- •Он томдық
- •Алтын орда дәуіріндегі әдебиет
- •Хорезми
- •Бурхануддин Рабғузи
- •Кунгулга дуниада сурур турур30, –
- •Адамның ешбiрiне қылмас жәбiр,-
- •Мысырдағы қыпшақ әдебиеті
- •Осымен атақтымын Мысырда өзім
- •Тарихи шежiре және көркемдiк дәстүр
- •Әбiлғазы БаҺадүрхан
- •Қадырғали Жалаири
- •Захириддин Мұхаммед Бабыр
- •Мұхаммед Хайдар Дулати
- •Түркі сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Араб-парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Түркі-араб, парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •2 Шатр (мисраъ) 1 шатр (мисраъ)
- •Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
- •Ал, қолыңды маларсың
- •Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?-
- •Қырда жүрген дуадақ
- •Мынау жалған дүние Кімдерден кейін қалмаған!293 –
- •Есім, сені есірткен
- •Керегеге ілінген
- •Атымтай Жомарт секілді
- •Болмашыдай анадан
- •Білегі жуан Бүркіттің Тегеуірініндей Бөгембай! 306.
- •Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері
- •Көлден қулар ұшар ма? –
- •Сыпыра жырау
- •Білсе, білмесе бу ишні Сафардау білер бу ишні364, –
- •Суда жүрген ақ шортан
- •Ауылдағы жамандар
- •Көшіп-қонып жүрмеген
- •Сұңқар қайдан табарсың?
- •Жалп-жалп еткен бәйтерек
- •Талайсыз Шалкийіз бұ күнде
- •Доспамбет жырау
- •Аймадетке оқ тиді
- •Той тойлаған өкінбес! –
- •Ат салмай өтер күн қайда?!
- •Тегеурінді болат темірдің
- •Жиембет
- •Мұнан да былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш, –
- •Қаздауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Ақтайлақ би Байқараұлы
- •Бөлтірік шешен
- •Пайдаланылған әдебиеттер
Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері
Әдебиетімізде өзінің жанрлық белгі-сипаттары арқылы ертеден-ақ жеке сала болып дамыған ақындық және жыраулық поэзияның алатын орны ерекше. Көне дәуірлерден бері фольклорлық туындылармен өзектесе, жарыса дамып келген бұл сала халқымыз бастан кешкен тарихи оқиғалардың көркем шежіресі іспеттес ел тұрмысының сан алуан қырларын қамтып бейнелеуге әр кез елеулі үлес қосып отырған.
Ақындық және жыраулық поэзияның өзіндік сипат-белгілерін бұлардың өмір шындығын суреттеудегі көркемдік тәсілдері мен белгілі бір тарихи кезеңде даралана шыққан авторлардың нақтылығынан, ғасырлар бойы өзара үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын танытатын стильдік ерекшеліктерінен айқын көреміз. Дәл осы аталған поэзияның жазба әдебиетіміздің негізін қалаған ұлы Абайға дейін де, одан кейін де қалыпты үлгілерден табиғаты өзгеше, жеке бір өнімді арна болып дамып келгені де мәлім. Белгілі бір дәуір талабына орай ұлы Абай бір кезде:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау311, –
деп, өзіне дейінгі бір топ ел ішінде аты белгілі ақын, жырауларды қатты сынға алса да, олардың шығармаларын оқып білмеді, үйренбеді, яки бәрін бірдей жалғыз шумақпен мансұқ етті деудің өзі қазіргі әдебиет тарихы деңгейінен қарағанда әрі орынсыз, әрі артық айтқандық болар еді.
