Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:

На сортировку / 2 / Тарих / кашкари (2)

.docx
Скачиваний:
19
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
38.38 Кб
Скачать

Жоспар

  1. Кіріспе

  2. Араб сөздіктерінің құрамы мен құрылысы

  3. Алғашқы араб лексикографтарының сөздік қор жинау тәсілдері

  4. "Диуан луғат әт-турк" сөздігінің зерттелуі

  5. "Диуан луғат әт-турк" сөздігінде қолданылатын терминдер сипаты

  6. "Диуан әл-әдәб" сөздігі мен "Диуан луғат әт-турк" сөздіктерінің кіріспе тақырыптарының ерекшеліктері

  7. "Диуан луғат әт-турктегі" және араб морфологиясындағы уазндардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары

  8. Қорытынды

  9. Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

Қазақстан егемендігін алып, өзгелермен терезесі тең тәуелсіз елге айналған уақытта ұлттың бірегейлігі мен өміршеңдігін қалыптастыратын басты белгі – оның тілі екендігін негіздеу, тілді өзінің түбірімен байланыстыра зерттеу мазмұны жоғарылай түспек. Сол себепті тіл тарихын жазба мұрағаттар негізінде зерделеу, жазба мұрағат авторларының өшпес еңбегін бүгінгі лингвистикамыздың жеткен жетістігінің негізі, іргетасы ретінде бағалау, сөйтіп, қазақ жазба тілінің, тіл білімінің даму кезеңдерін ашып көрсету қазіргі қазақ тіл білімінің алдына қоятын басты бір мақсаты болуы керек дегенге тоқтаймыз. Осыдан келіп түркі сөздіктерінің тарихын зерделеу, олардың қалыптасу негіздерін көрсету қажеттілігі туындайды.

М.Қашқари секілді ғұламалардың еңбектерін олардың діліне, дініне және мәдениетіне басымдылық бере отырып талдауға, қазақ арабтануына тың тақырыптар мен көзқарастар ұсынуға, ауқымын кеңейтіп, болашақ арабтанушылар үшін арабша түсіндірме сөздіктерді пайдаланудың жолдарын айқындап беруге бастайды.

Махмуд Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" сөздігін түзудегі ұстанымын араб лексикографтарының сөздік түзудегі, атап айтқанда, Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фарабидің "Диуан әл-әдәб" сөздігін құрастырғандағы ұстанымымен салғастыру, екі еңбектің ұқсастықтары мен ерекшеліктерін анықтау, сол арқылы орта ғасырдағы түркі тіл білімінің даму бағытын айқындау болды.

  • араб тіл біліміндегі сөздік ұғымын және сөздік мағынасында қолданылатын сөздерді анықтау;

  • араб сөздіктерінің түзілу жолдарын зерделеу;

- араб лексикографиясының дамуына үлес қосқан түркі ғалымы Исхақ әл-Фарабидің "Диуан әл-әдәб" сөздігіне тілдік және тілдік емес талдау жасау;

- араб-түркі және түркі-араб сөздіктерінің қалыптасу тарихын ізерлеу;

- Махмуд Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" сөздігін екі тілді сөздік тұрғысынан қарастыру;

- Исхақ әл-Фараби сөздігі мен М.Қашқари сөздіктерінің кіріспе сөздерін салғастыру;

- "Диуан луғат әт-турк" сөздігінде келген морфологиялық уазндарға (формаларға) талдау жасау:

.

Араб сөздіктерінің құрамы мен құрылысы. VII ғасырда Араб түбегінің аты Ислам дінінің арқасында бүкіл әлемге тарады. Құран арабтардың әдеби тілінің ең ұлы шығармасы ретінде мойындалып, бүкіл тілдік заңдылықтар Құран тіліне негізделе отырып, жасалды. Осы жүйемен араб әдеби тілі қалыптасты. IX-X ғасырларда әртүрлі араб диалектілерінің пайда болуымен және Ислам дінін қабылдаған басқа ұлт өкілдерінің араб тілін үйренуге деген құштарлығының артуымен ғалымдардың алдында араб әдеби тілі – Құран тілін әртүрлі диалект және кірме сөздерден сақтап қалу проблемасы тұрды. Сол себептен араб лингвистері әдеби тілдің сөздік қорын қағаз бетіне түсіруді қолға алды.

