Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
3-tom__1178_aza_1179__1241_debietini_1187_tarik...doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать

Алтын орда дәуіріндегі әдебиет

АЛТЫН ОРДА ӘДЕБИЕТI

Дешті Қыпшақта негізі қаланған Түркі мемлекеті – Алтын Ордада XIII-XV ғасырларда ғылым, мәдениет және әдебиет едәуір дамып, бүкіл әлемге таныла бастаған еді. Әсіресе, XIV ғасырдың бірінші жартысында Алтын Орда мемлекетінің Еділ бойындағы астанасы Сарай (Берке-Сарай) қаласы дүниежізне мәшһүр мәдени орталықтардың біріне айналды. Мұнда қысқа мерзім ішінде әлемнің әр түкпірінен атақты ғалымдар, ақындар, өнер қайраткерлері, сәулетшілер, т. б. жиналды деуге болады.

Берке, Өзбек және Жәнібек хандардың тұсында Алтын Орда астанасы Сарай шаһарында ислам әлемінің ең атақты ғалымдары (Құтб ад-Дин ар-Рази, Сад ад-Дин ат-Тафтазани, Хафиз ад-Дин ал-Баззави, т. б.) мен ақын-жазушылары өмір сүріп, еңбек етті. Бұл кезде олар Дешті Қыпшақты Батыс пен Шығысқа танытқан өздерінің ғылыми, әдеби туындыларын қыпшақ тілінде жазды.

Рас, Алтын Орда халқы өздерінің этникалық құрамы жағынан әр түрлі еді. Соған қарамай, Алтын Орданың мемлекеттік тілі – қыпшақ тілі болды. Әйтсе де «қыпшақ тілі» дегенде мынадай бір жайтты мықтап ескерген жөн сияқты. Ұлан-ғайыр өлкелерді өз ішіне қамтып, әрі іштей ұсақ-түйек ұлыстарға, тайпаларға, рулық құрылымдарға бөлініп жатқан Алтын Орда сияқты үлкен мемлекетте қыпшақ тілінің түрлі диалектілері бар еді. Алайда мұндай диалектілердің бір-бірінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ болатын. Дәлірек айтсақ, біріншіден, «XIII ғасырда қалыптасып, мәмлүктік Египетте мейілінше дами түскен көне түрікмен әдеби тілі; екіншіден, оғыз-қыпшақ әдеби тілі; үшіншіден, Сырдарияның төменгі ағысында қалыптасып, кейінірек мәмлүктер билігіндегі Египетте дами түскен қыпшақ-оғыз әдеби тілі; төртіншіден, Еділдің төменгі ағысы мен Солтүстік Хорезмде өмірге келген оғыз-түрікмен әдеби тілі; бесіншіден, Орта Азияда кең өріс алған көне өзбек тілі» болғанын ескергеніміз жөн1.

Дешті Қыпшақта, мәмлүктер билігіндегі Египет пен Сирияда XII – XV ғасырларда жазылған әдеби, діни, ғылыми туындылар қыпшақ тілінің осы аталған диалектілерінің бірінде өмірге келген. Мұндай шығармалар түркі тілдес ру-тайпалардың бәріне де түсінікті болды.

Сонымен, Алтын Орда дәуірі әдебиетінің объектісі осы мемлекет жерінде жазылған көркем туындылармен ғана шектеліп қалмайды. Сондай-ақ бұған XIII – XV ғасырларда Ақ Ордада, Орта Азияда, мәмлүктік Египетте қыпшақ тілінде жазылған көркем шығармалар да енеді. Бұл туралы түркология ғылымында күні бүгінге дейін түрлі пікірлер айтылып келеді.

Мәселен, немістің көрнекті түріктанушы ғалымы А. М. Фон Габен өз зерттеулерінде Алтын Орда дәуірі әдебиетін екі топқа бөліп қарастырады. Біріншісі – Алтын Орда және Хорезм әдебиеті, ал екіншісі – мәмлүк-қыпшақ (Египет) әдебиеті2.

Алтын Орда дәуіріндегі әдебиеттің дамуына Дешті Қыпшақ пен Мысыр (Египет) арасындағы түрлі саладағы: саяси, әскери, мәдени, әдеби, тіпті ел билеушілер арасындағы туыстық байланыстар да зор ықпал етті. Мәселен, мәмлүк Египетінің астанасы Каир қаласында Шәхаб ад-Дин Сараи, Махмұд ибн Фаттаһ ас-Сараи, Абдуллах әбу-т-Тина ас-Сараи сияқты Алтын Орда астанасы Сарай қаласынан шыққан (сол себепті тахаллустары, яғни лақап аттары «Сарай» болып келеді) ақындар, тарихшылар, философтар, дін қайраткерлері, т. б. еңбек етті.

Сондай-ақ араптың Махмұд ибн Ахмед ибн Мұса, Мұхтар ибн Махмұд әз-Зәкиди, Аргун-наиб, Халиль ибн Никлади аль-Алаи, т.б. көптеген ғалымдары Алтын Ордаға барып, Сарай қаласында еңбек етті, өздерінің әлемді таңдандырған ғылыми трактаттарын жазды.

