
- •«Дін» туралы түсінік, оның мазмұны мен маңызы. Діннің мақсаты мен міндеттері. Негізгі дерек көздері.
- •Ислам дінінің түркі халықтарының рухани, мәдени болмысы мен мемлекеттік жүйесіне ықпалы
- •Діни наным сенімдердің бастауы
- •6. Түркілердің ескі діні
- •Көне түркілердің діни сенімі
- •2. Конфуцианизм діні
- •3. Даосизм діні
- •4. Cинтоизм
- •1. Үнді діндері
- •2. Индуизм
- •3. Жайнизм
- •4. Сикхизм
- •5. Парсизм
- •Христиан діні
- •Христиан дінінің пайда болуы
- •Ә) Інжіл - әлемдік мәдениет ескерткіші
- •Б)Христиандықтағы басты құндылықтар
- •В) Христиан діні және ғылым
- •1. Ислам діні
- •2. Хазірет Мұхаммед (ғалайһи сәлам) пайғамбар
- •1. Өзімізге байланысты міндеттеріміз
- •2. Адамның Аллаға байланысты міндеттері
- •3. Пайғамбарымызға байланысты міндеттеріміз
- •4. Отбасыға байланысты міндеттеріміз
- •5.Адамдардың бір-біріне байланысты міндеттері
- •6. Адамдардың қоршаған ортасына байланысты міндеттері
- •7. Отанымызға байланысты міндеттеріміз
- •1. Діни үкімдер
- •Сунниттер мен шииттер
- •Шариғат
- •Исламдағы мәзхабтар
- •1. Мұсылман салт-жоралары мен сенімдік мектептері (Сенімдегі мәзхабтар)
- •2. Мұсылман құқығының негізгі мектептері (Амалдағы мәзхабтар)
- •1. Ханафи мәзхабы
- •2. Малики мәзхабы
- •3. Шафи мәзхабы
- •4. Ханбали мәзхабы
- •Қазақтар имам ағзам жолындағы мұсылмандар Сопылық (Суфизм)
- •Ислам мәдениеті
- •Ислам – адами және әлеуметтік құндылықтардың көзі
- •Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
- •Адамды сүй, Алланың хикметін сез
- •Қазақстандағы исламның таралуы
- •Сопылықтың мәні, кезеңдері мен ағымдары
- •Йасауи мектебі
- •Қазақстандағы діни білім беру тарихы
- •Қазақ мәдениеті мен ислам құндылықтарының тұтастығы
- •Атеизм және қазақтарды шоқындыру саясаты
- •V. Бөлім. Қазақ топырағынан шыққан әйгілі дін ғұламалары (6 сағат)
- •Ахмет йүгінеки
- •Жүсіп баласағұни
- •Әбу насыр әл-фараби
- •Имам әл-бухари
- •Иасауи хикметі – дін және ұлтаралық татулықтың кені
- •Абай құнанбаев
- •Шәкәрім құдайбердіұлы
- •Хусамеддин Сығнақи
- •Vі. Бөлім. Қазақстан – дінаралық келісім орныққан ел (2 сағат)
- •Дін және ғылым
- •Тақырыптық жоспарлау үлгісі
- •34 Сағат (аптасына 1 сағат)
- •Әдебиеттер
- •Тауил және таухид
Хусамеддин Сығнақи
Қожа Ахмет Йасауи жалпы түркілік мәдениет кеңістігінде өзіндік ерекше ілім түрін қалыптастырып, ойлау жүйеміз бен тұрмыс салтымызға исламдық рухани құндылықтарды дарыту жолын- ар түзейтін ғылымның негізгі этикалық-моральдық шарттары мен үлгісін көрсетіп кеткен тарихи тұлға. Оның тұлғасы дәстүрлі түрік философиясы мен сопылық дүниетаным негізінде тарихи жадымыз бен рухани мәдениетімізді айналасына топтастырған орталық ұстынына айналды. Тарих бойынша “ұлттық менімізге” тұғыр қызметін атқарып келе жатқан бізді қоршаған барлық құндылықтар әлемі осы аталар жолы шеңберінің ішінде өз болмысымызды сақтап келеді.
Имам Хусамеддин Сығнақидің рисаласынан бұрын оның өмірі, тұлғасына мен шығармашылығына қатысты қолда бар деректер негізінде қысқаша мәлімет бере кеткеніміз жөн болар. Өйткені ең алдымен ғылым үшін Сығынақи деген кім? Йасауи мен оның арасында қандай сабақтастық бар?-деген сұрақтар маңызды.
