Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Жунисалиева М. оканчательный.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
173.6 Кб
Скачать

2.3 Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану барысында туындайтын мәселелер

Кез келген бұлтартпау шарасын қолданудан туындайтын заңды факт тиісті іс жүргізулік құжаттарды толтыру немесе қабылдау болып табылады. Жалпы ережеге сай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында тұлғаны айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулы шығарылған кезден бастап үш тәуліктен кешіктірілмей оған айып тағылғаннан кейін бұлтартпау шарасы қолданылады.

Бұлтартпау шарасы заңда көзделген негiздер болған кезде және ҚР ҚПК-нің 138-бабында көрсетiлген мән-жайлар ескерiле отырып қолданылуы мүмкiн. Бұл реттегi айыптау күдіктiге бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей тағылуы тиіс. Егер бүл мерзімде айып тағылмаса, бұлтартпау шарасы дереу тоқтатылады [24, 58б]. Бұдан біз кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың міндетті белгісінің бірі тұлғаға айып тағылу екендігін көреміз.

Қылмыстық процестi жүргiзушi орган бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы шығарады.

Қаулыда мыналар: оның толтырылған жерi мен уақыты; қаулы шығарған адамның тегi мен лауазымы; күдiктi немесе айыпталушы адамның қылмыс жасау жағдайлары; осы адамның тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күнi, айы, жылы мен туған жерi; азаматтығы; күдiктiнiң, айыпталушының жеке басын куәландыратын құжат; қылмыстық iстi қозғау күнi мен Қазақстан Республикасы Қылмыстық  кодексiнiң бабы; ұсталған және айып тағылған күн; тағылған айыптың көлемi; кепiл түрiнде бұлтартпау шарасын таңдау үшiн негiз болатын мән-жайлар; кепiл ретiнде салынатын ақшалай сома не болмаса оның құнын және соттың депозитiне ақша салуды растайтын құжатқа сiлтеме жасай отырып, мүлiк тiзбесi; күдiктiнiң, айыпталушының анықтау, тергеу органдарына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келу жөнiндегi мiндеттерiн, сондай-ақ өзiнiң болатын жерiн өзгерткен жағдайда хабарлау туралы түсiндiру; Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнiң қаулы шығаруға негiз болған баптары көрсетiледi. Қаулыға оны толтырған адам, күдiктi, айыпталушы және қатысқан жағдайда - олардың қорғаушысы тегi мен ордер номерiн көрсетiп, қол қояды.

Кепiлдi қолдану туралы қаулы қылмыстық iстi жүргiзiп жатқан органның кепiл түрiндегi бұлтартпау шарасын есепке алу журналына тiркеледi.

Кепiл тек прокурордың санкциясымен немесе соттың шешiмi бойынша қолданылады. Қылмыстық қудалау органы шығарған кепiл түрiндегi бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы қылмыстық iс бойынша өндiрiстiң заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын прокурор оны санкциялағаннан кейiн күшiне енедi. Прокурор ҚПК  145-бабының 3-бөлiгiнде көрсетiлген көлемнен төмен болмайтын басқа кепiл мөлшерiн тағайындай отырып, тергеушi (анықтаушы) белгiлеген кепiл сомасын өзгертуге, сондай-ақ қаулыны санкциялаудан бас тартуға құқылы. Кепiлдi таңдаған лауазымды адам бас тартқан жағдайда оны кепiл берушiге қайтару және кепiлге алынған мүлiктен барлық шектеулердi алу жөнiнде шаралар қабылданады.

Кепiл сомасын айыптаудың ауырлығын, күдiктiнiң, айыпталушының жеке басын, қызметiн, тұрақты тұрғылықты жерiнiң бар-жоғын, кепiл берушiнiң отбасылық және мүлiктiк жағдайын, қылмыстық жауапкершiлiк пен жазаны ауырлататын және жеңiлдететiн мән-жайларды және басқаларды есепке ала отырып, осы бұлтартпау шарасын таңдайтын адам анықтайды.

Енгiзiлетiн кепiлдiң бағалылығын дәлелдеу кепiл берушiге жүктеледi. Кепiлдiк мүлiктiң құнын айқындайтын құжаттарды қолданыстағы заңнамаға сәйкес бағалау қызметiмен айналысуға құқық беретiн лицензиясы бар заңды тұлғалар сияқты жеке адамдар да бере алады.

Кепiл берушiге, егер оның өзi күдіктi, айыпталушы болмаса, оған қатысты осы бұлтартпау шарасы қолданылатын адамның айыбының мәнi түсiндiрiледi. Кепiл берушiге күдiктi, айыпталушы шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда кепiл мемлекеттiң кiрiсiне айналатындығы туралы ескертiлгендiгi атап өтiлген хаттама жасалады.

Бұлтартпау шарасы ретiнде кепiлдi таңдаған орган кепiл берушiнiң еңбекке қабiлеттi екенiне көз жеткiзу керек.

Кепiл аумақтылығы бойынша соттың депозитiне енгiзiледi. Кепiл енгiзiлген кезде сот тиiстi құжат (кассалық кiрiс ордерi, төлем тапсырмасы) бередi.

Егер кепiл ретiнде бағалы заттар енгiзiлсе, онда оларды сақтау нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 658 болып тiркелген, "Соттардың, прокуратура, алдын ала тергеу, анықтау, сот сараптамасы органдарының қылмыстық, азаматтық iстер және әкiмшiлiк құқық бұзушылық iстерi туралы iстер бойынша құжаттарды, заттай дәлелдемелердi алу, есепке алу, сақтау, беру және жою тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Әдiлет министрiнiң 1998 жылғы 12 қарашадағы N 121, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 1998 жылғы 1 желтоқсандағы N 1043ца, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi төрағасының 1998 жылғы 8 желтоқсандағы N 73, Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 1998 жылғы 22 желтоқсандағы N 598, Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрiнiң 1998 жылғы 2 желтоқсандағы N 429, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк кiрiс министрiнiң 1998 жылғы 28 желтоқсандағы N 111 бiрлескен бұйрығымен бекiтiлген нұсқаулыққа сәйкес заттай дәлелдемелердi сақтау сияқты жүзеге асырылады.

