- •Мазмұны
- •Бұлтартпау шарасының ұғымы, белгілері, түрлері
- •1.2 Бұлтартпау шараларын қолдану негіздері және оны қолданудың
- •1.3 Қылмыстық іс жүргізудегі кепіл институтының қалыптасуы мен дамуы
- •Іі. Кепіл бұлтартпау шарасы ретінде
- •2.1. Қылмыстық процестегі кепіл бұлтартпау шарасының түсінігі және оны қолданудың мәні
- •2.2 Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасы бойынша кепілдің пәні мен мөлшері және оның субъектілері
- •2.3 Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану барысында туындайтын мәселелер
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет тізімі
2.2 Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасы бойынша кепілдің пәні мен мөлшері және оның субъектілері
Заң әдебиетінде қылмыстық іс жүргізуде бұлтартпау шарасы ретінде кепілдің пәніне қатысты әр түрлі көзқарастар қалыптасқан. А.Д. Буряков кепілдің пәнін былай анықтайды:
ақша қаражаты;
бағалы заттар (азаматтық айналымнан алынбаған мүліктер);
құрылыстар мен басқа да жылжымайтын мүліктер;
шетелдік азаматтар үшін шетелдік валюта [18, 85б].
Осыған ұқсас пікірді ұстанған В.А. Михайлов келесі пікірді ұсынды: «ҚПК-де кепіл пәнін кеңейту керек, кепідің пәні тек қана ақша, бағалы қағаздар емес, сонымен қатар бағалы заттар мен ипотека да жатуы тиіс. Бұл кепіл бұлтартпау шарасын қолдануды айтарлықтай кеңейтеді» [20, 182б].
Кепіл пәнін кеңейту негізгі міндеттемені бекіту кезінде тараптар кепілдің пәні мен мөлшері жөнінде өзара келісімге келетін азаматтық құқықтық қатынастарға неғұрлым қолданбалы. Негізгі мақсат – борышқордың мүліктік қажеттілігін қанағаттандыру болғандықтан, кепіл пәнін таңдау борышқордың еншісінде болады.
Осы пікірге сәйкес, С.И. Вершинина: «Әр түрлі материалдық объектілерді кепіл пәні ретінде бекіту мақсатқа лайық емес, себебі оларды қабылдау, рәсімдеу, сақтау, сондай-ақ кепіл берушіге қайтару қосымша күрделі құқықтық реттеуді қажет етеді. Мәселен, кепілдің пәні ретінде зергерлік бұйымдар, бағалы металдар, асыл тастар, өнер туындысы, антиквариат т.б. қабылданатын болса, алдымен олардың құнын бағалау қажет. Мұндай рәсімнің маңыздылығын ескеріп, кепіл пәнін бағалаушы тұлғаға бағалаудың нақтылығы үшін белгілі жауапкершілікті белгіленуі тиіс. Егер кепіл көлемді немесе оны сақтаудың ерекше талаптары керек болса, онда оны сақтаудың тәртібін қарастыру қажет. Мұның барлығы белгілі бір қиындықтарға әкеледі. Бұл мақсаттар үшін азаматтық немесе қаржылық құқықтың институтын қолданған жөн. Мысалы, бағалы заттарды ұсынғанда кепіл берушіні ломбардқа жіберіп, кепілді тек ақшалай қабылдау керек», - деп жазды. Біз бұл пікірмен келіспейміз, себебі кепіл пәнін тарылту, өзі де сирек қолданылатын кепіл бұлтартпау шарасын мүлдем сирек қолдануға алып келеді.
ҚР ҚПК-нің 145-бабына сәйкес кепілдің пәні ақша, ал прокурор мен сот рұқсат еткен жағдайда кепіл ретінде басқа да құндылықтар, бағалы заттар мен жылжымайтын мүлік болып табылады.
Заң әдебиеті бойынша ақша дегеніміз – сатып алу және сату кезінде құн өлшемі болып табылатын металл және қағаз белгілер. Азаматтық заңнама бойынша ақша бұл ұлттық және шетелдік валюта [45, 33б.]. Қазақстан Республикасының ақша бірлігі теңге болып табылады. «Валюталық реттеу туралы» ҚР Заңының 7-бабына сәйкес ҚР Ұлттық банкінің нормативтік құқықтық актілері мен салық және кедендік заңнамаларда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы территориясында барлық төлемдер ҚР валютасымен, яғни теңгемен жүзеге асырылуы тиіс. Осыған орай, біздің ойымызша сот депозитіне кепіл ретінде шетелдік валюта енгізілмеуі тиіс. Кепілдің пәні ретінде ұсынылған кез келген шетелдік валюта, теңгеге ауыстырылғаннан кейін ғана қабылдануы тиіс. Сондай-ақ инфляция мен валюта курстарының әрқашан өзгеріп отыратындығына орай, шетелдік валютаны қабылдау тиімсіз деп ойлаймыз.
Кепілдің мөлшерін есептеу жыл сайын ҚР Үкіметімен бекітіліп отыратын айлық есептік көрсеткіш мөлшері еселеу арқылы жүзеге асырылады.
Профессор Михайлов В.А. азаматтық құқықтық ережелерді ескеріп, қылмыстық іс материалдарында кепіл ретінде салынып жатқан ақшаға кепіл берушінің меншік құқығын дәлелдейтін дәлелдемелердің болуы қажет. Егер кепіл пәні енгізген ақшаның меншік иесі еместігі белгілі болса, онда жалпы ережеге сәйкес кепіл бұлтартпау шарасы қолданылмауы тиіс және шарт құқыққа сай емес деп танылуы тиіс деп есептейді. Сонымен қатар ол бөтен біреудің ақшасын, егер олар ұрланбаса, мемлекетке, кооперативтік не өзге ұйымдарға тиесілі болмаса, және де ол жайлы кепіл ұстаушы білмесе, және білуге міндетті болмаса, оны кепіл деп есептейді [20, 66б]. Бірақ, біз бұл пікірмен келіспейміз, себебі, кепіл бұлтартпау шарасын қолданушы лауазымды тұлға немесе органды ақшаның шығуы не қалыптасу жолы қызықтырмайды, олар оны анықтауға міндетті емес. Ең негізгісі ақша қаражаты депозитке енгізіліп, ал оның мөлшері қылмыстық іс жүргізуші органдардан айыпталушының жалтармауын нақты қамтамасыз етсе болды. Бірақ, бұл егер кепілге енгізілген ақшаның қалыптасуында белгілі бір негізделген күмәндар болса, оның қалыптасу заңдылығын тексеруді жоққа шығармайды. Ақшаның қалыптасуының заңсыздығы анықталған жағдайда, ақша мемлекет кірісіне өткізіледі, ал кепіл бұлтартпау шарасы басқа бұлтартпау шарасына ауыстырылады.
Т.А. Ханов кепіл бұлтарпау шарасын қолдану рәсімін жеңілдетіп тездетету үшін кепілдің пәні ретінде тек Қазақстан Республикасының валютасындағы ақшаны қолдануды ұсынады. Сонымен қатар ол қылмыстық іс жүргізу заңына экономикалық бағыттағы екінші бұлтартпау шарасы ретінде мүліктік кепілдікті енгізуді ұсынады. Т.А. Хановтың ойынша, мүліктік кепілдік бұлтартпау шарасын таңдағанда айыпталушының міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етудің пәні ретінде басқа заттар, соның ішінде жылжымалы заттарды да қолдануға болады. Бұл ұсыныс кепіл бұлтарпау шарасын қолдануға байланысты кейбір мәселелерді шешетін еді [15, 67-68б]. Біз бұл ұсыныспен келіспейміз. Себебі, қылмыстық-процестік кодексі бізге бір ғана кепіл бұлтартпау шарасын қолдануды кепілдің пәні ретінде ақша не басқа да бағалы заттар мен жылжымайтын мүлікті қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Тек кепілдің пәніне қарай бұлтартпау шарасын екіге бөлу біздің ойымызша мақсатқа лайықсыз.
Қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес, кепілдің пәні сот депозитіне енгізіледі. Депозит дегеніміз келу жөніндегі міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету үшін ақша сомалары түсетін арнайы банктік есеп-шот.
Құндылықтар - бұл бағалы заттар, құнды қағаздар, автокөлік құралдары мен өзге де мүлік, антиквариат және мәдени және өзге де құндылықтарды білдіретін басқа да заттар.
Бағалы заттарға бағалы металдар мен асыл тастар, сондай-ақ олардан жасалған бұйымдар жатады.
Бағалы металдар – алтын, күміс, платина және кез-келген түрдегі және күйдегі платина тобының металдары.
Асыл тастар – табиғи алмастар, зүбаржаттар, лағылдар, сапфирлер және кез-келген түрдегі және жағдайдағы басқа да асыл тастар.
Құнды қағаздарға акциялар, облигациялар және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі мен басқа заңнамалық актілерде белгіленген басқа да құнды қағаздардың түрлері жатады.
Жылжымайтын мүлік (жылжымайтын дүние, жылжымайтын зат) - жер учаскелері, сондай-ақ жермен тығыз байланысты ғимараттар, құрылыстар және өзге де мүлік, яғни көшіргенде оның мақсатына тең емес зиян келтірілмеуі мүмкін емес объектілер [22, 1б].
Жер учаскесін кепілге салу кезінде оның нысаналы мақсатына сай кепілге салудың ерекшелігін ескеру қажет. Мысалы ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер учаскесін кепілге салудың ерекшелігін қарастырайық.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне жеке меншік құқығын табыстыру ақылы негiзде жүргiзiледi.
Шаруа немесе фермер қожалығын, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін және орман өсіруді, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін және орман өсіруді жүргiзу үшiн жер учаскесiне (жер учаскелерiне) жеке меншiк құқығының табысталуына мүдделi азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың жер учаскесiне жеке меншiк құқығын жер учаскесiнiң заңға сәйкес анықталатын кадастрлық (бағалау) құнына тең бағамен сатып алған жер учаскесiмен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мәмiлелердiң кез келген түрiн жасасуға, яғни кепілге енгізуге құқығы бар.
Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын оның кадастрлық (бағалау) құнына қарай айқындалатын жеңiлдiктi бағамен сатып алынған жер учаскесімен мәміле жасасуды шектеу мерзімі өткеннен кейін, жер учаскесімен Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салын баған мәмілелердің кез келген түрін жасасуға құқығы бар, шектеу мерзімі жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын әрбір он процент төмендету үшін екі жылды құрайды. Бұл шектеу жер учаскесін кепілге салуға қолданылмайды.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн сатып алған кезде сатып алу сомасын төлеу жер учаскесiне жеке меншiк құқығын сатып алатын тұлғаның жазбаша өтiнiшi бойынша он жылға дейiн төлеу мерзiмiн ұзарту арқылы жүргiзiлуi мүмкiн.
Аталған тұлғалардың жер учаскесiн кепiлге беруiне оның сатып алу бағасының кемiнде елу процентiн төлеген жағдайда рұқсат етiледi. Бұл ретте жер учаскесiнiң сатып алу бағасы төленген бөлiгi ғана кепiл нысанасы бола алады [46, 10б.].
Бағалы заттар егер олардың бағалылығы түпнұсқалылығы және Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына сәйкес құндылығы анықталған жағдайда ғана кепілдің пәні бола алады. ҚР ҚПК бойынша, кепілдің құндылығын дәлелдеу кепіл берушіге жүктелетіндіктен, бұл затты ұсынушы тұлға оның құндылығын дәлелдейтін құжатты бірге ұсынуы тиіс. Кепілдің пәні ретінде ұсынылған заттың бағалылығы немесе түпнұсқалылығына қандай да бір күмән болған жағдайда кепіл бұлтартпау шарасын таңдаушы қылмыстық қудалау органының қызметкері сарапшының қызметіне жүгіне алады, сондай-ақ қажет болған жағдайда кепіл берушінің қаражатынан сараптама тағайындай алады.
Кепіл бұлтартпау шарасын қолданған кезде кепілдің пәні ретінде бағалы қағаздар бола алатыны жөнінде сұрақты төменде қарастырып көрейік.
Азаматтық заңнамаға сәйкес бағалы қағаздар жылжымалы мүлікке жатады. ҚР АК-нің 129-бабына сәйкес бағалы қағаз дегеніміз мүліктік құқықты куәландыратын белгілі жазбалар мен басқа да белгілердің жиынтығы бар құжат. Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар, чек, банкттік сертификат және заң актілерімен айқындалған бағалы қағаздар жатады. Бағалы қағаздардың түріне қарай оларға заңнамалық актілермен анықталатын әр түрлі талаптар қойылады, міндетті реквизиттері немесе бағалы қағаздың ол үшін белгіленген нысанға сәйкес келмеуі, оның жарамсыз болуына әкеліп соқтырады. Бағалы қағаздың құны оны жариялаған сәттен бастап анықталады. Азаматтық заңнама бойынша, кез-келген бағалы қағаз азаматтық кепілдің пәні бола алмайды, себебі кепіл ұстаушы кепілдің пәніне меншік құқығын иеленбейді, ал тек міндеттеме орындалмаған жағдайда кепілге салынған мүліктің құнынан өзінің шығынын қанағаттандыру үшін басым құқықты иеленеді. Сондықтан азаматтық құқықтық кепілдің пәні тек ұсынбалы бағалы қағаздар мен соңғы банкілік индосаментімен бірге ордерлік бағалы қағаздар бола алады.
Заңды тұлғалардың кепіл ретінде қабылдаған акциялары немесе жарғылық капиталға қатысу үлестері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес банктің меншігіне өткен жағдайларда, банктердің осындай ұйымдардың акцияларын немесе жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алуы кезінде банктің осындай заңды тұлғаларға қатысуы банктің меншікті капиталының жиырма бес процентінен аспауға тиіс, бұл ретте акцияларды немесе жарғылық капиталға қатысу үлестерін өткізу мерзімі бір жылдан артық болмауға тиіс [47, 10б].
Сонымен қатар, мерзімді кіріс немесе сыйақы алу қарастырылған бағалы қағаздардың кейбір түрлерін (акция, облигация т.б.) кепіл беруші сот депозитіне енгізгенде тергеу мерзімінде бағалы қағаздар бойынша девиденттер алу құқығынан айырылады. Ең бастысы кепілге ұсынылған бағалы қағаздың мазмұны мен нысаны заңдағы талаптарға сәйкес болуы тиіс. Егер, бағалы қағаздың түпнұсқалығына, оның нысанының немесе мазмұнының заң талаптарын сәйкестігіне қандай да бір күмән туған жағдайда қылмыстық іс жүргізуші орган сараптама тағайындауға немесе бағалы қағаздар бойынша маман тартуға құқылы. Бірақ бұлтартпау шарасын қолдану тоқтатылғаннан кейін кепілдің пәні кепіл берушіге оған тиесілі барлық құқықтарымен бірге қайтарылады.