Бірыңғай импровизация дәстүрінде туып, егіз бір арнадан нәр алып келген сол ақындық поэзия мен жыраулық толғаулардың жырлайтын тақырыбы мен жанрлық ішкі мүмкіндіктерінде де өзіндік елеулі өзгешеліктері бар. Ақындық поэзияда тақырып ауқымының кеңдігіне қоса, сезімге құрылған лирикалық сипат басым болып отырса, жыраулық толғауларда әлеуметтік өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын сипаттайтындай ой-болжам, асқақ эпикалық үнге көбірек мән беріледі. Осы ерекшеліктерді М.О.Әуезов кезінде дәл басып танып: «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы – толғау. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады»312, – деп бағаласа, ақындық дарынның ерекшелігін Е.Ысмайылов: «Ақын өмірдегі құбылысты, тарихи оқиғаны өзінің ой-өрісі дәрежесінде таниды. Ақынның сезінуі, ол сезгенін қабылдауы шапшаң, ол тез көріп, тез әсер ала біледі, алған әсерін ұғып, есіне сақтауы да күшті, тұрақты. Ақын естігенінен гөрі, көзі көргенін тез сезіп, жылдам жырлап кетеді»313, – деп жазады.
Ақындық және жыраулық поэзияның табиғи өзгешеліктері мен оның фольклорлық туындыларға қатысы, жазба әдебиетпен байланысы алғашқы зерттеулерде314 әдебиет тарихын қай ақын, жыраудан бастау керек деген сол кездегі аса маңызды мәселелерге орай сөз болып келді. Бұл қазақ әдебиеті тарихына арналған көп томдық315 еңбектер мен кейбір мәселелерге арналған монографияларда да316, белгілі бір ақын, жыраулардың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми мақалалар317 мен орта мектеп оқулықтарында318 да үзбей әңгімеліп келеді. Бұл тұста, ең алдымен, М.Мағауиннің «Қобыз сарыны» атты кітабы мен Қ.Сыдиықовтың «Ақын, жырауларң, Е.Тұрсыновтың «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдерің деген зерттеулерін, Ә.Дербісәлиннің «Дәстүр және жалғастық» атты монографиясы мен «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» атты коллективтік еңбекті бөліп атауға болар еді319.
М.Мағауин аталған зерттеуінде ХV-ХҮІІІ ғасырларда жасаған ақын, жыраулар творчествосын алғаш рет жеке алып арнайы қарастырумен қатар, сол кітаптың «Ақын және жырау» деген соңғы тарауында бұл күрделі мәселені жыр құрылысы (ұйқас, ырғақ, бунақ, тармақ, т.б.) ерекшеліктері тұрғысынан да байыпты ашып талдайды. Ал, Е.Тұрсыновтың жоғарыда айтылған еңбегінде қазақ ауыз әдебиетін сақтап таратушы, жасаушы ақын, жырау, сал, сері, сыншылардың шығу тегі, типтік ерекшеліктері мен түп тамыры әлеуметтік, қоғамдық тұрғыда қарастырылса, Қ.Сыдиықов өз зерттеуінде жыраулық дәстүрдің жалғасу жолдарына, оның бүгінгі дәуірдегі сипат, ерекшеліктеріне зер салады. Ә.Дербісәлиннің аталған монографиясы ауыз әдебиетіндегі ақындық дәстүрдің ХХ ғасыр басындағы қазақтың жазба әдебиетінен алатын орны мен оның жалғасу жолдарын, сол игі дәстүрдің жаңа тарихи кезеңдегі түлеп, түрленген әр алуан жаңашылдық сипаттарын әңгіме етеді. Автор бұл мәселені, атап айтсақ, дәстүр мен жаңашылдық проблемасын ұлттық поэзиямыздың көркемдік қасиеттері мен өзіндік болмыс-табиғатын диалектикалық бірліктің нәтижесі ретінде алып қарастырады. «Жырау» деген термин өзіміздегі «жырлауң, «жыр айтуң, «жырламақ» сөзінен келіп шыққан. Мұның түп төркіні байырғы «жырң, «жыршың деген ұғымдармен өзара астасып жатыр. Бұл пікірді ұлы ойшыл ғалым Ш.Уәлиханов және В.В.Радлов, Л.З.Будагов320 еңбектерімен қатар, бүгінгі әдебиет зерттеушілері321 де бірауыздан қуаттайды. Осыған ұқсас тұжырымдар өзге туыстас елдер әдебиетшілерінде322 де бар.