Аталған бұлтартпау шарасын таңдаған лауазымды адам кепiл ретiнде жылжымайтын мүлiктi немесе автокөлiк құралын қабылдаған жағдайда олармен жасалған мәмiлелер жасауды болдырмау мақсатында бұл туралы жоғарыда аталған кепiл заттары тiркелген органдарға дереу хабарлайды.

Бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселені шешу барысында келесідей ережелерді ескеру керек:

  1. Кез келген бұлтартпау шарасы айыпталушының қылмыстық іс жүргізуге қатысуын қамтамасыз етуге арналған және олар тек ҚР ҚПК-нің 136-бабында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін қолданылады. бұлтартпау шараларын өзге мақсаттарға қолдануға жол берілмейді.

  2. Бұлтартпау шарасы қылмыстық іс материалдарымен дәлелденетін ҚР ҚПК-нің 136-бабында көзделген негіздер болған жағдайда ғана қолданылады.

  3. Бұлтартпау шарасы және оның қайсысын қолданудың қажеттiгi туралы мәселенi шешу кезiнде ҚР ҚПК-нің 138-бабында аталған мән-жайларды айыпталушының жасау мүмкіндігі мен қатар, тағылған айыптаудың ауырлығы, айыпталушының жеке басы, оның жас мөлшерi, денсаулық жағдайы, отбасы жағдайы, немен шұғылданатындығы, мүлiктiк жай-күйi, тұрақты тұратын жерiнiң бар-жоғы және басқа мән-жайлар ескерiлуге тиiс.

  4. Қылмыстық-процестік кодекс қылмыстық іс жүргізуші органды бұлтартпау шарасының қайсысын қолданудың қажеттiгi туралы мәселенi шешу кезiнде шектемейді, шешім оның ішкі нанымына байланысты қабылданады.

  5. Айыпталушыға (күдіктiге) бiр мезгiлде екi және одан да көп бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды. Бұр тұлғаға тек бір ғана бұлтартпау шарасы қолданылады.

  6. Қылмыстық іс жүргізу заңы сотқа дейінгі тергеп-тексеруде үйқамақ бұлтартпау шарасының мерзімін шектейді, айыпталушыға қатысты өзге бұлтартпау шараларының, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасының да қоланылу мерзімі шектелмеген, олар таңдалған сәттен тиісті тәртіппен өзгергенге немесе жойылғанға дейін қолданылады.

Бірінші және екінші ережені біз жоғарыда қарастырған болатынбыз, сондықтан да оларға тоқталып жатпаймыз.

Бұлтартпау шарасының нақты бір түрін, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасын таңдау мәселесін шешу кезінде қылмыстық іс жүргізуші тұлға тағылған айыптың ауырлығын, айыпталушының жеке басын, оның жас мөлшерiн, денсаулық жағдайын, отбасы жағдайын, немен шұғылданатындығын, мүлiктiк жай-күйiн, тұрақты тұратын жерiнiң бар-жоқтығын және басқа да мән-жайларды ескеруі тиiс [55, 112б.].

Кейбір жағдайларда жоғарыда айтылған мән-жайлардың бірі, мысалы, денсаулық жағдайы немесе мүліктік жай-күйi шешуші маңызды болуы мүмкін. Ал басқа жағдайларда, бұл мән-жайлар бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ерекше рөлді иеленбейді, сонымен бірге заң олардың қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Айыпталушының анкетелық, биографиялық және өзге де мәліметтерге байланысты оң немесе теріс мінезделуі, оның алдағы мінез-құлқын болжауға мүмкіндік береді. Айыпталушының тұлғасы туралы деректер оның мекен-жайынан алынған анықтамалардан, соттылығы туралы мәліметтен, қылмысқа бірігіп қатысушылардың бар жоқтығы туралы жедел іздестіру ақпараттарынан, оның қарам-қатынасқа түсетін адамдарынан алынған мәліметтерінен, айыпталушының жеке басын сипаттайтын өзге де деректерден алынуы мүмкін.

Бұлтартпау шарасын таңдау туралы мәселені шешу кезінде алдымен, айыпталушының жас мөлшерін анықтау қажет. Егер ол кәмелетке толмаған болса ҚР ҚПК-нiң 144-бабында көзделген тәртiппен кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру тәрiздi таңдау мүмкiндiгi талқылануы тиiс.

Айыпталушының денсаулық жағдайы (үздіксіз емделуге, ерекше күтуге қажеттілік, ағзаның әлсіреуі т.б.) оны қандай күйде екендігін куәландыратын тиісті медициналық құжаттар ұсынылған жағдайда ескеріледі. Ұсынылған құжаттардың дұрыстығына қылмыстық іс жүргізуші тұлға күмәнданған жағдайда, ол тәуелсіз медициналық куәландыруды немесе айыпталушының есебінен сот медициналық сараптама тағайындауға құқылы. Егер тұлғаның психикалық аурумен ауыратындығы анықталатын болса, онда ҚР ҚПК-нің 511-бабына сәйкес мұндай адамға бұлтартпау шарасы, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасы да қолданылмайды. Оларға қажет болғанда денсаулық сақтау органдарын хабарландыра отырып, ауру адамды туыстарының, қамқоршыларының, қорғаншыларының қарауына беру немесе психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық мекемеге орналастыру қауiпсiздiк шаралары қолданылады.