Кезінде Египетке кеткен қыпшақтар – мәмлүктер өздерінің ежелгі отаны Дешті Қыпшақпен туыстық байланыстарын үзбей тұрды деуге болады. Мысыр әмірлері де Алтын Ордамен қарым-қатынас жасап, тіпті құда-жекжат болып жүрді. Мәселен, өзі Еділ бойында туылып, кейінірек Мысыр елінің әмірі болған сұлтан әл-Мәлік әз-Захар Бейбарыс (1217-1277) Алтын Орда ханы Беркенің қызына үйленеді. Мұның өзі Алтын Орда мен Египет арасындағы түрлі байланыстарды жақсарта түсуге кезінде зор ықпал етті3.

Араб тарихшысы ибн-Тагри-барди өзінің «Мысыр елі мен Каир үстінде жарқыраған жұлдыздар» атты кітабында: «Египетті мәмлүктер билеп тұрған кезде біздің елде қыпшақ тілі басым болды. Ел билеген әмірлер, әскери адамдар, елшілер, жергілікті әкімдер, өнер және әдебиет қайраткерлері негізінен қыпшақ тілінде сөйледі. Мәмлүктерге жағыну үшін тіпті қарапайым арабтар да қыпшақ тілінде сөйлейтін еді. Ал, Египет пен Сирияны билеген кейбір мәмлүк сұлтандары араб тілін білмейтін. Мәселен, Сұлтан Бейбарыс, атақты Хаджіб Алмас айналасындағы арабтармен тәржімән-тілмәш арқылы сөйлесетін», - деп жазады.(256, 141)

Белгілі араб ғалымы әл-Макризи өзінің «Мемлекетті басқару ілімі жайында жол көрсететін кітап» деп аталатын еңбегінде мынадай пікір айтады: «Рас, кейбір мәмлүк әмірлері араб тілін жақсы білетін. Мәселен, Мысырдағы ең жоғарғы дәрежелі әмірлердің бірі Бештақ әл-Қыпшақи араб тіліне жетік еді. Әйтсе де ол арабтармен тек аудармашы арқылы сөйлесіп,

ресми құжаттарды алдымен өзінің түркі тілінде жазып алатын да, содан кейін ғана оны тәржіманға айтып, арабшаға аудартып отыратын» (257, 54).

Бір қызығы – Египеттегі мәмлүктер арасында, әсіресе, әкімдер, әскери адамдар, дін қайраткерлері қатарында ақындар көп болған. Олар өз өлеңдерін қыпшақ тілінде жазып, ресми мәжілістерде халық көп жиналған той-думандарда, тіпті базарларда оқуды дәстүрге айналдырған. Бұл туралы ибн-Тагри-барди: «Мәмлүктер арасында дарынды ақындар жиі ұшырайды. Олар өз өлеңдерін зор шыбатпен жазып, оны жағымды дауыспен оқи да біледі. Алайда олар көбінесе поэзия қағидаларымен санаса бермейді. Түркілердің ішінде ең дарынды ақындар: Ат-Танбага әл-Жавали мен Әмір-ақын Ала ал-Дин ибн Абдаллах дер едім. Шам шаһарының әкімі Ала ал-Дин ибн Абдаллахтың «Айадур әл-мехъяви» атты өлеңдер жинағына тамсанбаған зиялы жан жоқ. Шайыр өз қаһарманының сыртқы келбетін келістіре жырлайды:

Көзі менен кірпігіне түркілердің қарашы:

Таңдандырған, тамсандырған сиқыршыға санашы.

Түркілердің бар сиқыры – көзінде емес сөзінде,

Намаз оқып тұрғандай ғой жыр жазатын кезінде», –

деп жазады (256,39).

«Египетке мәмлүктер келген соң әдебиетте адамның сыртқы пішінін бейнелеп көрсетуге, әрі адам денесінің сұлулығын мадақтауға ерекше назар аударыла бастады. Мәмлүктердің әдемілігін бейнелеп көрсетуге арналған теңеулер, фразеологиялық сөз тіркестері, қанатты сөздер тіпті қазіргі араб лексикасында да өз ізін қалдырған деуге болады. Ер адамдардың сұлу келбетіне тамсанған араб әйелдерінің «Құдды мәмлүк сияқты», «Құйып қойған мәмлүк», «Мәмлүктен айнымаған» деген сияқты сөздерін бүгінгі күні де Каир көшелерінен жиі-жиі естуге болады» (93, 32).

Қорыта айтқанда, Алтын Орда дәуiрiнiң мұралары онша көп сақталмаған. Бұл кездегi әдебиет өкiлдерiнен бiз Сайф Сараи, Хорезми, Құтб, Дүрбек, Лутфий, Сайдахмат, Әли Атаи, Рабғузи, т. б. шығармаларын бiлемiз. Кейбiр ақын-жазушылардың лақап есiмдерi ғана мәлiм.

Бұл кезде өмiрге келген көркем туындылардан ақын Хорезмидiң “Мұхаббат-наме” поэмасы, Сайф Сараидiң “Түркi тiлiндегi Гүлстан” дастаны, Құтбтың “Хұсрау уа Шырыны” мен Дүрбектiң “Жүсiп — Зылиқа” дастандары, Рабғузидiң “Қисса-сул әнбиясы” ерек­ше мәшһүр болды.

Дүрбек дiни аңыздар сюжетiне құрылған “Жүсiп — Зылиқа” қиссасын өз бетiнше қайта өңдеп, оны осы реалдық өмiрдiң қызығы мен қиындығын шыншылдықпен жырлаған дастан етiп жаңадан жазып шықты.

