Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
dintanu.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.74 Mб
Скачать

Ислам мәдениеті

Соңғы ғасырларда исламның өзінің дәстүрлі аймақтарынан кең таралуы байқалады, әлемнің саяси өміріне, әлемдік мәдениеттің дамуына және глобалды мәселелерді шешуіне көп әсер ете бастады.

Қазіргі әлемде мұсылман дінінің таралуы мен әсері туралы батыс исламтануы діни системаның ерекшелігі деп түсіндіреді. Осы пікірге орай, «мұсылмандық жандану», шығыс халықтарының өмірінде, жалпы қазіргі әлемде де ислам рөлінің күшеюі мынадай себептермен түсіндіріледі:

Исламның жастығымен. Мұсылман діні басқа діндерден кейін пайда болып, дәл қазір нағыз даму кезеңінде келе жатыр. Басқа діни жүйелер өздерінің даму мүмкіндіктерін бітірген.

Өміршеңдігімен, икемділігімен және мұсылман дінінің динамизмімен. Исламның өміршеңдігі, ұзақ уақыт шығыс елдердің отарында бола тұрып, төтеп беріп, ұстанған жолынан қайтпағандығынан дәлелденеді. Ол социалистік мемлекеттердің жүйесінде дінді қуғындау және халыққа атеистік тәрбие беру кезеңдерінде де сақталған. Исламның икемділігі, онда дін басылардың әртүрлі аймақтардың өз уақытында мәселелерін шешуге кедергі жасамайтын орталық билігінің жоқтығынан анықталады. Динамизм – мұсылман дініне өзінің ұстанымдарын өзгертуге, жаңа жоспарларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Исламның барлығын қамтитын қасиеті. Ислам өмірдің барлық саласын қамтитын қасиетімен ерекшеленеді. Ол тек қана діни мәселелерді шешпей, саясат, экономика, құқық, әлеуметтік өмір, мораль, жанұя, тұрмыс салаларын да қарастырады. Сондықтан, мұсылман діні өмірдің бейнесі болып, адамның мінез-құлқын, көзқарасын анықтайды.

Діннің қарапайымдылығы және түсініктілігі. Исламның қарапайымдылығы оның жеңіл орындалатын сенімдік жүйесінен көрініс табады. Құлшылықты тек мешітте ғана емес, үйде де жасауға болады. Мысалы, ауырған уақытта оразаны басқа уақытқа ауыстырса болады және т.б. Ислам осы қасиеттерінің арқасында әлемнің әртүрлі тарапынан орнығуға мүмкіндік алады.

Исламның беріктік және табандылық мінезі. Тағдыршылдық – жоғарыда жазылып қойған тағдырға толығымен мойынсыну. Ол, сенушінің құдайға, билікке, дін басыларына, жасы үлкендерге мойынсыну принципімен байланысты. Бұл, «Алланың құлдарын» дін жолында әр түрлі әрекеттерге бару үшін табандылыққа тәрбиелеуге көмектеседі.

Исламның таңдаулы екенінен және оның таңдаулыларының берілгендігінен. Мұсылман діні бойынша, Хз.Мұхаммед пайғамбар, Алланың Жерге жіберген, адамдарға ақиқатты жеткізген ең соңғы елшісі болып табылады. Сондықтан, мұсылмандар – Алланың таңдаулы халқы, діндердің ішіндегі ең толыққанды болған дін – ислам дінін ұстанушы.

Исламның ақиқаттығы, мұсылмандық тұлға. Ислам орналасқан жеріне және уақытына қарамай, барлық мұсылмандарға бірдей болатын белгілі бір тұлғаны қалыптастырады. Олар – ортақ қызығушылығы, мақсаты, өмір сүру салты, діні бір болатын умманы құрайды.

Қазіргі батыс исламтанушылардың пікірлерінде (олар мұсылман дін басқарушыларының ойларымен ұштасады) өзіндік рационалды жақтары да бар. Қазіргі заманғы глобалды мәселелерді тек қана барлық адамдардың бірігуі арқылы шешуге болады. Осы тұрғыдан дін жағынан бірігу (бірақ, экстремизмнен және басқа дін өкілдерінен аулақ болу керек), өзінің позитивті ролін ойнауы мүмкін.

VІІ-ІХ ғғ. исламның пайда болуы және мұсылмандық суперэтностың қалыптасуы, өркениеттің дамуына әсерін тигізген әлемдік тарихтағы үлкен оқиға болды. Араб халифатының үлкен территориясында Азия, Африка және Европа мәдениеттерінің синтезі болған және адамзаттың мәдени дамуында жаңа қадамы болған жаңа мәдениет пайда болып, қалыптасты. Жаңа мәдениетке антикалық көптеген жетістіктер енді, әсіресе араб мәдениеті мен араб халифатын мекендеген әртүрлі халықтардың мәдениеті. Араб тілі олардың бірігуіне көмектесті де онда жаңа өркениеттің жетістіктері қалыптасты. Латын тілі батыс мәдениетінде қандай роль атқарса, Шығыста араб тілі сондай роль атқарды.

Ислам әлемі материалды мәдениетке, грек және рим технологиясына белгісіз және қол жетпес жаңалықтар алып келді: болаттан жасалған бұйымдар, жібек, фарфор, химия саласындағы лабораториялық зерттеулердің техникасы. Бұған қағаз өндірісін, канализация мен су құбырларының технологиясын, жерді суару, күріш өндіру, мақта өндіру, фармацевтика және көптеген басқа да өнімдерді қосуға болады.

Исламның рухани мәдениетке, ең бастысы ғылымға қосқан үлесі көп. Мұсылман дінінде білім өте жоғары бағаланады. Зерттеушілердің айтуы бойынша, Құранның 750 аяттарында адамдарды табиғатты зерттеуге, ойлауға, өзінің ақыл-ойын жақсы нәрселерге жұмсауға, ғылыммен айналысу адамның өмірінің бір бөлігі болуына тырысу керектігі туралы айтылады. Мұсылмандардың математика, астрономия, география, химия, медицина, физика (әсіресе оптикаға) сияқты ғылымның салаларына қосқан үлестерін барлығы мойындаған. Физика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Абдус Салам түрлі халықтар мен ұлттардан жасалынған исламдық ғылымның халықаралық мінезіне тоқталады.