Айыпталушының тергеу органдары мен сотқа келуін қамтамасыз етумен байланысты міндеттеменің ерекше сипатына қарай кепілдің пәні ретінде кез-келген жылжымайтын мүлік тексерусіз қабылдана бермейді. Кепіл беруші тұлғаның жедел басқаруындағы жылжымайтын мүлік, сондай-ақ азаматтық тәртіппен кепілге салынған немесе оған сотпен өндіріп алу тағайындалған жылжымайтын мүлік кепілдің пәні ретінде қабылданбайды, сондықтан да кепіл беруші қылмыстық іс жүргізуші органға мүлікке қатысты үшінші тұлғалардың талап арыздары жоқтығы туралы және оның өзіне меншік құқығымен тиесілігін дәлелдейтін құжаттарды тапсыруы тиіс, егер күмән туған жағдайда кепіл берушінің осы мүлікпен қамтамасыз етілген өзге міндеттемелердің бар жоқтығын бұлтартпау шарасынын таңдаушы тұлға тексеруге құқылы.
Жылжымайтын мүлік кепілге салынған кезде кепіл беруші тұлға сот депозитіне мүліктің өзіне меншік құқығымен тиесілігін дәлелдейтін құжатты енгізіп, ал жылжымайтын мүлік орнында қалатын болғандықтан оның кепілде болу мерзімінде қандай да бір әсерден жойылып кету қаупі бар. Егер қылмыстық процессуалдық кепілге салынған жылжымайтын мүлік жойылып кетсе, онда міндеттемені орындауды қамтамасыз ететін зат жоқ болатындықтан, осы салдардың болу себептеріне қарамастан кепіл бұлтартпау шарасы өзгертілуі тиіс. Сонымен қатар кепілдің пәнін өзгерту туралы мәселе қарастырылуы мүмкін.
Т.А. Ханов: «Бағалы заттар мен жылжымайтын мүлікті айыпталушының тергеу органына немесе сотқа келу туралы міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету үшін кепілге салу рәсімінің күрделілігі мен ұзақтығына байланысты бұлтартпау шарасын қолдануға құқылы органдар бұл мүліктерді кепілдің пәні ретінде қабылдаудан көп жағдайда бас тартады. Кепіл бұлтартпау шарасы қолданылған қылмыстық істерге тексеріс жүргізу барысында біз кепілдің пәні ретінде бағалы заттар немесе жылжымайтын мүлік қолданылған жағдайды кездестірмедік. Сондай-ақ кепілдің пәні ретінде мүлікті қабылдаудан бас тартқан жағдайлар да бар», - деп жазды. Мұндай жағдайлардың тәжірибеде кездесіп жататын кездері аз емес.
Алматы қаласы, Алмалы АІІБ-ның тергеушісімен 2008 жылы 1 наурызда ҚР ҚК–нің 103-бабының 3-бөлігі бойынша А.К. Григорьевке қатысты қозғалған № 00898080165 санды қылмыстық іс бойынша 2008 жылы 4 наурызда А.К. Григорьевке ҚР ҚК–нің 103-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылып, қамауға алу бұлтартпау шарасы таңдалған. 2012 жылы 12 наурызда айыпталушының туысқандары тергеушіге қамауға алу бұлтартпау шарасын кепіл бүлтартпау шарасына өзгерту туралы өтініш жазған. Айыпталып отырған қылмыс ауыр қылмыстың санатына жататындықтан, тергеуші кепілдің ең төменгі мөлшерін 600 000 (алты жүз мың) теңге деп анықтады. Айыпталушының туысқандары кепіл пәні ретінде 100 000 (жүз мың) теңге және «Конкор» АҚ‑мен құны 500 000 (бес жүз мың) теңгеге бағаланғандығын дәлелдейтін анықтамасы бар «Мазда-626» марқалы автокөлікті ұсынды. Тергеуші қамауға алу бұлтартпау шарасын кепіл бұлтартпау шарасына өзгерту туралы қаулы қабылдап, санкция алу үшін прокурорға жолдайды. Прокурор ұсынылған ақша сомасы кепіл бұлтартпау шарасын қолдануға жетпейді, ал автокөлікті сақтауға жағдай жоқ және ол бағалы зат немесе жылжымайтын мүлікке жатпайды деген негіздермен санкциялаудын бас тартты [48].
Бұл мысал, кепіл енгізуге және айыпталушының тергеу органдарына немесе сотқа келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік пен ниет болса да кепіл бұлтартпау шарасының қолданылмайтын кездері болатындығын көрсетеді. Негізінен кепілдің пәніне байланысты себептерден осындай олқылықтар болып жататын жағдайлар көп.
Мүліктік бұлтартпау шараларын қолдануға байланысты зерттеулер сұралған анықтаушылар, тергеушілер мен прокуратура қызметкерлерінің 100% кепілдің пәні ақша болуы тиіс, олармен сұралған судьялардың 93,3% және адвокаттардың 91,1% қосылады. Анықтаушы, тергеушілердің 17,6%, прокуратура қызметкерінің 92%, судьялардың 90%, адвокаттардың 42,2% жылжымайтын мүлікті кепілдің пәні ретінде қарастырылады деп ойлайды. Анықтаушылар мен тергеушілердің тек 11,7% кепілдің пәні ретінде бағалы заттар мен басқа да жылжитын мүлікті қабылдауға жол беретіндігін көрсетті [15, 74б].
Бұл деректер бұлтартпау шарасын таңдауға құзырлы органдардың кепілдің пәні ретінде ақшадан басқа мүлікті қабылдауға көп жағдайларда келіспейтіндігін байқатады. Сонымен қатар олар бағалы заттар мен жылжымайтын мүлікті кепілге қабылдауға байланысты құжаттарды рәсімдеу, сондай-ақ оларды күтіп ұстау мәселесін шешуден туындайтын қиындықтардың салдарынан да кепіл бұлтартпау шарасын қолданудан бас тартты.
Кепіл бұлтартпау шарасы таңдалып, оның қолданылуы барысында кепіл пәнін өзгерту немесе оның сомасын ұлғайту туралы тергеуші кепіл берушіге талап қоюға құқылы емес. Егер айыпталушы өзінің міндеттерін орындауды бұзбаған жағдайда тергеуші кепілді басқа жеңіл бұлтартпау шарасына өзгертуге немесе оның қолданылуын тоқтатуға құқылы.
Айыпталушы кепілге салынған ақшаны немесе өзге де бағалы заттар мен жылжымайтын мүлікті міндеттемені орындау мерзімі өткенге дейін қайтаруды немесе кепіл пәнін өзгертуді талап етуге құқылы емес. Егер кепіл беруші үшінші тұлға болып, ол осындай өтініш жасаса, онда тиісті қылмыстық іс жүргізуші орган туындаған жағдайдың себептерін анықтап, кепілдің пәнін немес кепіл берушіні ауыстыру туралы мәселені шешуі тиіс. Бұлтартпау шарасын басқа бұлтартпау шарасына ауыстыру, ал егер бұлтартпау шарасын қолдануға қажеттілік жойылған жағдайда оны қолданудан бас тарту мәселесі де қарастырылуы мүмкін. Кепілдің пәнін өзгертуге тек ерекше жағдайларды ғана, анықтаушы немесе тергеушінің келісімімен, егер кепілдің пәні бағалы зат немесе жылжымайтын мүлік болса, онда сәйкесінше прокурордың немесе соттың келісімі қажет. Егер келісімге қол жеткізілсе, қолданылып жатқан кепіл бұлтартпау шарасы жойылып, ал жаңа кепіл бұлтартпау шарасы қылмыстық іс жүргізу заңында көзделген барлық ережелер сақталып қайтадан таңдалады.
