- •7.«Өмір мектебі» романындағы кезең шындығы
- •8.«Көзкөрген» романының пішіндік құрылымының ерекешелігі.
- •9.Мекере Атымовтың «Өмір мектебі» жайында зерттеу мақаласы:
- •13. С.Мұқановтың мемуарлық романындағы жазушы шығармашылығына қажет мәліметтерді атап өтіңіз.
- •14. М.Әуезов туралы естеліктеріндегі «Қарагөз» пьесасының жазылу тарихына қатысты мәліметтерді атап көрсетіңіз.
- •15. Мемуарлық проза үлгілерінің жанрлық сипатына тоқталыңыз.
- •18. Ресей қаламгерлерінің естеліктерін атап өтіңіз.
- •23. Ақын-жазушылардың естеліктеріндегі дерек көздері мен автор дүниетанымы туралы айтыңыз
- •24. Қ.Жұмаділовтың «Таңғажайып дүние» романындағы тарихи өмір шындығын баяндаңыз
- •25.Б.Момышұлының«Ұшқан ұя» романдағы автор тұлғасы
- •26.Мемуарлық шығармалар тарихы
- •27.С.Мұқанов туралы естеліктер.
- •29. «Көзкөрген» мемуарлық романының зерттелу тарихы.
- •34. Эссе жанрының туып қалыптасуы туралы баяндаңыз
- •35. Ә.Нұршайықовтың Автопортрет атты эсселер жинағына тоқталыңыз
- •36. С.Шаймерденовтың Ағалардың алақаны естелік кітабы туралы баяндаңыз
- •40. М.Әуезовтың хаттары туралы айтыңыз.
- •41. М.Мақатаевтің күнделіктеріне тоқталыңыз.
- •45. Қаламгер хаттарының кезеңдік міндеті мен әлеуметтік маңызы туралы баяндаңыз.
- •46. Қазақ эпистолярлық жанрына тоқталыңыз.
- •48. Жазушы мен оқырман хаттарына тоқталыңыз.
- •49. Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған хат-өлеңдерге тоқталыңыз
- •50. Жазушының шығармашылық лабороториясындағы қаламгер хаттарының маңызы жайында айтыңыз.
- •55. Хаттар мен күнделіктердің құрылымдық, пішіндік ерекшеліктерін атап өтіңіз.
- •59.Қазіргі қазақ прозасындағы эссе жанрының дәстүрі.
23. Ақын-жазушылардың естеліктеріндегі дерек көздері мен автор дүниетанымы туралы айтыңыз
Естелік-кітаптары мынадай жүйеде: бірінші, бір адам хақында оның замандастары жазған естеліктердің жинағы; екінші, жазушылардың аяулы жарлары жазған естелік-кітаптары; үшінші, жазушылардың жәрдемшісі, секретары, дәрігері жазған естелік-кітаптары. Ара-тұра Л.Н.Толстой секілді ұлы жазушының баласы, балдызы жазған естелік кітаптары да кездесетінін айта кеткен жөн. Әдетте 19 ғасыр – орыс әдебиетінің алтын ғасыры аталады ғой. Сол мәдениеттің ептеп қазақ әдебиетіне , оның естелік жанрының тарих тағдырына себі тиген жағдайы бар. ХІХ ғасырда өмір сүрген Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев секілді ұлы аталарымыз жөнінде бірсыпыра естеліктердің жазылып, жарық көруіне өскен-өркендеген бұл мәдениеттің көп ықпалы болды.