Исламның ерекшелігі, мұсылмандық теология мен философияның қалыптасуын анықтады (соның ішінде Орта ғасырларда қалыптасқан калам – рационалистік теология және фәлсәфә – зайырлы философия). Мұсылмандық философияның басында ІХ-Х ғғ. өмір сүрген әл-Кинди және әл-Фараби сияқты Шығыста платонизм, арестотелизм және неоплатонизм сияқты дәстүрлерді үйлестіріп, дамытқан ұлы ойшылдар тұрады. Шығыс пен Батыстың философиялық ойларының дамуына Ибн-Сина (980-1037) және Ибн-Рушд (1126-1196) сияқты энциклопедист-ғалымдар үлкен үлес қосты. Ибн-Рушдтың табысты дамыған «екі түрлі ақиқат» идеясы Шығыс пен Батыста философия мен ғылымдарды Шіркеу цензурасынан шығарып алуға септігін тигізді. Әлемдік философияның мистикалық ағымында әл-Ғазалидің (1059-1111) шығармалары ерекшеленеді.

Жаңа уақытта исламның араласуымен Шығыста ағартушылық пайда бола бастады, көптеген шығыстық этностардың ұлттық болмысы оянды. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында Египетте батыс философиясының рационалистік дәстүріне сүйенетін реформаторлық идеология пайда болып, кейін араб-мұсылман әлемінің басқа да елдеріне тарады. Реформаторлықтың әйгілі философы Мұхаммед Абдух (1849-1905) Құранды және суннаны еркін талдауға үгіттейтін, Алланың барлығын дәлелдеу үшін ішкі сенімге сүйену керектігін айтатын. Реформаторлар Батыстың мәдениеті мен техникасының жетістіктерін Шығыстық мұсылмандықтың жандануына және оның бай дәстүрін толықтыруына шақыратын. Дәл осы уақытта мұсылман әлемінде панисламизмнің кертартпа идеялары пайда бола бастайды.

Шығыс халықтарының мәдениетінің барлық салаларына Ислам көп әсер етті. Исламның осы әсерін есепке алмайынша Шығысты толық түсіну мүмкін емес. Бірақ, Батыстың да мәдениеті исламның әсерін сезінді, дәл қазіргі жағдайда ол әсер әлсізденудің орнына, керісінше күшею үстінде. Сондықтан, ислам, әлемдік мәдениеттің көп бөлігін алып тұратынын ерекше атап кетуіміз керек.

Исламның пайда болуы шығыс халықтарының өркениетті дамуына ілгері қадам болды. Алла жалғыз идеясы әртүрлі тайпалар арасындағы бітпес соғыстардың тоқтауына мүмкіндік берді. Ислам арабтардың экономикалық және социалды дамуына қажет болатын ортақ мемлекеттілікті құруға мүмкіндік туғызды.

Мұсылман діні ғибадатты жеңілдетумен қоймай, өзінің ең негізгі идеясы – жалғызқұдайлық идеясын анық та жеңіл формамен жеткізген. Христандарда түсінуге өте қиын соғатын троица – үштік идеясы берілген. Ал Ислам болса, Алладан басқа құдай жоқ деп нақты айтады. Иудаизмге қарсы келетін құдайдың таңдаулы бір халқы туралы ойына, ислам барлық халықтар мен барлық ұлттар құдай алдында тең деп нақты айтады. Бірақ, алдында айтылып кеткендей, ислам құдайдың мұслмандарды таңдағандығы туралы нақты айтады.

Ислам мәдениетінің негізгі белгісі болып, діни және зайырлының бір бүтін болып қосылуы болып табылады. Исламда діни және догматты мәселелермен қоса мұслымандардың күнделікті өмірінің мәселелері мен мүдделері де кең айтылған.

Мұсылмандардың рухани мәдениеті мен тұрмыстары шариғат ережелерімен қарқынды түрленген. Исламға дейін арабтар бөлек-бөлек тайпа және рулар болып өмір сүрген, араларында әрқашан қақтығыстар болып тұратын. Осы ру мен тайпаларды біріктіру үшін, араларында түсініспеушілік пен жаугершілікті жою үшін белгілі бір ортақ ережелер қажет болатын. Бұл қажеттілік, әсіресе, көптеген елдер мен халықтарды біріктірген үлкен Араб халифаты құрылғаннан кейін қажет болды. Осындай өнегелі, әдепті, және құқықты мәдениет қағидалары жинағын шариғат алып келді.

«Шариғат» термині араб тілінен аударғанда «ұлы жол» дегенді білдіреді. Шариғаттың негізгі қағидалары Құран мен суннадан алынады. Шариғат кең ауқымдағы мәселелерді қамтиды, мысалы догматика мен исламдағы ғибадаттан бастап, мұсылман өмірінің күнделікті кездесетін мәселелеріне дейін. Оған үш бөлім кіреді: діни догматика, мұсылмандық этика және тәжірибелі өмірдің қағидалары. Сонымен, шариғат сенушінің барлық діни де, күнделікті де өмірін белгілейді.

Исламда, белгілі болғандай, адамның барлық іс-әрекеттері міндетті, ұсынылған, рұқсат етілген, кінәлі іс және тиым салынған болып бөлінген. Олар сенушінің діни және өмірлік мінез-құлқын қамтиды. Діни мінез-құлыққа «өмірлік» мінез-құлықтан көре қатал талап қойылады. Құранда Алла адамның мүмкіндігіне қарай талап етеді делінген (2 сүре, 286 аят). Құранның осы тұрғысынан шариғаттың құқықтық мәдениеті шығады. Және де суннада айтылған нәрселер де міндетті болып есептеледі. Басқа жағдайда адамның іс-әрекеттері өз еркінде болады, бірақ ол әрекеттер басқа адамдар мен қоғамға зиян келтірмеуі керек. Біз жоғарыда исламда білім мен ғылым жоғары тұратындығын айтып кеткенбіз. Сенушінің кейбір іс-әрекеттерінде нақтылы бағдар болмаған жағдайда, бірінші орынға білім мен данышпандықты негізге ала отырып орындалатын рационалды бастау шығады. Білім мен даналық уақыт пен кеңістіктің шарттарын есепке алуға мүмкіндік береді, мұсылмандық құқықтық және өнегелі мәдениетке шығармашылық бастау береді.