Қолданыстағы ҚР ҚПК бұл дәстүрді жалғастырып келеді және кепіл бұлтартпау шарасын қолдануға құқылы органдардың өздеріне кепіл мөлшерін бекітуді ұсынады. Осыған орай, әрбір нақты жағдайда кепілдің мөлшері айыптаудың ауырлығын, айыпталушының немесе күдіктінің тұлғасы туралы мәліметтерді, оның мүлктік жағдайын ескеріп, айыпталушы немесе күдіктінің кепіл бұлтартпау шарасынан туындайтын міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге жеткілікті мөлшерде белгіленеді. Мұндай ережеден шығатыны, бірдей қылмыс жасағандығына айыпталған әр түрлі тұлғаларға әр түрлі кепіл мөлшері белгіленеді. Кейбір авторлар мұнда адам құқықтарын бұзушылық орын алады, ауырлық дәрежесі бойынша бірдей қылмыстарға кепілдің мөлшері жүздеген, мыңнан милиондаған ақша мөлшеріне ауытқып отырады, деп ойлайды. А.Е.Белоусовтың ойынша, әрбір қылмыс құрамына сәйкес кез келген айыпталушыға бірдей қолданылатын қатаң анықталған кепіл мөлшері болуы тиіс. Оны анықтаудың мынандай жолын ұсынды: «тиісті мерзімде бекітілген ең төменгі жалақы мөлшерін бір жылдағы ай санына еселеу керек, шыққан соманы айыпталушыға тағылған айып бойынша ҚК-те көзделген бас бостандығынан айыру жазасының ең жоғары мерзіміне еселеу керек. Осылайша, айыпталушымен сот депозитіне енгізілетін кепілдің шартты мөлшері анықталады» [44, 140б]. Біз бұл пікірмен келіспейміз, себебі, біріншіден әрбір нақты жағдайға сай кепіл мөлшерін әр түрлі мөлшерде анықтағанда тұлғаның құқықтары бұзылмайды, егер бұзылады деп ойлайтын болсақ, онда бірдей қылмыс үшін әр түрлі тұлғаға бірдей жаза тағайындауымыз керек болады ма? Екіншіден, кепіл мөлшері нақты жағдайда айыпталушының міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге қабілетті болу керек болғандықтан, оны мұндай әдіспен анықтау мүлдем мақсатқа сай келмейді, бұл өз кезегінде кепілді бұлтартпау шарасы ретінде қолданудан көп жағдайда бас тартуға әкеліп соқтырады. Үшіншіден, қылмысты екі немесе бірнеше тұлға жасағандығына айыпталса, оларға қатысты кепіл бұлтартпау шарасын қолдануда жоғарыда айтылған әдіспен кепіл мөлшерін анықтау елеулі қиындықтарға алып келеді.
Кепіл прокурордың санкциясымен не соттың, тергеу судьясының қаулысы бойынша ғана қолданылады. Кепілдің мөлшері күдіктің ауырлығы, күдіктінің, айыпталушының жеке басы, қылмыстық іс-әрекеттің сипаты, кепіл берушінің мүліктік жағдайы ескеріле отырып айқындалады. Кепілдің мөлшері: онша ауыр емес қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде – айлық есептік көрсеткіштің елу еселенген мөлшерінен; ауырлығы орташа қылмысты абайсызда жасады деп күдік келтірілген кезде – айлық есептік көрсеткіштің бір жүз елу еселенген мөлшерінен; ауырлығы орташа қылмысты қасақана жасады деп күдік келтірілген кезде – айлық есептік көрсеткіштің екі жүз елу еселенген мөлшерінен; ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген кезде – айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерінен кем бола алмайды. [ҚР ҚПК 145б.3-б.]
Жоғарыда айтылғандарды ескеретін болсақ, кепілдің мөлшерін бұлтартпау шарасын таңдаушы орган айыпталушының мүліктік жағдайын, тұлғасын және айыптаудың ауырлығын ескеріп, заңда белгіленген қылмыс санаттарына қатысты ең төменгі мөлшерден кем емес мөлшерде, айыпталушының қылмыстық іс жүргізудің мүддесі үшін жағымды мінез-құлқын қамтамасыз етуге қабілетті етіп, әрбір айыпталушыға жеке көзқараспен бекіту керек.
Осы мәселені зерттеуді бастай келе кепіл бұлтартпау шарасын қолдану бұл өзіндік мәмілені жасауды білдіретіндігін айтамыз. В.А. Михайлов: «Кепіл бұлтартпау шарасын таңдау мен қолдану бір жағынан қылмыстық іс жүргізуші органмен, екінші жағынан, айыпталушымен немесе кепіл беруші басқа тұлға болған жағдайда кепіл берушімен мәміле жасауға алып келетін екі жақты кей жағдайда үш жақты мәміле жасаумен байланысты», - деп жазды [20, 35б].
Кепіл бұлтартпау шарасын қолдану кезінде туындайтын құқықтық қатынастарға бірнеше тұлғалар: бұлтартпау шарасын қолдануға құзыретті қылмыстық іс жүргізуші тұлға, заң бойынша кепіл бұлтартпау шарасы оған қатысты қолданылатын тұлға, яғни айыпталушы немесе күдікті, кепіл беруші айыпталушыдан (күдіктіден) басқа тұлға болған жағдайда кепіл беруші. Кепіл беруші айыпталушы немесе күдіктінің өзі болған жағдайда кепіл пәнін сот депозитіне енгізуге сенімхат негізінде әрекет ететін оның өкілі де аталған құқықтық қатынастың субъектісі болады.
Кепіл бұлтартпау шарасын қолданылған кезде туындайтын құқықтық қатынастардың негізгі субъектілері: мемлекет және айыпталушы. Егер кепіл беруші айыпталушының өзі болмаса, бұл қатынаспен қатар тағы бір қатынас айыпталушы мен кепіл берушінің және кепіл беруші мен қылмыстық іс жүргізуші органның арасындағы қатынас туындайды. Кепіл беруші айыпталушының өзі болмаған жағдайда кепіл беруші мен қылмыстық іс жүргізуші органның арасындағы құқықтық қатынас қылмыстық іс жүргізу нормаларымен реттелмеген, осындай жағдайларда туындайтын даулар, келіспеушіліктер азаматтық құқықтың нормаларымен реттеледі. Сонымен қатар айыпталушы кепіл бұлтартпау шарасының талаптарын бұзып, кепіл мемлекет кірісіне айналған жағдайда кепіл берушінің айыпталушыға қатысты азаматтық тәртіппен талап қою мәселесі күрделі. Бұл тек кепіл беруші мен айыпталушыны арасындағы соңғысының құқыққа сай мінез-құлқын сақтау туралы жазбаша міндеттемесі болған жағдайда ғана мүмкін.
Кез келген мәмілені жасау тиісті құқықтар мен міндеттердің қалыптасуынан, сондай-ақ міндеттер орындалмаған жағдайда қолданылатын санкциялардың бекітілуінен тұрады. В.П. Божьев: «кез келген процессуалдық реттеу аясындағы сияқты қылмыстық процесте де бір субъект (лауазымды тұлға немесе орган) өзінің құқықтарын тек екінші субъектіге тиісті міндеттер жүктелген жағдайда ғана жүзеге асыра алады» - деп жазды [49, 79б]. Сәйкесінше, кепіл бұлтартпау шарасын қолдану кезінде туындайтын қатынасқа қатысушы субъктілердің де өзара құқытары мен міндеттері қалыптасады. Мұндай құқықтық қатынастарға қатысушылардың әрқайсысын тиянақты қарастырып, олардың құқықтары мен міндеттерін анықтаймыз.
Заң бойынша бұлтартпау шарасын қолдануға құзыретті лауазымды тұлға немесе мемлекеттік орган туралы мәселені қарастырайық.
ҚПК-де бұлтартпау шараларын, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасын қолдануға өкілетті тұлғалар аталған. Олар: анықтаушы, тергеуші, прокурор және сот. Басқа ешқандай мемлекеттік органдар кепіл бұлтартпау шарасын қолдану құқығын иеленбейді.