Сондай-ақ дiни-мистикалық бағыттағы әдеби шығар­малар да аз емес едi. Мiне, сондай дiни-мистикалық шығар­малардың бi­рi – На­сыр-ад-дин Рабғузидiң прозалық туын­дысы – “Қисса-сул әнбия” немесе “Қисса и Рабғузи” деп аталады.

Қисса-сул әнбия” – сюжеттiк жағынан алып қара­ғанда, негiзiнен әулие-әмбиелар, өздерiн құдайдың жердегi өкiлдерi санайтын пайғамбарлар жайында қисса-хикаялар, аңыз-ертегiлер жинағы болып келедi.

“Қисса-сул әнбия” 1914 жылы Қазан, ал одан кейiнiрек Ташкент қалаларында бiрнеше рет жеке кiтап болып басылып шықты. Ел арасында бұл кiтаптың қолдан көшi­рiлген нұсқалары кезiнде кең тараған.

Әйтсе де “Рабғузи қиссасы” түгелдей бастан-аяқ дiни уағыз емес. Мұнда ежелгi дәуiрдегi түркi тектес ру-тайпалар арасында көп тараған қиял-ғажайып ертегiлер, аңыздар, қиссалар, өлең-жырлар, мақал-мәтелдер берiлген. Мәселен, осы кiтаптың Қазан қаласынан шыққан басылымында 79 ертегi-аңыз, қисса-хикаят, т. б. бар.

Ерте дәуiр әдебиетiн ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Б. Кенжебаев солардың бәрiн тақырып-мазмұнына, идея-мәнiне қарай мынадай үш топқа жiктейдi:

1. Жер, көк, адамзат, хайуанат, жын-шайтан, перiште, адам ата, от, топырақ жайлы түсiнiк, әңгiме.

2. Әулие-әмбиелер, пайғамбарлар, солардың өмiрбаян­дары, iс-әрекеттерi туралы қиссалар, ертектер, аңыздар.

3. Шежiре – мұсылман жыл есебiнiң, хижраның алғашқы он жыл iшiнде болған тарихи оқиғалар, календарь – жыл, ай, күн аттары, назым өлеңдер.

Бұл шығармада Сүлеймен, Дәуiт, Мұса, тағы басқалар оқырманға тек әулие-пайғамбар ретiнде ғана емес, ел билеген әдiл патша болып та көрiнедi. Мәселен, Дәуiт патша күндiз мемлекет басқару iстерiмен айналысып, ал түнде дәруiш киiмiн киiп алып, ел аралайды екен. Ол халықтан патшаларың әдiл ме, ел билеген әкiмдер зорлық-зомбылық көрсеткен жоқ па деп сұрайды екен. Ел-жұртқа тiзесiн батырған әкiмдердi ұдайы жазалап отырады екен дейдi. Бiр күнi Дәуiт өзi туралы:

– Патшаларың қалай? – деп сұрап­ты. Сонда бiр кiсi:

– Патшамыз Дәуiт жақсы, бiрақ жұрттың ақысын жейдi, – деп жауап бередi. Сол күннен бастап Дәуiт патшалықты тастап, темiр соғушы ұста болып кетедi.

Дәуiт патша туралы тағы бiр мынадай хикая бар. Дәуiт өз елiндегi бiр кiсiнiң әйелiне ғашық болып қалыпты. Сол әйелге үйлену үшiн дереу күйеуiн соғысқа жiбередi. Сол күнi патшаға арыз айтып, ағалы-iнiлi екi адам келедi. Iнiсi айтады: – Ағамның тоқсан тоғыз қойы бар. Сөйте тұрып, ол менiң жалғыз қойымды тартып алды, – дейдi. Сонда Дәуiт патша қаһарына мiнiп: – Бұл не деген әдiлетсiздiк! – деп айғай салады. Бұған әлгi адамның ағасы аспай-саспай жауап бередi: – Несi бар, әмiршiм, сiздiң тоқсан тоғыз әйелiңiз бар екенiн бүкiл ел бiледi. Сөйте тұрып бiреудiң жалғыз қатынын тартып алдыңыз. Мұныңызды қалай түсiнуге болады? – деп жауап берiптi.

“Қисса-сул әнбияның” кейбiр қисса-әңгiмелерiнде халық ауыз әдебиетiнiң сарыны, сюжетi, көркемдiк тәсiлдерi басым болып келедi.

Мұса пайғамбар жайындағы қиссалар қазақтың қиял-ғажайып ертегi-аңыздарын еске салады. Мұсаның “киелi” асатаяғы бар екен. Оны жерге шаншып қалса, ғайыптан жайқалған бау-бақша пайда болады немесе әскер өте алмай тұрған асау дарияға өзiнен-өзi көпiр салынып қалады яки қуып келе жатқан жауға қарсы тұратын аждаһар жылан шыға келедi.

“Қисса-сул әнбияда” Ануқ деген алып адамның бейнесiн былайша суреттеп көрсетедi: Ануқтың екi аяғының арасы бiр күншiлiк жол екен. Дариялардан таудай балықтарды қолымен ұстап алып, аспанға созып жiберiп, әлгi балықты күнге күйдiрiп жеп отырады-мыс. Әлемдi топан суы басқанда су оның тiзесiне де жетпептi. Өзенге су iшуге барғанда бiр аяғы арғы жағалауда, бiр аяғы бергi жағалауда тұрады екен. Ануқ өзен үстiнде осылайша тұрып өлiптi. Сонда оның бiр жiлiгi өзен үстiнде көпiр болып қалған екен.