Сонымен, мұсылмандық құқықтық мәдениеті сокралды және зайырлы, діни және құқықтық заң шығару мәселелерінде бірлесіп әрекет етеді. Ол сонымен бірге, аймақтық және ұлттық ерекшеліктерді, жергілікті салт-дәстүрді есепке алып, ортақ шешімдерді нақты жағдайлармен бірлестіріп шешімін табу, оны өзгеруге икемді етеді.

Ислам тек қана құқықтық емес, өнегелі мәдениетке де көп әсерін тигізді. Шариғаттың құқықтық және рухани нұсқаулары өзара жақын байланысқан. Рухани нұсқаулар этикалық талаптардың екі сатысынан тұрады. Біріншіден, бұл жалпы адамдардың кез келген қоғам онсыз дұрыс функциясын жүргізе алмайтын тәртіп нормалары. Жалпы, мұсылман дінінде Библияда келтірілген жалпы адамзат моралінің нормалары келтірілген. Онда адам өлтіру, зина жасау, басқа құдайларға табыну, ұрлық жасау, өтірік айту айыпталады, балаларынан ата-анасына деген құрмет талап етіледі және т.б.

Екіншіден, мұсылман моралінің негізгі идеясы – мойынсұнушылық идеясы. Исламның талабы бойынша сенушілер құдайға, Мұхаммед пайғамбарға, өкіметке, балалар ата-анасына, әйел-еркекке мойынсұнулары қажет. Адамның барлық істеген істері қайырымды мен мейірімсіз болып бөлінеді. Қайырымды істер Алла тарапынан, мейірімсіз істер адамның өз тарапынан істелінеді. Аллаға мойынсұну идеясы, адамның мінезінің жоғарыдан белгіленгендігі, исламда адамдардың өз істері үшін өздері жауап беретін принципімен ұштасады.

Мұсылмандық моральда адамдардың әлеуметтік теңсіздігі және белгіленген тәртіпке мойынсұну идеясы бекіген. Бірақ, сонымен қатар барлық сенушілердің бір-біріне көмегі мен туыстық ұстанымы насихатталады. Байларға кедейлерге көмек беру, қайырымдылық істерімен айналысу міндеттелген.

Мұсылмандық мораль діннің барлық шарттарын орындауды талап етеді, бірінші орында исламның бес негізгі қағидалары бар. Исламда әйелдің өзіндік орны бар. Жаратылысы жағынан тең. Ал еркек өз отбасын асырауға міндетті. Егер еркек әйелін асырай алмаса, онда оған үйленуге рұқсат жоқ. Бірнеше әйелі бар еркек, барлық әйелдеріне бірдей қарап, барлығын бірдей қамтамасыз етуі керек. Балалар ата-аналарын сыйлау керек, оларға бағынып, айтқандарын орындау, ата-аналарына дұрыс қарау керек.

Исламның гигиеналық ұйғарымдары өте қызық болып келеді. Мысалы, онда тамақтану дәстүрі жан-жақты айтылып кеткен. Шошқаның етін, алкогольді ішімдіктерді, арам өлген малды, қанды, өтті, талақты, жыныс мүшелерін және т.б. жеуге тиым салынады. Етін жеуге тиым салынған құстар мен аңдар аталып кеткен. Шошқаны жеуге тиым салыну себебі, шошқа өте лас жануар деп түсіндіріледі. Ол трихиноз ауруымен ауырады, ал ол ауру адамдарға шошқа етімен жұғады да аяғы ауыр ауруға әкеліп соғады. Алкогольді ішімдіктер адамның денсаулығына кері әсер етіп қана қоймай, оған діни шарттарды орындауға да кедергі жасайды. «Мас кездеріңде намаз оқымаңдар»,- делінген Құранда (4 сүре, 46 аят).

Мұхаммед пайғамбар асқазан – аурулардың ошағы, ал ораза ең негізгі дәрі, шипа деген екен. Саналы адамға өмір сүрі үшін тек бірнеше бөлек тағам жесе жетеді екен. Пайғамбар сенушілерді емделуге шақыратын. Оның сөзі бойынша, Алла емі жоқ ауру жібермейді екен. Ол сиқыршылар мен өтірікшілерді, тұмар жасаушыларды және адамды ақымақ қылатын басқа да нәрселерді айыптаған. Әр адамның өзінің ағзасы алдында міндеттері бар, делінген исламда. Оған: ашыққан кезде тамақ беру; шаршаған кезде дем алу; кірленген кезде тазалану; оған зиян болған нәрселерден сақтандыру; ауруға душар болмау үшін барлық жағдайды жасау; ауырған кезде тамақты тоқтату; мүмкіндігінен артық жұмыспен жүктемеу жатады. Құранда барлық нәрсенің тепе-теңдігі туралы айтылады. Хадистердің бірінде былай делінген: денің сау кезде денсаулығыңды сақта, ауырған кезіңде одан көмек алу үшін.

Шариғатта тамақтану процесі егжей-тегжейлі айтылған. Тамақтанудан бұрын Алланың аты еске алынады. Қолды тамақтанудан бұрын және томақтан кейін жуу қажет, жемістерді жеуден бұрын жуу керек. Үй егесі тамақты бәрінен бұрын бастап, бәрінен кейін аяқтауы керек. Тамақтану кезінде асығуға болмайды. Әркім ортадағы тамақтан өзінің алдындағысынан алуы керек. Тамақты оң қолмен жеу керек, үш саусақпен немесе барлық саусақтарымен алып, аз-аздан алып, асықпай шайнап жеу керек және т.т. Суды аздап жұтып ішу керек, күндіз тұрып, түнде отырып. Майлы тамақтан соң су ішуге болмайды. Біз барлық ережелерді атап өткен жоқпыз, бірақ осылардың өзі маңызын ашып, тамақтанудың мәдениеті мен гигиенасын анықтап көрсетеді.