Имам Хусамеддин Хусайн бин Али Сығнақи (711.х./1311.м. қайтыс болған) Фараб аймағы Сыр бойындағы Сығынақ қаласында дүниеге келген. Туған жылы белгісіз. Оның туып өскен қаласы бүгіндері орнында тек үйінділері ғана бар төбе болғанымен, орта ғасырдағы іргелі ғылым орталықтарының бірі екендігіне тарих куә. Мысалы, Қарахан мемлекеті тұсында Орта Азия мен Түркістанда исламдық рухта мәдениет пен ой-сананың кемелденіп, білім мен ғылым өрлеген болатын. Осы тұста Қашғар, Баласағун, Өзкент, Сығнақ, Шаш т.б. Түркістан қалаларындағы медреселер исламдық ғылымдарды түріктердің арасына жайып, дінді түсіндірушілер, хадисшілер, исламдық правотанушылар, тарихшылар, тілшілер мен әдебиетшілердің өсіп жетілуіне ықпал етті. Алғаш Құран тәржімелері мен түсіндірмелері жасалып, әсіресе құқықтану саласында ханафи фиқхының Маргинани сияқты ірі өкілдері арқасында түріктердің ханафи мазхабынан орын алуына әсер етті. Міне осындай топырақта туған Хусамеддин Сығнақи да балалық шағынан бастап, Сығнақ, Йасы, Исфижаб қаларында білім алып, кейіннен (676х./1277м. жылдарында) ислам әлемінің ең атақты ғұламалары Мұхаммед ал-Бухари және Фахруддин ал-Маймарғидан дәріс алады. Сол кездегі ислам ғылымдарының ішіндегі құқықтану саласында өзін терең жетілдіреді. Ислам әлемінде танымал, “қазылардың қазысы” атымен мәшһүр Ибн ал-Адиммен сұхбаттас болғандығы туралы деректер де бар.Ол асқан дарындылығының арқасында Бағдат, Халаб, Дамаск сияқты дәуірінің ірі ислам орталықтарындағы медреселерде сабақ береді. Ә. Дербісалиев “Қазақ даласының жұлдыздары” деген еңбегінде Сығынақидің ақындық қыры туралы да мәлімет береді. Тарихи деректерде артына осындай өнегелі із қалдырған Хусамеддин Сығнақидің өлген жылы милади (б.ж.с.) 1310, 1311, 1314 деп, әртүрлі көрсетілсе, қайтыс болған жері Халаб қаласы ретінде аталып өтеді. Қанша жыл өмір сүргендігі туралы дерек жоқ.
Енді шығармашылығына келетін болсақ, Хусамеддин Сығнақидің еңбектері әлі қол жазба күйінде қалып отыр. Еңбектері араб, парсы тілдерінде жазылған. Оның дін негіздері, құқық саласындағы шығармаларынан дәстүрлі түркілік дүниетанымға тән ерекшеліктер анық көрініп тұрады.
Жалпы қолдағы деректерге сүйене отырып, Имам Хусамеддин Хусайн бин Али Сығнақидің артына төрт түсіндірме және үш еңбек яғни, жеті кітап қалдырғандығын айта аламыз. Атап айтқанда ол теология, грамматика, морфология, суфизм салаларында да еңбектер жазып қалдырады. Байқасаңыз Сығынақидің әр салада жазылған еңбектерге түсіндірме-талдау жасағандығын көруімізге болады. Бұл оның өз дәуірінің кез келген ғылыми мәселелерінен тыс қалмағандығын көрсетумен қатар, асқан дарын иесі екендігінің де дәлелі. Негізінен орта ғасырда әсіресе шығыс мұсылман ғылымындағы ең кең тараған – комментарий әдісі, яғни, түсіндірме-талдау әдісі болатын. Алайда жоғарыда да айтқанымыздай Сығнақи тек қана түсіндірме жасаумен шектелмеген.
Біз бұл сабақта жоғарыда да тоқталғанымыздай Сығнақидің Ахмет Йасауи туралы жазған аңыз-деректерді қарастыратын боламыз.
Бұл рисала көлемі жағынан шағын болғанымен, Йасауи туралы кейіннен жазылған барлық деректерге негіз болған тарихи маңызы бар еңбек болып табылады. Қожа Ахмет Йасауидің өмірі мен тұлғасына қатысты өте маңызды аңыз-деректердің хатқа түсуі тұңғыш рет осы еңбектен басталған деуге толық негіз бар.
Рисаладағы деректерден аңызда болса Йасауидің уақыты мен кеңістігінің тарихи, танымдық әрі әлеуметтік қабаттары туралы тұжырымдар жасауға әбден болады. Енді осы рисаланың ішкі мазмұнына қысқаша тоқталып өтейік.
Сығнақидің “Ахмет Йасауи туралы аңыздар” деп аталатын еңбегі дәстүр бойынша “Рақымды да Мейірімді Алла Тағаланың атымен” басталады. Әрі қарай рисалада Қожа Ахмет Йасауидің білім алған атақты пір-ұстаздарының кемелдігі (камил 170 пірден дәріс алғандығы), олардан тариқат құру үшін алған рұқсаты мен нұсқауы, зікір салу әдісінің де “дауыстап, дөңгеленіп зікір салу, екендігі, 126-130 жыл өмір сүргендігі баяндалады.
Сондай-ақ Йасауидің шариғат ғылымдары мен тариқат ілімдерін кімдерден оқып үйренгендігі туралы да айтылады. сопылық ілімде ислам дінінен хабары жоқ халықты дінге салудың әдістері бар екендігін көрсетуі танымдық әрі діни құбылыстық жағынан өте маңызды. Йасауидің олардан “жетпіс үш ілім” үйренгендігі айтылады. Ислам мәдениетінде “жетпіс үш ілімді білген кісі жетпіс екі ұлттың (миллат) тілін біледі”-деген нақыл бар. Бұдан Йасауидің исламдағы барлық ағымдардың, қыр-сырын білген, терең білім алған ғұлама екендігі шығады. Өйткені “жетпіс екі миллат, жетпіс екі тіл, жетпіс үш ілім” тіркестері көптік ұғымын берумен қатар, адамның кемелдігін, барлық ғылым түрлерін меңгергендігін білдіретін сопылық дүниетанымдық шама.
