- •Он томдық
- •Алтын орда дәуіріндегі әдебиет
- •Хорезми
- •Бурхануддин Рабғузи
- •Кунгулга дуниада сурур турур30, –
- •Адамның ешбiрiне қылмас жәбiр,-
- •Мысырдағы қыпшақ әдебиеті
- •Осымен атақтымын Мысырда өзім
- •Тарихи шежiре және көркемдiк дәстүр
- •Әбiлғазы БаҺадүрхан
- •Қадырғали Жалаири
- •Захириддин Мұхаммед Бабыр
- •Мұхаммед Хайдар Дулати
- •Түркі сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Араб-парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •Түркі-араб, парсы сөздерінен тұратын ұйқастар
- •2 Шатр (мисраъ) 1 шатр (мисраъ)
- •Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
- •Ал, қолыңды маларсың
- •Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?-
- •Қырда жүрген дуадақ
- •Мынау жалған дүние Кімдерден кейін қалмаған!293 –
- •Есім, сені есірткен
- •Керегеге ілінген
- •Атымтай Жомарт секілді
- •Болмашыдай анадан
- •Білегі жуан Бүркіттің Тегеуірініндей Бөгембай! 306.
- •Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері
- •Көлден қулар ұшар ма? –
- •Сыпыра жырау
- •Білсе, білмесе бу ишні Сафардау білер бу ишні364, –
- •Суда жүрген ақ шортан
- •Ауылдағы жамандар
- •Көшіп-қонып жүрмеген
- •Сұңқар қайдан табарсың?
- •Жалп-жалп еткен бәйтерек
- •Талайсыз Шалкийіз бұ күнде
- •Доспамбет жырау
- •Аймадетке оқ тиді
- •Той тойлаған өкінбес! –
- •Ат салмай өтер күн қайда?!
- •Тегеурінді болат темірдің
- •Жиембет
- •Мұнан да былай сөйлеуім Маған да болар ауыр күш, –
- •Қаздауысты Қазыбек би
- •Әйтеке би
- •Ақтайлақ би Байқараұлы
- •Бөлтірік шешен
- •Пайдаланылған әдебиеттер
3-том
Қазақ әдебиетінің тарихы
Алтын Орда дәуірі мен
Қазақ хандығы тұсындағы
әдебиет
“МӘДЕНИ МҰРА”
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ
КІТАП СЕРИЯЛАРЫ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ
БАСТАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ
Алматы
2008
“МӘДЕНИ МҰРА”
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫН
ІСКЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ АЛҚАСЫ
____________________________________________________________________________________
Әшімбаев М.С., төраға
Асқаров Ә.А., жауапты хатшы
Қоғамдық кеңестің мүшелері:
Абдрахманов С.
Аяған Б.Г.
Әбусейітова М.Қ.
Әжіғали С.Е.
Әлімбай Н.
Әуезов М.М.
Байпақов К.М.
Биекенов К.У.
Бұрханов К.Н.
Досжан А.Д.
Есім Ғ.
Қасқабасов С.А.
Қошанов А.
Құл-Мұхаммед М.А.
Нысанбаев Ә.Н.
Салғара Қ.
Самашев З.
Сариева Р.Х.
Сейдімбек А.С.
Сұлтанов Қ.С.
Тұяқбаев К.К.
Хұсайынов К.Ш.
Шаймерденов Е.