Ал осы хикаяда байғыз құс туралы мынадай әңгiме бар. Бiреу байғыз құстан сұрапты:

– Неге сен ұдайы адамы жоқ ескi жұртты, қираған қорғандарды мекен етесiң? – дептi.

Сонда байғыз құс:

– Мен адамдардың зұлымдығынан қорқамын. Бiр кезде гүл жайнаған шаһарларды күл-талқан етiп, осындай күйге түсiрген адамдар ғой. Солардың зұлымдығын естен шығар­мау үшiн ескi жұртты мекен етем, — деп жауап берiптi.

Сөйтiп, “Қисса-сул әнбия”, бiр жағынан, дiни аңыз-әңгi­мелерге, екiншi жағынан, халық ауыз әдебиетiнiң дәстүр­лерiне негiзделiп жазылған прозалық көркем туынды болып табылады.

Кодекс куманикус”. Бүкiл қыпшақ даласын, Орта Азия мен Шығыс Еуропа жерлерiнiң көбiн жаулап алу негiзiнде құрылған Алтын Орда мемлекетi нығайып тұрған кезде қыпшақ тiлi үстем тiлге айналды.

Алтын Орда дәуiрiнде (ХIII–ХV ғасырлар) Жоңғар қақ­пасынан бастап, Дунай өзенiне дейiнгi аралықтағы ұлан­-ғайыр өлкенi мекен еткен елдiң бәрi де қыпшақ тiлiн бiлетiн, түсiнетiн болған. Бұл кезде Еуропа елдерiнен қыпшақ да­ласына келетiн, Дештi Қыпшақ арқылы жүрiп Азия елдерiнен өтетiн саяхатшылар, елшiлер, әскери адамдар, тағы басқалар қыпшақ тiлiн бiлуге мәжбүр болған.

Орыстар көршiлес отырған қыпшақтарды – половецтер, ал кейде печенгелер деп атаған. Ал Батыс Еуропа жұр­т­шылығы қыпшақтарды кумандар деп атап кеткен едi. Ол кезде Еуропа елдерiнде латын тiлi, ал ислам дiнi тараған Азия мемлекеттерiнде парсы тiлi ресми, әдеби тiл болған.

“Кодекс куманикус” – латын сөзi. Бұл сөздiң мән-мағы­насы – “кумандардың кiтабы”, “қыпшақ тiлiнiң сөздiгi” яки “қыпшақ туралы жинақ”. Бұл сөздiк екi бөлiмнен тұрады. Кiтаптың бiрiншi бөлiмiнде  үш бағана етiп жазылған латынша–парсыша–куманша сөздiк берiлген. Сөздiктi осылайша үш бағаналы етiп құру өте қажет болған. Өйткенi мұндай сөздiк қыпшақ даласына Батыс Еуропа елдерiнен келгендер, яғни латын тiлiн бiлетiндер үшiн де, Шығыс жақтан келген адамдар, яғни парсы тiлiнде сөйлейтiндер үшiн де пайдалануға қолайлы едi.

“Кодекс куманикустың” екiншi бөлiмiн – сан қилы аңыз-әңгiмелер, ертегiлер жинағы деуге болады. Екiншi бөлiмнiң мақсаты – кумандар арасында христиан дiнiн уағыздау болса керек. Мұнда христиан дiнiнiң пайдасы жайындағы түрлi уағыз-өсиет сөздер, Христостың өмiрi хақында, Мария Ананың әулиелiгi туралы, киелi Апосталдар жөнiнде хикая-аңыздар бар.

“Кодекс куманикустың” түпнұсқа қолжазбасы қазiр Ита­лияның Венеция қаласындағы әулие Марк шiркеуiнiң кiтап­ханасында сақтаулы тұр. Бұл шығарманың бiрiншi бөлiмiн, яғни латынша-парсыша-куманша сөздiгiн тұңғыш рет фран­цуз тiлiне аударып, 1828 жылы Париж баспала­рының бiрi­нен жеке кiтап етiп шығарған Генрих Юлий Клапорт болды. Атақты ориенталист Г. Кун 1880 жылы қол­жазбаның екi бөлiмiн де толық латын тiлiне тәржiма жасап, Будапешт қаласында бастырып шығарды. Бұл кiтап 1884 жылы Санкт-Петербургте немiс тiлiнде шықты. Оны немiс тiлiне аударған В. Радлов едi. Дания ғалымы К. Гренбек қолжазбаның түпнұсқасын (факсимилесiн) 1936 жылы жеке кiтап етiп бастыртып шығарды.

Бұл кiтапты тұңғыш рет қазақ тiлi тұрғысынан егжей-тегжейлi зерттеген ғалым, Ә. Құрышжанов болды.

“Кодекс куманикус” әдебиет тану ғылымы тұрғысынан әлi арнайы зерттелген емес.

Бiз әңгiме етiп отырған сөздiкте қазiргi қазақ халқының әдеби тiлiнде жиi қолданылатын сөздер мен сөз тiркестерi көп ұшырасады. Кiтаптың алғашқы бетiнен, яғни “А” әрпi­мен басталатын сөздерден бiрнеше мысал келтiрейiк. Мысалы: ат, ата, ұлы ата, азамат, айна, ай басы, айыл, ақ, ақ қой, т.б.