Айыпталушының отбасы жағдайына қатысты келесі мән-жайлар: жасөспірім балаларының, қарт, мүгедек адамдардың болуы, отбасының өзге мүшелерінің (жұбайының, ата-анасының) жалғыз асыраушы - айыпталушының асырауында болуы ескеріледі.

Кепіл бұлтартпау шарасын таңдау кезінде айыпталушының мүліктік жай-күйі басты маңызға ие болады. Егер айыпталушы өзі кепіл беруші болса, онда енгізілетін ақша немесе басқа бағалы зат оның мүліктік жағдайына тікелей байланысты. Бұл жағдайда кепілге салынатын мүлікке тыйым салынбағандығын және ол келешекте тәркілеуге жатпайдығын ескеру керек. Егер мүлік тәркілеуге жататан мүлік болса оған тыйым салынып, ол мүлік кепілдің пәні бола алмайды. Қылмыстық-процестік қодексте кепіл сомасын анықтағанда, тек айыпталушының ғана емес, сонымен бірге кепіл беруші басқа тұғаның да мүліктік жағдайын ескеруді қарастырады (ҚР ҚПК-нің 145-бабы). Бұл талап негізді, себебі мүліктік жағдайы нашар тұлғалардың мүлкімен кепілден туындайтын міндеттемені қамтамасыз етуден сақтануға мүмкіндік береді.

Кепіл бұлтартпау шарасын қолдану мәселесін шешу кезінде кепіл берушінің айыпталушының сотқа немесе тергеу органдарына келу міндетін орындауды қамтамасыз ету үшін кепіл пәнін кепілге қоя алатындығын тексеру керек. Қырғыз Республикасының кепілді қолдану тәжірибесінде кепіл сомасын енгізе алмағандықтан кепіл бұлтартпау шарасының қолданылуын тоқтатылған. Алматы қаласының Алмалы АІІБ-де № 009550980908 санды қылмыстық іс бойынша Р.А. Токтарбаевқа қатысты ҚР ҚК-нің 177-бабы 1-бөлімі бойынша алаяқтық қылмысын жасағандығы үшін айып тағылды. Прокурордың санкциясымен 2009 жылы 2 мамырда Р.А. Токтарбаевқа қатысты кепіл бұлтартпау шарасы қолданылды және кепіл мөлшері 580 000 теңге болып анықталды. 2009 жылы 12 мамырда кепіл бұлтартпау шарасы үйде қамауда ұстауға өзгертілді. Тергеушінің бұлтартпау шарасын өзгерту туралы қаулысында айыпталушы сот депозитіне кепіл сомасын енгізбеді, осы арқылы ол бұлтартпау шарасын бұзды деп көрсетті. 2009 жылы 19 мамырда Алматы қаласы, Алмалы ауданы прокурорымен уйде қамауда ұстау бұлтартпау шарасы заңсыз деп танылып, ол тоқтатылды. Прокурор өзінің шешімін айыпталушы кепіл берушінің тұлғасы мен мүліктік жағдайын ескермей бірінші таңдалған бұлтартпау шарасын бұзған жоқ деп негіздеді. Тергеуші мен қадағалаушы прокурор Р.А. Тоқтарбаев екінші топ мүгедегі және оның асырауында екі адам болғандықтан, кепіл затын төлеуге оның мүмкіндігі болмады деп көрсетті. Басқа тұлғалармен кепіл сомасын енгізу қарастырылмады. Сонымен қатар айыпталушы тергеу органына келуден жалтармады, басқа қылмыс жасамады, осылайша, бұлтартпау шарасын бұзған жоқ. Р.А. Токтарбаев үйде қамауда ұстаудан босатылып, оған ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қол қойдыру бұлтартпау шарасы қолданылды [56, 83б.].

Бұл мысалдан біз, бұлтартпау шарасын таңдау мәселесін шешу кезінде қылмыстық іс жүргізуші тұлға айып тағылған қылмыстың санатына қарай анықталған кепіл мөлшерінің ең төменгі мөлшерін кепіл беруші енгізе алатындығын анықтау керектігін көреміз. Егер бұл мәселе оң шешілсе, онда айыпталушының тергеуден не соттн жалтару мүмкіндігі ескеріліп, кепіл сомасы бекітіледі. Мұндай жағдайда кепілдің сомасын тым көбейтуге болмайды, тек ол айыпталушының тергеу органы мен сотқа келу міндетін орындауды қамтамасыз ете алатын сомада белгіленуі тиіс, бұл қылмыстың ауырлық санатына ғана байланысты емес, сондай-ақ айыпталушының жеке басына да қатысты.

Қылмыстық-процестік кодекс енгізілетін кепілдің ең жоғарғы мөлшерін шектемеген, сондықтан ол кепіл берушінің материалдық жағдайын ескеріп, кепіл мөлшері неғұрлым жоғары болса, соғұрлым кепілге салынған мүліктен айырылу қаупінің айыпталушының міндетін орындауын қамтамасыз ету мүмкіндігі артатындығын ескеріп анықталуы тиіс.

Бұлтартпау шарасы ретінде кепіл бұлтартпау шарасын таңдаған кезде айыпталушының тұрақты мекен-жайының бар немесе жоқ екендігін анықтау қажет. Бұл айыпталушының туысқандарынан, көршілерінен сұрау арқылы және мекен-жай бюросынан, халыққа қызмет көрсету орталығынан тиісті анықтамаларды сұрау жолымен анықталады. Егер айыпталушының тұрақты тұратын мекен-жайы жоқ болса, оған қатысты кепіл бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігі төмендейді.

Бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін басқа мән-жайларға мыналарды жатқызуға болады: айыпталушының шет елдің азаматы болуы немесе оның азаматтығының жоқтығы, Отан алдындағы еңбегі, аффект жағдайы, қажетті қорғанудың шегінен шығуы, жүктілігі т.б. Бұл мән-жайлар кездесетін әрбір жағдайда, бұлтартпау шарасын таңдау мәселесін шешкен кезде олар міндетті түрде ескерілуі тиіс [57, 34б.].

Қылмыстық-процестік кодекс бұлтартпау шарасы ретінде кепіл бұлтартпау шарасын таңдау үшін алдан ала өтініш беруді талап етпейді. Сонымен қатар, ҚР ҚПК-нің 99-бабына сәйкес процеске қатысушылар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, судьяға (сотқа) қылмыстық процесс барысында маңызы бар мән-жайларды анықтау, өтінішхатпен жүгінген тұлғаның немесе өздері өкілдік ететін тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн процестік әрекеттерді жүргізу немесе процестік шешімдерді қабылдау туралы өтінішхаттармен жүгінуге құқылы. Өтініште кепіл бұлтартпау шарасын таңдауға пайдасын тигізетін мәліметтерді көрсетуге болады.

Егер өтінішті беруші айыпталушының (күдіктінің) өзі болмаса, онда кепіл бұлтартпау шарасын таңдауға оның жазбаша келісімі қажет. Кепіл бұлтртпау шарасын қолдануға айыпталушының келісімінсіз, оның осы бұлтартпау шарасынан туындайтын міндеттемені орындайтындығына сенімділік болмайды.

Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді таңдау қылмыстық іс жүргізуші органның бастамасымен шешілетін болса, айыпталушының, ал кепіл беруші өзге тұлға болса, кепіл берушінің келісімі қажет. Заңда кепіл бұлтартпау шарасын қолдануға айыпталушының (кепіл берушінің) келісімін алу мерзімі қарастырылмаған. Егер келісім бақа бұлтартпау шарасын таңдағаннан кейін кешігіп берілсе, онда ол келісім қарсы өтініш (ұсыныс) ретінде қарастырылуы тиіс. Шешім қандай бұлтартпау шарасы таңдалғанына және оны өзгерту айыпталушының міндеттерін орындауды қамтамасыз ететіндігіне байланысты шешіледі. Үйқамақ бұлтартпау шарасын кепіл бұлтартпау шарасына ауыстырған кезде прокурордың келісімі қажет (ҚР ҚПК-нің 153- бабы).

Бұлтартпау шаралары кодексте көзделген тұлғаларға қатысты қолданылады. Олар: айыпталушы (ҚР ҚПК-нің 136-бабы), ерекше жағдайда күдіктіге (ҚР ҚПК-нің 139-бабы) бұлардың құқықтық жағдайы осы тұлғаларды қылмыстық процесске қатысушылар ретінде реттейтін нормалармен бекітілген.

Кепіл беруші айыпталушының қылмыстық іс жүргізуші органның шақыруы бойынша келуін қаматамасыз ету үшін, кепіл енгізген тұлға кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ айыпталушы кепіл беруші бола алады. Кепіл беруші бірнеше тұлға болуы мүмкін. Мұндай жағдайда олардың әрқайсысы бұлтартпау шарасын таңдау туралы шешім қабылдайтын органға өтініш жазуы тиіс. Егер заңды тұлғаның бірнеше құрылтайшысы болса, онда әрбір құрылтайшының кепілді енгізуге келісімі қажет. В.А. Михайлов: «Кепіл беруші ретінде кепілдің пәні өзіне шаруашылық жүргізу құқығымен тиесілі тұлға, сондай-ақ қамқоршысының келісімі болған жағдайда әрекет қабілеттілігі шектелген жеке тұлғада бола алады » деп жазды [20, 34б].

Бұл пікір келесі негіздер бойынша дау туғызады. Азаматтық құқыққа қарағанда Қылмыстық іс жүргізу құқығындағы кепілдің ерекшелігі кепілдің мақсаты несие берушінің алдында міндеттемені орындау емес, ал кепіл берушінің айыпталушының міндеттерін орындауын қамтамасыз ету болып табылады. Егер тұлға мүліктің меншік иесі болмаса, онда ол кепіл пәнінің сақталуына меншік иесі сияқты мүдделі болмайды.

Әрекет қабілеттілігі шектеулі тұлғалар кепіл беруші бола алмайды, себебі олар өздері біреудің қамқорында болғандықтан, айыпталушының тергеу органына немесе сотқа келуін қамтамасыз ету міндеттемесін өзіне ала алмайды.

Жеткілікті негіздер болғанда заңда көзделген мән жайларды ескеріп, қылмыстық іс жүргізуші орган ҚР ҚПК-нің 136-бабында көзделген мақсаттарға жеткізетін бұлтартпау шарасының бірін таңдап, оны қолдану туралы қаулы қабылдайды.

Кодексте кепіл бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулыда, оны қолданудың негізін көрсетуді анықтайды, сонымен қатар, біздің ойымызша басқа бұлтартпау шарасын емес, кепілді қолдануға себеп болған басқа да мән жайлар көрсетілуі тиіс деп ойлаймыз.

Бұлтартпау шарасын таңдау кезінде ескерілетін мән жайлар бірін-бірі толықтыра келе, іс жүргізуші тұлғаға бұлтартпау шарасын қолданудың мақсатына жеткізу мүмкіндігі ең жоғары бұлтартпау шарасын таңдауға көмектеседі.

Бұлтартпау шарасын қолдану себептерінің қаулыда көрсетілмеуі бұлтартпау шарасын қолдануға негіздер туралы шешімнің шынайылылығын төмендетеді, оның салдарынан бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулының негізділігі де төмендейді. Қаулы көшірмесі айыпталушыға тапсырылады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруде кепіл бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы тек прокурордың санкциясы немесе соттың келісімін алғаннан кейін заңды күшіне енеді. Тергеушінің процессуалдық шешімінің негізділігі мен заңдылыға тексеріледі. Прокурор немесе сот, тергеуші анықтаған кепілдің мөлшерімен келіспеген жағдайда оның мөлшерін өзгерте алады, сондай-ақ оның себептерін көрсете отырып санкция беруден бас тарта алады.

