Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Диссертация Ержан Абишев.doc
Скачиваний:
47
Добавлен:
17.02.2016
Размер:
1.26 Mб
Скачать

І. Менеджменттегі бәсекеге қабілеттіліктің ғылыми негіздері

1.1 Қазіргі жағдайда кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттіліктерін қалыптастыру теориялары

Қазіргі нарық жағдайында кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі көбіне-көп олардың экономикалық әлеуетінің жай-күйіне тәуелді. Бәсекеге қабілеттілік бір мезгілде экономикалық әлеует деңгейі артуының тек себебі ғана емес, сонымен қатар салдары да болып есептеледі.

Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің оның экономикалық әлеуетіне қатысты өзара іс-қимылы баламалы (альтернативті) құн, экономиканың оңтайлы (оптималды) қызметі, бәсекелік артықшылықтар, адам капиталы, экономикалық өзара іс-қимыл, ғылыми-техникалық прогрестің экономикасы теорияларында қарастырылады. Теория мәліметтері кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің оның экономикалық әлеуетіне қатысты өзара іс-қимылының әр түрлі аспектілерін зерттейді. Осындай іс-әрекеттің маңызды аспектісі кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін оның экономикалық әлеуетінің қалыптасуы негізінде қамтамасыз ету болып табылады.

Баламалы құн теориясын жасаушылардың (А. Смит, Д. Рикардо, А. Маршалл, П. Хейне) фундаменталды ережелері кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін қажетті ресурстардың үйлесімін анықтауға қатысты әдіснамалық (методологиялық) көзқарастарды қамтиды. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің экономикалық әлеуетпен өзара іс-қимылына қатысты осы теорияны қолдану бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету мүмкіндіктерін таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, олардың құны басқа мүмкіндіктерді қолданбаудан туындайтын шығындармен өлшенеді.

Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі ресурстардың әрқандай типтерінің әр түрлі сандық ара қатынастағы шығындарына тікелей тәуелді. Бұл шығындар баламалы мүмкіндіктер құндылығы ретінде түсіріндіріледі, әрі олар қолда бар ресурстарды пайдаланбау себепті жүзеге асырылмайды. Экономикалық теория тұжырымдамасына сәйкес бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етумен байланысты барлық шығындар баламалы құн болып саналады, яғни біз бас тартуға мәжбүр болған баламалы мүмкіндіктер құндылығы болып есептеледі. Ресурстар шығындары кәсіпорын өзінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде құрбандыққа шалатын мүмкіндіктердің ғана құндылығын бейнелейді.

Баламалы құн теориясы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін ресурстар құндылығын анықтауға мүмкіндік береді. Алайда бұл үшін қажетті ресурстар саны мен құрылымын анықтау аспектісі әлі де зерттелмей отыр.

Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін ресурстар саны мен құрылымын анықтау бойынша ғылыми ережелердің дамуы экономиканың оптималды қызметі теориясында орын алған (А.Г. Гранберг, Л.В. Канторович, В.С. Немчинов, В.В. Новожилов, Н.Я. Петраков, Н.П. Федоренко, С.С. Шаталин).

Осы теорияның тұжырымдары контексінде бәсекеге қабілеттіліктің экономикалық әлеуетпен өзара іс-әрекеті экономикадағы ресурстардың заңды түрдегі шектеулігі жағдайында іске асырылады. Теорияның күрделі (фундаменталды) ұғымы кәсіпорын қызметінің объективті шарттарын дәлелдейтін тапшылық ұғымы болып саналады, бұндайда бәсекеге қабілеттілікті арттыру мүмкіндігі кез келген сәтте шектеулі болады.

Тапшылықты, яки дефицитті ресурс көлемі кәсіпорын қызметінің оңтайландырушылық міндетін шектеуші ретінде алға шығады. Бұл оптималды тұрғыдан тапшылықты ресурс толық пайдаланылады дегенді білдіреді және егер тапшылықты ресурс саны өзгерсе, онда мақсатты функцияның оптималды мәні де өзгереді. Қандай да бір нақты ресурстың (оның ішінде экономикалық әлеуетті қалыптастырушы ресурстардың) тапшылық дәрежесі бәсекеге қабілеттіліктің жоспарланған деңгейі мен кәсіпорын ресурстарының құрылымына тәуелді. Ресурстар құрылымының аса маңызды сипаттамасы олардың өзара бірін-бірі толықтыруы мен өзара бірін-бірі алмастыруының барлығы болып табылады.

