- •Мазмұны
- •Бұлтартпау шарасының ұғымы, белгілері, түрлері
- •1.2 Бұлтартпау шараларын қолдану негіздері және оны қолданудың
- •1.3 Қылмыстық іс жүргізудегі кепіл институтының қалыптасуы мен дамуы
- •Іі. Кепіл бұлтартпау шарасы ретінде
- •2.1. Қылмыстық процестегі кепіл бұлтартпау шарасының түсінігі және оны қолданудың мәні
- •2.2 Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасы бойынша кепілдің пәні мен мөлшері және оның субъектілері
- •2.3 Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану барысында туындайтын мәселелер
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет тізімі
Іі. Кепіл бұлтартпау шарасы ретінде
2.1. Қылмыстық процестегі кепіл бұлтартпау шарасының түсінігі және оны қолданудың мәні
Айыпталушының қылмыстық іс жүргізуге қатысуын қамтамасыз ететін мүліктік шаралар, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасы көптеген ғасырлар бойы қолданылып келеді, бірақ заңшығарушы құқықтық нормаларда қылмыстық процестің осы институтының қолданылуын жеткілікті дәрежеде дұрыс реттейтін нормаларды енгізбеді. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодексінде мұндай түсінік жоқ. Біздің ойымызша, кепіл институтының белгілерін толық көрсететін «қылмыстық процессуалдық кепіл» терминінің қалыптасуы қылмыстық іс жүргізудің осы институтының қолданылуын реттейтін құқық нормаларын толық анықтайтын еді, ал мұндай анықтама өз кезегінде кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың тиімділігін арттыратын еді. 1872 жылы В.В. Миклашевский ұсынған кепіл бұлтартпау шарасының анықтамасы: «Кепіл дегеніміз қылмыстық іс бойынша айыпталушының сотқа келуін қамтамасыз ету үшін сот үкімі орындалғанға дейін немесе ол өзге бұлтартпау шарасына ауыстырылғанға дейін айыпталушы немесе үшінші тұлғаның сот кассасына салатын, анықталған белгілі бір қаражат сомасын немесе мүлікті айтамыз» [16, 192б.]. Бұл анықтама 1864 жылғы Қылмыстық сот өндірісі жарғысында кепіл институтын реттейтін құқық нормаларының көрінісі болды және ол қазіргі таңдағы талаптарға жауап бере алмайды.
О.В. Медведева кепіл бұлтартпау шарасының ұғымын былай ашады: «Кепілді айыпталушы (ерекше жағдайларда күдікті) немесе үшінші тұлғалар анықтау, тергеу не сот органымен анықталған белгілі бір ақша сомасын сот депозитіне айыпталушының (күдіктінің ) шақыру бойынша анықтама, тергеу органдарына немесе сотқа келуін қамтамасыз ету үшін сот үкімі орындалғанға дейін немесе ол өзге бұлтартпау шарасына ауыстырылғанға дейін сала тұруы деп анықтауымызға болады». Келтірілген анықтама, біздің ойымызша, кепілдің бұлтартпау шарасы ретіндегі белгілерін жеткілікті дәрежеде толық ашпайды. Қолданыстағы кепіл бұлтартпау шарасын сипаттайтын белгілерді толық ашып беретін анықтама келтіруге тырысамыз [17, 91б.].
Қылмыстық процессуалдық кепілдің ережесі оның кейбір ерекшеліктерін қоспағанда, азаматтық құқықтағы аналогиялық институтқа ұқсас. Бұл мәселе бойынша әртүрлі пікірлер айтылған. Мысалы, В.А. Михалков: «Кепіл туралы негізгі ережені қылмыстық іс жүргізу заңы белгілі бір шекте азаматтық құқықтың кепіл институтынан алынған» - деп, ойлайды. Осы мәселе жайлы ертеректе П.И. Люблинский: «Кепіл және кепіл болушылық туралы Азаматтық кодекстің баптарының осы қатынастарға толығымен таралуы мүмкін емес, себебі қылмыстық процессуалдық кепіл мен кепіл болушылық сипаты бойынша жеке тұлғалар мен сот органдары арасындағы жеке шарттан туындайтын міндеттеме емес, жариялы мүліктік міндеттеме болып табылады. Бірақ Азаматтық кодекстің баптарының көмекші маңызының орын алу көрінісі бар», - деп жазған [8, 46б.]. Бұл мәселенің даулы болғандығын А.Д. Буряковтың қарама қарсы пікірі аша түседі. А.Д. Буряков: «Кепілді бұлтартпау шарасы ретінде қарастыра қарастыра келе, Қылмыстық процессуалдық кодекстің нормаларын азаматтық құқық нормаларымен алмастырмай, толықтырмай олардың шегінен шығуға тура келеді», - деп жазды [18, 53б.].