Қазақстан Республикасында кепіл бұлтартпау шарасын қолдану тәжірибесіне сәйкес, тергеуші алдымен прокурордаға жүгінеді, одан келісім алған соң кепіл бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы қабылдайды, кепіл беруші кепілдің пәнін сот депозитіне енгізеді және оны растайтын құжатты тергеушіге тапсырады. Сондан соң тергеуші кепіл бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулыны кепіл енгізілгендігін дәлелдейтін құжатпен бірге прокурорға жолдайды, прокурор қаулыға санкция береді, одан кейін кепілді қабылдау туралы хаттама толтырылады. Бұл рәсім күрделілігіне қарамастан, бірқатар басымдықтарды иеленеді. Егер қандай да бір себеппен кепіл пәні сот депозитіне енгізілмесе, санкцияланған кепіл бұлтартпау шарасын жоюға ешқандай қажеттілік жоқ [15, 91б].

Заңға сәйкес кепілді тек сот депозитіне енгізілетіндіктен, сондай-ақ кепіл бұлтартпау шарасын қолдану рәсімінің күрделілігіне орай оны қолданудың жеделдігіне байланысты мәселелер туындайды. Кепіл беруші кепілді сот депозитіне енгізген соң, прокурордың санкциясын немесе соттың шешімін күтеді. Тиісті келісім берілген соң, кепіл беруші бұлтартпау шарасын таңдаушы органға тиісті хаттама толтыру үшін барады. Бұл рәсім кепіл беруші айыпталушы немесе күдікті болған жағдайда күрделене түседі. Кепіл пәнін кепіл бұлтартпау шарасын таңдаушы органның депозитіне енгізуге жол беру мақсатқа сай болар еді, және кепіл бұлтартпау шарасын қолдану рәсімі жеңілдеп, уақытты үнемдейтін едік. Көрші Қырғыстан, Өзбекстан мемлекеттерінде бұл мәселе осылай шешімін тапқан.

Енгiзiлген кепiл бойынша мiндеттемелер мерзiмi кепiл түрiнде бұлтартпау шарасы таңдалған сәттен бастап ол жойылғанша немесе өзгергенге дейiн iстi сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және соттық қараудың барлық уақытына созылады.

Егер күдiктi, айыпталушы немесе айыпталушы болып табылмайтын кепiл берушi салынған ақшаны, мүлiктi немесе бағалы заттарды қайтаруды талап етсе, қылмыстық процестi жүргiзушi орган бұдан бас тартуға құқығы жоқ. Мұндай жағдайда кепiл - бұлтартпау шарасы неғұрлым қатаңырақ түрге өзгертiлуi немесе басқа кепiл берушiге ресiмделуi тиiс, бұл туралы күдiктiге, айыпталушыға түсiндiрiледi.

Егер кепiл берушi бiрнеше адам болса және олардың бiреуi қабылданған мiндеттемеден бас тартса, онда бұлтартпау шарасын таңдау кезiнде белгiленген сома мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз еткен жағдайда ғана азайтылуы мүмкiн. Кепiл мөлшерi жеткiлiксiз болған жағдайда жетпеген соманы басқа кепiл берушiлер толықтыра алады не болмаса бұлтартпау шарасы неғұрлым қатаң түрге өзгертiледi.

Бұл шешiмдердiң барлығы сотқа дейiнгi өндiрiсте ҚПК-нiң 153-бабына сәйкес қылмыстық процестi жүргiзушi органның дәлелдi қаулысы түрiнде ресiмделедi.

Кепіл бұлтартпау шарасы қолданылған айыпталушы немесе күдіктіні қылмыстық іс жүргізуші орган жазбаша шақырады. Егер кепіл беруші айыпталушы (күдікті) болмаса, онда айыпталушының шақырылғандығы туралы кепіл берушіге хабарланады. Айыпталушы тұрақты тұратын мекен-жайын өзгерткен жағдайда, ол туралы қылмыстық іс жүргізуші органға хабарлайды.

Заңға сәйкес күдiктi, айыпталушы қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда кепіл мемлекеттің кірісіне айналады. Қылмыстық іс жүргізуші органнан айыпталушының жалтаруы ретінде оның жасырынуын, шақыру бойынша жүйелі түрде себепсіз келмей қою ретінде түсінуге болады. Сонымен қатар бұлтартпау шараларын қолданудың мақсаты барлығына біртұтас деп жоғарыда айтқанымызға сәйкес, айыпталушының немесе сезіктінің ҚР ҚПК-нің 136-бабында көзделген әрекеттердің бірін жасағанда кепілді мемлекет кірісіне айналдырған дұрыс деп ойлаймын.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы тиісті іс құжаттарын (шақыру қағазын, жәбірленуші мен куәлерден жауап алу хаттамаларын, мекен-жай анықтамаларын т.б.) прокурорға жолдайды. Прокурор келіп түскен іс материалдарын қарап, олардың заңдылығы мен негізділігін тексеріп, онымен келіскен жағдайда сотқа кепiлдi мемлекеттiң кiрiсiне айналдыру туралы ұсыныс жолдайды. Судья кепілді мемлекеттің кірісіне айналдыру туралы мәселені қылмыстық істі сұраттырып, кепіл берушіні шақырып, бөлек отырыста шешеді. Судья айыпталушының міндетін қасақана бұзғандығын дәлелдейтін құжаттарды тексеріп, айыпталушының кепіл бұлтартпау шарасынан туындайтын қылмыстық іс жүргізуші органның шақыруы бойынша келу міндетін расында орындамағандығын анықтауы тиіс.