“Отыз жыл медресе” және “қырық жыл саяхат” сопылық жолдың рухани даму жолдарын білдірсе, Йасауидің “абдал, аутад, Қызыр мен Ілияспен жолдас болуы” да оның рухани кемелдену дәрежелерін көрсетеді. Йасауидің кемел адам, әулие дәрежесіне көтерілуі оның Хз. Қызыр (с.а.с.) тәрбиесінде болуында жатыр. Қызыр – исламдық діни аңыздарда пайғамбарлар шынжырын тәрбиелеуші рухани ұстаз.
Йасауидің “Баба Машын, Хаким Ата, Суфи Данышменди мен Баба Түкті Шашты Азиз сияқты төрт камил пірмен Қағбаны Гуждуанда тауап етеді”-делінген. Бұл жерде аңыздың сопылық категориялық ақиқатты жеткізу формасы екендігі анық сезіледі. Өйткені Қағба кеңістік ретінде Мекке қаласында орналасқан. Ал жоғарыдағы төрт камил пірдің Қағбаны Гуждуанда тауап еткен. Қағба сопылық ұғым бойынша Хаққа қауышуды, яғни ақиқатты табуды білдіреді. Сопылықта тағы да рухани саяхатты, кемелдену жолын білдіретін ұғым бар. Рухани саяхаттың “ішкі саяхат” және “сыртқы саяхат” деген екі түрі кездеседі. Осы рухани саяхат жолында Қағба ұғымы ерекше орын алады. Қағба ислам діни терминологиясында Алланың үйі болса, сопылар Алланың ұясы деп адамдағы қалб-жүректі таниды. Осы рисалада Қожа Ахмет Йасауидің “Нағыз ер жігіт-(Қағбаға бізді апарған емес) Қағбаны бізге әкелген жігіт” деген сөзі де келтірілген. Яғни, Йасауи ішкі қажылыққа, ішкі кемелдікке мән берген.
Бұдан Қожа Ахмет Йасауи, Баба Машын, Суфи Мұхаммет Данышменди мен Баба Түкті Шашты Азиздердің замандас екендігі де ортаға шығады. Онсызда көптеген тарихи деректер кейінгі үшеуін Йасауидің тәрбиесін алған шәкірттері ретінде көрсетеді.
Рисалада әрі қарай Йасауи “халифа Ахмет” деп танытылып, оның әулиелік кереметтері жайлы сөз болады. Халифа терминінен Йасауидің қоғамдағы саяси, діни беделін аңғаруға болады. Ол Хз. Мұхаммет (с.а.с.) пайғамбардың орынбасары деген ұғымды да береді. Бұдан халық санасында сақталған “Мәдинада Мұхаммет, Түркістанда Қожа Ахмет” деген тіркестің Йасауи қайтыс болғаннан кейін бір ғасыр өтпей-ақ кеңінен тарағандығын көрсетеді. Негізінен бұл рисаланың желісі де жазылу мақсаты да Қожа Ахмет Йасауидің тұлғасы, дәстүрі мен ілімін дәріптеуге арналған.
“Халифа Ахметтің сұхбатында 22 мың муфти, 60 мың сейітзада, 10 мың Хорезмнен келген имамзада, 10 мың ғұлама, 90 мың әулие, 8 мың абдал және 12 мың суфилер болатын”. Бұл жердегі сандар Қожа Ахмет Йасауидің сұхбатының сапасын, оның салып кеткен жолының сол кеңістіктегі маңызы мен мәнін көрсететін деректер.
Рисалада “Халифа Ахметке қастарында он үш мыңнан нөкер ерткен тоқсан әмір-билеуші келіп, “ант ішіп, қол берді”-делінген. Осы құбылысты мемлекет және дін немесе сол кездегі Орта Азия мен Түркістандағы хандық мемлекеттік басқару жүйесіндегі билеуші мен дін адамдары арасындағы одақ тұрғысынан қарайтын болсақ, аңыздағы ақиқат іздері біршама ашыла түседі. Ортағасырлық мемлекеттердің әмір немесе хандарының бір діни ағым негізінде одақ құруының негізгі ритуалдық рәсімі ортақ діни көсемдерді тану арқылы мүмкін болатын. Бұған қоса, Түрік тарихшысы Заки Валиди Тоған өзінің “Йасауи мұрасы туралы жаңа деректер” деген еңбегінде Қожа Ахмет Иасауидің өз уақыты мен кеңістігінде ықпалды саяси күшке ие болғандығын, оның Қарахан мемлекетінің негізгі идеолог-көсемі, әрі хандардың жол көрсетуші данагөйі қызметін атқарғандығын тұжырымдайды. Оның “Сырдария мен Әмудария өзендерінің бойын жайлаған оғыз-қыпшақ тайпалары Қарахан және Хорезмдер билігі тұсында Йасауи тариқаты шайхтарына қарасты болатын... Ахмет Йасауи мен Қарахан әулетінен шыққан Бура Текин Арслан Қара Қаған (1034-1047 билік құрған) арасында туыстық қатынас бар. ... Арслан хан Ахмет Йасауиге қызын берген...” деген мәліметін, Сығнақидің Қожа Ахмет Йасауидің “аңшы құстар (бүркіттері) мен иттерді (тазылары) қолында ұстағаны” туралы мәліметі те оның саятшылық мәдениетін көрсетумен қатар, саяси билікке де жақындығын растай түседі.
