Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция Служба БД.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

1 Қозғалыс қауiпсiздiгi қызметi туралы жалпы мәлiметтер

1.1 Қозғалыс қауiпсiздiгi қызметiнiң мақсаты және мiндеттерi

Автомобиль көлігінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында iс-шараларды тағайындау, оларды жүзеге асыру мәселелерiнде қозғалыс қауiпсiздiгi саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеушi басқару актiлерiнiң маңызы ерекше. Кеңестер Одағы Министрлер Кеңесiнiң 1967 жылғы және одақтас республикалар Министрлер Кенесiнiң 1968 жылы қабылдаған «Қалаларда, елдi мекендерде және автомобиль жолдарында қозғалыс қауiпсiздiгiн арттыру туралы» қаулысының қабылдануы, одақтас республикалардың автомобиль көлігі министрлiктерiнде және әртүрлi министрлiктер мен ведомстволарда қозғалыс қауiпсiздiгi қызметiнiң құрылуы, қозғалыс қауiпсiздiгi бойынша облыстық комиссиялардың жасақталуы, қозғалыс қауiпсiздiгiнiң кең көлемде мемлекеттiк басқару қарамағында болып келгенiн көрсетедi.

Автомобильдермен тасымалдаудың қауiпсiздiгiн басқару жүйесi – бұл жолаушылар мен жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiнiң қажеттi деңгейiн белгiлеу, қамтамасыз ету және қолдауға бағытталған, нормативтiк құжаттармен реттелген бiр-бiрiмен тығыз байланыстағы ұйымдастыру, техникалық, экономикалық және әлеуметтiк шаралардың, әдiстердiң және құралдардың жиынтығы.

Бұл жүйенiң басты мiндетi жол-көлік оқиғаларының пайда болу себептерiн талдауға бағытталған жол-көлік оқиғаларына қарсы күрес бойынша негiзгi шараларын ұйымдастырудың, бақылаудың және орындаудың деңгейiн арттыру болып табылады.

Тасымалдау қауiпсiздiгiн басқару процесi жүргiзушiлердi кәсiби дайындау, көлік құралдарын пайдалану, тасымалдауды жоспарлау мен ұйымдастыру, қажеттi жұмыс жағдайларын жасау және барлық түрдегi бақылау барысында үздiксiз жүргiзiлуi тиiс.

Қозғалыс қауiпсiздiгi қызметi Қазақстан Республикасы көлiк және коммуникациялар министрлiгi көлік департаментi жүйесiндегi автомобиль көлігі, тракторлар және өздiгiнен жүретiн машиналары бар барлық мекемелерде құрылуы тиiс.

Қозғалыс қауiпсiздiгi қызметiнiң басты мақсаты жол-көлік оқиғаларының алдын алу және көлік құралдарын пайдалану тиiмдiлiгiн арттыру бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру болып табылады.

Автомобиль көлігі кәсiпорындарындағы қозғалыс қауiпсiздiгi қызметi мына төмендегi шаралар кешенiн iске асыра отырып, жол-көлік оқиғаларының санын кемiтедi және оларды болдырмау бағытында жұмыстар орындайды:

– жол-көлік оқиғаларын және жолда жүру ережелерiн бұзу фактiлерiн анықтау, олардың себептерiн және пайда болу жағдайларын тексеру;

– көлік құралдарының жол-көлік апаттарынсыз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру - техникалық шараларын дайындау және оларды iске асыруға қатысу;

– жүргiзушiлермен тәлiм-тәрбие жұмыстарын жүргiзу және олардың кәсiби шеберлiгiн арттыру;

– автокөлік мекемесiнiң барлық қызметтерiнiң, бөлiмдерiнiң қозғалыс қауiпсiздiгi бағытындағы жұмыстарын басқару және бақылау.

Автокөлік мекемесi қозғалыс қауiпсiздiгi қызметiнiң негiзгi мiндеттерi:

– жүргiзушiлермен жүргiзiлетiн профилактикалық жұмыстардың жоспарының жобасын дайындау;

– қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша белгiленген нормативтiк құжаттардың, нұсқаулардың, бұйрықтардың тиiстi дәрежеде орындалуына жүйелі түрде бақылау жасау;

– автокөлік мекемесiнiң барлық қызметтерiнiң қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бағытындағы тиiстi шараларын орындауын тексеру;

– белгiленген ережелер мен нұсқауларға сәйкес жол-көлік оқиғаларын және жолда жүру ережелерiнiң талаптарын бұзу жағдайларын есепке алуды жүргізу;

– жол-көлік оқиғаларының материалдарын талдау, сараптау және олардың кәсiпорын ұжымында талқылануын ұйымдастыру;

– жол-көлік оқиғаларын қызметтiк тергеу жұмыстарына қатысу;

– апатсыз, жол-көлік оқиғаларынсыз жұмыс iстеудiң алдыңғы қатарлы тәжiрибесiн талдау және тарату;

– қозғалыс қауiпсiздiгi кабинетiнiң жұмысын ұйымдастыру және қозғалыс қауiпсiздiгi бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу;

– қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бағытында жұмыс iстейтiн қоғамдық ұйымдарға әдiстемелiк көмек көрсету;

– жүргізушiлердiң сынақтан өтуiне және жетекшi - жүргізушiлер жұмысына бақылау жасау;

– жүргізушiлердiң белгiленген мерзiмде кең көлемдегi, толық дәрiгерлiк бақылаудан өтуiн қадағалау;

– жүргізушiлерге бiлiктiлiк санаттарын беру жөнiндегi аттестациялық комиссиялар жұмысына қатысу;

– жүргізушiлердiң желiдегi жұмысы барысында көлік құралдарын дұрыс пайдалануын және жолда жүру ережелерiн сақтауын тексеру;

– қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша, жергiлiктi жол полициясы органдарымен бiрлесiп, ұйымдастыру-техникалық және тәрбиелiк шаралар ұйымдастыру және оларды iске асыру.