- •Он томдық
- •Алтын орда дәуіріндегі әдебиет
- •Хорезми
- •Бурхануддин Рабғузи
- •Кунгулга дуниада сурур турур30, –
- •Адамның ешбiрiне қылмас жәбiр,-
- •Мысырдағы қыпшақ әдебиеті
- •Осымен атақтымын Мысырда өзім
- •Тарихи шежiре және көркемдiк дәстүр
- •Әбiлғазы БаҺадүрхан
- •Қадырғали Жалаири
- •Захириддин Мұхаммед Бабыр
- •Мұхаммед Хайдар Дулати
- •Түркі сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Араб-парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Түркі-араб, парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •2 Шатр (мисраъ) 1 шатр (мисраъ)
- •Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
- •Ал, қолыңды маларсың
- •Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?-
- •Қырда жүрген дуадақ
- •Мынау жалған дүние Кімдерден кейін қалмаған!293 –
- •Есім, сені есірткен
- •Керегеге ілінген
- •Атымтай Жомарт секілді
- •Болмашыдай анадан
- •Білегі жуан Бүркіттің Тегеуірініндей Бөгембай! 306.
- •Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері
- •Көлден қулар ұшар ма? –
- •Сыпыра жырау
- •Білсе, білмесе бу ишні Сафардау білер бу ишні364, –
- •Суда жүрген ақ шортан
- •Ауылдағы жамандар
- •Көшіп-қонып жүрмеген
- •Сұңқар қайдан табарсың?
- •Жалп-жалп еткен бәйтерек
- •Талайсыз Шалкийіз бұ күнде
- •Доспамбет жырау
- •Аймадетке оқ тиді
- •Той тойлаған өкінбес! –
- •Ат салмай өтер күн қайда?!
- •Тегеурінді болат темірдің
- •Жиембет
- •Мұнан да былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш, –
- •Қаздауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Ақтайлақ би Байқараұлы
- •Бөлтірік шешен
- •Пайдаланылған әдебиеттер
Мұхаммед Хайдар Дулати
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати – Орталық Азиядағы түркi халқының ғылымы мен мәдениетi һәм әдебиетiнiң де қалыптасуына үлес қосқан үлкен майталман, халқымыздың тұңғыш тарихшысы, өз заманының озық ойлы әмбебап дарын иесi. Сол себептi де тәуелсiздiгiн алғалы өткенiне үңiлiп, өшкенiн тауып жатқан республикамыздың өз ғалымдары ғана емес, сондай-ақ әлемнiң көптеген елдерiнiң оқымыстылары да Хайдар Мырзасыз қазақ тарихының бастауын елестетудiң қиын екендiгiн мойындайды. Ойшыл шығармашылығына құрметпен қарап, үлкен баға бередi. Ерен еңбегi және игі қызметiмен де түркi халқына тұлға болған осындай ойшылды базбiр жұрт зиялылары «Мырза Хайдар түрiк» /169/ деп оның түркi тектi екенiне мән берсе, кейбiр ел ғалымдары дарабоз дарынды Мырза Хайдар Дұғлат деп тегiн парсы тiлiнiң ауанына қарай жазған. Сондай-ақ оны Әмiрзада Кашмири деп көрсеткендер де жоқ емес/143/.
Мырза Хайдар өмiр сүрген кезеңнен бастап оның атақты «Тарих-и Рашиди» атты классикалық шығармасы аса дiлгiрлiкке байланысты ғасыр сайын көшiрiлiп отырған. Мысалы ол ХVI ғ. – 3 рет, ХVII ғ. – 5, ХVIII ғ. –3, Х1Х ғ. тiптi 12 рет хатқа түскен /129/. Бұл — аталмыш еңбекке деген қажеттiлiктiң ешуақытта да күн тәртiбiнен түспегенiн дәлелдейдi. Сондықтан асыл дүниенiң нұсқаларын қазiр де Англия, Франция, Германия, Ресей секiлдi Еуропа елдерiмен қатар Үндістан, Пәкстан, Иран, Өзбекстан және Шығыс Түркiстан кiтапханаларының қолжазба қорларынан кездестiруге болады.
Ұлы ғалым шығармасына орта ғасырлардың өзiнде-ақ Орталық Азия тарихын зерделегендердiң соқпай кеткенi некен-саяқ. Олар әсiресе Кашмир, Шығыс Түркiстан, Тибет секiлдi көпке дейiн жұмбақ, бимағлұм болған елдер жайлы жазғанда, көбiнесе Мырза Хайдар деректерiне иек артқан. «Тарих-и Рашидидi» жазба жәдiгерлiк, сенiмдi бұлақ көзi ретiнде пайдаланған /7, 91, 102, 143, 145/. Аталмыш шығармаға құрметпен қол созған ХІХ ғасыр ғалымдарының бiрi, әрi бiрегейi — Шоқан Уәлиханов. Ол Санкт-Петербургтегі Ресей ғылым академиясы мұражайынан «Тарих-и Рашидидiң» қолжазбасын ұшыратып, ол жайлы ойларын өрнектеген. Шығарманың кейбiр тұсын мазмұндай аударған/45/. Соңыра «Тарих-и Рашидидi» атақты Ресей шығыстанушылары В.В.Вельяминов-Зернов/46/, В.В.Бартольд /27, 30/ те өз еңбектерiнде пайдаланған.
ХХ ғасырда да Мырза Хайдар шығармасы ғалымдар назарынан түскен жоқ. Атақты ғалым Әлкей Марғұлан 1941 жылы «Әдебиет және искусство» (қазiргi «Жұлдыз») журналында ол жайлы «Қазақтың тұңғыш тарихшысы»/86/ атты арнайы мақала жазып халқымыздың тарихының тереңде екенiне көңiл аударған. Ал, Еуропа жұртшылығы Мырза Хайдар шығармасымен бұдан 100 жылдай бұрын-ақ танысқан. «Тарих-и Рашиди» табылған соң шығыстанушы Денисон Росс оны ағылшын тiлiне аударып Нэй Илайестың үлкен алғысөзiмен 1895 және 1898 жылдары Лондонда екi рет бастырған/190/. Осы аударма Мырза Хайдар шығармасының әлемге таралуына кең жол ашты.
Батыс Еуропа шығыстанушылары Х.Беверидж, В.Беллью, Дж. Бриггс, Дж. Даусон, Х.Джэррит, Р. Шоу, Э.Эллиот, В.Эрскайн де Үндістан тарихын зерделегенде ұлы ғалым еңбегiне сан рет жүгiнген. Әйтсе де «Тарих-и Рашидидiң» көпке дейiн орыс, қазақ тiлдерiне тәржiмаланбауына байланысты бiртуар кемеңгер жайлы жазылған еңбектер республикамызда аз болды. Мүмкiн ол Мырза Хайдар шығармаларының парсы, ежелгi түркi тiлiнде жазылып дүние жүзiне шашырап кеткендiгiнен де болар. Дегенмен 1996 жылы Ташкентте үлкен парасат иесінің «Тарих-и Рашидиi» орыс тiлiне тәржiмаланып жариялануы /96/ һәм оны республикалық «Санат» баспасы 1999 жылы /96/ өз оқырмандарымен қауыштырған соң, ғалым мұрасына қызығушылық арта түстi. 2003 жылы «Тарих-и Рашиди» тұңғыш рет парсы тіліндегі қолжазбадан шығыстанушы, ғалым Ислам Жеменей тәржімасымен де Алматыда жарық көрді /107/. Ежелгi Тараз және әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық университеттерi ғалымның өмiрi мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық бiрнеше конференциялар өткiздi. Тараз мемлекеттiк университетiне, Алматы мен Астана және Қазақстанның өзге де қалаларының көшелеріне Мұхаммед Хайдар Дулатидың аты берiлдi.
Ғалымның 500 жылдық мүшел тойы ЮНЕСКО құзырына iлiгiп 1999 жылы оны Қазақстан және әлемнiң бiрқатар елдерi де атап өттi. Сөйтiп, ол көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев орынды айтқандай, Әбу Насыр әл-Фарабидiң 1975 жылы өткен 1100 жылдық мүшелтойынан кейiн қазақ елiнiң рухани, мәдени, ғылыми өмiрiндегi тағы бiр iрi де елеулi оқиға болды.
Әдебиетiмiз бен мәдениетiмiз һәм оның қайнар бастаулары мен ғасырлар парағының арасында қалып қойған Мырза Хайдар Дулати iспеттi ұлы тұлғаларын тану мен таныту бүгiнгi тәуелсiз қазақ елi үшiн өте қажет.
Мырза Хайдар өзiнiң ұзақ та емес, бiрақ жарқын оқиғаларға толы жалынды да мәндi ғұмырында сирек ұшырасатын дарындылығы һәм өз шығармаларында ойшылдығы, парасаттылығы, қарымды қаламгерлiгiмен ерекше тұлғалана көрiнген талант иесi. Оның ХVI ғасырда түркi жұртын әлемге тағы бiр жарқ еткiзiп атын iлiм, бiлiм көкжиегiне алтын әрiппен жаздырған қайталанбас ерекше құбылыс екенiн ендi ғана түсiне де, сезiне бастадық.
Мырза Хайдарды бiз негiзiнен тарихшы ретiнде танып, бағалап келдiк. Десек те кейбiр еңбектерде оның ақын болғандығы жайлы айтылғанымен поэзиясы жайлы ешқандай нақтылы дерек келтiрiлмейдi. Әйтсе де оның қаламынан «Тарих-и Рашиди» секiлдi классикалық еңбектен басқа «Жаhан наме» атты поэма да туған. Ғалым еңбектерiнiң әлем кiтапханалары мен қолжазба қорларына шашырап кеткендiгi сияқты поэма да көпке дейiн мәлiмсiз болып келдi. Оны Берлин кiтапханасынан кездейсоқ ұшыратып, оқып 1937 жылы немiс тiлiнде ол туралы шағын да болса тұңғыш мақала жазған башқұрт ғалымы атақты Ахмет Зәки Валиди Тоған (1891-1970) /153/ болатын.
Әуелi ол поэманың еш жерiнде автордың аты аталмайтынына көңiл аударған. Сол себептi, әрi поэма ежелгi түркi әдеби тiлiнде жазылып Орталық Азияда болған тарихи оқиғалар баяндалатындықтан ба, немiс шығыстанушысы И.М.Хартман (1764-1827) оны Қожа Ахмет Йасауи өлеңдерiнен тұратын жинаққа қосқан. Содан оны Ахмет Зәки Валиди оқи келе поэманы жазған Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатиден басқа ешкiм де емес деп пышақ кестi тұжырым жасаған/153, 986/. Башқұрт ғалымының уәжiн орынды көрген ағылшын шығыстанушысы Ч.А.Стори (1888-1967) парсы әдебиетi тарихына арналған белгiлi еңбегiнде Мырза Хайдар шығармашылығына бiрнеше бет арнай отырып: «Мен Хартман коллекциясындағы география туралы өлеңмен түркi тiлiнде жазылған авторы белгiсiз «Жаhан наме» атты шығарманың Ахмет Зәки Валиди дәлелдегендей Мырза Хайдар еңбегi екенiн, оны Мырза Хайдар Бадахшанда болған кезде жазғаны жайлы хабарлағаны үшiн сэр Дэнисон Россқа (1871-1940) өте ризамын*/127, 1202/ десе, Т.И.Сұлтанов: «Оған поэзия да жат емес-тi. ол түркi және парсы тiлдерiнде бiрдей жазды және оның «Аяз» атты ақындық лақабы болды. 936/1529-1530 жылдары Мырза Хайдардың Бадахшанда болуына орай туған түркi тiлдi «Жаһан наме» атты поэманы (ұлы ғалым) жазған делiнедi»...»Жаһан намеде» сондай-ақ тарихи және өмiрбаяндық сыпатты да мағлұматтар бар»/129, 116/ деп Ч.А.Стори мағлұматтарын толықтыра түскен.