От басының ғана емес бүкіл бір халықтың белін қайыстырып, қатарластарының қабырғасын сөгіп дүниеден дарындар өтеді. Қайталанбас қайраткерін, иә қалаулы қалмагерін есте сақтаудың жолын іздеу басталады. Мәдениетті елдерде қыруар міндетке ұласар ұлан асыр істі қысылшаң сәтте қимас адамға көп болып, коллективтік түрде рухани ескерткіш жасаудан бастайды. Ол рухани ескерткіштің ныспы- замандастар естелігі. Естелік-тіршіліктің қызығын да, қиындығын да замандастары мен кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырып, фәни жалғаннан өткен жандар жайында жазылады. Қолына қалам алғандардың көбі өкінішке жол беріп сөйлейді. Олардың біразының естелігі жақсының жақсылығын паш еу, біразының естелігі әруақ алдында кіне-күнәдан арылу. Жалғанды жалпағынан басып жүрген адамдардың бір-біріне ұқсамайтындығы секілді, тіршіліктен аз-кем үлесін алып, қайтпас сапарға аттанған аяулы адам жайлы айтылар естелік те қайталанбауға тиісті.Қайталанудың-ақ әруақ тербеткеннің, өзіңнің де, өзгенің де қадірін түсіргенің. Жыр алыбы Жамбыл, қызыл сүңқар Сәкен, дана Мұхтар, халықшыл Сәбит бір-біріне ұқсай ма? Жоқ. Ұқсамайды. Ұқсамайтындықтан да қадау-қадау қайраткерге айналып қазақ әдебиетін әр қилы, алуан сырлы туындыларымен байытып тұр ғой олар. Естелік кітаптарынан ең алдымен қалам қайраткерлерінің шыр етіп жарық дүниеге келген сәтінен халқының қабырғасын қайыстырып, көзін қаралы жасқа толтырып бұл пәниден біржола аттануына дейінгі өмір жолын әр қырынан елестетерлік мәлімет ала аламыз. Әрине, өзі қара танымайтын өмірінің недәуір бөлігін Октябрь революциясының арғы жағында қалдырып, әрі жүз жыл жырлап бүкіл замандасы мен тұрғыластарының соңында қалған ұлы жырау Жамбыл балалық шағын көзбен көрген куәгер жоқ, оны табу мүмкін емес-ті. Алайда, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов секілді алыптардың балалық шағы естеліктерде едәкір толымды айтылған. «Қыран ұшқан ұя», «Омбы семинариясында», «Көз алдымда»- Сәкен Сейфуллиннің балалық шағы, оқушылық бозбала сәтін, «Мұхтардың сәлемдемесі». «Жазушының жастық шағынан», «Ардагер аға», «Ол қоғамшыл еді», «Естен кеипес үш көрініс», «Алғашқы спектакльдер»- Мұхтар Әуезовтің балалық шағы, өспірімдік өрісін, «Автобиографиялық әңгіме», «Құрдасым еді», «Абзал аға»- Сәбит Мұқановтың жетімсіздеу, бірақ отты балалық шағын көзге елестетіп жатыр. Ал ұлы Жамбылдың жарық дүниеге қалай келгенін, есімінің азан шақырылып қалай қойылғанын Кенен секілді шәкірттері, зерттеушілері ел ауызындағы аңызға арқа сүйей айтады. Аталмыш жанрдың қазаққа кенжелеп келуінің әсері ғой- қалам қайраткерлерінің бірде-бірінің балалық шағы, өспірімдік әсерлі сәттері белгілі бір жәдігерлікке, дерекке сүйене баяндалмайды. Ондай жәдігерлік бұл аяулы адамдардың бірде-бірінде болмаған, әйтпесе сақталмаған секілді.
Кенен Әзірбаев және бірсыпыра көзкөргеннің естелігіне ден қойсақ, ұлы Жамбыл қазақтың жуан тап байларын ғана емес, қырғыз манаптарын да қынадай қырқып сынап, астамшылығы үшін ат-шапан айып тарттырып кете барады. Анненковтың азап вагонында сым торлы түрмеде Сәкенмен бірге болған З.Катченко ол жылдарды былай еске алады: « Сәкен алда аттылы екі қазақтың байы Сәкенге екі жақтан жабысып, шашынан жұлып, қайта-қайта соқтықты. Тұла бойы қанға малынған Сәкен сонда да былқ етпей, тәкәппар шалқая басып жүріп кетті». «Арбакеш бірінші күзетшіден өтіп, екінші күзетшіге таянған кезде, үстінен салмақ басқан Сәкен қозғалса керек, арбадан кесек мұз түсіп қалды, осыдан ба, күзетші қоқым арасына қылышын сұғып кеп қалғаны. Бақылап тұрған біз жүрегіміз жарылып кете жаздады. Сәкен өлген шығар деп едік...» Абақтыға қамауға әкетіп бара жатқан және түрмеден қар күресіні тиеген шанаға, қоқыс астына жасырынып қашып бара жатқан Сәкен трагедиясының екі сәті қарулас досы З.Катченко естелігінде осылай бейнеленген.