Дәлелдi себептер болған жағдайда (келу мүмкiндiгiнен айыратын ауруы, жақын туыстарының қайтыс болуы, дүлей зiлзала, жаппай тәртiпсiздiктер, шақыру қағазын алмауы, белгiленген мерзiмде келу мүмкiндiгiнен объективтi түрде айыратын өзге де жағдайлар) күдiктiнiң, айыпталушының келмеуi бұлтартпау шарасын өзгерту үшiн негiз ретiнде қабылдануы мүмкiн емес.

Егер күдiктi, айыпталушы өзiнiң тұрғылықты жерiн хабарламай жасырынған және ол осындай себептермен келуден жалтарғаны туралы жеткiлiктi негiздер болған жағдайда бұлтартпау шарасын неғұрлым қатаң түрге өзгерту және оған iздестiру жариялау туралы мәселе қаралуы тиiс.

Кепiлдi неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасына өзгерту туралы (үйқамақ) қылмыстық процестi жүргiзушi орган дәлелдi қаулы шығарады, оны қылмыстық iстiң материалдарымен және күдiктiнiң, айыпталушының шақыру бойынша келуден жалтарғанын растайтын құжаттармен бiрге осы бұлтартпау шарасын санкциялаған прокурорға дереу жiбередi, ал сотталушыға қатысты шешiмдi сот қабылдайды.

Прокурор осы шешiмнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн тексере отырып, сотқа кепiлдi мемлекет кiрiсiне жiберу туралы ұсыныс жасайды, бұл туралы кепiл берушiге хабарлайды. Егер бұлтартпау шарасын өзгерту туралы қабылданған шешiм негiзсiз және заңды бұза отырып қабылданса, прокурор өзiнiң қаулысымен оның күшiн жояды. Мұндай жағдайларда кепiл өзгерiссiз қалады.

Егер кепiл түрiндегi бұлтартпау шарасын өзгерту туралы шешiмдi сот өзiнiң өндiрiсiндегi қылмыстық iс бойынша қабылдаса, онда кепiлдi мемлекет кiрiсiне беру туралы мәселенi олар дербес қарайды, бұл туралы қаулы шығарады.

Кепіл мемлекеттің кірісіне айнаналғанда оның мақсатты қолданылуын анықтау логикаға сай деп ойлаймыз. Мысалы, мүліктік зиян келтірумен байланысты қылмыстар бойынша мемлекет кірісіне айналған кепіл пәнін жәбірленушіге келтірілген зиянның орнын толтыру үшін қолдану. Әйтпесе, қылмыстық іс жүргізу алдымен, қылмыспен зиян келмейтін мемлекеттің мүддесін көздейді, содан соң жәбірленушінің материалдық мүддесін көздейді деп ойлауға себеп болады. Бұл жерде айта кететін жайт, заң бойынша мiндеттемелердi орындау кезiнде кепiл ретiнде енгiзiлген сома есебiнен азаматтық талапты өтеу айыпталушының өзi кепiл берушi болып табылса ғана мүмкiн болады.

С.В. Смирнов айтқандай, қылмыстық-процестік кодексінде, заңға тәуелді актілерде, сот тәжірибесі мемлекет кірісіне айналған кепілден жәбірленушіге келтірілген зиянның орнын толтыруға мүмкіндік беретін ереже кездеспейді. Сонымен қатар қылмыспен келтірілген материалдық зиянның орнын тек мемлекет кірісіне айналған кепілден емес, сондай-ақ айыпталушы бұлтартпау шарасын бұзбаған жағдайда мемлекет кірісіне айналмаған кепілден де толтыруды ұсынған [58, 64б]. Осыған орай, айыпталушы бұлтартпау шарасын бұзбаған жағдайда мемлекет кірісіне айналмаған кепілден азаматтық талапты қанағаттандыруға кепіл беруші тек айыпталушының өзі болғанда ғана болады деп нақтылаймыз.

Кепіл бұлтартпау шарасын таңдау рәсімінің күрделігіне қарамастан оны қолданудың аясын кеңейту үшін ынталандыру жүйесін қалыптастыру керек. Ол үшін кепіл пәнін кепіл берушіге қайтарғанда немесе мемлекет кірісіне айналдырған жағдайда оның белгілі бір бөлігін бұлтартпау шарасын таңдаған сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына қалдыруды қарастыратын заңға тәуелді акт шығару немесе қылмыстық-процестік кодекске осындай толықтыру енгізу жеткілікті болар еді. Кепіл пәнін кепіл берушіге қайтарған жағдайда енгізілген кепіл сомасының 5% мемлекет кірісіне айналатын анологиялық ереже Қырғыз Республикасында қарастырылған [15, 98б].

Кепіл бұлтартпау шарасын қолдану оны қолдануға негіздер жойылғанда тоқтатылады.

Бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы қылмыстық іс жүргізуші органның кепіл бұлтартпау шарасын таңдаудан бас тартқан шешіміне, оның қызметінің заңдылығын қадағалаушы прокурорға шағымдалуы мүмкін. Кепіл бұлтартпау шарасына қолдануға санкция беру немесе санкция беруден бас тарту шешімі жоғары тұрған прокурорға беріледі. Өзiнiң жеке iс-әрекетi мен шешiмiне шағым түскен прокурор шағымды өзiнiң түсiнiктемесiмен бiрге дереу жоғары тұрған прокурорға жолдауға мiндеттi. Егер лауазымды адам шағымды негiздi деп есептесе, онда ол шағым жасалған кепіл бұлтартпау шарасын қолдануды тоқтатады немесе шағым жасалған шешiмдi өзгертедi.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда кепiл ретiндегi бұлтартпау шарасының күшi прокурор санкциялаған тиiстi қаулымен жойылады. Бұл ретте осы шешiмдi қабылдаған лауазымды адам прокурор санкциялаған қаулыны қоса отырып, кепiлдi қайтару туралы сотқа жазбаша түрде хабарлама жiбередi. Сот осы қаулыға сәйкес салынған мүлiктi, сақтауға тапсырылған бағалы заттарды немесе депозитке салынған ақшаны бередi. Кепiлдi кепiл берушiге қайтару туралы құжатты сот iстiң материалдарына тiгу үшiн анықтау немесе алдын алу тергеу органына жiбередi. Егер салынған мүлiкке шектеулер болса, қылмыстық iстi тоқтатқан орган оларды алу жөнiнде қажеттi шаралар қабылдайды.