Дей тұрғанмен «Тарих-и Рашидидi» зерделеген Н.Н.Туманович атты тағы бiр ғалым: «1529-30 жылдары ол Бадахшанда болған кезде жазған, өлеңмен өрiлген жағрафиялық трактат Мырза Хайдардiкi деген болжам бар»/134, 61/ деп ұлы ойшылдың өлең өнерiне қатысты да мұрасы барлығына Т.И.Сұлтановтан да бұрын 70-жылдардың басында-ақ назар аударған. Бұл ретте ол Т.И.Сұлтанов сияқты «жазған делiнедi» демей, керiсiнше «Мырза Хайдар қаламына жатады деген болжам бар» деп шығарма авторының Мырза Хайдар екенiне меңзеп тұр. Т.И.Сұлтановтың «өмiрбаяндық сыпаттағысы» мен Н.Н.Тумановичтiң «болжам бары», Ахмет Зәки Валидидiң «ЖаҺан наменi» жазған «Мырза Хайдардан басқа ешкiм де емес» деуiне себеп—поэма беташарындағы автордың бiрiншi жақтан баяндаған өмiрбаянының Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашидиінің» «екiншi дәптерiнде» жазған өмiрбаянымен тiкелей үндесуi, рет-ретiмен оны қайталауы hәм ақынның (Мырза Хайдардың) 33-бәйiтте:
Маңа сар-гозашт улған ишдин дейин,
Куңул ғам била тулған ишдин дейин.
Менiң басымнан өткен iс жайлы айтайын,
Көңiл қайғыға толған iс жайлы айтайын
деуi дер едiк. Оны шынында да төмендегi үзiндiден де оп-оңай байқауға болады. Әйтсе де Берлин кiтапханасының қолжазба қорындағы бұл асыл дүние көпке дейiн қолымызға түспей келдi. Тек 1994 жылы ғана Мюнхен университетiнiң оқытушысы Лидия Клетцель ханымның арқасында «Жаhан наме» автордың тарихи отанына қайтып оралды.
Поэманы аудару үстiнде бiрде Шыңжаң өлкесiне iссапармен барудың ретi келдi. Сол жолы ғалымның ата-бабалары мен өзiнiң де 18 жыл ғұмыры өткен Қашғар, Опал, Хисар, Жаркент секiлдi қалалар мен тарихи елдi мекендердi араладық. Үрiмшiге оралған соң Шыңжаң университетiнiң профессоры, әдебиетшi-ғалым Әбдiкерiм Рахман менiң Мырза Хайдар шығармашылығымен айналысып жүргенiмдi есiтiп «Жаhан наменiң» бiр көшiрмесiнiң 1981 жылы Қашғар қаласынан табылғанын айтты. «Сабақты ине сәтiмен» дегендей ол нұсқаны да/10/ сол сапар сондағы қазақ ғалымы Ахметбек Кіршібаевтан Алматыға алып қайттым.
«Жаһан наме» дастанының деп жазылған ондағы алғысөзде қолымыздағы жалғыз қолжазбасын Қашғарлық кiтаппұрыш Қадiрбұлақ 1981 жылы тауып, 1982 жылы Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы қолжазбалар қорына өткiзген... Бұл қолжазба Патлық Қотан қағазына настағалиқ жазу үлгiсiмен екi бағана етiп көшiрiлген. Қолжазбаның пішімі 16 х 10,5 см., ал жалпы көлемi 56 парақ. (Дастанның жалпы нобайы 112 бет)... Әрбiр бетi 13 жолдан тұрады. Бәйіттер қара сиямен, тарау тақырыптары қызыл сиямен көшiрiлген. Қолжазбада кейбiр сөздердiң өшiрiлiп қайта түзетiлгендiгi, кейбiр сөздерде мазмұн мен емле жағынан қателерге жол берiлгендiгi аталмыш дүниенiң автордың өз қолымен емес, кейiнгi жылдары көшiрушi жағынан қандай бiр нұсқаға (бәлки түпнұсқа болуы да мүмкiн) сүйенiп көшiрiлгендiгiне куәлiк етедi»/10, 1-2/.
Шыңжаң ғалымдары бiрақ шығарма мазмұнына қарап поэма авторын «Айаз Шикаста» деп көрсетiптi. Олардың сiрә Ахмет Зәки Валидидiң мақаласы мен поэманың Берлиндегi нұсқасы жайлы хабары болмаса керек. Сондай-ақ олар неге екенi белгiсiз поэма «Кiрiспесiндегi» автордың «бұл қам көңiлдiң өзiнiң басынан өткен оқиға» деп шегелей көрсеткенiне мән бермеген. Оны қаперге алып «Тарих-и Рашидимен» салыстырғанда Ахмет Зәки Валиди айтқандай, «поэманы жазған Мырза Хайдардан басқа ешкiм де емес» екенiне оп-оңай -ақ көз жеткiзуге болар едi.
1999 жылы өзбек ғалымдары «Жаһан намені» аудармастан Берлин қолжазбасы бойынша бастырып шығарды/97/. Сол себепті де «Жаhан наменi» бiз ежелгi түркi әдеби тiлiнен қазақ тiлiне аудару кезiнде Берлин мен Қашғар нұсқаларын салыстырып отырдық.
Берлин нұсқасында 1704 жыл деген мерзім көрсетiлген. Әйтсе де Ахмет Зәки Валиди оны Молла Умар ибн Молла Қажы деген кiсiнiң 1814 жылы көшiргенiне назар аударады. Шынында да поэма соңында осылай делінген. «Жаhан наменiң» Берлин нұсқасы 1328, Қашғар нұсқасы 1329 бәйiттен тұрады. Ара-арасында қазақ батырлар жырындағы сияқты қарасөз де араласып отырады. Мұнда әсiресе араб, парсы сөздерi мен сөз тіркестері жиi ұшырасады.
Поэманы шартты түрде бiрнеше бөлiмге бөлуге болады. Алғашқы 110 бәйіттi шығарманың «Кiрiспесi» дер едiк. Оның өзiн де көтерген тақырыбы, айтылар жәйттерге орай бiрнеше тараушаларға таратуға болады.
Ежелгi мұсылман Шығысы әдебиетiнде кейбiр көркем дүниелер әдетте «хамд» – мақтау, «мунажат»- мүнажат, «наът» – теңеу (эпитет), «мадх» – мадақ және «сабаби назми китаб» – кiтаптың жазылу себебi iспеттi шартты бөлiмдерден тұрады. «Жаһан намеде» де осы қағида бұзылмаған. Әйтсе де Кеңес дәуiрiнде ондай шығармалардың көпшiлiгiнiң осы бөлiмi коммунистiк идеология шарттарына сай келмейтiндiктен алып тасталынатын. Бiз ол әдеттi бұзып поэманың қылауына да тимей, дастан мәтiнiн толық та түгел бердiк. Сонымен дастанның «мақтау» бөлiмiнде Мырза Хайдар әуелi (1-14 бәйттерде) Жаратушыны жырға қосады.
1 . Санайи жаhан афаринга бурун,
Ким андин емастур иши йашурун.
Мадақ – жаhанды жаратушыға бұрын,
Ешкiмнiң одан емес iсi жасырын.
2. Неким адамийни хийали йетар,
hар ишким улусдин неhани йетар?
Нендей (бір) адамның ақыл-ойы жетсе (де),
Қайсы біреу ұлыстан құпия етсе (де),
3. Бари аниң алдида йек-сандурур,
Ачуқ дашту гар тийре маскандурур.
Бәрi оның алдында бiрдей болар,
Кең дала мен қара түнек болса да мекені.
4. Неким аламу аhлида бардур,
Аниң қудрати анда эзhардур.
Әлем жұртында не болса да,
Оның құдіретi онда да көрiнедi.
5. Жаhанда неким жану, жансиздурур,
hавада учар, йерда йугруб йурур.
Жиhанда не болса да жанды, жансыз болар,
Ауада ұшар, жерде жүгiрiп жүрер.
6. Аниң қудратидин пар-о-бал ачар,
Аниң қудрати бирла йугруб қачар
Оның құдiретiмен қанат қағар,
Оның құдіретiмен жүгiрiп қашар,
дей отырып көктем мен күз болатыны сияқты дүние жаратылғалы берi адам баласының да «бiрiне кемел, бiрiне зауал» белгiленiп қойылғаны, тағдырда әдiлеттiк жоқ екенiне тоқтала да шағына келе 15-30 бәйiттерде хазретi пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.ғ.с.) пен оның төрт серiгiне (Әбу Бәкiр, Омар, Осман, Әлi) сыпаттама бередi. Сөйтедi де:
20. Уларға вафа қилмади бу жаhан,
Сану мандек аввараларға на сан
Оларға (да) опа қылмады бұл жаhан,
Сенiң мендей кезбеде нең бар!
деп тағдырға ренiш айтады.
Ал 35 бәйiттен бастап «Тарих-и Рашидидiң» «екiншi дәптерiнде» тәптiштей жазған өмiрбаянын мұнда қысқаша өлеңмен жырлауға көшедi.
35. Хабардар улуб бу hекайат ешит,
Ушул вақтлар ким бар ердим йигит.
Хабардар болып бұл хикаяны есiт,
Сол уақыттарда едiм /мен/ жiгiт.
36. Вилайатда сакин едим нача йил,
Маңа ул ватандек булуб ерди, бил.
Уәлаятта тұрып едiм неше жыл,
Маған ол отандай болып едi, бiл
дейдi.
Автордың «уәлаят» деп отырғаны Орта Азия. Өйткенi орта ғасырларда Түркiстан, Ташкент, Самарқан мен Бұхара, Әндiжан мен Ферғана секiлдi шаhарлары бар аймақ «уәалаят» деп аталғаны тарихи деректерден мәлiм.
Мырза Хайдар, мiне, осы уәлаятта өткен жастық шағына бiрнеше бәйiттер арнаған. Онда ол «көктем мен күз айларында биiк төбеге шығып, шалғында шапқылап, көңiл қалаған жерде мәжiлiс құрып, немесе әдемi баққа жиылып ойнап-күлген, қуаныш пен шаттықта өткен жастық шағын» сағына еске алады. Бiрақ тағдыр жазмышымен ақыры достар тобының ажырап әрқайсысы әр қиянға аттағаны туралы сөз ете келе автор ендi 1513-1514 жылдар оқиғасы, яғни «Тарих-и Рашидиде» айтылғандай өздерi Әндiжан аймағында тұрған кездерi мұнда Әбу Бәкiрдiң шапқыншылық жасағанын суреттеуге көшедi.
55. Алиб ултуруб Андижан мулкини,
Алай деб хийали жаhан мулкини.
Алып түгел Әндiжан патшасын,
Алсам деп қиялдайтын жаhан мүлкiн.
56. Бар ерди, валэ Кашғар саридин,
Келиб жамьи бад-хаh hар саридин.
Бар едi сондай Қашғар жақта,
Келiп жиылған залымдар әр жақтан.
57. Кечалар уғурлуқ йусуни била,
Йуруб кентларға ит уни била...
Түнде ұрлықпен айналысатын,
Баратын кенттерге итше ұлып...
60. Әбу Бакр еди Кашғар хакими,
Ки йуқ ерди Рустамдин аниң ками.
Әбу Бәкiр едi Қашғар әкiмi,
Жоқ едi Рустемнен оның кемi.
61. Аниң мулкидаки йел - улус тамам,
Тапиб ерди банду белада мақам...
Оның патшалығындағы ел, ұлыстың бәрi,
Тұтқындықта, азапта қалып еді...
66. Булуб ушбулар баэси шаhрийар,
Болуб иттифақу сиғару кибар.
Болып осылар себеп патшаға,
Қосылып оған кiшi мен үлкен
67. Раван булди хан Кашғар мулкига,
Ким ул Хайбари би - хабар мулкига?!
Аттанды хан Қашғар патшалығына,
Ол Хайбари бейхабар патшалығына
68. Хабардар булуб, калиб ул бад-гоуhар,
Чарикин салиб қала-и Кашғар.
Хабар алып қойып ол жауыз,
Әскерiн кiргiздi Қашғар қамалына.
69. Йетиб хани алам алиб қаласин,
Тубатқа қачиб ул, салиб қаласин.
Жетiп әлем ханы алған (соң) қаласын,
Тибетке қашты ол, тастап қаласын.
70. Суңига тушуб чарик ахер йетиб,
Башини алиб келдилар қатл етиб.
Соңына түсiп әскер ақыры жетiп,
Басын алып келдi өлтiрiп.
71. Хутан, Кашғар че алиб хан йуруб,
Адалат била тахт уза ултуруб.
Қотанды, Қашғар сияқты хан алып,
Әдiлетпен таққа өзi отырып.
72. Улус бар-қарар улди давранида,
Киши қалмади банду зенданида .
