
7 Лекция
Тақырыбы:Екінші шетел тілін оқыту процесінің әдістемелік жағынан ұйымдастырылуы.
Жоспары:
Француз тіліндегі дыбыстарды дұрыс меңгеруіне тиімді ықпалдары.
Француз тіліндегі дыбыстарды дұрыс меңгеруіне тиімсіз ықпалдары.
Дауыс ырғағын, интонацияны үйрету.
Лекция мақсаты: француз тіліндегі дыбыстарды дұрыс меңгеруіне ана тілінің тиімді жақтарың анықтау
Лекцияның мәтіні:
Қазақ оқушыларының француз тіліндегі дыбыстарды дұрыс меңгеруіне ана тілінің тиімді, тиімсіз ықпал ететін жақтары бар. Сондықтан француз тілінің дыбыстарын тез игеру үшін қазақ тілінің тиімді ықпалын пайдаланып, оны көмекші ету керек те, оның тиімсіз ықпалына қарсы күресіп, қиындықтарды жеңу керек. Ол үшін қашан, қай жерде қазақ тілінің француз дыбыстарын меңгеруге тиімді ықпал ететінін, қашан, қай жерде тиімсіз ықпал ететінін білген жөн. Оны табудың ең төте жолы — екі тілдің дыбыс жүйесін салыстыру. Бұл арқылы қандай дыбыстар екі тілде, қандай дыбыстар бір тілде бар, екінші тілде жоқ екені анықталады. Ұқсастық бар жерде қазақ тілі француз тілінің дыбыстарын меңгеруге тиімді ықпал етеді. Ал ерекшеліктер болса, бір тілдегі дыбыс екінші тілге тиімсіз әсер етеді. Осыларды анықтау үшін екі тілдің дыбыс жүйесі салыстырыла сипатталады. Бірақ, бұл салыстыру сабақ үстінде емес, мұғалімнің сабаққа дайындалу барысында өтуге тиіс. Мүғалім салыстыру арқылы қиын, не жеңіл дыбыстарды анықтап алады да, соған байланысты сабағын жоспарлайды, жүргізеді.
Француз тілі мен қазақ тілінің дыбыстарын салыстыру нәтижесінде француз тілінің дыбыстары негізінен үш топқа бөлінеді: 1) француз тілінде де, қазақ тілінде де бар, айтылуы екі тілде бірдей, немесе өте ұқсас дыбыстар: (б), (д), (г), (к), (м), (н), (ң), (с), (ш) т. с. с. дыбыстар; 2) француз тілінде бар, қазақ тілінде жоқ дыбыстар: (f), (v), (G), дифтогнтар (au), (ai), (eu): 3) екі тілде де болғанмен француз тілінде айтылу ерекшеліктері бар дыбыстар: (gn), (r) сияқты дауыссыздар мен (α:), (ε:), (o:), (œ:) сияқты созылыңқы дауыстылар және солардың мүрынды сыңарлары.
Бірінші топқа жататын дауыссыз дыбыстарды айтып үйрену қазақ, оқушыларына пәлендей қиындық келтірмейді. Тек оларды жіңішке дауыстылардың алдында жұмсартпай айту керек, Екінші топтағы дыбыстарды алсақ, олар қазақ тілінде орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы өзге тілдерде енген кірме сездердің құрамында кездеседі (f), (v). (st), (ts). Ал дауыссыз дыбыс (r) мүлде жоқ. Қазақ тілінде кірме сөздер құрамында кездесетін (ф) дыбысының орнына (п), (в) дыбысының орнына (б) дыбысын айта береді: багон, пәбірік т. б. Одан сөздің мағынасына ешқандай нұқсан келмейді. Сол сияқты (α) дауыстының орнына (а) дыбысын, (ε) дауыстының (е) дыбысын айтқаннан сөздің мағынасы өpгермейді. Осыған дағдыланған қазақ оқушылары француз тілінде сөйлегенде (α), (ε) дауыстылардың орнына (а), (е) дыбыстарын айтқаннан сөздің мағынасына нұқсан келмегенмен, дыбыстауда қате бары көрініп тұрады. Бұл қателерді жоғарыда айтылған апроксимация принципіне сүйеніп, ескермесе де болады, өйткені олар сөйлеушінің ойын тусінуге кедергі келтірмейді. Ал қазақ тіліндегі дағды бойынша француз тілінде (f) дыбысының орнына (п), (v) дыбысының орнына (б) дыбыстарын айтса, онда сөздің мағынасы мүлде өзгеріп кетеді. Бұл соңғы қателер фонемалық қателер. Мысалы, француз тілінде сөйлеп тұрып, оқушы fin(fε˜:) сөзінің орнына рain (рε˜:) сөзін колданса, онда ол « соңы » деудің орнына, « әрең » деген мағынаны береді. Сондай-ақ (v) дыбысының орнына (б) дыбысын айтқанда да сөздің мағынасы өзгеріп отырады: vitesse - жылдамдық; valéeé — дала, bientôt — жуык арада т, б. Сондықтан оқушыларды бұл дыбыстарды бір-бірінен ажыратуға жаттықтыру қажет.
