
1 Лекция
Тақырыбы: Екінші шетел тілін оқыту әдістемесінің теориялық негіздері.
Жоспары: 1 . Дидактика мен методика объекті.
2. Шетел тілі - оқыту пәні.
3.Жалпы дидактикалық принциптер
Лекция мақсаты: оқу тәрбие процесін зертеу
Лекцияның мәтіні:
Дидактика мен методика бір объектіні - оқу-тәрбие процесін зерттейді, яғни бұлардың зерттеу мақсаты бір. Олардың бір-бірінен айырмашылығы мынада: дидактика оқу-тәрбие процесін жалпылама зерттесе, методика оны тек белгілі оқу пәніне, яғни бұл жерде шетел тіліне байланысты қарастырады. Әр оқу пәнінің (шетел тілінің де) өзіндік ерекшеліктері бар, осыған орай олардың әрқайсысы дидактикамен тығыз байланысты, ал олардың әрқайсысында дидактикалық принциптер өзгеше жүзеге асырылады. Сондықтан дидактикалық принциптердің шетел тілін оқыту барысында қолданылу ерекшеліктерін анықтау үшін «шетел тілі» пәнінің өзіндік сырларын ашып алу керек.
Шетел тілі — оқу пәні
Орта мектепте оқытылып жүрген оқу пәндерін талдағанда, олардың әр тектес екені байқалады. Оқу пәндерінің бір тобы — білім негіздері деп аталатын пәндер. Бұлар — химия, физика, биология т. б. пәндер. Бұл пәндерді мектепте оқытудың негізгі міндеті — оқушыларға ғылымдардың әр саласынан білім беру. Оларды оқытуда практика, іскерлік, дағдылар білімге қарағанда бағынышты қызмет атқарады. Екінші топқа эстетикалық пәндер жатады (музыка, бейнелеу өнері, әдебиет). Бұл пәндер оқушыларды көркемөнер әлемімен таныстырады. Олар ең алдымен тәрбиелік қызмет атқарады. Еңбек, дене шынықтыру сияқты пәндер белгілі бір іс-әрекетке үйретеді. Олардың міндеті — жеке адамның жан-жақты дамуын қамтамасыз ету және дене еңбегіне байланысты нақтылы іскерліктер мен дағдыларды калыптастыру.
Орта мектепте оқытылып жүрген пәндердің ішінде «ана тілі», «орыс тілі» және «шетел тілі» пәндері ерекше бір топ құрады. Бұл пәндердің міндеті — коммуникация жүйесін қалыптастырып, тілдің қатынас кұралдарын меңгеру. Тіл пәндерінің жоғарыда аталған алғашқы екі топтан ерекшелігі: мұнда тіл туралы білім өздігінен маңызды емес, жаңа хабарламаның, басқа саладан жаңа білім алуды қамтамасыз ететін іскерліктер мен дағдылардың маңызы зор. Үшінші топ пәндерінен тіл пәндерінің негізгі айырмашылығы сол, онда қалыптастырылған сөз іскерліктері мен дағдылары дене еңбегіне емес, ой еңбегіне тән іскерліктер мен дағдылар.
«Шетел тілі» пәнінің «ана тілі» мен «орыс тілі» пәндеріне көптеген ұқсастықтары бола тұрса да, өзіндік біршама ерекшеліктері де бар. Оның ана тілінен өзгешелігі мынада. Шетел тілін оқытқанда мүлде жаңа коммуникациялық жүйе қалыптастырылады. Жалпы білім беру мен тәрбиелік міндеттер осы негізгі практикалық мақсатты орындау барысында атқарылуға тиіс. «Шетел тілі» пәнінің «орыс тілі» пәнінен айырмашылығы мынада. Орыс тілі сабағында да жаңа коммуникативтік жүйе қалыптастырылады. Дегенмен, орыс тіліндегі сөз іскерліктері мен дағдыларын дамытуға мектептен тыс орта көп көмек етеді. Оның үстіне орыс тілін оқып-үйренуде окушылардың ынталылығы шетел тілін оқудан әлдеқайда жоғары болады, өйткені олар орыс тілін білудің күнделікті өмірде зор маңызы барын жақсы түсінеді.
«Шетел тілі» пәнінің ерекшеліктері міне осындай. Енді оны оқыту барысында дидактиканың принциптері қалай жүзеге асырылатынын қарастырайық. Шетел тілін оқыту принциптерін негізінен екі топқа бөлуге болады: 1) жалпы дидактикалық принциптер және 2) методикаға ғана тән принциптер.