Ал ұлы Мұхтар Әуезов Октябрь революциясының арғы-бергі жағы дерліктей өліара шағындағы іс-әрекеті, қайраткерлік қам-қарекеті естелік кітабында қамтылмаған. Ауыз тұшырлықтай айтылмаған. Көп ой, көп сырдың арасына сыналай отырып, аз сөзбен астарлай ғана айтылған. Жастайынан тең-құрбы болып қатар өсіп, қанаттас ержеткен академик Әлкей Марғұлан сөзіне құлақ түрелік. «Сол Октябрь сәулесімен қатар әлеумет майданына тасыған сұрапыл күшпен жас саңлақ Мұхтар да шықты. Ол кісінің қауым алдында әдебиет жүзінде көріне бастағаны 1917 жылдан былай қарай. Мұхаңның атын көпшілікке әйгілі еткен ең алдымен «Абай» журналы еді. Бұл журналды Мұхаңның ең алғашқы беташары деуге болады. Өйткені, оны бірінші рет ұйымдастырып, оның негізгі мақалаларын жазған көбіне Мұхаңның өзі болатын» ,-дейді Әлкей Марғұлан. Осы бір қарапайым естелік жолдарында Мұхаңдай ұлы адамның айтылмай, жазылмай келе жатқан өмір белеңіне сілтеме-астар, тұрғыластарына айтылмай өткен тұнық жатқан тұңғиық сыр бар. Ол бір сыр Мұхаңа ғана қатысты емес, М.Әуезовтің творчестволық ортасына да толығымен қатысты. «Біздің Мұхтарда» ол сыр орын алмаған. Уақыт айтқызбаған. Алдымен ондай дәуір жөнінде естелік жазудың өзі қауіпті еді ол кезде. Екіншіден, жазыла қалған күнде ондай естелік жинаққа енбес, жарық көрмес еді. Оқырманмен сондай естелік-сырды бөліссекдеп отырмыз. Ол-қадірлі ғалым Бейсембай Кенжебаевтың естелігі. Мұхаңа мейлінше адал дос, айнымас серік болып өткен Бейсекең өзінің естелігін жазып, архивінде сақталған. Онда былай дейд-:
«Қырқыншы жылдары мен «Сұлтанмахмұттың ақындығы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация жазып жүрдім. Мұхаң менің ғылыми жетекшім іспетті болды.
Тақырыбыма байланысты мен « Абай» журналының нөмерлерін қарап шықтым. Ондағы «Екеу» жазған « Абайдың өнері һәм қызметі», «Абайдан соңғы ақындар» атты мақалалар көз тартты,көңіл аударды.
Бір күні үйіне барып, Мұхаңмен осы мақалалар жайында сөйлестім. Сөз арасында:
-Мұха, «Екеу» кімдердің лақабы?-деп сұрадым. Ол жеке адамға табынушылық кезі еді. Содан Мұхаң маған, осы қай оймен сұрап отыр дегендей, күдікті пішінмен қарады.
-Сеніңше қалай? «Екеудің» мақалалары дұрыс па?-деді.
-Дұрыс, өте мәнді. Кезінде күшті жазылған.
-Ендеше «Екеудің» бірі мен.
-Ал сыңарыңыз кім? Сұлтанмахмұт болмаса игі еді?
-Жоқ. Сұлтанмахмұтпен бірігіп мақала жазуға тура келмеді. Ол өзін менен ересек санайтын.
-Сонда кім?
-Оның не қажеті бар?
-О не дегеніңіз, Мұха, өте қажет...
-«Екеудің» екіншісі Жүсіпбек Аймауытов болатын. Ол екеуміз гимназияда оқып жүрген кезімізден өте дос болатын едік. Екеуміз осы лақаппен кейін де бірер мақала жаздық...»
