- •Мазмұны
- •Бұлтартпау шарасының ұғымы, белгілері, түрлері
- •1.2 Бұлтартпау шараларын қолдану негіздері және оны қолданудың
- •1.3 Қылмыстық іс жүргізудегі кепіл институтының қалыптасуы мен дамуы
- •Іі. Кепіл бұлтартпау шарасы ретінде
- •2.1. Қылмыстық процестегі кепіл бұлтартпау шарасының түсінігі және оны қолданудың мәні
- •2.2 Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасы бойынша кепілдің пәні мен мөлшері және оның субъектілері
- •2.3 Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді қолдану барысында туындайтын мәселелер
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиет тізімі
1.2 Бұлтартпау шараларын қолдану негіздері және оны қолданудың
тәртібі
Бұлтартпау шараларын кез келген қылмыстық іс үшін қолдана беру міндетті емес. Бұлтартпау шарасын қолдану – тергеушінің еркіне жатады, оның міндеттілігі болмайды.
Бұлтартпау шарасының жүйесі тергеушіге оны нақтылап таңдап қолдану кезінде қылмыстың ауырлығын, айыпталушының жеке басын және тағы бірқатар жағдайларды ескеруге мүмкіндік береді. Қадағалау жүргізген кезде прокурор мынаны ескеру қажет. Кез келген бұлтартпау шарасын қолдану азаматтың белгілі бір жеке бостандығын шектейді. Сондықтан ол қажет жағдайларда қолданылады.
Айыпталушының тұрақты тұрғылықты жері немесе тұрақты жұмысы болмағандықтан, оған бұлтартпау шарасын жасырынып кетпеуі үшін қолданамыз. Оның бұрын сотталғандығын, қылмыстық байланысы бар екенін, қылмыс жасалғаннан кейін қоғамға қарсы теріс қылық жасауын, өзінің іс әрекетіне есеп бермеуі айыпкердің қылмыстық әрекеттерді жасауына негіз болуы мүмкін.
Бұлтартпау шарасын қолдануға жеткілікті себептер мен негіздер болса, яғни бұларға жету қажет болғанда тергеуші, анықтаушы және соттың бұлтартпау шарасын қолдануы тек құқығы ғана емес, міндеттілігіне де жатуы мүмкін.
2015 жылы күшіне енген жаңа редакциядағы ҚР ҚПК сәйкес, күдікті, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынып жүр не істі объективті тергеп – тексеруге немесе сотта талқылауға кедергі келтіреді не қылмыстық әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде, сондай-ақ қылмыстық процесті жүргізетін орган үкімнің орындалуын қамтамасыз ету үшін өз өкілеттіктері шегінде осы адамдарға осы Кодекстің 137- бабында көзделген бұлтартпау шараларының бірін қолдануға құқылы. Осындай қылмыстық процестің міндеттерін орындауға кедергі келтіретін жағдайларды болғызбау бұлтартпау шараларын қолданудың тікелей мақсаты болып табылады. Ал бұл мақсаттың орындалуы ҚПК-нің 8 – бабында көрсетілген қылмыстық процестің тікелей міндеттерін (қылмысты тез және толық ашу және т.б.) орындауға мүмкіндік туғызады. Осыдан келіп, бұлтартпау шараларын қолданудың негізі ретінде жоғарыда айтылған жағдайлардың өзі емес (олар бұл кезде жоқ жағдайлар болғандықтан), бірақ ондай жағдайлардың қылмыстық іс жүргізу барысында туындауы мүмкіндігін көрсететін нақты деректер деп білуге болады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99 (екінші бөлігінің 15 тармағында), 170(төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299 (төртінші бөлігінде) – баптарында көзделген қылмыстарды жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын адамдарға жасалған қылмыстың бір ғана ауырлығы уәжімен бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылуы мүмкін.[ ҚР ҚПК ]
Сонымен, бұлтартпау шаралары қылмыстық іс жүргізу органы жалпы ереже бойынша айыпталушыға (күдіктіге ерекше жағдайда) немесе сотталушыға заңда көрсетілген тәртіп бойынша қолданатын мәжбүрлеу шараларының жеке тобы болып табылады.
