Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
dintanu.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.74 Mб
Скачать

Шәкәрім құдайбердіұлы

(1858–1931)

Шәкәрім Құдайбердіұлы – жан-жақты дарын иесі, өз талантын сан-салада таныта білген дана.

Шәкәрім 1858 жылы жаз мезгілінде (11 шілдеде) дүниеге келген. Бес жасынан жетіге дейін ауыл молдасынан білім алған. Шәкәрімнің оқуы мен ізденісі көбіне өз бетінше жалғасқан. Ол ауылдан алыс кетіп, арнайы оқу орнында оқымаған. Оның адамдық, азаматтық, хакімдік болмысы Абай алдын көрген, ақыл-кеңесін алған мектебінен қалыптасқан.

... Жүз айтқанмен өзгенің бәрі надан,

Жалыналық Абайға, жүр баралық.

Білімді сол кісіден ізденелік,

Әдейі іздеп біз келдік, сізге делік.

Әкесі Құдайберді 1866 жылы 37 жасында қайтыс болып, Шәкәрім жеті-сегіз жасында жетім қалады. Бірақ әкесі өлсе де жетімдік көрмей, атасы Құнанбайдың ерке немересі болып өседі.

Шәкәрім өлеңді жеті жасында жаза бастаған. Жас шағында Шәкәрім өнердің әр түрінен хабары бар өнерпаз болғанға ұқсайды. Домбыра тартқан, мылтық алып аңшылық құрған, сурет салуға да бейім болып, ғылымға да қызығушылығы ерте оянған.

Жиырмадан өткенде,

Азғана ғылым оқыдым.

Алғызып кітап шеттен де,

Көңілге біраз тоқыдым.

...Оқыған сайын ұнадым,

Жолына түстім осының.

Жиырмадан асқан шағында бір сайлау болыс та болып көреді. Өлеңдерінде болыстыққа жан қалауымен бармағанын байқатады.

Еріксіз маған ел жапты,

Болыстықтың тоқымын.

Ақын қырық жасқа дейінгі өз өміріне көңілі толмайды. Надан ортаның ықпалы басым болып, жуан шыққан тегіне сеніп, мансап қуып, жеңіл оймен желігіп жүріп қалғанына өкінеді. Кейінгі өмірінде ғылым ісіне бел шешіп белсене кіріседі. Ақын қырық жасына әр нәрсеге де сынай қарайтын өзіндік көзқарасымен келеді. Алғашқыда жастық, махаббат туралы өлеңдер жазса, ендігі ересек тартқан жасында көбіне күйінішті күй кешкен халқының тағдырына сарындас шығармалар бере бастайды. Ұстазы Абай секілді бар ақыл-ойы мен өлең өнерін адамгершілікті дәріптеп, елін түзеуге жұмсайды.

Шәкәрімнің жиырма жасынан бастап 1904 жылға дейін жазған өлеңдері «Қазақ айнасы» деген тақырыппен 1912 жылы Семейде жеке кітап болып шығады. «Қазақ айнасы» жинағы ондағы өлеңдерді ақынның өзі сұрыптап, жүйелеуімен құнды.

Шәкәрімді көп ақынның бірі ретінде қабылдау мүмкін емес. Ол қай тақырыпты қозғаса да оның терең мәнін танып, адам өмірі мен ішкі жан дүниесі, қазақ тұрмысы мен әлем болмысына соншалық терең таным, талғаммен үңіліп, өз обьектісіне адамзаттық ауқымдағы ойшылдық биігінен қарайды.

Шәкәрім таланты сан қырлы. Ол классикалық шығыс поэзиясымен қатар оның философия мен дін тарихына қатысты еңбектерді де қадағалай оқығаны байқалады. Шәкәрімнің дінге деген көзқарасы көпшілік ұғымымен қабыса бермейді. Ол қашанғы әдетімен дінді де қатаң сын, ақыл көзімен өзінше ұғады. Шәкәрім ортодоксальді дін ауқымындағы адам емес, ол ұстазы Абай секілді бүкіл өмірі мен үздіксіз ізденісі барысында дінді адамгершілік жағынан жетілу мен ар іліміне пайдаланған. Толстойшылдық идеясына біржола берілген ақын өмірден баз кешіп, өз өмірінде 1910–1911 және отызыншы жылдары екі рет елден аулақ кетіп, Шыңғыстаудың күнгей сыртындағы Шақпақ дейтін жерде таза дегдарлықпен ғана айналысып, қысы-жазы жападан-жалғыз өмір сүрген.