Араб әдеби тілінің тазалығын сақтап қалу және Құран тілінің өзгеріске түспеуін қамтамасыз етуді өздеріне міндет әрі мақсат етіп алған мұсылман ойшылдары Араб түбегінде шашырап орналасқан араб тайпаларын аралап, тілі өзге тілдің әсеріне ұшырамаған тайпалардан әдеби тілдің сөздік қорын жинауға кірісті. Һижра жыл санауы бойынша, ІІ ғасырдың алғашқы ширегінде көптеген араб лингвистері сөз жинау үшін шөлді аймақтарға сапар шекті. Олар бәдәуи араб тайпаларының ауызекі тілін, қолданыстағы сөздер мен сөз тіркестерін жинай бастады. Осылайша араб тіл білімінде алғашқы сөздік жасау ісі қолға алынды. Ғалымдар кез келген сөзді тексерусіз, талғаусыз ала бермейтін. Сөзтүзушілер белгілі бір ортақ қағидаттар мен принциптерге сүйеніп жинауды қалыптастырды. Кейіннен араб лексикографтарының бұл тәсілін түркіше-арабша энциклопедиялық түсіндірме сөздігін құрастырғанда Махмуд Қашқари да қолданып, түркілер мекендейтін аймақтарды шарлап, түркі тайпаларының тілдерін зерттеп, олардың сөздік қорларын сөздігіне арқау еткен еді.

Араб лингвист ғалымдарының алдарына қойған мақсаты – әдеби тілде бар сөздерді жинау, диалект және кірме сөздерден алшақ болу еді. Осы мақсатты орындау үшін мына тәсілдерді қолданды:

1. Сөзді әдеби тілдің қаймағы бұзылмаған тайпа, ру тілдерінен алу.

2. Диалектілері әдеби тілден алшақтаған, шұбарланған тайпа, ру тілдерінен сөз алмау.

3. Сөзді, сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді тек қана әдеби тілді шебер меңгергендерден алу.

М.Қашқари сөздігіндегі араб сөздіктері ұстанымдарының пайдаланылу сипатын анықтау болғандықтан, алдымен араб тілі сөздіктерін қолдану тәсілдеріне тоқталуды жөн көрдік. Араб тілі сөздіктерінің жасалу жолдары күрделі. Сондықтан сөздіктен сөзді іздеу жолдарын кең көлемде анықтау қажет болады. Бұл "Диуан әл-әдәб" пен "Диуан луғат әт-турк" сөздіктерінің құрылымын түсінуге септігін тигізеді.

Араб сөздіктеріндегі сөз мағынасын берудің тәсілдері. Профессор Н.Уәлидің пікірінше, "мағына дегеніміз – халықтың ой-санасындағы білімі, танымы, таным әрекетінің нәтижесі. Санадағы мағынаны сөзбен "байлап" беру арқылы нақтылау, шындыққа, ақиқатқа айналдыру түсіндірме сөздіктің мәртебелі, міндетті қызметінің бірі".

Али әл-Қасими араб лексикографтарына сөздің мағынасын ашуда көмектесетін үш құралды атаған: "Лексикографтар сөздіктерінде толық семантикалық мағлұматтарды ұсынуға зәру емес. Тіпті сөздік мақаладағы сөздің барлық мағыналарын да келтіріп жатпайды. Себебі араб тілінің морфологиялық және семантикалық ерекшеліктері үш көмекші құралды пайдалануға мүмкіндік береді:

1- түбірдің негізгі мағынасы;

2- сөздік ұяның жалпы мағынасы;

3- сөздің морфологиялық уазнының (үлгісінің) беретін мағынасы"

Ғалым араб сөздіктерінің құрылымдық ерекшеліктерін атап отыр. Себебі араб сөздіктерінде қалыптасқан тәсіл бойынша, сөздікке алынған сөздер әр сөздің әліпбилік ретпен орналасуы негізінде емес, сөз түбірлерінің әліпбилік орналасу негізінде жасалады. Мысалы: "сәлимә" – аман болу; "әсләмә" –мойынсұну; "Ислам" – Ислам діні, "силм" – бейбітшілік; "муслим" – мұсылман. Осы сөздердің барлығы "сә-ли-мә" түбірінен туындаған. Олардың ортақ мағынасы "бейбітшілік". Бұл – сөздердің ортақ түбіріне қатысты. Ал сөздік ұяға келетін болсақ, жоғарыда келтірген мысалдағы әрбір сөз өз алдына жеке сөздік ұя болып, бір сөздік мақала түрінде беріледі. Қазақ тілінің сөздіктерінде осы сөздердің барлығы әртүрлі сөздік ұяда келеді. Мысалы, аман болу, бейбітшілік және мұсылман сөздері әртүрлі әріпте, әртүрлі лұғаттық мақаланың құрамында келеді.

