Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
каз әдебиет.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
482.17 Кб
Скачать

48. Мазмұндама жаздыру арқылы сөйлеу тілін қалыптастыру

Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тiлдiк материалдарды орынды қолдана бiлуге, жазбаша сөйлеудiң ерекшелiгiн, мәтiннiң синтаксистiк құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игi ықпал етедi. Мазмұндаманы жаздырмас бұрын мынаны ескергеніміз дұрыс:

Мазмұндама мәтіні оқытудың білімдік, тәрбиелік міндеттеріне сай, мазмұны мен тілі оқушыларға түсінікті болуы тиіс.

оқушыларға ұсынылатын мәтіндер мазмұнында олардың күнбе-күн араласып, көріп-біліп жүрген етене таныс зат, құбылыс, оқиға және іс-әрекеттер болғаны жөн. Балалар сонда ғана жұмыс барысында онша қиналмай, тез төселіп кетеді.

Мазмұндамаға қажет мәтінге әдебиет бағдарламасында көрсетілген көркем шығармалар да, бағдарламадан тыс текстер де алынады.

Мәтін мазмұнын айтып бергенде, оқушылар мұғалімнің баяндағанын қайталап қоймай, мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыру талап етіледі. Атап айтқанда, оқушы жазған мазмұндама мәтініне мынадай талап қойылуы тиіс:

- оқушының өз ойы болуы;

- өз жанынан қосымша оқиға қосуы;

- өздігінен қорытынды жасауы; 

- мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни I жақ, осы шақ формасындағы мәтінді, III жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндауы;

- қысқарта мазмұндау, яғни, берілген мәтіннің тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқартуы; 

- кеңейте мазмұндау, яғни мәтін мазмұнына байланысты дәйексөз (цитата) және эпиграф келтіре отырып мазмұндауы;

- берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасауы.

Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда әдіскерлер Бегман Ысқақ және Эльмира Оразбаева мазмұндаманың мынандай түрлерін ұсынады:

І. Дайын мәтін бойынша мазмұндама (Дайын мәтін бойынша мазмұндаманың өзін бірнеше түрге бөлуге болады: А) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау; Ә)Мәтіннің мазмұнын сақтап, бірақ баяндалу формасын өзгерту;

Б) Қысқарта баяндау; В) Толықтырып мазмұндау).

ІІ. Сурет бойынша мазмұндама;

ІІІ. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама. 

Дайын мәтін бойынша мазмұндама

(Мазмұндаманың бұл түрі атына лайық, белгілі бір алдын ала дайындалған мәтін бойынша жаздырылады)

А)Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау.Мазмұндама-ның бұл түрінде мәтіннің мазмұны бүтіндей қайталанбағанмен, түгелге жуық меңгеріледі. Мәтіндегі сөз тіркесі, сөйлемдер сөзбе-сөз қайталанбауы мүмкін, алайда кейбір жаңа сөздердің, сөйлемдердің, көркемдегіш құралдардың оқушы жұмыстарынан орын алуы мүмкін. 

Мазмұндама жазғанда көркем мәтінді қаз қалпында қайталауға жол бермеу үшін белгілі әдіскер-ғалым С.Тілешева мұғалімдердің мына мәселелерді мазмұны тартымды, оқиғасы қызғылықты, көркемдік қуаты жағынан жоғары талапқа сай мәтін таңдауын, мазмұндама жазар алдында мәтінді оқу, әңгімені негізгі бөлімдерге бөліп, оған тақырыптар беру, жоспарын жасату, тілін талдау, т.б. жұмыс-тарын орындатқан жағдайда мәтіндегі барды қайталау болмай, мазмұндама нағыз шығармашылық жұмысқа айналатынын айтады. 

Ә)Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, баяндау формасын өзгертіп мазмұндау.Мұнда I жақта баяндалған мәтінді III жақта, өткен шақта құрылған мәтінді келер шақ формасында өзгерте мазмұндау. 

Б)Қысқарта (ықшамдап) мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде берілген мәтіннен айтылайын деген негізгі ойға қатыссыз, қосымша сюжеттер қысқартылып,ең негізгі,түпкі ойды жазады.

Қысқарта мазмұндаудың да өзіндік маңызы бар, өйткені әңгімедегі іс-әрекеттердің негізгі мен қосалқы жақтарын ажырату барысында да шығармашылық сипатқа ие болады.Мәтінді ықшамдау барысында әңгімедегі қосымша детальдардан түйінді ойды даралауға жаттығады, мазмұнды талдай отырып,қажетті материалды жинақтауға,көп ойды аз сөзбен беруге,пікірін қысқаша баяндауға дағдыланады.Мазмұндаманың бұл түрі оқушыларды сөзді талғап,таңдап қолдануға,сөйлемді жинақы құруға,аз сөзбен көп мағына беруге,тілін ширатуға септігін тигізеді.

В)Толықтырып мазмұндау.Бұл ықшамдап мазмұндауға керісінше,берілген әңгіме мазмұнын толықтырып, кеңейтетін, ұсынылған ойға тың пікірлер мен жаңа сюжеттер тапқызу мақсатында жүргізіледі. Мұнда оқушының шығармашылық қабілетін дамыту мақсат етіледі.