Ұлыс мығым болды дәуренiнде,
Кiсi қалмады тұтқын болған зынданында
дейдi ол. Сөйтiп автор мұнда «Тарих-и Рашидидiң» жетi-сегiз тарауына жүк болған сан-алуан оқиғаларды бар-жоғы оншақты бәйітке сыйдырып жiберген. Әрi онда сол кездегi қоғамдық саяси-жағдай, ел өмiрi, халық басына қасірет әкелген Әбу Бәкiрдiң зұлымдығы, бірақ оның өзiнiң де ақыры мерт болғаны суреттелген. Ақын Әбу Бәкiрге Саид ханның әдiлеттiлiгiн, парасаттылығын қарсы қояды. Бiр қызығы бiрақ Мырза Хайдар 60-бәйітте Әбу Бәкiрдi Әбу-л-Қасым Фирдаусидiң (940-1030) «Шаh намесiнiң» бас кейiпкерi Рүстем батырмен салыстырып, мақтап отырған сияқты көрiнедi. Әйтсе де оның айтайын деп отырғаны Әбу Бәкiрдiң Рүстем сияқты алып тұлғалы болғандығы ғана.
Саид хан таққа отырып көңiлi жайланғаннан кейiн бұрынғы дұшпандарының көпшiлiгiне кешiрiм жасап оларды өз жағына тартуға тырысқан. Халықтың тұрмыс жағдайын түзетiп, шекарасын кеңейтiп, нығайтуға әрекет жасаған. Қираған қалалар мен елдi мекендердi қалпына келтiрiп, мешiт, медреселер салдырған. Ол жайлы ақын:
73. Ким ул хаджаву малдар улмағай,
Хазина аңа гандж ила тулмағай?
Қандай бір дәулеттінің мал-мүлкі болмаса
Қазынасы оның байлыққа толмайды.
74. Тапуғинда ман hәм булуб собҺу-шам,
Туруб қуллиғинда қилиб иhтемам .
Қызметiнде мен hәм болып ертелi-кеш,
Тұрдым қол астында, ыждаһат.
дей келiп өз халiн ол X-XI ғасырларда өмiр сүрiп қазiргi Ауғанстан мен Индияның солтүстiгiн билеген Махмұт Газнауи патша (997-1030) сарайындағы Аязбен салыстырады. Өзiне шын берiлiп, қалтқысыз қызмет еткенi, ақыл-ойы, парасаттылығы үшiн Махмұт Газнауи Аязды уәзiр дәрежесiне дейiн көтерген. Саид хан да Мырза Хайдарға өз мемлекетінің ең жоғары, ең жауапты лауазымдарын сеніп тапсырған. Мысалы
75. Булуб лутфу иhсанидин сар-афраз,
Булуб ерди Махмуд йаңлиғ Айаз.
Еткен соң жақсылық, қайырым – бақытты,
Болып едi(м) Махмұттың Аязы сияқты
дейдi ақын ол туралы.
«Ол әкелiк сүйiспеншiлiкпен менi жетiмдiктiң қасіретiнен құтқарып қамқорлығына алды және де менi жақсы көрiп маған берiлгендiгi сонша мен оның iнiлерi мен балаларының қызғанышына қалдым. Оның қасында тұрған 24 жыл iшiнде мен бiлiм алып, алыс пен жақынды таныдым, уайым-қамсыз тамаша күн кештiм. Мен көркем жазу, сауатты жазып-сызу, өлең өнерi, стилистика, сурет салу мен алтынмен әшекейлеу және басқа да кәсiптер бойынша өз құрбыларым арасында озып, ерекше шеберлiк таныттым. Сондай-ақ мемлекет iстерiн басқару мен жүргiзу... түнгi жорық, атыс, соғыс, аң аулауды ұйымдастыру мен жүргiзу, қойшы әйтеуiр мемлекет iсiне қажеттiнiң бәрiнде де ол менiң ұстазым, әрi ақылшым болды»/96, 22/ деп жазады ұлы ғалым «Тарих-и Рашидидiң» алғашқы беттерiнде -ақ.
Шынында да, әуелi сарай қызметiнде болған ғалым соңынан бiрте-бiрте ханның әскери қолбасшысы дәрежесiне дейiн жеткен. Сөйтiп, жас кезiнде көрген:
77. Фалак жоуру золмин фарамуш етиб,
Нашату тараб жамини нуш етиб
Тағдырдың зорлық,зұлымдығын ұмыт етiп,
Шаттық, қуаныш кесесiн нәр етiп
78. Йурур ердим асуде дел-шаду хеш,
Фалак жоуру зелмидин азаде ваш .
Жүрушi едiм тып-тыныш қуанышты,
Тағдырдың зорлық, зұлымдығынан құтылғандай, –
деп ханға ол ризашылық бiлдiредi. Бұл жайлы автор тек «Жаhан намеде» ғана емес, жоғарыдағыдай «Тарих-и Рашидиде» де бiрнеше рет қайталай айтқан.
XVI ғасыр түрлi феодалдық соғыстардың өршiп тұрған кезi болатын. Шайбандық өзбектер Бабырды Ауғанстанға тықсырды. Ол жерде де тыныш өмiр бола қоймайтынын сезген Бабыр ақыры Үндістанға кетіп онда Ұлы Моғол мемлекетiнiң негiзiн қалады. Оған осы күнгi Ауғанстанның солтүстiгiндегi Бадахшан өлкесi де кiретiн. 1529 жылдары оны жоғарыда айтылғандай, шайбандық өзбек хандарының басып алу қаупы төнсе керек. Мырза Хайдар 79-бәйттен бастап осы мәселенi де сөз етуге көшедi.
79. Ки вақие булуб андағ аййам иши,
Келибан Бадахшан саридин киши.
Оқиға болып сондай күндер iшi,
Келiп едi Бадахшан жақтан кiсi.
80. Хабар берди: «Би-сар қалибдур улус,
Бузуғлуқға куңлин салибдур улус.
Хабар бердi: «Бетiмен кетiп тұр ұлыс,
Бұзықтыққа көңiлiн салып тұр ұлыс.
81. Ул йелни иликламаса хан бариб,
Асир улгусидур фақиру ғариб.
Ол елдi қолына алмаса хан барып,
Тұтқын үлгiсi-дүр пақыр мен ғарып.
82. Алур ул вилайатни узбек келиб,
Мани йел ибардилар андақ билиб.
Алар ол уалайатты өзбек келiп,
Менi ел жiбердi соны бiлiп.
83. Ки хандин укун йуқтур уммидимиз,
Йаруғлуқ берур кузга хоршидимиз».
Ханнан басқа ешкiмде жоқ үмiтiмiз,
ханның Бадахшанға жасаған екiншi жорығы, сол кезде болған оқиға) Жарық нұр берер көзге күнiмiз!» дейдi. Мұны естiген хан Мырза Хайдар екеуi Бадахшан жаққа үлкен қолмен аттанады. Мiне, дәл осы жәйттер туралы «Тарих-и Рашидиде» «Саид алардың себебi» /96, 486-490/ атты арнаулы тарау да бар. Сонымен, 1529 жылдың желтоқсанынан бастап олар Бадахшан өлкесiнiң орталығы – Қала-и зафарды келiп қоршайды.
Қала-и зафарда Мырза Хайдар жас кезiнде шайбандықтардан қашып Кабулдегi бөлесi Бабырға бара жатқанда /1508-1509/ жылға жуық тұрған-ды. Сөйткен, өзiне пана болған қамалға ол ендi мiне тағдыр жазмышымен жиырма жылдан соң оралып отыр. Өзiн қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай мәпелеген мейiрiмдi бөлесі Хан Мырза бiрақ бұл кезде тiрiлер санатында жоқ едi. Сондай-ақ ол мұнда танысып, табысқан, бiрге болған, бiрге жүрген достарынан да ешкiмдi кездестiре алмайды. Сондықтан да өткен күндердi ол қайғыра да мұңдана еске алады.
Саид хан мен Мырза Хайдар Кала-и зафарды қоршап сонда 1530 жылдың көктемiне дейiн болған. Осындай ұйқысыз түндерi ол жас кезiнде бұл қамалда өткiзген айларын, iзсiз кеткен достарын, өмiрден тым ерте бақилық болған ата-анасын сағына еске алады. Өмiр талқысына өзiнiң де ерте түсiп талай тауқыметтi көргенiн қамыға айтады.Соның бәрi жүрегiне мұң байлайды. Өзiн ендi қайғы, қасіреттен сейiлту үшiн ол осы поэмасын жазуға кiрiседi.
Поэманың сюжеттiк желiсiне үнді ертегi, дастандарының бiрi негiз болған сияқты. Автордың араб, парсы тiлдерiн жақсы бiлгендiгiн ескерсек бұл ойдың өмiршеңдiгi өзiнен өзi түсiнiктi болар.
Сонымен, поэманың негiзi оқиға желiсi 115 бәйіттен басталады да әрi қарай динамикалы түрде дами бастайды. Ертеде Самин деген қалада Шаһсауар атты патша болыпты. Екi жүз жылға таяу ғұмыр кешiп жетi ықылым елдi бағындырған әмiршi төрт құбыласы түгел боп, ұлыс пен уәлаят, қазына мен байлықтан кемшiлiк көрмесе де бiр перзентке зар болады.
Ұлы жоқтық отына күйiп, қайғы жалынына қақталып қасiреттен қан жұтқан патша мазар-мазараттарды аралап, әулие-әнбиелерге сиына жүрiп бiр Алладан перзент сұрап жалбарынады. Ақыры патшаның дұға, мiнажаты қабыл болып күндердiң күнiнде дүниеге ұл келедi. Оған Фируз шаһ деп ат қойылады. Шаһзада эпостар мен ертегiлердегi сияқты тез өсiп, жас кезiнде-ақ бар ғылымды меңгередi. Қолы боста аңға шығып түлкi қуып, киiк атады. Түндерiнiң көпшiлiгiн ойын-сауық, көңiл көтерумен өткiзедi. Қуанышты да шат өмiр сөйтiп алаңсыз жалғаса бередi. Бiрi Қытай, екiншiсi Рұм сұлуларын мақтаған мақпал түнгi сауық кештердiң бiрiнде сақи ханзадаға шарап ұсынады. Оны iшер-iшпесте-ақ Фируз шаһ кенет ұйықтап кетiп, түсiнде ғажайып бақ пен бостандарды, керемет балкондары бар сарайларды, одан «жүзi ай, көзi шолпан, бойы шамшат» ғажайып бiр перизатты көредi. Перi қыздары Фируз шаһты қолдан қолға алып өз шаһының алдына апарады. Ханзаданы патшаға ұсынған кезде Фируз шаһтың маңдайындағы шаңды сүртедi. Автор осылай оның перiлер елiне ұзақ жүрiп жеткенiн аңғартқандай. Сөйтсе мұнда да сауық кешi өтiп жатыр екен.
152. Ки гардешка кигурдилар пийала,
Қилиб най бирла чанг, танбур нала.
Пиялайды жiбергенде айналымға,
Най менен чанг, танбурдың шықты зарлы үнi
дейдi ақын. Перi шаһы iлтипат етiп Фируз шаһқа кесе толы шарап ұсынады. Iшiп салған ханзада содан мас болып құлап қалады. Кенет оянып кеткен ол ұйқыда көргендерiн таба алмау үстiне оның түс, яки өңiнде болғанын да бiле алмай дел-сал күй кешедi.Түсiнде көрген сұлу қыз ойынан шықпайды. Оны бiреуге сездiрiп, яки сыр етiп айта да алмаған Фируз шаһ ақыры сары уайымға салынып, пұшайман халге түседi.Бiрте-бiрте бұрынғыдай ойнап-күлiп, көңiл көтерудi, сұхбат кештерiн өткiзудi де қояды. Ақыры ол өзi душар болған жайттың жайдан-жай еместiгiн пайымдап, бұл iстi уақтысы жетiп аян болғанша ешкiмге бiлдiрмей құпия ұстауға бел байлайды. Дегенмен Фируз шаһ бойынан өзгерiс байқаған, көптi көрген кәнiгi Сәлiм уәзiр баласы Фируз райды шақырып сыр тартады. Бiрақ ол да ештеңе бiлмейтiн боп шығады. Сонда ол ұлына ханзадаға барып түрлi әңгiмемен көңiлiн аулап, сырын бiлудi тапсырады. Фируз рай досымен ұшырасқан соң базына қыла отырып қайғыға бөленуiнiң себебiн сұрайды. Фируз райға Фируз шаһ амалсыз сыр ашуға мәжбүр болады.
