазушыларының 4 сьезінде сөйлеген сөзінде: ««Сұлушаш» байшыл-ұлтшылдардың осы реакциялық көзқарастарына қарсы жазылған шығарма», - дейді. Содан әрі поэма қазақ ауылында тап пен тап тартысы көне заманнан бері келе жатқанын дәлелдеуге тырысады.

Сонымен «Сұлушаш» авторлық позиция тұрғысынан 20 жылдардағы қоғамдық-саяси көзқараспен толық үндесетін туынды. Автор аңыздың дерегіне өзгеріс енгізеді: «Мен маңғаз Алтайды құлдың баласы, өмірі кісі есігінде мехнат көрген батырақ еттім. Құлдың баласына ғашық Сұлушаш сүйіктісімен бірге елге симай, тағы тауға барып паналаған болып шықты. Қайсар, Ермектерді жанымнан қостым да, сюжет құрдым», - деп жазады. Ақын Алтайдың әлеуметтік тегіне өзгеріс енгізу арқылы аңызға жаңаша әлеуметтік мазмұн берді, екі жастың ғашықтық трагедиясының себебін теңсіздікке құрылған қоғамның сипатын жан-жақты реалистік тұрғыда бейнелеу арқылы ашпақ болды. Автор осы себепті де Сұлушаш пен Алтай арасындағы сүйіспеншілікті таза махаббаттық линияда емес, әлеуметтік зор мәселе ретінде көтеріп, сол арқылы дәуір шындығын еңбекші халықтың көзқарасы тұрғысынан бағалауға ұмтылды.

Ақын Алтай мен Сұлушаштың дүниеге келу сәтін суреттеуде контрастыны қолданады. Тілеуберді байдың жары Алтынайға еріп келген құл мен күң Шоқпыт пен Тезек тағдыры, сәби Ермектің құлдық қамытын киюі аянышты суреттеледі. Романның соңғы тарауындағы Сұлушаштың Алтай мен Қайсар бүркіт балапанын ұстауға кеткендегі қазбен сырласқан мұңынан да әділетсіздік пен надандық үстемдік еткен қатыгез қоғамның келбеті танылады:

Ол жерде мұндай емес, түзу заң ба?

Сатпай ма адамдары арды малға.

Малы жоққа малы көп зорлық қылып

Баспай ма маңдайына құлдық таңба?

Сұлушаш – байдың жалғыз қызы болғанымен, дүние-байлыққа масаттанған қуыршақ емес, ақылды, жаны нәзік, сезімі сұлу ару. Оның түр-тұлғасының бейнеленуі, сұлулығы мен ақылдылығы, шынайы сезімі лиро-эпостағы аруларды еске салады. Алтайға Сұлушаш құл деп қарамайды, намысты, өжет жігіт, адамгершілігі жоғары аяулы жан деп өзіне тең көреді.

Алтай – көзін ашқалы көргені жоқшылық пен қорлық болса да, қиындыққа мойымайтын өр жігіт болып ер жетеді. Ата-ананың ауыр тұрмысы, өзінің басыбайлық халі оған теңсіздік сырын тым ерте ұқтырады. Екі жастың жолындағы қиындық-кедергілер Сұлушаштың Ырыстыға айттырылуына байланысты күшейе түседі. Сұлушаш:

Менде екі жүрек жоқ, бір-ақ жүрек,

Не өледі, не саған қосылады, - деп серт айтады.

Сұлушаш қуғыншылар өрт қойған кезде оттан қашқан жолбарысқа тап болғанда айуанға жем болмайын деп өзін-өзі тұңғиыққа тастап мерт болады.

Алтайды ақын тек жалынды махаббат иесі ғана емес, заман шындығын да аңғарған, таптық санасы оянған көзқарақты жан ретінде көрсетеді. Тұрмыс ауыртпалығын, айналадағы теңсіздікті көңіліне түйіп өседі. Оның ой-толғаныстарынан, әділетсіздік әлеміне қарсы жүргізген даралық стихиялық күрес-әрекетінен заманының зұлымдығыменбетпе-бет келген намысты, өр азаматтың тұлғасы танылады:

Ойласақ малда ғана күш пенен бақ,

Кім кім де малы болса, «мықты» болмақ.

Кім ат пенен ас берсе, елдің бәрі

Сойылын соғып, соның тілін алмақ.