Үшінші топқа жататын дауыссыз дыбыстардың қазақ тіліндегі
ұқсас дауыссыздардан ерекшелігі: (l) дыбысы қазақ тіліндегі жуан (л) дыбысынан жіңішкерек, жіңішке (ль) дыбысынан жуанырақ айтылады, бұл дыбысты айтқанда тіл үші альвеолға тіреліп тұрады.. Мұғалім бұл қателерді алдын алуға тиіс. Ал дауысты дыбыстарға келсек, олардың жасалуы қазақ оқушыларына қиындық келтірмейді, өйткені олардың ана тілінде ұқсас дауысты дыбыстар бар: (а), (ө), (ұ), (е). Бірақ ерекшелік мынада: француз тіліндегі дауысты дыбыстардың әрқайсысының созылыңқы және қысқа варианттары бар. Сөзде дауысты дыбыстың созылыңқы немесе қысқа айтылуы оның мағынасын өзгертеді. Қазақ тілінде дауыстының созылыңқы немесе қысқа айтылуы сөздің мағынасына ешқандай әсер етпейді. Сондықтан оқушылар созылыңқы дауыстылар мен қысқа дауыстыларды бірдей етіп айта береді. Бұл фонемалық қате, оны түзету керек. Оқушыларға олардың айырмашылығын айқын, жеткізе түсіндіріп, оны дағдыға айналғанға дейін автоматтандырып жаттықтыру керек.
Бұл айтылғаннан шығатын қорытынды: бірінші топқа жататын дыбыстардың айтылуын үйреткенде, оқушылардың ана тіліндегі дағдыларына сүйеніп, транспозицияны пайдаланған жөн. Ал басқа дыбыстарға келгенде, әсіресе фонемалық қателер болатын дыбыстарды үйреткенде, ана тілінің интерференциялық ықпалының алдын алуға, сол қателерді болдырмауға тырысу қажет. Бола қалған күнде, оларды түзетіп, әбден автоматтандырғанша көптеген жаттығулар жасау керек.
Бірақ қиындық тек жекелеген дыбыстарды айтуда емес, сол дыбыстарды сөз құрамында, сөз тіркесінде, сөйлемде дұрыс айту оқушылар үшін көп қиындық келтіреді. Жекелеген дыбыстарды дұрыс айтып отырған оқушы сол дыбысты сөз қүрамында, сөйлемде қате айтуы ғажап емес. Сондықтан ол дыбыстарды жеке-жеке айтқызып жаттықтырғаннан гөрі, оларды сөз, сөйлем құрамында айтқызып дағдыландырған дұрыс.
Тағы бір ескеретін жай: екі тілдегі дыбыстардың тіркесу заңдылықтарының бірдей еместігі. Мысалы, қазақ тілінде сөз басында екі дауыссыз дыбыс қатар тіркесіп келмейді, мұндай жағдай тек орыс тілінен немесе сол арқылы басқа тілдерден енген кірме сөздерде кездеседі: стакан, шпион, шпана, шляпа т. б. Мүндай сөздерді айтқанда, қазақтар екі дауыссыз дыбыстың арасына немесе сөздің алдына тиісті дауысты дыбыс қосып айтады. (ышпана немесе шыпана, ыстакан). Француз тілінде мұндай тіркестер жиі кездеседі. Осындай сөздерді айтқанда, қазақ оқушылары екі дауыссыз дыбыстың тіркесін жеңілдетіп айтады яғни сөздің басына немесе екі дауыссыз дыбыстың ортасына бір дауысты дыбыс қосып айтады.
Қазақ тілінде жазылуы «л» жәке «р» әріптерінен басталатын сөздердің алдында белгілі бір дауысты дыбыс айтылады: лақ (айтылуы ылақ), леген (айтылуы ілеген), рас (айтылуьі ырас) Демек, қазақ тілінде «л», «р» әріптерінен басталып жазылатын сөздер болғанмен, (л), (р) дыбыстарынан басталатын сөздер жоқтың қасы, тек кейбір кірме сөздерде ғана кездеседі. Қазақ тілінде «л», «р» әріптерінен басталатын сөздерді айтқанда сөздің басында (ы), (і), (ұ), ү) сияқты дыбыстар қосылып айтылады. Француз тілінде (l), (r) дыбыстарымен басталатын сөздер өте көп. Оларды айтқанда оқушылар қазақ тілінің ықпалымен (l), (r) дауыссыздарының алдына бір дауысты дыбыс қосып айтуы мүмкін. Бұл қателерді де жоюға тырысқан жөн.
