- •65. Геоақпараттық картографияның мүмкіншіліктерін географиялық зерттеулерде пайдалану
- •66. Диссертация тақырыбының өзектілігін негіздеу, мақсатын, міндеттерін анықтау
- •67. Ғылыми ақпарат іздестіру бағдарламалары
- •68.Эксперимент, маңызды ерекшеліктері және түрлері
- •69.Зерттеу нәтижелерін қорытындылау және жариялау
- •70.Жоба концепциясын негіздеу
- •71.Қазақстандағы географиялық зерттеулердің басты бағыттары
- •72. Географиядағы арнайы зерттеу әдістерін зерттеу саласы бойынша қолдану мүмкіндіктері
66. Диссертация тақырыбының өзектілігін негіздеу, мақсатын, міндеттерін анықтау
Магистрлік диссертация – магистратураны бітіруші түлектің бекітілген тақырып бойынша орындайтын ғылыми жұмысы. Бітіруші түлектің іргелі ғылыми даярлығы болуы тиіс, қазіргі ғылыми ақпараттарды алу, өңдеу және сақтау әдістерімен қоса, осы заманғы ақпараттық технологияларды меңгеру, таңдаған ғылыми мамандығы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасай білу, жоғары оқу орнында сабақ бере білу, ғылыми және ұйымдастыру қызметін жүргізе білу, біріккен ғылыми зерттеулерды жасау, шығармашылық тұрғыда ойлай білетін маман болуы тиіс.
Жалпы зерттеу жұмысының құрылымына әдетте мынадай жеке бөліктер енеді: Кіріспе, бөлімдерге жіктелген негізгі бөлім, Қорытынды, Әдебиеттер тізімі, Қосымшалар.
Кіріспеде тақырыпты таңдап алудың негіздемесі, тақырыптың өзектілігі, ғылым үшін маңыздылығы, аталған тақырып проблемасының ғылым саласындағы орны көрсетіледі; мәселенің зерттелу тарихы әдебиетке талдау түрінде беріледі; ғылымда шешілмеген проблема нақтыланады. Бұл мына ретпен жүзеге асады:
Диссертация тақырыбының өзектілігі анықталады. Ол үшін тақырып өзектілігін анықтайтын критерийлер пайдаланылады (тақырыптың адамзат қоғамы мен әлемдік проблемалармен байланысы тұрғысындағы маңызы, ұлттық (мемлекеттік) деңгейдегі өзектілігі, мемлекеттік даму және т.б. бағдарламалармен үндестігі, география ғылым мен оның таңдалынған саласының дамуы үшін маңызы және т.б. сипатталады).
Тақырыпқа сәйкестендіру арқылы жұмыстың мақсатын анықтау. Мақсат бір сөйлеммен жазылады, онда тақырып түпкі мақсат ретінде таңдалып, оған жету жолдары ретінде ғылыми әрекет түрлері көрсетіледі.
Келесі кезекте жұмыстың міндеттері анықталады. Міндеттер көп жағдайда жұмыстың құрылымы негізінде ең ірі құрылымдық элементтер (тараулар) тақырыбымен сәйкестендіріліп, оған жету жолдары көрсетіледі. Әдетте 3-4 міндет жеткілікті болады.
67. Ғылыми ақпарат іздестіру бағдарламалары
Зерттеу тақырыбын таңдап алғаннан кейін, қажетті бастапқы материалды таңдап алу қажет. Ғылыми жетекші зерттеу тақырыбына қатысты әдебиеттің қысқаша тізімін беруі мүмкін. Зерттеу тақырыбына байланысты әдебиетті толығымен өздерің іздеулеріңе тура келеді.
Әрбір кітапханада алфавиттік және жүйелік каталог болады. Олар өз кезегінде каталог тармақтарына жіктеледі.
Алфавиттік каталогта кітаптар авторлардың фамилиялары немесе олар болмаған жағдайда, кітап атаулары бойынша орналастырылады.