Ш.Уәлиханов кезінде жырдың белгілі бір әуенмен қобыз сүйемелдеуі арқылы орындалып, батырлардың ерлік істерін дәріптеуге құрылатынын айта келіп: «Жыр» дегеніміз – рапсодия. «Жырламақ» етістігінің өзі белгілі бір ән-әуенмен жырлау мағынасын білдіреді. Дала жырларының бәрі де қобызда сүйемелдеу арқылы орындалады. Жырдың мазмұны ертеде өткен батырдың өмірі мен ерлік істері туралы болып келеді. Бір жәйт: батырдың өмірі мен ерліктеріне қатысты оқиғаның бәрі қара сөзбен баяндалады, ал жыр поэма қаһарманы мен басты кейіпкерлерді сөйлету қажеттігі туған кезде ғана қолданылады»323, – деп жазды. Бұдан кейін ол соңғы 50 жыл ішіндегі «өлеңң жанрының бірден қанат жайып өркендеуіне орай дыбыс әуезділігі мен ой тереңдігі астасып отыратын көне ерлік жырлардың бірден бәсең тартып, келмеске кетіп бара жатқанын ескертеді, сөйтіп, Шоқан жыр үлгісі мен қобыздың қатардан шығып қалуын әйгілі суырып салма жыршы Жанақ атымен тығыз байланыста алып әңгімелейді. Бұл айтылған пікірлер жырдың жалпы синкреттік сипаты мен оның көне дәуірлерден келе жатқан байырғы түр екенін де әдемі аңғартса керек.
Рас, «жыр», «жыршы» деген ұғымдар әдебиетімізде ерте кезеңдерде-ақ туып қалыптасқан. Бұған өз жанынан шығарып айтуға мүмкіндігі бар әр алуан суырып салма ақындар жатқызылып келген. «Жырауы» сөзі де осы ұғыммен терең астасып жатыр. Рас, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында шығыс сюжетіне байланысты туған хисса, хикая, дастандарды ел ішінде айтып таратушы жаңа бір топ орындаушы-жыршылар пайда болды. Бұлардың көпшілігі суырып салма ақындар емес, тек бұрынғы ақындар жырлаған туындыларды (хикая, дастандарды) ел ішінде орындап, айтып таратуды дәстүр етті, сондықтан осы топтағы кейінгі орындаушы-жыршыларды төкпе ақын-жыршылармен, дарынды ақын-жыраулармен бірге қатарға қойып атаудың реті келе бермейді. Әрине, бұл топтың ішінде де некен-саяқ ақындық өнері бар, көне сюжетті өзінше үйлестіріп қайта жырлайтын табиғи дарындылары да болды, алайда біз бұлардың өзін де жіктеп ажырата білуге тиістіміз.
Қазақтағы жыр мен өлеңнің түр, мазмұн құрылысындағы айырмашылық белгілерін алғаш танып әңгімелеген кісінің тағы бірі – Құрбанғали Халидұғлы. Ол ақын мен жыршыны өлеңшілердей емес, өз жанынан шығарып айтатын дарын қасиеті бар деп санап: «Ақындардың бір бөлімін «жыршы» дейді. Бұлар да ақынға тең түседі. Шығармаларында айырмашылық бар. Ақын шығармасын «өлең» дейді, олардың бір жолы төрт немесе одан да көп сөзден тұрады. Ал, жыр болса, одан гөрі қисынға құрылған (қиыннан қиысқан) үш сөзден тұрады. Мысалы, Бұқар жыршының жыры (поэзиясы), Асан атаның мақал сөздері және Абылай хан қайтыс болғандағы Бұқардың көңіл айтуы да жырға жатады. Осы күнгі Құдабай ақынның айтып жүргені «өлең» делінеді. Екінші айырмасы: ақындардың өлеңі жай мағыналы болып, ал, жыршылардың сөзі мадақ, насихат мағыналы болып келеді және мысал сипаттас әсерлі болады. Сонымен бірге өлеңнің алғашқы екі жолы түпкі мағынасына сай келе бермей, қисын үшін де алынады. Ал, жырдың барлық жолы арналған тақырыптан ауытқымайдың324, – деп жазады.
