Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
3-tom__1178_aza_1179__1241_debietini_1187_tarik...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.01 Mб
Скачать

Атымтай Жомарт секілді

Атағым жұртқа білінсе!

Өзім бір бөлек жайласам,

Жігіттен нөкер сайласам,

Ойпаң жерге он отау,

Қыраң жерге қырық шатыр тігіп,

Қонағымды жайғасам!

Пышақтан малым кетпесе,

Қазаным оттан түспесе,

Ауылдан топыр үзілмей,

Ошақтың оты өшпесе.

Май жемесе қонағым,

Қан жемесе барағым,

Он кісіге жараса

Бір кісіге арнап тартқан табағым302 .

Бұл толғауда Ақтамберді бірінші жақтан сөйлегенмен, жеке өз басының емес, ел арманын, жұрттың көкейіндегі ойын "мен" арқылы жалпылық мәнде айтып тұр. Сөйтіп, жыраудың өзі емес, оның лирикалық геройы "мен" деп тұр. Бұл – кәдімгі реалистік әдебиетке тән әдіс екені белгілі. Абайдың "Болыс болдым, мінеки" деп, бірінші жақтан сөйлейтін лирикалық кейіпкері сияқты, Ақтамбердінің бұл толғауындағы "мен" – автордан бөлектенген кейіпкер, ал оның арманы – автордың идеалы.

Аталмыш толғауында Ақтамберді утопиялық өмірді армандау арқылы сол замандағы қазақ тіршілігінің, тұрмыс-салтының әр саласын бейнелеген. Айталық, жорық пен жортуыл, жауға мінер тарлан ат, ұрысқа киер ақ сауыт, сауытты соғатын зергер, жаудан қыз олжалау, кек қайыру, – бұл жаугершілік көріністері болса, бейбіт өмірдегі жайлауға қону, өзенді жайлау, үй тігіп, бие байлау, той-жиын өткізу, билер кеңесін құру, қонақ күту, балуан күрестіру, аң аулау, мергендік қылу сияқты алуан түрлі тіршілік көрсетілген. Бұл Ақтамбердінің жыраулық поэзияны байытқан тағы бір тәсілі.

Ақтамберді – жауынгер жырау бола тұра жыраулық поэзияға тұңғыш рет қыздың келбет-көркін және аттың сынын сипаттауды енгізген. Оның суреттеуіндегі қыз "Бұлттан шыққан ай бетті, Мұнардан шыққан күн бетті, маңдайы аппақ, қастары қиылған, шаштары төгілген" болып келеді. Ал, аттың сыны мынадай: ор қояндай қабақты, қиған қамыс құлақты, сары мысықтай азулы, сапты аяқтай ерінді, қидасын кәрі жілікті, омырауы есіктей, ойынды еті бесіктей, табаны жалпақ...