Ислам мәдениеті, айтып кеткеніміздей, ғибадаттың қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Сонымен бірге, рәсімдерді сақтау тәртібіне де маңызды назар аударылады. Мысалы, намаз оқудың тәртібі, оразаның, жерлеудің, қажылықтың, сүндеттеудің тәртібі және т.б. егжей-тегжейлі айтылады. Намазға жығылудан бұрын дәрет алу міндетті, дәреттің суы ұрланбаған, таза болуы шарт. Дәреттің белгіленген қатал тәртібі бар: ең бірінші бас пен мойын жуылады, кейін оң және сол жақтары және т.б. Денесін суға батырмай алынған дәретте бірінші қолы мен бетін жуады, содан кейін маңдайы мен аяғын (аяқ киімі мен шұлығын шешпей алынған дәрет есептелмейді) жуады. Су жоқ болса, дәретті құммен алады. Намаз күніне бес рет оқылады: таңғы, түстен кейін, кешкі, ақшам, күн батқаннан кейін. Одан басқа, қажылыққа барғанда Қағбаны айналған сәтте оқылатын намаз, ата-анасы үшін оқылатын намаз, өлген адам үшін арнап оқылған намаз, ант еткенде оқылатын намаздар міндетті. Намаз жеке де көпшілікпен де (мешітте) оқыла береді. Мұсылман міндетті мүрде мешітке баруы тиіс, әсіресе жұма күндері.

Жерлеу тәртібі өлген адамды ең жақын мазаратқа тезірек жерлеуді ұсынады. Мұсылмандарды табытқа салып жерлемейді, дауыстап жылау айып және т.б. Осы сияқты исламның басқа да рәсімдерінің тәртібі мен ережелері егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Бұл рәсімдер мұсылмандардың қанына сіңіп кеткен, сенушілердің тәртіп мәдениетін белгілейді. Олар дінді берік етуге арналғанмен, оларда рационалды-тәжірибелік сәттері де бар. Ғылыми әдебиеттерде оразаның, дәреттің, сүндеттелудің, намаздың психологиялық жағынан жеңілдеумен қатар емдік дене тәрбиесі екені ерекше аталады.

Мұсылман дінінің медициналық және гигиеналық ұйғарымдары мұсылмандардың күнделікті өміріне сіңіп кетіп, ұлттық дәстүрге айналып өмір сүру формасының өзгермес бөлігіне айналған. Олар өздеріне арабтардың және басқа халықтардың исламға дейін жинақталған медициналық тәжірибесін алып, қосымша өздерінің уақытының жетістіктерімен де толықтырған. Барлық әйгілі мұсылман ғалымдары дәрігер болған, олардың энциклопедиялық білімдері медицина теориясы мен практикасына оңтайлы әсер еткен. Осы сияқты, Ибн Синаның еңбектері әлемдік медицинаның дамуына көп әсерін тигізген.

Құран, сунна, шариғат негіздерінде денсаулық кодексі келтірілген. Мысалы, балаларды ұруға тиым салынған, шарап пен құмар ойындарына тиым салынған, мұсылманнан өзінің жақындарына жамандық жасамай, олардың қамын ойлау керектігі талап етілген. Ислам ішімдіктер мен наркотикке теріс көзқараста болған. Мұсылман қарым-қатынас жасайтын барлық заттар «таза» және «таза емес» болып екіге болінеді. Мұсылманға тек қана таза заттарды пайдалануға рұқсат етіледі, ал таза емес заттарды қолдануға қатал тиым салынған.

Ислам өнеріне кішкене тоқталып кетейік. Әртүрлі елдердің исламға дейін қалыптасқан көркем дәстүрі оны әдемілете түсті. Бірақ, ұлттық айырмашылықтарға қарамастан, исламның сакралды өнері ортақ канондық бергілерге ие.

Мұсылман елдерінің сурет өнерінің тағдырына исламның икона өнерінің тенденциясы көп әсер етті. Исламда алғашқы кезде тірі жандарды суреттеуге тиым салынбаған еді, бірақ, ІХ-Х ғғ. құдайды немесе адамды суреттеуге о дүниеде азапталады деген қорқынышпен тиым салынған еді. Құранда «пұтқа» (көне тайпа құдайларының суреттері болса керек) табыну - «шайтанның азғыруы» делінген. Бұл жағдай исламдағы сурет, мүсін өнерлеріне кері әсерін тигізді, бұл жерде адам, жануар және құстар бейнесі тек ерекшелік ретінде ғана кездеседі.

Илам өнердің дамуын тек екі салада ғана рұқсат еткен: сәулет және көркем қолөнер кәсібінде. Суреттеу сюжеттерінің жойылуы орнаментализм өнерін дүниеге алып келді. Ою салу өнері ең алыс аймақтардағы өнерге бірлік алып келеді. Оюды дамыту кезінде ұсталар керемет асқан шеберлікке қол жеткізіп, нақты математикалық есеп пен жігерленген көркем қиялдарын жүзеге асырды. Қарапайым түрде жапырақ, гүл мен бұтақты сала отырып, олар түрлілік пен байлыққа кол жеткізіп, қиынға соқпайтын сансыз рет өсімдік оюының бір элементін қайталап отырған. Күрделі ширатылған геометриялық ою кең өріс алады. Және оюдың соңғы түрі – эпиграфикалық фриз – араб әріптерімен жазылған, жазулары оюға ұқсап кететін көркем жазу.

Ою – «көздің музыкасы», әртүрлі геометриялық оюлар мен өсімдік оюларының жазулармен ширатылған түрі «арабески» деген атқа ие болады. Арабески ашық композициялы болғандықтан оюмен кез келген нәрсенің үстіңгі қабатын жабуға мүмкіндік береді – мешіттің порталы болсын, ғимараттың қабырсағы, үйге арналған кілем немесе кітаптың беті болсын. Әлемдік өнердің ең үлкен жетістігі болып, бояуларға бай болып келетін араб кітап миниатюрасы табылады. Әдемі оюлармен керамика, оның ішінде ыдыстар мен люстралар оюланған. Араб жібек маталары, кілемдері, алтыннан, күмістен, қоладан шеберлікпен жасалған бұйымдар әлемдік құрметке ие болған.