Кепіл бұлтартпау шараларының бір түріне жататындықтан, бұлтартпау шараларына қолданылатын ережелер кепіл бұлтартпау шарасына тән. Сондықтан да процессуалист ғалымдардың қылмыстық іс жүргізудегі бұлтартпау шараларының ұғымына қатысты бірқатар көзқарастырына тоқталғанды жөн деп санаймыз.
Процессуалдық әдебиеттерде бұлтартпау шараларының анықтамасының әртүрлі нұсқасы бар. А.Д. Буряков келесі дефиницияны ұсынады: «Кеңестік қылмыстық процесте бұлтартпау шаралары деп анықтау мен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының, прокурордың және соттың айыпталушыға (ерекше жағдайларда күдіктіге) қатысты, оның тергеу мен соттан жалтармауын қамтамасыз ету, іс бойынша ақиқатты анықтауға бөгет жасауын болдырмау, қылмыстық әрекетпен айналысу мүмкіндігінің жолын кесу, сондай-ақ сот үкімінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын заңмен қарастырылған процессуалдық мәжбүрлеу шаралары мен моральдық ықпал ету шараларының жүйесі танылады» [18, 67б.].
И.Ф. Демидов Кеңестік қылмыстық іс жүргізу курсының қылмыстық процессуалдық мәжбүрлеу шараларына арналған XXI тарауында бұлтартпау шараларын күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны және сотталғанды олардың белгілі бір құқықтары мен бостандықтарын шектеу немесе олардан айыру жолымен заңмен белгіленген жүріс-тұрыс ережесін (сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен соттан жалтармауға, жаңа қылмыс жасамауға т.б.) сақтауға мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары деп анықтаған болатын [19, 189б.].
Қылмыстық іс жүргізулік бұлтартпау шараларының барлық қажетті белгілерін ашып көрсететін анықтама В.А. Михайлов ұсынған анықтама деп ойлаймыз. В.А. Михайлов: «Қылмыстық іс жүргізудегі бұлтартпау шаралары айыпталушының жеке құқықтары мен бостандықтарын шектеу, мүліктік кепілдік алу, жеке кепіл болушылықты қабылдау, айыпталушыны бақылау жолымен айыпталушының сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен соттан бой тасалауына, тұрғылықты немесе уақытша тұратын жерінен қажетті рұқсатсыз кетуіне мүмкіндік бермейтін, қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтауға айыпталушы тарапынан құқыққа қайшы әрекет ескертілетін, бұлтарылатын, айыпталушының жаңа қылмыс жасауына бөгет болатын, оның сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына, прокурорға, сотқа келуі қамтамасыз етілетін заңмен белгіленген мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары», - деп жазды [20, 43б.].
Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік кодексінде бекітілген бұлтартпау шараларының қатарына кепіл бұлтартпау шарасы кіреді. Кепіл болушылық айыпталушының жағымсыз жүріс-тұрысы үшін кепіл болушының мүліктік жауапкершілігін білдірмейді, сондықтан да кепіл жалғыз мүліктік сипаттағы бұлтартпау шарасы болып табылады.
Кепіл күдіктінің, айыпталушының өзі не басқа жеке немесе заңды тұлға соттың депозитіне күдікті, айыпталушыны анықтау, тергеу органдарына немесе сотқа олардың келуі жөніндегі міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге енгізетін ақшадан тұрады. Кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың мақсаты кепіл таңдалып жатқан тұлғаға немесе ол үшін кепіл салып жатқан тұлғаға материалдық ықпал ету арқылы айыпталушының құқыққа сай мінез-құлқына жету болып табылады [21, 76б.].
Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану туралы нұсқаулыққа сәйкес, кепіл - күдіктінің, айыпталушының анықтау, тергеу органдарына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келуі жөніндегі міндеттерін орындауын қамтамасыз ету үшін күдіктінің, айыпталушының өзі не басқа жеке немесе заңды тұлға соттың депозитіне, сондай-ақ қылмыстық процесті жүргізуші орган қабылдайтын жылжымайтын мүлік пен басқа да бағалы заттар түрінде салатын ақшадан тұратын бұлтартпау шарасы. Бағалы заттар мен жылжымайтын мүлік прокурордың немесе соттың рұқсатымен кепіл ретінде алынуы мүмкін. Кепіл беруші - күдіктінің, айыпталушының анықтау, тергеу органдарына немесе сотқа олардың шақыруы бойынша келу міндеттерін орындауын қамтамасыз ету үшін күдікті, айыпталушы не басқа да кез-келген әрекетке қабілетті жеке немесе заңды тұлға салған кепіл. Бір немесе бірнеше адам кепіл беруші бола алады. Егер заңды тұлғаның бірнеше құрылтайшысы болса, онда әрбір құрылтайшыдан кепіл беру үшін жазбаша түрде келісім алынуы тиіс. [22, 1б].
Кепіл бұлтартпау шарасы үйқамақ бұлтартпау шарасын қоспағанда, басқа бұлтартпау шараларына қарағанда анағұрлым ауырырақ болып табылады. Кепіл қатаң бұлтартпау шараларының қатарына жатады. Оның бұрынғы қылмыстық іс жүрізу кодексінде көрсетілген қамауға алудың орнына қолданылып жататын кездері аз емес. ҚР ҚПК-нің 145-бабына сәйкес кепіл күдіктінің, айыпталушының өзі не басқа жеке немесе заңды тұлға соттың депозитіне күдікті, айыпталушыны анықтау, тергеу органдарына немесе сотқа олардың келуі жөніндегі міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге енгізетін ақшадан тұрады. Кепіл ретінде прокурордың немесе соттың рұқсатымен басқа да бағалы заттар мен жылжымайтын мүліктер қабылдануы мүмкін. Кепілдің бағалылығын дәлелдеу кепіл берушіге жүктеледі. Кепілдің сомасын айыптаудың ауырлығын, күдіктінің, айыпталушының жеке басын, кепіл берушінің мүліктік жағдайын ескере отырып, осы бұлтартпау шарасын таңдаған адам белгілейді. Аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған адамдарға қатысты кепіл алынбайды [23, 74б.].
Еліміздегі және әлемнің өзге де өркениетті елдеріндегі кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың тәжірибесіне сәйкес, кепіл бұлтартпау шарасы адам құқықтары мен бостандықтарының қоғам өмірінің кез келген аясында мемлекетпен ресми мойындалған кезеңінде өзінің жиі қолданылуын табады деп көрсетуге болады.
Кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған кезде күдіктіге, айыпталушыға – олардың міндеттері және оларды орындамаудың салдары, ал айыпталушы, күдікті болып табылмайтын кепіл берушіге – адамның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтіретіні, айыпталатыны, жасалған іс-әрекет үшін заңда көзделген жаза, күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер және олардың шақыру бойынша келуі, сондай-ақ осы міндеттерді орындамаудың салдары түсіндіріледі.
Күдікті, айыпталушы қылмыстық процесті жүргізуші органның шақыруы бойынша келмеген жағдайда бұлтартпау шарасы неғұрлым қатаңырақ етіп өзгертіледі. Осы жағдай орын алғанда прокурор сотқа кепiлдi мемлекеттiң кiрiсiне айналдыру туралы ұсыныс жолдайды. Сот кепiл берушi жоғары тұрған сотқа шағымдануы мүмкiн болатын тиiстi шешiм қабылдайды. Қалған жағдайларда сот iстi тоқтату туралы үкiм немесе қаулы шығарған кезде кепiлдi кепiл берушiге қайтару туралы мәселенi шешедi.
Қылмыстық iс сотқа дейінгі тергеп-тексеру де тоқтатылған кезде кепiл анықтау немесе алдын ала тергеп-тексеру органының қаулысы бойынша кепiл берушiге қайтарылады.
