- •65. Геоақпараттық картографияның мүмкіншіліктерін географиялық зерттеулерде пайдалану
- •66. Диссертация тақырыбының өзектілігін негіздеу, мақсатын, міндеттерін анықтау
- •67. Ғылыми ақпарат іздестіру бағдарламалары
- •68.Эксперимент, маңызды ерекшеліктері және түрлері
- •69.Зерттеу нәтижелерін қорытындылау және жариялау
- •70.Жоба концепциясын негіздеу
- •71.Қазақстандағы географиялық зерттеулердің басты бағыттары
- •72. Географиядағы арнайы зерттеу әдістерін зерттеу саласы бойынша қолдану мүмкіндіктері
69.Зерттеу нәтижелерін қорытындылау және жариялау
Зерттеу нәтижелерін қорытындылау және жариялау. Зерттеу нәтижелері көбінесе ғылыми мақала түрінде жарияланады. Ғылыми мақаланың құрылымы мен мазмұнына мына мәселелер қамтылуы тиіс:
Мақаланың атауы (article title), аннотациясы (abstract) қысқа болуы тиіс, сонымен қатар мақала атауы сенімді, назар аударуға, қызығушылық тудыруға тұрарлық болуы қажет. Көбінесе мақалаға қызығушылық оның атауына назар аударғанда ғана туады.
Автор туралы деректер (author's data) көбінесе ғылыми басылым талаптарына сәйкес құрастырылады: әдетте аты-жөні, қызметі, ғылыми атағы мен дәрежесі, қандай мекемеде істейтіндігі беріледі.
Мақала басталмастан бұрын түйін сөздер (ключевые слова немесе keynotes or keywords), мақала соңында әдебиеттер тізімі (references or bibliography) беріледі.
Мақаланың кіріспесі (introduction), мұнда ғылыми проблеманың өзектілігі мен практикалық маңызы (motivation) негізделеді. Бұл бір проблеманың немесе теорияның аз зерттелген қырлары немесе осыларға қатысты жаңа деректердің пайда болуы, жаңа құбылыстың байқалуы, жаңа материалдың алынуы немесе өзіндік бір гипотезаның концепцияның ұсынылуы түрінде болуы мүмкін. Кіріспе әдетте анық, дәл болуы тиіс және зерттеуші алған нәтиженің басқа нәтижелерден айырмашылығын айқын білдіруі қажет. Кіріспе диссертациядағы кіріспе сияқты мақаланың да өзіндік бет-бейнесін айқындап беруі тиіс. Өйткені кіріспе ғылыми журналдың редакциясы мен рецензенттерге мақала туралы жақсы пікір қалыптастыруы тиіс. Сондықтан мақаланың кіріспесі, оның қорытындысы сияқты, мінсіз болуы керек, оның көлемі мақаланың жалпы көлемінің шамамен 20%-ын қамтиды.
Мақаланың негізгі бөлігінде (body) проблеманы талқылау (discussion) және басқа зерттеушілердің нәтижелерімен салыстыру (comments) арқылы жұмыстың үлесі мен алынған ғылыми нәтижелер көрсетіледі. Осы бөлікте кеңінен танымал шетелдік және отандық зерттеушілер еңбектеріне (әсіресе соңғы 5 жылдағы) сілтемелер жасау қажет. Бірақ онша белгісіз немесе интернет-версиясы жоқ конференция материалдарына сілтеме жасаудың қажеті жоқ. Кез келген ғылыми зерттеулер, тіпті ғылыми жаңалықтар бұрыннан бар зерттеулердің нәтижелеріне сүйенеді, сондықтан пролемаға қатысты негізгі еңбектерге шолу жасау өте тиімді.
Мақала қорытындысында (conclusion) негізгі жетістіктерді қысқаша баяндап, бұл мәселенің басқа зерттеушілер үшін практикалық маңызын көрсету қажет. Қорытындыда мақаланың басқа бөлігіндегі топшылау, түйіндеулер қайталанбауы қажет. Қорытынды осы проблеманы шешуде зерттеушінің қандай үлесі бар екендігін айқын көрсетіп тұруы керек.