Фируз рай да ханзадаға бұл мәселенiң мән-жайы анықталғанша ешкiмге бiлдiрмей, бұрынғыдай ойнап-күлiп әлiптiң артын бағуды ұсынады. Ол да оны мақұл көредi де өзiнiң уайым, қайғысы туралы тiптi уәзiрге де тiс жармауды қатаң тапсырады. Сәлiм уәзiрдiң патшаға барып ханзада мен достарына аңға шығуға рұқсат сұрауын мұқияттайды.
Сәлiм—патшаға Фируз шаһтың тiлегiн жеткiзедi.Ханзадамен бiрге «жұрт та тау, далаға серуен етiп, гүл мен қызғалдақ терiп, тамаша той-думан етсе, қалағанынша қыдырып аң ауласа, жiгiттер киiк атып, көңiл көтерiп жадырап қайтса» деген ұсыныс жасайды. Әмiршi қуанып өзiнiң де ұлымен бiрге аңға шығуға дайын екенiн бiлдiредi.
Ханзада мен шаһтың да аңға шығатыны туралы жар шақыртуға бұйрық берiледi. Ұлыс жиылып, сансыз сарбаз сапқа тұрған соң Шаһсауар патша бастаған жұрт аңға аттанады. Патша киiктердi жинатып бiр жерге топтастырады.
289. Тузук чаргалаб чаргадин қалмасун,
Қилиб жаһд арани ачуқ қалмасун.
Дұрыстап қоршап, қоршаусыз (жер) қалмасын,
Етсiн ыждаһат аралары ашық қалмасын.
290. Арасидин уткарса һар ким кийк,
Муни жазм билсун ки қалмас тирик.
Арасынан өткiзсе кiмде-кiм киiк,
Мұны анық бiлсiн, қалмас тiрi.
291. Нача тарбиат қилғаним булса ул,
Бериб шаһр, улус билганим булса ул.
Қаншалықты маған жақын болса да,
Қала, елді берген болсам да.
292. Кийк санида паре қилғумдурур,
Һам ул лаһзе авваре қилғумдурур.
Киiктiң санындай пәршектеп тастаймын,
Сол замат қаңғыртып жіберемін.
дейдi ол.
Сондай мықты қоршаудан шыға алмай бiр киiк ортада зар едi. Кенет ол жанұшырып келiп, ақыры Фируз шаһ алдынан өтiп жалпақ даланы бетке алады. Фируз шаһ тұра қуады. Жақындап көрсе бiр нәзiк жануар екен. Бiрақ ол ханзадаға жеткiзбей шаршатады. Әйтсе де анда-санда аралары алшақтап кетсе шаһзада өзiнен көз жазып қалды-ау дегендей артына бұрылып көз сүзе қарап та қояды. Фируз шаһ мұндай әдемi киiктi атып алғанша, егер ұстай алса, мойнына алтын бау тағып, сарай салтанатының бiрi еткендi жөн көредi Сөйтiп, оған оқты шығын етпей қуа бередi. Киiк те аршындай қарғып қаша бередi. Арада талай дала, талай тау, талай сахара қалады. Бiр кезде киiк шыбын қонса тайып жығылатындай жылтыр, үздiксiз тұтасқан бiр алтын тау етегiне жетедi. Аспанмен астасқан таудың ұшар басы көктен айырғысыз көкпеңбек екен. Ал тау етегiнен оқ жетер биiктiкке дейiн баспалдақ салыныпты да, ал оның арғы жағы тамаша қақпамен жалғасыпты. Киiк баспалдаққа қарғып шығады да ары қарай зым-зия жоқ болады.
«Бұл не жұмбақ, кiмнiң мекен-жайы бұл, мүмкiн iздегенiм осында болар» деп таңырқаған шаһзада атынан түсiп баспалдаққа шыққан кезде артынан Фируз рай да жетедi. Ханзада оған осы жерде тұра тұруды, өзiнiң жоғары көтерiлiп, мән-жайды бiлiп қайтатынын айтып, биiктегi қақпаға бет алады. Фируз шаһ iшке кiрiп жан-жағына қараған соң бұл жердiң атақты Гүлстан шаһары екенiне көзi жетедi. Түсiнде көрген тамаша сарайлар, балкондар мен әдемi бақтар көзiне оттай басылады. Ендi бiрде жоғарыда—биiк күмбез үстiнде парлай қалықтап жүрген перi қыздары Фируз шаһты көрiсiмен оны қолдан қолға алып күмбездi сарайға апарады.Сарай iшi сұңғақ бойлы, алқызыл жүздi, бұйра қара шашты перизаттарға һәм олардың өзiне лайық орны көрсетiлген алтындалған орындықтарға толы екен. Ұзамай ән салынады. Қыздардың шат та сазды әнiне қайғы-зар, қасiретке толы әсем әуен қосылып жүрек тебiрентедi. Ендi бiрде тақта отырған, түсiнде көрген ғашығына көзi түскен Фируз шаһ есiнен танып қалады. Таңырқаған сұлу қыз шаһзадаға қамқорлық көрсетедi. Әрең дегенде өзiне-өзi келген ханзада «бұл тағы да түс болып жүрмесiн» дегендей жан-жағына таңырқай да мұңдана қарайды.
Перизаттың бұйрығымен перi қыздарының бiрi шаһзадаға хош иiстi шарап ұсынады. Бiрнеше кесе көтерген соң Фируз шаһ көңiлденiп бойын шаттық пен қуаныш билейдi. Перизат патшайымы қасымда болса деп армандайды. Бiрақ ғашығының өзiне перi қыздарынан сақтана да ұрлана наздануы оны таң қалдырады. Оны байқаған Перизат шаһзадаға өз жағдайын баяндайды. Бұл жұрттың Ирам бақ атты перiлер елi, өзiнiң сол ел патшасының қызы екенiн айтады. Жас кезiнен-ақ ерекше зеректiгiмен көзге түскен оған сөз салмаған шаһзада қалмапты. Перизат сұлу оның бәрiне бiрақ әдетте үш шарт қояды. Бiрақ қауышу құштарлығынан аса алмаған перi шаһзадалары шарттың бiрiн де орындай алмай амалсыз қайтуға мәжбүр болады. Дей тұрғанмен Назбой сұлу Фируз шаһқа «олардың бәрi перi патшаларының ұлдары едi, ал сен адам шаһының баласысың ғой, адамда әдетте әдiс көп болады. Егер мақұл десең шарттарды айтайын», – дейдi. Қызды құлай сүйген ханзада нендей шарт болса да орындауға әзiр екенiн бiлдiредi.
Назбой өзi ұйықтаған соң шаһзаданың оны дауыстамай, жұлқыламай 3 рет ерiксiз оянып, ерiксiз орнынан тұратындай етiп ерекше бiр сүйсiнiспен оятуы қажеттiгiн ескертедi.
Осының бәрi есiне түскен ол Назбойды ендi ешқашан көре алмайтынына, оның мәңгiлiк жоқ екенiне, өзiнiң жалғыз қалғанына көзi жеткен соң қайғы, мұң меңдегенi сонша есiнен адаса бастайды. Басына топырақ шашып, төсiн жыртып жерге аунап жылайды. Жаратушыдан Назбойдан ажыратпай өзiн де алуды сұрап жалбарынады.
Фируз шаһтың мұң, зарына құлақ қойған Жаратушы, пендесiнiң тiлегiн қабыл етедi. Сол сәтте бейiт iшiнен бiр қол шығып шаһты iшке алып кетедi. Махаббатты ту етiп, сүйген жарына өле өлгенше адалдық танытқан Фируз шаһ жайлы дастанын ақын:
1290. Киши билмади ким қайан бардилар,
Қу(йуб) хали жайу макан бардилар.
Ешкiм бiлмедi (олар) қайда кетті,
Тастап бос үй-жай, мекенiн кетті.
деумен аяқтаған.
Поэманың «Негiзгi бөлiмi» сөйтiп, осы 1290 бәйітпен бiткен. Әрi қарай 1306 бәйітке дейiн Мырза Хайдардың өмiр, тағдыр жайлы философиялық толғанысы берiлген. Бұл ретте Мырза Хайдар өзiн Аяз деп атайды да «өмiрiңнiң тұлпары жүргелi тұр, ал сен кейде ояу, кейде ұйқылысың, бейқамсың. Уақытты бос өткiзбей тiршiлiк ет. Өйткенi өмiр өте шығады. Ал артыңда еңбегiң, игi iстерiң, қол жеткен табысың жемiс боп қалады. Сондықтан ешқашан бос жүрме» деген салиқалы да мәндi ой айтады. Уақыт ешқашан тоқтап қалмайды, – дейдi ақын әрi қарай. Жыл, ай, күн, түн өзiмен-өзi өтiп жатқандай болғанымен, тағдырың сенi жаһаннан шарқ ұрып iздеп жүрген шығар, iздемесе бұрын өткен дос, жаран, ата-ана, туысқандарың қайда? Тағдыр оларды да өз кезегiмен өткiзiп, ендi сенiң кезегiңдi келтiргелi «дамылсыз iзiңе түсiп iздеп жүрген шығар» дей отырып тағы да уақытты бос өткiзiп ғафiл қалмауға шақырады.
Терең толғанысқа толы осындай ойлардан соң 1307-1313 бәйіттерде Мырза Хайдар Алла тағала мен Мұхаммед пайғамбар һәм оның төрт халифасына мiнәжат етiп тiршiлiкте ағаттықпен жасаған күнәлары үшiн кешiрiм сұрайды.
Ал ең соңғы 1314-1329 бәйттерде ол ендi дастанның жазылу себебi мен аяқталған кезiне оралады.
1314. Кел, ей, муншиьи табьи роушан неһад,
Қилурман «Жаһан намедин» хайр-бад.
Кел, ей қаламгер, көңілі ашық
Етемiн (ендi) «Жаһан намемен» қоштасу.
1315. Куңул лоуһидин раф етиб ғоссени,
Қилурман тамам емди бу қиссани.
Көңiл тақтасынан көтерiп қайғыны,
Етемiн тамам ендi бұл қиссаны.
1316. Бу ул қисса ерди ким, ул һам-нешин,
Қилиб ерди, куңлумни кургач һазин.
Осы қисса едi, сырлас дос
Болған, көңiлiмдi көрген соң мұңлы.
1317. Мувафеқ куруб ани уз һалима,
Монасеб курунуб уз аһвалима.
Сәйкес көрiп оны өз халiме,
Ұқсас көрiнiп (ол) өз жағдайыма.
1318. Хийал айладим ерса тақриб ила,
Бу чағлиқ һекайати тартиб ила.
Еттiм қиял шамамен,
Осындай хикая ретімен.
1319. Тизилди келиб, назм селкин тутуб,
Тамам улди буниадин йил утуб.
Түзiлдi келіп өлең, жібін ұстап,
Тамам болды негiзгi (бөлiмiнен соң) жыл өтiп
деп поэманың «Негiзгi бөлiмiнiң» бұрын жазылғанымен, соңғы беттерiнiң арада жыл өткен соң ғана хатқа түсiрiлгенiн ескерткен.
«Жаһан наменi» Мырза Хайдардың Бадахшандағы Қала-и Зафарды қоршауға алған 1529-1530 жылдары жазғанын жоғарыда айтқанбыз. Бiрақ дастанның «Негiзгi бөлiмiн» ол 1530 жылдың көктемiнде бiтiре қоймаған секiлдi. Шығармамен жұмысты ол Қашғарға қайтып оралған соң 1532 жылға дейiн де жалғастыра берген. Себебi қиссаның соңғы беттерiнiң нүктесiн қойған кездi ол:
1324. Йил ат ерди Мачин таварихида,
Раджаб айи «фархунда» тарихида.
Жылқы жылы едi Машын жылнамасында,
Раджаб айында, фархунда мерзімінде
1325. Тугаттим жаһан меһнату ғоссесин,
Қилиб назм бур дастан қиссасин.
Бiтiрдiм жаһан михнаты мен қайғысын,
Етiп өлең осы дастан қиссасын...
1326. «Жаһан наме» қуйдум аниң атини,
Дедим чун аниң һали һалатини.
