Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
А.Е.Алибеков_МЕХАНИКАЛЫҚ_САРҒАЮДЫҢ_ҚАЗІРГІ_КЕЗД...doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.4 Mб
Скачать

Қысқаша тарихы мен өт жолдарының анатомиясы

Өт қабында және жалпы өт жолдарында тас болуы жөніндегі мәліметтер сонау көне заманнан бері белгілі болған. Мәселен, ерте ғасырлардағы ғалым дәрігерлер Гиппократ, Авицена, Визалий, Галеннің қолжазбаларында өт қабында және жалпы өт жолында тас болуы жөніндегі мәліметтердің кездесуі айтылған жағдайды толық дәлелдейді. Бұрынғы ерте замен кезінде өттің тастары әр түрлі болжаулар және сәндік үшін пайдаланылған. Өт тастары жөніндегі мәліметтерді ең бірінші рет 1341 жылы Gentile de Foligno жазса (Hunt, 1972 жылы), холедохолитиаз жөніндегі мәліметтерді Нюренберг дәрігері V. Coiter 1573 жылы жазған. Өт жолдарының тасы ауруларының клиникалық көріністерін және оның сарғаюмен байланысын француз дәрігері J. Fernel (1497 – 1558) атап көрсеткен. Осы аурудың клиникалық белгілерін ең бірінші рет 1554 жылы Фернелиус сипаттаған.

Жалпы өт жолдарының анатомиясы 17 – 18 ғасырлардан бастап зерттеле бастады және операция жасау мүмкіншіліктері қарастырылды. Г. Вирсунг (1600 – 1647) негізгі панкреатикалық өзек (вирсунгов өзегі) жөнінде жазды. 1743 жылы Ж. Пти 3 науқастың деструктивті холециститтің әсерінен болған іш қабырғасындағы іріңдігін тесіп ашқандығы жөнінде хабарлады (оның біреуі жазылып шыққан). Өт қабында жасалған операциялар жөніндегі мәліметтер 1735 жылы пайда болды. Petit деген ғалым жасалған үш холецистостомия жөніндегі деректерді берді. Эксперимент кезінде 1767 жылы Herlin иттерге холецистэктомия операциясын жасап, осы операцияны адамдарға да жасауға болатынын көрсеткен.

Ең бірінші рет холецистэктомия операциясын 1882 жылы неміс хирургі К. Лангенбух жасады. Россиядан Е.Б. Павловский (1884 жыл), Н.В.Склифософский (1890 жылы) холецистэктомия, ал 1887 жылы Н.Д. Монастырский бірінші болып холецистэнтеростомия операциясын жасады.

Жалпы өт жолдарының тасты ауруларын операция жасау арқылы емдеуге болатындығын орыстың белгілі терапевті С.П. Боткин айтқан болатын. Ол негізінен осы аурудың диагностикасына көп көңіл бөлген.

Холецистэктомия операциясы жалпы өт жолдарына басқа операциялардың (холедохотомия, билиодигестивтік жалғама салу, өт жолдарын сыртқа қарай дренаждау, папиллосфинктеротомия және т.б.) енгізілуіне себепші болды.

Холецистэктомия операциясының енгізу кезеңі ХХ ғасырдың 50 – жылдарына дейін созылып келді.

1950 – 1960 жылдардан бастап жалпы өт жолдарының хирургиясының қазіргі кезеңі басталды. Өйткені жалпы өт жолдарының ауруларын емдеу барысында (90 – 98% науқастарға) холецистэктомия операциясы жасала бастады.

Жалпы өт жолдарының хирургиясының дамуына көптеген орыс ғалымдары да өз үлестерін қосты: С.П. Федоров, А.В. Мартынов, А.Д. Очкин, И.Г. Руфанов, И.М. Тальман, А.Б. Петров және т.б.

