- •Мазмұны
- •Бұлтартпау шарасының ұғымы, белгілері, түрлері
- •1.2 Бұлтартпау шараларын қолдану негіздері және оны қолданудың
- •1.3 Қылмыстық іс жүргізудегі кепіл институтының қалыптасуы мен дамуы
- •Іі. Кепіл бұлтартпау шарасы ретінде
- •2.1. Қылмыстық процестегі кепіл бұлтартпау шарасының түсінігі және оны қолданудың мәні
- •2.2 Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасы бойынша кепілдің пәні мен мөлшері және оның субъектілері
- •2.3 Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану барысында туындайтын мәселелер
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет тізімі
1.3 Қылмыстық іс жүргізудегі кепіл институтының қалыптасуы мен дамуы
Кепілмен байланысты қатынастардың даму тарихын зерттеу, кепіл институтының құқықтық реттелуінің барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін аңғаруға және оны қазіргі құқықтық жүйеде қолдану үшін жағымды жақтарын анықтауға мүмкіндік береді.
Біздің көзқарасымызға сәйкес азаматтық құқықтық және қылмыстық іс жүргізу құқығындағы кепілдің қалыптасу және даму тарихын өзара байланысты зерттеу жемісті болар, себебі олардың қалыптасу табиғаты ұқсас.
Міндеттемелердің орындалуына мүліктік кепілдіктер өзінің бастауын қөпшілік құқықтық жүйелердің, соның ішінде міндеттеме мен олардың орындалуын қамтамасыз етудің кепіл және т.б. әдістерін өзіне біріктіретін ҚР азаматтық құқығының жүйесінің қалыптасуына тарихи негіз болған рим құқығынан алды. Қылмыстық өндірістегі мүліктік сипаттағы бұлтартпау шаралары азаматтық құқықтағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін қолданылатын анологиялық институттардан пайда болды.
В.А. Ефимовтың пікірінше: «Кейінірек пайда болған кепілден несие беруші өз талабының орындалуының қамтамасыз етілуіне затқа меншік құқығын алуымен ерекшеленетін міндеттемені сырттай қамтамасыз етудің алғашқы нысаны римдік фидуция болды» [3, 24б.].
В.А. Тарховтың ойынша, міндеттемені қамтамасыз ету құралы ретінде Римдегі кепіл басқа мағына білдірді, ол талап ету құқығын қанағаттандыру үшін бөтеннің мүлкін сатуға мүмкіндік беретін заттық, акцессорлық құқық ретінде қарастырылды [4, 32б.].
Л. Кассоның айтуына сәйкес, кепілдік қатынастар рим құқығы үшін алғашында, кепіл қосымша міндеттемені білдіретін нақты сипат алмаған деп сипатталды. Борышқорға қатысты несие берушіге міндеттемеде орғаудың екі нысаны – заттық құқық пен жеке құқық ұсынылды. Егер ол алғашында заттық талап арыз беріп, қанағаттандырусыз қалса, онда ол жеке талап арыз бере алатын, яғни борышқордан міндеттемеде қарастырылған іс-әрекетті орындауды талап ете алатын болды. Рим құқығының дамуымен жеке құқық негізгі құқық ретінде, ал заттық құқық субсидиарлық міндеттеме ретінде қалыптасты. Кепіл мәні бойынша субсидиарлық міндеттеме ретінде қарастырыла бастады [5, 69б.].
Алғашқыда кепілдің мақсатына талап арызбен қамтамасыз етілген сенімге (фидуция) негізделген шарт қызмет етті. Мұндай шарт борышқордың жағдайына өте пайдасыз болды, сондықтан да жиі қолданылған «қолма қол кепіл» деп аталған кепілдің басқа нысаны – pignus пайда болды. Кепілдің мұндай нысаны бойынша несие берушіге мүлік жалға немесе иелік етуіне берілді.
Д. Майер: «Кепілді қабылдаушы кепілдің меншік иесі емес, ал тек міндеттемені қамтамасыз ету үшін иеленеді. Мұнда римдік міндеттеме pignus және француздық gage тиесілі» [6, 103б.].