“Теккесінде әйел мен еркек бірге құлшылық ететін. Бірде араб өлкелерінен, қасында қырық шамасында дәруіштері бар елшілер төтеннен келіп, Халифа Ахметке “...әйел мен еркек бірге зікір салып жатыр, бұл қалай болар екен? (яғни, шариғатқа, дін исламға сай болар ма екен)”-деп сұрайды. Қожа Ахмет Йасауи жауап ретінде “бір шоқты мақтаға орап, құтының ішіне қойып, аузын жауып, қолдарына ұстатады. Арабтар елдеріне оралған соң, Мысырдың бір қаласында көпшілік жұрттың алдында әлгі құтыны ашады. Қараса шоқ сол күйінде әлі сөнбеген, мақта да жанбаған. Олар, “Қожа Ахмет бізге сабақ берді: хақиқат жолындағы сұхбатта да, зікірде де әйел еркек мақта мен шоқтай бірге бола алады, одан олардың көңілдерінде Хақтан басқа ешқандай бөтен ой болмайды”-демек, “Халифа Ахмет – біздің де піріміз”-деп мойындайды.
Бұл жерде тамыры терең, мұсылман қауымының әлеуметтік шындығы кескінделген. Өйткені әлі күнге дейін кейбір мұсылмен елдерінде әйел мен еркек бірге ғибадат жасауы былай тұрсын, күнделікті тіршілікте де бірге отыруы мүмкін емес. Ислам дінінің негізгі қайнар көзі - Қасиетті Құранда да жыныстық бөлектеушілік атымен жоқ. Йасауи ілімі, мәдениетіндегі мұндай ерекшелік дәстүрлі түркілік дүниетаным негізінде қалыптасқан болуы керек. Өйткені түрік ойлау жүйесінде, тілінде, дүниетанымында да жыныстық жіктеме, бөлектеушілік құбылыстар кездеспейді. Бұл біріншіден, Құран рухымен сомдалған Йасауи ілімінің ерекшелігі болса, екіншіден оның ілімінің түпкілікті мәні тұтастық, “бірлік” болғандықтан да әйел мен еркек былай тұрсын жалпы адамзат біртұтас, Хақтың жаратқан пенделері ретінде Алланың Бір және Бар сипатын көрсететін ең негізгі белгілері ретінде қарастырылады.
Бұл рисаланың басты құндылығы Қожа Ахмет Йасауидің аузынан кемелдікке жетудің үш негізгі моральдық-этикалық тұғырын баса көрсетуі дер едік. Біріншісі – адамның өзіндегі ақиқатты табу, тану мәселесіне қатысты айтылған “Қағбаны (Алланы) өзіңнен тап” нақылы. Бұл “...кім өзін өзі таныса, Тәңірді танығаны” деген сопылық тұжырымды еске салады. Екіншісі – “ей достар, міндетті түрде тәртіпті, сақтаңыздар”-дегендегі әдеп, тәртіп мәселесі. Әдептілік адамның сопылықтағыдай рухани арылу жолында болсын, белгілі мақсатқа бағытталған жүйе немесе топта болсын адамның қоғамдағы орны мен абыройын сақтайтын негізгі ұстаным. Үшіншісі де “Сабырлы адам сөзсіз жеңіске жетеді” хадисіндегі Иасауи жолының өмірлік тұғырнамасы. Осы рисалада Йасауи кемелдікке сабырлылығының арқасында жеткендігін “Маған жүз жыл таспен атса да сабыр еттім” деп түйіндейді.
Қорыта айтқанда, біздің тарихымызда Сығнақи Ахмет Йасауидің өмірі мен тұлғасы, оның мұрасы туралы аңыздар негізінде хикмет дәстүрін хатқа түсіруді, тарихқа таңбалауды бастатқан болатын.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев (1858-1931) бес жасында сауатын ауыл молласынан дәріс тыңдау арқылы ашады. Оның өмірлік көзқарасының қалыптасуына мұрындық болған алғашқы ұстаздарының ішінде Камарадин атты қазіреттің есімі ерекше аталады.
15-16 жас шамасынан бастап, Мәшһүр бала оқытумен айналысып мал табу әрекетіне көшеді. Кейіннен осы босқа өткен күндеріне өкініп өз өмірін ертегі қылып жырлайды.
Біз жоғарыда Бұхара, Ташкент сапары жайлы тілге тиек еткен едік. Осы сапарларының алғашқысын М-Ж.Көпеев ұстазының дүниеден озғанынан кейін оның ықыласы арқылы 29 жасында жасайды. Демек, Мәшһүр дүниетанымының қалыптасу бастауында рухани ұстаздарының үлесі орасан. Жастайынан алған білім нәрі Мәшһүр-Жүсіп Көпеевті қазақ даласына кең тараған Қ.А.Ясауи жолы мен оның шәкірті, кейін өзіндік сопылық жолы мен белгілі болған Нақышбандия Бахауиддин тарихатының аясында өрбігенін аңғарамыз.
