Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
22 дріс.docx
Скачиваний:
37
Добавлен:
11.02.2016
Размер:
43.17 Кб
Скачать

Қазiргi қазақ поэмасындағы жанр, түр iзденiстер және басты мәселелер

Бүгінгі өркен жайып, қарышты қадаммен алға басып келе жатқан қазақ әдебиетінің іргелі жанрының бірі –поэма. Соңғы кездерде жарық көрген поэмаларға тұтастай шола қарасақ, олардағы басты тенденция - өз замандастарымыздың қазіргі өмірінің эпикалық көркем шежіресін жасау екендігін көру қиын емес. Бұларға бүгінгі замандас өмірін уақыт талабына сай суреттеген Ғ.Қайырбековтың, Т.Бердияровтың, Қ.Мырзалиевтың т.б. поэмалары толық дәлел бола алады.

Қазіргі замандас туралы жазылған қазақ поэмасының бірі – ақын Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы., оның басты идеялық түйіні – адамдар арасындағы достық сезімді ардақтау, құрметтеу проблемасы. Ақынның бұл шығармасын бір сөзбен достық, махаббат туралы асқақ жыр деуімізге болады. Поэманың алғашқы жолынан соңғы нүктесіне дейінгі барлық көркемдік компоненттері біздің дәуір адамдарының бойын биікке көтеріп келе жатқан достық атты қасиетті сезімнің күш-қуатын танытуға бағытталғаны көрініп тұр.

«Сейхұндария» поэмасында автор бұрынғы ұстанған концепциясын одан әрі тереңдете түскен. Поэманың негізгі идеясы – таза махаббатты шынайы сүйіспеншілікті мадақтау. Шығарма желісі аңызға құрылғанымен, біздің заманымызға сабақтастырыла, бүгінгі күн биігінен бағалануға лайық туынды.

Шаханов поэмаларында көсіле сөйлейді. Ұзынды-қысқалы өлеңдері мен балладаларында ұшырасып отыратын сан түрлі шумақтар аралас келіп отырады. Қайсыбір сыншылардың пікірлерінде бір шығарма (ол мейлі өлең болсын, баллада, толғау болсын, мейлі поэма болсын) басынан аяғына дейін бірдей ырғақ, бірыңғай ұйқаспен жазылуға тиіс деген ұғым ұшқын береді. Біздіңше, ондай шек қою әділдікке жатпайды. Әсіресе, поэмада кейіпкерлердің ойлауы мен сөйлеуінің әр алуандығын ескерсек, авторлық суреттеудегі кең серпілісті қажет ететін жағдайлар мен «ат басын тарта» сөйлеуге тура келетін реттерді ұғынсақ, буын саны мен жол санында алуандық бола беруін тек қуаттау керек. Міне, сырт болмысының өзімен-ақ Мұхтар көп ретте поэма жазу дәстүріндегі стандартты, канонды бұзып, оқиғаға орай әр қилылықты орнымен пайдаланып отырады.

Поэзия есігін алғаш қаққанда, Мұхтар Шаханов әлі ешкім бастамаған жол іздеуге өз ішінен ант етіп, мақсат ұстанды. Бұл күнде оның өз жолы бар. Оқырман қауым сол жолдың әлі де болса кеңи түсіп, ақынның алда талай татымды дүниелер беретініне сенім білдіреді.

Ақын Мұхтар Шахановтың «Нарынқұм трагедиясы»-шағын поэма. Ол шағын да болса, шымыр. Бас-аяғы жинақы, ешбір басы артық сөзі жоқ, жұп-жұмыр бұл туындыны поэзияда жарқ етіп көрінген жаңалық десе де болғандай. Өйткені, оның композициялық бітімінің өзі-назар аударарлықтай, соны. Поэмада екі бөлім бар. «Махамбеттің соңғы монологы» деп аталатын бірінші бөлімде бас кейіпкерді сөйлете отырып, автор сол кейіпкер сөзі арқылы-ақ оның көркемдік тұлғасын жете танытады. Ал, «Әке үкімі» атты екінші бөлім сол бірінші бөлімді заңды түрде толықтырып, бас кейіпкер тұлғасын биіктете түседі.

Қазіргі эпикалық поэзиядағы халқымыздың соғысқа қарсы, бейбітшілік үшін күресіне арналған туындылардың елеулісі-ақын Тоқаш Бердияровтың «Есіктің алды көк терек» атты поэмасы. Ақын поэмасы лирико-публицистикалық сипатымен дараланатын шығармалардың санатына қосылады. Поэмадағы ақынның мұраты, тілегі, ойы, сезімі, халықтың рухани тіршілігімен тікелей қатысып, табиғи жарасым тауып үндесіп тұр. Бейбітшілікке үндеген қуатты пафос, жігерлі өлең шумақтары-шығарманың саяси идеялық мазмұнын салмақтандыра түскен.