Ислам мәдениетінде каллиграфия өнері үлкен орын алған. Былайша айтқанда, каллиграфия дамудың жоғарғы сатысына жеткен толық бір ғылым мен өнер болып қалыптасты. Діни, ресми және күнделікті каллиграфиялық жазулар пергаментте, қағазда, үй бұйымдарында, ғимараттардың қабырғаларында жазылған. Каллиграфия сәндік өнермен қосылысып кеткен, Батыс елдеріне ерекше әсер еткен керемет қайталанбас оюлар туғызды. Ол ислам әлемінде сакралды мағынаға ие болды. Каллиграфия өз негізінде құдай сөзін графикалық түрде жаңғырту болып келеді. Мешіттердің қабырғаларында Құраннан алынған аяттардың міндетті түрде болуы осымен түсіндіріледі. Өз кезегінде, мешіт, құдай сөзін вербалды түрде іске асыратын орын болып табылады.

Мұсылман сәулет өнерінің жетістіктері өте маңызды. Исламдық құрылыстар ерекше келеді. Известканы пайдалану арабтарға ғимараттарының құрылысын түрлендіруге, аркаларды, бағандар мен күмбездерді кең қолдануға септігін тигізді. Сәулет өнерінің көрнекті туындылары ретінде әйгілі мешіттер болып келеді. Бұл құрылыстарда адамның аспанға, жоғарғы сфераға ұмтылу идеясы бейнеленген.

Сонымен, ең жоғарғы көркем, мүлтіксіз орындалған мешіт болып Дамаскідегі полихромдық мозаикамен түрлендірілген араб бағаналы мешіті болып табылады. Мешіттің бағаналы түрі араб елдерінің архитектурасында ең негізгісі болатын, және Иран, Индия, Кавказ, Орта Азияның мұсылмандық сәулет өнеріне үлкен әсерін тигізді. Архитектурада күмбезді құрылыстар да дамыды. Исламның дәстүрлі талаптары мешіттердің жоспарын анықтады. Мешіт - ғибадат жасау орны. Бес уақыттық намазға шақыру міндеті мешіттерде азаншының намаз шақыруы үшін мұнараның болуын талап етті. Намаз алдында міндетті түрде дәрет алу тәртібі мешіттердің ортасында хауыздарды салуға алып келді. Мешіттер, христиандардікі сияқты шығысқа емес, қасиетті Мекке қаласына қаралған. Мешіттер бағаналар мен тіреуіштерден жасалынып әуілге қарап тұратын үлкен зал етіп жасалынған. Күмбезбен жабылған ортадағы залда намаз оқылатын «михрабтар» және кафедра «мінбер» орналасқан. Үлкен мешіттерде бұлармен қатар әйелдерге арналған бөлме бар.

Қымбат әшекей сияқты Самарқандағы Бибі-ханым мешіті (1399 ж. салына бастаған). күнде жарқырап тұратын. Мешіттің беті күнмен шағылысатын, керемет ою кілеміне айналған түрлі түсті жылтырақ плиткалармен жабыстырылған. Соңғы күнге дейін бұл мешіт мұсылман әлемінің ең үлкен мешіті болып есептелетін. Ең әдемі көне мұсылман сәулет комплексінің бірі болып Делидегі Кутб-Минар (ХІІІ ғ.) саналады. Мұнара ақ мәрмәрмен қоса қызыл құмдақпен жасалынған. Мұнараның диаметрі 16 метр, биіктігі 70 метрден жоғары. Көкке өріліп тұратын мешіт өзінің қарапайымдылығымен және айбынды үйлесімділігімен баурап алады.

Ислам мемлекеттерінде сонымен қатар үлкен зайырлы құрылыстар жүргізіліп жатты. Халифтердің сарайлары мен қорғандары домалақ мүсін, ою, қабырғаға сурет салу, мозаикамен әрленіп салынып жатты. Арабтардың қалаларын салу өнері (Бағдад, Дамаск, Каир), қызығушылық тударары сөзсіз. Цитадель, мешіт, медресе, мавзолей сияқты құрылыстар сыртынан да ішінен де түрлі-түсті тастармен безендіріліп, декорында алтындатылған және түрлі-түсті глазурь пайдаланылған. Араб сәулетшілігі роман және Сицилияның, Испанияның, Италияның және жерорта теңіздік елдердің гот архитектурасына, ал олардан – тұтас Батыс Европаға әсерін тигізді.

Арабтардың музыкалық өнері вокалды болып келетін. Ең көп тараған – әншісі бар вокалды-инструменталды жанр. Араб музыкатануы көптеген жетістіктерге жеткен (әл-Кинди, әл-Исфахани, әл-Фараби, Ибн Сина). Махаббатты, адамның сұлулығын дәріптейтін араб және парсы поэзиясы кемелденудің жоғарғы сатысына жеткен. Ол түрлілігімен және нәзік формасымен ерекшеленеді. Құранның өзі де поэзия мен музыкаға жақын келетін рифмалық прозамен жазылған, онда ән мен ритмика бар. «Қасиетті кітапты» өнермен оқу ислам әлемінде әлі де жоғары бағаланып, жан-жақты қолдауға ие.

Исламның әсерін сезінген араб мәдениеті, Ортағасырдың ең ірі әлемдік көркемдік мәдениеті ретінде сахнаға шығады. Ол мұсылман әлеміне таралып, әлем мәдениетіне үлкен әсерін тигізді.