Соңғы жылдары дүние жүзіндегі көптеген елдерде жалпы өт жолдарының аурулары көбейіп келе жатқандығы анықталып отыр. Мысалы, 1940 жылға дейін Европа елдерінде жалпы өт жолдарының аурулары 10,8% болды, ал 1970 жылдары 15 – 16%-ға дейін көтерілді. Schoenfield (1982 жыл) мәліметтері бойынша 20 миллион американдықтардың өт қалтасында және өт өзектерінде тастар болатындығы көрсетілген. Жыл сайын науқастардың қатары 1 млн – ға өсіп отыратындығын айтады. Бұған себеп, адамдардың өмір сүру уақытының ұзаруы, холецистолитиаз ауруының егде тартқан адамдарда жиі кездесуі. Сондықтан, холецистолитиаз және холедохолитиаз ауруын геронтология және герартрия ғалымдарында қаралатын мәселелерінің бірі деп айтылуы тегін емес. (Лидский А.Г., 1968; Шабанов А.Н. және т.б. 1969; Pgarlehuer 1973, Evran S.; Соколов Я.К. және т.б. 1986 жыл). Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жалпы өт жолдарының тасты ауруы етті тағамдарды көп қолданатын жерлерде жиі кездеседі. Б.А. Петров (1976 жыл), А.В. Шапошников (1982 жыл) мәліметтері бойынша холецисто-литиаз, холедохолитиаз сарқаттанатын әрбір үшінші науқас операция жасауды қажет етеді. Сонымен қатар жедел холецистит егде тартқан адамдарда асқынуы және деструктивтік түрлерінің жиі кездесуіне байланысты өте ауыр түрде болады. оған себеп гепатопанкреатоду-оденалдық жүйедегі қантамырларының өзгерістері және организмнің күресу қабілетінің төмендеуі.

Ұзақ жылдар бойы кісі өлімі 6 – 10% шамасында сақталып тұрды, ал егде тартқан және қарт адамдарда 10 – 45% құрады. Жалпы өт жолдарының ауруларын дер кезінде анықтауға және емдеу кезіндегі соңғы жетістіктерге байланысты (эндовидеохирургияның пайда болуы) кісі өлімінің төмендей бастағаны байқалады. Мысалы, Санкт – Петербург қаласында соңғы онжылдықта операциядан кейінгі 3,7% құрады.

Анатомо – физиологиялық мәліметтер: Өт қабы (vesica fella) өт жиналатын жұқа қабықты қуысты ағза. Ол бауырдың асыңғы жағындағы ойықта fossa vesica fella орналасқан, түрі алмұрт тәрізді, ұзындығы 5 – 13 см, ені 3 – 4 см, ішіне 40 – 60 мл өт сұйықтығы сияды (1 - сурет).

Өт қабының түбі, денесі және мойны болады. өт қабының түбі (fundus vesica fella) бауырдың алдыңғы қырына жақын жатады, кейде одан шығып тұрады, сондықтан іштің алдыңғы қабырғасына өте жақын жатады. Егер өт қабы толып және керіліп тұрса пальпация жасау арқылы анықтауға болады. денесі (corpus vesica fella) – өт қабының ортаңғы және өте кең, ұзын бөлігі. Жоғарғы және алдыңғы жағынан бауырмен жабылып тұр. Өт қабының денесінің мойнына ауысқан жеріндегі бұлтиып тұрған жерін хирургтар Гартман қалтасы деп атайды (2 - сурет). Мойны өт қабының өзегіне жалғасады. Өт қабының қабырғасы үш қабаттан тұрады: кілегей, бұлшықет және сірі қабықтар. Өт қабының кілегей қабығы көптеген қыртыстардан тұрады. Мойын бөлігі мен өт қабының өзегінің басталған жеріндегі қыртыстардан түзелген қалытқыны Гейстер қалытқысы деп атайды.

1 – сурет. Өт жолдарының құрылысы.

  1. Өт қабы.

  2. Өт қабының өзегі.

  3. Өт қабының артериясы.

  4. Гартман қалтасы.

  5. Жалпы өт өзегі (холедохтың супрадуоденалдық бөлігі).

  6. Бауырдың өзіндік артериясы.

  7. Бауырдың жалпы артериясы.

  8. Ұлтабар.

  9. Жоғарғы шажырқай көктамыры.

  10. Жоғарғы шажырқай артериясы.

  11. Көкбауыр көктамыры.

  12. Көкбауыр артериясы.

  13. Бауыр – ұлтабар байламы.

  14. Ұйқы безі.

  15. Қақпа көктамыры.

2 – сурет. Өт қабының бөліктері.

  1. Өт қабының түбі.

  2. Өт қабының денесі.

  3. Өт қабының мойны.

  4. Жалпы өт жолдары.

  5. Өт қабының өзегі.

  6. Гартман қалтасы.

Өт қабы қанмен 60 – 70% жағдайда меншікті бауыр артериясының оң жақ тарамынан басталатын a.cystica арқылы қамтамасыз етіледі. Кейбір жағдайда аталған артерия жалпы бауыр артериясынан (1%) немесе асқазан – ұлтабар артериясынан (3%) басталатындығы анықталды.

Өт қабының өзегі, жалпы бауыр өзегі және өт қабының артериясы Кало үшбұрышын түзейді (3 - сурет).