Қылмыстық іс жүргізу органы әрбір жеке жағдайда бұлтартпау шарасының түрін таңдау үшін ҚПК 138- бабында көрсетілген мән-жайларды ескереді. Бұл бапта былай деп айтылған: бұлтартпау шарасын және оның ішінде дәл қайсысын қолдану қажеттілігі туралы мәселені шешкен уақытта ҚПК 138- бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қосымша шектеулерді көрсеткен кезде жасалған қылмыстың ауырлығы, күдіктінің, айыпталушының жеке басын анықтайтын мәліметтер, оның жасы, денсаулығының жай-күйі, отбасы жағдайы, айналысатын ісі, мүліктік жағдайы, тұрақты тұрғылықты жерінің бар-жоғы және басқа да мән-жайлар ескерілуге тиіс. Осы жоғарыда атап көрсеткендердің, яғни ҚПК 136-бабында сараланған негіздер болмаса, жасалған қылмыстың ауырлығы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін жалғыз негіз бола алмайды.
Ал енді күдіктіге қатысты қолданылатын бұлтартпау шараларына тоқталатын болсам, айыпталушыға қатысты қолданылатын бұлтартпау шараларын күдіктіге де қолдану кезінде ескеріледі. Қолданыстан шыққан ҚІЖК-ге сәйкес «сезікті» термині жаңа кодекспен «күдікті» деген сөзбен алмастырылған. Осыған сай күдіктіге бұлтартпау шарасын қолданудың тәртібі ҚПК 139-бабында белгіленген және де оларға қатысты бұлтартпау шаралары ерекше жағдайларда қолданылады. Дегенмен, осы ерекше жағдайлардың сипаты заңда айтылмаған. Күдіктіге қатысты қолданылатын бұлтартпау шарасын қолданудың тағы бір ерекшелігі – қысқа мерзімге қолданылатындығында.
Бұлтартпау шарасын таңдаудың негіздері мен мән – жайлары айыпкердің субъективті құқы ретінде қарастыруға болады. Осыған қарсы анықтау, тергеу, сот, прокуратура органдарының міндеті бұлтартпау шарасының түрін таңдағанда, оны өзгерткенде, күшін жойғанда (яғни, алып тастағанда) шешімдері дәлелді болуы керек. Бұған субъективті құқыққа айыптан қорғану құқығы келмейді. Бұл жағдайда айыпкер айыптан қорғанбайды, ол негізсіз бостандығын шектеуден және жеке басқа қол сұқпаушылықтан қорғанады. Бұлтартпау шарасын қолдану үшін анықтаушы, тергеуші, прокурор, соттың деректі негізделген процессуалды құжаты болады. Бұл ресми шешімі қаулы, ұйғарымы бұлтартпау шарасының қолдануы мен атқарылуына заңды негіз болады. Бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы дәлелді және шараны қолдану үшін негізділігінің бар екендігіне заң қатал талап қояды. Дәлелді деген сөз – негізділік осындай шараны қолдануға нақты тұжырым, дәлел бар екендігі. Дәлелді қаулының ішінде: қандай нақты қылмыс жасалды, ҚР ҚК қай бабы бойынша сараланды, осылардың бәрі жазылуы керек. Тәжірибеде мынадай да жағдай болады, тергеуші айыпкердің әрекетін алдын ала жоғары түрде саралайды, яғни ҚР ҚК жазасы жоғары бабымен саралайды, бұл арқылы айыпкерге қатысты жазаны таңдайды. Бұл тәжірибеде заңсыз деп танылады. Сонымен дәлелді қаулыға бұлтартпау шарасын қолдануға негіздер: бұлтартпау шарасын қолдану туралы заңда көзделген негіздер болғанда ғана. Жалпы негіздер бұлтартпау шарасын таңдауда барлығына бірдей әрекет етпейді. Мысалы: ешқайда кетпеу туралы немесе кепіл. Дәлелге қаулыда бұлтартпау шарасын таңдауда айыпкердің кінәлі екендігін қарастыру қажет пе? Осы орайда менің пікірім мынадай: кінәлі екендігін танытатын дәлелдеме айыпкер ретінде танудағы қаулыда қарастыру керек. Бұған бөлек қаулы шығарылады. Бұл жағдайда айыпталушы өзінің не үшін айыпталу және бұлтартпау шарасын қолданудағы негіздерді біледі. Егер барлық дәлелдеме жиналса, оны қолданудың еш қателігі жоқ, бұл жағдайда айыпкер неге осындай бұлтартпау шарасы таңдалғандығын білуі керек. Заңға сәйкес бұлтартпау шарасын қолданған кезде тұлғаның науқастығы, аяғы ауырлығы туралы мән жайларды анықтайтын дәлелдемелер болған ретте, айыпкерге бұлтартпау шарасын таңдауда ерекше түрін таңдамауын қамтамасыз етеді. Қаулының көшірмесін тергеуші айыпкердің қолына береді. Бұл бұлтартпау шарасын таңдауға шағым жасауға мүмкіндік береді.