Жоғарыда айтылғандай ислам Батыс мәдениетіне үлкен әсерін тигізді. Көптеген зерттеушілер, осы жағдайды ескере отырып, Европаға антикалық өркениеттің жетістіктерін мұсылман философтарының және ғалымдарының еңбектері арқылы сақтап жеткізген ислам екендігін айтады. Бірақ, Батысқа антикалық мәдениеттің мұраларын сақтап жеткізумен қатар, ислам өзі де әлем мәдениетінің дамуына әсерін тигізген үлкен руханилықты қалыптастырды. Ғылым тарихшылары 750-1100 жж. мұсылман ғылымы әлемде билеуші орынға ие болып, математика, физика, химия, астрономия, география, медицина, гуманитарлы және социалды ғылымдардың дамуына үлес тигізгендігін атап көрсетеді. Мұсылмандық сәулеттік дәстүрлер осы күнге дейін батыс және әлемдік сәулеттің дамуына оңтайлы әсер етеді. Батыс елдерінде ислам мәдениетінде қалыптасқан керамика өнері, нақыштау, және де теріден жасалынған бұйымдарға керемет ою салу, шыныдан жасалынған бұйымдар жоғары бағаланатын.

Сөзсіз, о баста исламдық Құран аясында дамыған араб әдебиеті батыс мәдениетіне көп әсерін тигізді. «Қасиетті кітап», алдын айтып кеткеніміздей, тілдік және поэтикалық тұрғысынан жоғары қасиеттерге ие. Құранның бұл қасиеттерін Гете «Магомет» трагедиясында, «Батыс-шығыс диванында», сонымен бірге А.С.Пушкин «Құранға еліктеуінде» атап кеткен.

Таяу және Орта Шығыста ортағасырлық мәдениеттің гүлденуі Батысқа қарағанда ертерек басталған. Х-ХІ ғғ. арабтардың әсіресе ирандықтардың әдебиетінде адамшылдық мен еркін ойлау белгілері анық көрінетін, және де олар өзіндік мөлшерде батыс-европалық Ренессансты алдын ала сезді. Шығыс пен Европа арасындағы бітістірушілік рөлді Испаниядағы араб-мұсылман мәдениеті атқарды. Сол арқылы европалық мәдениеттің жандану дәуіріне дейінгі кезеңде дамуына септігін тигізген Европаға арабтар меңгерген антикалық, көне шығыс және мұсылмандық дәстүрлер ауысты. Батыс әдебиетіне арабтардың лирикалық поэзиясы, әсіресе ғашықтық және философиялық поэзиясы әсер етті.

Араб тілі батыс тілдерінің лексикасын көптеген жаңа сөздермен байытты. Оларға бірінші орында ғылыми терминдерді жатқызуға болады: алгоритм, алгебра, алкоголь, алхимия, химия, цифр және т.б. Батыс тілдеріне мұсылман діни терминдер де кірді: джихад, ислам, Құран, мешіт, мұнара, молда, мұсылман, хаджж және т.б. Шығыс элементтерін қамтыған мұсылман есімдері мен фамилиялары кең тарады.

Ислам антикалық мәдениеттің мұрасын сақтап дамытқан сияқты, Батыстың мәдениеті де мұсылмандықтың ең жақсы дәстүрлерін қабылдады. Батыс ортағасырлық қараңғылығынан кейін Ислам мәдениеті европалық ғылымның жандануының негізгі алғышартын жасады.

Ең алғаш мемлекет ретінде Бұлғарлар 922 жылы исламды қабылдады. Қазіргі уақытта бұл жер Россиядағы ең көп қоныстанған мұсылмандар аймағы. Бұлғарлардың мәдениетіне ислам қатты әсер етті. Мешіттер мен медреселер арқылы араб-мұсылман мәдениеті кең ене бастады. Бұлғарлар араб жазуына, ғылымына, сәулетіне, көркем қолөнер кәсібіне және басқа да өздеріне жаңа болып келетін мәдениеттің беттеріне үйрене бастады.

Содан кейін Қарахан мемлекет ретінде Сатық Бұғра Қарахан исламды ресми дін ретінде қабылдады.

Қазіргі Қазақстанның исламдануының келесі сатысы болып моңғол шапқыншылығы және Алтын Орда мемлекетінің пайда болуы кезеңі туралы айтылады. Сонымен, мұсылман діні Қырым мен Батыс Сібірге енді. Алтын Орданың күйреуінің нәтижесінде Евразияның түрік-татар мемлекеттері пайда болды: Қырым хандығы, Астархан, Қазан, Қасым және Сібір. Олар, ислам – ұзақ уақыт бойы мемлекет діні ретінде сақталған негізгі орталық болып тұрды.

ХVІ ғ. екінші жартысында Ресей бұл хандықтарды жаулап алып, ислам мемлекеттілігін жойды. Содан кейін, осы мемлекеттегі халықты жартылай күшпен, жартылай шоқынған адамдарды пәрелеу арқылы христиандандыру саясаты жүзеге асырыла бастады. Христиандандыру саясаты өзінің жемісін берді, бірақ жергілікті халықтың негізгі бөлігі ғасырлар бойы сіңіп кеткен мұсылмандық өмірді, исламды сақтауға ұмтылды. Кейбір жағдайларда мұсылмандар қолдарына қару алып өздерінің діндерін қорғады. Оған мысал ретінде Кавказдағы Шайх Камил мен Хан Кенесарының қасиетті соғыстарын атап өтуге болады.

Ресей мұсылмандарды басқару және ислам мәселелерін реттеу мақсатымен 1788 ж. Уфа қаласында Оренбург діни басқармасын құрды. Патша үкіметі исламды мұсылмандарды бағындырып тыңдату үшін пайдалануға тырысты. Мұсылман дін басылары әлеуметтік артықшылықтарға ие болғандықтан, мемлекет мешіттерді салуды қолдайтын, исламды ұстанушылардан дін шарттарын ұстануды қатал талап ететін. Ислам Ресейдің мемлекеттік және әлеуметтік системасының негізгі бөлігі болды. 1917 ж. Ресейде 166 мұсылмандық басылымдар шығып жатты. Мемлекеттік Думада мұсылман фракциясы бар болатын. Октябрь революциясынан кейін дінге қарсы соғыс барысында мұсылман дінбасылары да айдалып кетті, көптеген мешіттер жабылды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ислам құндылықтары мен идеяларына қарсы сын айтылып жатты: олар (басқа діндер сияқты) «антимәдениет» көрінісі ретінде бағаланды, қысым көрді. Бірақ, Аллаға деген сенім жанұя мен тұрмыс аясында ғана қалса да, көптеген мұсылмандардың жүрегінде сақталып қалды. Мұсылман дінінің қағидалары ұлттық салт-дәстүрлер формасында орындалатын.