Поэмада ақын кешегі өткен тарихқа да көз жүгіртіп, шолып өтеді. Гитлершіл фашистердің адамзатқа қарсы қанды қырғынын, Американ империализмінің Хиросимадағы жыртқыштық ойранын ашына еске алады. Қазіргі империалистердің ядролық, нейтрон қаруларына қарсы халықтың шексіз ашу-ызасын төге отырып, бейбітшілік үшін жан аямай күресуге шақырады. Ақын поэмасында аз сөзге көп мағына беруге ұмтылған. Ракеталарды тот бассын, даланың гүлдері жайқалып, көк теректер көбейіп, ну орман көкке өрлей өссін деп тебіренгендігі, ақынның асыл ойлары ап-анық. Ол – қарапайым, бірақ мағыналы, терең ой түйе отырып, халық, ел арманын табиғат суреттері арқылы әсем өрнектеу.

«Қызыл кітап» поэмасының идеялық мазмұны терең. Ол адалдықты жоғалтпай сақтап, ізгі гуманистік қасиетке ұмтылдыратын туынды. Зорлыққа, зомбылыққа, әділетсіздікке, теңсіздікке қарсы, әсіресе, халықаралық империализмнің отаршылдық жауыз саясатына қарсы әрбір адал ниетті азаматты белсенді күреске шақыратын дастан. Бұндай шығармалардың жалын атқан идеясы көкірегі ояу әр адамның жүрегіне жол тауып, күрескерлікке, биік гуманизмге, патриоттыққа, ешбір ұлтты алаламайтын интернационализм рухында тәрбиелейтініне шүбә жоқ. «Қызыл кітап» поэмасының идеялық, саяси мәнінің құндылығы да осында.

Соңғы жылдарда қазақ поэмаларының идеялық мазмұны тереңдеп, көркемдік сапасы жақсара түсті… Ақырында поэма жанрының дәстүрлі мүмкіндіктерін молынан пайдаланумен қатар, соны, көркем ізденістер жасау жолында да батыл барлау жасалды.

Кейінгі жылдардағы қазақ ақындары поэмаларының басым көпшілігін өз замандастарының өмірін бейнелеуге арналды. Бұл эпикалық поэзиядағы заңды құбылыс.

Қазіргі тақырыпқа жазылған поэмалар арасында жұртшылық назарын аударған Қ.Бекхожиннің «Тұрлаулы тағдыр», Т.Жароковтың «Тасқынға тосқын», М.Әлімбаевтың «Құрыш қазақ», А.Шамкеновтың «Жайлау таңы», Ғ.Қайырбековтың «Жер астындағы жұлдыздар», Қ.Мұқышевтың «Өкініш», З.Шүкіровтың «Аня», Қ.Ыдырысовтың «Әке жолы», т.б. поэмаларда соны сюжет, жаңа көркемдік бояулармен ұлттық поэзияның бейнелеу арсеналы молыға түсті. Бұл тұста қазақтың эпик ақындары өз замандастарының кең тынысты жарқын өмірін жырлау жолында поэма жанрының мүмкіншіліктерін мейлінше толықтырып, өздерінің ақындық шеберліктерін жетілдіре түсуге күш жұмсады.

Замандастар туралы жазылған елеулі туындының бірі – Аманжол Шамкеновтың «Жайлау таңы» поэмасы. Поэманың сюжеттік желісі жалындаған жігерлі жас қауымның өкілі-Алмат деген жас жігіттің алғашқы өмір жолын суреттейді. Ақынның суреттеуінде Алмат -өз міндетіне жауапты да, ұқыпты қарайтын жан, ары таза, рухани дүниесі бай, романтикашыл- арманшыл, өршіл, жігерлі жас. Алматқа қарама-қарсы алынған ұнамсыз кейіпкер Жарғақ Жолтаев. Оқиғалар осы Жарғақ пен Алматтың тартысы негізінде өрбіп отырады.

Ақынның ашына суреттеп, мансұқ ететін адамы-Жарғақ ескі қоғамның қырсықты сарқыншықтарын бойына жинаған. Оқушыға ұсынылып отырған терең идеяны, еңбек адамының үлгі-өнегесін поэмада суреткерлік шеберлікпен жырлауға ұмтылған ақынның творчестволық қадамы нәтижесіз емес. Алматтың, оның сүйген қызы Айжанның портреттері поэманың әр тұсында нақышты бояумен суреттелген.