Сүйгені мен өз басына қатер төнгенде Алтай махаббаты үшін арпалысуға бел байлайды. Досы Қайсардың көмегімен Сұлушашты алып қашып, тауға тығылады. Аяулы досынан бір (Қайсар шың басындағы бүркіт ұясынан балапаннды алам деп жатып, құлап өледі), асыл жарынан екі айырылып, жауларының қолына түскісі келмей, өзін-өзі мерт етеді. Өлер алдында:

Сұм өмір, сенен кәусар ішем деп ем!

Тұрмыс тонын өзімше пішем деп ем!

Мен мықтыны мұқатам, мені мықты

Мұқатпайды, алдына түсем деп ем.

Бақытын баянсыз еткен тағдырына қарғыс тәрізді. Қос ғашық тағдырының осылай қайғылы аяқталуы – заман сипатына сай көркемдік шешім.

Көркемдік ерекшеліктері:

  1. Ол кезде екеуі де құлын еді (құлын – метафора)

Құлындай ойнап қана күлімдеді. (құлындай – теңеу)

  1. Қарақат төне қарап мөлдіреді,

Жасыл жапырақ перде боп желбіреді

Тал ішінде қызарып шыққан гүлдеп

Шайқалып нарттай жанып үлбіреді (кейіптеу)

3) Романда кейіпкерлердің кескін-келбетін, іс-әрекеттерін, тұрмыс-тіршілік жағдаяттарын бейнелегенде автор фольклорлық суреттеу тәсілдерін кеңінен әрі шебер қолданған.

Әдебиетші ғалым М.Хасенов роман геройларының кейбір ой-толғаныстарында уақытқа, сол заман шындығына сиымды бола бермейтін түсінік кездесетінін айтқан. Шындығында да өз уақытының шындығынан оза сөйлеу кездеседі. Мысалы, Алтай мен Қайсар диалогынан:

Құл біткендер бірігіп көтерілсе,

Паналарға жер таппас байлар сұмдар, -

Деген ашық, айқын саяси таптық көзқарас сол заман адамының философиясына сәйкес емес. Бұл автордың таптық позициясын аңғартады.

«Ботагөз» романы. Алғаш «Жұмбақ жалау» боп аталып, 1938 жылы жарық көрген романды автор 40 жылдарда қайта қарап, толықтырып-жөндеп, «Ботагөз» деген атпен 1948 жылы бастырып шықты. Жазушы романында бір-бірімен жалғасқан үш тарихи кезең (1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі немесе төңкеріс қарсаңы, Ұлы Қазан төңкерісі және азамат соғысы кезеңдері) тұсындағы қазақ халқының түрлі қиындықтар мен ерлікке, өрлікке толы күрескерлік өмірін кеңінен алып суреттеген. Романның тақырыбы осыған сәйкес қазақ халқының азаттық жолындағы күресі, осы ұлы күрестегі халық тағдыры мәселесі.

Зерттелу деңгейі. 40 жылдардың орта кезіне дейінгі роман жөнінде айтылған сын-пікірлерден әр түрлі бағалауларды, кереғар пайымдауларды аңғаруға болады. Ж.Жұмақанов «Социалистік Қазақстан», 1939, 3 сәуір; Т.Байшеркешов «Социалистік құрылыс», 1939, 27 қыркүйек (әдеби-эстетикалық дәрежесі төмен мақалалар); Б.Кенжебаев «Әдебиет және искусство», 1939, №10 (Идеясы түсініксіз дейді, кемшіліктері көбірек айтылған); Ғұмар Зәріпов «Әдебиет және искусство», 1940, №4-5 (Б.Кенжебаевтың мақаласына қарсы жазылған). Е.Ысмайылов – алғаш обьективті, байсалды баға берді. 1939 жылы 3 маусымда болған жиналыста баяндама жасаған.

«Ботагөз» романының тарихи негіздер (жазылу тарихы).