Құқық теориясына сәйкес құқықтық қатынас субъектісі белгілі бір құқықтар мен міндеттерді иеленуі тиіс. Сондықтан да бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану туралы шешімнің негізділігі мен заңдылығына қадағалауды жүзеге асыру барысындағы прокурордың құқықтары мен міндеттерін анықтап көрейік.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану туралы шешімін санкцияландыру кезінде прокурор кепіл мөлшерінің дұрыс анықталғандығын, айыпталушының қылмыстық іс әрекетінің дұрыс сараланғандығын, кепіл беруші айыпталушының өзі болмаған жағдайда кепіл берушінің айыпталушының дұрыс мінез-құлқын қамтамасыз ете алу мүмкіндігін, кепіл беруші мен айыпталушыға олардың құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілгендігін, бұлтартпау шарасын қолдануға негіздердің жеткіліктілігін тексеруге міндетті.
Прокурор бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану туралы шешімде айыпталушының, кепіл берушінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын тексеруге, кепіл мөлшері дұрыс анықталмаған деп есептесе оны өзгертуге, қажет болған жағдайда айыпталушыны шақыртып, одан жауап алуға құқылы. Бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігі мен заңдылығын қадағалау прокурордың алдын сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалаудың бір бағыты болып табылады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауда прокурор құқықтары мыналар: анықтау мен тергеу органдарынан тексерiс үшiн қылмыстық iстердi, жасалған қылмыстар, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтаушының, тергеудiң барысы туралы құжаттарды, материалдар мен өзге мәлiметтердi алу; қажет болған жағдайларда қылмыстық iс қозғайды, қылмыстық iстерге тергеу жүргiзу жөнiнде жазбаша нұсқаулар бередi; тергеушiлер мен анықтаушы адамдардың заңсыз қаулыларының күшiн жояды; егер анықтау мен тергеу барысында процеске қатысушылар мен басқа да азаматтардың құқықтарының бұзылуына, тергеудiң заңсыз әдiстерiне жол берiлсе, кiнәлi адамдардың жауапкершiлiгi туралы мәселе қою; тергеу мен анықтау толық болмаған, сондай-ақ тергеу мен анықтау барысында заңдылықтың бұзылуына жол берiлгенi белгiлi болған жағдайларда, қылмыстық iстердi қосымша тергеуге қайтару немесе оны толық көлемiнде не нақтылы адамдарға қатысты тоқтату; анықтау жүргізетін адамның, тергеушiнiң анықтау мен тергеу органдары басшыларының iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне жасалған шағымдарды қарау; заңмен белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру [50, 11б.].
Прокурордың өз құзыретi шегiндегi нұсқаулары жазбаша нысанда берiледi және ол анықтау мен тергеу жүргiзетiн адам үшiн мiндеттi.
Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану кезінде сот оны қолдануға құқылы субъект ретінде және кепілді қолданудың заңдылығын тексеруші ретінде де қатысады. Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану кезінде соттық бақылау бірнеше нысандарда жүзеге асырылады.
Бірінші нысаны сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында бұлтартпау шарасын қолдану кезінде немесе нақты бұлтартпау шарасын таңдаудан негізсіз бас тартқан кезінде тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы тұлғаның арыздарын қарау болып табылады [ҚР ҚПК 106-бап 1-бөлім].
Екінші нысаны алдын ала тергеу барысында соттың бұлтартпау шарасы ретінде кепілді таңдау туралы шешім қабылдауы кезінде жүзеге асырылатын бақылау [ҚР ҚПК 145-бап 2-бөлім].
Соттық бақылаудың үшінші нысаны сотқа келіп түскен қылмыстық іс бойынша шешім қабылдау кезінде айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасының нақты түрін қолдану немесе қолданбаудың негізділігін тексеру барысында жүзеге асады.
Статистика мәліметтеріне сәйкес бұлтартпау шаралары, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасы да жиі сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында қолданылады. Бұдан біз кепіл бұлтартпау шарасы қолдану құқығы анықтау және тергеу органдармен жиірек жүзеге асырылатындығын көреміз.
Анықтау мен тергеу органдарына заң актілерінде олардың қызметі барысындағы әрекеті мен шешімдерінің негізділігі мен заңдылығына қатысты бірқатар талаптар қойылады. Бұл олардың алдына қойылған қылмыстық процестің басқа да қатысушыларының құқықтары мен бостандықтарын ескере отырып қылмысты ашу бойынша міндеттерін орындау үшін қажет. А.Ф. Кони бекіткендей: «Қызмет ережесі қандай жақсы болса да, олар өзінің күші мен маңызын тәжірибесіз, өрескел және арам қолға түссе жоғалтады». З.Д Еникеев: «Құқықтық ұстанымды әрекеттің тиімділігі олардың сапасынан ғана емес, сонымен қатар ең бастысы, бұл нормаларды қолданылатын орган қызметінің сипатына және олар өмірде қаншалықты дәл және бірыңғай қолданылатындығына байланысты» - деп жазды [38, 64б].
Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану бойынша қатынастың субъектісінің бірі осы бұлтартпау шарасын таңдаушы мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға бірқатар құқықтар мен міндеттерді иеленеді. Бұл қылмыстық іс жүргізуші тұлғалардың кепіл беруші ретіндегі құқықтары мыналар: кепіл ретінде мүліктің белгілі бір түрін қабылдау мәселесін шешу, айыпталушының кепіл бұлтартпау шарасын қолданудан туындайтын өз міндеттерін орындауын бақылау, айыпталушы міндеттерін орындамаған жағдайда кепіл пәнін мемлекет кірісіне айналдыру және т.б.
Кепіл бұлтартпау шарасын таңдаушы органның немесе лауазымды тұлғаның міндеттері: кепілдің мөлшерін анықтау; бұлтартпау шарасы таңдалып жатқан істің мән-жайын кепіл берушіге жариялау; айыпталушымен кепіл берушінің құқықтары мен міндеттерін түсіндіру; айыпталушы міндеттемесін орындамаған жағдайда туындайтын салдарлар туралы ескерту; бұл тергеу әрекетін процессуалды рәсімдеу; айыпталушының мінез-құлқын бақылау және айыпталушы міндеттерін орындамаған жағдайда кепіл пәнін мемлекет кірісіне айналдыру; бұлтартпау шарасы тоқтатылғанда, кепілге енгізілген мүліктің қайтарылуын қамтамасыз ету және т.б.
Заң әдебиетінде үшінші тұлғаның қатысуымен кепілді қабылдаушы органның міндетіне кепіл берушінің, айыпталушының құқыққа сай мінез-құлқын қамтамасыз ету мүмкіндігін тексеруді енгізу керек деген пікірлер бар. Басқа тұлғаның кепіл енгізуі сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен сот талқылауы кезеңінде айыпталушының жағымды мінез-құлқын қамтамасыз ету қажеттілігін қалайтындықтан кепіл берушіні таңдау толығымен айыпталушыға байланысты бола алмайды [51, 122б]. Кепіл беруші айыпталушының жағымды мінез-құлқын қамтамасыз етіп өзінің мүлкімен тәуекел ететіндіктен мұндай талап артық деп ойлаймыз.