«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» – Шәкәрімнің жарық көрген тұңғыш еңбегі. Ол 1911 жылы Орынборда жарық көрген. Шәкәрім бұл шежіресін жазу үшін он тоғыз жасынан дерек жинай бастаған. Шежірені жазуды Шәкәрімге Абай кеңес еткен. Ақын өзіне қажетті мәліметтерді шығыс елдері мен Еуропа оқымыстылары және жазушыларының сөзінен ұзақ жылдар іздейді. өзінің айтуынша, ақын әйгілі шежіре еңбегін жазу барысында көне түркілік мәдени мұралармен, Жүсіп Баласағұнның, Әбілғазы Баһадүр ханның, қытай, араб, парсы ғалымдарының, Радловтың, Аристовтың, Березиннің, Левшиннің еңбектерімен терең танысып шыққан. Кейінгі дәуірдің жазушы, әдебиетші, тарихшы ғалымдары өз зерттеулерін дерек жағынан тиянақты ету мақсатымен Шәкәрім шежіресіне үнемі көңіл бөліп, өздеріне қажетті дереккөздерін шежіреден пайдаланып отырған.

1911 жылы ақынның атақты шежіресімен бірге Орынборда «Мұсылмандық шарты» атты кітабы да жарық көреді. Шәкәрім бұл туындысында ислам дінінің парыздары мен имандылық қағидаларын түсіндіруді мақсат еткен. Ақын мұсылмандықтың танымдық, тәрбиелік, тұрмыстық мән-мағынасын кеңінен баяндаған. Бұл еңбегіне ақынның көңілі толмаған, сөйтсе де сол кезеңдегі халықтың діни сауатын көтеруде еңбектің пайдасы зор болған.

Шәкәрімнің тағы бір ұзақ уақыт ізденіп жазған еңбегі – «Үш анық». Ақын бұл философиялық трактатын жазу үшін даярлықты 1898 жылдан бастап, отыз жылдай ізденіп, жиған-терген ой-қазынасын әбден қорытып, нәтижесінде терең танымды шығармасын 1928 жылы ғана аяқтаған. Қолжазба күйінде қалған «Үш анық» еңбегі ақын толық ақталғаннан кейінгі 1991 жылы ғана жарық көрді. Шәкәрім бұл еңбегінде батыс, шығыс философтарының материалистік және идеалистік еңбектерін ұзақ жылдар бойы тиянақты зерттей келіп, тапқан екі анығына өз ой қорытындысы ретіндегі ар ғылымы туралы өзіндік танымын ұсынады. Ол үшінші анығы – Абайда кеңінен сөз болған мораль философиясындағы жан құмарына барып ұштасатын ұждан туралы күрделі таным [2, 4].

Шәкәрім ыждаһатты еңбегінің арқасынды түрік, араб, парсы, орыс тілдерін жетік білген. Осы тілдердегі классикалық шығармаларды түпнұсқасы бойынша қазақ тіліне емін-еркін аударған. Ол 1907 жылы Әзірбайжанның ұлы ақыны Фузулидің әлемге әйгілі «Ләйлі-Мәжнүн» (1537) поэмасын қазақ тіліне еркін аударып, онысы М.Әуезовтің тапсыруымен тұңғыш рет «Шолпан» журналының 1922-1923 жылғы сандарында жарық көреді. «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын С.Сейфуллин 1935 жылы жеке кітап етіп бастырып шығарады. Ақын Қожа Хафиздің парсы тіліндегі терең сырлы лирикасынан 300 жолдайын қазақ тілінде сөйлеткен. Аударма ісіне өте жауапты қараған Шәкәрім осы салада өмір бойы үзбей еңбек еткен. Лев Толстойдан «Асархидон-Лаэли», «Үш сауал» әңгімелерін қара сөзбен, «Крез патшаны» өлеңмен аударған. Күншығыс әңгімелерінен «Ұжданды» қара сөзбен, «Пан-Жи-Зан хан» мен «Қолшатыр бұйрығы» шығармаларын өлеңмен аударып, қазақша сөйлеткен. Шәкәрім бұл әңгімелерді 1924 жылы аударған.