Экономиканың оңтайлы қызмет теориясы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету мәселесінің тек бір жағын, яғни ресурстардың оңтайлы құрылымын қалыптастыруды ғана қарастырады. Кәсіпорын қызмет ету (оның ішінде экономикалық әлеуметті пайдалану) үдерісіндегі ресурстар құрылымы мен сипаттамасының өзгеріске түсу тетігі (механизмі) әлі де теориялық тұрғыдан негізделмеген.

Бәсекелік артықшылық теориясында кәсіпорын үшін өзінің тікелей бәсекелестері алдында белгілі бір артықшылық жасайтын тауар немесе марка қасиеттері мен сипаттамасын қалыптастыру негізінде сол кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге қажетті ғылыми көзқарастардың негіздемесі бар. Теория авторлары (М.Портер, Ж.Ламбен) төмендегідей сипаттамаларды жатқызады: нақ тауардың өзіне қатысты (базалық қызмет), негізгі тауармен ілесе жүретін қосымша қызметтерге қатысты, кәсіпорын немесе тауарға тән өндіру, өткізу немесе сату түрлеріне қатысты сипаттамалар. Артықшылықты анықтауға қатысты қарастырылып отырған көзқарастарды толық деп айтуға болмайды, себебі бәсекелік артықшылықтар теориясы экономикалық әлеуетті кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің сипаттамасы ретінде де, бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуші фактор ретінде де қарастырмайды. Ал экономикалық әлеуетті дамытпайынша және қалыптастырмайынша нарықта өте жақсы позиция иелену мүмкін емес, бұл бәсекеге қабілеттілік пен экономикалық әлеуеттің өзара тиімді іс-әрекетін орнатуды талап етеді.

Экономикалық өзара іс-әрекет теориясында (В.Ю.Микрюков, Б.А.Райзберг, Т.Г.Долгопятова) осындай өзара іс-әрекеттің әдіснамалық негіздері мен экономикалық өзара іс-әрекетті жүйелік көзқарас принциптеріне сәйкес ұйымдастырудың әдістемелік ережелері бар. Аталған теория жалпы ғылыми болып саналады. Ол экономикалық нысандардың үлкен көлемді тізіміне қатысты түсіндірушілік, болжалдық және міндеттеушілік қызметтерді атқарады және және кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық әлеуетінің ерекшеліктеріне сай бейімделуді талап етеді.

Жоғарыда қарастырылған теориялардың шолуы келесідей тұжырымдар қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұл теориялар зерттеушілерді кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін оның экономикалық әлеуетін қалыптастыру негізінде қамтамасыз етудің жекелеген теориялық, әдістемелік және қолданбалы мәселелерінің шешімін табуға арналған ғылыми құралмен қаруландырады.

Алайда әдебиеттерді зерттеу кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің оның экономикалық әлеуетімен өзара әрекеттесуі кешенді экономикалық зерттеу тақырыбы бола алмағандығын көрсетті, бұл экономикалық ғылымның әрі қарай дамуына кедергі келтірер фактор болып саналады және шаруашылық практикасы қажеттіктеріне сәйкес келмейді.

Қазіргі кезде ғылым бәсекеге қабілеттілік пен экономикалық әлеуеттің өзара іс-әрекеті туралы эмпирикалық білімнің белгілі бір көлеміне ие.

Эмпирикалық зерттеулер кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы қажеттіктер мен экономикалық әлеуетті ұлғайтудағы шектеулі мүмкіндіктер арасындағы қарама-қайшылықты айқындауға мүмкіндік берді. Бұл қарама-қайшылық кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін оның экономикалық әлеуетін қалыптастыру негізінде қамтамасыз етуге қатысты әдістемелік көзқарасты әзірлеу қажеттігін белгілейді.

90-жылдардың ортасынан бастап бәсекеге қабілеттілік ұғымы Қазақстанның әлемдік шаруашылық тұрғысын (позициясын) бағалауда ең бастыларының бірі бола түсті. Импорттық тауарлармен қатаң бәсеке жағдайында кәсіпорындарға «сатып алушы нарығына» сәйкес келетін бәсекелік күресті жүргізу әдістерін игеру қажет болды. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілік деңгейі кәсіпорынның экономикалық жағдайының барометрі, кәсіпорындар дәрменсіздігін бағалаудың бұрыннан барларына қосымша ретіндегі критерийлерінің бірі болуы тиіс еді. Бәсекеге қабілеттілікті басқару мүмкіндігі отандық кәсіпорындардың өмір сүруі мен дамуы үшін аса қажетті болып есептеледі.