Ғасырлармен өлшенетін ислам ғылымының нәрін шашқан Көкілташ медіресесі. Кейін бұл медіреседе Мәшһүр бабамыз да білім алған. Бұл медіресенің қазақ даласындағы сауаттылықты насихаттауындағы үлес-салмағы айтарлықтай болғанын мына бір деректерден байқауға болады.
Қазір шығармалар жинағының 13-томы жарық көріп, 14, 15, 16-томдары баспада жатқан, яғни артына мол мұра қалдырған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының дін туралы жазғандары өз алдына бір төбе. Қазақ халқының екі жүз жыл бойы Ресей отаршылдары қыспағында болуы тегін кеткен жоқ. Екі ғасыр бойы ежелгі мәдениеті бар өнерлі халықты жерінен, тілінен, дінінен айыру, сөйтіп ұлт ретінде жоқ қылып, орыстандыру саясаты жүріп жатты. Қазақ халқы ұлт ретінде жоғалу қаупіне ұшырады. Міне, осы жағдайда ұлтты сақтап қалу үшін адамдарды жерінен, тілінен, дінінен ажыратпау міндеті алға шықса, Мәшһүр-Жүсіп осы үш майданда да аянған жоқ. Жерді сақтап қалу идеясы 1907 жылы Қазан қаласында басылған 3 кітабында ("Тірлікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз", "Хал-ахуал", "Сарыарқаның кімдікі екендігі") және ХІХ ғасырдың соңғы он жылдығында шығып тұрған "Дала уалаяты газеті" беттеріндегі мақалаларда, сонымен бірге жиын-тойда айтылып келген өлең-қиссаларында орын алды.
Дінді, оның ішінде ислам дінін әспеттеген Мәшһүр-Жүсіп "Шайтанның саудасы", "Соқыр, саңырау және жалаңаш", "Жарты нан хикаясы", "Мәшһүрдің 46 жасында сөйлегені" т.с.с. туындыларында бұл идеяны өзіндік бейнелеу құралдары көмегімен көркем, әсерлі жеткізуді қолға алумен бірге қалың жұрт назарын аудару үшін тікелей үгіт өлеңдерін де жазды.
Ислам діні мәні хақында осындай көркем туындылар жазумен бірге Мәшһүр-Жүсіп діннің ақиқат екенін дәлелдеп ғылыми еңбектер де жазған. Осы орайда "рух", "нәпсі" ұғымдарына берілген Мәшһүр-Жүсіп түсіндірмелеріне көңіл бөлейік: "Адамның денесінде ішкен-жеген қоректің ғайыптылығынан, барып тұрған тазасынан жиылып бір араға топталып жүректе бір рух жасалады. Мұның атын: "Рух хайуаны" - дейді. Сондай болатұғынлығы үшін қазақ жұрты айтады бір тамақ ішерде: "Жүрек жалғайық, жан шақырайық" - дейді. Бұл сөздердің мәнісі - тамақ күшінен жиылып болатұғын нәрсе екен. Құдайдан келген жан басқа, бұл басқа.
Дем бұ дем дүр. Өзге демді дем деме. Дүниеден сен һәм өтерсің, қам жеме. Ендеше бір-ақ демде отырсың. Ендігі дем саған бар ма, жоқ па, белгісі жоқ. Сол бір демді босқа жібермей, жалған үшін жұмсасаң, жалғанда мәңгі бақи тұратұғын кісідей жұмыста. Ақырет үшін жұмсасаң, ертең өлетұғын кісідей қыбырла.
МАЙЛЫҚОЖА СҰЛТАНҚОЖАҰЛЫ
Бабалар мұрасы – рухани азық, білімнің қайнар көзі. Сондай рухани мұраларымыздың бірі Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармалары. Өз заманында жарқыраған нұрлы жұлдыздай болған Майлықожаның сырға толы өсиеттері әрқашан ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу жолында өз маңызын жоғалтпайды. Егер Ахмет Ясауи өткен замандағы түркі жұрты кемеңгерлігінің асқар шыңы болса, баба ілімінің мираскері Майлықожа Сұлтанқожаұлы қазақ халқының санасында құдіретті ілімнің отын өшірмей ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші қалам иесі ретінде өзіндік бір асқар шыңға айналды.
Тумысынан жетімдікті көп көрген Майлы бала жетімдікке бой алдырмай, басқа түскен ауыртпалықтарға қарсы тұрып күнкөріс қамын жасайды. Кесірі көп кер заманның ауыр азабын Алладан келген сынақ деп қабылдаған есті жігіт ержете келе жаттап өлең айтып, өнер жолына түсу арқылы елге танылады. 20 жас шамасында өлең өнеріне бет бұрады. Майлықожа терме, рухани толғауларын халыққа қызықты, тартымды, әрі түсінікті тілде жеткізе білетін. Оның көзқарастарынан бүкіләлемдік тәлім-тәрбиенің алтын діңгегі «жылы жүректі болу» ұстанымдарының көрініс тапқанын байқаймыз. Қазақ халқының келешегі тек өнер-білімде, ар ілімінде деп түсінген ақын өз ойын іске асыруда түрлі тосқауыл кедергілерге кездесті, бірақ оларды табандылықпен жеңе отырып, өз мақсатын іске асыра білді.