Қазақ әдебиетінің тарихы
Он томдық
РЕДАКЦИЯЛЫҚ БАС АЛҚА:
ҚИРАБАЕВ С.С., ҚР ҰҒА академигі, төраға;
ҚАСҚАБАСОВ С.А., ҚР ҰҒА академигі, төрағаның орынбасары;
БЕРДІБАЙ Р., ҚР ҰҒА академигі;
ЕЛЕУКЕНОВ Ш.Р., филология ғылымдарының докторы, профессор;
НҰРҒАЛИ Р.Н., ҚР ҰҒА академигі
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ
МИНИСТРЛІГІ
М.О.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫ
____________________________________________________________
Қазақ
әдебиетінің
тарихы
3-том
Алтын Орда дәуірі мен
Қазақ хандығы тұсындағы
әдебиет
Жалпы редакциясын басқарғандар –
филология ғылымдарының докторы, профессор
Немат Келімбетов,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым
академиясының академигі
Сейіт Қасқабасов
ҚАЗақпарат
Алматы
2008
ББК 83.3
Қ 17
М.О.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСІ ҰСЫНҒАН
3-томның редакциялық алқасы:
Дербісәлі Ә., филология ғылымдарының докторы, профессор.,
Жармұхамедұлы М., филология ғылымдарының докторы, профессор.,
Жолдасбеков М., филология ғылымдарының докторы, профессор.,
Келімбетов Н., филология ғылымдарының докторы, профессор.,
Қасқабасов С.А., ҚР ҰҒА академигі.,
Қирабаев С.С., ҚР ҰҒА академигі.,
Қорабай С.С., филология ғылымдарының кандидаты, доцент.,
Мағауин М., филология ғылымдарының кандидаты
Жауапты редактор:
С.Қорабай, филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Қ 18 Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 3-том.
Алматы: ҚАЗақпарат, 2008. – 525 б.
ІSBN
“Қазақ әдебиеті тарихының” 3-томы ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардағы жазба әдебиетке арналған. ХІІІ-ХV ғ.ғ. өмір сүрген Алтын Орда дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілдері Хусам Хатиб, Құл Ғали, Рабғұзи, Құтб, Хорезми, Сәйф Сараи, Дүрбек, Әли шығармашылығы, ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы жазба әдебиеттің көрнекті өкілдері Захириддин Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири, Әбілғазы Баһадүрхан сияқты ақын-жазушылардың туындылары талданып, олардың қазақ әдебиеті тарихындағы орны ашып көрсетілген. Қазақ әдебиеті тарихының бұрын аз зерттелген дәуірі жаңа көзқарас тұрғысында пайымдалады. Сонымен бірге ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясының көрнекті өкілдері Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз (Шалгез), Бұқар, Ақтамберді, Тәтіқара жыраулар шығармашылығы дербес түрде қаралып, қазақ би-шешендік өнерінің бастауында тұрған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер алғаш рет әдебиет тарихына жеке зерттеу нысаны ретінде еніп отыр.
© М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, 2008
© «ҚАЗақпарат» баспасы, көркемдеу, 2008
К І Р І С П Е
Еуразия құрлығының жарымына жуық жерді қамтыған Алтын Орда мемлекеті – көшпелі-отырықшы мемлекеттің классикалық үлгісі болды. Ол тек қана елді қырып-жоюмен, қалаларды қиратумен шұғылданды деген біржақты пікір – тарихқа қиянат екені күмәнсіз. Алтын Орда мемлекеті адамзат тарихында, әсіресе Еуразия халықтарының тағдырында үлкен рөл атқарды. Оның тұсында Монғолиядан Дунайға дейінгі аралықта тұрған елдердің бір-бірімен қатынасы күшейді, сауда-саттық, дипломатиялық іс дамыды, жер-жерде қалалар мен кенттер салынды. Көне түркі мен оғыз-қыпшақ замандарында қалыптасқан рухани мәдениет тоқырамай, соны сипатта жалғасын тапты. Атап айтқанда, Түрік қағанаты тұсында өмір сүрген Иоллығтегіннен бастау алған авторлық әдебиет бұл шақта әлсіреген жоқ, керісінше, ол жыраулық үлгіде көрініс беріп, үлкен мәнге ие болды. Мұны өз уақытында Ұлық жыршы атанған Кетбұғаның, Қотанның, Сыпыра жыраудың шығармаларының жұрнақтары түрінде жеткен жекелеген өлең шумақтарынан көруге болады. Өкінішке қарай, олардың өмірі мен шығармашылығы туралы нақты мәлімет өте аз. Әзірге белгілісі – олар ХІІІ-ХV ғасырлар аралығында өмір сүргендігі. Бұл кезең – Алтын Орда мен Қазақ хандығының тұсы. Сан жағынан азғантай болғанымен бүгінде бәрімізге мәлім бұл мәтіндер өзінің мазмұны жағынан да, поэзиялық қасиеті тұрғысынан да сол дәуірдегі әдебиет жөнінде қажетті дәрежеде мағлұмат бере алады. Дәлірек айтсақ, Кетбұға, Қотан, Сыпыра жыраулардың да өлеңдері өте маңызды оқиғалармен байланысты, олардың тақырыбы мемлекеттік, бүкіл қауымдық маңызы бар мәселелерді қамтыған, ол өлеңдер тіпті тікелей ханға қарата айтылған, немесе күллі елдің жағдайын сипаттаған. Ал, мұндай белгілер ол заманда, негізінен, жыраулар поэзиясына тән. Демек, аталмыш авторлар Алтын Орда дәуірінде-ақ жыраулық әдебиетті қалыптастырған. Егер осы тұрғыдан зерделесек, Иоллығтегін де жырау болып шығады, яғни ол Қазақ хандығы кезінде өте өрістеген авторлық ауыз әдебиетінің бастауы десе де болады. Олай болса, жыраулық әдебиет–көшпелі мемлекетте болатын өнер деп тұжырым жасауға мүмкіндік бар. Олар хандық мемлекеттің идеологы болып, елдік мәселесін, мемлекетке қатысты проблемаларды сөз қылатын болған, зор беделге ие жыраулар әміршімен тікелей сөйлесіп, өз ойын ашық айта алған.