В.В.Радлов жырды шумаққа бөлінбейтін импровизация, қайғылы жыр, жоқтау деп жіктеп, ал, жырауды – жыршы, көнені жырлаушы, алдын болжаушы (предсказатель) деп түсіндіреді325. Сондай-ақ, ол қазақ жырының көнелік сипатын әңгімелегенде: «Қайсыбір жырларда көне түрік ұйқастарының заңдылық іздері сайрап жатыр, бұны, әсіресе, сондағы аллитерация, акростих және ішкі ұйқастар мен көне мәтелдерден айқын аңғаруға болады»326, – дейді. Сөйтіп, жыр мен жыраудың импровизация тарихында ең көне тип екендігі Ш. Уәлиханов пен В.В.Радловтан бастап жоғарыда аталған В.Жирмунский, Х.Зарифов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, Н.С.Смирнова, З.Ахметов, Х.Сүйіншәлиев, С. Қасқабасов. Ә.Дербісәлин, Р.Бердібаев, Н.Келімбетов, Е.Тұрсынов, Қ.Айымбетов зерттеулерінде де түгелдей мақұлданған. Бұлардан Е.Ысмайылов, Ә.Марғұлан, З.Ахметов сияқты әдебиетшілер жыраулардың эпикалық жыр тудырудағы рөлімен қатар, алдын болжағыш, білгір, көрегендік қасиеттерін де баса көрсетеді. Е.Ысмайылов жыраулардың қоғамдық ролін аса жоғары бағалай келіп: «Жыраулар өмірдің ұсақ мәселесіне аз араласып, көбінесе, заман-дәуір, өткен мен келешек, адамгершілік, жақсылық пен жамандық жайында ойлар, болжаулар, қағидалы сөздер айтып отырған»327, – деп ой түйсе, Ә. Марғұлан : «Жырау ру басы, ақсақал, халықтың көкейтесті арманының мұңшысы, жыршысы ретінде өте қажетті тұстарда ғана болмаса, суырып салып жыр тудыра бермеген. Ел құрметіне бөленген жырауларға жұрт болашығына қауіп төніп, қалың бұқара жол таба алмай тығырыққа тығылған екіталай ауыр сағаттарда ғана ақыл салып, кеңес сұрайтын болған. Сонда ғана жыраулар халыққа күш-жігер беріп, осы оқиғаның немен тынарын болжап, тебірене жыр толғайтын болған. Болашақты барлап болжам айту – көреген де білгір жыраулардың поэтикалық өнерінің басты тәсілі болып саналған»328, – деп жазады.
З.Ахметов жыраудың әлеуметтік қызметін эпостық жырлармен байланыстыра қарап: «Жыраулар творчествосының жанрлық ерекшеліктері өзгеше. Олар өз жырларын қазақ халқының көне поэтикалық үлгісі – толғау арқылы айтып таратқан. «Жырау» сөзінің көне мағынасы эпостарда ғана сақталып қалған. Мұны эпостық кейіпкерге айналған Сыпыра бейнесінен анық аңғарамыз. Бертін келе бұл ұғым өзгерген, жаңа мағынасында қолданыла бастады»329, – дейді. Бұл айтылған пікірлердің жыраулық поэзияның табиғатын ашып танудағы мәні айрықша. Дегенмен, жыраулар творчествосының өзіндік белгілері қандай, бұлар табиғаты жағынан әдеби түрдің қайсысына жатады, мұның жанрлық белгілері қандай деген тәрізді аса күрделі мәселелер әлі күнге дейін арнайы қарастырылып, өз шешімін әлі де толық таба қойған жоқ. Біз осыған орай жыраулық поэзияның Абай іргесін қалаған жазба әдебиетке келіп жалғасудағы тарихи үлесін елеулі деп айта аламыз. Жыраулар суырыпсалма дәстүрінің бірден-бір негізін қалаушылар ғана емес, сол жанрдың ғасырлар бойы жалғаса дамып, тұрақтап ірге тебуіне де айтарлықтай еңбек сіңіріп келді. Осы тұста Ә.Тәжібаевтың: «Жырау – сөз жоқ ақын. Ақын болмай, жұрт қадірлейтін жырау атану мүмкін емес. Ақындығы күшті жыраулардың жалынды жырлары үнемі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа сиқын бұзбай көрікті күйінде жетіп отырады. Ал, жыраулық – ертеден келе жатқан халық поэзиясының үлкен бір дәстүрлі саласы»330, – деп жыраулық дәстүрді әдебиетте орны бөлек, жеке сала ретінде алып қарастырады. Ал, Ә.Марғұланның көрсетуінше, жыраулар эпикалық жырды бірден-бір жасаушылар болумен қатар, қоғамдық өмірдің барысын, болашақты болжап айтатын жеке профессионалдық топтың да ірі өкілдері. Бұл пікірді Ә.Қоңыратбаев әрі қарай жалғастырып: «Ертегі, ұсақ салт жырлары жәй айтушылардан басталса, эпос профессионал жыраулардың үлгісінде болған»331, – дейді.