Бұлтартпау шарасын қолдану – азаматтың жеке бас бостандығын шектеумен байланысты болып келеді, бұл жерде айтып кететін жайт – жеке басқа қол тиіспеушілік, тұрғын жайын таңдауы. Бұлтартпау шарасы тек заңда негізделіп көрсетілген ретте және арнайы құқықтық процедурада тағайындалады.
Бұлтартпау шарасының өзіндік спецификалық жеке мақсаттары бар:
Айыпкердің анықталуын, алдын ала тергеп-тексеруден немесе соттан жасырынады;
Істі объективті зерттеуге, талдауға бөгет жасайды;
Қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады;
Үкімнің орындалуын қамтамасыз ету үшін.
Бірінші мақсатқа жетуде – тергеу әрекетін жүргізуде айыпталушының қатысуы, сот талқылауына қатысуы жасалған қылмыстық зардабынан келтірілген залалдың орнын толтыруын қамтамасыз ету. Осымен қатар тергеу әрекетінде, сот талқалауында айыпкердің қатысуы өзінің әрекеті үшін қандай да бір көрсетінді беруге міндетті еместігі қарастырылуы керек. Екінші мақсатта, айыпталушылардың куәгерлермен, жәбірленушімен, сарапшымен өзге де айыпталушылармен ымыраласуға, заттық дәлелдемелерді және құжаттарды жойып жібермеу үшін бұл мақсат, айыпкер жоғарыда көрсетілген әрекеттер үшін белгілі бір жауапкершілікті жүктемейді. Үшінші мақсат, созылмалы (жалғаспалы) қылмыстарды айыпкердің басқа да қылмыс жасауын болдырмау үшін алдында көрсетіліп кеткен екі мақсат бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты емес, айыпкер тарапынан белгілі бір теріс әрекеттің болдырмауын алдын алады, ескертеді. Сондықтан «бұлтартпау шарасы» атауы сол институттың толық түрде мәнін ашпады. Бұлтартпау шарасы айыпкермен тыйым салынған рұқсат етілмеген әрекеттермен шұғылданудың жолын кеседі, сонымен қатар белгілі бір әрекеттерді қамтамасыз етеді. Кейбір авторлар осындай негіздерді алдыға ала отырып, «қамтамасыз ету шарасы» деп те атаған. Төртінші мақсат, бірінші мақсатқа сәйкес келетін жақтары бар. Айыпкердің тергеу мен соттан жасыруын ескерте отырып, болашақта үкімнің орындалуын қамтамасыз етеміз. Бірақ, кейбіреулер бұл мақсатты әрқалай түсінеді. Олардың көзқарасы бойынша: осындай мақсатта тек сот қана айыптау үкімін немесе апелляциялық инстанцияда өзгеріссіз қалдыру кезінде ғана қолданылады. Сонымен қатар соттың өзімен шығарылған үкім немесе үкімнің өзгеріссіз қалуын жүзеге асыруын қамтамасыз етуде қажет деп есептейді. Бірақ бұл мақсат бірінші көрсетілген мақсат, яғни сотталушының жасырылмауы кезінде ғана орындалады. Орындалуы, атқарылуынан жасырынбауын алдын алу. Көрсетілген мақсатта бұлтартпау шарасын таңдап алуда дәлелді мән-жайлар негіз бола алады. Айыпкердің анықтаудан, тергеуден, соттан және үкімнің орындалуынан жасырынады, ақиқатқа жетуге кедергі жасайды, қылмыстық әрекетін жалғастырады деген дәлелдер болған реттегі болжамды дәлелдеу қажет. Мұндай жағдайда дәлелдеу болжамдық көзге сүйенеді, яғни болашақта болуы мүмкін деген:
Айыпкер өзін қалай көрсетеді;
Сот өндірісінің мақсатқа жетуіне кедергі келтіру сұрағы дәлелдеменің ерекшелігі осында болады.