Ал ғалым ишарат етіп отырған араб тілінің морфологиялық уазнына талдау жасайтын болсақ, оны қазақ тіліндегі сөз тудырушы және түрлендіруші жұрнақтармен салыстыру арқылы түсіндірген оңайға соғады. Араб тілінде қазақ тіліндегі сөздің мағынасын түрлендіретін немесе жаңа сөз тудыратын қосымшалардың қызметін морфологиялық уазндар (форма, үлгі) атқарады. Бұл үлгілер араб тілінде "уазн" деп аталады. Қазақ тілінде -ша, -ше жұрнақтары түбірден кейін келіп, түбірден жаңа бір есім сөз жасайтын болса, араб тілінде бұл қызметті фааъил уазны атқарады. Мысалы: "жазу – жазушы"; "оқу, зерттеу – оқушы, зерттеуші". Араб тілінде қосымшалар түбір сөздің басында да, соңында да және арасында да келе береді. Мысалы: (дәррасә-мударрис) оқыту – оқытушы. Ал қазақ тілінің төл қосымшалары ("бей", "на" секілді парсы тілінен енген қосымшаларды есептемегенде) тек түбір сөздің соңына жалғанады. Сондықтан қазақ тілінде түбірлес сөздерді әліпби жүйесімен араб тіліне қарағанда өзгеше.

Міне, осы жеңілдіктерді немесе ерекшеліктерді пайдалана отырып, араб лексикограф ғалымдары сөздікке алынған сөздің мағынасын ашқан кезде, уазн, не сөздің түбірі арқылы түсініп алады деген оймен кейбір сөздердің мағынасын ашпай кетеді. Ал оқырман қауымның сол сөздің мағынасын түбірі, сөздік ұясының мағынасы немесе уазны арқылы анықтап алуға мүмкіндігі болады. Бұл сөздіктің ықшам әрі көп мағлұмат қамтуына септігін тигізеді.

Араб-мұсылман лексикограф ғалымдары сөздіктің іс жүзіндегі қызметі мен атқаратын міндетін жете түсініп, сөздік құрастыру барысында сөздікте қамтылған сөздердің коммуникативтік қызметіне мән беріп, сөздердің контексте қалай қолданылатындығын көптеген мысалдармен, мақал-мәтелдермен, өлең шумақтарымен дәйектеп отырған. Қазіргі кездегі араб әдеби тілінің орта ғасырдағы араб әдеби тілінен ауытқымай, өзгеріске түспей сақталып қалуының басты себебі, Құран Кәрімнің, Мұхаммед пайғамбардың хадистерінің сақталуы және Құран мен хадистердің лексикасын қамтыған орта ғасырлық араб сөздіктері. Араб тілінде жарық көрген сөздіктер басқа тілдердегі сөздіктердің құрастырылуына да әсер етті. Оған Махмуд Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" сөздігін дәлел ретінде келтіруге болады.

"Диуан луғат әт-турк" сөздігінде қолданылатын терминдер сипаты. Диуан – "тізім жазылған кітап, тіркеу кітабы" деген мағынадағы араб тіліне парсы тілінен енген сөз. Ислам діні келгенге дейін арабтар диуан сөзін қолданған. Академик Махмуд Хижази "диуан" сөзінің Исламға дейін парсы тіліндегі мағынасында елді басқару саласында арабтарда да қолданыста болғандығын, VII ғасырдан бастап оның мәдени салада да қолданыла бастағанын айтады. Ол һижраның екінші ғасырынан (миләди жыл санауы бойынша сегізінші ғасыр) бастап халық арасында ауызша тарап жүрген араб өлең-жырлары қағазға түсіріле бастағанын және ғалымдар оны да "диуан" деп атағанын, ол сөздің семантикалық жаңа ерекшеліктерге ие болғандығын, яғни диуан – бір ақынның өлеңдерін немесе таңдамалы өлеңдер жинақталған кітап деген мағынаға ие болғанын айтады. З.-А.М.Әуезова Қашқаридің "диуан" терминін қолданғандығын: "Как и ал-Фараби, ал-Кашгари обозначает свой лексикон термином диван ("запись"), подчеркивая преимущественно устный характер собранного в нем материала, сближающий его с поэзией", – деп жеткізеді .