Сөздiктiң екiншi бөлiмiнде сан түрлi жұмбақтар, өлең-жырлар, дiни кiтаптардан шағын үзiндiлер келтiрiлген. Со­лардың iшiнде мынадай қазақ жұмбақтары кездеседi:

Iшер, жер, iнiне кiрер. (шешуi: пышақ)

Буы бар да, iзi жоқ. (шешуi: кеме)

Аузын ашса, өңменi көрiнедi.

(шешуi: есiк ашқанда көрiнетiн үй ортасындағы от )

Тап-тап тамызық,

Таматұғын тамызық,

Көлеңкеден кеп

Күйетұғын тамызық. (шешуi: көбелек)

Ұзын ағаш басында

Ұлы бiтiс бiтiрдiм. (шешуi: көсеу)

Ақ үй, аузы-мұрны жоқ үй. (шешуi: жұмыртқа)

Жазда жабулы тоқпақ жатыр. (шешуi: кiрпi)

Жазда жаулы қауыс жатыр. (шешуi: жылан)

Ерте тұрдым, алып ұрдым. (шешуi: есiк)

Белдеуде бес ат,

Бесеуi де қасқа ат. (шешуi: бес саусақ)

Сенде, менде жоқ,

Сеңгiр тауда жоқ,

Отта, таста жоқ,

Қыпшақта жоқ. (шешуi: құс сүтi)

“Кодекс куманикус” қыпшақ даласында жазылған, сол кездегi қыпшақ тiлi мен әдебиетiн зерттеу үшiн аса құнды материалдар беретiн жәдiгерлiк болып табылады.

Сайф Сараи

Сайф Сараи – Алтын Орда әдебиетiнiң аса көрнектi өкiлдерiнiң бiрi. Ол лирик және эпик ақын, жазушы және аудармашы ретiнде түркi тектес халықтар әдебиетi мен тiлiнiң өзiнен кейiнгi кезеңдерде дами түсуiне мол үлес қосып, едәуiр ықпал еткен қаламгер.

Ақынның өмiрi мен шығармашылығы жайында көп мәлiмет сақталмаған. С. Сараидың бiзге жеткен жалғыз көлемдi еңбегi бар. Ол – “Гүлiстан бит-түрки” (“Түркi тiлiндегi Гүлiстан”) деп аталады. Ақын бұл еңбегiн Сырдария бойында бастап, Египеттегi Нiл өзенi жағасында жа­зып бiтiрген екен. Бұл өзi парсы-тәжiк әдебиетiнiң классигi Сағди Ширазидiң “Гүлiстан” атты шығармасының еркiн аудармасы.

Ал Сайф Сараи осы “Гүлiстанды” қашан қыпшақ тiлiне аударып бiткенi жайында өз кiтабының соңында мынадай мәлiмет бередi:

Биз насыхат шартын ош қылдук байан

Ким иетмиш болса биза не зийан.

…Муддати хежрат йеди йуз тоқсан уч

Иыл еди ким азалды калмади куч

Ол шаввал еди ким, ей азиз

Хатм олди бу “Гулистан” намамиз.(150, 61)

Жолма-жол аудармасы:

Бiз баян еттiк сiздерге насихат сөзiн,

Жетпiстiң жетегiне ерген кезiм.

Хижра бойынша жетi жүз тоқсан үш

Бойдан қуат қашып, азайды күш.

О, қадiрлiм, тамылжыған тамыз едi,

“Гүлiстан” жырын жазып, бiтiрдiк iс.

Бұл мәлiметтерге қарағанда, Сайф Сараи хижра жыл санауы бойынша, 793 жылдың тамыз (шаввал) айында “Гүлiстанды” аударма жасап бiтiрген. Бұл – жаңаша жыл санау есебi бойынша, 1391 жылдың тамыз айы. Ақын “Гүлiс­танды” жетпiс жасымда аударып бiттiм деп отыр. Демек, Сайф Сараи 1321 жылы туылған екен. Бұл кезде Алтын Орданы Өзбек хан билеп тұр едi.

Сонымен, Сайф Сараи Алтын Орда мемлекетiнiң күш-қуаты нығайып, ел iшi бейбiт, тыныш кезiнде Сараи қала­сында тұрады. Ал кейiнiрек хан ұрпақтары арасында тақ үшiн таластар басталып, Дештi Қыпшақта аласапыран заман туған кезде ақын туған жерден алысқа кетуге мәжбүр бо­лады. Ол қалған өмiрiн Мысыр (Египет) елiнде өткiзiп, 1396 жылы сонда дүние салады.

1915 жылы Анкарада шығатын журналдардың бiрiнде түркi тiлiне аударылған Сағдидiң “Гүлiстан” дастаны Голлан­диядан табылғаны туралы шағын ғана хабар жария­ланды. Бiрақ оған ешкiм назар аудармайды. 1950 жылы про­фессор Феридун Нафиз Узлук Голландияның Лейден универ­ситетi кiтапханасы қорынан “Гүлiстанның” фотокөшiрмесiн алып, оған шағын алғы сөз жазды да, 1954 жылы Анкарада жеке кiтап етiп басып шығарды.

«Түркі тіліндегі Гүлістанның» аудармасы жайында тұңғыш рет ғылыми пікір айтып, С. Сараи аудармасын әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан талдаған ғалым А. Баттал-Таймас болды4. Ол аудармаға ғылыми шолу жасай келіп, оның стильдік құрылысына, әсіресе, тілінің фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық ерекшеліктеріне сараптама жасады.