Тағы бір ерекшелігі – шығарған тұжырымның болашақта болуы мүмкін болжамдардың болуы. Үшінші ерекшелігі дәлелдеменің пәні жеке дара, автономды болуы, яғни сол қылмыстық істегі дәлелдемелердің жалпы пәнінен бөлек болуы. Аталып кеткен ерекшеліктерден басқа салыстырмалы ерекше жағдайлар, егер айыпкер өзін жағымсыз жағынан теріс қылық көрсетсе, мұнда қажеттілігін дәлелдеу керек. Бұл жағдайда дәлелдеу ретроспекті жағынан мән-жайды дәлелдеп бекіту қажет. Бұл ретте соттан жасырынбауы емес, үкімнің атқарылуын орындау органдарына қатысты. Сонымен, мынадай ұсынысты жасауға болады: бірінші және төртінші мақсаттарды бірыңғай етіп, бір мақсатта шығаруға болады; айыпкерді анықтаудан, алдын ала тергеуден, соттан және үкімнің тәжірибе жүзінде айыпкердің тергеуден, соттан жасырынады, ақиқатқа жетуге кедергі келтіреді, қылмыстық іс әрекетті жалғастырады дегенді дәлелдеу мүмкіндігі өте қиын. Айыпкердің әрекетін дәлелдеу көбінесе презумпцияға, яғни жорамалға жүгінеді.
Бұлтартпау шарасын қолдану негізі қылмыстық істегі дәлелдемелермен бірге тек осындай шарттар жағдайында ғана істі тексеруде прокурор және сот бұлтартпау шарасын таңдап алудың негізділігін және заңдылығын қадағалай алатыны көрсетілуі қажет. Айыпкердің жасырыну мүмкін екендігі, ақиқатқа жетуге кедергі келтіреді дегендігі немесе қылмыстық әрекетті жалғастырады деген тұжырымдарға дәлелдеме болса, бұлтартпау шарасын қолданудың «негізгі негіздері» болып табылады. Сондай-ақ, бұған жедел түрде алынған деректер кірмейді, мұндай деректердің қылмыстық іске қатысы жоқ және сот бағалап, тексере алмайды. Әрине, жедел іздестіру кезінде өте құнды мәліметтер алынады. Бұлтартпау шарасын қолдануға қатысты негіздерді, мысалға: айыпкер жасырынуға әрекет жасауда, куәлармен, жәбірленушілермен ымыраласуға және сотта алуға деген мәліметтер алынған жағдайда. Жедел іздестіру қызметкерлері мұндай мәліметті тергеушіге хабарлайды. Тергеуші жедел түрде алынған мәліметтерді мәліметтер бар тұлғалардан жауап алу әдісіне және өзге де процессуалдық әрекеттер жүргізіп, тек осыдан кейін бұлтартпау шарасын жүргізу туралы шешім шығарады. Жедел іздестіру қызметімен алынған мәліметтерді жария ету мәліметтің қайнар көзіне көптеген жағдайларда рұқсат етілмейді. Мұндай жағдайда тергеуші бұлтартпау шарасын іске қатысты дәлелдемелер негізінде, бірақ, сонымен қатар жедел іздестіру қызметімен алынған мәліметтерді бағалау арқылы таңдап алады. Тергеушінің дәлелді шешімін шығаруда ерекше орын алады. Сондай-ақ бұлтартпау шарасын таңдап алуда қажетті шарттар: айып тағудағы айыптың ауырлығы, күдіктінің жеке басы, жасы, немен шұғылданады, денсаулық жағдайы, отбасылық жағдайы. Бұл, осы мән-жайлар жанама дәлелдеме ретінде айыпкердің жасырынуға, ақиқатқа жетуге кедергі жасауға немесе қылмыстық әрекетті жалғастырады деген дәлелі болып табылады.
Екі немесе одан да көп мән-жайлар бір бағытта әрекет етсе, сол таңдап алынған бұлтартпау шарасын жасалған тұжырымның дәлелдеме ретінде бағалануына қажетті болады. Қарсы бағыттағы мән-жайлардың болмауы, мұндай тұжырым жасауға кедергі болады. Әрбір мән-жайлардың «бағасы» бір жағдайда: басты орында айыптың ауырлығын алса, келесі бір жағдайда айыпкер жасы, оның денсаулығы алады. Сонымен, бұлтартпау шарасын таңдап алуда негіздер бекіту екі топты дәлелдемелер қарастырылады:
Осындай тікелей негіздерді куәландыратын;
Жанама мән-жайлардың бар-жоқтығын куәландыратын айып болу қажет.