Луға(тун) – қазіргі араб тілінде "тіл" деген мағынаны береді. Араб тілінде "тіл" деген мағынаны беретін екі сөз бар. Оның бірі осы сөз болса, екіншісі "лисән" деген сөз. Орта ғасырларда "луға" сөзі белгілі бір халықтың тіліне емес, бір халықтың құрамына кіретін тайпаның тіліне, яғни диалектісіне қолданылатын болған.

Ал қазіргі кезде "луға" сөзі "ұлттың тілі деген" мағынада қолданылады. Мысалы, қазақ тілі, араб тілі, ағылшын тілі және т.б. Ал диалект деген терминді қазіргі араб лингвистикасында "ләһжә" деген терминмен береді. Бұл терминмен бірге араб лингвистикасында "аммия" деген де термин бар. Араб лингвист ғалымдары оны "ауызекі тіл" немесе "говор" деген мағынада қолданады.

М.Қашқари "Диуан луғат әт-турк" сөздігінде "луға(тун)" сөзін белгілі бір тайпаның тілі деген мағынада жиі қолданылады. Онда луға қибчақ (қыпшақ тілі), луға ал-ғузи (оғыз тілі) деген тіркестерді көптеп кездестіруге болады. Бұл М.Қашқаридің "луға" терминін тайпа тілі деген мағынада қолданғандығына дәлел болады. М.Қашқари сөздігінің атауында "луға" сөзін көпше түрде "луғат" ретінде қолданған. Сонда "Диуан луғат әт-турк" сөздігін қазақ тіліне "Түркі тілдерінің (немесе диалектілерінің) жинағы" деп аудару дұрыс болып шығады. Ал "Диуан луғат әт-турк" сөздігінің толық нұсқасын қазақ тіліне аударған ақын А.Егеубай оны "Түркі сөздерінің жинағы" деп аударған.

Китәб – кітап. Араб тілінде "китаб" сөзі "кітап" деген мағына береді. Сонымен қатар бір кітаптың немесе бір ғылымның саласына арналған үлкен тарау да "китаб" деп атала береді. М.Қашқари да оны "тарау" деген мағынада қолданған.

Исм (Есім) – араб тілінде шаққа, уақытқа байланыссыз, заттық ұғымды білдіретін, өзіне тән лексикалық, грамматикалық мағыналары бар сөз табы. М.Қашқари де түркі тіліндегі етістікпен көмекші сөздерден басқа сөздердің барлығын есімге (исмге) жатқызған.

Фиъл (Етістік) – араб тілінде біреудің немесе бір нәрсенің қимыл-әрекетін білдіретін сөз табы. Араб тілінде етістіктерді морфологиялық өзгерісіне қарай, өткен шақ, осы-келер шақ және бұйрық рай деп үшке бөледі. М.Қашқари "Диуан луғат әт-турк" сөздігінде алдымен етістіктің өткен шағын беріп, одан кейін оның осы-келер шағы мен масдарын беріп отырған. Мысалы, барды – барар – бармақ, келді –келер – келмек.

Харф (Көмекші сөз) – араб тілінде жеке тұрғанда мағынасы жоқ, есім және етістікпен тіркесіп, грамматикалық мағынаға ие болатын сөз табы. Харф есім мен етістікке қарағанда әрдайым тұрақты болады. Сондықтан олардың морфологиялық уазндары болмайды. М.Қашқари түркі тілдеріндегі одағайларды, еліктеу сөздерді харф деп есептеген.

М.Қашқари араб тіл біліміндегі терминдерді және араб әдеби тілі сөздіктерінің тәсілдерін басшылыққа алғанымен, оларға сыни көзбен қарап, саралап, тиістісін таңдай білген. Яғни ғалым араб сөздіктерімен жете таныс болған. Ол түркіше-арабша сөздігін құрастырған кезде халықтың қолданысында бар, түркі тілінде кездесетін сөздерге араб тілінде түсініктеме беруді мақсат еткен. Сондықтан формаға (уазнға) тура келгенімен тілде жоқ сөздерді Халил секілді, әріптердің басын құрастырып түзіп шығу тәсілін қолданбауды жөн деп тапқан. Себебі ол сөздігін арабтарға немесе араб тілі арқылы түркі тілін үйренуді мақсат тұтқандарға арнаған.