Алайда қыпшақ тiлiнде жазылған орта ғасырдың аса құнды әдеби жәдiгерлiгi – “Гүлiстан бит-түрки” шығармасын егжей-тегжейлi зерттеген түркітанушы ғалым Ә. Н. Нәжiп болды. Ғалым С. Сараи шығармасының жазылу тарихын, оның әдеби мәнiн, тiлiн, сол дәуiрдiң әдеби және тiлдiк ерекшелiктерiн кең көлемде зерттеп, “Гүлiстан бит-түркидi” қазiргi орыс графикасы бойынша транскрипция жасады, әрi орыс тiлiне жолма-жол аударма жасап шықты. Сондай-ақ С.Сараи аудармасының өзiндiк ерекшелiктерiн ашты, шығарманың қыпшақ тiлiнде жазылғанын толық дәлелдеп бердi. Бұл әдеби жәдiгерлiк көне түркi әдеби тiлдерiнiң iшiнде қазiргi қазақ тiлiне өте-мөте жақын тұрғанын ашып көрсеттi.

Сайф Сараи өзi ұстаз тұтқан Сағди ақынның “Гүлiстанын” аудару барысында шығарманың композициялық құрылысын бұзбай, сол күйiнде сақтап қалуға әрекет жасаған. Сондық­тан парсы тiлiндегi “Гүлiстан” секiлдi қыпшақ тiлiндегi С.Сараи аударған “Гүлiстан бит-түрки” де сегiз тараудан тұрады. Олар:

Бiрiншi тарау – ел-билеушiлер туралы.

Екiншi тарау – халық бұқарасы жайында.

Үшiншi тарау – қанағат-ынсаптың пайдасы жөнiнде.

Төртiншi тарау – тiлге сақ болудың пайдасы туралы.

Бесiншi тарау – жiгiттiк шақтың көрiнiстерi хақында.

Алтыншы тарау – кәрiлiктiң адамды кәрiп етiп қоятыны туралы.

Жетiншi тарау – тәлiм-тәрбиенiң әсерi жайында.

Сегiзiншi тарау – әңгiмелесудегi әдептiлiк мәселесi туралы.

Мұның бәрi прозалық қисса-хикаят түрiнде ай­тылады.Сағди Ширази өз “Гүлiстанын” ұйқасқа құрылған проза­мен жазған. Арагiдiк өз ойын өлең жолдарымен түйiп, қорытындылап кететiн тұстары да бар. Аудармашы Сайф Сараи да солай iстеген. Тек кейде аудармашы-ақын Сағди жырларын тәржiма жасап жатпай-ақ, дәл сол мағынадағы өз өлеңдерiн мәтiнге бiлдiрмей қосып жiберiп отырады. Әйтсе де мұның өзi зор шеберлiкпен жасалғандықтан, аудар­маның идеялық мазмұнына да, көркемдiк дәрежесiне де нұқсан келтiрмейдi. Қайта Сағди ақынды Дештi Қыпшаққа жақындата түседi.

Сағди жазған “Гүлiстан” кiтабын өзгертпей, сол күйiнде аударуды С. Сараи өзiне мақсат етiп қоймаған. Қыпшақ ақыны парсы тiлiн жетiк бiле тұрып, Сағдидың кейбiр про­залық хикаяларын, өлеңдерiн аудармай тастап кеткен. Бiрақ оның есесiне қыпшақ елiне жақын жеке эпизодтар мен жыр жолдарын қосып отырады.

Сайф Сараи шығарманың алғашқы беттерiнiң бiрiнде ақын Сағдидiң “Гүлiстанын” түркi тiлiне тәржiма жасауға себепшi болған жәйттерге қысқаша тоқталып өтедi: “Илк йаз кунларинда бир кун бустан ичинда гуллар арасында бир неча зариф ‘алимлар билап отуруп, инжа ‘илминдан бахе қылып абийати ғариб ва аш ари ақиб оқудум еса ол алимларниң улусы аруз илминдан бир мушкил байтниң тақатту ын суал өтти. Филхал жавабин ештип, айтти: ей адиби ғариб, саңа бир мувафик насихатим бар, қабул қылсаң хайр болғай айттим: буируң Айтти: шайх Сағди Гулистанын турки таржума қылсаң бир сақиби давлат атына йадгарин жеханда қалсун деп. Ол азизниң мубарак нафасин қабул етип айттим: инша аллақу та‘ала, амма куватим за’иф турур, аның қавий ма’наларына. Айтти: и’анака аллаху, ей адиби ғариб. Мен дағы таңриға таваккал қылып хикмат белин рағбат ели билан бағлап башладым, тамам болғай деп инша аллаху та‘ала. Бу китап аты ол сабабдан “Гулистан” болды ким’ажайиб хикайат ва ғарайиб насайих ва анва латайиф билан мураттаб ва музаййан болып турур” (150, 55).