Жұмыстың бұл түрінде бұл әңгіменің қысқаша мазмұны беріледі. Негізгі ой ұсынылады. Оқушы өз жанынан берілген ойды күшейтетіндей детальдар қосып, мәтінді толықтырады. Жаңа сюжеттер қосып, баяндалған іс-әрекетті дәлелдей түседі. Мұндай жұмыстар оқушылардың таным процестерін дамытып, тілін ширатады.

Мазмұндаманың бұл түрін жаздыру мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Тыңғылықты дайындалуын қажет етеді. 

Оқушылар мазмұндама жазу барысында мынадай педагогикалық дағдылар мен шеберліктерге үйренуі тиіс:

1. Мазмұндамада оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғырта алуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркестерін құрау, сөйлем құрау шеберліктеріне жаттығады. Осы жұмыстың барысында бірқатар сөз тіркестері мен сөйлемдер, бейнелі сөздер автоматталып, оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жазып беру үшін сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыруға жаттығады. Мұндай процесстерге жаттығу балаларды шығарма жазуға дайындайды.

2. Мазмұндамада ұсынылған тақырыпты түсініп, оның жігін ажырата алу дағдысы мен шеберлігі қалыптасады.

3. Мазмұндаманың жүйесін белгілеу, оны бөлікке бөлу, ат қою және керісінше әңгімеде айтылатын ой жүйесіне сәйкестендіре, әр бөлікті бір-бірімен жалғастыру немесе шығарма мен мазмұндаманың жоспарын жасау. Алдымен дайын мәтіннің жүйесін бақылап дағдыланады, яғни қандай да болмасын, мәтіннің белгілі бір жүйе мен құрастырылатынын ұғынады, сонан соң бірте-бірте өздері көрген білгендері жөнінде әңгіме құрастырғанда да, оны әуелі жүйелеп алуға дағдыланады. Егер оқушы бұған дағдыланбаса, жинаған материалдарын қалай жазуды білмей, білетіндерін айтып берудің ретін таба алмай, еш нәрсе жазбай отырып алады. Мұндай жағдайлар балаларды шығарма жазуға қызықтырудың орнына, керсінше әсер етеді де, олардың шығарма жазуға деген ынтасын кемітеді.

4. Оқушылардың өз ойын дұрыс және түсінікті жеткізу дағдысы. Ойын дұрыс білдіру деген шығарма яки мазмұндама жазғанда белгілі тілдік норманы сақтау, әдеби тілдің ең шұрайлыларын пайдалана білу шеберлігі, сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырып жатық тілмен жеткізе алу шеберлігі, ал ойын түсінікті білдіру дегеніміз оқушының ойын дәл, анық, көкейге қонымды болуы. 

5. Жазғандарын тексеру, түзету жақсарту дағдысы, шеберлігі. Бұл да біраз қиындық келтіретін күрделі жұмыс. Оқушылар мазмұндама, шығарма жазғанда көбінесе бұрын бітіріп, мұғалімге бірінші болып тапсыруға асығады да, жазғандарын қайта оқымайды, сөйтіп, жазған жұмыстарының бір-де бір сөзін, не тыныс белгісін, не әріп қатесін түзетпестен тапсырады. Бұл жөнінде мұғалімнің ескерткен сөзі де оларға әсер етпейді. Мұғалім бұрын тапсырған балалардың жұмыстарын қайтарып беріп, «оқып шығып, қатеңді жөнде» дегеннің өзінде де кей балалар жұмыстарын алып, партаның үстіне қойып, біраз айнала қарап отырады да (мұғалім қасына жақындаса дәптеріне көз салады, мұғалім алысырақ тұрса, айналаға қарап отырады), қайта тапсырады. Бұл дағды мен шеберлікке балаларды үйрету қаншалықты қиын болғанмен, жазғандарын сын көзімен қарап оқып шығып, жазу барысында түрлі себептермен (асығыстық, ойланбаушылық, ережені ұмытып қалушылық т.б.) жіберген қателерін батыл түзету дағдысын, шеберлігін үйренуі тиіс

Қорыта айтқанда, мазмұндама оқушылардың көркем шығарамашылық қабілетін дамытуда ерекше рөл атқарады. Көркем сөздің, көркем ойдың, ұшқыр қиялдың құдіреті сол: сөздің тазалығын, шынайылығын қалыптастыратын, адамның психикасын дамытатан сиқыр күш, жан бар онда. Балаға көркем сөз өнерін үйретудің, баулудың ең басты қажеттілігі – осында. Оқушылардың жазбаша тілін дамытуда мазмұндама мен шығарма жаздырудың алар орны ерекше. Әсіресе, бастауыш мектептерде жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарында мазмұндаманың мәні зор. Мазмұндама:

1. Оқушылардың әдеби тілдік нормаға сәйкес өз ойларын жеткізе білуге үйретеді. 

2. Сөздік қорын молайтады.

3. Ой-өрісін кеңейтуге жәрдемдеседі.

4. Өз бетімен жұмыс жасауға дағдыландырады.

5. Оқуда кездескен қиындықтарды жеңе білуге үйретеді.

Жұмыстың бұл түрлері балалардың тілін дамытуға, ойларын байланыстырып сөйлеуге үйретуде, тіпті әрбір мәдениетті адамға қажетті іскерлік пен дағдылардың қалыптасуына көп әсері бар. Сондықтан да мектепте мазмұндама жұмыстары жиі өткізілуі тиіс. Ал мазмұндама жазуда балалардың қызығуын арттыру үшін аталған түрлердің барлығын қолдану қажет.