1922 жылдары Сайым болыстың оқиғасын (ол 1916 жылғы көтеріліс кезінде халық қолынан өлген, С.Мұқанов Сайым болыстың баласы Сұлтанғазы Қыдыровпен бірге оқыған) естіп, өзі естіп-білген мәліметтер негізінде халықтың төңкерістен бұрынғы өмірі жайлы көркем шығарма жазсам деген ойға келеді («Айқап» журналының бір нөмірінен Сайым болыстың Петерборда болған тойға барар алдында түскен суретін кездестіреді). Содан Қостанай облыстық «Ауыл» газетіне ашық хат жариялайды. Хаттар арқылы да жазушы көтерілістің тыныс-тіршілігінен жан-жақты мәлімет беретін біраз материалдар жинақтайды. Кейінірек Қарабалық болысына әдейі барып, оқиға болған жерлерді көзімен көреді, көзі тірі куәләрімен сөйлеседі.

С.Мұқанов: «1916 жылдың оқиғасы қазақ даласына тегіс тарады. Қай жерде болса да еңбекші халық байлар мен патша үкіметіне қарсы шықты. Мен 16-шы жыл туралы жазылатын романда сол оқиғадағы ерекше жағдайлардың бәрін қамтымақ болдым. Олай жазу үшін жалғыз Сайымның өліміне байланысты оқиға жетпеді», - деп жазды. Сөйтіп, ол шығармасын тек бір ғана 16 жыл оқиғасымен шектемей, енді сол халық көтерілісінің ұйымдасқан саяси күреске ұласқанын, қазақ даласына теңдік орнауын жан-жақты сипаттайтын көлемді, кең тынысты роман жазуды қайта жоспарлайды. Осыған орай автор 1916 жылдың тағы бір зор оқиғасы – Амангелді бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің тарихын да егжей-тегжейлі зерттейді.

Романда көптеген тарихи оқиғалар өзінің көркемдік бейнеленуін тапқан. 20 ғ. Басындағы қазақ ауылының күйі, патша үкіметінің отарлау саясаты, қазақ даласына орыс шаруаларын қоныстандыруы, 1913 жылы Петербургте Романовтар династиясының 300 жылдығының тойлануы, бұған Торғай облысы қазақтарының атынан Сайым Қыдыровтың делегат боп қатысуы, 1916 жылы 25 маусым жарлығы, осыған байланысты Торғай қазақтарының көтерілісі, алаш басшыларының саясаты, чехославактар бүлігі әсерінен болған контрреволюциялық бас көтерулер, Қазан төңкерісінің жеңісі – міне, романда көркемдік шешімін тапқан тарихи оқиғалардың негізгілері осылар.

С.Мұқанов «Жұмбақ жалау» романын жазуда мынадай материалдар көзін пайдаланған:

1) баспасөз материалдары («Айқап», «Ауыл», «Еңбекші қазақ»)

2) архив материалдары (1916 жыл оқиғасы, Қостанай облысындағы көтеріліс, Сайым болыстың өлімі туралы іс, Амангелді туралы мәліметтер)

3) жазушының Қарабалық оқиғасына қатысқандардан алған хаттары, естіген әңгіме, естеліктері.

4) автордың өз өмірінің материалдары.

Бір ерекшелігі – «Жұмбақ жалауда» автордың шығарма сюжетін неғұрлым шындық фактіге жақын құруға ұмтылғаны байқалады. Ал, романның «Ботагөз» аталған екінші нұсқасында еркіндікке тізгін беріңкіреген.

Роман кейіпкерлерінің прототиптері.

Жалпы роман кейіпкерлерінің прототиптері жайлы толық та тиянақты болмаса да алғашқы пікір айтушылар Е.Ысмайылов, Т.Нұртазин, М.Қаратаев, Е.Лизунова.

1) Асқар. Пікірлерге қарасақ, Асқардың 5-6 прототипі бар секілді. Ғалымдардың бір тобы (М.Қаратаев, С.Мұқанов) С.Сейфуллинді атаса, екінші тобы (Е.Ысмайылов, Е.Лизунова) Ә.Жангелдин, Ә.Майкөтовті атайды. Т.Нұртазин С.Мұқановтың өзі 1955 жылғы кездесуде Асқар образына негіз болған – Жангелдин деп айтады. Ғ.Мүсірепов: «Оның тұлғасынан тек Жангелдин немесе Сейфуллин секілді бірер адамның күрескерлік өмірінің жарқын белестерін көріп қоймай, Т.Бокин, Ә.Майкөтов т.б. азаттық үшін күрескен жандар ғұмырын тануы әбден заңды», - деп жазады.