Ақтамберді тоқсан үш жыл жасаған. Оның біраз өлең-толғаулары егде тартқан тұста дүниеге келген сияқты. Мұнда абыздыққа жеткен жыраудың дидактикалық және афористік ойлары, тағылымды сөздері бар. Өмірдің қызығы мен шыжығын, тағдырдың талай тауқыметін көрген, арқалы сөздің қүдіретіне көзі жеткен Ақтамберді өзінің асқаралы ғұмырының биігінен тіршілікке көз тастайды, өмірдегі жақсы мен жаман туралы, достық пен қастық, адал мен азамат жөнінде, парасатты адам мен аяр кісі жайында сөз қозғайды. Сол себепті оның кейбір сөздері шешендік афоризм тәрізді, болмыстағы құбылыстарды салыстыра бағалап, констатация жасайды. Мысалы, "кәрі ақсайды ақылдан, ер ақсайды жақыннан", "қыздың көркі – құлпыда, жігіттің көркі – жылқыда", "түйе мойнын түз кесер, жігіт мойнын қыз кесер", "жомарт қолын жоқ кесер", т.б. Осы үшінші топтағы толғаулар Ақтамбердіні ақылгөй, дана қарт етіп көрсетеді. Бұл шығармалар жыраулар дәстүріне сай ғақлиялық, әрі болмыс құбылыстарын жиынтықтап, оларды бірде салыстыра, бірде қарсы қоя отырып, сөз етіп отырған мәселесін түйіндеп айтады. Оларда жеке адамның мінез-қүлқына, іс-әрекетіне байланысты да, сондай-ақ бүкіл қауымның, халықтың тіршілігіне, этика-моралдық мәселесіне қатысты да ойлар айтылып, адам белгілі бір жағдайда өзін қалай ұстауы керек, достық пен дұшпандыққа, әйеліне, маңайындағы жандар мен ағайын-туыстарға қалай қарауы қажет деген сияқты – ақыл-кеңес беріледі. Осы өлең жырларында Ақтамберді өз дәуірі үшін актуалды деген проблемаларды көтерген, бірақ оның ерекшелігі – мемлекеттік идеологияға қызмет етпегені. Ол өз поэзиясын адамның сезімін ашуға, кісінің тіршілігін көрсетуге, оны қауым, ел үшін күреске шақыруға пайдаланған, сол арқылы әдебиетті қоғамға қызмет еткізген. Ақтамбердінің өзіне дейінгі жыраулардан өзгешелігі осында. Алайда, сол замандағы өте маңызды тақырыпты жырлауда, яғни қазақтардың тәуелсіздік үшін жоңғарлармен соғысуы қажеттігін толғауда Ақтамберді толығымен жыраулық үрдістен көрінеді.

Қазақ хандығы заманында жасаған жыраулардың ішінен әдеби мұрасы өте аз көлемде жеткен ірі ақынның бірі – Тәтіқара. Ол туралы тарихи деректер де көп емес. Зерттеушілердің анықтауы бойынша, Тәтіқара Қостанай өңірінде, Сарыкөл деген жерде, кедей шаруаның үйінде туған. Абылай ханның қасында болған, әміршісімен бірге сол уақыттағы қазақ-қалмақ ұрыстарына түгелдей қатысқан. Сол себепті оның өлең-жырлары, негізінен, шайқас кездері туып, жауынгерлік сипатта болады әрі нақты оқиға және тарихи адамдар жайында баян етеді, олардың ерлігі мен ел үшін атқарған іс-әрекетін үлгі етіп, жауынгерлерді қиындыққа мойымауға, қандай ауыр жағдай болса да абыржымай, жол табуға шақырады. Осындай елгезек өлендерінің арқасында Тәтіқара көпке танылып, атақты жырауға айналады. Өзі ұрыстарға қатыса жүріп, қаһармандықпен бірге елдік мәселелерді шешуге де қатысады. Әсіресе, 1756 жылы Қытайдағы Цин басқыншылары қазақ жеріне кіргенде, солармен болған қақтығыстар кезінде ол Абылай ханның қасында жүріп, мемлекеттік мәні бар іс-шаралардың басы-қасында болады, өзінің тапқырлығын, жаужүректігін көрсетеді.

Ғалымдардың айтуынша, осындай бір жорықта Абылай ханның ісі алға жүрмепті. Жау басым түсіп, Абылайдың жасағы кейін шегінуге мәжбүр болыпты. Өкшелеп қуып келе жатқан жау жақындап қалғанда Абылайдың алдынан тасып, ернеуінен шығып жатқан өзен кез болады. Жасақ ұйлығып, тұрып қалады, жау арт жақтан тақап, енді-енді үлкен шайқас басталмақ. Олай болса, саны аз қазақтар түгел қырылмақ. Осылай не істерге білмей абдырап тұрғанда, Абылайдың жанында тұрған Тәтіқара жауынгерлерге қарап, былай деп толғайды:

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы – болат найза!

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ер жігіттің ерлігі осындайда!

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,

Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы.

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын

Сары менен Баянды айт Уақтағы.

Ағашта биікті айтсаң, қарағайды айт,

Найзасының ұшына жау мінгізген

Еменәлі Керейде ер Жабайды айт!