Өз дәуірінің ақындарымен кездесіп, кейін өзінің сауатын кеңейтіп, шығыс әдебиетін оқуға, оның кейбір үлгілерін жаттап айтып, елге таратуға бейімделеді. Көршілес ұлыстардың, мұсылман мемлекеттерінің мәдениет орталықтарын аралап, өзінің сауатын молайтып, шығыс әдебиеттерін көп оқиды. Бұқара, Самарқан, Ташкент қалаларында болып Әлішер Науаи, Фердауси, Низамилердің шығармаларымен танысып, оларға көп еліктейді. Шығыс шайырларының еңбектерімен танысып қана қоймай оларды ана тілімізге аудару жұмыстарымен ден айналысады.
Майлықожаұлының еңбектерінің бүгінгі ғылым мен руханият үшін мәні зор. Оның шығармашылығы - терме-толғаулар, арнаулар, жоқтаулар, айтыстар, дастандар, мысалдар, өлеңдер, сықақтар, қара сөз-ертегілер, аңыздар, хикаят, нақылдардан тұратын дүниетанымдық негіздерге толы құнды еңбек болып саналады.
Мысалы ол Әл-Фарабидің еңбектерін, оның қоғамды дамытудағы ой-пікірлерін, тәрбие тағылымдарын шығыс ғұламаларымен қатар еуропа ғалымдары да көп пайдаланған. Фараби адамның өзі табиғат, адам-жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғарғы сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы белгілі бір ортаның мүшесі. Сол кездегі түсінік бойынша, Фарабидің «орта» деп отырғаны қоғам болса керек [1]. Әл-Фарабидің:
Сан берген сана берген, санат берген,
Инсан деп саналыға ол ат берген.
Жаратып жалғыз нұрдан барша әлемді,
Жауһари нұр сәулесін тарат деген -
деп келетін мына бір шумақ жырында адамның негізгі мақсаты мен міндеті қоғам санасына жарық түсірер ғылым сәулесін, хақиқаттың нұрын сеуіп, бақытқа жетелейтін жақсылықтың жаршысы болуға шақырады.
Майлықожа атамыз иман турасында «Алал дінің – иман-дүр» деген шығармасында былай толғайды:
...Иманмен өтсін дүние
Бенделі момын баласы,
Алал дінің – иман-дүр,
Арамның нәпсі ханасы,
Момынның арын іздеген
Дұғадан жоқта шайырды,
Наданның зейіні жете алмас
Даналар білер пайымды... [2, 521].
Ол кісі ислам дінінің тарихын, пәлсапасын терең білетіндігін ғана емес, сонымен қатар оларды адамның күнделікті өмір-тіршілігімен шебер астастыра отырып пайымдайтыны танылады. Өзінің жыр жолдарында Майлықожа сопылық мәдениеттің негізіндегі ұғымдарды көп қолданады. Майлықожа туындыларынан сопылықтың ізі айқын көрінеді. Оның шығармалары түркі жұртының ұстазы Ахмет Ясауидің хикметтерімен идеялас байланыста көрініс беріп отырады. Бұл байланыс Майлықожа Сұлтанқожаұлының Ахмет Ясауи еңбектерімен жақсы таныс қана емес, сондай болуға ұқсауға тырысуының ізі байқалады.
Сопылықта жетпіс мақам деген діни категория бар. Жетпіс мақам негізінен алғанда, көптік мағына береді. Ахмет Ясауи тариқатында тариқатта он, шариғатта он, мағрифатта он, хақиқатта он мақамның бар екендігі белгілі. Сұлтанқожаұлының пірге қол берді ма? Ол сопылық ілімнің өкілі ма? дегенге келер болсақ Майлықожаның пірге қол бергендігі туралы ешқандай дерек жоқ. Бірақ бұл сұрақтарға оның өз еңбектері жауап береді. Тарих сахынасында өмір сүрген ислам ғалымдарының ешбірі «мен сопымын» деп айтпаған. Олардың жүрек ілімін игергендігі соңынан қалдырған мұралары мен еңбектерінде айтылады. Дәл сол сияқты Майлының туындыларында сопылық мақамдар түрлі қырынан көрініс беріп отырады. Майлықожа шығармалары Хақты тануға жетелейді. Мысалы:
Бісміллә, қалам алалы
Жад етіп Жаппар дананы,
Нұсқаларда, әр сөзде
Алланың намы жоғары,
Сол себепті алдына
«Бісміллә» деп салады,
Бісмілләмен айтқан сөз
Орынына барады,
Бей бісіміллә деген сөз
Шайтанның депті амалы... [2, 521]
енді бірде:
Тіліме жат алайын Хақтың атын,
Жөнделмес Алла демей айтқан гәпің,
Алла десең, артынан Зұлжалал деп
Айтыңыз пайғамбардың салауатын... [2, 554].
Бұл шумақтардың алғашқы жолдарындағы «Жад етіп жаппар дананы, Тіліме жат алайын Хақтың атын» сөздері Алланы еске алу, яғни Хақты «зікір ету» ғибадаты туралы айтылады. Майлы қаламының шеберлігі сопылық мәдениеттің ұғымдарын арқау ете отырып, туындылары керемет шеберлікпен өріліп, тыңдаушы жүрегіне жол тауып отырады. Майлықожаның шығармаларын зерделей келе, оны Ясауи ілімінің мұрагері екеніне көз жеткіземіз. Алғашқы білімін әкесінен алған Майлы келе-келе шығыс шайырлары мен қазақ даласының аузына құс тістеген ақындары мен данышпандарының еңбектерінен нәр алып, шығармашылығын дамыта түседі. Шығармалары хикметтерінің желісінде құралып, үнемі Ясауидің даналық ойларымен үндесіп отырады. Туындыларының барлығында дерлік сопылықтың нышаны байқалатындықтан Майлықожаны сопылық ілімнің өкілі деуімізге толық негіз бар. Оны ақынның «Датқалардың Әзіреті Сұлтанмен қоштасып айтқан сөздері» атты шығармасынан да байқауға болады.