Ал С.Мақпыров: «Біздіңше, Асқардың негізгі прототипі ретінде Сәкенді атаған жөн. Жазушы Асқар бейнесін жазуда Сәкеннің саналы өмірін басты желі, негіз етіп, халық тарихында есімдері зор құрметпен аталатын басқа да тарихи адамдар өмірінің деректерін тиісінше пайдаланған. Олардың (Ә.Жангелдин, Т.Бокин, Ж.Қыстаубаев т.б.) өмірі Асқар бейнесін сомдауда қосымша материалдар көзі болған», - дейді.

М.Қаратаев: «Көп ретте Асқар образына Ә.Жангелдин өмірінің негіз болғаны рас-ақ. Бірақ көбіне-көп негіз болған С.Сейфуллин өмірі екендігінде күмән жоқ. Омбыдағы семинарияда оқу, одан келіп, ауылда мұғалім болу, революциялық көзқарасы үшін түрмеге түсу, алашордашылармен пікір алмастыру, революция, азамат соғысына қатысқан қазақ интеллегенциясының алдыңғы шебінде болу, совет үкіметін өз қолымен орнатысу – мұның бәрі С.Сейфуллин өміріне дөп келетін деректер». Мысалы, Асқардың Ботагөзге жазған хатында баяндалатын оқиғалар (Асқардың ақтардың қолына түсуі, Н. Қаласынан Қызылжарға, Одан Омбыға айдалуы, вагондағы азапты өмірі) С.Сейфуллиннің басынан кешкенін еске салады. Бұған қоса, С.Мұқановтың өзі де өмірінің соңғы 10-15 жылында Асқардың прототипі С.Сейфуллин деп мәлімдеген. Себебі кезінде бұл туралы ашық айтуға мүмкіндігі болмаған.

2) Ботагөз. В.Смирнова: «автор бұларға қоса азамат соғысына қатысқан революционер қыз Жанбота мен оның үш ағасы туралы дала аңызын естиді, осы Жанбота – Ботагөз». Е.Ысмайылов: «Революцияға дейін орысша оқыған қазақ қыздары әр облыста болған. «Айқап» журналының бетінде өлең, мақала жазатын қазақ қыздары, 1914 жылы Семейдің жағрапиялық қоғамының мәжілісінде Абай туралы орысша баяндама жасаған Нәзипа Құлжанова бәрі де білімді, оқыған әйелдер. Демек, Ботагөз бейнесі қиялдан туған емес, болған, болуға мүмкін өмір шындығынан түйінделіп жасалған», - деген. С.Мұқанов: «Сол бір аласапыран жылдары Бурабай жағында революциялық оқиғаларға қатысқан Ботагөз атты қыз болғаны, оны тап жауларының қапысын тауып өлтіргендігі туралы есіттім. Ботагөз образының прообразы сол Ботагөз қыз» (1970 жыл). Ботагөз өз прототиптерінен әлдеқайда биік, әлдеқайда оқшау тұлға, күрделі бейне. Ол жекелеген адамдардың емес, бірнеше ондаған алдыңғы қатарлы қазақ әйелдерінің сипаттарын жинақтаған.

3) Амантай. Е.Ысмайылов: «Амантай даңқты халық батыры Амангелдінің тарихи образын еске түсіреді». Бұл пікірді В.Смирнова қостайды. Ал Қ.Жармағамбетов, С.Сейітов және жазушының өзі: «Оның образын жасағанда Амангелді мен Жетісу көтерілісін бастаған қайраткерлердің тұлғасына сүйендім», - дейді.

4) Итбай. Т.Нұртазин: С.Мұқанов сол әңгімесінде Итбай образына негіз болғандар деп өз еліндегі Мұстафа, жоғарыда айтылған қостанайлық Сайым болыс, торғайлық Абығаппар, өзінің жерлесі Ыбыр екендігін айтты», - дейді. Осылардың ішінде ең жақыны – Сайым болыс. Ол – Қарабалық болысы (Б.Майлин «Жалбыр», «Қанды кек»).

Романдағы негізгі оқөиғалар барысында барлық жағымсыз мінезімен көрінетін Итбай бейнесі арқылы Сайым өмірінің басты-басты кезеңдері көзге елестетіледі. Сонымен, С.Мұқанов кейіпкерлері роман беттеріне өмірдің өзінен келді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]