"Диуан луғат әт-турк" сөздігінің зерттелуі. М.Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" еңбегі аз зерттелген жоқ. Түрік ғалымы К.Рифат 1915-1917 жылдары Диуанды алғаш рет баспаға әзірлеп, жариялағаннан бастап, қазіргі күнге дейін әлемде Махмуд Қашқари мен оның Диуаны туралы мыңнан астам еңбектер мен мақалалар жарияланған екен. Бұл еңбектердің көпшілігі түркі тілдес халықтар өкілдерінің өз тілдері және орыс тілінде жариялаған зерттеулері. Сонымен қатар неміс, ағылшын және араб тілінде жарияланған еңбектер бар.

М.Қашқариді зерттеген атақты ғалымдар қатарында К.Брокельманн, Г.Бергштрессер, В.В.Бартольд, С.Е.Малов, А.Н.Кононов, С.Мутталибов, А.Алиев, Е.Фозилов, Имин Турсун, Қурбан Вали, Осман Мирсултан, Қ.А.Байрамов, Ж.И.Жафаровтарды атауға болады. Сондай-ақ басқа да көптеген зерттеушілер мен ізденушілер бар. Махмуд Қашқариді және "Диуан луғат әт-турк" сөздігін зерттеумен айналысып жүрген әзербайжан жас ғалымы Ж.Казимов ) Махмуд Қашқаридің сөздігі туралы әлемнің көптеген тілдерінде жарық көрген мыңнан астам еңбектерді атайды. М.Қашқариді ең алғаш зерттеген қазақ ғалымы Халел Досмұхамедұлы (1883-1939) еді. Ол 1923 жылы «Шолпан» журналының 7-санында «Диуан лұғат ит-түрік» атты мақала жариялады. Х.Досмұхамедұлының бұл мақаласы кейіннен оның еңбектерімен қайта жарияланды. М.Қашқариді зерттеген қазақстандық бүгінгі ғалымдарды атасақ. Олар: Ә.Құрышжанов, Ә.Дербісалиев, В.У.Махпиров, Х.Сүйіншіәлиев, А.Егеубай, Қ.Бекетаев, Ә.Ибатов, Б.Атабай және т.б.

Адамның діни нанымы, дүниеге деген діни көзқарасы міндетті түрде оның тіліне әсер етеді. Тіл арқылы адамның діни сенімін, ұстанатын ағымын ажыратуға болады. Лингвист ғалымдар дін мен тілдің байланысына назар салар деген оймен бұл тараушада Махмуд Қашқаридің тілінен оның дінін анықтауды және оның дінінің тіліне әсеріне біршама тоқталып өттік.

Исхақ әл-Фараби мен М.Қашқаридің сөздіктері құрамы мен құрылымының өзара ұқсастықтары мен ерекшеліктері. М.Қашқаридің еңбегі туралы мыңдаған зерттеулер мен мақалалар бар. Алайда «Диуан луғат әт-туркті» араб сөздіктерімен, сондай-ақ жалпы араб тіл білімімен, Диуанда келген түркі тіліне қатысты ережелермен салғастырған еңбектер аз. Исхақ әл-Фараби мен М.Қашқаридің сөздіктерінің өзара ұқсастығын, дәлірек айтсақ, М.Қашқари «Диуан луғат әт-турк» сөздігін өзінен шамамен жүз жыл бұрын өмір сүрген Исхақ әл-Фарабидің «Диуан әл-әдәб» сөздігін құрастыруда ұстанған принциптері мен тәсілдері негізінде құрастырғандығын айқындаған зерттеулер көп емес. Алғаш рет неміс шығыстанушысы Г.Бергштрессер әз-Замахшаридің «Муқаддимә әл-әдәб» кітабының қолжазбаларын зерттеу барысында «Диуан әл-әдәб» сөздігі мен «Диуан луғат әт-турк» сөздігінің атауының арасындағы ұқсастыққа назар аударады. "Диуан әл-әдәбті" баспаға әзірлеген және оған ғылыми алғы сөз жазған мысырлық ғалым Омар Мұхтар Исхақ әл-Фарабидің ұстанған дәстүрімен сөздік құрастырғандардың қатарында М.Қашқариді де бір-екі сөйлеммен атап кетеді. А.Н.Кононов, А.Б.Халидов басқа зерттеушілерге қарағанда тереңірек талдаған. Ғалымның "Диуан луғат әт-турк" пен "Диуан әл-әдәб" сөздіктерінің ұқсастықтары туралы бірнеше мақалалары бар. Зерттеушінің "Словари Исхака ал-Фараби и Махмуда ал-Кашгари (из истории лексикографии в Средней Азии Х-ХІ вв)" еңбегінен терең талдаулардан гөрі жалпы шолуды көбірек көреміз, яғни алдымен аталған екі сөздіктің жалпы ұқсастығына тоқталып, кейін "Диуан әл-әдәб" сөздігінің кіріспесін, үшінші бөлімде "Диуан луғат әт-турк" сөздігінің кіріспесін орыс тіліне аударады. Екі сөздіктің ұқсастығы туралы қазақ ғалымдары Ә.Дербісалиев пен Ш.С.Қалиева да айтқан. Ә.Дербісалиев: "Мұның өзі, сөйтіп, Махмұт бабамыздың "Түркі сөздерінің жинағын" құрастыруда Отырар ғалымының (яғни Исхақ әл-Фарабидің. – М.Р.) кітабын өзіне үлгі еткені, одан үйренгені күмән тудырмайды", – дейді. М.Қашқаридің «Диуан луғат әт-турк» сөздігінде түркі тілдерінің лексикалық, грамматикалық ерекшеліктері мен когнитологиялық, лингвомәдени бағытта айтылған ғылыми мәселелер қамтылған.