Қазіргі таңда сот депозитіне енгізуге және сақтауға қолайсыз мүлікті кепілге қабылдау мәселесі туындап отыр. Жоғарыда айтылғандай, бұл мәселенің шешілуі кәсіби кепіл қабылдаушылар институтын қабылдауды қажет етеді. Заңда кепілге енгізілген заттарды қабылдау мен сақтау үшін ұйымды құру мен оның іс әрекетіне мүмкіндік беретін белгілі бір тәртіптің жоқтығынан заттарды кепіл ретінде қабылдауға міндетті органды анықтаумен байланысты мәселе шешімін таппай отыр. Кепілге енгізілген мүлікті күтіп ұстауға және оны сақтауға кім жауап беретіндігі анықталған кепіл мөлшеріне кепілге енгізілген мүліктің нақты құнынының сәйкестігін кім тексеретіндігі түсініксіз. Бұл шешілмеген мәселелер тәжірибеде көпшілік жағдайда кепілге сот депозитіне салынатын ақша қабылданатындығын көрсетеді. Мұның салдары кепіл бұлтартпау шарасын кепілге ақша енгізетін немесе ақша енгізе алатын кепіл берушіні таба алатын айыпталушыға қолданылатындығына алып келеді.
Бұл мәселе заңға кепілге енгізілетін мүлікті сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына кепілге енгізілгендігін дәлелдейтін құжат тапсыратын басқа ұйымдарға енгізуге мүмкіндік беретін ереже енгізу жолымен шешу керек. Бұл жерде әңгіме сақтауға қолайсыз (көлемінің үлкендігіне, сақтаудың ерекше талаптары, ұзақ сақтаудың мүмкін еместігі және т.б.) мүліктер туралы болып отыр [46, 89б].
Кепіл бұлтартпау шарасын қолдануға үшінші тұлғаларды қатыстыруға байланысты мәселені С.И. Вершинина өзінің жұмысында көтерді. Ол: «Қылмыстық іс жүргізуде кәсіби кепіл берушілер институн енгізу мақсатқа лайық. Айыпталушының атынан кепіл енгізу жолымен оларға қайтарымды бастамамен көмек көрсететін мекемелерді қалыптастыру идеясы кепіл бұлтартпау шарасы тек материалдық жағдайы жақсы тұлғаларға қол жетімді деген көзқарасы өзгертуге мүмкіндік береді. Себебі кепілдің мөлшері айыпталушыны жағымсыз жүріс-тұрыстан сақтандыру үшін айтарлықтай жоғары болуы тиіс. Кепіл бұлтартпау шарасын демократияландыру үшін бірінші қадам нақты бір айыпталушыны бостандыққа жіберу үшін кепіл сомасын ұсыну міндетіне жататын несиелік мекеме құру болар еді» - деп жазды. Бұл пікірді оң бағалауға болады. АҚШ-тың кепілді бұлтартпау шарасы ретінде қолдану кең тараған қылмыстық процесінде кәсіби кепіл берушілер институты бар. К.Ф. Гуценко: «Айыпталушыны бостандыққа тек анықталған кепіл сомасын сот депозитіне толық енгізгеннен кейін немесе белгілі бір шарттармен кәсіби кепіл берушілерден (жеке кәсіпкерлік қызметіне сай сыйақы үшін айыпталушы кепілге босату шартын сақтамаған жағдайда өзіне ақшалай міндеттеме алатын жеке тұлғадан) алған төлем құжатын табыс еткеннен кейін ғана жіберіледі» - деп жазды [52, 51б].
Заң бойынша кепіл бұлтартпау шарасын оған қатысты таңдауға болатын тұлғалар туралы мәселені қарастырайық.
ҚР ҚПК-де көзделген жалпы ережеге сәйкес, бұлтартпау шарасы, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасы айыпталушыға (сотталушыға) қатысты , ал ерекше жағдайларда қылмыс жасағандығына күдікті тұлғаға қатысты да қолданылады. Бірақ процессуалдық әдебиетте кепілді бұлтартпау шарасы ретінде күдіктіге қатысты қолдануға қарсы көзқарастар айтылған: «кепіл және жеке кепілгерлік сияқты бұлтартпау шараларын күдіктіге қатысты қолдану мақсатқа сай келмейді, себебі, біріншіден, көрсетілген бұлтартпау шаралары көбінесе екі жақтың (қылмыстық іс жүргізуші тұлға,кепілдік берушілер, кепіл берушілер және жауапкершілікке тартылушы тұлғалардың) өзара сеніміне негізделген, ал қылмыстық істе күдікті тұлғаның қалыптасуы сәтінде алдын ала тергеп-тексеру сатысына өтіп, ақпараттық белгісіздік жағдайында дәлелдеудің жалғасуына байланысты және іс жүргізуші тұлға күдіктінің жеке басы, оның қылмыстық әрекеті туралы жеткілікті мәліметтерді иеленіп үлгермеуіне орай оған қатысты кепіл бұлтартпау шарасын қолдануға болмайды; екіншіден, кепіл немесе жеке кепілгерлік сияқты бұлтартпау шараларын қолдану белгілі бір дайындық жұмыстарын талап етеді, сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында күдікті тұлғасы қысқа мерзімді уақытша сипат алады» [17, 137б]. Бұл пікірмен біз келіспейміз, себебі күдіктіге қатысты кепіл бұлтартпау шарасын қолдануға тыйым салатын ереже күдікті тұлғаның құқықтарын едәуір шектейді.
Біздің ойымызша, тәжірибеде жоғарыда аталған мәселелердің қалыптасуына жол бермеу үшін кепіл бұлтартпау шарасын қолдану рәсімін неғұрлым қысқа мерзімді және қолайлырақ етуді қарастыратын ережені заңға енгізу қажет.
Кепіл бұлтартпау шарасы оған қатысты қолданылатын тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін қарастырамыз, сондай-ақ олардың кепіл беруші ретіндегі құқытары мен міндеттеріне тиіспей, оларға кейінірек тоқталамыз.
Заң әдебиетінде айыпталушыға қатысты кепіл бұлтартпау шарасын таңдауға байланысты оның қандай құқықтар мен міндеттерді иеленетіндігі туралы пікірлер айтылған. З.Ф. Ковриганың ойынша, айыпталушының міндеттеріне оның өзін дұрыс ұстауы және тергеп-тексеру органы мен соттан жалтармауы жатады [51, 124б]. В.А. Михайлов келесі пікірді ұсынды: «Біріншіден, қылмыстық сот өндірісінің мүддесі үшін нақты іс-әрекеттерді, яғни тергеу органдарының, прокурордың және соттың шақыруы бойынша келуді орындауы тиіс, екіншіден, қылмыстық іс жүргізуге жағымсыз әрекеттерден, яғни шақыру бойынша келуге жалтарудан, іс бойынша ақиқатқа жетуге кедергі келтіруден ұстануы тиіс, үшіншіден, өзін дұрыс ұстауына, шақыру бойынша келуіне кепіл ретінде сот депозитіне белгілі кепіл сомасын енгізуі тиіс, төртіншіден, тергеу органына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келуі туралы міндеттерін орындамаған жағдайда кепіл пәні ретінде енгізілген мүлігінен сот қаулысымен айырылуы тиіс [20, 69б].
Жоғарыда айтылғанды ескеріп, осы категорияларды анықтауға тырысамыз. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып жатқан тұлғаның құқығына оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігін дәлелдейтін дәлелдемелерді, соның ішінде оның мүліктік жағдайын т.б. көрсететін мәліметтерді бұлтартпау шарасын таңдауға құзыретті лауазымды тұлғаға табыс ету құқығы жатады.
Міндеттеріне мыналарды жатқызуға болады: сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуші органның, прокурордың және соттың шақыруы бойынша келу; қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі келтірмеу; қылмыстық ісін жалғастырмау; сот үкімін орындаудан жалтармау.
Кепіл берушінің құқықтық жағдайына байланысты мәселелерді қарастырамыз.
Қылмыстық процестегі кепіл беруші – бұл кепіл бұлтартпау шарасымен айыпталушының немесе сезіктінің мінез-құлқына қойылатын талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін кепіл пәнін сот депозитіне енгізген айыпталушы, сезікті немесе олар үшін кепіл енгізген жеке немесе заңды тұлға.