Оның оң жақ қабырғасы болып өт қабының өзегі, сол жақ қабырғасы – жалпы бауыр өзегі, жоғарғы қабырғасы – өт қалтасының артериясы табылады. Өт қабы артериясының басқа да орналасу варианттары бар: 1) оң жақ бауыр артериясынан басталып, жалпы бауыр өзегінің алдында жатады; 2) оң жақ бауыр артериясынан басталып тұзақ түзей отырып солға қарай бұрылады; 3) асқазан – ұлтабар артериясынан басталып жалпы өт және өт қабының өзегінің алдыңғы қабырғасында жатады.

3 – сурет. Кало үшбұрышы.

  1. Өт қабы.

  2. Өт қабының артериясы.

  3. Жалпы бауыр өт өзегі.

  4. Бауырдың өзіндік артериясы.

  5. Өт қабының өзегі.

Өт қалтасының иннервациясы, негізінде бауыр нерв өрімі арқылы жүреді. Бұл өрім құрсақ өрімінің, кезбе нервтің, асқазан нервісінің талшықтарынан құралады.

Өт өзектері (бауырдан тыс өт өзектері) бауырдан ұлтабарға өтті ағызатын өзектер жүйесі болып есептеледі.

Бауырдың екі бөлігінен шыққан оң және сол жақ бауыр өзектері қосылып, жалпы бауыр өт өзегін (гепатикохоледох) түзейді. Бұл өзектің диаметрі 0,4-1,0 см аралығында, орта есеппен 0,5 см болады.

Жалпы бауыр өзегі өт қалтасының өзегімен қосылғаннан кейін жалпы өт өзегін (холедох) түзейді. Холедохтың ұзындығы 6-8см, диаметрі 0,5-1см.

Жалпы өт өзегі 4 бөліктен тұрады: 1) Супрадуоденалдық бөлік –ұлтабардан жоғары орналасқан бөлігі; 2) Ретродуоденалдық – ұлтабардан жоғары горизонталдық бөлігінің артында орналасуы; 3) Панкреатикалық бөлігі –ұйқы безінің бас жағының артында; 4) Интрамуралдық бөлігі –ұлтабардың қабырғасында орналасуы (4 - сурет).

4 – сурет. Жалпы өт өзегінің бөліктері.

  1. Супрадуоденалдық бөлік

  2. Ретродуоденалдық бөлік

  3. Панкреатикалық бөлік

  4. Интрамуралдық бөлік

Жалпы өт өзегінің төменгі бөлігінде ұлтабардың кілегейлі қабатының астында үлкен дуоденальды емізік (Фатеров емізігі) түзеледі.

Әр түрлі мәліметтер бойынша 55-85% жағдайда жалпы және панкреатикалық өзектер бір-бірімен тік бұрыш жасап қосылып ұлтабарға құяр сағасында жалпы ампула түзейді. 4-6% жағдайда бір-біріне қосылмай бөлек ұлтабарға ашылуы мүмкін.

Үлкен дуоденалды емізік қалыпты жағдайда асқазанның қалтқысынан 8-12 см қашықтықта ұлтабардың төмендеме бөлігінің ортасында орналасқан.

Холедох көбіне (70-90%) ұйқы безінің тіндерінің ішінде толық немесе жартылай жатады. Холедохтың интрапаренхиматоздық жатуы ұйқы безінің басының қабыну және ісіну процестер кезінде оның қысылуына себеп болады. Сонымен бірге холедохтың панкреатикалық және интрамуральдық бөлігі өтетін гипертензиясы кезінде көп кеңеймейді. Соның әсерінен холедохтың осы бөліктерінде өзек ішілік манипуляция жасауды қиындатады, мысалы тастарды алу қиынға соғады.

Жалпы өт өзегінің ұйқы безінің басымен жақын жатуы және ұйқы безінің өзегімен тығыз байланыста болуы, ұйқы безінде өт жолдарында және ұлтабарда әр түрлі патологиялық процесстердің пайда болуының себептерінің бірі болып табылады.

Жалпы өт жолдарының негізгі қызметі – бауырда түзілетін өтті ұлтабарға жеткізу. Бауыр клеткалары қалыптасқан жағдайда тәулігіне 800-1000 мл өт бөледі. Бауырда түзілген өт сұйығы 97% судан, 1-2% өт тұздарынан, 1% пигменттерден, холестерин және өт қышқылынан тұрады. Осы өт өт қабына түскеннен кейін су мен микроэлементтердің сіңірілуіне байланысты оның концентрациясы 5-10 есе өседі. Оның негізгі компоненті болып өт пигменті , холестерин, өт қышқылы, фосфолипидтер табылады. Аталғандардың әрбіреуі ас қорыту және зат алмасу процесстерінде басты рөл атқарады.