Қазақ тілінде дауыссыз дыбыстар жуан дауыстылардың алдында келгенде жуандап, жіңішке дауыстының алдында жіңішке айтылады. Француз тілінде мұндай ассимиляция болмайды. Дауыссыз дыбыс жуан дауыстының алдында да, жіңішке дауыстының алдында да бір қалыпты айтылады. Қазақ тілінің ықпалымен оқушылар француз тіліндегі дауыссыз дыбыстарды жіңішке дауыстының алдында жіңішкертіп айтуы мүмкін. Бұған қарсы шаралар қолдану мұғалімнің міндеті.
Екі дауысты дыбыстың ортасында келгенде қазақ тілінде (б) дыбысы ағылшын тілінің (w) дыбысына ұқсас айтылады, яғни ол екі еріннің бір-біріне тимей, тек жанасуы арқылы жасалады. Француз тілінде олай етуге болмайды. Бірақ казақ тілінің ықпалымен оқушылар француз тіліндегі cheval, travail, avant сөздерінде екі дауыстының ортасындағы (v) дыбысының орнына (b) дыбысын айтады. Бұл қатені де жою керек.
Міне, француз тілі мен қазақ тілінің фонетика саласындағы қысқаша салыстырмалы сипаттамасы осындай. Бұл салыстыру француз тілінің фонетикасын меңгеруге қазақ тілінің кай кезде тиімді, қандай жағдайда тиімсіз ықпал етуі мүмін екенін көрсетеді.
Фонетикалық дағдыларды қалыптастыру жолдары
Шетел тілдерін оқыту методикасында бір қезде фонетикалық дағдыларды саналы түрде қалыптастыру керек пе, болмаса еліктеу арқылы қалыптастырған жөн бе деген мәселе төңірегінде айтыстар болған. Қазіргі
кездегі методика осы екі жолдың екеуін де пайдалану керек деген қорытындыға келіп отыр. Мысалы, бірінші топқа жататын дыбыстарды әдетте үлгі сөйлем құрамында енгізіп, сол үлгі сөйлемді меңгеру барысында оқушылар осы дыбыстарды еліктеу жолымен игеріп алады. Бұл дыбыстардың айтылуы қазақ тілінің дыбыстарымен бірдей немесе өте ұқсас болғандықтан, олармен жұмыс істеуге арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Еліктеу арқылы игеруге бұл дыбыстар ыңғайлы.
Екінші және үшінші топқа жататын дыбыстарды, сондай-ақ айтылуы қиын тиетін дыбыстар тіркестерін меңгеру ушін оларды арнайы түсіндіру керек және бұл дыбыстар мен дыбыстар тіркестерінің айтылуын арнайы жаттығулар арқылы автоматтандыру керек.
Дыбыстарды түсіндіру негізгі төрт компоненттен тұрады: 1) дыбысты көрсету; 2) осы дыбыстың айтылу жолын, оның артикуляциясын түсіндіру; 3) ұқсас дыбыстарды бір-бірінен ажыратуға арналған жаттығулар; 4) дыбысты оқушының айтып дағдылануы.
Дыбысты көрсету дегеніміз — сол дыбысты мұғалімнің анық, айқын түрде айтуы. Мұғалім жеке дыбыстың өзін немесе сол дыбысты сөз құрамында, сөйлемде айтып көрсетуі мүмкін. Ал дыбыстың артикуляциясын түсіндіру барысында мұғалім сол дыбысқа ұқсастау ана тілінің дыбысын айтып, олардың айырмашылығын көрсетеді, сөйлеу ағзаларының қандай қалыпта болуы керектігін түсіндіреді, артикуляциясын көрсетеді. Ұқсас дыбыстарды бір-бірінен ажырату үшін мұғалім француз тілінің жаңа дыбысын, сонымен қатар сол дыбысқа ұқсас қазақ тілінің дыбысын айтады, оқушылар жаңа дыбысты бiліп тануға тиіс. Түсіндіру кезеңі жаңа дыбысты оқушылардың айтуымен аяқталады. Оқушылар әуелі тағы бір рет тыңдап алады да, әуелі дыбысты хормен, сосын жеке-жеке айтады. Дыбысты айту жеке дыбысты айтумен немесе сол дыбысты контексте (сөз құрамында, сөйлемде) айтумен аяқталады. Сосын осы дыбыстарды жаттықтыру, автоматтандыру, дағдыны кадыптастыру басталады.