«Жаһан наме» қойдым оның атын,
Айтқаным үшін оның хал-жағдайын
деп тайға таңба басқандай анық көрсеткен, яғни һижраның 939 жылының раджаб айы 1533 жылдың наурыз айына тұс келедi.Мырза Хайдар бұл кезде үлкен әскермен Кашмирде болатын. Ал ақынның ол кездерi неге көңiлi тола емес, нелiктен мұңлы едi? Мырза Хайдар неге ол кездiң мұңының әрбiр сәтi өзiн әрi-сәрi еттi дейдi?
Ұлы ғалым «Тарих-и Рашидидiң» «Автордың Кашмирге келуi және соған байланысты болған оқиғалар жайлы» атты 96 тарауында һижраның 939 жылының джумада ас-сани айында (1532 жылдың 29 желтоқсаны) 4 мың жасақпен Кашмир жерiне аяқ басқаны жайлы жазғанын жоғарыда айтқанбыз. Содан олар ол өлкеде 1533 жылдың мамыр айына дейiн болып Кашмирдiң бiраз жерiне ту тiгедi. Бiрақ жас қолбасшының жеңiстерiн қызғанған Мырза Әлi Тағай әскер арасына ылаң салып, бүлiк шығарады. Әскерлердi Кашмирдi талақ тастап Қашғарға қайтуға үгiттейдi. Әскер арасында сөйтiп толқу мен қобалжу туады/96, 543-549/.
«Iштен шыққан жау жаман» дегендей Мырза Хайдар дулаттан шыққан ағайыны Мырза Әлi Тағайдың iштарлығы мен опасыздығына күйiнiп қатты ренжидi. Бiрақ өз қолын өзi кесе ме? Оны әрi-сәрi еткен оқиғалардың себебi осы едi. Осындай сәттерi ол көңiлiн аулап, өзiн-өзi сергiту үшiн «Жаһан наменiң» соңғы беттерiн жазумен айналысады. Себебi жоғарыда айтылғандай:
1321. Куңул жам емас ерди аййамдин,
Ки нуш айласам ерди бу жамдин.
Көңiл орнықты емес едi тіршіліктен,
Ішпек үшін сол кеседен.
1322. Тапиб халвати гаһу би-гаһда,
Кечаларда, аксар саһар гаһда.
Бос уақыт тауып әр түрлі кезде,
Түндерде, көбiрек таң шағында
1323. Булуб форсатим гаһи бешу онар,
Хийал еттим улғай дебан йадгар.
Кейде уақыт тауып бесіннен соң,
Қиял еттiм болсын деп естелiк
1327. Мошавваш еди куңлум ул һалдин,
Чу айтур едим уткан аһвалдин.
Әбіржулі едi көңiлiм сол жағдайдан,
Себебі өткен халден әңгімелеп едім.
деп тағы да шегелей ескертiп өткен. Дастан сөйтiп арада 3 жылға жуық уақыт өткен соң ғана бiткен.
«Тарих-и Рашидидi» жазу үстiнде де табиғатында кiшiпейiл, астамшылығы мен кеудемсоқтығы жоқ ұлы ғалым, ойшыл кемеңгер қайта-қайта оқушысынан ғафу өтiнiп, әдеп сақтап отыратын сияқты. «Жаһан наменiң» де соңғы беттерiн осы бiр жан жылытар қалпынан айнымай:
1328. Сузумда қосури болуб, билсалар,
Карам айлаб ислаһини қилсалар
Сөзiмде кемшiлiк барын кім бiлсе,
Кеңпейiлдiлiкпен түзетiп оны қойса.
1329. Салаһ ичра салих тутуб моттасел,
Наби руһи булғай улардин баһил.
(Алла) дайымы туралық ішінде тура (жолға) бастап,
Пайғамбар рухы болады одан (риза)
деп аяқтаған. Шын да шынайы достық, адал да пәк махаббат уағыздалатын поэмада автор жасаған образдардың бәрi де көңiлге қонымды шыққан.
Шаһсауар патша. Поэмада ол ақылды, сабырлы, үлкен парасат иесi ретiнде көрiнедi. Мемлекетiнде тыныштық сақталуы, әдiлдiк туы желбiреуiне күш салады. Халқына қиянат жасап, қасiретке душар етпейдi. Озбырлық емес, әдептiлiк жолын қалайды. Ақын әмiршiге ханзада сөзiмен:
255. Бе-ғайат латифу хош-айандадур,
Куңул ким гереһдур, гошанидадур.
(Ол) өте нәзiк, сүйкiмдi ғой,
Қашанда көңiл түйiнiн шешушi ғой
деген баға берiп бiр-ақ бәйтпен көп жәйттi аңғартады.
«Жаһан намедегi» Шаһсауар патшаның құдайдан бала тiлеп ел кезiп кететiн жерi Мырза Хайдардың өмiрiне ұқсас.Поэманың осы деталiн ол өз өмiрбаянынан алған. «Тарих-и Рашидиде» ұлы ғалым: «бұл жаманнемеге дейiн менiң ата-анамның төрт қызы бар екен. Олар содан әулие-әнбиелер мазаратына зиярат етiп ұлы Жаратушыдан ұл берудi сұрап жалбарынады. Ұзақ мiнәжат пен тiлекке толы жалбарыныштан соң өмiрге мына жаманнеме келiптi. Сол себептi де ата-анамның маған деген сүйiспеншiлiгi шексiз едi»/96, 194/,— дейдi.
Әйтсе де мұндай мотив орта ғасырлық түркі ақындары шығармаларын былай қойғанда, біздің эпостық жырларымызда да ұшырасады. Шаһсауар патша да сөйтiп жалғыз ұлын жанындай жақсы көредi. Өмiрдегi табысы, жемiсi, көрер көзi мен жан, дiлi Фируз болғандықтан перзентi үшiн ол отқа да, суға да түсуге әзiр. Киiк қуып Фируз шаһ ұштi-күйдi жоғалғанда Шаһсауар патша тiрлiгiн тастап ұлын iздейдi. Ханзададан айрылғанына мойынсұнбайды. Әйтсе де бiрте-бiрте қасiрет бұлты меңдеп, думанды күндерi қайғыға айналып үмiт оттары сөне бастайды. Ақын оны барлық жерде әдемi де келiстi сөйлетедi. Фируз шаһтан айрылғанда патша өзiн жемiссiз жапыраққа теңейдi.Ұлын аңсап жоқтау айтады. Сондай жоқтауға құрылған төмендегі поэма үзіндісінен Мырза Хайдардың түркі халқының бай ауыз әдебиетін де жақсы білгендігін байқауға болады.
842. Паланг аттиму туъма бииша ара,
Алиб кеттиму тағ ара аждаһа.
Барыс етті ме қорек жыңғыл арасында,
Алып кетті ма тау арасына аждаһа.
843. Суға тутиму, йутдиму йа наһанг,
Һава қилди симурғ алиб йа пачанг?
Суға батты ма, жұтты ма яки жайын
Әуеге әкетті самұрық яки бөлшектеп.
844. Йиқилдиму атдин йаман йер келиб,
Йайақ қалдиму атидин айрилиб?
Жығылды ма аттан жаман жер келіп,
Жаяу қалды ма атынан айрылып.
845. Сусаб сайаъи арзу қилдиму?
Панаһи тапиб анда йиқилдиму?
Шөліркеп саны арман етті ме,
Пана тауып онда жығылды ма.
846. Йиқилғанда йа ход атидин йаман,
Кетиб һошидин би-ход улған заман
Жығылғанда өзі атынан жаман,
Айрылып қалған кезде есінен танып.
847. Бурилар гозарига туш булдиму
Тани туъмаъи, руһи қуш болдиму.
Бөрілер жолына тап болды ма,
Тәні қорек, рухы құс болды ма
деп қиялы сан-саққа жүгіреді. Мұнда әкесінің ұлына деген сағынышы уайым, қайғысымен астастырыла өрнектелген. Ақын Шаһсауар жоқтауын перзентін іздеген мәнсіз байбалам емес, шындыққа суарылған жайттерге құрған. Жапан далада жалғыз қалғанның аң-құсқа жем болуы, яки аттан жығылып жаяу қалса шаршап шөліркеп, саяны армандауы да табиғи, шындыққа жарасымды. Сөйткен Шаһсауардың «қазан жаңбырындай ағызып жасын», «қайғыдан түндей болғанын» көрген Фируз шаһтың жарқын жүзді анасы Жаһанбану да «заманы мейірін тәрік еткен соң», «жылап жүзін аңсап ұлының қайғыланып», «күйіп қайғы отымен» әлсіреп ақырында дүние салғаны да нанымды шыққан. Соңыра бірақ ұлын көру арманына жеткен патша елiн, жерiн, халқын Фируз шаһқа тапсырып ханзадаға «мемлекеттi әдiлетпен гүлдендiр, пақыр, ғаріптерге қашанда қайырымдылық ет, халқың жақсы мiнезiңе риза боп көңiлi тола болсын, әрдайым халықты шат қыл, рақымды бол» деп бақиға аттанып кетедi.
Автор патша образы арқылы қолында билік күші бар әміршілерді:
1035. Улус йахши хулкиңдин улсун хошан,
Не ким фитнадин мулкиң улсун аман...
Ұлыс жақсы мінезіңнен болсын көңілді,
Барша күйзелістен мемлекетің болсын аман.
1037. Дел-азарлиғ пишеси шумдур,
Не булғай дел-азар мағлумдур.
Қатiгездiк кәсiбi — бақытсыздық қой,
Қатiгездiктiң немен бiтетiнi белгiлi ғой.
әдiлдiктi ту етуге, қайырымдылыққа шақырады.
Поэмада сөйтіп Шаһсауар патшаға біраз орын берілсе, ал Перизаттың әкесі Тәжібақыт пен анасы Маһи-Руй Зариф тек бір-екі жерде ғана көрінеді. Олар да бірақ екі жас бақытына бөгет болмайды. Батасын беріп Самин еліне шығарып салады. Фируз шаһ баласы Фаррух Сауарды алып келуге Назанинді жібергенде де Тәжібақыт кедергі жасамай, түсіністік танытып, ханзаданың еліне қайтуына рұқсат етеді. Дастанда солай Шаһсауар мен Жаһанбану секілді Тәжібақыт пен Маһи-Руй зариф те әділдік пен қайырымдылық символы боп шыққан.
Шығармада Сәлiм уәзiр де көрегендiгiмен көрiнедi. Ол Фируз шаһтың өзгере бастағанын сезімталдықпен тез байқайды. Дегенмен ханзаданың сыр ашпайтындығын білген соң оған ұлы Фируз Райды жібере отырып «оңаша кездесіп сұхбаттас, Мысыр, Шам, Ирақ, Герат, Қытай, Қотанның сұлулары жайлы әңгімеле. Қор, пері қыздары туралы қызықты хикаялар айт. Тиісті жері әсер еткенде ханзада амалсыз сырын айтар»,-дейді. Ақылды уәзірдің амал-айласы шынында да нәтижесін беріп ханзада ақырында түсінде пері қызына ғашық болғанын, бірақ өңінде оны таба алмай қайғы-мұңға бөлінгенін жайып салады.
Патша қайғыланып мемлекет ісі адыра қалғанда да Сәлім Шаһсауарға келелі кеңес береді. Басу айтып ол сабыр етуге шақырады. «Жетiм, жесiр, ғарiптерге қайыр садақа үлестiрiп, зындандағы күнаһар пенделердi азат ет, олар да тiлектес болсын, мүмкiн бiрiнiң дұғасы қабыл болып, ханзада аман келер» деген ұсыныс айтады. Шығармада тек Шаһсауар мен Фируз шаһ ғана емес, сондай-ақ олардың уәзiрлерi Сәлiм мен Фируз Рай да ақылына парасаты сай жандар ретiнде суреттеледi.
Фируз шаһ. Дастандағы бар оқиға негiзiнен Фируз шаһқа байланысты өрбидi. Ақын оның ерекше болатынын ерте-ақ аңғартып кетедi. Тiлi шыққанда ханзадаға өнер көршi боп, бақыт қонады. Жас кезiнде-ақ барлық ғылымды бiлiп ойлы жiгiт боп өседi. Түсiнде көрген Перизатқа ғашық болғанда ханзадаға оған жету үшiн ешқандай кедергi бөгет бола алмайды. Ғашықтық оты жанын жегiдей жесе де ол оны ешкiмге айтпай сыр сақтай да бiледi.