Көрші Ресейде де жеке кепілдік орын алды. Біз оны Г.Ф. Шершеневичтің келесі жазбасынан көреміз: «Ресейде ХV ғасырға дейін кепіл болмады, тек қана адамдардың кепілі болды» [7]. Бұл кепіл түрі бойынша міндеттемені қамтамасыз ету тәсілі ретінде несие берушіге борышкер тұлғасын иелену мен пайдалану құқығы берілуі мүмкін еді, ал билік ету құқығы берілмейтін болды. Кепілдің осы түрі әртүрлі формада Ресейде XIX ғасырға дейін қолданылды.
Кепіл айналымының дамуымен міндеттемені қамтамасыз етудің pignus сияқты нысаны өмірдің қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмады. Бұл құқықтық нысан сенімді қамтамасыз ету тәсілі болмады, себебі егер несие беруші кепіл затын жоғалтып алса, борышқор оны қайтаруын алап ете алмайтын болды. Шаруашылық өмір бұл институттың өзгеруін яғни, кепіл затын қарыз бойынша төлем жасау уақыты басталғанға дейін борышқордың шаруашылық пайдалануынан ажыратпауды қажет етті. Осыған орай римдік кепілдің жақсырақ дамыған нысаны – hipoteka (ипотека) пайда болды. Ипотека бойынша кепіл пәні кепіл берушінің меншігі мен иелігінде қалды, ал несие берушіге міндеттеме бойынша қанағаттанбаған жағдайда кепіл пәнін талап етіп, оны сатып және түскен сомадан өзінің залалының орнын толтыру құқығы берілді.
Егер азаматтық құқық аясындағы мамандарға кепілдік қатынастардың даму тарихы кепілдің нарықтық қатынастардың тұрақтылығы мен нанымдылығына ынталандыратын шара ретіндегі маңызы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік берсе, біздің жағдайымызда қылмыстық сот өндірісін демократияландыру үшін қылмыстық іс жүргізуде айыпталушының қатысуын қамтамасыз етудің мүліктік шараларының кеңінен қолданылуының даусыз маңызы туралы шешім жасауымызға толық мүмкіндігіміз бар.
Қылмыстық іс жүргізулік кепіл, азаматтық құқықтық кепіл сияқты өзінің тамырын терең тарихқа жаяды. П.И. Люблинский мүліктік кепілдің алғашқы қолданылу жағдайы туралы Ливияға (III кітап, 13 тарау) сілтеме жасап: «III ғасырда Римде он жариялы кепіл берушілер сенатпен айқындалған сома мөлшерінде ауыр қылмыс үшін айыпталушыға кепілдік етті» - деп жазды [8].
Бұлтартпау шараларының эволюциясы қоғамның дамуымен тығыз байланысты. Бір немесе бірнеше адамдар тобының қоғамға қауіпті, жариялы жазаланушы іс-әрекетіне қарай бұлтартпау шараларының түрі мен сипаты өзгерді. А. Кистяковский келесідей пікір айтты: «Бұлтартпау шараларының тарихында төрт кезеңді жеңіл ажыратуға болады: а) тек кепілді қолданудың басымдығы кезеңі; ә) кепілдің өзге шаралармен бірге қолданылу кезеңі; б) кепілді қолданудың әлсіреген кезеңі; в) түрмеге уақытша қамауды қолданудың күшейіп, кепілді қолданудың өте азайған кезеңі» [9].
Ру немесе тобырдың бір мүшесі өзінің жасаған қылығы үшін ру немесе тобыр мүшелері толығымен жауап берген қоғамның дамуының ертеректегі кезеңінде қылмыскерді бас бостандығынан айырудың қажеттігі жоқ болды, сондықтан да егер дау дер кезінде шешілмесе, онда кінәлі үшін руластары кепілдік берді. Сонымен бірге, қылмыс үшін материалдық сыйақы талап етілді және оны кінәлінің бар немесе жоғына қарамастан оның қауымынан ала алды. Мысалы П.И. Люблинскийдің айтуынша: «Қауым өзінің мүшесі үшін жауапты болды... жауаптылық жеке емес көбінесе мүліктік болды. Қылмыс тек айыпкер төлеп, орнын толтыратын жеке құқықты бұзушылық – айып болды. Қауым өзінің мүшесі үшін жауапты бола тұра да ол үшін табиғи кепілдік беруші болды.
Елімізде кепілдік қатынастардың эволюциясының негізгі айқындаушы факторлары: меншік нысандарының дамуы, экономиканың нарықтық бағытының дәрежесі және оның ұзақ мерзімді сипаттағы капиталмен камтамасыз етілу деңгейі.
Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының территориясы ұзақ жылдар бойы Ресей империясының, кейін Кеңес Одағының құрамында болды. Қылмыстық сот өндірісі Кеңес Одағында бірыңғай қағида мен негізде жүзеге асырылды, бұл жағдайлар бұлтартпау шараларының жүйесінде де мәнді ізін қалдырды. Қылмыстық бұлтартпау шаралары институтының тарихи аспектісін революцияға дейінгі авторлар мен кейбір қазіргі ресейлік процессуалистердің еңбектерінен табуға болады.
Қазақтардың әдет-ғұрпы бойынша бұлтартпау шараларына қажеттіліктің жоқтығынан бұлтартпау шаралары қарастырылмады. Істерді қарастыру алдын ала тергеусіз тікелей билердің істі шешуінде қарастырылды.
Ресей империясына қосылғанға дейін XVI ғасыр мен XVIII ғасырдың басында қазақ жерінде құқықтық негізді Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы және Тәуке ханның Жеті жарғысы құрады. Бұл құқықтық ережелер Қазақ хандарының бастамасымен қалыптасты. Олар ауызша нысанда болды.
Жеті жарғыда бұлтартпау шаралары болмады, бірақ егер айыпкер дау шешілетін орынға келмеген жағдайда, оның туыстарынан немесе айыпкердің тұрып жатқан ауылынан айып ретінде мал айдап кететін ереже болды. Сондықтан да өздерінің малынан айырылмау үшін айыпкердің туыстары немесе ауылдастары оны күштеп би алдына алып келетін болған.
Жеті жарғымен бірге қазақ даласында қазақтардың әдет-ғұрып нормасы – адат және мұсылмандық шариғат нормалары қоданылды.
Қазақ хандығының Ресей империясының құрамына кіруінің алғашқы кезеңдерінде Қазақ хандарының салыстырмалы тәуелсіздігі сақталды. Уақыт өте келе хандық институттар жойылып, шектеулі юрисдикциямен «би-сұлтандық жүйе» енгізіле бастады. Осы кезеңге II Екатеринаның шекаралық соттардағы сот өндірісінің тәртібін реттейтін Жарлықтары жатады. II Екатеринаның Сібір генерал губернаторы Апухинге арналған «Кіші жүздегі тәртіпті қамтамасыз ету және Орынбордағы шекаралық соттардың мекемелері туралы» 1784 жылғы 2 мамырдағы Жарлығының 6 тармағына сәйкес «... барлық соттар істі қарағанда Ресей империясының заңдары мен ережелерінің негізінде шешуге міндетті»[10, 7б.].
1799 жылғы 13 тамыздағы «Ресей империясының заңдары бойынша қазақтардың кісі өлтіру істерінің соттылығы туралы» Жарлыққа сәйкес шекаралық соттармен қырғыздардың (қазақтар) жасаған қылмыстық және азаматтық істері қарастырылды, ал бұлтартпау шарасы ретінде түрмеде қамауда ұстау қолданылды.
Бертін келе, қазақ жерінде басқару мен сот өндірісі тәртібін айқындайтын бірқатар заңдар, жарлықтар қабылданды. 1822 жылы 22 шілдеде қабылданған «Өзге халықтарды басқару туралы» Жарғыға сәйкес сот өндірісін жүзеге асыруда патша заңдарымен қатар әр рудың өзіне тән дала заңдары мен әдет-ғұрпы қолданылатын болды. Патша заңдарының соттылығына көшпелі халықпен жүзеге асырылған қылмыс болып танылатын іс-әрекеттер жатты. Оларға: қасақана адам өлтіру, тонушылық пен зорлық, жалған тиындар жасау және қазыналық, қоғамдық мүліктерді ұрлау т.б. жатты. Қалған істердің барлығы талап арыздық істер деп танылып, билер сотымен шешілді.
1832 жылы қабылданған Ресей империясы заңдарының жинағына сәйкес қылмыстық заңда келесідей бұлтартпау шараларының түрлері: қамауда ұстау, үйде қамауда ұстау, полицейлік қадағалау, кепілге беру қарастырылды. Кепілдік беру материалдық қамтамасыз етумен байланысты болмады. Бұл кезеңде «кәсіби кепіл берушілер» қалыптасты. Кепіл берушілердің қылмыстық жауапкершілігі жеңілдеді, олардың мүліктік жауапкершілігі мүлдем болмады. Шын мәнінде, кепіл берушілер міндеттерін орындамағаны үшін ешқандай мүлікпен жауап бермеді.