Өзге бұлтартпау шараларына қарағанда кепіл қылмыстық процесті жүргізуші органға күдікті немесе айыпталушының келу міндетін ақшамен, басқа да бағалы заттармен жылжымайтын мүліктермен қамтамасыз ететін материалдық бұлтартпау шарасы болып табылады. Ақша немесе бағалы заттар соттың депозитіне салынады. Бағалы заттарға құнды заттар, бағалы қағаздар, автокөліктер және өзге де мүліктер, антикварианттар мен мәдени және басқа да құнды заттар жатады. Құнды заттарға асыл тастар мен бағалы металдар және сондай-ақ олардан жасалған заттар жатады. Бағалы металдар – алтын, күміс, платина және платиналық топтағы әртүлі металдар жатады. Асыл тастар – табиғи алмас, изумруд, рубин, сапфир және өзге де әртүрлі күйдегі асыл тастар. Бағалы қағаздарға акция, облигация, заңмен және азаматтық кодекспен анықталған өзге де бағалы қағаздардың түрлері жатады. Жылжымайтын мүлікке жер учаскесі, сондай-ақ жермен тығыз байланыстағы, яғни орнын ауыстыру олардың мақсатты тағайындалуын үлкен шығындарға әкеп соғатын ғимараттар, құрылыстар және өзге де мүліктер жатады.[26, 38б.].
Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, кепілді қылмыстық іс жүргізудегі бұлтартпау шарасы ретінде сипаттайтын белгілерді басшылыққа алып оның келесі анықтамасын ұсынамыз.
Кепіл - күдіктінің, айыпталушының өзі не айыпталушы (күдікті) талапқа сай мінез-құлқын бұзған жағдайда енгізілген кепіл сомасынан айырылатындығы туралы алдын ала түсіндірілген басқа жеке немесе заңды тұлға соттың депозитіне күдікті, айыпталушыны анықтау, тергеу органдарына немесе сотқа олардың келуі жөніндегі міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге енгізетін ақшадан тұратын, прокурордың санкциясымен не соттың шешімі бойынша ғана қабылданатын, іс бойынша сот үкімі шыққанға немесе басқа бұлтартпау шарасына өзгергенге не ол жойылғанға дейін сақталатын заң жүзінде бекітілген бұлтартпау шарасының бір түрі.
Кепілдің бұлтартпау шарасы ретіндегі мұндай анықтамасы қолданыстағы қылмыстық-процестік кодексіндегі оның реттелу деңгейін көрсетеді. Бұл анықтама бізге бірқатар мәселелердің мәнісін ашып бергенімен, кепіл мен байланысты кейбір мәселелер нақты зерттеуді және шешімін табуды қажет етеді. Оларға: кепілдің пәні, кепілді қолданудың шарттары мен негіздерінің толық мазмұндалуы, сондай-ақ кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың мақсатын нақтылау, айыпталушы бұлтартпау шарасын қолданудың талаптарын бұзған жағдайда кепілдегі мүліктің мемлекет кірісіне айналу рәсімі, кепілдегі мүліктің қайтарылу тәртібі және кепіл бұлтартпау шарасын қолдану кезінде туындайтын өзге де мәселелер.
П.И. Люблинский XIX-XXғ.ғ. шетелде әрекет етуші заңнамаларды сипаттай келе, мынаны белгіледі, Францияда 1809 жылғы Кодекcте «кепілді ақшалай қамтамасыз етуді немесе мүлікті иеленуші тұлғаның тапсырмасын ғана қолданды». 1865 жылғы заң үшінші тұлға немесе айыпталушының өзімен ұсынылатын заттарды, сондай-ақ жылжымайтын мүлік туралы нұсқаманы шығарып, ауқатты тұлғаның кепіл болушылығын жүргізді қамтамасыз ету түсінігін кеңейтті, 1987 жылғы 1 ақпандағы Германияның қылмыстық сот өндірісіндегі шартында мынандай жағдайлар орын алды: «....1) кепілді бағалы қағаздармен немесе қолма-қол ақшамен енгізу, 2) жылжитын мүлікті кепілге салуда және 3) тиісті тұлғаның кепіл болушылығында»; Норвегия заңнамасы бойынша «Кепіл бағалы қағаздардан немесе ақшадан тұруы мүмкін». 1864 жылғы Ресейдің қылмыстық сот өндірісі Жарлығының 423 бабына сәйкес «Кепіл бағалы қағаздардан немесе ақшадан тұруы керек» [8, 54б.].