158. Бу би-һекмат ермас, муни ман неһан,
Тутай, та замани ке булғай айан.
Бұл жайдан-жай емес, мұны мен құпия
Ұстайын, уақтысы жетiп болғанша аян
деп өзiн-өзi сабырлылыққа шақырады. Опындыратын жеңiл ой жетегiнде кетпейдi. Бiрақ соңыра досы Фируз райға сенгендiктен ғана iштегi шерiн тарқатады. «Сырымды саған да айтпағаным сенi де мұң, қайғыға бөлемейiн деп едiм»,- дейдi ол.
Фируз шаһ өзi тақылеттес бек балалары iшiнен де аңға шыққанда ептiлiгi, шабандоздығымен дараланады.Сұлу қыздың қиын үш шартын шеше алмай талайлардың жiгерi құм боп қайтқанда да ол:
379. Бе-джа келтуруб булғаман кам-ран,
Весалиң гулистанида шадман!
Орындауға бел буғанмын – тiлекке жетуге,
Қауышуың гүлстанында шатпын
деп жiгерлiлiк танытады. Мақсатына жетпей қоймайтынын аңғартады.
Фируз шаһтың ойлылығы мен ақыл-парасаты осы үш шартты орындауда әсiресе айқын бiлiнедi . Автор тақ, бiлте шам, бойшаң бокалды бiрiн-бiрi қайталамайтын, әрқайсысы өз алдына тартымды әңгiме боларлық оқиғалармен сөйлетедi. Өз кезегiнде ол сұлу қыз мүсiнiн жасаған төрт дос, залым диюден әдемi қызды құтқарып қалған үш жолдас, қарақшылардың қолынан қазаға ұшыраған екi дос пен адал да аяулы ару трагедиясын баяндай отырып Перизатты қиын iстiң шешуiн айтуға мәжбүр етедi.
Фируз шаһтың бiлте шам мен бокалға еркелете, өзiмен тең көре, тiл қатуы олардың өз сырын айтуына себеп болады. Мысалы, тақты ол оған «ей, жолы болған бақытты тақ» деп әуелi мақтайды. Ол таққа да ұнайды. Риза болған тақ өз жайын айтуға кiрiседi де орайы келгенде Фируз шаһқа «әлем шаһы» деп ізет, ілтипат білдіреді. Үлкен бокалды сөйлету үшiн Фируз шаһ «ей, тынық су ыдысы сүйiктi» деп мақтап өтеді. Оған риза болған бокал да ханзадаға «патшалар патшасы, әлем панасы» дейдi. Фируз шаһ бiлте шамға: «ей, жарқын жанды бiлте шам» деп еркелете марапаттаса, ол да өз кезегiнде оған: «Патшалар патшасы, Бақытты Фируз» деп тiл қатады. Осылай бiрiне-бiрi сый-құрмет, iлтипат жасау—қиын iстiң оң шешiлуiне дәнекер болады. Ханзада кiшiпейiл, қыз жүрегiнiң қыбын таба бiлетiн сезiмтал азамат. Әрбiр әңгiмесiнен соң ол: «Ей, көңiл рақаты, менiң айтқан әңгiмем мүбарак жүрегiңе ұнады ма» деп ғашық жарына еркелете тiл қатады.Сонымен қатар, ол Назбой сұлу әрбiр оянған сайын шартты орындағанын Перизатқа мойындатып, шегелеп отыруы да оның тиянақтылығын, алдын-артын күн iлгерi болжай бiлетiн жан екендiгiн көрсетедi.
«Амалы таусылған» қыз ақырында:
786. Деди: «Сандадур иһтийар, ей малик,
Маңа қалмади һич ноу узгалик
Дедi: «Сенде ендi ерiк, ей патша,
Менде қалмады еш амал өзге
деп еркін Фируз шаһқа береді.
Автор Фируз шаһтың абзал да тектi жан екенiн ұзақ баяндап, дәлелдеп жатпай:
794. Деди: «Шаһри Самин маликзадаси,
Жаһан шаһлариниң азадаси.
Дедi: «Самин қаласының мәлiкзадасы,
Жаһан шаһтарының тазасы».
798. Не иш булса фаһму фарасат била,
Билур, қилур йуз латафат била
Не iс болса түсiнiк парасатпен
Бiлiп iстер сүйкiмдi жүзбен
деп дәл де тауып айтылған сөздерге сидырып жiберген. Өзi шонжар әулетiнен шыққанымен жастайынан мұң, зарды көбiрек көрiп өскен Мырза Хайдар өз шығармасында да қарапайым халық қамын түсiне бiлiп, оларға аяушылықпен қарайды. Фируз шаһ пен Перизаттың некесi қиылған соң олар Самин қаласына аттанарда қыздың ата-анасы, ел-жұрты жылап қоштасып қалады. Әйтсе де автор поэмада:
984. Заьифу қави алам ичра бали,
Ерур барчага һежр мушкул вали.
Әлсіз бен күшті жаһанда бар, дұрыс,
Олардың бәріне айрылу ауыр, бірақ.
985. Заьифу йелга дошвар ерур узгадин,
Заьиф йел дел-афгар ерур узгадин.
Әйел затына қиын болар өзгеден,
Әйел заты қасiреттi болар өзгеден
деп оларға жаны ашып, күйзеле сөйлейдi.
Әкесi қайтыс болып таққа отырған Фируз шаһ өзiн әдiл де таза ұстайды. Өзгенiң байлығы мен жерiне қызығып, ашкөздiк жасап соғыс ашып, шапқыншылық жасамайды. Қарапайым халыққа мейрiммен қарайды. Фируз шаһ патшалық еткен жүз елу жылды ел той, думанмен көңілді өткізген. Қолында билiк-күшi бар кез-келген патша, әмiршiнiң жұрт қамын ойлауы керектігін ақын қайрыла қайталап айтады. Егер «Алла тағаланың ризашылығын тiлеп, құдайдан үмiт етсең, халқыңа адал, елiңе берiк бол, сөйтсең ғана сенiң де тiлегiңдi Жаратушы жерде қалдырмайды»,- дейдi ол. Сөйтсе де Мырза Хайдар «бiрақ қанша дегенмен адам баласы бейқам ғой, көзiн тiгiп байлыққа азапта ғой. Байлықты мақсат еткен өзге нәрсенi ойламайды. Байлық, ашкөздiк жолының азапты, қасiреттi, таза еместiгi белгiлi болса да ол одан бас тартпайды. Егер ондай жолға түссе — онда Алла бермедi, жарлықамады деу не жорық» деп бақыттың байлықта емес екендігін айтады. «Адам қанша бейқам, ғафiл болса да Алладан қайырым көрiп ризығын алса, кем болмас ешқашан» деп келер күндерден жақсылық күтуге шақырады.
Мырза Хайдар әдiл әмiршi, әдiл патшаны идеал еттi. Қарапайым халыққа жақын болды. Олардың мұң-зарын түсiне бiлдi. Оның кейiпкерлерi де автордың өзi сияқты махаббатта да осындай моральдық биік принциптерден айныған жоқ. Фируз шаһ сүйген жары Перизатқа адалдық танытып өткен. Назбой қайтыс болып, соңыра жалғыз қалғанда да ол сүйген жарын ұмыта алмай дәруiштiк жолға түседi. Тағы мен тәжін тастап, өмiр қызығынан бас тартады. Назбойды iздеп дүние кезiп кетедi.
Поэманың «Кiрiспесi» мен «Эпилогында» ақын дастан оқиғасына өз басынан өткен жайттердiң негiз болғаны жайлы ескерткенін айтқанбыз. Ахмет Зәки Валиди ол туралы «бұлай деп ол әмiршiнiң мемлекеттi басқара алмай тақтан бас тартуға мәжбүр боп оны ұлына берiп, өзi дала кезiп кететiн әңгiменiң негiзгi тұсын айтқысы келгендiгi анық. Мұнан Мырза Хайдардың әмiршiсi Саид ханның да 1532-1533 жылдары Тибетке жорықты тiптi де өз еркiмен жасамағандығы байқалады. Саид хан патшалығының соңғы жылдары мемлекеттi басқаруды божыратып (ол көп iшкен) жiбердi. Осыған байланысты оның ұлы Әбдiрашид көбiрек сый-құрметке бөлене бастайды»/153, 988/,- дейдi.
«Тарих-и Рашидиде» шынында да осы жайттердi растайтын деректер жоқ емес. Мысалы «Ескендiр сұлтанның туылуы жайлы еске алу» (55 тарау), «Кешiрiмi шексiз ұлы Тәңiрiнiң арқасында ханның тәубеге келуiнiң басталуы» (70 т.), «Дәруiштiк үшiн ханның патшалықтан бас тартуы һәм оның өз шешiмiн қалай өзгерткенi» (71 т.) секiлдi тарауларында «ол күндерi жиi шарап iшкендiктен ханның денсаулығы бұзылды», «ақырында iс насырға шапқандығы сонша ол безгек ауруына ұшырады...ханның шарапқа құмарлығының артқаны сонша, егер түсiне салауаттылық кiрсе, оны ол қалайда iшу қажет деп жорыды... Немере ағам көптен (Қожа Ахмет) Йасауи қауымы жолына түсiп салауатты өмiр салтын ұстанатын. Ханның шарапқұмарлығына ол күйзеле, күйiнетiн. Хан (дәруiштiк) жолға түскiсi келетiндiгi жайлы ақылдасқанда ол әмiршiнiң ниетiн қызу қолдады...Хан тәубеге келген соң белгiлi де беделдi сопылардың кiтаптарын оқып, онда айтылған жайттерге ой жiбердi. Ол туындылар оған қатты әсер еттi. Осы сопылық жолға түспейiнше бақытты бола алмайтынын бiлген Саид хан бұл пәни тiршiлiгi мен мемлекет iсiнен баз кештi. Уақытының көпшiлiгiн оңаша өткiзiп, тек сопылықты ғана сөз еттi»/96, 423, 465-466/,- дейдi.
Ақырында хан iнiсi Имин Қожа сұлтанды таққа отырғызып, өзi дүние кезiп кетпек болады. Осы кезде Самарқаннан Қашғарға әйгiлi тақуа, ел iшiнде үлкен бедел иесi саналатын Қожа Мұхаммед Йусуф келедi. Саид хан оған жолығып, дәруiштiк жолға түсуге шешiм еткенi жайлы айтады. Әйтсе де Қожа Мұхаммед оған: «патшалық – ең ұлағатты құрал және (Аллаға) ең жақын жол. Бiрақ патшалар оны ләззаттық сезiмдi қанағаттандыру тәсiлi мен сайтандық iс құралына айналдырып жiбердi. Патша өзiнiң бiр ғана пәрмендi сөзiмен игiлiктi iске берiлер құрметке лайық болады. Ал дәруiш оған өзiнiң ұзақ ғұмырында да жете алмайды. Патша тағында отырып бұл мақсатқа тезiрек жетуге болады» /96, 469/ дегеннен кейiн Саид хан ел билiгiн қолына қайта алады. Таққа қайта отырады.
Саид хан өмiрiнiң осындай детальдерiн Мырза Хайдар поэмада орынды да ретiмен сәттi пайдаланған. Осылай ол шығарманың деректiлiгін арттыра түскен.
Перизат сұлу. Оны сомдауға ақын ерекше мән берген. Фируз шаһ сарайдағы көгiлдiр бiр кеште кенет ұйықтап кетiп түсiнде Перизатты ұшыратқанда автор:
149. Хосусан ултурубдур бир паризат,
Йузи ай, кузи чулпан, қадди шамшад.
Ерекшеленiп отыр бiр перизат,
Жүзi ай, көзi шолпан, бойы шамшат
деп ә дегеннен-ақ оны суреттеп кетедi.
Фируз шаһ Гүлстани Ирамды тауып қайта айналып келгенде де Мырза Хайдар бас кейiпкерiн Назбой сұлумен жолықтырудан бұрын:
325. Қадам қуйдийу чиқти дарвазаға,
Саадат ешик бу гулу тазаға.
Аяқ басты да кiрдi (ол) дарбазаға,
Бақытты есiк бұл – гүлi тазаға
деп Фируз шаһтың бұл жерден өзiне жар болуға лайық таза да пәк аруды ұшырататынына меңзейдi.