Шәкәрім баспасөз жұмысына да ат салысып, мақалалар жазып тұрған. Оның 1924 жылы «Қазақ тілі» (Семей) газетінде әдебиет сыны туралы «Сын және сынауды сынау», «Қазақ тілі» газетінің басқармасына өтініш» атты екі мақаласы жарияланған. «Шәкәрім ақсақалдың айтуынша» деген айдармен «Таң» журналында «Қазыбек би сөзі», «Ескі билік», «Қараменде мен Кеңгірбай» секілді ескідегі шешендер сөзі басылады.

Шәкәрім мұрасының бір саласы музыка өнерімен байланысты. Ол осы ән өнері туралы бірнеше өлең жазған, жиырмадан астам ән шығарған.

Шәкәрім Құдайбердіұлының осындай сан-салалы мол мұрасы бүгінде еліміздің рухани азығына айналып отыр. Ол ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениеті мен рухаияты тарихынан үлкен орын алады.

ЫБЫРАЙ (ИБРАҺИМ) АЛТЫНСАРИН

(1841–1889)

Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының аса көрнекті қоғам қайраткері. 1841 жылы Қостанай облысының Қостанай ауданында туып өскен.

Жас кезінде әкесі қайтыс болып, Ыбырай атасы Балғожа бидің тәрбиесінде жетіледі. 1850 жылы атасы Балғожа Ыбырайды Орынбор қаласындағы қазақ балалары үшін арнайы ашылған жеті жылдық мектепке оқуға береді. 1857 жылы мектепті бітірген Ыбырай 2 жыл атасы Балғожа бидің хатшысы болады. Кейін Орынборға жұмыс бабымен ауысқан Ыбырай 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғайда) қазақ балалары үшін мектеп ашу бұйрығын алып, сол мектепте орыс тілінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

Осылай Ыбырайдың білім беру ісінде қиын да қызық өмір жолы басталады. Қазақстанның бір түкпірінде мектеп ашу оңай іс емес екенін түсінген Ыбырай жаңа жұмысына өте қызу кірісті. Халықтан жинаған қаржыға мектеп салып, оқуға қазақ балаларын үгіттеді. Ақыры мақсаты орындалып 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады, мектепке 14 бала жазылады. Мектеп жанынан интернат та ашылады. Оқушылардың барлығы интернатта тұрады. Мектепте білім берумен қатар тәрбие мәселесі де бірінші орында тұрды. Балаларға келешекте иманды болып қалыптассын деген ниетпен оларға дін, имандылық жайлы көп айтылатын.

Ұстаздық қызметімен қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқаруға тура келді. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда 4 рет уездік судья (1868-1874), Торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879) қызметтерін атқарады. Ол сот бола жүріп қорғансыз, қарапайым қазақ халқына көптеп көмек көрсетті.

Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады. Сол жылдары Ы.Алтынсариннің тікелей ұйымдастыруымен жеті елді мекенде қазақтың ер балалары мен қыз балалары бірге оқитын медреселер ашылды. Торғай, Жетіқара, Обаған, Қарабалық, Жетікөл, Қостанай қалаларында 15 мектеп салдырды. Ол мектептердің кітаптармен қамтамасыз етілуін қадағалайды. Елдің көшпелі өмір салтын ескеріп, жаңа жүйеде білім беру тәсілін, жаңа мектеп түрін ашуды ұсынады және қалыптастырады.