Егер қылмыстық іс жүргізу сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында қысқартылса, онда кепіл бұлтартпау шарасын тоқтату туралы шешімді, қылмыстық істі тоқтатқан тұлға қабылдайды. Қылмыстық істі қысқартқанға дейін айыпталушы міндетін орындамай кепіл бұлтартпау шарасын бұзса, кепіл пәнінің тағдырын шешу сотқа жүктеледі. Қылмыстық іс ақтау негіздерімен қысқартылса немесе қылмыстық іс бойынша ақтау үкімі шығарылса бұлтартпау шарасы тоқтатылып, сот депозитіне енгізілген кепіл пәні кепіл берушіге бұлтартпау шарасының талаптарының айыпталушымен бұзылған, бұзылмағандығына қарамастан қайтарылады. Ол туралы сот үкімі шығарылады.

Кепіл беруші айыпталушының дұрыс мінез-құлқы мен қылмыстық іс жүргізу органына келуін қамтамасыз еткен қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі шығарылған жағдайда кепіл пәні туралы мәселе шешілуі тиіс. Мұндай жағдайда, жалпы ережеге сай кепіл пәні кепіл берушіге қайтарылуы тиіс.

Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану кезінде айыпталушы (күдікті) мен айыпталушының тергеу органына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келуін қамтамасыз ету үшін кепіл енгізген үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің іске асуының кепілдігін бұлтартпау шарасы ретінде кепілді таңдаудың заңда белгіленген процессуалдық тәртібінің дәл орындалуы қамтамасыз етеді.

Бұлтартпау шарасын, соның ішінде кепілді қолдану кезінде тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуының негізгі кепілі қылмыстық іс жүргізуші органның қызметін бақылау болып табылады. Қылмыстық іс жүргізу қызметін бақылаудың бірнеше нысаны болады.

Қылмыстық процесс териясында бұлтартпау шараларын бақылау түсінігіне қөзқарас әр түрлі. Кейбір автрорлар мысалы, В.А. Михайлов пен Э.И. Воронин бақылауды процессуалдық және процессуалдық емес ведомстволық деп екіге бөледі [59, 224б].

Олар процессуалдық бақылауға тергеу бөлімі бастығы мен анықтау органы бастығының қылмыстық процестің міндеттерін орныдауға бағытталған процессулдық бақылауын, бұлтартпау шараларын қолданудың заңдылығын, соттық және прокурорлық қадағалауды, тергеу сатысындағы соттық қадағалауды жатқызады. Процессуалдық емес ведомстволық бақылауға тергеу бөлімі мен анықтау органы бастығының өзіне бағынысты тергеу аппараты мен анықтау органының, тергеушілер мен анықтаушылардың қызметін ұйымдастыруға бағытталған әкімшілік қызметін жатқызады.

В.Ф. Статкус, А.А. Чувилев, Х.С. Таджиевтің пікірінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді, соның ішінде бұлтартпау шарасын қолдануды бақылау прокурор мен соттық бақылауды қоспағанда тек ведомстволық болады. Олардың ойынша прокурор тек қадағалауды жүзеге асырады, ал сот істі мәні бойынша қарайды және үкім шығарады .

ҚР Конституциясына сәйкес прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады (ҚР ҚПК 58 бап). Бұл ереже прокуратураның қылмыстық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерде бекітілімін тапқан.

Прокурор үшін қылмыстық істерді тергеуге бақылау мен жетекшілік ету сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығына қадағалау жүргізудің бір тәсілі болып табылады. Прокурорлық қадағалау сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының іс жүргізулік қызметіне толығымен тарайды. К.А. Бегалиевтің пікіріне сәйкес, прокурор процессуалдық жетекшілікпен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының іс жүргізулік шешімдерін бақылайды, әкімшілік-құқықтық қызметке араласпай заңға қайшы келетін сотқа дейінгі тергеп-тексеру актілеріне наразылық жасайды.

Бұл пікірдің дұрыстығын заң қуаттайды. «Прокуратура туралы» ҚР Заңына сәйкес прокурор, анықтау мен тергеудiң заңдылығына қадағалауды жүзеге асыра отырып, прокурор: анықтау мен тергеу органдарынан тексерiс үшiн қылмыстық iстердi, жасалған қылмыстар, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтаудың, тергеудiң барысы туралы құжаттарды, материалдар мен өзге мәлiметтердi алады; тергеушiлер мен анықтау органының заңсыз қаулыларының күшiн жояды; егер анықтау мен тергеу барысында процеске қатысушылар мен басқа да азаматтардың құқықтарының бұзылуына, тергеудiң заңсыз әдiстерiне жол берiлсе, кiнәлi адамдардың жауапкершiлiгi туралы мәселе қояды; заңмен белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Прокурор қылмыстық іс бойынша айыпталушыға қатысты кепіл бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беру кезінде қылмыстық іс материалдырымен танысып, осы шешімнің заңдылығын, айыпталушы мен кепіл берушінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын бақылайды.

Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді таңдау туралы шешімнің негізділігі мен заңдылығына қадағалауды жүзеге асыру барысында прокурор кепіл мөлшерін анықтаудың дұрыстығын, сондай-ақ заң аса ауыр қылмыс жасағандығына айыпталатын тұлғаларға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдануға тыйым салатындықтан, айыпталушының іс әрекетінің дұрыс сараланғандығын тексеру керек.

Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану барысында құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы жөнінде сотқа айыпталушының өзі, қорғаушысы немесе заңды өкілі, сондай-ақ кепіл бұлтартпау шарасын қолданудан туындайтын талаптарды сақтау бойынша өзіне міндеттемелер алған тұлғалар да шағымдана алады. Сонымен қатар, бұл тұлғалар прокурордың бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану туралы қаулыны санкциялаудан бас тарту туралы шешіміне сотқа шағымдана алады. Қылмыстық әрекеттен жәбір көрген тұлға айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану туралы қаулыны прокурордың санкцияландыруына сот тәртібімен шағымдана алады. Әсіресе бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылған айыпталушы жәбірленушіні, оның отбасы мүшелерін қорқыту, бопсалау немесе оларға қатысты басқа да заңға қайшы әрекеттер жасау кезінде мұндай шағымдану жиі болады.

Қылмыстық-процестік кодексі талаптарының бұзылуына немесе анологиялық шағымды прокурордың қанағаттандырусыз қалдыруына тұлғаның тікелей сотқа шағымдануына жол береді (ҚР ҚПК 106-бабы). Әйтпесе қылмыстық процестің конституцияға сәйкестігі және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау қағидасы бұзылады.

Соттық бақылау заңсыз процессуалдық шешімнің қолданылуын тоқтату туралы қаулы шығаруынан немесе прокурорды азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң жол берiлген бұзылуын жоюды мiндеттеуінен көрініс табады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында сот шешімі бойынша бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолданудың тәртібі туралы мәселе даулы болып табылады.

Қылмыстық іс жүргізу заңының нормаларының мәнінен шығатын болсақ, тергеушінің бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану туралы қаулысын прокурор6 сонымен қатар сот та өзінің шешімімен қолдауға құқылы. Тергеуші бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану туралы қаулыны заңдастыру үшін прокурорға бармай, тікелей сотқа жүгінуіне құқылы.

Судья сот отырысын тағайындаудың мүмкiндiгi туралы мәселенi шешу кезiнде сотталушылардың әрқайсысына қатысты анықтау және сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезiнде сот мәжiлiсiн тағайындауға кедергi келтiретiн қылмыстық iс жүргiзу заңын бұзуға жол берiлген-берiлмегендiгiн, айыпталушыға таңдап алынған бұлтартпау шарасын өзгертуге немесе тоқтатуға жататын-жатпайтындығын анықтауы тиіс. Ол бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану кезінде тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығын анықтаған жағдайда алдын ала тыңдау өткізеді. Алдын ала тыңдау өткізу барысында судья айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолданудың негізділігіні мен заңдылығын тексереді.

Сонымен, қорыта келгенде сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында айыпталушыға (күдіктіге) қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану немесе оны қолданудан бас тарту туралы шешімдердің негізділігі мен заңдылығын бақылау үш деңгейде жүзеге асырылады:

1. Тергеу бөлімі бастығы мен анықтау органы бастығының тергеуші мен анықтаушының бұлтартпау шарасының нақты түрін таңдау туралы шешімінің мерзімділігі мен негізділігіне іс жүргізулік ведомствалық бақылау.

2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану туралы қаулысының негізділігі мен заңдылығына прокурорлық қадағалау.

3. Сотқа дейінгі іс жүргізуде бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану туралы шешімнің негізділігі мен заңдылығын соттық бақылау.

Егер жоғарыда айтылған бақылаулардың нәтижесінде бұлтартпау шарасы ретінде кепіл заңсыз қолдану, яғни оны қолдану негіздерінің жеткіліксіздігі, қылмыстық іс жүргізу заңымен көзделмеген мақсаттарды көздеу, заң талаптарын бұза отырып қолдану т.б. анықталса, қылмыстық процестi жүргiзушi органның заңсыз iс-әрекетiнiң салдарынан зиян келтiрiлген тұлғаға зиянның орны өтелуi тиіс.

Бұлтартпау шарасы ретінде кепіл оған қажеттілік болмаған кезде күшін жояды немесе ҚР ҚПК-нің 136 және 139-баптарында көзделген бұлтартпау шарасын таңдау үшін негіздер өзгерген жағдайда неғұрлым қатаң немесе жеңіл шараға өзгертіледі.

Кепіл бұлтартпау шарасының күшін жою немесе оны өзгерту қылмыстық процесті жүргізетін органның дәлелді қаулысы бойынша жүргізіледі.

Прокурор санкция берген, қолданған, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның нұсқауы бойынша таңдалған кепіл бұлтартпау шарасы тек прокурордың келісімімен күшін жоюы немесе өзгертілуі мүмкін.

Қылмыстық қудалау органының бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою туралы қаулысына тұлғалар шағымдануға, прокурор наразылық білдіруге құқылы.

Айыпталушыға, күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау ақтап алу негіздері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында тоқтатылған кезде кепіл түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жоюды тергеуші, анықтау органы, прокурордың келісімімен дереу жүргізеді. Айыпталушы кепіл бұлтартпау шарасының мәнінен туындайтын міндеттерін тиісті дәрежеде орындаған жағдайда бұлтартпау шарасы тоқтатылғанда немесе неғұрлым жеңіл шараға өзгертілгенде, кепілге енгізілген ақша кепіл берушіге қайтарылуы тиіс.