Біздің пікірімізше, шетелдік тәжірибеге жүгіну қызығушылық тудырады. Мысалы, Англияда «frankplegge» деп аталатын қылмыс жасаған өз қауымының мүшесі сот әділдігіне ұсынылмаған жағдайда айыппұл төлейтін белгілі бір аймақ тұрғындарының қатарына кіретін жасы үлкен ер адамдар тобы болды. 1444 жылғы статут белгілі жағдайларда шерифтерден кепіл болушылықты қолдануды талап етті, ал бұдан бас тартуды зиян келтіру деп қарастырды.
Жүргізілген талдаудың нәтижесінде жауапкершілік жеке емес мүліктік болғандықтан, қарастырылып отырған кезеңде кепілден өзге бұлтартпау шарасын қалыптастырудың қажеттігі жоқ болды деп шешім жасауға болады. Айыптау жариялы сипатты иелене бастағаннан бері қатаңырақ бұлтартпау шарасын бекітуге объективті қажеттілік қалыптаса бастады. А. Кистяковский: «Қылмысты ашудың алғашқы кезеңін билік ісіне қарағанда ең алдымен өзінің назарын өзінің ақшалай мүдделерін қорғауға аударған жәбірленуші жақ, жеке тұлғалардың ісі құрады. Сот орындаушылары қылмысты ашу үшін мемлекеттік шара ретінде тінту жүргізді», - деп көрсетті. «Жеке тұлға жәбірленушімен жүзеге асырылатын сотқа алып келу құқығымен бірге, кепіл де қолданылды, кепіл берушілерді табу мүмкін емес өзге жағдайларда, приставтар кінәлілерді өздерінде қалдырды,» - деп жазды П.И. Люблинский [8, 56б.].
Кейінірек айыпталушының сот өндірісіне қатысуын қамтамасыз ететін өзге шаралар қалыптасты. 1832 жылғы Заңдар жинағы бойынша А. Кистяковский келесі жіктелімді ұсынды: 1) түрмеде және полиция қарамағында ұстау; 2) үйде қамауда ұстау; 3) полицейлік қадағалау; 4) кепіл [9, 36б.].
Жоғарыда айтылғандай, мүліктік жауапкершілік кезеңінде өзге бұлтартпау шараларын қолдануға қарағанда кепілге басым рөл берілді. Мүліктік жауапкершілікті жеке жауапкершілік ауыстырған кезеңде, бұл бұлтартпау шарасы өзінің маңызын жоғалта бастады. Мысалы, Францияда XIV ғасырға дейін инквизициялық процесстің басым кезеңінде «Кепіл берумен байланысты бостандық» (recreance) айтарлықтай шектеуді басынан өткізді. «Esteblissements de St. Luis» бойынша жаза дене мүшесінің бір бөлігі мен өмірден айыруға қауіп төндіргенде кепілге мүлдем жол берілмеді. Кейінірек бұл шектеулер жойылып, кепіл мен кепіл болушылық заң жүзінде бекітілді.
Ресей империясында айыпталушының тергеу мен соттан жалтармауын қамтамасыз ететін мүліктік шаралар 20 қараша 1864 жылы қабылданған Қылмыстық сот өндірісі жарғысында толық заңи бекітілді. Оған сәйкес орта ғасырлардың ауыр салдары болған - денеге зиян келтіру жазалары заң жүзінде жойылды. Бұл жағдай бойынша А. Кистяковский: «... сотталушыны тергеу мен соттан жалтаруға итермелейтін үрей тудыратын, денеге зақым келтіру жазаларының жүйесі өзгеріссіз қала берсе, кепіл болушылық пен кепілді қолдануды кеңейту мен бас бостандығынан айыруды қолдану жағдайларын қысқарту мәселесі бойынша шынайы ойлануға болмайды», - деп жазды [9, 39б.].
Қылмыстық сот өндірісі жарғысының алтыншы тарауы «Айыпталушының тергеуден жалтару мүмкіндіктерін бұлтару туралы» деп аталды. Бұлтартпау шараларының өзге түрлерімен қатар, айыпталушының сотқа немесе тергеу органдарына келуін қамтамасыз ету шарасы ретінде кепіл мен мүліктік кепіл болушылық қолданылды. Жоғарыда айтылған жарлықтың 423-бабына сәйкес кепіл айыпталушы немесе өзге тұлғалармен ұсынылған ақша немесе жылжымалы мүлік болды.