Біздің заңнамамыз айыпкерге қатысты ҚР ҚПК 136-бабын қоспағандағы бұлтартпау шарасын қолдану үшін белгілі бір күдік күшін талап етпейді, кейбір автордың пікірінше, бұған қажеттілігі жоқ, яғни айыпкер ретінде тануға деректі дәлелдеме болса жетеді дейді. Бірақ айыпкер ретінде танылмаған адамға да, күдіктіге де бұлтартпау шарасын қолдануға мүмкіндік бар.
Айыпталушы анықтаудан, алдын ала тергеп-тексеруден немесе соттан жасырынады, не iстi сотта объективтi зерттеуге және талдауға бөгет жасайды немесе қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады деп ойлауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, сондай-ақ үкiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi орган өз өкiлеттiгi шегiнде ол адамға ҚР ҚПК-де көзделген бұлтартпау шараларының бiрiн қолданады. Бұлтартпау шараларын қолдану үшін негіздерді заңшығарушы атамады, тек дұрыс процессуалдық шешім қабылдау үшін негіздердің жеткілікті болу керектігін айтып кетті. Осыған байланысты бұлтартпау шарасын қолдану негіздері ғылыми әдебиеттерде әртүрлі түсіндіріледі.
Көптеген процессуалист ғалымдар бұлтартпау шараларын қолдану негіздеріне айыпталушының жағымсыз мінез-құлқының мүмкіндігін көрсететін дәлелдемелер мен фактілік деректерді жатқызады. Ал өзге авторлар бұлтартпау шараларын қолдану негіздеріне дәлелдемелердің жиынтығымен құпталған, ҚР ҚПК-нің 138-бабында көзделген мән-жайларды жатқызады. Зерттеушілердің үшінші тобы, бұлтартпау шараларын қолданудың арнайы және жалпы негіздерінің болуы қажет деген пікірді ұстанады. Олар жалпы негіздерге тұлғаны айыпталушы ретінде тануды негіздейдін мән-жайларды немесе айып тағу фактісін жатқызады. Арнайы негіздерге бұлтартпау шарасын қолдану қажеттілігін көрсететін мән-жайларды жатқызады [40, 47б.].
Профессор В.А. Михайлов жалпы негіздермен қатар арнайы және түрлік негіздерді бөліп көрсетеді. Мысалы, кепіл бұлтартпау шарасын қолданудың түрлік негізіне айыпталушының бостандықта қалуының өзі және отбасы үшін ерекше маңыздылығының болуын жатқызады [20, 83б.].
Жоғарыда келтірілген пікірлердің барлығы теориялық және практикалық маңыздылыққа ие.
Жүргізілген зерттеулер көптеген анықтаушылар мен тергеушілердің бұлтартпау шаралары қандай негіздерде қолданатындығын, жақсы білмейтіндігін көрсетті. Сұралғандардың 65,3% тұлғаға айып тағылғанан кейін тергеуші бұлтартпау шарасын таңдауға міндетті, тек 34,7% бұлтартпау шарасын қолдану үшін заңда көзделген негіздердің болуы қажет деп ойлайды. Бұлтартпау шараларын қолдану үшін негіз ретінде сұралғандардың 41,3% тағылған айыптың болуы, 40% айып тағу үшін дәлелдемелердің болуы, 18,7% заңда көзделген негіздердің болуын түсінеді екен [15, 26б].
Бірнеше құқықтық шарттарды сақтай отырып, бұлтартпау шарасын қолдануға негіз болады.
Біріншіден, бұлтартпау шарасы тек қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ғана қолданылуы мүмкін. Бұл адамға қол тигізбеу құқығына кепіл болады және оны негізсіз, еріксіз мәжбүр ету шараларын қолданбауға негіз болады.
Екіншіден, бұлтартпау шарасы қылмыстық жазаға қарағанда жеңілдеу болып келеді.
Үшіншіден, кез келген бұлтартпау шарасын қолданудың шарты адамды айыпталушы немесе күдікті ретінде тарту.
Анықтаушы, тергеуші прокурор немесе судья айыпталушыға бұлтартпау шарасын қолдануға құқылы. Бұлтартпау шарасын таңдау қылмыстық іс жүргізуші органның міндеті емес, құқығы болып табылады, сондықтан да тұлғаны айыпталушы ретінде тану әрқашан оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдауға әкеп соқтырмайды.
