- •Лекция №1
- •Лекция №2 Тақырыбы: Жамбыл облысы табиғатының зерттелу тарихы
- •Лекция №3
- •Лекция №4
- •Лекция №5
- •Лекция №6
- •Лекция №7
- •Лекция №9
- •Лекция №8
- •Геобатаникалық аудандастырылуы.
- •Лекция №10
- •Лекция №11 Тақырыбы: Жамбыл облысының ерекше қорғауға алынған нысандары
- •Лекция №12 Тақырыбы: Жамбыл облысының табиғат зоналары
- •Лекция №13
- •Лекция №14 Тақырыбы: Жамбыл облысының геоэкологиялық аудандастырылуы
- •Лекция №15 Тақырыбы: Жамбыл облысының халқы, экономикасы, өнеркәсібі
- •1.2 Жамбыл облысының үлкен қалалары мен демографиясы
- •Жамбыл облысының экологиялық жағдайы
Лекция №2 Тақырыбы: Жамбыл облысы табиғатының зерттелу тарихы
Табиғатының зерттелу кезеңдері
Жамбыл облыс аумағы бүкіл Қазақстан жеріндей ұзақ уақыт бойы Жердің ішкі және сыртқы күштерінің әсер етуі нәтижесінде қалыптасқан. Аумақты бірнеше рет теңіз басып, кейін құрлыққа айналып, одан кейін қайта теңіз суы астында қалып отырған. Жер бетінде таулар пайда болып, кейіннен олар мүжіліп, жазыққа айналған. Мұндай күрделі процестер ондаған, жүздеген миллион жылдар бойы қайталанып отырған. Соның нәтижесінде облыс аумағының қазіргі жер бедері қалыптасқан.
Жердің жаңа тарихының ұзақтығы 55-65 млн. жылға созылған. Облыс аумағының қазіргі жер бедерінің қалыптасуы жер қабығының альпілік қозғалысымен тығыз байланысты. Төрттік кезеңде жер бетінің қалыптасуы одан әрі жалғасқан. Палеоген кезінде облыс аумағында тектоникалық қозғалыс өте баяу жүрген. Осы кезеңде облыстың солтүстігіндегі ескі тау жүйелері бұзылып, жазық өңірлерге айналған. Биік таудың бұзылып ойпаттарға жиналуынан аккумулятивтік жазықтар пайда болған. Неогеннің басында жер қыртысында бірнеше рет дүркін қозғалыстар болды.
Облыс аумағында неоген кезеңінің аяғында аридтік климат үстем болған. Облыс аумағын қамтыған сирек орман орнында шөл және қуаң дала қалыптаса бастады. Төрттік кезеңде (1-1,2 млн жыл бұрын) облыстың оңтүстігінде мезгіл-мезгіл қарқынды көтерілулер қайталанған. Бұрынғы түгелімен дерлік жазық аумақтар бірнеше бөліктерге жарыла ажыратылады.
Жамбыл облыс аумағы табиғатының зерттелу тарихы туралы нақты мәліметтер келтірілмегенімен, Қазақстанның қазіргі жері туралы алғашқы географиялық жазбаша мәліметтер өте ерте заманнан басталады. Оның кейбір аса ірі табиғат объектілері туралы деректерді ертедегі грек және рим ғалымдарының еңбектерінен кездестіруге болады. Мәселен, Геродот (б.э.д.Vғ.) Каспий теңізінің тұйық бассейн екендігін дұрыс көрсете келіп, онан шығыста шексіз жазықтар орналасқандығын баяндайды. Птоломей (б.э. ІІ ғ.) Орал, Ембі, Сырдария өзендері туралы мәліметтер береді.
Сондай-ақ, облыс территориясы жайындағы мәліметтерді шығыс зерттеушілерінің еңбектерінен кездестіруге болады. Жалпы Қазақстан территориясын зерттеуде орыс зерттеуші саяхатшыларының да экспедициясы нәтижесінде жинақтаған материалдарының маңыздылығы зор.
Әдебиеттер тізімі
1. Семенова М.И., Жамбульская область. Изд-во Академик наук Казахской ССР. Алма-Ата, 1961.