Аяулы ғалым архивінде сақтаған қолжазбасында осылай деп сыр жарады. Мөлтек диалог бірсыпыра сырға қанықтырғандай. Кезінде мұндай қолжазбаны «Біздің Мұхтарға» ұсынуға болмағаны хақ. Ұсынылған күнде жарық көрмейтіні белгілі. Мұхаң жөніндегі естелік кітабына ұсынған ғалым естелігінің өзі құлағы кесіліп-құнтиып, құйрығы кесіліп-шұнтиып жарық көргеніне енді қолжазбасымен салыстырғанда көзіміз етіп отыр.
Осы бір тарихи кезең қазақ әдебиетінің үшінші бір жасампазы- Сәбит Мұқанов өмірінде қандай із қалдырған ? Естелікте ол кезең қалай қамтылыпты?
Сәбит Мұқановпен ЧОН-да бір сапта шайқастым деген кісіні кездестірген емеспіз.
Имақ Тоқпанов: «Сәбит әке-шешеден жастай қалып, жетімдіктің азабын көп шекті. Ол 1914-1915 жылдары, «Өмір мектебінің» бірінші кітабында өзі айтқандай, Құтырлаған селосында Қайрекеңмен бірге бақташы болып жүргенде, мен де сол селодағы Малько Севостьянов, Петр Тоқарев деген байларда жалшылықта болдым. Сәбит екеуміз кешкі уақыттарда жалшылар сырын бірге сырластық. Ғабит Мүсірепов: «Он жетінші жылдан бері Сәбит үлкен қалаларда, мен ауыл төңірегінде болдым да, ол менен «озып» кеткен екен. Ол Совет өкіметінің болашағы жайында сөйлей алатын болыпты. Қазақстан мәселесі түгел алақанында сияқты. Наркомдармен тең отырып сөйлеседі. Өзі бас наркомның үйінде тұрады екен, мені де сонда алып келді».
Замандастары естелігі, міне, осы секілді болып келеді. Бұл-естеліктерде уақыт бедері бар. Авторлар өздерін аса жауапты сезінеді. Бұл-естеліктерде трагедиялық бояулары қалың тағдыр соқпағы бар. Авторлар оны ойдан шығарып отырған жоқ, көзімен көрген шындықты баяндап қана отыр. Ол естеліктерге қарап отырып қазақ қалам қайраткерлерінің өмір жолы оңай сабақталмағанын, олардың талай-талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өткенін пайымдайсың. Қайсысынының жолы дұрыс, қайсысынының жолы бұрыс, оеы осы уақытқа дейін ғалымдар айтып келді. Осылайша, бір-біріне ұқсамай, дара-дара сабақталған қаламгерлер тағдыры, бір қарағанда бір қоғамда өмір сүргендіктен одан әрі суреткерлік бір арнада ұқсас дамитындай көрінуі бек мүмкін. Алайда, тіпті де олай емес. Сырттай шолғыншы көзбен қарағанның өзінде Жамбылдың ақындық даңқы өмірінің соңында жаһанды шарлап кеткенін, өзі бар жан-тәнімен ниеттес, тілектес болған, қаруымен де, қаламымен де қатысқан социалистік қоғамның төтенше билік алған алып механизмі Сәкенді 1938 жылы мерт еткенін көруге болады. 1932-1933 жылғы аштық, 1937-1938 жылғы жеке адамға табынушылық кезеңдерінде Мұхтар бір түрлі, Сәбит бір түрлі тағдыр жолдарынан өтті. Олардың қай-қайсысының да қуғын-сүргін көрді. Олардың қай-қайсысы да моральдық тұрғыдан ақылғасалмақ салатын, арға таңба түсіретін істерге тартылды. Дара дырындардың творчестволық қуаты, алға қойған шығармашылық мұраты да әр қилы еді. Содан да оның замандастары естелігінде бұл дарындар өздерінің табиғатына сай әр қилы деңгейде тұлғаланады. Бұл ретте төрт алыптың да замандастарына тек риясыз көңілден, ақтарылған алғыс сезіммен қарайсың. Ақын, жазушылардың кісілігі, кішілігі, халық қамын жеуі, жеке күйініш-сүйініштері естелік жазбаларда жақсы-ақ ашылған.