Алтын Орда мемлекеті – көптеген түркі тайпалары мен моңғол руларының бірлестігі әрі мекені болды. Оның алып жатқан байтақ өлкесі Дешті Қыпшақ деп аталып, қыпшақтардың қоғам өміріндегі барлық салада басым болғандығын көрсетеді. Соншалықты әр алуан ру-тайпалардан құралғандығына қарамастан Алтын Орда орталықтанған күшті мемлекет болды, өйткені онда біртұтас саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени жағдай қалыптасқан еді. Ең бастысы – мемлекет бірыңғай көшпелі болмай, отырықшылық сипатта да болды. Соның арқасында мемлекетте қалалық та мәдениет туды, рас, ол тақыр жерге туған жоқ, керісінше көне түркілер мен оғыздардың, қарахандықтардың заманында өрістеген мәдениеттің, дәлірек айтқанда, жазба әдебиеттің негізінде пайда болды да, бұрынғы әдеби дәстүр қайта түлеп, жаңаша даму жолына түсті, сөйтіп бұл тұста өмірге жазба түріндегі біраз шығарма келді. Солардың қатарында, мәселен, авторы белгісіз «Кодекс Куманикус» сияқты тамаша ескерткішті, Хорезмидің «Мұхаббат-наме», Құтбтың «Хұсрау-Шырын», Сәйф Сараидің «Гүлстан бит-түрки», Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха», Рабғузидің «Қиссас-ул әнбия» атты шығармаларын және т.б. дүниелерді ерекше атауға болады.
Алтын Ордадан соң пайда болған Қазақ хандығы көршілес мемлекеттермен, Орта және Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз араласып отырды. Онда араб-мұсылман мәдениеті мен ғылымы барған сайын тереңдеп тарала берді. Мектептер мен медреселер ашылып, оларда оқыту араб-парсы және түрік тілдерінде жүргізілді. Ғылымның әр түрлі салалары (дін ілімі, математика, логика, философия) бойынша білім беріліп, Шығыстың ұлы ақындарының классикалық туындыларымен таныстырылды. Сарай маңындағы шонжарлар, ірі феодалдар, бектер және басқа да дәулетті адамдар өз балаларын Бұхараға, Самарқанға, Бағдадқа және мұсылман дүниесінің басқа да ірі мәдени орталықтарына оқуға жіберіп отырды. Мұның бәрі Қазақ хандығының жалпы дамуына, бүкіл қоғамның рухани өмірі мен мәдениетіне игі ықпал жасады.