Кепілдік кез келген тұлғаның, қоғамның немесе басқарманың айыпталушының тергеу мен соттан жалтармауына өздерінің ақшалай жауапкершілігімен кепілдік беретіндігін білдірді.
Кепілдік пен кепілдің мөлшері іс-әрекет үшін көзделген жазаның қатаңдығы мен кепіл немесе кепілдік берушінің материалдық жағдайын ескеріп сот тергеушісімен анықталатын болды.
Айыпталушы тергеуден немесе соттан жалтарып, қашқан жағдайда енгізілген кепіл немесе кепілдік берушілер төлеген ақшадан жәбірленушіге қылмыс арқылы келтірілген зиянның орны толтырылды, ал қалған сома қамауда ұстау орындарын жақсартуға жіберілетін болды.
1864 жылғы қабылданған Сот мекемелерінің бекітілімі соттылығы бойынша істерді мәні бойынша қарастыратын әлемдік соттарды, әлемдік соттардың съезін, округтік соттарды және сот палаталарын құрды. Тергеуді жүзеге асыру үшін сот тергеушілері қалыптастырылды.
Екі жүйені: мемлекттік билік соттық істерді шешуші ретінде қалыптасқан кезеңдегі қамауға алу басымдыққа ие болған жүйе мен ертеректе болған кепіл болушылыққа басымдық берілген жүйені біріктіру жүзеге асырылды.
«Барлығын түгелдей қамауға алуды көздейтін қинаудың ұзақ үрейінен кейін, бостандық және әділеттілік үшін қолайлы кезең қалыптасты. Өзге де жауапкершілікті сенімді қамтамасыз ету құралдарына қажеттілік туды. Ертеректе болған тергеуге, сотқа келуді ақшалай қамтамасыз ету институтын қайта қалпына келтіру қажет», -деп жазды П.И. Люблинский. Дәл осылай А.О.Кистяковский: «Кепіл берушілердің мүліктік жауапкершілігі тарих сахнасында ежелден, кем дегенде жеті ғасырдан бері келе жатқан мәжбүрлеу шарасы», - деп бекітті [9, 36б.].
1864 жылғы 416-419 Қылмыстық сот өндірісі жарлығының 77 бабында көрсетілген бұлтартпау шараларының жүйесі келесідей: 1) тергеуге келу және тұрғылықты жерінен кетпеу туралы қолхат;2) полицияның ерекше қадағалауына беру; 3) кепілдік беру; 4) кепіл; 5) үйде қамауда ұстау; 6) қамауға алу.
Бұл бұлтартпау шараларының жүйесі 1917 жылға дейін, 1917 жылғы 24 қарашадағы №1 Сот туралы декрет қабылданғанша күрделі өзгерістерге ұшыраған жоқ. Жоғарыда аталған декрет қабылданғаннан кейін полицияның ерекше қадағалауына беру бұлтартпау шарасы өзінің қолданылуын тоқтатты.
Енді 1917 және 1990 жылдар аралығындағы кезеңде қылмыстық процестің дамуының негізгі сатыларын қарастырсақ. Соның ішінде осы кезеңдегі қамауға алумен байланысты емес бұлтартпау шаралары институтының дамуын зерттеп қарастырып көрейік.
Бірінші кезең 1917-1922 жылдар аралығы: Кеңестік қылмыстық процессуалдық заңнамада бұлтартпау шараларының жүйесі алғашқы рет 1919 жылы 30 қыркүйекте қабылданған Әскери тергеушілер туралы 78 тармағында көрініс тапты. Аталған жүйе келесі бұлтартпау шараларынан тұрды: тергеуге келу және тұрғылықты жерінен немесе қызмет ететін жерінен кетпеу туралы қолхат, кепілдік беру, кепіл, тікелей басқарманың қадағалауына беру, қамауға алу.