Сөйтіп өздері әлеуметтік мазмұнды толғаулардың танымал авторы, профессионал жыршысы ретінде танылып көрінсе де, сол сөз болып отырған жырауларды ұстанған дәстүрі мен стильдік ерекшеліктеріне қарай фольклор мен жазба әдебиет аралығында суырыпсалма дәстүріндегі ақындық поэзия секілді дәнекерлік қызмет атқарған даралық әдебиеттің (индивидуальное творчество) белгілі өкілдері деп бағалаған жөн. Бұл – әдебиетіміздің дамуындағы өзге де қайталанбас басты ерекшеліктерінің бірі болып табылады.
Қазақ жырауларының сан ғасырлық шығармашылығын негізінен үш кезеңге бөліп қарастырған жөн сияқты. Бірінші топқа жыраулық дәстүрдің негізін қалаған алғашқы өкілдері: Қорқыт, Аталық (Кетбұға), Сыпыра жыраулар жатады. Бұл дәуір ХІ-ХІV ғасырларды қамтиды. Жыраулықтың қалыптасу кезеңін белгілейтін екінші топқа Асан қайғы, Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет шығармалары кіреді. Мұның кезеңі ХV-ХVІ ғасырлар. Үшінші топты жыраулықтың әбден толысып, кемелденген кезеңіндегі өкілдері: Үмбетей, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді, Бұқар жыраулар құрайды. Бұған ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар жатады. Сондықтан бұл кезеңдердің ерекшеліктерін ашып әңгімелдеуді, ең алдымен, жыраулық поэзияның бірден-бір көрінісі – толғау жанрының туып қалыптасуынан бастау қажет дер едік.
Толғау – әдебиетімізде өзіндік ерекшеліктерімен көрініп, көне дәуірлерде туып қалыптасқан поэзиялық шығарманың бір түрі332. Толғау қазақтың «жыр толғау», «толғап айту» деген сөзінен алынып, жеке термин ретінде әдебиетімізде кейінгі кеңестік дәуірде ғана қалыптасты. Толғаулар өзінің табиғи сипатымен жүйелі оқиғасы бар жырға тонның ішкі бауындай жақын, үндес. Бізге жеткен толғаулардың халық өмірінің аса бір жауапты, күрделі де қиын тұсында айтылып таралғанын аңғарамыз. Жыраулар толғаған суырып салма жырлар философиялық ойға құрылған тұжырымдарымен де, жеке адам бейнелерін жасаған салиқалы да тартымды мазмұнымен де дараланады. Мұнда ел, жер, халық тағдыры, болашағы жүйелі сөз болады. Осы ерекшелік мұны эпикалық жырларға көп жақындатады. Мәселен, Сыпыра жырау жырларының бізге жеке күйінде жетпей, эпостарда кездесуі де көп мәселенің сырын аңғартса керек333.