Жүйелік каталогта кітап атаулары рубрикалар бойынша топтастырылған. Рубрикалар алфавит бойынша емес, пәндер жүйесі бойынша жіктеледі. Ең толық, жіктелген сипаттағы жүйелік каталог пәндерге (философия, дінтану, қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары және т.б.), олар өз кезегінде тараулар мен рубрикаларға топтастырылады.
Ғылыми жұмысты газет пен журналдарда жарияланған жаңа, онша белгілі емес деректер толықтыра алады. Ол үшін кітапхананың анықтамалық-библиографиялық бөлімінде болатын журнал мен газет мақалаларының картотекасын қарау қажет. Бұл картотекада мерзімді басылымдар мен журналдарда жарияланған барлық мақалалар туралы деректер жинақталған. Арнайы ақылы қызмет көрсететін ірі кітапханаларда тақырыпқа сәйкес келетін мақалалардың тізіміне тапсырыс беруге болады.
Бастапқы дерек көздерінің қазіргі заманғы библиография ғылымы мынадай түрлерін ажыратады:
Ресми басылымдар – мемлекет немесе оның жеке органдары атынан жарияланатын, заң, нормативті немесе директивті сипаттағы құжаттар, материалдар. Мұндай материалдарға заңдардың мәтіні, үкімет қаулылары мен жарлықтары, мемлекеттік стандарттар жатады. Егер тақырыптарыңа сәйкес, сендер мұндай материалдарды зерттейтін болсаңдар, олар дерек көзіне айналады. Ресми басылымдарға талдау жасау қатаң және дәл ресімдеуді қажет етеді. Жұмыста берілетін құжатты сол күйінде, өзгеріссіз, өте нақтылықпен, барлық қосымша деректерімен қоса көрсету қажет.
Ғылыми басылымдар – ғылыми жұмысқа арналған және теориялық, эксперименттік зерттеу нәтижелері баяндалған басылымдар. Оларды өз кезегінде монографиялар мен ғылыми мақалаларға жіктейді. Монография – бір ғылыми проблеманың толық және жан жақты зерттелуі берілетін, бір немесе бірнеше автор жазған, кітап түріндегі басылым. Ол сол саладағы мамандарға ғана түсінікті тілмен жазылады, мұнда жай оқырман үшін күрделі көптеген арнайы терминдер мен формулалар болуы мүмкін. Мақала – журналда немесе ғылыми жинақта автордың белгілі бір идеяны, проблеманы немесе көзқарасын ғылыми-көпшілік тезис түрінде жариялауы. Мақаланың негізгі белгілері: тақырыптың өзектілігі, баяндаудың қысқалығы және тартымдылығы.
Оқу басылымдары (оқулықтар, оқу құралдары) - оқу пәнінің немесе оның жеке тарауының неғұрлым толық, жүйелі түрде баяндалуы. Олар жалпы деректерінің түсінікті болуымен және көпшілікке танымал мәселелерді қамтуымен ерекшеленеді.
Анықтамалықтар, сөздіктер мен энциклопедиялар, географиялық атластар – ғылыми және қолданбалы сипаттағы қысқаша, нақты деректер болатын басылымдар. Бұл басылымдар басынан аяғына дейін оқып шығуға арналмаған, оларды керек кезінде ұдайы пайдалануға болады. Қолайлылығы кез келген уақытта белгілі бір мәселе, объект бойынша жалпылама дерек алуға болады.
Интернет. Географиялық сайттар. Танымдық сайттар. Жеке ұйымдардың, ғалымдардың сайттары. Ақпарат түрлері: мақалалар, PDF форматындағы басылымдар. Анықтамалық-статистикалық деректер. Карталар топтамалары.
Жергілікті жердегі ақпарат көздері. Ресми ұйымдардың (әкімшілік, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер) материалдары. Пресс-релиздер. Өлкетану бағытындағы материалдар. Жергілікті объектіні бақылау, өлшеулер жүргізу мен байқау нәтижесінде жинақталатын материалдар.