Кепіл мен кепілдік бұлтартпау шараларының қатарында болды. Кепіл қатаң бұлтартпау шарасы ретінде саналады, ол өз кезегінде тұлғаны бас бостандығынан айырумен байланысты емес бұлтартпау шарасы болып табылған. Тұрмысы төмендер кепілді де, кепілдікті де қалталары көтермейтін еді. Кепіл беруші ретінде айыпталушының өзі және басқа адам бола алады. Кепілдік және кепілдіктің сомасын әрбір іс бойынша тергеуші анықтайтын еді. Кепілдікке қарағанда кепіл ретінде ақшалай қаражаттар қабылданып қана қоймай, сонымен қатар қозғалатын мүліктер қолданылды. Кепілдің сомасы зардап шеккен адамға қылмыстық әрекетпен келтірілген залалдан төмен болмауы керек болды.
Кепілдік пен кепіл қылмыстық сот өндірісінде азаматтық құқықтық шарттың бір түрі ретінде емес, жария мүліктік міндеттеме ретінде түседі. Кепілдік пен кепілді 2 мағынада, яғни тек бұлтартпау шарасы ретінде ғана емес, сонымен қатар жәбірленушіге келтірілген жазаны өтеу түрі ретінде қолданылады.
Екінші кезең 1922-1924 жылдар аралығы: Жалпыодақтық сайлау комитеті үшінші сессиясында 1922 жылы 25 мамырда РСФСР ҚІЖК-сі қабылданды. Қамауда ұстау бұлтартпау шарасынан бөлек қарастырып оны ҚІЖК VIII тарауы анықтаудың ішіне қосты, өйткені қамауда ұстау міндеті анықтау органына тиісті болып табылады. 1922 жылы РСФСР ҚІЖК келесі бұлтартпау шаралары болған: ешқайда кетпеу жөнінде қолхат, жеке және мүліктік кепіл, кепілдік, үйде қамауда ұстау, қамауға алу.
1922 жылы РСФСР‑дің алғашқы Қылмыстық іс жүргізу кодексінде өзге де бұлтартпау шараларымен бірге кепіл және мүліктік кепілдік беру сияқты бұлтартпау шаралары сақталып қалды. Олар 1923 жылғы РСФСР-дің Қылмыстық іс жүргізу кодексінде өзгеріссіз сақталып қалды. Кепілдің анықтамасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 152-бабында бекітілді: «Мүліктік кепілдік кепілдік беруші тұлғадан немесе ұйымнан айыпталушы тергеушіге немесе сотқа келмей қалған жағдайда өзіне белгілі ақшаны төлеуге міндеттенетін қолхат алудан тұрады». Қарастырылып отырған институтты қолдану 1864 жылғы Қылмыстық сот өндірісі жарлығының ережелерінен қалған деп ойлауға болады, бірақ мұнда егер айыпталушы тергеуден немесе соттан жалтарса кепілге берілген немесе кепілдік берушімен төленетін ақша сомасы қамау орнын күтіп ұстауға немесе мемлекет кірісіне беріледі деген ереже болатын.
Қайта қабылданған РСФСР-дің Қылмыстық іс жүргізу кодексінде заң жүзінде бекітілген мүліктік кепілдік беру мен кепіл институттарының класстық теңдікті қолдайтын мемлекетте құпталуы көп дау туғызды. Кеңестік әділет қызметінің V съезді ҚІЖК-нен бұлтартпау шаралары ретінде қолданылатын мүліктік кепілдік беру мен кепілді алып тастауды қажет деп тапты. Бұл пікір «КСРО қылмыстық сот өндірісінің негіздерінде» қолдауын тауып, онда мүліктік кепілдік беру мен кепіл көрсетілмеді. Ю.Д. Ливщицтің айтуынша, бұл бұлтартпау шаралары елдің шаруашылық өміріне жеке капиталистік элементтер қосыла батаған ЖЭС кезеңінде қайта қолданыла бастады. Себебі жеке капиталистік тұлғаларға кепіл бұлтартпау шарасын қолдану тиімді болды [11, 28б.].
Үшініші кезең 1924-1958 жылдар аралығы: 1924 жылы 16 қазан айындағы Жалпыодақтық сайлау комитеті XI-ші шақырылымы 2 сессиясының қаулысы бойынша РСФСР Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ол бойынша анықтау органына қылмысты жасады деп сезіктенушімен сұрақ-жауаптан кейін кез-келген бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы болды. Анықтау органдары бұлтартпау шарасын таңдағаны туралы тергеушіге хабарлауы қажет. Тергеуші кез-келген уақытта анықтау органына бұлтартпау шарасын өзгертуге немесе жоюды ұсынуға құқылы. 1924 жылы 31 қазанда КСРО Орталық Комитетінің қаулысымен КСРО және одақтас республикалардың қылмыстық сот өндірісінің негізі бекітілді.