Қазақ поэзиясы тарихына көз салсақ, толғаудың дербес жанр ретінде қалыптасуы ұзақ ғасырларға ұласқанын көреміз. Бұған әр тұста әр алуан жыраулар өз әлінше үлес қосып отырған. Соның нәтижесінде бұл жанр дәуір талабына сәйкес қалыпты фольклорлық үлгілерден біртіндеп оқшауланып, суырыпсалмалық дәстүрдің жаңа сипатты бір арнасын құрайды. Бұл әдебиетіміздегі даралық туындылардың ең әуелде тек поэзияда, оның ішінде жыраулық, толғау, жырларда тұрақтанып қалыптасқанын аңғартады. Бұған Сыпыра жырау шығармашылығы айқын дәлел.
Рас, оған дейін де кейбір деректерге қарағанда Ұлық жыршы, яки Аталық жыраудың (ХІІІ ғ.) бар екенін білеміз. Тіпті, бұдан ілгері, Шоқан Уәлиханов айтқандай: «Өзгелерге жыр жырлау өнерін үйреткен бірінші жыршы – Қорқыты»334 та бар. Өкінішке орай, Қорқыт атаның жырлары белгісіз бір себептермен бізге жетпей, оның орнына сол туралы тек үзік-үзік аңыздар мен әпсаналар ғана сақталып қалған. Ал, Ұлық жыршы, яки Аталық жырауға (кейде Кетбұға деп те аталады) келсек, оның «Жошы хан өлгенде әкесінің айтқаны» деген жалғыз жоқтау жыры мәлім. Осы Ұлық жыршы «Оғызнамең дастанында да Оғыз қағанға жыр толғап, болашақты болжайтын ғажайып толғаулар айтады.
Дегенмен, әйгілі «Қорқыт ата кітабында»335 әрбір келелі оқиғаларды баяндау алдында үнемі Қорқыт атынан бірде Дерсе, енді бірде Баяндүр ханға арналып айтылған сөздердегі «Қорқыт атам сөз сөйлеп, жыр толғады. Бұл хикаяны өзі шығарып, өзі жырлады» деп үнемі қайталанып келетін жолдардың өзінен-ақ оның жырды суырып салып айтқан белгілі жырау болғаны ба йқалады. Осы баяндаулар өзінің арнау үлгісінде келуі мен ұлағатты мазмұны арқылы да қалыпты жыраулар поэзиясына жақын тұр. Бір кезде толғау түрінде айтылған бұл жырлар кейін қара сөзге айналған тәрізді. Бұлардан Сыпыра жырау жырларының табиғаты біршама өзгешелеу.
Сыпыра жыраудың аты да, толғауы да белгілі бір себептерге орай эпикалық жырлар («Ер Тарғын» т.б.) мен ертегілерде («Құбығұл» т.б.) ғана ұшырасады. Бұларда ол ел-жұртқа қадірлі ақыл иесі, көп жасап, көпті көрген дана, алдын болжағыш абыз, сәуегей кісі болып суреттеледі. Хан да, қара да ақыл таппай қысылып тығырыққа тірелгенде, көпті көрген көне Сыпырадан кеңес сұрайды. Мұның бәрінде де Сыпыра Алтын Орданың белгілі ханы Тоқтамыстың қасындағы көреген биі, кемеңгер ақылшысы ретінде бейнеленеді. Қазақ жырлары мен ноғай ертегілеріндегі Сыпыра бейнесі бір-біріне ұқсас, көп жасағаннан «адам көрер түсі жоқ, аузында отыз тісі жоқ» ұсқынсыз қарт болып сипатталады.
Сол аңыз-ертегілер мен батырлық жырларда жиі аталып, «өзінің 180 жасаған өмірінде тоғыз ханды қолынан өткізіп, тоғыз ханды түзеткенң Сыпыра туралы тарихи деректер жоқтың қасы. Алайда, Сыпыра жырау туралы айтқанда, ең алдымен, білікті ғалым Ә.Марғұлан еңбектерін негізге алған жөн. Ол кісі дала эпостарын жасаудағы жалпы жыраулардың, соның ішінде Сыпыраның еңбегін өте жоғары бағалай отырып, оны «ХV–ХҮІІІ ғасырлардағы көптеген қазақ ақындарының көшбасшысы және ноғай-қазақ эпостарын («Ноғайлы жыры») бірден-бір жасаушы кісі»336, – деп көрсеткен-ді.