Дауыс ырғағын, интонацияны үйреткенде еліктеу мен тусіндіру қатар қолданылады. Мұнда индуктивтік және дедуктивтік жолды пайдалануға болады. Егер дедуктивтік жолды пайдалансақ, онда мұғалім улгі сөйлемді айтып тұрып, оның дауыс ырғағындағы, интонациаясындағы ерекшеліктерді түсіндіріп отырады. Индуктивтік жол көбірек уақыт алады. Мұғалім оқушыларға көмекші сұрақтар қою арқылы үлгі сөйлемнің айтылу ырғағындағы, интонациясындағы ерекшеліктерді оқушылардың өздері айтуына жетектейді. Бұл тәсіл уақытты көбірек алғанмен, өте тиімді жол. Оқушылар өздері ашқан жаңалықты естерінде жақсы сақтап қалады.
Оқушылардың бойында фонетикалық дағдыларды (жеке дыбыстарды дұрыс айту, сөздердің дауыс екпіні дұрыс қою, сөйлемдердің дауыс ырғағын мәндеріне келтіру дұрыс айту дағдыларын) қалыптастыруда оқушыларға өлеңдер мен ән үйретудің үлкен маңызы бар. Оқушыларға өлең мен ән үйрету барысында мынадай жұмыстар істеледі. Әуелі мұғалім оқушыларды өлеңнің авторымен таныстырады, оның туған жылын, өміріне байланысты даталарын айтады, шығармашылық ерекшеліктерімен таныстырады. Үйреткелі отырған өлеңнің шығу тарихын, өлеңдегі окушыларға таныс емес сөздердің мағынасын түсіндіреді. Тек содан кейін өлеңді оқуға кіріседі. Әуелі мұғалім өлеңді өзі оқып береді немесе магнит таспасынан тыңдатады. Жалпы өлең, ән үйретуде магнитофонды қолдану тиімді. Мұғалім өлеңді магнит таспасына бірнеше рет жазады. Бірінші рет бүкіл өлеңді ешқандай үзіліссіз, сосын өлеңнің әр жолынан кейін, бұдан кейін әр шумақтан кейін үзіліс жасап жазады да, ең соңында тағы да бір рет үзіліссіз жазады. Одан соң мұғалім оқушыларға өлеңнің үзіліссіз жазылған нұсқасын тыңдатады. Оқушылардың міндеті — өлеңнің қалай оқылуымен танысу, оның мазмұнын түсіну. Оқушылардың өлең мазмұнын дұрыс түсінгенін білу үшін мұғалім оны ана тіліне қара сөзбен аудартады. Егер өлең бұрын қазақ тіліне аударылған болса, мұғалім әдеби аударманы оқып береді. Осыдан кейін оқушылар магнитофоннан немесе мұғалімнің айтуынан өлеңнің әр сөйлемін үзіліспен тыңдап, үзілісте қайталап оқиды. Сосын оқушылар шумақты хормен қайталайды. Ең соңында тақпақты үздікссіз тыңдап, дикторға жайлап ілесіп, тақпақты түгел оқып шығады. Содан соң өлеңді оқушыларға жеке-жеке оқытуға болады. Әр оқушы өлеңді тез әрі қатесіз оқи алатын болғанда ғана мұғалім үйде оны жаттап келуге тапсырма береді. Келесі сабақта мұғалім әуелі оқушыларға өлеңді магнитофоннан үзіліссіз тыңдатады, сосын үзіліспен тындатып, үзілісте қайталап айтқызады да, содан кейін оны жатқа сұрайды.
Оқушыларға ән үйрету де осы тәсілмен жүргізіледі. Әннің сөзін жаттап алғаннан кейін мұғалім оқушыларға осы әнді магнитофоннан тыңдатады. Әнді бірнеше рет тыңдағаннан кейін, әншіге ілесіп, оқушылар да әнді айтады. Сөйтіп, әнді әбден үйреніп алғанша қайталайды.
Бақылау сұрақтары:
1. Грамматикалық материалды бекіту үшін кандай жаттығулар
қолданылады?
2. Грамматикалык білімді жүйеге келтіруін маңызы неде және оны
қалай жүзеге асыруға болады?
3. Етістіктің бүйрық райын репродуктивтік сөзде қолдану үшін оқушыларға
қалай түсіндіресіз? Соның жоспарын жасаңыз.