Бұл дәуірде қазақ халқының рухани мәдениеті тек фольклормен, авторлық ауыз әдебиетімен сипатталып қойған жоқ. Онда жазбаша әдебиет те дамыды, ол, негізінен алғанда, хан сарайы маңындағы ортада жасады және көбінесе тарихи шығармалар түрінде болды. Орта ғасырларда әдебиет жанрлары жеке-жеке сараланған жоқ, сондықтан көркем проза дербес жанр болмады. Негізінен, әдебиет деп поэзия танылды, ал қара сөзбен тарихи және өзге де шығармалар жазылды. Сол кезде олар тарихи еңбек ретінде ғана емес, сонымен қатар, оқырмандарға арналған көркем туынды ретінде де әсер берді. Сондықтан мұндай туындыларда әртүрлі әдеби тәсілдер, адам айтқысыз әсірелеулер, оқиғалардың айқын суреттемелері, өлең шумақтары мол кездеседі. Ал поэзиялық жолдарда бейнелі теңеулер, ойға орала бермейтін эпитеттер мен көркем әдебиеттің басқа да белгілері бар.
Қазақ хандығы құрылған кезеңде өмір сүрген мемлекеттердің этникалық құрамы да, шекаралық межелері де бүгінгі кездегідей нақты емес еді. Сол себепті ол замандарда пайда болған әдеби туындылар да, басқа да шығармалар да, тіпті салт-ғұрыптар да жеке бір мемлекеттікі, яки, бір халықтікі болған жоқ. Ру-тайпалар, адамдар әр мемлекетте тұрғанмен бірі-бірімен еркін араласып жатты, бір дүниені «мынау менікі», «мынау сенікі» деп бөлмеген, оны ортақ деп түсінген. Сол себепті, сол тұста жазылған шығармалар, бұрынғы фольклор сияқты, ортақ болған, оларды бір-бірінен алып, рухани қажеттігіне пайдаланып жүрген, сондықтан да қай шығарманы алсақ та, онда бір ғана мемлекеттің емес, бүкіл Орталық Азиядағы елдердің мәселесі, тарихы, олардың көсемдері туралы сөз болады. Міне, осындай Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген түрік халықтарының көркем әдеби ескерткіштері ретінде танылған маңызды шығармалар аз емес. Олардың ішінен Захириддин Бабырдың «Бабыр-намасын», Камал ад-дин Бинаидің «Шайбани-намесін», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашидиін», «Жаһан-намесін», Қожамқұл бек Балхидің «Тарих-и Қыпшағын», Қадырғали Жалайырдың «Жами'ат-тауарихын» және басқа шығармаларды атауға болады. Бұл авторлар өз шығармаларында тек оқиғаларды суреттеумен және билеушілердің шежіресін баяндаумен ғана шектелмеген. Олар өз суреттемелеріне қоса көркем бейнелер жасап, ауыспалы мағынаны пайдаланған, кейде шайқастардың немесе басқа оқиғалардың көріністерін біршама көркем беріп, өз сөз саптауларын алуан түрлі айшықты троптармен әрлендіре түскен, хикаяларына өздерінің ақындық таланты мен зор эрудициясы бар екендігін дәлелдейтін өлең жолдарын енгізіп отырған. Мұның бірінші кезекте Бабырға қатысы бар.
Сонымен, XVІ-XVІІІ ғасырларда қазақ халқының рухани мәдениеті өзінің алдындағы дәуірлердегі мәдени дәстүрлердің қисынды жалғасы болып, бірнеше бағытта дамыды. Онда циклге айналған ертедегі мифтер мен көне хикаялар ұтымды түрде араласқан. Фольклор жаңаруды бастан кешірді, кейбір ескі жанрлар жойылып кетті, өзгелерінің түрі өзгертіліп, жаңа жағдайларға бейімделді. Алғашқы қауымдағы нанымдарға негізделген көптеген мифтер мен ескі аңыздар исламдық сипат алды, ал кейбіреулері рухани мәдениеттің шетіне ығысты.
Қазақ хандығы тұсында қалыптасқан сыртқы экономикалық жағдайларға байланысты батырлық, отаншылдық және тарихи тақырыптар алға шықты. Әсіресе тарихи жырда, тарихи өлеңде, ертегіде (новеллалық және сатиралық) жаңа түрлер мен адамдар және оқиғалар туралы тарихи аңыздар пайда болды.