Сарай iшiнiң бәрi сұлулар болса да Фируз шаһ өз Перизатын бiрден таниды. Ақын оны тағы да «кiсi оған жүз рет жан берсе де аз, перi қыздарының бәрi жиылып гүлзар болса, Назбой ондағы гүл» деп суреттейдi. Шынында да Фируз шаһқа «перi қыздарының Перизаттың оның алдында гүл-гүл жайнап, оның сұлулығына таңырқай қараған бұлбұлы» сияқты көрiнедi. Ханзаданы Назбой да ұнатады. Өйткенi Фируз шаһ ғашығын көрiп есiнен танып қалғанда Перизат тақтан түсiп шаһзаданы құшағына алып, өз жарындай мәпелейді. Соңыра Фируз шаһтың қолынан ұстап екеуi жұптасып келiп қыз тағына отырады.
Перизат бiрақ шаһзаданы ұнатқанын өзгелерге сездiргiсi келмейдi. Өйткенi, оның шартты орындаған жігітке ғана келісім беретіндігі жайлы сертін сарайдағылардың бәрі де білетін. Сол себепті де Фируз шаһ өзiн шын сүйсе әуелi үш шартты толық орындап, өзгелерден ақылдылығы мен тапқырлығын танытуы керек. Содан кейiн ғана ол Фируз шаһқа жар болады. Ханзада жетi ықылым жұртты билеген атақты Шаһсауар падишаның ұлы болса, Перизат та өзiн:
364. Атамдур пари хайлиниң сарвари,
һава-хаһидурлар атамниң бари.
Әкем сансыз перiнiң көсемi,
Iзгi ниеттiлер ата(ларымның) бәрi.
365. Ерур шаһри Заррин аңа пай-(е)-тахт,
Узиниң мубарак ати Таджи Бахт.
Болады Заррин қаласы оның астанасы,
Өзiнiң мүбарак аты Тәжiбақыт.
366. Анамниң ати Маһи-Руй зариф,
Йуқ андағ жаһан ичре зати шариф.
Анамның аты Маһи-Руй сұлу,
Жоқ ондай әлемде тегi қасиеттi.
367. Атарлар мани Назбу(й) сарви-наз,
Сурар шаһлар алимда руйи нийаз...
Атайды менi Назбо(й) сұлу деп,
Әлем шаһтары iздер қажетiн бiзден...
369. Бу гулшанни дерлар Ирам гулшани.
Чекипдур муниң хош-һаваси мани.
Бұл гүлзарды дейдi Ирам бағы,
Тартып тұр мұның хош ауасы менi
деп таныстыра отырып, тегi жағынан өзiнiң де одан кем түспейтiнiн байқатады. Мұнда Перизатты іздеп келген перiнiң талай шаһ пен шаһзадалары шартты орындай алмай, амалсыз елiне қайтуға мәжбүр болғанын еске сала келе ол «егер шартты орындауға келiсiм берсең айтайын, орындай алсаң тәжiм, тағым, өзiм, үй-жайым, қанша дүние мүлкiм болса да сенiкi», – дейдi.
Фируз шаһ келiсiм берген соң қыз ұйқысына жатады. Бiрақ ол шын мәнiнде ояу екен. Ханзаданың әңгiмесiне қыздың ұйықтамай құлақ қоюда екенiн автор:
528. Хабардар ердийу, бидар еди,
Аниң имтихани била бар еди
Білетін едi (қыз), ояу едi,
Оны сынап жатыр едi
деп ескертіп өтеді.
Поэмада Перизат ақылдылық пен парасаттылық символы ретінде танылады. Өзіне жар етіп ол сырт сұлулыққа құмар арзан ойлыларды емес, керісінше шартты тапқырлықпен орындап ақылдылығын көрсете алар азаматтардан іздейді. Нәзік сезімді Назбой Фируз шаһты бір көргеннен-ақ оның өзі арман еткен азамат екенін байқайды. Сұлу қыздың ханзаданың өз сынынан сүрінбеуіне тілектес болуының сыры да осында сияқты.
Фируз шаһ әуелгі шартты орындағаннан-ақ Назбой сұлу сүйініспен «оянып», ризашылықпен бір шарттың орындалғанын мәлімдейді. Сөйтіп шарттар біткенше «оянған» сайын Фируз шаһты «патшалар патшасы – жеңiс ұраны», «патшалар патшасының көсемi», «Жаһан шаһтарының тазасы», «Пәк жүректi ием – басымның тәжi» деп мақтап өзi мақсатқа жетуге жiгерлендiре түседi. Дастанда Назбой солай ой һәм тән сұлулығымен ғана емес, жан сұлулығымен де, ақылына көркі сай ғана емес, жүрiс-тұрысы, сөз сөйлеуiмен де даралана көрінеді.
Фируз шаһ түсiнде қан жылаған әкесiн көргенiн айтып мұңға бөленгенде сұлу қыз:
973. Туман миң маниңдек заифу һазин,
Саңа садқа болсун, сен улма ғамин.
Түмен, мың мендей ару қасiреттi,
Саған садақа болсын, сен болма мұңды.
974. Не йерга қадам қуйсаң ул йерда ман,
Башимдур айағиңда һар қайда сен.
Қай жерге қадам бассаң ол жерде мен,
Басымды (иейiн) аяғыңа, қайда болсаң да сен
975. Фалак емди сандин йирақ етмасун,
Ферагиң баласини курсатмасун.
Тағдыр ендi сенен жырақ етпесiн,
Айрылысу бәлесiн көрсетпесiн
деп Фируз шаһқа адалдық танытады. Екеуiнiң тез Самин елiне аттанып, ата-анасын қуантуын ұсынады. Әйтсе де бiрақ өмiр жалған. Фируз шаһ пен Перизат 150 жыл отасқаннан кейiн тағдыр шаттық күндерiн өзгертiп, думанды гүлзарын түнек етедi. Ажал сәтiн жақындатады.
Фируз шаһ пен Назбой үйленiп Саминге аттанар кезде автор қыздың ата-анасы перзентiн қимай жылап қалды демей «айрылысу мұңының әнiн салды» деп әдемi образбен бейнелей де биязылай жеткiзедi. Ақынға сүйiктi кейiпкерi Назбойдың дүниеден өткенiн хабарлау да оңайға соқпайды. Бұл ретте ол Перизаттың қазасын «жаһан гүлстанын кеттi тастап» деп жүрегiне мұң байлай жеткізеді. Жарынан айрылып қасiрет шеккен Фируз шаһ халiн «күз жеттi қарағайлы гүлстанына» яки өмiр гүлiнiң сола бастағанын «(Опасыз) тағдыр түтiнi жапты жүзiн айдың», немесе «күз жаңбырындай төгiп жасын, бұлыттай еттi қара бойы-басын» деп білдіреді. Табиғат көріністері тек жақындап қалған қасіретті немесе қуанышты сәтті ғана емес, сондай-ақ көбінесе кейіпкерлердің тағдыр, толайы һәм көңіл-күйімен де байланыстырыла, ұштастырыла суреттеледі. Адам мен табиғат сөйтіп бір-бірімен байланыста көрінеді.
Шығарманың негізгі тақырыбы адал да таза махаббат. Онда сүйген жарға, махаббатқа деген адалдық ту боп желбірейді. Сол себепті де поэманы махаббатқа арналған әнұран десе де болады. Онда сондай-ақ өмірдің өткіншілігі, тағдырдың бейопалығы мен әділетсіздігі де мен-мұндалайды. Сондықтан да «Жаһан намені» көтерілген проблемаларға, айтылар мәселелерге қарап кейде «Тағдыр нама» деп те атауға болатын сияқты.
Шынында да шығарма ә дегеннен-ақ (1-14 б.) өмір, тағдыр жайлы философиялық толғаныспен басталады. Жаратушыдан ешнәрсенiң де жасырын бола алмайтыны, өмiрде не болса да оның рұқсатымен, құдіретiмен ғана болатыны, тағдырға не жазылса сол болмай қоймайтыны бірнеше рет қайталанады. Тағдыр әдiлетсiздiгiн көлденеңдете отырып ол поэма оқиғасының да осы мәселелер төңірегiне құрылатынын 24-30 бәйіттерде-ақ аңғартып кеткен.
Қарымды қаламгер өз өмiрiнде қасiрет пен қайғы, азап пен мұңды көрудей-ақ көрген. Сол себептi де ол «Тарих-и Рашиди» немесе «Жаһан намесi» болсын өмiрден, қоғамнан әдiлдiк, тазалық, қайырымдылық iздеп, соны ту етуге тырысты. Өзiнiң мөлдiр де адал сезiмiмен ол айналасына нұрлы шапақ шашқысы келдi. Ақындық мәдениеті жоғары қаламгер поэмада нені сөз етсе де, нендей жайтті суреттесе де оған азаматтық көзбен қарап, шындық тұрғысынан келуге тырысты.
Ақын шығармашылығына сөз жоқ классикалық парсы және Орта Азиялық түркi тiлдi әдебиеттiң де зор ықпалы болды. «Тарих-и Рашидидi» оқи отырып ұлы ғалымның Әбу-л-Қасым Фирдауси, Сағди, Қожа Хафиз Ширази, Абд ар-Рахман Жами секiлдi классиктер мен парсы, түркi тiлдерiнде бiрдей жазған Лүтфи, Әлiшер Науаи, Бабыр, Хасан Әли Жалайыри iспеттi сөз зергерлерiнiң шығармаларын да жақсы бiлегендiгiн байқайсыз. Әсiресе жүз жасаған Лүтфидiң дастандары мен ғазалдары Мырза Хайдар шығармашылығына көп әсер еткен. Мысалы Лүтфидiң «Гүл мен Наурыз» поэмасы мен «Жаһан наменiң» бас жағы ұқсас. Лүтфи поэмасында Наурыз шарап кесесін ала сала одан өзінің сұлу екенін көріп қайран қалады. Қараған сайын ынтыға түседі. Сауық кешін доғарып төсекке жатқанда да қолына айна алып, өз жүзіне өзі қарай береді. Сөйтіп ол өзіне-өзі ғашық болады. Бұл деталь бірақ «Жаһан намеде» жоқ.
«Гүл мен Наурызда» ханзаданың елі – Наушад. Әкесінің аты Фаррух болса, «Жаһан намеде» Фаррух – Фируз шаһтың баласының аты. Лүтфи дастанында Гүлдің елі Фархар деп аталса, Мырза Хайдар поэмасында ол Гүлстани Ирам.
«Гүл мен Наурыз» 1411 жылы Гератта жазылған, яғни ол Мырза Хайдар дүниеге келгенге дейiн-ақ Орта Азияда кеңiнен белгiлi болатын. Поэма парсы тiлiнде емес, керiсiнше түркi тiлiнде жазылғандықтан һәм онда араб, парсы тiлдерiне қарағанда түркi тiлiнiң элементтерi басым болғандықтан шығармамен күллi жамағат жақсы таныс едi. Өйткенi: «әсемөнер жанкүйерлерi арасында сол жылдардың өзiнде-ақ Лүтфидiң жырлары кеңiнен белгiлi болатын. Науаидың айтуынша, Лүтфидiң ғазалдары түркi тiлдi Ирак пен Хорасан жұртына кең тараған. Әлiшер Науаидың қамқоршысы һәм iзбасары – сол кездегi аса бiлiмпаз кiсiлердiң бiрi – Саййид Хасан Ардашир ұйымдастырған Гераттың әдеби отырыстарында Лүтфи өлеңдерi үлкен сүйiспеншiлiкпен оқылған»/120, 4-5/. Сол себептi де осындай ұлы суреткердi Мырза Хайдардың үлгі тұтып, оған елiктегендiгiн жоққа шығаруға болмас. Бiрақ ол Лүтфи ықпалынан шыға алмай, шайыр көлеңкесiнде қалып қойған жоқ. Өзiнше жол iздеп, өз поэмасында өзгеше шешiм жасады.