70.Жоба концепциясын негіздеу
Жоба – мақсатқа сай ойластырылып жоспарланған рухани мұра немесе нақты объектілерді жасау мен жаңартудың, сондақ ақ оларға қатысты технологиялық процесстер, техникалық және ұйымдастырушы құжаттарды ресімдеу, қаржы, еңбек және басқа ресурстарды жұмылдыру және оларды орындауға байланысты басқару шешімдері мен шараларын қабылдау.
Жобаның тіршілік циклы бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – жоба концепциясын жасау. Бұл кезеңде жоба мақсаты мен міндеттерін айқындау, нәтижелерді негіздеу жүзеге асырылады. Концепция (тұжырымдама) белгілі бір жоспар бойынша ретпен, сұрақтарға жауап ретінде жазылады, осы арқылы тұжырымдама сипаттамасы тереңдетіліп, нақтылана түседі. Концепцияны жасау мына ретпен жүргізіледі:
Инновациялық идеяны қалыптастыру және жоба мақсатын қою;
Жоба идеясының өзектілігін зерттеу және негіздеу
Жобаны құрылымдау
Тәуекелділік пен белгісіздікті талдау
Жобаны іске асырудың варианттарын қарастыру.
Инновациялық идея бүкіл жобаның қозғаушы күші болып табылады. Идея қалыптастыруда проблеманы шешудің немесе жаңалықты енгізудің балама варианттары анықталады. Инновациялық идеяларды жинақтау мен қалыптастыру әдістеріне сараптамалық бағалау, топтық шығармашылық әдістер («Дельфи» әдісі, «Ми атакасы» әдісі) қолданылады. Сараптамалық бағалау әдісі объектінің дамуына қажетті теориялық негіз аз болғанда қолданылады. Оларды пайдалану тіпті нақты статистикалық деректер аз болған кезде де өзін-өзі ақтайды. Жеке және топтық болып екіге бөлінеді. Жеке сараптама сарапшылардың тәуелсіз көзқарасына негізделеді. Сарапшылар тобының бағасы салыстырмалы түрде шынайы болады.
«Дельфи» әдісі – топтық сараптаманың ең кең тараған түрі. Ол белгілі бір оқиғаның ықтималдығын анықтау және бағалау үшін қажет. Алдымен болжаудық ақпараттық базасын қалыптастыру үшін сарапшылар анкета арқылы сұралады. Кейіннен осы ақпарат логикалық түрде талданады. Талдау қорытындылары бойынша жаңа көзқарастар жиналады. Жинақталған материалдар талданып, сарапшыларға қайта ұсынылады, нәтижесінде жалпылама сипаттама алынады.
«Ми атакасы» әдісі ұжымдық идеялар генерациясы (жинақталуы) арқылы жүзеге асырылады. Зерттелетін объектінің дамуы мен оған баға берудің варианттарын ұсынып, талдаумен анықталады. Бұл әдіс мамандар тобының шығармашылық әлеуетін белсендіру арқылы жаңа идеяларды жинақтауға көмектеседі.
Сонымен, идеяны қалыптастыру жобаны ұсынушы топтың мүшелерінің пікір алмасулары нәтижесінде жүреді. Жобаның инновациялық идеясын қалыптастырумен қатар, жоба идеясының өзектілігін зерттеу және негіздеу жүргізіледі. Осы кезеңде жобаның ғылым, қоғам дамуы үшін маңызы анықталады, ол концепция жасалған кезде нақты сандық көрсеткіштермен көрсетілмеуі де мүмкін.