ҚР ҚПК-нің 145-бабының кепiл күдіктiнiң, айыпталушының өзi не басқа жеке немесе заңды тұлға соттың депозитiне күдіктi, айыпталушы анықтау, тергеу органдарына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келуi жөнiндегi мiндеттерiн орындауын қамтамасыз етуге енгiзетiн ақшадан тұрады деген ережесіне сәйкес, үшінші тұлғалардың кепіл беруші ретінде қатынасқа түсуіне жол беріледі. Мұндай ереже кепіл берушілердің екі түрі туралы айтуға мүмкіндік береді: 1) кепіл беруші - айыпталушы немесе күдіктінің өзі; 2) кепіл беруші – басқа жеке немесе заңды тұлға.
Қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу нормаларына сәйкес айыпталушы немесе күдіктімен енгізілген кепілдің, үшінші тұлғалармен енгізілген кепілден айырмашылығы жоқ. Соңғысының басты ерекшелігі ол айыпталушының есебінен емес, үшінші тұлғалардың есебінен енгізілетіндігінде. Мұндай жағдайда кепіл бұлтартпау шарасын қолдану кезінде қылмыстық іс жүргізуші орган мен айыпталушының арасында туындайтын құқықтық қатынасқа айыпталушының өзін дұрыс ұстауы үшін жауап беретін кепіл сомасын ерікті түрде енгізуге міндеттенетін кепіл беруші үшінші тұлға қатысады. В.В. Миклашевский кепіл берушінің өзі айыпталушының жағымды мінез-құлқын бақылайтындығы бекітілетіндіктен, кепілді үшінші тұлғаның енгізуін дұрыс деп санайды [48, 203б].
Жоғарыда айтылғандай, айыпталушыдан басқа жеке немесе заңды тұлға кепіл беруші бола алады. Жеке және заңды тұлғаға да кепіл беруші ретінде қатысуға мүмкіндік бермейтін шектеулер бола тұра, заң кепіл беруші үшінші тұлғаларға қойылатын қосымша талаптар көрсетілмеген. «Басқа тұлға» термині заңшығарушымен ашылып көрсетілмейді, ал ғылыми заң әдебиетінде бұл мәселеге қатысты әр түрлі пікірлер айтылған. А.Д. Буряков: «Заңда айыпталушыдан басқа нақты қандай тұлға кепіл енгізе алатындығы туралы көрсетілмеген. Сондықтан да басқа тұлға деп, айыпталушы үшін кепіл енгізуге жағдайы бар және кепіл енгізуді қалайтын кез келген тұлғаны түсінуге болады»- деп жазды. Белгілі шарттарды белгілеумен ұқсас пікірді З.Ф. Коврига ұсынды: «Кепіл енгізуге ниеті мен жағдайы бар кез келген тұлға айыпталушы үшін кепіл енгізе алады. Бірақ үшінші тұлғаның кепіл енгізуі айыпталушының жағымды мінез-құлқын қамтамасыз етуді қажет ететіндіктен кепіл берушіні таңдау толығымен айыпталушыға байланысты емес. Анықтаушы, тергеуші, прокурор, сот осы бұлтартпау шарасымен қиянат жасау мүмкіндігінің алдын алу үшін сол немесе басқа тұлғаға не бірнеше тұлғаға алдын ала олардың моральдік кейпін анықтап, келісім беруі тиіс» [51, 123б]. О.В. Медведева келесіні ұсынды: «Теорияға сәйкес кепіл беруші басқа тұлға айыпталушымен, күдіктімен ешқандай байланысы жоқ кез келген тұлға бола алады. Бірақ кепіл беруші тұлғалардың қатарынан толығымен немесе ішінара әрекет қабілеттігі жоқ тұлғаларды (соның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарды да), өзінің қандай да бір қылмысы үшін тергеуде немесе бас бостандығынан айыру жазасын өтеу мекемелеріндегі тұлғаларды, сондай-ақ іс жүргізу барысына қорғаушы немесе айыпталушы тарапынан өзінің лауазымдық міндеттеріне байланысты қатысып жатқан тұлғаларды алып тастау мақсатқа лайық болады» [17, 103б]. В.А. Михайлов: «Кепіл беруші ретінде қатысатын тұлғалар деп кез келген жеке тұлғалар түсініледі. Әрекет қабілетсіз тұлғалар кепіл беруші бола алмайды деп нақтылаймыз. Әрекет қабілеттігі шектеулі тұлғалар қамқоршыларының келісімімен кепіл беруші бола алады», -деп жазды [20, 50б].
В.В. Миклашевский: «Кепіл беруші басқа тұлға деп құқықтық мәмілелер жасасуға қабілетті тұлғаларды түсінеміз, ал олардың қатарына жасөспірімдер, есі дұрыс емес тұлғалар, барлық құқықтарынан айырылғандар жатпайды»- деген пікірді ұсынды [16, 188б]. Кессель, олар қоғамдық сенімнен айырылмаған тұлғалар деп ойлады.
Жоғарыда айтылған пікірлерді ескеріп, заңның мазмұнын ұғынып, кепіл беруші ретінде тек заңға сәйкес құқықтық мәмілелер жасасуға қабілетті және кепілге енгізілген мүлікке толығымен меншік құқығы бар тұлғаларға ғана қатынасқа түсуге жол беруге болады.
Әрекет етуші ҚР ҚПК-нің 145-бабының ережелеріне сәйкес кепіл беруші басқа жеке немесе заңды тұлға бола алады. Осыған орай заң әдебиетінде «басқа тұлға» терминін жекеше түрде көрсетіп, заңшығарушы кепілді бірнеше тұлғалардың бірігіп енгізуін жоққа шығарады деген пікір бар [17, 104б]. Біздің ойымызша заң ережесін бұлай түсіну дұрыс емес. Бұл мәселеге қатысты В.В. Миклашевский былай жазды: «Үшінші тұлғалардың қатарын шектеу қажет емес, бірнеше тұлғаның бірігіп кепіл енгізуіне жол беру керек, бірақ мұндай жағдайда енгізілген кепіл мөлшерінен айырылу қаупі олар үшін едәуір болуы тиіс. Егер шектеу қойсақ, онда қарастырылып отырған бұлтартпау шарасының қолданылу санын төмендетеміз». Осыған орай, қылмыстық іс жүргізу заңына кепіл беруші ретінде бірнеше тұлғаның қатынасқа түсуіне мүмкіндік беретін түзетулер жасау керек.
Кепіл беруші бола алатын әр түрлі ұйымдарды қарастыратын болсақ, ҚР ҚПК-де нақты қандай заңды тұлғалардың кепіл беруші бола алатындығын айтылмаған. Кепіл бұлтартпау шарасын қолдану кезінде туындайтын қылмыстық процессуалдық қантынасқа заңды тұлғалардың түсуінің маңыздылығы туралы В.В. Миклашевский: «Заңды тұлғаға кепілдікке алу немесе кепіл енгізуге жол беру кепіл бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігін кеңейтуге ғана емес, сондай-ақ заңды тұлғалардың кепілдігі мен кепіл енгізуі айыпталушының тергеу органына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келуін қамтамасыз етудің ерекше құралын қолдануға және айыпталушыны заңды тұлғаның қадағалауына мүмкіндік туғызады.