Кепіл көне процессуалдық институт болып табылады. Кепіл, сондай-ақ мүліктік кепіл болушылық бұлтартпау шараларының басқа түрлеріне қарағанда жиі қолданылды. Кейінірек, мүліктік кепіл болушылық жеке кепіл болушылыққа алмастырылған кезде, бұл бұлтартпау шаралары өз маңызын жоғалтты.
Мүліктік кепіл болушылық және кепіл қылмыстық сот өндірісі органдарынан жалтару тәсілін бұлтартпау шарасы бола отырып, үйқамақ бұлтартпау шаралары сияқты емес, олардың көмегімен жалтармау тікелей қамтамасыз етілмейді, ал жанама түрде экономикалық, мүліктік жағы арқылы қамтамасыз етіледі. Кепілді таңдау айыпталушыда шақыруға келу мен жалтармау міндетін адал орындауын міндеттейтін экономикалық сипаттағы ниетін туындатады.
Айыпталушының қылмыстық іс жүргізу органдарынан жалтармау мен келу міндетін орындауды туындататын экономикалық ниет туралы айтқанда, мынаны ескеру қажет, кепілде мұндай ниеттер тікелей, ал мүліктік кепіл болушылықта тікелей емес сипатқа ие. Кепілде тікелей емес экономикалық қамтамасыз ету ақшалар немесе құндылықтар бұлтартпау шарасын қолданған сәтте соттың депозитіне, ал айыпталушы шақыруға келу міндеттерін орындамағанда соттың шешімімен мемлекеттің кірісіне берілуден тұрады. Ал, мүліктік кепіл болушылықта мүлік қылмыстық сот өндірісін жүргізуші органдарға тікелей берілмей, айыпталушы прокуратура, сот, тергеу органдарының шақыруларына келуден жалтарған жағдайда белгілі соманы төлеу міндетімен экономикалық тұрғыдан шектелетін кепіл болушыда қалатындықтан тікелей емес мүліктік қамтамасыз ету орын алады.
Өз уақытында белгілі орыс процессуалист Н.Н. Розин мүліктік кепіл болушылық және кепіл басқа бұлтартпау шараларымен салыстырғанда айыпталушылардың сот және тергеуге келуден жалтармауын қамтамасыз етудің мақсатқа сай тәсілдері болып табылады деп көрсетті. Бұл айтылғанмен келіспеу қиын. Біріншіден, кепіл және жеке кепілгерлікпен қарағанда мақсатқа сай, себебі кепіл немесе жеке кепілгерлікті қолдану кезінде адам иеленетін ең бағалы оның жеке бостандығы мен оған ешкімнің тиіспеушілігі бұзылмайды. Азамат өзінің жеке бостандығы үшін материалды түрде кепіл төлейді немесе оған өзге тұлға жеке кепілдік етеді. Әлеуметтік құндылықтар саласынан қарағанда азаматтың материалдық мүддесі әрқашанда оның жеке бостандығынан төмен бағаланады. Екіншіден, қоғам жұмыс күшінен айырылмайды. Үшіншіден, айыпталушы немесе күдікті бостандықта қала тұра қылмыскерлердің жағымсыз ықпалына ұшырамайды, олардың тұлғасының өзгеруіне жол берілмейді [28, 57б.].
Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді таңдау және оны қолдану екі жақты кейбір жағдайда үш жақты актіні бекітуге алып келеді, бір жағынан қылмыстық іс өндірісінде жатқан мемлекеттік орган, екінші жақ айыпталушы, үшінші жақ кепіл беруші үшінші тұлға. Бұл келісім шарт қылмыстық іс жүргізудің аталған субъектілерімен келісімге қол жеткенде және ҚР ҚПК-нің 142-бабынан туындайтын талаптарға сәйкес келгенде заңды деп танылады, соның ішінде:
Қылмыстық іс өндірісінде жатқан орган бұлтартпау шарасы ретінде кепіл бұлтартпау шарасын таңдау туралы шешім қабылдайды және кепіл берушімен келісімнің нәтижесінде кепіл сомасымен кепілдің пәнін анықтайды;
Кепіл беруші айыпталушы немесе үшінші тұлға кепіл бұлтартпау шарасы таңдалып жатқан осы істің мәні бойынша хабардар етіледі және анықталған соманы айыпталушының іс жүргізуші органның шақыруы бойынша келуін қамтамасыз ету үшін соттың депозитіне енгізуге міндеттенеді;
Айыпталушы нақты бір іс әрекеттерді, яғни анықтау, тергеу органдарына прокурордың соттың шақыруы бойынша келуге және олардан жалтармауға міндеттенеді;
Айыпталушы өзінің міндеттерін орындамаған жағдайда кепілге салынған соманың мемлекет кірісіне айналатындығына келесіде.
Қылмыстық іс жүргізуде кепіл жеке өзіндік бұлтартпау шарасы ретінде қарастырылады. Қылмыстық іс жүргізулік мәжбүрлеудің ауырлық деңгейіне қарай кепіл бұлтартпау шарасы үйқамақ бұлтартпау шарасынан кейін тұрады.
Кепіл бұлтартпау шарасы процессуалдық мәжбүрлеу шарасының ерекше түрі болып табылады. Сондықтан да процессуалдық мәжбүрлеу шараларын қолданудың маңызы кепіл бұлтартпау шарасын қолдану маңызына да тән.
Процессуалдық мәжбүрлеу шараларын қолдану әрқашан дұрыс нәтиже береді деп ойлау қате болар еді. Қылмысты ескерту мен алдын алуға қатысты кез келген шара қолдану қатаң заңдылықты сақтап жүргізілгенде ғана өз мақсатына жетеді. Бұл шараларды негізсіз, заң талаптарын сақтамай қолдану тәрбиелік емес керісінше теріс нәтижеге алып келуі мүмкін. Мысалы, кінәлі емес тұлғаны үйқамаққа алу оның санасы мен денсаулығына түрлі деңгейде жағымсыз әсер етуі мүмкін.
Қылмыстық іс жүргізуде мәжбүрлеу шаралары, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасы да тек заңды және негізді қолданылған жағдайда ғана жемісті нәтижесін беріп, ескертушілік, тәрбиелік маңызын байқатады. Керісінше болған жағдайда жағымсыз салдарының мол болары сөзсіз. Мәжбүрлеу шараларын заңды қолданудың негіздері қылмыстық іс жүргізу заңында айтылған, бірақ олардың заңсыз қолданылып жататын кездері аз емес. Сондықтан да осы мәжбүрлеу шараларын қолданушы құқық қорғау органдарына оларды заңды және негізді қолданудың ең тиімді жолдарын анықтап беру біздің еншімізде. Бұл мәселеге шешім ретінде біз жоғарыда әрбір мәжбүрлеу шараларының мақсатты тағайындалуын, олардың қылмыстық іс жүргізуге жағымды маңызын айтып өттік. Мәжбүрлеу шаралары негізді, заңды қолданылған жағдайда қоғамның құқық қорғау органдарына сенімі артады. Бұлтартпау шарасы ретінде кепілдің тікелей мақсатын анықтап, нақты іс жүргізудегі маңызын түсініп, тұлғаға психикалық және физикалық ықпалының орындылғын ескеріп қолдану негізді және заңды болар еді деп ойлаймыз.
Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолданудың мақсаты мен негіздері. Жоғарыда айтылғандай мақсаттарды анықтау процестің ұйымдастырылуының дұрыс түсіндіруге, процессуалдық институттардың өзіне тән арнайы ерекшеліктерін анықтауға және олардың тиімді қолданылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігін ескеріп, бұлтартпау шараларын, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасының қолданудың мақсаттарын анықтаймыз.