Жобаның түпкі нәтижелері алдын-ала құрылымдалады, яғни жекелеген құрамдас элементтерге бөлінеді. Құрылымдау барысында жоба жүйе ретінде алынып, ол жүйе тармақтары мен құрамбөліктері ажыратылады, осылайша оларды басқару мүмкіндігі жасалады. Мұндай бөліктер қатарына жоба командасы, жобаны ұйымдастыру формасы және құрылымы, жобаны басқару функциялары (жоспарлау, бақылау, талдау, ұйымдастыру, жобаны жүзеге асыру, сараптама, тексеру мен қабылдап алу, әкімшілік басқару, реттеу) жатады.
Инновациялық жобалардың басты ерекшеліктерінің бірі – жобаны орындаудағы тәуекелділік және белгісіздік жағдайлары. Бұл факторлар жоба тиімділігін есептеген кезде ескерілуі керек, сол үшін жоба концепциясында жағдайлар өзгерген кезде жобаны орындаудың балама варианттары міндетті түрде көрсетіледі. Инновациялық жобаның балама варианттары арасынан ең өмірге қолайлысын таңдап алу жоба жасаудағы жауапкершілікті талап ететін қадамдардың бірі болып табылады. Бұл кезеңнің негізгі міндеттері:
Жоба тиімділігінің критерийлерін немесе көрсеткіштерін (жоба мерзімі мен ұзақтығы, жобаның өзін-өзі ақтау мерзімі, әлеуметтік, экономикалық тиімділігі) анықтау;
Балама варианттардың тиімділік көрсеткіштерін оларды пайдалану ықтималдығын ескере отырып, есептеу (50/50, 60/40, 70/30 және т.б.);
Іске асырылатын инновациялық жобаларды салыстыру және оңтайлы вариантын таңдап алу.
Жобаларды тиімді жүзеге асыру басқарудың негізгі аспектілеріне сүйеніп, басқару әдістерін қолдануды қажет етеді. Басқарудың негізгі аспектілеріне мыналар жатады:
Коммуникативті дағдылар. Кез келген коммуникация процесінің мақсаты – жетістікке (түсіністікке) жету үшін қарым-қатынастың неғұрлым тиімді жолын таңдап алу. Жобаларды басқаруда өзара түсіністіктің болуы аса маңызды, бұл жобаны орындаушылардың жиі пікір алмасулары және жобаның көмескі тұстарын нақтылап талдаудың нәтижесінде мүмкін болады.
Командалық жұмыс. Бір жобаның шеңберінде әртүрлі саланың мамандары біріктірілуі мүмкін, сондықтан олардың барлығын жобаға бағдарлап, олар қатыса алатын процестің барлығына қатыстыру қажет. Командалық өзара әрекет ету кез келген жобаның жетістікке жетуі үшін аса маңызды шарттың бірі болып табылады.
Бастамашылдық. Әдетте жобаны орындау барысында кейбір орындаушылар басқаларының жұмысына (олар орындайтын жұмыстың мерзімі мен сапасына) тәуелді болады. Көп жағдайда жұмыстың бір кезеңі бітпей қалғандықтан, екінші кезеңін бастау мүмкін болмай қалады. Бұл осы кезеңді орындауға жауапты адамның уақытының жетіспеуінен, білімі мен дағдысының болмауынан немесе жұмыс кестесінің дұрыс ұйымдастырылмауынан болады. Бұл жағдайда жобаның басқа орындаушылары «өзінікі» емес жұмысты орындаудан шеттеп қалмай, бастама көтеріп, басқаларға көмектесуі қажет. Жобаға қатысатын жақсы маман өзінің жұмысының нәтижесіне ғана емес, жалпы жобаның нәтижесіне де мүдделі болуы қажет.
Бір адамның басқаруы. Жобаны басқаруды бір адам жүзеге асыруы қажет, ол жұмыстардың бағытын, мақсаты мен міндеттерін айқындап, орындалу барысына бақылау жасайды. Бұл жобаның бастапқы концепциясының біртұтастығын сақтауға және бақылауды бір орталықтан жүргізуге мүмкіндік береді.