Қандай заңды тұлғалар кепіл беруші бола алатындығы туралы мәселелер бойынша заң әдебиетінде әр түрлі пікірлер келтірілген. Мысалы, В.А.Михайлов: «Расында да ҚПК-де бұл ұйымдардың тізімі жоқ. Бірақ оған қажеттілік жоқ, себебі қылмыстық процеске кепіл институты алынған азаматтық құқық бұл ұйымдардың тізімін көрсетеді. Азаматтық құқықтың ережесіне сәйкес кепіл енгізу құқығын заңды тұлғалар, яғни меншiгінде оқшау мүлкi бар және сол мүлiкпен өз мiндеттемелерi бойынша жауап беретiн, өз атынан мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйымдар иелене алады. Кепіл беруші ретінде кепіл пәні өзіне меншік немесе толық шаруашылық жүргізу құқығымен тиесілі заңды тұлғалар да бола алады» - деп жазды [20, 24б]. З.Ф. Коврига: «Айыпталушы (күдікті), басқа жеке тұлғалармен қатар, қатарына өздерінің мүлігін өзге мақсаттарда қолдана алмайтындықтан қоғамдық, мемлекеттік ұйымдар жатпайтын заңды түлғалар да кепіл беруші бола алады. Кепіл беруші бола алатын заңды тұлғалардың қатарына заң бойынша құруға рұқсат берілген, белгіленген тәртіппен тіркелген діни ұйымдарды жатқызуға болады», - дегеп пікір келтірді [51, 123б].
О.В. Медведева: «Қазіргі таңдағы экономикадағы реформаларға және жеке меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың кең көлемінің қалыптасуымен байланысты заңда белгіленген тәртіппен құрылып, тіркелген мемлекеттік емес меншік нысанындағы (жарғылық капиталында мемлекеттің ешқандай үлесі жоқ) кез келген ұйымдар кепіл беруші бола алады. Мүлігіне тыйым салынған немесе азаматтық құқықтық тәртіппен өндіріп алу тағайындалған, сондай‑ақ банкрот деп танылған заңды тұлғалар кепіл беруші бола алмайды» - деп жазды [17, 114б].
Қылмыстық процестік кодексінде қылмыстық істер бойынша кепіл беруші бола алатын заңды тұлғалардың тізімін көрсетіп жату мақсатқа сай келмейді. Сонымен қатар кепіл бұлтартпау шарасын қолданған жағдайда заңда белгіленген тәртіппен құрылып, мемлекеттік тіркеуден өткен, бірақ өзінің жарғылық капиталында мемлекеттің немесе муниципалдық меншіктің бірде бір пайызын иеленбейтін кез келген заңды тұлғалар кепіл беруші бола алады деген жалпы ережені бекіту қажет [53, 100б]. Біз мұндай пікірмен келіспейміз, себебі жеке тұлғалардың кепіл енгізуге әрекет қабілеттілігі сияқты қандай заңды тұлғалардың кепіл енгізуге әрекет қабілеті бар екендігі азамттық құқық нормасымен анықталуы тиіс.
Енді, кепіл беруші тұлғалардың кепіл бұлтартпау шарасын қолданған жағдайда туындайтын құқықтары мен міндеттерін қарастырайық.
Заң әдебиетінде егер кепіл беруші айыпталушының өзі болмаса, онда кепіл айыпталушының кепіл берушінің алдындағы тек моральдік міндеттемелеріне ғана негізделеді деген пікірлер жазылған. Мысалы, А.Д. Буряков: «Кепіл айыпталушының өзімен емес, басқа тұлғалармен немесе ұйымдармен енгізілген жағдайда айыпталушы мен бұлтартпау шарасын таңдаған орган арасындағы тергеуге немесе сотқа шақыру бойынша келу туралы тікелей міндеттеме жасалмайды, себебі мұндай міндеттеме үшінші тұлғалармен немесе ұйымдармен қабылданады», - деп жазды [18, 8б]. Мұндай пікірмен қатар жауапкершілікті бөлу туралы пікірді З.Ф. Коврига былай келтірді: «Кепіл бұлтартпау шарасын таңдаған кезде, егер кепіл беруші айыпталушының өзі болса, онда өзіне алынған міндеттемені орындамаған жағдайда кепіл сомасынан айырылу қаупі арқылы психикалық ықпал ету тікелей айыпталушыға бағытталады. Егер кепіл беруші айыпталушының өзі емес, басқа жеке немесе заңды тұлға болса, онда мұндай психикалық ықпалды олар өзара бөліседі» [51, 99б].
П.И. Люблинский: «Кепілдін туныдайтын міндеттемені ақшалай қамтамсыз ету басқа тұлғамен жүзеге асырылған жағдайда міндеттеме орындалмаса, айыпталушының жауапкершілігін тек кепілдегі мүлікті мемлекет кірісіне айналдырып қоюмен ғана шектемей келтірілген сенімді ақтау міндетімен еселеу керек», - деген пікір айтты [8, 350б].
Кепіл бұлтартпау шарасының тиімділігін арттыру үшін қылмыстық іс жүргізу заңында кепіл беруші үшінші тұлға болған жағдайда кепіл берушінің міндетіне құқық қорғау органдарын айыпталушының жағымсыз мінез құлқы туралы хабарлауды жатқызатын ереже енгізу қажет.
Қорыта келе, кепіл берушінің құқықтары мен міндеттерін жалпы құқықтары мен міндеттер және кепіл беруші айыпталушы (күдіктінің) құқықтары мен міндеттері деп қарастырған мақсатқа лайық деп ойлаймыз.
Кепіл берушінің жалпы құқықтарына келесіні жатқызуға болады:
кепіл бұлтартпау шарасы таңдалып жатқан істің мәні туралы хабардар болу;
кепілдің мөлшеріне қатысты өзінің ойын білдіру;
кепіл беруші болуға шешім қабылдау;
кепіл бұлтартпау шарасы тоқтатылған жағдайда кепілге енгізілген мүлікті қайтаруды талап ету.
Кепіл берушінің жалпы міндеттеріне мыналар жатады:
кепіл бұлтартпау шарасы таңдалған жағдайда кепіл пәнін сот депозитіне енгізу;
кепіл бұлтартпау шарасынан туындайтын талаптарды сақтау;
кепіл пәнімен айыпталушы кепіл талаптарын бұзғанда жауап беру.
Айыпталушы кепіл беруші болған жағдайда, оның құқықтары кепіл берушінің жалпы құқықтарынан және оның мәртебесінен туындайтын: өзіне қатысты кепіл бұлтартпау шарасын қолдануды негіздейтін мәліметтер ұсыну, бұлтартпау шарасын өзгертуге өтініш білдіру құқықтарынан тұрады.
Айыпталушы кепіл беруші болған жағдайда, оның міндеттері жалпы кепіл берушінің міндеттерімен қатар, айыпталушының мәртебесінен туындайтын: тергеу органдарына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келу міндеті жатады.
Заң әдебиетінде кепіл берушіні жауапкершіліктен босату туралы мүмкіндігіне қатысты пікірлер айтылған. Мысалы, А.Д. Буряков: «Егер кепіл беруші айыпталушының тергеу органына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келуден жалтаруы оған байланысты емес мән-жайлардың себебінен екендігін және мұндай жалтарудың алдын алуды өз әрекетімен немесе құқық қорғау органдарына хабарлау арқылы жүзеге асыру нақты мән-жайларға байланысты мүмкін болмағандығын дәлелдесе сот шешімімен кепіл беруші жауапкершіліктен босатуға құқылы», - деп жазды [18, 91б].
В.Н. Бутов Австрия Республикасының қылмыстық процесін сипаттай келе: «Егер айыпталушы қамауға алынса немесе қылмыстық процесс заңда белгіленген тәртіппен аяқталса, онда кепілдік пен кепіл берушілер жауапкершіліктен босатылады», - деп жазды [54, 105б].
Біздің ойымызша, кепіл беруші енгізілген кепіл пәнімен айыпталушының тергеу органына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келуден жалтарғандығы дәлелденгеннен кейін оған кепіл берушінің қатыстылығын анықтамастан, бірден мемлекет кірісіне айналдыру керек. Әйтпесе кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың маңыздылығын жоғалтады.