Бұлтартпау шараларын қолданудың мақсаттары туралы процессуалист ғалымдардың пікірлері біркелкі емес, әртүрлі. З.Д. Еникеев и С.В. Бородин сияқты ғалымдар бұлтартпау шарларын қолданудың мақсаттарының қатарына айыпталушының бостандықта қалуының қоғамдық қауіптілігін жоюды қосады. Ал В.А. Михайлов айыпталушыдан қылмыс арқылы келтірілген материалдық зиянның орнын толтыру үшін материалдық құндылық өндіріп алу үшін қолданылады деп ойлайды [ ].
Бірақ, жоғарыда айтылған мақсаттар заңшығарушымен ҚР ҚПК‑де бұлтартпау шараларын қолданудың негізі ретінде бекітілген. Біздің ойымызша, Өзбекстан Республикасының Қылмыстық процессуалдық кодексін қабылдаған заңшығарушылар 236-бапты «Бұлтартпау шараларын қолданудың мақсаттары мен негіздері» деп дұрыс атаған.
Сот және тергеу тәжірибесінде бұлтартпау шараларын қолданудың мақсаттарын анықтауға қажеттілік болса да, Қазақстан Республикасының ҚПК-де бұлтартпау шарларын қолданудың мақсаттары нақты көрініс таппады.
Революцияға дейінгі процессуалист ғалымдар бұлтартпау шаралары айыпталушының соттан жасырынуын немесе тергеуден қашып кетуін ескертуге фактілік қажеттіліктер туындаған жағдайда қолданылады деп көрсетті. Кейбір процессуалист ғалымдар, мысалы, И.Я. Фойницкий бұлтартпау шаралары тек айыпталушының тергеу органдарына немесе сотқа келуін қамтамасыз ету үшін қолданылады деп ойлайды [36, 93б.]. Бірақ біз бұл пікірмен келіспейміз, себебі бұл мақсат негізгі мақсаттың бірі болғанымен, бұлтартпау шараларын қолданудың өзге де мақсаттары бар. Егер бұлтартпау шараларының мақсатын тек айыпталушының келуін қамтамасыз ету деп анықтасақ, онда айыпталушы шақыру бойынша келіп, басқа уақытында қылмыстық іс жүргізулік қызметтің қалыпты жұмысына кедергі келтіретін еді. Сондықтан да біз бұлтартпау шараларын қолданудың мақсатын былай анықтаймыз: бұлтартпау шаралары айыпталушының анықтаудан, алдын ала тергеп-тексеруден немесе соттан жасырыну, не сотта істі объективті зерттеуге және талдауға бөгет жасау, немесе қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастыру сондай-ақ үкімнің орындалуына бөгет жасау мүмкіндігінің алдын алу мақсатында қолданылады. Бұл аталған мақсаттар бұлтартпау шараларын қолданудың негізі ретінде ҚР ҚПК-нің 136-бабында бекітілген.
Жоғарыда айтылған мақсаттар қылмыстық бұлтартпау шараларының барлығына тән, кез келген бұлтартпау шарасы сол мақсаттарға түгелімен жету үшін таңдалады. Заңда көзделген талаптарды сақтауды қандай бұлтартпау шарасы қамтамасыз ететіндігін айыпталушыға қатысты қылмыстық процессуалдық мәжбүрлеуді қолданушы тұлға шешеді. Сондықтан да кейбір авторлардың әрбір бұлтартпау шарасының қол жеткізу үшін бағытталған тар көлемдегі мақсаттары бар пікірлерімен келісу қиын. Мысалы, А.Д. Соловьев пен И.А. Гельфанд ешқайда кетпеу туралы қолхат тек айыпталушыны оның тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан жерінен шақыру бойынша сотқа немесе тергеу органдарына келуін қамтамасыз етеді деп ойлайды. Осы айтылғандардың негізінде бұлтартпау шаралары айыпталушының (күдіктінің) қылмыстық іс жүргізуші органға келуін және оның дұрыс мінез-құлқын қамтамасыз ету үшін қолданылады, оларды өзге мақсаттарда қолдануға болмайды деп анықтайды [37, 137б.].