М.Қашқари де сөздігін түркі тілінің маңыздылығы мен артықшылығына тоқталудан бастайды. Ол өзі өмір сүрген заманда Аллаһ тағаланың саяси билікті түркілердің қолына бергенін және билік басындағы түркілерге жағу үшін басқаларға түркі тілінде сөйлесудің тиімді екендігіне тоқталып, «... оларға түркі тілінде сөйлесуден басқа тиімді жол қалмады», – дейді. М.Қашқари түркі тілінің артықшылығын Аллаһ тағаланың оларды билік иелері етіп қоюымен қатар, Мұхаммед пайғамбардың да адамдарға түркі тілін үйренуді өсиет еткендігімен байланыстырады. Ол: «Түркінің тілін үйреніңдер. Өйткені олардың ұзақ билігі болады», – деген. Бірақ М.Қашқари келтірген бұл хадисті еш қай кітаптан кездестіре алмадық. Соған қарағанда бұл түркілерге жаққысы келген адамдардың немесе түркілердің саяси үстемдігін қуаттау үшін жалған айтылған сөз болуы әбден мүмкін.

Әл-Фараби сөздікті түзудегі жалпы ұстанған тәсілі туралы: «Осы тілде қолданысы бар, ұлы әдебиетші ғалымдардың кітаптарында кездесетін, келтірген мысалдарым мен олардың қалыптарына (уазндарына) сәйкес келетін Құранда, сүннетте, хадисте, шиғрда, ражазда, хикмада, сажғда, мәсәлда немесе нәдирада қолданылған сөздерді пайдаландым», – деген, және осы аталған терминдердің мағынасын түсіндірген.

Махмуд Қашқари алдымен сөздікті құрастыру үшін біраз жыл еңбектенгенін сөздікке алынған сөздерді (реестр) әліпбилік ретпен бергендігін айтқан. Осы жердегі әліпбилік ретті А.Егеубай қазақ тіліне "мақсұс әліппесі ретімен" деп аударған. Көпшілік бір оқығанда "мақсұс" сөзін әліпбидің бір түрі деп қабылдауы мүмкін. Сосын "мақсұс" сөзі араб тілінде "арнайы" деген мағынаны береді. Өзбек, ұйғыр тілдеріне де "махсус" деп аударылған. Сонымен қатар М.Қашқари сөз мағынасын ашуда өлең жолдарын, хикмет (даналық) сөздерді, мақал-мәтелдерді қолданғандығын айтады.

М.Қашқари өзінің сөздік түзуде ұстанған жалпы принципі туралы: «Оны (яғни сөздікті) хикма (даналық сөз), сажғ (өлең сияқты ұйқас даналық сөзі), мәсәл (мақал-мәтел, мысал), шиғр (өлең), ражаз (өлең тәрізді ұйқас қара сөз) немесе нәсрмен (қара сөз) безендіріп, әліпбилік әріптердің ретімен түзіп шықтым. Тіпті ауырлығын жұмсарттым, тереңдігі мен түбін баяндап, ізденушілер мен қызығушылар сөздерді өз орындарынан оңай табу үшін көптеген жылдар бойы бейнет шегіп, оларды түсініксіздіктен құтқарып әрбір сөзді өз орнына қойдым», – деген.

