- •65. Геоақпараттық картографияның мүмкіншіліктерін географиялық зерттеулерде пайдалану
- •66. Диссертация тақырыбының өзектілігін негіздеу, мақсатын, міндеттерін анықтау
- •67. Ғылыми ақпарат іздестіру бағдарламалары
- •68.Эксперимент, маңызды ерекшеліктері және түрлері
- •69.Зерттеу нәтижелерін қорытындылау және жариялау
- •70.Жоба концепциясын негіздеу
- •71.Қазақстандағы географиялық зерттеулердің басты бағыттары
- •72. Географиядағы арнайы зерттеу әдістерін зерттеу саласы бойынша қолдану мүмкіндіктері
65-72
65. Геоақпараттық картографияның мүмкіншіліктерін географиялық зерттеулерде пайдалану
Жер туралы ғылымдарда ақпараттық технологиялар геоақпараттануды және географиялық ақпараттық жүйелерді (ГАЖ) қалыптастырды. Бұл атаулардағы «географиялық» дегеннің өзі кеңістіктік деген мағына берумен қатар, зерттеу ұстанымының кешенділігі мен жүйелілігіне де қатысты қолданылған. Әлемдегі ең алғашқы ГАЖ ХХ ғасырдың 60-жылдарында Канада мен АҚШ-та жасалған болатын. Қазіргі кезде алуан түрлі салаларда мыңдаған ГАЖ қолданылады. ГАЖ барлық кеңістіктік деңгейлерді (ғаламдық, аймақтық, ұлттық, жергілікті) қамтып, қоршаған орта мен қоғам туралы барлық дерлік ақпаратты (картографиялық, статистикалық, қашықтан зондылау, меторологиялық және т.б.) жүйелейді. Географиялық ақпараттық жүйелер деректерді жинақтап, деректер базаларын жасау, оларды компьютерлік жүйелерге енгізу, сақтау, өңдеу, түрлендіру және қолданушының сұранысы бойынша әртүрлі нұсқада (картографиялық, кестелер, сызбалар, мәтіндер) беруге мүмкіндік береді.
География ғылымдары тұрғысынан алғанда, географиялық ақпараттық жүйелер табиғи және әлеуметтік-экономикалық жүйелерді танып-білу, зерттеу және үлгілеудің құралы болып табылады. Қазіргі кезде географиялық зерттеулердің барлық кезеңдерінде де ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылады. Әсіресе ақпаратты жинақтау мен жүйелеу, сақтау, өңдеуді ақпараттандыру технологияларынан бөліп алу тіптен мүмкін емес. Зерттеудің үшінші кезеңінде ақпараттық технологиялар көмегімен үлгілеу жүргізіледі. Үлгілеулер қатарында қазіргі заманғы ГАЖ-технологиялар арқылы құрастырылған сандық негіздегі карталар, сызбанұсқалар мен компьютерлік имитациялық үлгілер бар.
Геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) – географиялық ақпарат әртүрлі мазмұндағы карталар түрінде сақталатын, бұл карталарға түсірілген объектілер бойынша сандық және мәтіндік ақпарат берілетін деректердің компьютерлік базасы. Кеңістік ауқымы бойынша ғаламдық, жалпымемлекеттік, аймақтық, аудандық және қалалық ГАЖ ажыратылады. Сонымен, ГАЖ ең жаңа техникалық деңгейде деректерді жинап, жүйелеп, сақтап, өңдеп, бағалау, бейнелеу мен таратуды жүзеге асырып, осының негізінде жаңа географиялық ақпаратты алуға мүмкіндік беретін айрықша жүйелер болып табылады. Ең соңында, зерттеу нәтижелерін таратуда да ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылады. Сонымен, ГАЖ Жер туралы ғылымдар мен оған жапсарлас әлеуметтік-экономикалық ғылым салалары зерттейтін объектілер мен құбылыстарды зерттеу үшін қолданылады.
Технологиялық тұрғыдан алғанда, ГАЖ кеңістіктік географиялық (геологиялық, экологиялық және т.б.) ақпаратты жинақтау, сақтау, түрлендіру, бейнелеу және тарату құралы болып табылады.
Өндірістік тұрғыдан алғанда, ГАЖ құрылғылар мен басқару, шешімдер қабылдау үшін қажет бағдарламалық өнімдердің кешені болып есептеледі, бұл кешендегі ең басты құрамбөлік қызметін автоматты картографиялық жүйелер атқарады.
Геоақпараттану мен картографияның өзара әрекеттесуі нәтижесінде пайда болып, дамып жатқан геоақпараттық картография саласы ГАЖ негізінде табиғи және әлеуметтік-экономикалық геожүйелерді автоматты түрде ақпараттық-картографиялық үлгілеумен айналысады Қазіргі кезде географиялық зерттеулер мен қолданбалы карталарды жасауда геоақпараттық картография дәстүрлі карта жасау және карталарды басып шығару әдістерін алмастырып болды.
Жер туралы ғылымдар қазіргі кезде толығымен дерлік геоақпараттық картографиялауға көшті деуге болады. Қазақстанда жасалған, 3 томнан тұратын, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі тұңғыш Ұлттық атластың карталары да осы әдіспен құрастырылған. Қазіргі кезде осы әдіспен Қазақстанның тақырыптық карталары, 1:100 000, 1:500 000, 1:1000 000 масштабындағы топографиялық негіздегі карталар жасалған. Республикалық «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор» құрастырылған карталар сатылымға шыққанда олардың көпшілігінің электрондық нұсқалары қоса ұсынылады. Бұл Қазақстанда осы саланың даму үстінде екендігін дәлелдейді. Қорыта келгенде, геоақпараттық жүйе технологиялары географиялық ғылыми зерттеулерде кеңінен қолданыс тапқан. Бүгінгі таңда оның барлық салада рөлі біршама артқанын көреміз