Біз бұл пікірмен келіспейміз, жоғарыда айтқанымыздай ҚР ҚПК-нің 136-бабына талдау жасасақ, бұлтартпау шаралары институтының қылмыстық іс жүргізуге не үшін енгізілгендігін анықтауға мүмкіндік береді. Белгілі процессуалист ғалым З.Д. Еникеев айтқандай, бұлтартпау шараларын қолданудың мақсаттарын анықтау оны қолданушы органдарға және өздеріне қатысты қолданылатын тұлғаларға да маңызды [38, 45б.].
Бұл мақсаттарға жету тұлғаның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қандай да бір шектеуге алып келеді. Құқық шектеудің көлемі айыпталушыға қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының түріне байланысты болады. Кепіл бұлтартпау шарасын қолдану кезінде заң мүліктік емес құқықтармен бірге тек айыпталушының ғана мүліктік құқықтарын емес, сонымен бірге кепіл беруші үшінші тұлғалардың да құқықтарын шектеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен заңда көзделмеген шектеулерді қолданылып жататын кездері аз емес, бұл өз кезегінде түгел қылмыстық іс жүргізу қызметіне жағымсыз әсер етеді. Қылмыстық іс жүргізуде жағымсыз салдардың алдын алу мен ескерту үшін тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерінің процессуалдық кепілдіктерінің жүйесі қабілетті. Процессуалдық кепілдіктер дегеніміз қылмыстық іс жүргізуге қатысушы тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын заңмен белгіленген құралдардың жиынтығы.
Тұлға құқықтарының кепілдіктері мен қылмыстық істі тергеу барысында заңдылықтың сақталуына байлынысты мәселелер бір ғана емес, бірнеше рет процессуалдық ғылымда зерттеліп келеді. Сондықтан да кепіл бұлтартпау шарасын заңды және негізді таңдауға бағытталған зерттеулерге тоқталамыз. Заңдылықты қамтамасыз етудің маңызды элементі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде қылмыстық іс жүргізу қағидаларының жүйесін бекіту болып табылады. ҚР ҚПК-нің 9-бабында қылмыстық іс жүргізу қағидаларын бұзу, оның сипаты мен мәнiне қарай, iс бойынша болған iс жүргiзудi жарамсыз деп тануға, мұндай iс жүргiзудiң барысында шығарылған шешiмдердi бұзуға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдеу күшi жоқ деп тануға әкелiп соқтырады деп нақты анықталған. Бұл ереже бұлтартпау шараларына да қатысты. Қылмыстық іс жүргізуші органның айыпталушының немесе кепіл берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын кепілдіктердің негізгі ережелерінің біреуін ғана бұзуы, бұзылған құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіруге, кейбір жағдайларда кепіл бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулыны бұзуға алып келеді.
Қандай да бір қылмыстық іс бойынша анықтау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру және прокуратура органдары мен соттың іс-әрекетінің заңдылығының алғышарты және қажетті белгісі қылмыстық іс қозғау туралы шешімнің дұрыстығы болып табылады. Бірақ В.М. Савицкий айтқандай, қылмыстық іс қозғаудың негізділігі мен заңдылығы бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігі мен заңдылығына кепілдік бермейді [39, 75б].
Бұлтартпау шарасын таңдаудың маңызды белгісінің бірі тұлғаның іс-әрекетінде қылмыс құрамының болуын анықтау болып табылады. Сондықтан да, ережеге сай, сотқа дейінгі қылмыстық іс жүргізуде тұлғаның қылмыс жасағандығын дәлелдейтін дәлелдемелер жеткілікті болғанда, оны айыпталушы ретінде танығаннан кейін бұлтартпау шарасы қолданылады.
Өкінішке орай, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын қолданудың ерекше жағдайларының барлығын анықтау мүмкін емес, олар әрбір қылмыстық іс бойынша әр түрлі болуы мүмкін. Сондықтан да заңшығарушы оларды тізіп жатпайды, ал қылмыстық іс жүргізуші органға заңда көзделген негіздер болғанда, нақты жағдайларға байланысты ерекше жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді.
Бұлтартпау шараларын, соның ішінде кепіл бұлтартпау шарасын негізді қолданудың тағы бір маңызды алғышарты - оны қолданудың заңда көзделген негіздердің болуы. Солай бола тұра, теория мен тәжірибеде де бұлтартпау шараларын қолдану үшін негіздер бойынша біркелкі ойлар жоқ.