"Диуан әл-әдәб" сөздігі мен "Диуан луғат әт-турк" сөздіктерінің кіріспе тақырыптарының ерекшеліктері. М.Қашқари көп жағдайда әл-Фараби ұстанымын пайдаланғанымен түркі тілінің ерекшеліктерін тәптіштеп түсіндіруге келгенде ыждағаттық танытқан. Себебі М.Қашқари сөздігі арабтілді аудиторияға арналған. Мысалы, әл-Фараби еңбегінің кіріспесінде араб тілі фонологиясы мен әліпбиі туралы мәлімет мүлдем жоқ екенін көреміз. Бұл өз кезегінде араб тілі мен әліпбиі туралы зерттеулердің белгілі дәрежеде бар болуына байланысты. Ал М.Қашқари екі тілді түсіндірме сөздік құрастырғандықтан және ХІ ғасырда араб тілді ортаға түркі тілінің ерекшелігін түсіндіру өте маңызды болғандықтан, оның үстіне бұл салада жазылған түркі ғалымдарының еңбегі болмағандықтан, түркі тілдерінің өзіне тән фонемаларына арнайы тоқталып, олардың ерекшеліктерін, араб графикасындағы әріп мен фонема ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салғастыра берген деп ойлаймыз.

Ғалым түркі тілдерінде араб тіліне тән сақау «с» әрпінің, эмфатикалық әріптер мен көмей әріптерінің жоқ екендігін білдіре отырып, түркі тілдеріне тән (ң) әрпін дыбыстау түркілерден басқаларға қиындық тудыратындығын ескерткен.

Сонымен, М.Қашқаридің "Диуан луғат әт-турк" сөздігі түркі тілдері фонетикасын зерттеудің және генетикалық жағынан туыс емес екі тілдің фонологиялық жүйесін салғастырудың негізін қалаған алғашқы еңбек болып табылады.

М.Қашқари әл-Фарабидің сөздік құрастыруда ұстанған принципін басшылыққа алды деген пікірді айтушылар негізінен аталған екі сөздіктің тараулары мен тарау аттарының бірдейлігіне сүйенген. Шынында да, М.Қашқари өз сөздігін дәл әл-Фараби сөздігі тәрізді бөлген және солай атаған.

Мұнда екі ғалым да сөздікке алынған атау сөздерді уазнға салғаннан кейін, оларды морфологиялық сипаттарына қарай топтастырған. М.Қашқари әл-Фараби терминін сол қалыпта өзгеріссіз қабылдаған және бұл туралы: «Бұндағы кітап пен баб (яғни тараулардың – М.Р.) аттары таңсық болғандықтан, араб тілінен термин ретінде қабылдадым», – деген.

"Диуан луғат әт-турктегі" және араб морфологиясындағы уазндардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары. Ғалымдар араб тіліндегі сөздердің көпшілігі үш әріптен тұратындықтан, олардың түбір немесе тірек уазнының негізгі әріптері етіп الفاء фа, айн және ләм әріптерін фа –ъа – лә таңдап алған. Ол араб тіліндегі фаъалә сөзі "істеу", "жасау" мағыналарын беретін етістіктен алынған.

Араб тіліндегі уазн харакаттарының өзгеруі – олардың мағыналарының да өзгеруіне алып келеді. Мысалы, фааъил(ун) уазны мен фааъалә уазнының айырмашылығы алғашқы уазнда – айн әрпі касралы, ал екінші уазнда – айн әрпі фатхалы. Сол себепті бұл уазндар бірдей уазндар деп есептелмейді. Ал М.Қашқари осы секілді бір харакаты өзгерген бірқатар уазндарды буын ерекшелігіне қарай, бір уазн деп есептеген. Мысалы, фаъалъаади уазны, фуъулъаади, фиъилъаади және фаъилъаади секілді уазндар бір уазн деп есептеледі. Яғни ләм әрпі сукунді қалған әріптері әртүрлі харакатты болып келген фуъулъаади секілді уазндардың барлығы бірдей деп есептеледі.