Төртінші кезең 1958-1960 жылдар: бұлтартпау шарасының жүйесі 1958 жылы желтоқсан айында одақтас республикалардың және КСРО қылмыстық сот өндірісінің негізі қабылдануымен үлкен өзгеріске ұшырады. 1958 жылы қылмыстық сот өндірісінің негізі келесі бұлтартпау шараларын көздеді; ешқайда кетпеу туралы қолхат, жеке кепілдік немесе қоғамдық ұйымдардың кепілдігі, қамауға алу.
1958 жылы қылмыстық сот өндірісі негізінің 33-бабында көзделген бұлтартпау шаралары, басқа одақтық республикалардың қылмыстық іс жүргізу заңнамасында да көзделген болатын.
Осы кезеңде кепіл бұлтартпау шарасына жағымсыз көзқарастың салдарынан оны қылмыстық сот өндірісінде қолданудың қажеттілігі жоқ деп бұлтартпау шараларының қатарынан алынып тасталған болатын.
Бесінші кезең 1960-1990 жылдар: 1960 жылы ҚазССР ҚІЖК 89-бабына сәйкес келесі бұлтартпау шарасының тізімін ұсынады: ешқайда кетпеу туралы қолхат, жеке кепілдік немесе қоғамдық бірлестіктер дін кепілдігі, қамауға алу, кепілдік, әскери қызметкерлер үшін әскери бөлімнің командованиесінің қарауына беру, кәмелетке толмағандарды қадағалауға беру.
Айыпталушының қылмыстық іс жүргізуге қатысуын мүліктік қамтамасыз ету шараларына жағымсыз көзқарасқа қарамастан, 1960 жылғы РСФСР-дің Қылмыстық іс жүргізу кодексінде кепіл бұлтартпау шараларының жүйесіне қосылды.
Кейінірек айыпталушының алдын ала тергеуге және сот процесіне қатысуын мүліктік қамтамасыз ету шарларының кеңестік қылмыстық іс жүргізуге тән емес екендігін көптеген зерттеушілер жазды. Соның ішінде, И.М.Гуткин: «АҚШ пен Англияда қамауға алынғандар сот процесі басталғанға дейін кепіл салу немесе кепілдік берушілер арқылы бостандыққа шығу құқығын қолданады. Бірақ та, қарапайым еңбек етушілер қамауға алынғанда қажетті қаражатының немесе кепілдік берушілердің жоқтығынан мұндай құқықты қолдана алмайды, сондықтан түрмеге баруы тиіс», - деп жазды. Ю.Д. Ливщиц: «... кепілдік беру мен кепіл бұлтартпау шарасы ретінде алғаш қалыптаса бастаған күннен бастап-ақ буржуаздар мен тұрғындардың қамтамасыз етілген бөлігіне өздеріне сот үкімі шыққанға дейінгі бостандықты ақшалай немесе өзге бағалы зат арқылы сатып алуға мүмкіндік бере келе, тек солардың ғана мүддесін қанағаттандырды», - деп жазды, сондай-ақ ол кепіл туралы ережені реттейтін норманы «өлі норма» деп атады [11, 28б.].
Кеңес Одағы кезеңінде кепіл бұлтартпау шарасына жағымсыз (негативті) көзқарас болды. Кепіл бұлтартпау шарасы ретінде қоғам үшін жат болды және адамдардың қарым-қатынасы туралы моральдік пікірлерге сәйкес келмеді.
1980 жылдың соңына қарай қоғамдағы өзгерістермен бірге мүліктік бұлтартпау шараларына да көзқарас өзгере бастады. Бұл институтты қолдану ғылымда да, практикалық қызметте де қызығушылық тудырды. «Таяу уақытқа дейін кепіл өте сирек қолданылды, бірақ тәжірибе оны қолданудың тиімділігін байқатты», - деп жазды кеңес дәуірінде адвокаттар.
Кеңес Одағы тарап, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін елімізде құқықтық жүйесі қалыптасып, ол жетілдіріліп келеді. Қылмыстық процессуалдық ғылым саласында бұлтартпау шаралары институтына көбірек көңіл аударыла бастады. Қазақстандық процессуалист ғалымдардың қылмыстық процесстің міндеттерін орындауға адамдардың құқықтары мен бостандықтарын неғұрлым аз шектеу арқылы қол жеткізуді қамтамасыз ететін жаңа бұлтартпау шараларын енгізу туралы ұсыныстары жарияланды.