«Гүл мен Наурыз» 595 бәйіттен ғана тұратын шағын дүние. Ал «Жаһан наме» тереңнен қозғап, алыстан шалатын, кең планды күрделі шығарма. Оны жазбас бұрын ол әрине аз ойланған жоқ. Дастанға ежелгi үндi ертегiсiн негiз ете отырып оған қандай жанама оқиғалар қосуы керек? Шығарманың айтар ойының түпқазығы неде деген мәселелерге жауап iздеп шарқ ұрды. Ақырында поэмаға өзi куәсi болған, немесе естiген әңгiмелерiн де тарихи дерек ретiнде кiргiзуге ұйғарды. Мысалы, «үшiншi шарттағы» бiлте шам әңгiмесiнен кейiн Фируз шаһ баяндаған «екi дос жайлы хикаяға» автордың өз әкесi мен Ташкенттің билеушісі Махмұт хан арасындағы достық негiз болған сияқты. Ол жайлы автор «әкем Мұхаммед Хүсейiн мен ханның достығының берiктiгi сонша, олар дайымы бiр үйде, бiр бөлмеде тұрды – хан үйiнiң оң жақ бөлiгi әкеме берiлген-дi. Үй шаруасында да әкем ханға таптырмас серiк болды. Ханға не әкелсе, соның бәрiн әкеме де әкелетiн. Егер хан атпен жолға шықса, онда бiреуi ханға, екiншiсiн әкеме деп екi ат әкелетiн. Егер хан жаңа көйлек кисе, дәл сондай көйлектi әкеме де әкелетiн. Сөйтiп хан Қаракөз бегiмге үйленгенге дейiн қайсы бiр iс болмасын екеуiнiң арасы ажыраған емес... Әкеме хан өзiнiң үйленуiне байланысты гаремге кетуiне тура келетiнiн, ал әкемнiң құжырада жалғыз қалып қоятынын, мұның өзi достыққа жатпайтынын айтып ғафу өтiнетiн»/6, 145/ деп жазады.
Фируз шаһ әңгiмесiнде екi дос қарақшыларға тап болып, солардың қолынан қаза тапса, Махмұт хан мен Мұхаммед Хұсейiн де Шахибек хан жендеттерiнiң қолынан жазықсыз мерт болады. Ақын дастан оқиғасына сөйтiп тек Саид хан ғана емес, сондай-ақ өз жанұясына қатысты осындай деректердi де пайдаланған.
Сондай-ақ Шаһсауар патшаның көз жұмар шағында:
Муна шаһру, мулку, вилайат саниң,
Бари турку, тажик раайат саниң
Мына қала, (дүние)-мүлік, уалайат сенікі,
Түркі, тәжік, құрмет – бәрі сенікі
деп елі мен жұртын ұлына аманат ететін бәйітті де поэмаға әдейі кіргізген сияқты. Ол арқылы Мырза Хайдар Шаһсауар мен Фируз шаһ мемлекеті халқы үнділер емес, түркілер мен тәжіктер екенін білдіргісі келген. Ол үшін ақын түркілердің құда түсу, той қылу, қыз ұзату, шашу шашу, қалыңдыққа жасау беру немесе бақилық болған марқұмды аза тұтып, жоқтау айту, оған Құран түсіріп, ас беру секілді тағы да басқа әдет-ғұрыптарын кіргізген.
Дастан тілі де көркем әрі бай. Поэмада әсіресе образды сөздер мен нәрлі, кестелі де келісімді суреттерге біршама орын берілген. Автор Фируз шаһ образын күшейту үшін «патшалар патшасының көсемі», «жаһан шаһтарының тазасы», «әлем патшасы», «жеңіс ұраны», «әлем сұлуларының шаһы» секілді түрлі теңеулер мен эпитеттерді пайдаланған.сондай-ақ Фируз шаһтың бек балаларымен жарыса аңға аттанған кездегі «шабындық пен қызғалдақты алқаптың ұялып, аяқ астында қоқым боп қалу» суреті ханзада образына жарасып-ақ тұр.
Фируз шаһ та Наурыз секілді сұлу жігіт. Оны бірақ ақын Лүтфи секілді айнаға қаратып, өзіне-өзін сұқтандырмайды. «Ей, әлем патшасы, жаман көзден көркің болсын құпия» деп ойлы оқушыға Фируз Райдың бір-ақ сөзімен білдіреді.
Фируз рай да ханзадаға тағы бірде «неге қайғылысың» демей, керісінше, «көркіңнің гүлі сарғайып барады» деген эпитетпен тіл қатады. Мырза Хайдар Фируз шаһты да кейде ақындарша сөйлетеді. Перизатқа ғашық болып, оны таба алмай торыққанда ол:
Таһаммол қилай пишеву сабр етай,
Куңул уйини ғосседин барк етай.
Төзімді қылайын кәсіп, сабыр етейін,
Көңіл үйін қайғыдан бекітейін
деп образбен сөйлеп кетеді.
Мырза Хайдар сұңғақ бойлы жігітті тік өскен балқарағайға, ал қынама да қыпша бел сұлуларды жас талға, немесе шамшатқа (пальмаға), тісін дүрге, ернін лағылға, шашын сүмбүлге, жүзін яки гүлге, яки гүл қырманына, көзін нәркеске теңейді. Поэмада кейде шарап құюшы сақилардың мүсіні де гүлге теңелетін бәйіттер ұшырасады.
Фируз шаһ пен Назбой үйленіп Саминге аттанар кезде де ақын қыз ата-анасын перзентін қимай жылап қалды демей «айрылысу мұңының әнін салды» деп бейнелей де биязылай жеткізеді. Ақын образдары жеңіл де жинақы, суреттері айқын, көркем де мағыналы боп келеді. Мырза Хайдар сондай-ақ нені айтса да, нендей оқиғаны сөз етсе де әділдік пен даналықты ұсынады. Нендей қиын мәселе болсын, оны шешуде әуелі ақыл, ойға жүгінеді. Асығыс шешімге бармайды. Сол себепті де дастанда ғибрат пен ақыл-ой һәм философия басым.
Поэманың тiлi. Орта ғасырларда Мауараннаһрлық ақындардың бiрқатары өз шығармаларын түркi тiлiнде де жазған. Оны кейiнiрек түркiтанушылардың кейбiрi «шағатай» тiлi десе, ендi бiрi «ескi өзбек тiлi» деп атады. Дей тұрғанмен Лүтфи, Атаи, Саккаки, Науаи, Бабыр секiлдi майталмандардың қайсысының шығармасы болмасын, бәрiнде де осы күнгi қазақ, қырғыз, өзбек, түрiк, ұйғыр секiлдi түркi жамағаты тiлдерiнiң элементтерi молынан ұшырасады. Бабыр өзiнiң атақты «Бабыр намесiнде» Әндiжан аймағы халқының түрiктер (түркiлер) екенi, қала мен оның базарында түрiк тiлiн бiлмейтiн кiсi жоқтығы, тiптi Мiр Әлiшер Науаидiң де осы тiлде жазғанын айтқан. Осы мәселелердi арнайы зерделеген түркiтанушы В.Д. Артамошина: «Орта Азиялық классикалық түркi тiлi ХУ ғасырда бiр жағынан Мауараннаһр, Хорасан мен Шығыс Түркiстан жамағатының елеулi иранизм қоспасынан басқа шығыс және батыс түркi элементтерiнiң қосындысы боп табылатын түркi ауызекi тiлiне негiзделсе, екiншi жағынан Қарахан мемлекетi ұйғыр классикалық тiлi әдеби дәстүрiнiң дәнекерлiгiне де байланысты едi. Бұл ретте сондай-ақ ХІІІ-ХIV ғасырлардағы Алтын Орда мен Кiшi Азия әдебиетiнiң де әсерiн ескеруге тура келедi»/8, 11/ деген байламға келген.
Оны бiз де жөн көремiз. Себебі дастаннан Жүсiп Баласағұнидiң «Құтадғу бiлiгiнде» ұшырасатын «изим» (егем, тәңiрiм), «рози» (ризық), «қамуғ» (бүтiн, барша), «кони» (дұрыс, тура), «арзу» (меркурий жұлдызы), «тапуғ» (қызмет), «гандж» (байлық), «тузум» (пәк жүректi кiсi), «ойла», «уйла» (сондай, ондай), «асру» (өте, көп), «ерди» (едi), «йаңлиғ», «каби» (секiлдi) /61, 1359-1367/ iспеттi, қазiр бiрақ кейбірі архаизмге айналған сөздердi былай қойғанда Лүтфи мен Атаи, Саккаки мен Бабырдың көркем дүниелерiнiң тiлiмен де көптеген ұқсастықтар табуға болады.
Поэмада сондай-ақ кейбір аз-кем дыбыстық өзгешеліктері болмаса, осы күнгi қазақ тiлiнде де қолданылып жүрген «көңiл, аяқ, айланып, ашна, бадан, бақыл, бәле, беймалал, бейрақым, бейхабар, дәм, дарбаза, дейiн, емес, ендi, жапа, қоржын, лағыл, мiнәжат, нақыш, рабат, сарылып, сыр, сипат, сүмбiл, тәрбие, ұлық, ұлыс, ұрық, халат, қашыр, шолпан, шат, шадыман, шаһр, күйіп-өртеніп, риза, халайық, қалды, кіріп, көрді, өзі ашылды, жүрек жарасы, сөз» секiлдi тағы да басқа сөздердi кездестiруге болады.
Түркi тiлiнде жазу дәстүрi жалпы Х11 ғасырда Қожа Ахмет Йасауи, Махмұт Қашғари, Жүсiп Баласағұни кезiнен басталғанымен Х1У-ХУ ғасырларда ол әлi де аяғынан тiк тұра қойған жоқ-ты. Лүтфи, Атаи, Саккаки секiлдi Бабыр мен Мырза Хайдар шығармаларының тiлiнде де араб, парсы тiлдерiнiң элементтерi жиi ұшырасады. Ол жайлы В.Д. Артамошина да:»бұл заңды да. Өйткенi бiз арабизм мен фарсизмдi шамадан тыс қолдану мен астарлылық өнер мен кемелдiлiк шыңы деп есептелген кезеңдегi әдеби тiлмен ұшырасып отырмыз» /8, 17/,—дейдi.
Шынында да дастанда «йураки су», «жанни су», «бағри қан», «бағри су», «қандур жегар» (яғни қайғылы, қасіретті деген мағынада), «башига тутун урлаб аччигланиб, ғазаб бирла жанига утлар йаниб» (ашыну, күйіну, долдану), «жаһандин кечмак» (өмірден өту), «илик тишламак» (таңдану, таңқалу), «жан ағзига» (қайғылану, дертті болу), «урди илик» (қол салды), «узидин кетиб» (есінен адасу, есінен айрылу) іспетті ежелгі түркі һәм «дуди матам» (қайғы оты), «жами весал» (кесе түйістіру, яғни бас қосу, үйлену), «бағри берйан», «жани асир», «йуз малал», «хуну жегар» (қасіретті, қайғылы), «жегар параси», «жегар гушеси» (бауыр еті - перзенті), «бар йамак» (рақатқа бөлену) секілді парсы, немесе «нуш айламак» (нәр тату), «қизитти дамаг» (көңіл көтерді), «барбад айлади» (жоқ қылды, жұлды, жойды) сияқты түркі-араб, парсы тілінде аралас келген фразеологиялық тіркестер де ұшырасады.
Поэмада «матам уйи» (аза, қайғы үйі), «байту-лахзан» (қасірет үйі), «етіп бұрышын отан мұң үйінің» сияқты сопылық поэзияға тән фразеологизмдер де кездеседі.
Мырза Хайдар Қашғарияға Орта Азиядан бозбала кезiнде келiп, онда бар болғаны 18 жыл ғана тұрғанымен осы өлке жұртының тiлдiк әсерiне ұшырамай қойған жоқ. Мысалы ол поэмада «бурнарақ»- бұрынырақ, «кузи бирла» көзiмiз бiрге сияқты тағы да «ешит»-есiт, «нигу», «нагу»- неге, «нечук»-қалай, «таңла»-таңда, «келибан» - келiп, келдi, «алибан»- алып, алды, «кишким»- ешкiм, «тақи»- тағы, «туққан» -туыс, туғандар, «үзә»- үстiнде, «ул дам»- сол сәт, сол кез, «йалғузун» - жалғыз, басқа iспеттi бiрқатар сөздердi аталмыш жамағат тiлiнiң ерекшелiктерiн сақтап пайдаланған.
Қалай дегенмен де автор поэмаға түркі тілі элементтерін көбірек кіргізуге тырысқан. Оны төменде топтап көрсетілген дастан ұйқастарынан-ақ байқауға болады.