Замандастарымыздың аяулы сезімі-махаббатын, асыл арманын, ішкі дүниесінің күрделі сырларын терең толғап суреттелген, жұртшылықтың рухани серігі боларлықтай аса көрнекті шығармалар әзір туа қойған жоқ. Махаббат тақырыбына, жастардың сезім күйлерін бейнелеуге арналған Т.Молдағалиевтың «Камила», «Мазасыз махаббат», «Алатау қызы», «Мен адасқаным жоқ», Ш.Мұхамеджановтың «Қошалақ», «Сөнбес махаббат» поэмалары ойдағыдай шықпады.

Еркеш Ибрагимов «Өмір өлмейді» поэмасында бір семьяның өмірінде түскен соғыс ауыртпалығын нақты түрде көрсету арқылы, сол қаһарлы жылдардың қатаң шындығын бейнелеген. Жаумен ерлік шайқас үстінде зағип болып қалған Жарастың, оның әкесі Бекен қарттың, жары Толғанайдың дараланған бейнелері, әр қилы тағдырлары поэмада сол тұстың өмір шындығына сәйкес нанымды суреттелген.

Енді бір топ поэмалар халықтың аяулы ұлдары, белгілі тарихи қайраткерлердің өміріне арналады. Оларда қазақ елінің белгілі ағартушысы Ы.Алтынсариннің (Ғ.Қайырбековтың «Дала қоңырауы») ұлы композитор Құрмағазының (Х.Ерғалиевтың «Құрманғазы»), әнші-ақын Біржан Қожағұлұлының т.б.өмір жолдарына арналған поэмаларды жатқызуға болады. Тұтастай алғанда, халықтың сүйікті перзенттерінің көркем бейнесін жасау жолындағы ақындардың творчестволық ізденістері жақсы болды.

Хамит Ерғалиевтың жаңа туындылары «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің» поэмаларында еңбек адамының жарқын көріністері жасалған. Ал «Құрманғазы» поэмасы идеялық мазмұн тереңдігі, көркемдік қуатының молдығы жағынан ақын творчествосының кең құлашын, зор тынысын танытатын кезеңді туынды. Еңбекші халықтың жалынды күреске ұмтылған дабылды жырындай естілетін Құрмағазының дауылды күйлері де әр оқиғаның тұсында асқақ шабытпен естіліп тұрады. Құрманғазының тау суындай тасқындаған жігерлі күйлерінің «қысқа күнде қырық мәрте» шалқитыны, өнерлі елін ерекше құрметтейтін туған елінің «жүрегі оның жүрегімен жалғас ұрып келе жатқаны рас». Ұлы өнерпаздардың өткен дәуірдегі өнегелі өмірін бүгінгі шындыққа ұштастыра жырлау шығарманың көркемдік ажарына мән беріп тұр. «Құрманғазы» поэмасының тіл образдылығының қызықтырар сәттері көп. Қашан да тынымсыз, ізденгіш Ерғалиев қазақ поэзиясындағы өзіндік ерекшелігі бар эпик ақын екендігін осы поэмасында айрықша танытады. Көне сүрлеуге жоламай, тың образдар, соны ұйқастар, ұтқыр бейнелеу амалдарын, өлең өрнектерін, сөз кестелерін жасауға зор күш салған. Сонымен «Құрманғазы» поэмасы өзінің сюжеттік арнасында, тілдік образдық жүйесінде кейбір кемшіліктеріне қарамастан ұлттық поэзия тарихында елеулі орны бар шығарма.

Ғафур Қайырбеков эпикалық поэзияда Ыбырай Алтынсариннің образын, қайраткердің ағартушы-демократиялық көзқарас, озық ой, зор еңбегін үлкен талас-тартысымен бейнеленген.

«Дала қоңырауында» алдымен Ы.Алтынсариннің азаматтық еңбегін поэмаға арқау еткен. Поэмада Ы.Алтынсариннің барлық өмірі емес, белгілі бір тарихи кезеңдер ғана алынған.

Ыбырайдың поэтикалық образын жасау үшін ақын көбіне көп оның үлгі- өнегелік қадір-қасиетін ашуға зер салған. Ол - бұқара халық үшін жан қиярлық еңбек етуі, еңбекші бұқараның тағдыры, жарқын болашағы үшін еңбек сіңіруі

«Дала қоңырауы» поэмасы, ондағы үлкен ақындық қуатпен жырланған Ыбырай бейнесі- қазақ поэзиясының соңғы кездердегі аса ірі табысы.