«Атыңнан айналайын құл Қожа Ахмет,
Қолында кәпірлердің біз болдық бент,
Тоқсан тоғыз мың машайық, Кектенді ата,
Бергейсің біз ғаріпке өзің медет [2, 543].
Ақынның Әулиелерді өне бойы өзіне үлгі тұтып, пірлерден медет сұрау жолдарын көрсетуі Дешті Қыпшақ даласында ғана емес, бүтін мұсылман әлемінде өзінің өшпес ізін қалдырған Әзірет Сұлтанның мұрагері екенін тағы бір қырынан дәлелдей түседі. Майлы ақын бұл шығармада қарапайым халық қана емес елдің ұйытқысы болып жүрген басшылардың ( ол кездің тілімен айтқанда датқалардың) өзі Ахмет Ясауиді ерекше құрметтеп, халықтың Ясауи дүниетанымы негізінде ғұмыр кешкенін ашып береді.
Сопылықтағы тәубеге келу,Хақты үздіксіз еске алу (зікір айту), қауіп рижа, яғни Жаратушы Иенің рақымынан үміттеніп, жазасынан қорқу, нәпсіден тиылу, пір қызметінде болмақтық, насихат тыңдау, иман келтірмектік, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылық, сыпайы қарым – қатынас жасау, сөйлесу, білім үйрену, пайғамбарымыздың сүннеттерін мүлтіксіз орындау, жаман іс-әрекеттен аулақ болу, ғашықтық, тақуалық сияқты т.б. мақамдарды еңбектерінде арқау етеді.
Өзінің шығармаларында Майлықожа «шындық, адалдық, ақиқат» деп Пайғамбар мұра еткен хақ жолын, Алланың ақ жолын, ар ілімін ту етуді ұрпаққа өсиет қылады.
Майлықожа термелері өмір шындығына негізделген шығармалар. Ол термелерін еріккендіктен шығарып, бос сөз құраумен немесе әуесқойлықпен жазбайды. Ондай жеңіл мақсаттан мүлдем аулақ. Оқушыға ой түсіретін, жүрегі ләззәт табатындай, асыл сөз термелейді. Әрбір сөзін жүрек түбінен шығара тебіренеді. Халыққа керекті ақыл-нақыл айтып, келешекті ойлап толғанады. Майлықожа Сұлтанқожаұлының термелері, рухани туындылары адамгершілік, имандылық, әділдік, инабаттылық тәрізді күрделі мәселелерді жырлауға арналған. Бұл дүниедегі адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынас: мансап пен байлық, билік, кедейлік пен қанағатшылдық, нәпсі мен тәубашылдық, Хаққа сыйыну секілді түйінді жәйттер дін талабы, қарапайым тұрмыстық талаптар тұрғысынан сарапталады. Осыған орай, ол Мұхаммед пайғамбардан үрдіс болып келе жатқан жол: жиған малдың қызығын тек өзі көрмей, өзге жетім-жесір, мүсәпірлерге де қайырымды болу, жасаған күнәңді дер кезінде түсініп, тәубаға келу және т.б.
Тумысынан ізденгіш Майлы жетімдікке бой алдырмай, басқа түскен ауыртпалықтарға қарсы тұрып, күнкөріс қамын жасайды. Өз басының еркі өзіне тиген кезден бастап, ел ақындарымен кездесіп, сауық кештерге, жиын-тойларға барып, ескі ел дәстүрі бойынша сөз өнеріне дағдылана берген. Кейін сауатын өз бетінше дамытып, жазба әдебиет өкілдерін, шығыс әдебиетін оқуға, оның кейбір үлгілерін жаттап айтып, таратуға мүмкіндік алды. Бұқара, Самарқанд сияқты ірі дін және мәдениет орталықтарында да болған. Майлы Шығыс әдебиетімен танысып қана қоймай, оны қазақ тіліне аудару әрекетін де істеген. Діни қиссалар сюжетіне дастан жазуымен де айналысқан. Ол өзіне дейінгі Қожа Ахмет Ясауи мен Сүлеймен Бақырғаниді, Асан Қайғы мен Бұхар жырауды да жақсы білген. Кейде оларға еліктеп, сөздерін өзінше жырлағандығы да байқалады. Майлықожаның нақты рухани ұстазы туралы дерек көзі жоқ. Жалпы қолымыздағы бар айғақ ол Ясауидің, Әлішер Науаидің, Фердаусидің, Асан қайғының шығармаларын оқып, солардың ілімдерінен нәр алған. Кезіндегі Дулат, Шортанбай, Мәделіқожа, Молда Мұсалармен пікірлес болған. Пайғамбар жасында, яғни алпыс үшке келіп, 1898 жылы Арыс ауданының, осы күнгі Бадам ауылдық кеңесі тұрған атыраптағы Ақбұлақ деген өзен бойында дүние салған [3, 35-36].