Кейбір қылмыстық іс жүргізу әрекеттері айыпталушының қатысуын, оның іс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі келтірмейтіндей дұрыс мінез-құлқын қажет етеді. Қылмыстық қудалау органдары айыпталушының сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарынан және соттан жасырынбауына, істі тергеудің заңда белгіленген тәртібіне кедергі келтірмеуіне, қылмыстық ісін жалғастырмауына, ол сотпен кінәлі деп танылған жағдайда үкімнің орындаудан жасырынбауына мүдделі. Сондықтан да олар бұлтартпау шарасының бірін таңдауға құқылы. Осы тұрғыдан В.А Михайловтың, П.П. Давыдовтың және П.П. Якимовтың қылмыс жасау фактісі мен тағылған айыптың болуы – бұлтартпау шараларын қолданудың жалпы негізі деген пікірлері пікірталас тудырады [ ].
Егер бұлтартпау шарасын тұлғаның қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасағандығын көрсететін дәлелдемелер және айыпталушы ретінде тану туралы қаулының негізінде қолданатын болсақ, онда айып тағылған істі жасамаған тұлғаның құқықтары мен бостандықтары елеулі түрде шектеледі. Тәжірибеде мұндай жағдайлар кездесіп жатады.
Айып тағу мен бұлтартпау шарасын таңдау – бұл екі түрлі процессуалдық шешім. Тұлғаны айыпталушы ретінде тану үшін оның жасалған қылмысқа қатыстылығын көрсететін дәлелдемелерді жинау керек, ал бұлтартпау шарасын таңдау үшін айыпталушы анықтаудан, сотқа дейінгі тергеп-тексеруден немесе соттан жасырынады, не iстi сотта объективтi зерттеуге және талдауға бөгет жасайды, немесе қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады деп ойлауға жеткiлiктi негiздер болуы тиіс.
В.М. Корнуков: «Айып тағу мен жеткілікті айыптау дәлелдемелерінің болуын бұлтартпау шарасын таңдауға негіз ретінде емес, ал бұлтартпау шарасын қолдануға құқық тудыратын және оны кімге қатысты қолданылатындығын анықтаушы шарт ретінде қарастырған дұрыс болады», - деп дұрыс көрсетті [41, 68б.]. Бұл пікірді Ю.Д. Ливщиц, А.Я. Гинзбург және З.Ф. Коврига белгілі бір тұлғаның қылмыс жасағандығын көрсететін және оны айыпталушы ретінде тану үшін жеткілікті дәлелдемелер бұлтартпау шарасын қолдану үшін жеткіліксіз деп көрсетіп, қолдайды.
Ғалымдардың арасында айыпталушының құқыққа қайшы мінез-құлқының мүмкіндігі туралы шешім неге негізделуі мүмкін деген мәселе бойынша да біркелкі пікір жоқ. Авторлардың көпшілігі мұндай шешім тек істе бар дәлелдемелерге негізделуі тиіс деп ойлайды. Басқалары айыпталушының құқыққа қайшы мінез-құлқының мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін тұлғаға бұлтартпау шарасын қолдану қажеттілігін көрсететін фактілік сипаттағы деректер жеткілікті деп ойлайды [42, 56б.].
Заң бұлтартпау шарасын қолдану үшін негіздер жеткілікті болуы керек деп бекітті (ҚР ҚПК-нің 136-бабы). Негіздердің жеткіліктілігі деп оны құрайтын фактілік деректердің толықтығы мен көлемін түсінеміз. Бұлтарпау шарасын қолдану үшін негіздер заң бойынша осы негіздерді құрайтын фактілік деректер мен қылмыстық қудалау органының ішкі нанымының (сенімінің) бұлтарпау шарасын таңдау қажеттілігі туралы шешім қабылдауға мүмкіндік берген жағдайда жеткілікті болады.
И.Л. Петрухин: «Шынында бұлтартпау шараларын қолданудың негізі істе бар дәлелдемелермен құпталып, қылмыстық істе көрініс табуы керек. Тек осындай жағдайда ғана прокурордың істі тексеруі және соттың істі қарауы кезінде бұлтартпау шарасын қолданудың негізділігі мен заңдылығына бақылау жасауға болады», - деп жаза келе, ол Ф.М. Кудеринге, П.П. Якимовке және П.М. Давыдовқа сілтеме жасап, былай жалғастырады: «Айыпталушының тергеу мен соттан жасырынуға, қылмыстық ісін жалғастыруға, іс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі келтіруге ниетін дәлелдеу өте қиын, көп жағдайларда мүмкін емес» [43, 73б].