Кейінгі жылдары қазақ поэмаларының ішкі жанрлық түрлері де әр алуан. Бір топ поэмаларда негізгі сюжеттер, тартыстар мен қайшылықтар, кейіпкерлердің қарым-қатынасы, көзқарас, идеал-мұраты, өмір жолдары арқылы көрініп, шығарманың сюжеттік желісіне айналып айналып отырады.

Сонымен бірқатарда кейінгі жылдарда бірнеше сюжетсіз лирикалық-философиялық поэмалар да пайда болды. Олар Қ.Бекхожиннің «Сұңқар туралы жыр», Х.Ерғалиевтың «Аңыз ата», Ж.Молдағалиевтың «Мен қазақпын», «Дала дастарханы», Ә.Тәжібаевтың «Портреттер», О.Сүлейменовтың «Адамға табын, жер енді», М.Әлімбаевтың «Менің Қазақстаным», Т.Есімжановтың «Құлагер» т.б. поэмалары. Бұл шығармаларда автордың лирикалық ой-толғанысы анық танылады да, белгілі бір сюжетке құрылмайды. Көбінесе, лирикалық кейіпкер орталық образдың міндетін атқарады.

Лирикалық поэмалардың ішінде жалпылама айтумен нақтылыққа ойысып кететіндері де бар. Поэмадағы ең басты көркем тұлға-ақынның лирикалық кейіпкері. Поэмадағы барлық әңгіме сол лирикалық кейіпкердің төңірегінде өрбиді.

Ж.Молдағаливтың «Мен қазақпын» поэмасы қазақ халқының ұзақ тарихына көркемдік шолу жасап, сол халықтың жинақталған мүсінін жасайды. Ел тарихындағы кезеңді-кезеңді оқиғаларды айта отырып, қазақ халқының қанаушыларға, отаршыларға, басқыншыларға қарсы мың өліп, мың тіріле» күрескенін суреттейді. Әрі көне дәуірдегі, әрі қазіргі замандағы туған халқының өмірін жырлай отырып, оның жинақталған образын жасауда Жұбан Молдағалиев сюжетсіз лирикалық-философиялық поэманың жанрлық мүмкіншіліктерін творчестволық қуатпен молынан пайдаланған. Қазақтың эпикалық поэзиясының өрісін кеңейтіп , елеулі көркемдік қосқан.

Тұтастай алғанда бұл жылдары қазақ поэмалары сан жағынан да, сапа жағынан да недәуір ілгеріледі. Поэмалардың тақырыптық ауқымы кеңіп, мазмұны байыды. Поэтикалық ірі-ірі туындылардың әлеуметтік өмірмен байланысы күшейе түсті. Поэма жанрын жетілдіруде, шеберлікті ұштауда ақындар творчестволық ізденістер жасады.

Сөйтіп, бұл жылдары эпик ақындарымыз поэма жанрын жетілдіріп, оны байыту жолында үздіксіз ізденуде, тәжірибе молайтуда екенін анық танытты. Осы жылдардың сәтті-сәтсіз ізденістері қазақ поэмаларының өсу перспективасы зор екенін көрсетті.

Қазіргі қоғам өміріндегі егемендік дәуірінде, жариялылық бел алған кезде біз де поэма жанрындағы келеңсіздіктерді, сұрқайлықтарды жасырмай батыра айтып отырамыз. Өйткені, жанрдың алға басу тұсындағы кемшіліктерден тезірек арылып, идеялық-көркемдік арсеналын молықтыра беруіне үздіксіз де айрықша назар аударып отыру-әдеби сынның ешқашан күн тәртібінен түспейтін бірінші міндеті.

Әрине, даму өрісін, өсу перспективасын жыл сайын туындап, басылып шығып жатқан сұрқай поэмалар белгілемейді. Қазақ поэмасының бүгінгі дәрежесін, өркендеу деңгейін, оқушының эстетикалық талғамын ұштап, мейірін қандыратын, рухани жағынан байытатын оның көркемдік табыстары ғана анықтайды. Ал ондай елеулі, қомақты эпикалық туындылар қазіргі қазақ әдебиетінде бар. Бірақ онша көп деп айта алмаймыз. Өз шығармаларының идеялық мазмұнын тереңдетіп, көркемдік сапасын әлі де жетілдіре, арттыра түсуде қазақ ақындарының алдында таудай міндеттер, алынбаған биік асулар бар.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]