2. Ә.С.Бейсенова., А.Б. Самақова., Т.И. Есполов., Ж.Б.Шілдебаев. Экология және табиғатты тиімді пайдалану. – Алматы: «Ғылым», 2004
3. В.Е.Соколова., Е.Е.Сыроечковский. Заповедники СССР. Заповедники Средней Азии и Казакстана. - Москва: «Мысль», 1990.
Лекция №3
Тақырыбы: Облыстың тектоникалық геологиялық құрылымы
1. Жамбыл облысы жер бедерінің геологиялық құрылымы
2. Геологиясы және кен байлықтары.
Қазіргі Жамбыл облысының геологиялық құрылымы өте ұзақ тарихи даму мен күрделі геологиялық қалыптасу нәтижесінде пайда болып, соған сәйкес литологиясы мен рельефінде үздіксіз заңды өзгерістер пайда болды. Облыстың біраз бөлігін алып жатқан қатпарлы фундамент Каледон тау көтерілу дәуірінде қалыптасса, Талас Алатауындағы батыс Тянь-Шанның кішігірім бөлігі Герцин тау көтерілу дәуірінде қалыптасты. Қазіргі кездегі Альпі тау құрылымдары олигеценнен басталып, әлі күнге дейін жүріп жатыр. Олар өз кезегіндегі жер қыртыстарының әр түрлі блоктарының қарқынды қозғалыстарымен көрініс беруде.
Жамбыл облысының тау құрылымдары протерозой кембрий, силур, ордовик, карбон, юра, палеоген және неоген дәуірлерінің әр жылдық шөгінді метаморфты және интрузивтік жыныстарының нәтижесінде қалыптасқан. Тау жыныстарының құрамында гранит және гнейс, порфир және порфиреттер, диориттер, ақтас, кварциттер, қиыршық тастар, конглемераттар, саз және тағы басқа кездеседі. Сонымен қатар Қаратау және Қырғыз Алатауы тау алды жазықтықтарының геологиялық құрылысы күрделі болып келеді. Конгломераттар қиыршық тас, ақ тастар тақта тас, саз қабатшалары мен сол сияқты тастақты шөгіндер әдетте құм керішті саздақтар мен көмкеріле отырып, жазықтық солтүстігіне қарай қалыңдай түседі.
Палеозойдағы қарқынды соңғы тектоникалық қозғалыс әсерінен герцин қатпарлану дәуірінде облыс аумағының оңтүстігінде биік таулар пайда болған. Кайнозой эрасының басында олар мүжіліп, біржолата құрлыққа айналған. Облыстың аумағының қазіргі жер бедерінің қалыптасуы жер қабығының альпілік қозғалысымен тығыз байланысты. Төрттік кезеңде жер бедерінің қалыптасуы одан әрі жалғасқан. Палеоген кезінде облыс аумағында тектоникалық қозғалыстар өте баяу жүрген.
Төрттік кезеңде облыстың оңтүстігінде қарқынды көтерілулер қайталанған. Тауларды төрттік кезеңде екі рет мұз басқан. Осы кезеңде Шу өзені жүйесі құрылған. Қазіргі кезеңде неотектоникалық қозғалыстар әлі жалғасуда.
Геологиясы және кен байлықтары
Облыс жер қойнауы кен орындарына бай. Мұнда ірі газ кен орындары (Амангелді, Малдыбай, Анабай, Айрақты, Солтүстік Үшарал, Үшарал-Кемпіртөбе), мыс – (Шатыркөл, Жайсаң), қорғасын-мырыш – (Родниковское), алтын – (Ақбақай), алмас – (Шу-Іле тауларында), фосфорит – (Қаратау өңірі), тас көмір – (Талас-Қаратау аралығы), ас тұзы, гипс, селитра және т.б. кендер барланып, кейбіреулері өндірілуде.
Әдебиеттер тізімі
1. Семенова М.И., Жамбульская область. Изд-во Академик наук Казахской ССР. Алма-Ата, 1961.
2. Ә.С.Бейсенова., А.Б. Самақова., Т.И. Есполов., Ж.Б.Шілдебаев. Экология және табиғатты тиімді пайдалану. – Алматы: «Ғылым», 2004
3. В.Е.Соколова., Е.Е.Сыроечковский. Заповедники СССР. Заповедники Средней Азии и Казакстана. - Москва: «Мысль», 1990.