Осы толғауда есімі аталған батырлар Тәтіқараның сөзінен кейін суға лап қояды, олардың соңынан жасақтар түгел судан өтіп шығады303. Бізге жеткен Тәтіқараның өлеңдері осы тектес болып келеді. Бұлардың мазмұны – ұрыс сәті, кейіпкерлері – сол ұрыстың ішінде жүрген тарихи адамдар. Аталмыш шығармаларда Тәтіқара – шайқаста жүрген батыр жырау ғана емес, дүниедегі нәрселерге өзінше қарайтын, болып жатқан оқиғаны, ситуацияны жіті аңғара алатын, қасында жүрген батырлардың әрқайсысының қадір-қасиетін дәл білетін және қажетті жерде оларды нәшіне келтіріп жырлайтын дарын иесі.Оның толғаулары – әдеткі афористік, дидактикалық сөз, немесе ойға шому емес, оқиғалы болып келеді де, нақты бір эпизодты суреттейді, іс-әрекетті көрсетеді, әйтпесе соған итермелейді.

Тәтіқара – жауынгерлік поэзияның ғана өкілі емес. Өзінің жыраулық тұлғасын ол қаһармандығымен әрі жорықтық толғаулармен ғана көрсетпейді. Оның жыраулық табиғаты Абылай ханға соғыстың қарбалас шағында ақыл-кеңес айту, оның ерлігін дәріптеу арқылы ғана емес, сонымен қатар бұрынғы үлкен жыраулар тәрізді өз әміршісіне наразылық білдіріп, қарсы сөйлеуі мен ой-пікірін ашық айтуынан да танылады. Оның "Кеше тоқыраулы судың бойынан" – деп басталатын толғауы жыраудың реті келгенде ханнан тартынбай, әділдікті көзіне айта білгенін дәлелдейді. Тіпті бұл шығармасында Тәтіқара ханға жай ғана наразы емес, ол ашық оппозицияға шығады, оған қарсы іс-қимылға шақырады. Әдеттегідей, жырау алғашында әміршісінің бұрын кім болғанын айтып, қалай билікке келгенін баяндайды да, содан соң ханның мінезі мен ісіне риза еместігін білдіреді.

Абылайдың бұрын Түркістанда Үйсін Төле бидің түйесін баққанын айтып келіп, былай дейді:

Дәл жиырмаға келгенде

Ақ сұңқар құстай түледі,

Азуын тасқа біледі,

Дұшпанға табан тіреді.

Үш жүздің баласы

Ақылдасып, жолдасып,

Хан көтеріп еді,

Үш жүздің баласын

Бір баласындай көрмеді.

Ат құйрығын cүзіңдер,

Аллалап атқа мініңдер

Хан-талау қылып алыңдар304.

Бұл толғаудағы Тәтіқараның көңіл-күйі, мінез-қүлқы, айтқан сөзі – нағыз жырау үрдісі. Осының өзі Тәтіқара жыраулық дәстүрдің ауқымында болып, ХVІІІ ғасырдағы әдебиетке өзіндік үлес қосқанын айғақтайды. Оның "шығармалары өзінің қарбалас шақтарда, от-жалында туғандығымен, тәуелсіздік жолындағы күрестің қиын кезеңінде жұрттың рухын көтерген, елге жігер берген ұран іспеттес болғандығымен құнды. Бұл тұрғыдан алғанда Тәтіқара жырлары, – жоғалғандары да, біздің заманымызға жеткендері де, –өз міндетін атқарды деп айта аламыз" 305.

ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетін дамытуға үлкен үлес қосқан жырау – Үмбетей Тілеуұлы. Ол 1706 жылы туған. Үмбетейдің әкесі – атақты қобызшы, елдің қаһармандық жырлары мен аңыздарын, шешендер мен билер сөзін, халық шежіресін жетік білген адам болыпты. Баласының ақындық, өнерлік ұстазы өзі болған. Үмбетей жас кезінен бастап әкесінің репертуарын түгелдей меңгеріп алады, үлкенді-кішілі жырларды жырлайды, сөйтіп ел ішінде танымал болады. Халық мұрасын игеріп алған Үмбетей ақындық қабілетін де ерте танытады. Оның алғашқы өлең-жырлары өз ағайын-туыстары мен ауыл адамдарының бойындағы кемшіліктері мен келеңсіз қылықтарын әжуалауға арналған. Бірте-бірте өзі жақсы білетін жырауларды үлгі тұтып, философиялық-дидактикалық толғауға ойысады, әрі өзі шайқастарда көрген жаужүрек жігіттерге, батырлар мен қолбасшыларға одалар арнап, жауынгер жырауға айналады. Жеке басының биік қасиеттері мен ұрыстардағы ерлігі және ақындық таланты арқасында Үмбетей қалың жұртшылықтың көзіне түседі, сөйтіп Абылай ордасына енеді. Даңқы шартарапқа жайылып, абыз жырау атанған шағында Үмбетей әйгілі "Бөгембай өліміне" деген реквием іспетті жоқтауын және "Бөгембай өлімін Абылай ханға естіртуін" шығарады. Үмбетей жырау 1778 жылы осы күнгі Ақмола облысына қарасты Ерейментауда дүниеден көшеді.

Үмбетей жыраудың біздің заманымызға жеткен шығармалары айтарлықтай көп емес. Олар, негізінен, белгілі бір оқиғаға байланысты болып, нақты адамға арнау түрінде болып келеді ("Бөкеге", "Жауқашарға", "Бұқарға", "Бекболат биге", т.б.). Бұларда оқиғаның, немесе фактінің өзі болмайды. Автор оларды тәптіштеп жатпайды, сипаттамайды да. Көп жағдайда ол адамдардың өзара қатынасын, олардың дауын, яки күдігін өлеңмен шешеді, я болмаса өзінің ойын айтып, пікірін білдіреді. Сайып келгенде, бұл тәсіл билердің сөздеріне тән. Әдетте, билер дау-дамайды шешкенде осындай өлең-жырды пайдаланып, сөздің құдіретін мойындатады. Осы билер секілді Үмбетей өзінің арнау өлеңдерінде дидактикалық мәндегі афоризмді норматив ретінде қолданады, әрі өзінің ойын дәлелдейтін аргумент етіп пайдаланады. Сонымен қатар кейбір тұстарда Үмбетей өзінің кейіпкерлеріне мінездеме беріп, жыраудан гөрі ақындыққа тән қасиет танытады.

Үмбетей мұрасының ішінде шоқтығы биік, ерекше көзге түсетіні – Бөгембай батырдың өліміне байланысты екі шығармасы. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша, даңқты қолбасы, немесе ардақты адамның қаза болғанын халыққа, әсіресе ханға естіртудің өз рәсімі болған. Мұндай суық хабарды әміршіге тек аса көрнекті әрі беделді, елдің құрметіне бөленген абыз жырау, немесе шешен-би, яки аузы дуалы ақын естірткен. Еліне еңбегі сіңген батырлар мен хандардың, ұлы қайраткерлердің жоқтауын ең алдымен ресми түрде атақты ақын-жырау шығарған. Міне, осы екі бірдей функцияны, яғни қанжығалы қарт Бөгембайдың қазасын әрі естіртуді, әрі оны жоқтауды Үмбетей атқарған, ал бұл – жыраудың асқардай таланты мен күллі қоғам алдындағы ерен еңбегін, таудай биік беделін құрмет тұту еді.

"Бөгембайдың өліміне" – сыртқы формасы жағынан жоқтау, тіпті реквием десе де болады. Ал, мазмұны жағынан бұл шығарма – Бөгембай батырға арналған гимн. Мұнда Бөгембай – шынайы батыр, күллі халықтың cүйікті қаһарманы ретінде бейнеленеді. Автор оның ең маңызды жеңістерін, көрсеткен ұлы ерліктерін санамалап баяндайды, оның қалмақтардан тазартып, қазақты қайтадан қоныстандырған жерлерді атайды. Жырау өзінің жоқтауын дәстүрге сәйкес Бөгембайды сипаттаумен бастап, оны барынша дәріптеп, Абылай жасақтарындағы қазақтың бас батыры екенін көрсетеді, сол үшін неше түрлі теңеулер мен символдарды қолданады.

Уа, Алатаудай Ақшадан

Асып тудың, Бөгембай,

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]