Заман талабына сәйкес жыраулар қашанда хан қасынан табылып отырған десек, бұған Сыпыра жырау өмірі де айқын дәлел. Ол әр алуан жырларда ең әуелі Тоқтамыс хан мен Ер Тарғын батырды татуластырушы, енді бірде Едіге мен Тоқтамыс арасындағы кек-жанжалды басушы, тағы бірде Тоқтамыс ханға қарсы көтерілген халық толқуын кемеңгерлікпен тоқтатушы данышпан қария ретінде көзге түседі.
Сөйтіп, жыраулар, көбінесе, өзінің көріпкел, болжағыштық, дана-кемеңгерлік қасиеттері арқылы әр кезеңде белгілі бір ханның қысылғанда кеңес сұрар ақылгөй жыршысы, салауатты биі болғанын көреміз. Бұған дәлел ретінде көне дәуірдегі Қорқыт пен Дерсе, яки Баяндүр хан, Ұлық жыршы мен Оғыз қаған, Ұлық жыршы мен Шыңғыс ханнан бастап, бертінгі Сыпыра мен Тоқтамыс, Асан қайғы мен Жәнібек, Шәлгез бен Би Темір, Жиембет пен Есім, Бұқар менен Абылай хандардың іс-әрекет, қарым-қатынастарын атай аламыз. Бұл туралы кезінде: «Әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда, ең алдымен, сөз тапқыш, суырылған шешеннен, судырлаған ақыннан алатын. Бұлардың саяси салмағы зор болғандықтан, аузынан шыққан сөз де олқы болмауға тиіс. Көлденең кісі мін таба алмайтындай, қоржындай ауыр, оқтай жұмыр, өтімді болуы керек. Бұлар қазақтың жоғарғы табынан шығып, ел меңгеру жолындағы саясат адамдары болғандықтан, көпке айтқан сөздерінің бәрі ел мұңына, ел қамына арналған сөздер болады»337, – деп М.Әуезов айтқандай, жыраулардың әлгіндей өз бастарындағы артық қасиеттерінен тыс, азулы жуан, саны көп рулардан шығуы да, тіпті өзінің ел тағдыры шешілетін ауыр кезеңдерде қол бастайтын әскербасы – батыр болуы да хан қасынан табылуға мәжбүр еткен. Олардың хан қаһарынан қаймықпай қашан да батыл сөйлеп, шындықты тайсалмай бетке басып айтуы да осыдан. Қазақтағы «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген мәтелдің шығу төркіні де осы айтылған оймен терең сабақтас.
Сөз болып отырған Сыпыра тұлғасы үнемі біздегі батырлар жыры мен ертегілердің басты қаһарманы ретінде суреттелу арқылы өзінің жыр толғау мәнерімен де, көреген сәуегейлігімен де қалыпты жырау болып танылады. «Ер Тарғынң жырында айтылғандай, ел-жұрт одан ханның екіжүзділігіне, алдауына қатты ренжіп кеткен батырдың қайтып келер-келмесін болжап айт дегенде, ол ел бірлігі мен жұрт татулығына орай хан тобындағыларды әдейі сақтандыра татулыққа шақыра сөйлесе, ал, Тарғын батырға арнаған толғауында Сыпыра жырау ханның екіжүзділігі мен аярлығын бетіне басып, батырды ел мүддесі үшін бірлікке, елдікке шақырады, «хан берген сыйлықпен бітіс, хан қызын алып қайтесің?» деп салиқалы кеңес береді. Бұл толғауда шешендік тәсіл мен ұтымды дәлел, қисынды қайталаулар жиі де орынды қолданылады. Жырау Тарғын батырдың ханның екіжүзді әрекетінен жауласуға бет бұрған тұстарын бейнелі де әсерлі оймен кестелейді. Мұндай тәсілдің жыраулық поэзияда өте сирек ұшырасатынын ескерте кеткен жөн. Жырау әуелі сұңқар мен көгілдірін ерткен қу бейнесін еске салып:
Әй, батырым, батырым,
Таудан тарлан ақырса,
Тас мұрнын ару сұңқар сызғырса,
Көгілдірін ерітіп,