Аудармасы: “Бiр жолы мен раушан гүлдерi жайқалған бақ iшiнде ойға жүйрiк ғұлама-ғалымдармен әңгiмелесiп отыр едiм. Бiз сөз саптау, сөйлем құру мәселесiн талқылап жатқан болатынбыз. Мен ғажайып бәйiттер мен тамаша өлеңдер оқыдым. Сол сәтте әлгi ғалымдардың iшiндегi ақсақалы аруз өлшемiмен жазылған бiр қиын бәйiттiң құрылысы ту­ралы маған сауал қойды. Мен дереу жауап бердiм. Сонда әлгi ғұлама: – О, жат жұрттық қаламгер, мен саған бiр жақсы кеңес бермекпiн, егер сол кеңесiмдi қабыл алсаң жақсы болар едi, – дедi. – Айтыңыз, – дедiм мен. – Егер шейх Сағдидiң “Гүлiстанын” түркi тiлiне аударып, оны бiр бақытты жанға арнасаң, жақсы болар едi. Сол жаннан естелiк болып қалар едi.

Мен сол құрметтi адамның бата iспеттес лебiзiн қабыл алып, оған былай дедiм: “Құдiреттi құдай қаласа – айтқаны­ңыз орындалар, бiрақ бойымнан күш-қуат қашқан шақта оның терең мән-мағынасын игеруге дәрменiм жетер ме екен? Ол айтты: О, жат елден келген қаламгер, сенi құдайдың өзi қолдайды.

Мен де жаратқанға жалбарынып, белдi бекем будым да, iске қызу кiрiсiп кеттiм. Оны сәттi аяқтармын деп үмiттенем. Бұл кiтап сол себептi “Гүлiстан” деп аталған. Ол өзi таңырқарлық әңгiмелерден, тамаша ғақлия сөздерден, ұшқыр ой-пiкiрлермен құрастырылып, безендiрiлген”.

Сайф Сараи қара сөзбен оқырманына осы жәйттердi егжей-тегжейлi түсiндiрiп алады да, өз ойын одан әрi өлең­мен тереңдете түседi. Басқаша айтсақ, С. Сараи “Гүліс­танды” аударма жасау барысында мәтiнге өз өлеңдерiн де зор шеберлiкпен кiрiстiрiп жiберген. Бұған бiр мысал кел­тiрейiк:

Ей жехани илму устади хунар

Ма рифатниң манба и сақиб назар

Гул тиласа хатырлиң толы табақ

Бу гулистанидан оқы бир варақ

Гүл жамали бир неча кунда кечар,

Бу Гулистан дайима коңул ачар.

Ол ажайиб ким ғарайиб мұнда бар

Хосрау-у Ширин ичинда қанда бар?

Бу латайиф бағы, бустани дурур

Булбул муғаннийи гулистани дурур (150, 57).

Қазақшаға жолма-жол аудармасы:

Сәулесiсiң бiлiмнiң, ұстазысың дарынның,

Қайнарысың ғылымның, қайырымдысың қашанда.

Жаның сенiң құшақ-құшақ раушан гүлiн қаласа,

Менiң осы «Гүлістанымның» бiр бетiн оқып шық.

Көркемдiгiн раушан гүлдің ұмытарсың сонда сен,

Ал «Гүлстан» жаныңды қуанышқа толтырар.

Мұндағы ғажап тамаша

Тiптi “Хұсрау мен Шырында” да жоқ шығар.

Бұл — әсемдiктiң гүлiстаны, гүл-бағы

Бұлбұл – сол бақтың әншiсi ғана емес пе?!

Бұдан кейiн Сайф Сараи “Гүлістанды” парсы тiлiнен түркi тiлiне қандай мақсатпен аударғанын, яғни әлемдегi ең жақсы кiтаптардың бiрiмен оқушысын таныстырғысы келгенiн өлеңмен айтып өтедi. Сосын барып ол Сағди шы­ғармасын аударуға тiкелей кiрiседi.

“Гүлiстан бит-түрки” тұтас сюжетке құрылған шығарма емес. Мұнда қысқа-қысқа хикаялар, аңыздар, ертегiлер, өлеңдер, күлкiлi әңгiмелер, т. б. белгiлi бiр тақырыптар бой­ын­ша жүйеленiп берiлген. Дегенмен, шығарманың негiзгi қаһармандары ретiнде оқиға желiсiне қоғамдық топтың барлық өкiлдерi дерлiк қатысып отырады.

Сағди ғұмыр бойы ел аралап, жиһанкез атанған адам. Сондай саяхатта жүрiп ақын қоғамдық өмiрдiң түрлi саты­сында тұрған адамдарды көредi. Олар: саудагерлер, дәруiш­тер, ақындар, қолөнершiлер, диқандар, малшылар, бектер, әкiмдер, хандар, т. б. Ақын ел кезiп жүрiп көрген-бiлген қызықты әңгiмелердi, афоризмдердi, аңыздарды, қанатты сөз­дердi, мақал-мәтелдердi жазып алып жүрген. Кейiн со­ның бәрi осы кiтабына арқау болған.

Сайф Сараи әрбiр хикаяны бастар алдында Сағди Шира­зи атына мақтау сөздер айтып алып, сосын ғана автор идея­сын жеткiзетiн хикаяларды баяндауға көшедi. Ақын түсiндiру, насихаттау жолымен қатыгез әрi зұлым әкiмдердi бауырмал, инабатты адам етуге болады деп ойлаған. Сол үшiн ақын адам бойындағы ең асыл қасиеттердi – әдiлдiктi, мейiрiмдi­лiктi, iзгiлiктi, жомарттықты, т. б. мадақтайтын қызықты хикая­ларға көбiрек назар аударған.