Кепіл бұлтартпау шарасы ретінде негізінен ресейлік процессуалисттермен зерттелген. Қазақстан Республикасының қылмыстық процесі теориясында бірқатар мақалаларды, еңбектерді қоспағанда, кепіл өзі жеке бұлтартпау шарасы ретінде қарастырылмады.
Ғылыми әдебиетте де кепіл институтын жақтап айтылған пікірлер бар. И.Л.Петрюхиннің айтуынша: «Қылмыстық процессте мүліктік санкциялардың кеңінен қолдана бастайтынына күмән жоқ. Бұл өзінен қатаңырақ қамауға алу бұлтартпау шарасына ауыстырып, жиі қолдана бастайтын кепілге де қатысты» [13, 42б.]. Бірақ біз бұл пікірмен ішінара келіспейміз, себебі кепіл қамауғы алу бұлтартпау шарасын ауыстырмайды, тек оған бәсеке болуы мүмкін. В.А.Михайловтың ойынша, «... қылмыстық процессуалдық мәжбүрлеу шаралары қылмыстылықпен күресте тиімділікті арттыруды қамтамасыз етеді. Бұл шаралардың ішінде кепіл маңызды орын алуы тиіс». Айыпталушының қылмыстық процеске қатысуын мүліктік қамтамасыз ету шараларының тәжірибелік маңызымен келісуіміз қажет.
Тарихи тәжірибені зерттеу, бізге айыпталушының қылмыстық процеске қатысуын мүліктік қамтамасыз ету шараларын көптеген ғасырлар бойы әр түрлі елдерде қолданылып келе жатқандығын көрсетеді. Қылмыстық процестің дамуының түрлі кезеңдерінде кепіл институтын заңнамадан шеттетіп тастағысы келгендер аз болмады, бірақ та бұл бұлтартпау шараларының қылмыстық процестің міндеттерін атқаруда тиімділігінің молдығы арқасында заңгерлерге оларға қайта жүгінуге тура келді.
Қазіргі таңда елімізде кепіл бұлтартпау шарасын қолдану ҚР ҚПК-де (145-бабында) заң жүзінде бекітілген. Алайда, қандай да бір норманы заңға енгізу шаруаның біткендігін білдірмейді, негізінде ол нормалар «өлі нормалар» болмауы тиіс, керісінше қылмыстық іс жүргізуші органдардың практикалық қызметінде қолданыс табуы тиіс. Бұл үшін қылмыстық іс жүргізу заңында бұлтартпау шараларын қолданудың мақсаттары көрсетілмегендіктен, ең алдымен, бұлтартпау шарасын қолдану арқылы заңшығарушының неге қол жеткізуді қалайтындығын анықтау қажет.
Осыған орай, П.С. Элькинд: «Қылмыстық процесте мақсаттарды анықтау процестің ұйымдастырылуын дұрыс түсіндіруге, процессуалдық институттардың өзіне тән арнайы ерекшеліктерін анықтауға және олардың тиімді қолданылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп жазды [14, 68б.].
Қылмыстық іс жүргізулік кепілдің тарихын зерттеу, бізге оның азаматтық құқықтық кепіл сияқты өзінің тамырын терең тарихқа жаятындығын көрсетті. Қылмыстық құқықтағы кепіл институтының қалыптасу және даму тарихы оның азаматтық құқықтан келіп, түрленгендігін және қылмыстық іс жүргізу институтының өзіндік белгілерін қалыптастырғандығын байқатты. Егер кепіл бұлтартпау шарасы алғашында мүліктік сипатты (кепіл сомасымен қылмыспен келтірілген залалдың орны толтырылды) иеленсе, кейінірек ол жәбірленуші мен мемлекеттің мүліктік мүдделерін көздеуді доғарды.
Қазақтардың әдет-ғұрпы бойынша бұлтартпау шараларына қажеттіліктің жоқтығынан бұлтартпау шаралары қарастырылмады. Істерді қарастыру алдын ала тергеусіз тікелей билердің істі шешуінде қарастырылды.
ҚР ҚПК-нің 145-бабының ережелері мен кепіл бұлтартпау шарасын тәжірибеде қолданылуын реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілердің ережелері осы дипломдық жұмыстың келесі тараушаларында қарастырылады.