Негізінен алғанда, ХVІ-XVІІІ ғасырларда идеологиялық рөл атқарып, күшті қазақ мемлекеттігі мен оны сыртқы басқыншылардан қорғау идеясын жырлаған жыраулар поэзиясы басты орын алды. Жыраулар поэзиясы мен би-шешендер шығармашылығы мемлекетке қызмет етіп, хан билігін қолдап отырды. Сонымен бірге олардың шығармашылығы мен іс-қимылдарынан ханға деген оппозициялық ой-пікірлер бой көрсетеді. Алайда, мемлекеттің тәуелсіздігіне келгенде алауыздықтар екінші қатарға ығысып, әдебиет те, фольклор да, музыка өнері де бірлікке және басқыншыларға қарсы күресуге шақырды.
XVІІІ ғасырдың ортасында жыраулар поэзиясының орнын кәсіби ақын поэзиясы басты. Қазақстан Ресейге қарап, өз мемлекеттігінен айрылды, соған байланысты Қазақ хандығының идеологтары мен идеологиясы тарихи аренадан кетті. Мұның өзі, бір жағынан, бұқарашыл ақындардың рухани өмірде белсенді рөл атқаруына және әдебиеттің мемлекет пен билеушіге тікелей қызмет етуден кетуіне, екінші жағынан, батырлық және отанды сыртқы жаулардан қорғау тақырыбының саябырлауына, оның орнын лириканың ала бастауына әкеп соқты. Қоғам мен оның рухани мәдениетінде әдебиет дербес өнерге айналды және оны жыраулармен қатар классикалық шығыс поэзиясының дәстүрлерін ұстанған ақындар (Софы Аллаяр, Сайхали) одан әрі дамыта түсті. Сонымен бірге қазақ әдебиетінде көтерілісшілдік поэзия туып, қалыптасты, ол енді отан қорғау тақырыбының орнына, отаршылдыққа қарсы тақырыпты дамытты. Ол әсіресе XVІІІ ғасырдың аяғынан бастап Қазақстанның түрлі аймағында Ресей отарлауына қарсы көтерілістер тұтанған кезде қауырт өріс алды, сөйтіп қазақ әдебиетінде ұлт-азаттық идеясын ту қылған поэзия өмірге келді. Бұл, әсіресе, Махамбет пен Дулат шығармашылығында айқын көрінді.
Үшінші томды жазуға қатысқандар: Н.Келімбетов, филология ғылымдарының докторы, профессор («Алтын Орда дәуір әдебиеті», «Құтб», «Хорезми», «Сәйф Сараи», «Дүрбек», «Тарихи шежіре және көркемдік дәстүр», «Әбілғазы Баһадүрхан», «Захириддин Мұхаммед Бабыр»); С.Қасқабасов, ҚР ҰҒА академигі («Кіріспе», «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет»); Ә.Дербісәлі, филология ғылымдарының докторы, профессор («Мұхаммед Хайдар Дулати»); Р.Ғ.Сыздық, ҚР ҰҒА академигі, М.Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор («Қадырғали Жалайыр»); Б.У.Әзібаева, филология ғылымдарының докторы («Хусам Катиб»); М.Жармұхамедұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор («Жыраулық және ақындық поэзияның даму ерекшеліктері», «Сыпыра жырау», «Асан Қайғы», «Бұқар жырау», «Би-шешендер шығармашылығы», «Қазыбек би»); Ө.Күмісбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор («Үмбетей»); Ж.Дәдебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор («Төле би», «Бөлтірік шешен»); М.Мағауин, филология ғылымдарының кандидаты («Тәтіқара»); Қ.Сыдиықұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент («Шалкиіз (Шәлгез) жырау»); Б.Адамбаев, филология ғылымдарының кандидаты («Сырым шешен»); С.Қорабай, филология ғылымдарының кандидаты, доцент («Кодекус куманикус», «Дана Хикар хикаясы», «Доспамбет», «Қазтуған», «Ақтамберді», «Ақтайлақ би»); А.Тұрғанбаев, филология ғылымдарының кандидаты («Құл Ғали»); С.Қосан, филология ғылымдарының кандидаты («Әли», «Жиембет», «Әйтеке би»), А.Әлібекұлы, филология ғылымдарының кандидаты («Мысырдағы қыпшақ әдебиеті»); Г.Құрманғали, филология ғылымдарының кандидаты («Марғасқа»).
Томды жазу барысында бұрын қайтыс болған ғалымдардың да еңбектері пайдаланылды.