Ақынның дін тақырыбындағы бес жүз жолға жуық көлемді құрайтын он бірдей шығарма, атап айтқанда, «Алланың соққан имараты», «Ақиқат жолға кірсеңіз», «Алал, арам деген бар», «Дүниеге көңілім сүйінесің», «Алал дінің иман-дүр», «Он сегіз мың әлем халық», «Жаратқан Құдай пендесін», «Иман таппақ – шын дәулет», «Тіліме жат алайын бісмілләні», «Өнермен өзің берген» жыр-толғауларын алып қарастыратын болсақ, өзінің ұлы да ұлағатты ұстазы Қожа Ахмет Ясауи жазып қалдырған «Диуани хикмет» дәріптейтін қанағатшылдық, адалдық, әділдік, кішіпейілділік, ақиқатшылдық, әдептілік, төзімділік секілді жоғары адамгершілік мұраттарын жырлаумен ерекшеленеді. Бұлардан ол кісінің ислам дінінің тарихын, пәлсапасын терең білетіндігін ғана емес, сонымен қатар оларды адамның күнделікті өмір-тіршілігімен шебер астастыра отырып пайымдайтыны танылады [2,10].
Әуелі, сол кездегі барша ақын-жырауларымыздың шығармаларына тән бір қасиет, Адам атадан бастап, соңғы пайғамбарға дейінгі барлық пайғамбарлардың өмірін, содан соң ол мүбарактың сахабаларын айтып, одан әрмен Имам ағзамнан Әзірет Қожа Ахмет Ясауиге алып келіп, ол кісінің силсаласында жүріп өткен барша машайық, әулие-әнбиелердің осы кезге дейін тарихын жырлайды.
Мысалы, Майлықожа ақынның «Қабіріңе айтар зарым бар» деген жырында пайғамбарлар мен сахабаларды былай суреттейді.
Әуелі Адам, Нұх нәби,
Екіншісі қалил Ибраһим,
Үшіншісі – Мұхаммет –
Досым деді Құдайым,
Сол досының ақы үшін
Бағыштаған күн-айын,
Құдая, саған жылайын
Құлшылықты қылайын,
Әуелі өтті ер Мұса,
Екінші көкте бар Иса,
Асыл кесер жаныса,
Әруақ қолдар налыса,
Қызыр, Ілияс пайғамбар,
Еске алғайсың жалынса,
Әбубәкір шаһарияр,
Әзіреті Оспан, Әлішер
Жаһанда ерлік намың бар,
Көпшіліктің әжеті [3, 49].
«Пайғамбар қиссасы» туралы деректі мәнді жырлары танымдық, дидактикалық және моральдық дүниетанымдық негізге, нақты, тұжырымды бітімге құрылған.
Дін үшін, ел үшін жанқиярлықпен еңбек еткен құдайдың сүйікті құлдарының өмірін жырлау - қазақ поэзиясында бар нарсе. Арыға бармай-ақ Майлықожаның шығармаларында кездесетін, әрі өзінің замандастары Жүсіпқожа Шайқысламұлы, Шәді төре Жәңгірұлы (1855-1933), Құлыншақ Кемелұлы (1840-1911) т. б. жыршылардың жәдігерлерінде де орын алады. Бұндағы мақсат – олардың тарихын, өмірін жырлау арқылы жас ұрпаққа үлгі етіп, бабалардың асыл мұраттарын жастайынан бойына сіңдіру әрі халыққа оларды мәңгі есіне сақтатып, тура жолдан адаспайтын, түзу жол көрсету.
Расул, Имам Ағзам, Арыстан бап,
Солардан реушен жарық бізге тарап,
Әулие Құл Қожа Ахмет – діннің шамы,
Күндіз-түні зікір айтқан Хаққа мадақ.
Көзінің жасын сүртіп қан аралас,
Сахарда құлдық ұрды жылап-сарнап.
Пір Бекет үлгі шашты сахараға,
Солардың жолымен қылып тағат.
Ақтан Керейұлы
Бұдан шығатын қорытынды, Майлықожаның шығармаларындағы сопылық дүниетаным жыраулар поэзиясындағы руханиятымен сабақтасады.
Екіншісі, батырлар жырындағы қаһармандық, табандылық, қажырлылық сияқты көзсіз ерліктерін діни дастандарда барынша баяндайды. Майлықожа ақын жазып қалдырған және халық арасында қолжазба қалпында тарап, танылған «Әмір Әмзе» қисса-дастанында соңғы пайғамбар және сахабаларының ерлігін жырлайды. Мәселен, абзал жаратқан ақырзаман пайғамбарының өзгелерден неше есе артық Әмір Әмзеге берген мінездемесіне назар аударайық:
«Әмзе болды қасымда,
Жеті ықылым жау болса
Жолай алмас шеніме...
Әмзе барда не қам ба,
Жау болса да мың шәхар,
Бұған төтеп бере алмас
Үрістем Дастан тірілсе,
Сасқанда ақыл табады,
Мың ләшкәр болса да
Жалғыз өзі шабады» [4].
Майлықожа орыс отаршылдығына қарсы соғыста халықты бастап, бағыттап өзінің саяси тәуелсіздігін алуға шақыртып, халыққа Әмзедей батырлардың өмірі мен іс-әрекетін үлгі ретінде ұсынды.