Бұрынғы білім беру тәсіліне, оқулықтарға көңілі толмай, мұның бәрін уақыт талаптарына сай толыққанды білім беру емес деп түсінген Ыбырай жаңа оқулық жазуға кіріседі. Ескі діни мектептердегі жаттатып оқыту әдісіне қарсы тұрып, оның орнына тереңдетіп, методологиялық оқытуды қолдады. Осылай 1879 ж. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы жарық көреді. Бұл оқулықтарды қазақ балаларына түсінікті тілде жазды және сабақтарын да ана тілінде жүргізді. Бұл кириллицамен жазылған алғашқы еңбек болып есептеледі. Айта кететін жәйт, «Қазақ хрестоматиясы» 1896 ж. 2-ші рет араб әрпімен Қазан қаласында «Мәктубат» деген атпен жарық көрді.

Ыбырай балаларға Еуропа үлгісінде білім берумен қатар, ғылым мен техниканың әр саласынан, қолы бос уақыттарда дін тарихынан да мағлұмат берді. Ы.Алтынсарин де өз мектептеріне қажетті «Шариятул-ислам» атты оқулық жазады. Оқулықта Құран сөзін қазақшалап түсіндіруге тырысты. Оқулық араб әрпімен Қазан қаласында 1884 жылы басылып шығады.

Ы.Алтынсарин тек қана білім беру жұмыстарымен емес, қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласып, ғылым-білімге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды.

Этнографиялық сипаттағы шығармаларында ол халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, өлген адамды жерлеу, оған ас беру, құда түсу, қыз ұзату, той жасау туралы дерегі мол ізденістер жасайтын. Бұл зерттеу мақалалары 1870, 1879 жылдары жарық көрді. Атап айтсақ, «Орынбор ведомоствосы қазақтарының өлген адамдарды жерлеу және оған ас беру дәстүрлерінің очеркі», «Орынбор ведомоствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі», «Орынбор ведомоствосы қазақтарының бала туу және шілдехана жасау дәстүрлерінің очеркі» атты аса бағалы этнографиялық ғылыми еңбектер жазған және де олары сол кездің өзінде-ақ жоғары бағаға ие болған.

Ы.Алтынсарин поэзиялық шығармалары арқылы қазақ жастарын өнер-білімге, техниканы игеруге, руханиятты кемелдендіруге сөйтіп өркениетті елдердің қатарына тезірек қосылуды армандады.

Ыбырай оқу-білімнің пайдасын қараңғылықпен шендестіре отырып жырлайды. «Бір құдайдың атымен, кел, балалар, оқылық» атты өлеңінде:

Оқысаңыз балалар,

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар!

Қараңғылықты ғылым-білімнің басты жауы деп білген Ыбырай:

Надандықтың белгісі –

Еш ақылға жарымас.

Жайылып жүрген айуандай

Ақ, қараны танымас.

Аяңшыл ат арымас,

Білім деген қарымас.

Жөн білмеген наданға

Қыдыр ата дарымас!

Сондай-ақ, ақын оқу-білімнің әке-шешенің үміт-тілегімен ұштасатынын да айтып кетеді:

Ата-енең қартайса,

Тіреу болар бұл оқу.

Қартайғанда мал тайса,

Сүйеу болар бұл оқу, –

деп, өнер-білім үйренбей күн көрудің қиындығын да айтады.

Ыбырай көшпелі қазақ елін отырықшылыққа шақырды, егін егіп, бау-бақша өсіруге, қолөнер үйренуге үндеді.

«Өз елімізге қолдан келгенше қызмет ету – біздің әрқайсысымыздың борышымыз», – деген қағиданы жоғары ұстанған Ы.Алтынсарин ХІХ ғасырда Қазақстан территориясында тұңғыш рет қазақ мектебін ашып, халық болашағы үшін теңдесі жоқ елеулі еңбек етті. Қазіргі қазақ этнопедагогикасының іргетасын қалыптастырды.

Қазақстандағы бірқатар ғылыми-зерттеу институттарына, көптеген елді-мекендердегі мәдениет орталықтарына Ы.Алтынсарин есімі берілген.

Демократ-ғалым, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы 17 шілде күні Қостанай қаласынан үш шақырым жерде, Тобыл өзенінің иіні, «Инспектор» көлі жағасындағы өз үйінде, 48 жасында қайтыс болды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]