Сөздерді құрылысына қарай белгілі бір уазндар негізінде топтастыру – араб лингвистерінің ежелден қолданып келе жатқан тәсілі. Араб морфологиясындағы кез келген уазн белгілі бір сөздің семантикалық мағынасымен бірге, оның грамматикалық та мағынасының белгісі болады. Мысалы, араб тілінде фаъил уазны негізгі есімшені, ырықсыз есімшені, мафъал істің орын алған жерін, истафъалә бір нәрсені талап ету мағынасындағы етістікті білдіреді, фааъуул –асырмалы шырай (сиғату әл-мубәләға). Араб тілінде сөздерді осы уазндарға салу арқылы жаңа сөздер жасалынады және олар өзара ортақ грамматикалық мағынаға ие болады. Мысалы, уазнында жасалған кәтиб (жазушы, жазып жатқан адам), бәхис (ізденуші), амил (жұмысшы, жұмыс істеуші) деген сөздердің барлығы исм фаъил (негізгі есімше) болып тұр. мафъал (мафъил) уазнында жасалған маснаъ (зауыт, бір нәрсенің жасалынатын жері), мәдраса (мектеп, сабақ оқылатын жер), мәсжид (мешіт, сәждеге баратын жер), мә'кәл (тамақтанатын жер) бір істің жасалатын орнын білдіреді. Бұл уазн араб тілінде исм әл-мәкән (мекен атауы) деп аталады. Сонда араб тіліндегі уазындар бір-біріне құрылымы жағынан ұқсас сөздердің ортақ үлгісі (формасы) ғана емес, сонымен бірге сол уазнға сай келетін сөздердің ортақ мағынасын да береді. Уазнды білу арқылы сол уазнда келген немесе келетін сөздің мағынасын анықтауға болады. Араб тілінің осындай ерекшелігі сөздік құрастыру ісінде көп жеңілдіктер әкеледі. Көптеген сөздіктерде негізгі туынды сөз мағынасы сөз болмай, түбірдің мағынасы ғана беріледі. Мұндайда сөз іздеуші негізгі түбірдің мағынасына туынды уазн мағынасын қосу арқылы анықтай алады. Айталық, муәддәб сөзінің мағынасын түсіндірме сөздіктен таппадық делік. Мұндай жағдайда осы сөздің түбірінің мағынасын қараймыз. Бұл сөздің түбірі әдәб "әдеп", "тәрбие" деген мағына береді. Ал муәддәб сөзінің уазны –әддәбә (тәрбиелеу) етістігінің ырықсыз есімшесі. Сонда муәддәб сөзі "әдепті", "тәрбиелі" деген мағына беретінін оның уазны арқылы таптық.

Ал М.Қашқари "Диуан луғат әт-туркте" қолданған уазндардың семантикалық реңкі жоқ, яғни уазнның өзі белгілі бір мағынаға ие емес. Мысалы, фуъалдии және фаъъуул уазндары есімге немесе етістікке қатысты қолданылатындығын есептемегенде, ешқандай мағынаға ие емес.

М.Қашқари қолданған уазндарды: есім (исм) және етістік жасалатын уазндар деп екіге бөлуге болады. Мысалы, ләм әрпі сукунді қалған әріптері әртүрлі харакатты фаъалдии уазнынан етістіктер жасалса, әртүрлі харакатты фаъл уазнынан есім (исм) сөздер жасалады.

Исхақ әл-Фараби мен М.Қашқари қолданған, сөздіктегі атау сөздерді алдымен кітаптарға, яғни тарауларға одан кейін баптарға бөліп, уазндардың негізінде топтастыру принципінде кемшіліктер жоқ емес. Оларды төмендегідей түсіндіруге болады:

Мұндай кемшілік "Диуан әл-әдәбта" да бар. Сондықтан қарапайым тілдік тұлға үшін сөз құрамындағы қай әріптің қосымша, қай әріптің түбір екендігін ажырату қиын. Өйткені нақты бір ереже жоқ. Мысалы, әл-Фараби фаъләлил уазны мен фанъилил уазнын бірге беріп, осы екі уазнға сай келетін төрт қана атау сөз келтіреді. Олардың үшеуі фанъилил уазнына, қалған біреуі фаъләлил уазнына сәйкес. Қарапайым оқырман, мысалы, хандәлис (баяу жүретін, жүрісі ауыр түйе) және қаһбәлис (еркек) сөздеріндегі қосымша әріпті мүлде ажырата алмауы мүмкін. Әл-Фараби алғашқы мысалдың нун әрпін қосымша деп есептегенмен, фиъләллә(тун) уазнында келген хинсаъба(тун) (көп сүт беретін түйе) және хинзақра(тун) (аласа, қысқа) сөздерінде екінші тұрған нун әрпін қосымша деп танымаған.