Заңшығарушы қылмыстық қудалау органдарын бұлтартпау шарасын қолдануға негіздің бар екендігін дәлелдеуге міндеттемейді. Заңда бұлтартпау шарасын қолдануға негіздер дәлелдемелерге негізделуі тиіс емес.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде бұлтартпау шараларын қолдану негіздері дегеніміз бұлтартпау шарасы алдын алу үшін қолданылған әрекеттерді айыпталушының жасау мүмкіндігін көрсететін фактілер туралы кез келген деректер деп қорытуға болады. Бұл фактілік деректер заңдарда көзделген процессуалдық көздерден алынуы мүмкін және олар заңға сәйкес бекітілсе қылмыстық іс бойынша дәлелдеме ретінде қолданылуы мүмкін.
Заң әдебиетінде жедел іздестіру қызметімен алынған фактілік деректер бұлтартпау шарасын қолданудың негізі болып табылмайды деген пікірлер бар. Біз әрине, бұл пікірмен келіспейміз. Себебі «Жедел іздестіру қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес жедел іздестіру қызметі барысында алынған материалдар тергеу жұмыстарын әзірлеу және жүзеге асыру, қылмыстардың алдын алу, оларды болдырмау және ашу жөніндегі жедел іздестіру шараларын жүзеге асыру үшін қолданылуы мүмкін. Жедел іздестіру қызметінің барысында айыпталушының қылмыстық іс жүргізуші органның іс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі келтіру ниетіне байланысты мәліметтер алынуы мүмкін. Олар жедел іздестіру шарасының әдіс-тәсілдерін жарияламаған жағдайда бұлтартпау шараларын қолданудың негізі болатын деректер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Мемлекеттік өкілеттіктерге ие қылмыстық іс жүргізуші лауазымды тұлғалар бұлтартпау шарларын қолдану арқылы, оларды қылмыстық іс жүргізу заңдарында көзделмеген мақсаттарды пайдалана алады. Жүргізілген сұрау салулар көрсеткендей, бұлтартпау шаралары қандай мақсатта қолданылатындығын барлық қылмыстық іс жүргізуші органдар білмейді. Анықтаушылар мен тергеушілердің 42,2% бұлтартпау шаралары жедел іздестіру шараларын жүргізу үшін, 40% айыпталушыларды қоғамнан және оның туыстарынан оқшаулау үшін, 2,8% тұлғаларды олардан көрсетпелер алу үшін деп ойлайды [15, 17б].
Бұлтартпау шаралары айыпталушының қылмыстық іс жүргізудің мүдделеріне зиян келтіруге бағытталған әрекеттерді жасауына жол бермейтін, превентивтік шаралар екендігі баршамызға белгілі. Сондықтан да З.Д. Еникеев: «Бұлтартпау шарасын қолданудың негіздері айыпталушының қылмыстық сот өндірісіне жағымсыз әрекеттерді жасау фактісі емес, ал іс жүргізудің қалыпты жүргізілуіне кедергі келтіретін әрекеттерді айыпталушы жасайды деген жеткілікті негізделген болжам болып табылады», - деп, дұрыс жазды [38].
Біз бұл мәселе жайлы В.М. Корнуковтың: «Бұлтартпау шараларын қолдану үшін негіздер - айыпталушының тергеуден немесе соттан жасырынады, іс бойынша ақиқатты анықтауға кедергі келтіреді, өзге де қылмыстық процесс мүддесіне жағымсыз әрекеттерді жасауға мүмкіндігі емес, ал осы мүмкіндіктер туралы дәлел келтіретін фактілік сипаттағы деректер», деген ойымен де келісеміз [ ].
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылайтын болсақ, бұлтартпау шараларын қолдану негіздері және тәртібі қарастырылған. Жаңа редакциядағы қылмыстық процесте сотқа дейінгі тергеп-тексеруде қолданылатын жағдайлар көрсетілген. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары бұлтартпау шараларын қолдануы мен оны меңгеруі бойынша зерттеулер жүргізілген және көптеген авторлардың бұлтартпау шараларын қолдануы бойынша пікірлері қарастырылған. Яғни, В.М.Корнуковтың көзқарасы бойынша бұлтартпау шараларын қолдану негіздері толық қамтылғанына келісеміз.