Шынында да, ислам Ресейдегі мұсылман халықтарының мәдениетіне көп әсер етті. Араб тілі арқылы олар өздерінің тілдерінің жаңа графикасын жасады, ғылымның жетістіктерімен, әдебиетімен, исламның материалды және рухани мәдениетімен танысты. Шариғаттың қағидалары осы халықтардың өмір сүру негіздерін қалыптастыра бастады, олардың барлық салаларына терең ене бастады, ұлттық салт-дәстүрлеріне айналды. Исламның арқасында Орта Азия мұсылман халықтары өзіне антикалық қоғамның және араб Шығысының мәдениетін сіңірген өркениеттің жаңа түрімен танысты.

Бүгінгі таңда исламға деген қызығушылық артып келеді. Бұған елдегі жан-жақты болып жатқан, әсіресе рухани дағдарыстың әсері тиіп жатыр. Әдебиетте, өнерде, бұқаралық ақпарат құралдарында, және білім беру жүйесінде де дінді, әсіресе ислам дінін қисық өлшем тұрғысынан көрсету өріс алып кеткен. Бірақ діннің ғылыми сараптамасы, соның ішінде мұсылман дінінің, объективті түрде жан-жақты талқылауды қажет етеді. Ислам жалпы қоғамды және адамның табиғатын жетілдіруге бағытталған адамзаттық құндылықтардың көзі. Сонымен бірге исламды мұсылмандардың этникалық мәдениетімен тығыз байланысып кеткендігін ескере отырып, оның барлық саласына еніп, салт, дәстүр, тұрмыс ретінде ұлттық өмірдің көрінісі болып келеді. Бұл әлемдік деңгейдегі дінге деген құрмет, адамның мәдениетіне үлкен әсер еткендігімен ерекшеленеді.

Осы жерде ең әуелі ислам әлеміне тоқтала кеткен жөн деп ойлаймыз. Ислам ойшылдық тарихында маңызды деп ерекше атап кетерлік дін мен ғылым арасында қақтығыс орын алған жоқ. Мұның неге бұлай болғандығын түсіндіру айтарлықтай қиын емес. Ең алдымен, біздің пікірімізше ислам сенімінің негізгі қайнар көзі болып табылатын Құранның ғылымға деген көзқарасы әрдайым оң болған. Осы жағынан да басқа діни кітаптардың көпшілігінен өзгеше екендігін айтуға болады. Мысалы, Лука, Матта және Маркустың жазған Інжілдеріне терең үңілген заманауи ойшыл Ричард Робинсон былай дейді: «Иса ғылымды бізге өсиет етпегені секілді ғылыми зерттеуді қамтамасыз ететін және бізді ғылымға жетелейтін парасаттылықты, яғни ақылдың қолданылуын да бізге өсиет етпеген... Иса сенуді қайта-қайта талап етеді. Иман арқылы ешқандай дәлелге сүйенбей-ақ, мүмкін нәрселерді назардан тыс қалдыра отырып, мүмкін емес нәрселерге сенуді түсіндіргісі келеді»17. Робинсонның айтқан сөздерінің дұрыс-бұрыстығы өз алдына басқа мәселе. Біздің бұл жерде айтпақ болған мәселеміз Робинсон айтқан ойға ұқсас пікір Құранға қатысы жоқтығы және бүгінге дейін Шығыс пен Батыста ешкім мұндай көзқарас айтпаған.

Құран бойынша әлем толықтай білімді, құдіретті, жақсылық иесі және мейірімді жаратушының туындысы. Әлемнің осындай болмыс тарапынан жаратылғандығы идеясы мынадай көзқарастар мен сенімдерді де өзімен бірге алып келеді: 1) Әлем жаратылған болса, онда ол міндетті емес мүмкін. Мүмкіндерді тану жолы априори әрекет емес, эмпирикалық әрекет болып табылады. Құранның білім алу үшін өсиет еткен жолы тәжірибелік, яғни индуктивтік жол; 2) Әлем барлық нәрсені білетін, барлық нәрсеге күші жететін Жаратушы тарапынан жаратылған. Олай болса ол жерде реттілік пен мақсаттың болуы міндетті. Жарату әрекеті хаосты емес, ғарышты қажет етеді. Құран бойынша әлемде еш нәрсе босқа және мағынасыз жаратылмаған. Барлық нәрсе Оның туындысы және барлық нәрсе Оның бар екендігін дәлелдейтін және Оның бар екендігін көрсететін дәлел болып табылады. Әлемде көрініс тапқан реттіліктің басқарушысы тек Алла Тағала. Ешқандай күш өз басымен осы жүйеге қатер төндіре алмайды; 3) Әлем жаратылған болса, онда орын алған еш нәрседе құдайлық күш жоқ. Сол себепті еш нәрсе дұға етуге, құлшылық етуге мүлдем лайық емес. Табиғат табыну үшін емес, зерттеу үшін, зерттелу үшін, пайдалану үшін жаратылған.

Құран адамның өз болмысын, әлеуметтік ортасын және табиғатта болып жатқандарды қарастыруды, олар туралы ойлануды, оларды түсінуді және кейін одан сабақ алып, ғибрат ала отырып өз өміріне мән-мағына мен реттілік беруді қатты талап етеді. Осыған қатысты аяттарды тілге тиек етудің өзі артық.

Құранның жоғарыда біз түсіндіруге тырысқан ұстанымы ғылым, философия, этика мен эстетикаға да үлкен ықпал еткен. Осы ұстанымның түпкі мақсаты иман болғандығы айдан анық. Алайда түпкі мақсаттың мұндай болуы адамды белгілі бір жөнге бағыттайтын ғылыми, философиялық, этикалық, эстетикалық және діни тәжірибелердің мақсатқа жеткеннен кейін бір бұрышқа лақтырып тастай салатын құрал деген мағынаны білдірмейді.