Шығармада жақсылық пен жамандық, қатыгездiк пен мейi­рiмдiлiк, патша мен диқан, шындық пен өтiрiк, әке мен бала, күйеуi мен әйелi, iнiсi мен ағасы, т. б. аралық қарым-қатынасы, үндестiгi қандай болу керек деген сауалға жауап берiледi.

Ақын осы мәселелердiң бiрiне қатысты хикаяларды айтумен шектелiп қалмайды. Сонымен бiрге ол өзi әңгiме етiп отырған моральдық, этикалық мәселелер жайында фило­софиялық түйiн жасайды. Автордың мұндай шешiмдерi көбi­несе дерлiк өлең-жыр түрiнде берiлген. Әке мен баланың қарым-қатынасы туралы хикаядан бiр мысал келтiрейiк.

Хикаят: “Бир султанның уч оғлы бар еди. Икиси узун байлы сахиб жамал, дағы бири қысқа бойлы еди. Бир кун султан бу қысқа бойлы оғлына хақарат көзи била бақты. Оғлан фарасат билан билди дағы айтты: ей әке, ұзын бойлы ақымақтан қысқа бойлы ақыл йахшырақ дурур”.

Аудармасы: “Бiр сұлтанның үш баласы бар едi. Екеуi ұзын бойлы, келбеттi, ал бiреуi қысқа бойлы едi. Бiр күнi сұлтан сол қысқа бойлы ұлына ашу-ызалы көзiмен қарады. Баласы бәрiн ақылымен ұқты да, әкесiне айтты: Ей, әке, ұзын бойлы ақымақтан, қысқа бойлы ақылды жақсы”. (150, 70)

Тағы бiр хикаят: «Ел билеушi бiр сұлтан өз халқына тiзесiн қаттырақ батырып жiберiптi. Адамдар ел-жұртын тастап, басы ауған жаққа көшiп кете бастапты. Босап қалған уәлаятқа жау дереу ие болып алыпты».

Бұл арқылы С. Сараи ел билеген әкімдерге халыққа қамқор бол, мейірімділік көрсет, сен сол халықтың арқасында патша болып отырсың деген өсиет-уағыз айтады:

Шын жүректен сүйе алмасаң халқыңды,

Бұзасың ғой сен патшалық салтыңды.

Халқың безсе, не боласың, сұлтаным,

Аямағын өз халқыңнан алтынды. (150, 72-73)

«Түркі тіліндегі Гүлстанда» мынадай бір әңгіме бар: Бір топ қарақшылар қылмыс үстінде қолға түседі. Солардың ішінде бір жас бала бар екен. Қарақшыларды соттап жатқан кезде патшаның уәзірі әлгі баланы өлімнен аман алып қалады, әрі өз үйіне апарып тәрбиелейді. Сол қарақшы бала өсе келе өзін өлімнен алып қалған уәзірді де, өзіне қамқорлық жасаған тәрбиешісін де өлтіріп, тауға қашып кетеді. Баласы тауға барып, өлген қарақшы әкесінің орнын басады.

Бұл әңгіме арқылы С. Сараи оқырманына:

Бөлтірігі бөрінің,

Қасқыр болып шығады.

Қанша бағып-қақсаң да,

Басыңды көрге тығады, —

демек (150, 71).

Тағы бiр хикаяны мысал етiп келтiрейiк.

Хикаят: Меккеге қажы болу үшiн бара жатқан бiр топ жолаушы өзара жанжалдасып қалыпты. Қызыл кеңiрдек болғанша ұрысып, шаштарын жұлысып, әбден төбелесiптi. Сонда төбелеске араласпай, жайбарақат түйе үстiнде отыр­ған бiр жолаушы ұрыс-керiске таңырқап айтқан екен: “Ға­жап ә?! Сүйек — пешка шахмат тақтасының қарсы жақ бетiне жеткенде күшейiп, табанда Ферзь болып кетедi, яғни бұрынғысынан қасиетi артады. Ал қажы болуға келе жатқан­дар бүкiл сахараны кесiп өтiп, ендi Меккеге жете бергенде бұрынғы iзгi қасиеттерiнен айырылып қалғаны қалай?!”

“Гүлiстан бит-түркте” әдептiлiк, тiлге сақ болу, өсек айт­пау, сыпайылық

сияқты көптеген этикалық мәселелердi қоз­ғайтын хикаяттар көп. Мысалы: “Мың батпан келетiн тасты қаңбақ құрлы көрмейтiн бiр алып палуан бұрқан-тарқан болып ашуланып тұр екен.

– Бұған не болған? – деп сұрапты бiреу.

Сонда әлгi палуанның көршiсi тұрып:

– Мың батпан тасты ұршықтай иiретiн көршiм едi. Бүгiн ол менiң бiр ауыз сөзiмдi көтере алмай, бүлiнiп жатыр, – деп жауап берiптi”.

Сайф Сараи парсы тiлiндегi “Гүлiстанды” қыпшақ тiлiне зор шеберлiкпен аударғаны даусыз. Шығарманың түпнұсқа­сындағы кейбiр қиын ұғымдардың аудармашы қыпшақ тiлiндегi эквиваленттi баламасын тауып, оқырманға түсiнiктi етiп бередi. Сол арқылы аудармашы өз қаһармандарының көңiл-күйiн, психологиясын зор шеберлiкпен ашып көрсетедi.

Сайф Сараи шығармасы әлемдiк әдебиеттiң алтын қоры­нан орын алған көркем туынды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]