Ислам әлемінде философия мен ғылымның өте ерте деп айтуға болатын кезеңде бас айналдырарлық жылдамдықпен дамуында Құранның ықпалын дәлелдеудің өзі артықтық етеді. Батыстық бір автор мынадай бір анықтама береді: «Батыстағы дүниетаным саласында орын алған өзгерістерде ислам тарихының терең іздерін байқауға болады. Бірақ бұл ықпал қазіргі заманғы дүниенің айқын сипатын, күші мен нақты жетістіктерінің қайнар көздерін дүниеге келтірген жаратылыстану ғылымдары мен ғылыми дүниетанымда көрінгеніндей басқа еш жерде көрініс таппады»18.

Құранның ғылыми танымға қатысты осы ашық ұстанымына қарамастан ислам әлемінде ғылым еш уақытта қиын жағдайға душар болмады ма? Бұл сұраққа жауап берместен бұрын бір мәселенің басын ашып алу қажет. Ислам әлемінде дін мен ғылымның байланысы мен дін адамы және ғалымдардың байланысы арасын ажыратып алу керек. Құрандық таухид түсінігі бойынша дін адамдары ислам дәстүрінде рухани авторитетке ие болған топты қалыптастарған жоқ. Бұл бойынша бір дін ғұламасының немесе діни ұйымның басында отырған адам немесе адамдардың бір мәселеге қарсы шығуы, сол қарсылықтың шын мәнінде діни характерге ие болғандығын көрсетпейді. Әйтсе де христиан әлемінде жағдай мүлдем басқаша еді. Ол жерде бір адам «шіркеу бұл туралы не дейді екен?» деп сұраған кезде шіркеуді практикалық тұрғыдан дінмен синоним ретінде қабылдайды. Өйткені шіркеудің қарсы шығуы діннің қарсы шығуы болып табылады.

Енді жоғарыда қойылған сауалға келейік. Бұрын да атап кеткеніміздей ислам тарихында нақты бір дін мен ғылымның арасында қақтығыстың орын алғандығын айту қиын. Бірақ бұл кейбір дін адамдарының ешқандай қиыншылықтарға тап болмағандығын көрсетпейді. Мұның себептерін діннен емес, діннің түсіндірілуінен және жорамалдануынан іздеу керек.

Көптеген дін ғұламаларымыз еңбектерінде осы мәселеге тоқталып, діннің негізгі қайнарларының қате түсінілуі мен түсіндірілуінің қандай нәрселерге жол ашатындығын түсіндіруге тырысқан. ХХ ғасырдың алғашқы жартысында еңбектер жазған ғалым Абдуллатиф Ефенди былай дейді: Алғашқы мұсылмандар Құранда орын алған кейбір аяттарды сол кездегі ғылым деңгейімен түсіндірген. Олардың кейбірі осы мәселеде әртүрлі ғылымдардан хабардар болды. Сол себепті мұсылмандықты қабылдаған еврей мен христиан дінінен шыққан адамдар алып келген мәліметтер уақыт өте келе діни әдебиеттерден орын ала бастады. Олар тіпті діни әдебиеттердің (кейбір тәпсір кітаптарын да қосқанда) ажырамас бөлігіне айналды. Дін мен ғылым байланысы тақырыбындағы қате түсініктердің басты себептерінің бірі осы жерден бастау алады.

Екіншіден кейбір ислам ғұламалары «діни түсіндірме» мен «ғылыми түсіндірмені» бір бірімен шатастырып алды. Мысалы Құран жер беті туралы әңгіме қозғаған кезде оның «төсек» секілді «созылып жатқанын» айтады. Көкті «тірексіз шатырға» ұқсатады. Осы аяттардың негізгі мақсаты Алланың жаратушылық құдіретін көрсету және адамдарды ойлануға итермелей отырып иманға алып бару болып табылады. Осы негізгі мағынаны (діни мағына) назардан тыс қалдырып, «төсек», «ұзану», «жаю», «шатыр» т.с.с. сөздерден дүниенің «төбесінде аспан болған тегіс төсек» болғандығы туралы нәтиже шығарар болсақ, онда аяттарды қате түсінеміз19. Осы түсінік кейбір адамдардың ғалымдардың әрекеттерін қате бағалауға алып барды.

Харпути мен сол секілді ойлайтындар қазіргі кейбір философтардың айтқандарындай діннің тілінің толықтай символикалық екендігін қабылдағылары келмейді. Олардың айтқандарын философиялық сөзбен жеткізер болсақ мәселенің мәні мынадай екендігі белгілі болады: Құран аяттарын ғылымның, тіпті рационалдық теологияның ұғымдары секілді қарастырумен ғана шектеліп, олардың фидеисттік немесе экзистенциалдық характерлерін көрмеген сыңай таныта алмаймыз. Бұдан бұрын да айтқанымыздай Құран адамзаттық тәжірибені тұтастай қарастырады. Сондықтан да ол «Алла барлық нәрсенің жаратушысы» деген кезде әрі сипаттаушы сөз қолданады, әрі біздің ұстанымымыздың сол бойынша қалыптасуын қалайды.

Харпути атап өткен бұл мәселе тікелей ғылыми іс-шаралардың белортасында жүрмеген адамдар ортаға салған бір проблема болып табылады. Ислам әлемінің алдыңғы қатарлы ғалымдары мен дін ғұламалары Құран сөздері мен ғылыми талдауларды ешқашан да қарама-қарсы қоймаған. Олардың пікірінше Құран ғылым мен ойшылдыққа кедергі келтіргені былай тұрсын, ғылыммен және ойшылдықпен айналысуды парыз деп есептеген. Методология мәселесі бойынша Құран мұсылман ғалымдар мен философтарының басты қайнар көзі болған. Бұл сөздің рас екендігіне көз жеткізу үшін ғылымда Бирунидің Үнді елі туралы жазған атақты «Үнді елі туралы кітап», «Әл-Асар-ул бақия» және «Тахдид ниһаят-ул амакин» атты еңбектерінің кіріспе бөліміне көз жүгіртудің өзі жеткілікті болып табылады20.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]