Алайда осы мәселеге арналған еңбектердің көптігіне қарамастан, «бәсекеге қабілеттілік» категориясын түсінуде кейбір өзгешеліктер кездеседі. Бәсекеге қабілеттілікті оның әр түрлі деңгейлерінде талдау мен бағалауға қатысты көзқарастардың көп түрлі, анықтамалардың көп нұсқалы болып келуі, салыстырмалылығы орын алған.

Ең алдымен тауарлардың, тауар өндірушілердің, салалардың және елдердің бәсекеге қабілеттілігі бөліп қаралатынын атап өткен жөн. Осы барлық деңгейлер арасында тығыз өзара байланыс бар: елдің және саланың бәсекеге қабілеттілігі қорытындысында нақты өндірушілердің бәсекеге қабілетті тауарлар шығару қабілеттеріне тәуелді. Сөйтіп, бәсекеге қабілеттіліктің барлық қалған деңгейлері негізінде «тауардың бәсекеге қабілеттілігі» жатыр, яғни, бұл категория базалық болып табылады.

Көбіне-көп «тауардың бәсекеге қабілеттілігі» категориясын «кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі» категориясына теңестіреді. Мысалы, И.В. Константинова: «Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі деп оның нақты және потенциалды мүмкіндігін, яғни нақты жағдайда бағалық және бағалық емес сипаттамалары бойынша тұтынушылар үшін бәсекелестердің тауарларына қарағанда неғұрлым өтімдірек тауарларды жобалау, дайындау және өткізу қабілетін түсінген жөн», - деген анықтама береді. [1]

Алайда тауардың бәсекеге қабілеттілігі кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің қажетті де, бірақ жеткіліксіз шарты болып саналады. Кәсіпорын бәсекеге қабілетті өнім шығаруы, дегенмен бәсекеге қабілетті болмауы мүмкін. Мұндай ситуацияның айқын мысалы ретінде көптеген отандық әскери-өнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының жағдайын келтіруге болады.

Тауар мен кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі ұғымдары арасындағы келесідей негізгі өзгешеліктерді бөліп қарауға болады:

  • Тауардың бәсекеге қабілеттілігін бағалау оның әрбір нақты түріне қатысты қолданылады, ал кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі барлық номенклатура мен ассортиментті, сол сияқты кәсіпорын іске асыратын өндірістік экономикалық қызметтің барлық түрлерін, атап айтқанда қаржылық, инвестициялық және т.б. қызмет түрлерін қамтиды;

  • Тауардың да, кәсіпорынның да бәсекеге қабілеттілігінің мойындалуы нарықта жүзеге асырылады. Сонымен бір мезгілде тауардың бәсекеге қабілеттілігінің кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінен айырмасын тек тұтынушы ғана емес, сонымен қатар өндіруші де бағалайды. Нақ кәсіпорынның өзі нақты жағдайда осы өнімді шығарудың тиімділігі хақындағы мәселені шешеді;

  • Тауар мен кәсіпорын өмірлік циклдің әр түрлі уақыттық кезеңін иеленеді. Егер зерттеудің тақырыбы бәсекеге қабілеттілікті ағымдық бағалау болып табылса, онда уақыт факторы белгілі бір мәнге ие емес, алайда әңгіме ұзақ мерзімді аспекті жайында болғанда, кәсіпорынның өмірлік циклі, әдетте, ұзаққа созылатынын ескерген жөн. Кәспіорынның қызмет ету кезеңінде бұйымдардың бірнеше ұрпағы бірін-бірі алмастыруы мүмкін. Сонымен бірге кейде өнімнің өмірлік циклі кәсіпорынның қызмет ету кезеңінен артып кетеді (мысалы, шикізаттық топтың базалық тауарларын өндіруде, кәсіпорынның банкроттығы мен қайта ұйымдастырылуы жағдайында және т.б.).

«Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі» категориясына кейбір авторлар берген анықтамаларды талдап көрейік:

Р.А. Фатхутдинов: «Бәсекеге қабілеттілік – нысанның қасиеті, ол осы нарықта ұсынылған тектес (аналогиялық) нысандармен салыстырғандағы нақты қажеттіліктің реалды немесе потенциалды қанағаттандырылу дәрежесімен сипатталады. Ол осы нарықта тектес нысандармен салыстырғанда бәсекеге төзе білу қабілетін анықтайды». [2]

Д.Е. Ивахник: « Өнеркәсіптік кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі – бұл шаруашылық жүргізуші субъектінің нақты нарық жағдайындағы, әрі белгілі бір уақыт кезеңіндегі кешенді сипаттамасы. Бұл сипаттама анықтаушы бірқатар көрсеткіштер, яғни қаржы-экономикалық, маркетингтік, өндірістік-технологиялық, кадрлық және экологиялық көрсеткіштер бойынша бәсекелстер алдындағы кәсіпорын артықшылығын, сонымен қатар субъектінің дағдарыссыз жұмыс істей білу және сыртқы ортаның өзгеру үстіндегі жағдайларына дер кезінде бейімделе білу қабілетін бейнелейді». [3]

Бұл авторлар кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін салыстырмалы категория ретінде қарастырады, яғни әрбір кәсіпорын қандай да бір сипаттамалары бойынша өз бәсекелестерімен салыстырылады. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігіне деген бұндай әдістемелік көзқарас логикалық түйсік те, математикалық сипаттама да тұрғысынан неғұрлым кең тараған және өте қолайлы көзқарас болып табылады. Сонымен бірге ол «кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі» категориясын өте терең қамтып бейнелей алмайды және төмендегідей бірталай елеулі кемшіліктерге ие:

  • Салыстыру негізі ретінде бір немесе бірнеше бәсекелестерді таңдау талданып отырған кәсіпорындардың бәсекелік позицияларын ранжирлеуге мүмкіндік береді, бірақ салалық конъюнктураны жиынтық, әрі объективті түрде бағалау мүмкіндігін тарылтады;

  • Негізгі акцент бәсекелестер көрсеткіштерін салғастыруға жасалады, сонымен бір мезгілде ортаның өзгермелі жағдайларына кәсіпорынның бейімделу мәселесі назардан тыс қалады;

  • Бәсекеге қабілеттілікті бағалауда жүйелілік жоқ, яғни кәсіпорын жұмысының локалдық та, интегралдық та параметрлері күрделі жүйеішілік байланыстар мен өзгеру серпіні (динамикасы) ескерілмей бір-бірімен салыстырылады.

Жоғарыда келтірілген анықтамалардың барлығы дерлік «кғәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі» категориясын тұрақты шама ретінде қарастырады, алайда ол басқа да көптеген экономикалық категориялар сияқты тап осындай болып есептелмейді: белгілі бір уақыт кезеңінде кәсіпорын бәсекеге қабілетті, ал келесі кезеңде, яғни нарық конъюнктурасы мен сыртқы орта өзгеріске түскен жағдайда бәсекеге қабілетсіз болуы мүмкін. Демек, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі – көптеген факторларға және уақыт ағысының өзгерісіне тәуелді категория.

Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің бар анықтамалары мен олардың кемшіліктерін назарға ала отырып, бұл категория келесідей позицияларды бейнелеуге тиіс екендігін атап өткен жөн:

Егер кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін салыстырмалы категория ретінде қарастыратын болсақ, онда неғұрлым объективті нәтижелер алу үшін салыстыру базасын арнайы ескеру қажет.

  • Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі – тұрақсыз шама.

  • Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі сыртқы және ішкі ортаның тұрақты өзгеру жағдайларына кәсіпорынның бейімделе білу мүмкіндігін бейнелеуі тиіс.

  • Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі дағдарыссыз қызмет ету мүмкіндігін бейнелегені жөн.

  • Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі – күрделі де кешенді көрсеткіш, яғни оның бағасын бір көрсеткіштің анықтамасына ғана жатқызуға болмайды.

Жоғарыда санамаланғандарды ескере отырып, төмендегідей анықтаманы қалыптастыруға болады: кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі – бұл кәсіпорынның кез келген уақытта өзінің бәсекелік артықшылықтары мен пайдалылығын қамтамасыз ету, сонымен қатар сыртқы ортаның тұрақты түрде өзгеру жағдайына бейімделе білу мүмкіндігін сипаттайтын оның кешенді сипаттамасы.

Басқарудың заманауи теориясында бәсекеге қабілеттіліктің төрт деңгейін немесе стадиясын бөліп қарау дәстүрге енген. Олардың әрқайсысына басқару мен маркетингті ұйымдастыруға қатысты өзіндік көзқарастар сәйкес келеді.

Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігінің бірінші деңгейінде кәсіпорындар немесе фирмалар менеджерлері басқару факторын іштей бейтарап факторы ретінде қарастырады. Олар жүйелі менеджмент өздерінің компанияларында жолға қойылғандықтан, ендігі жерде басқару бәсекеге қабілеттілікке ешқандай әсерін тигізбейді деп есептейді. Бұл менеджерлер өз рөлдерін бәсекелестер үшін де, тұтынушылар үшін де қандай да бір «тосын сыйлық» жасамай, ерекше қиналмай-ақ өнім шығаруда деп біледі. Сонымен бірге менеджерлер көбіне-көп өз өнімдерінің сапасына, өздерінің маркетинг және өткізу қызметтерінің тиімділігіне сенімді болатыны соншалық, өздері жарнамалайтын тауарларын тұтынушыларына жеткізу арқылы оларды «бақытты етеміз» деп ойлайды. Өндірісте немесе басқаруда кез келген қосымша күш жұмсау, олардың пікірінше, артықшылық.

Егер компания нарықта бәсекеден бос орын таба алса ғана, бұндай көзқарас оған жетістік алып келуі мүмкін. Әдетте, бұл нарықтағы өз орнын табуға әрекет ететін шағын кәсіпорынға немесе фирмаға тән. Алайда бизнес көлемінің ұлғаюына қарай компания не нарықтағы өз сегментінен асып кетеді және нарықтың жаңа сегментінде бәсекеге түседі, не оның сегменті басқа өндірушілер үшін тартымды, әрі өсу үстіндегі нарыққа айналады. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бәсеке алыс және түсініксіз емес, керісінше жақын да қолға ұстарлық нәрсе бола түседі. Әрине, тиісті сапаға ие өнім шығару және жүйелі менеджментті жөнге қою ғана жеткіліксіз. Бәсекелестер баға, өндіріс шығындары, сапа, жеткізу дәлдігі, қызмет көрсету деңгейі және т.б. салаларда ұсынған стандарттардан асып түсу жағына басты көңіл аударған жөн болады.

Көптеген қазақстандық компаниялар және бұрынғы мемлекеттік кәсіпорындар бизнес көлеміне қарамастан бәсекеге қабілеттіліктің нақ осы деңгейінде тұр. Бұл деңгейге шетелдік фирмалардың филиалдары ретіндегі кейбір компанияларды да жатқызуға болады.

Бәсекеге қабілеттіліктің бірінші деңгейіндегі қазақстандық кәсіпорындардың өздеріне тән белгілері төмендегілерде көрініс тапқан:

  • маркетингті басқарудың жақсы жағдайда басқаларына қарағанда неғұрлым маңызды функцияларының бірі ретінде түсіну. Осыдан өнімді өткізудегі жарнаманың, әсіресе теледидар арқылы жүретін жарнаманың шексіз мүмкіндігіне деген сенім туындайды;

  • қарапайым, яки примитивті бағалық бәсекеге деген көзсіз сенім. Бағаны неғұрлым көбірек түсірсең, кез келген мәселенің шешімін тез табуға болады деген ұғым алға шыққан;

  • нарықты зерттеуге деген айрықша немқұрайдылық. Бұндай кәсіпорындарда маркетинг таза өткізушілік жұмыс ретінде қабылданады;

  • жұмыскерлердің біліктілігі мен ынтасына, персоналды басқару мәселелеріне көңілдің жеткілікті бөлінбеуі. Әдетте, бұл кадрлардың жоғары тұрақсыздығында көрініс табады. Өндіріс көлемін көбейту қажет болғанда қосымша персонал жалданады. Ал мұндай көзқарас өнім сапасына да, демек оның бәсекеге қабілеттілігіне де жағымсыз әсер ететіні жөнінде ойланбайды;

  • жалпы басқару факторының мәнін түсінбеу. Басқару құрылымы мен жүйесін, түрлері мен әдістерін жетілдіру мәселесін артықшылық деп санау. Лайықты болғанға немесе кезінде өзін жақсы тұрғыдан көрсеткенге ғана назар аударылады. ҚР-да бәсекеге қабілеттіліктің бірінші деңгейіндегі компаниялардың басым түсуі бір жағынан ішкі нарықтағы бәсекенің аздығынан оның әлсіз болуымен белгіленеді. Бұл жағдайда сапасыз өнім шығарып келген көптеген бұрынғы мемлекеттік кәсіпорындар тұрып қалады да, тұтынушыға шетелден келген импорттық тауарларды алудан басқа жол қалмайды. Екінші жағынан, оны мемлекеттік биліктің барлық деңгейдегі органдарының бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындарды табандылықпен қорғап, олардың банкроттығына қарсылық білдіруімен түсіндірген жөн. Бұл жерде билік органдары банкроттыққа кандидат кәсіпорындардың республикалық және жергілікті бюджеттерге төлейтін салықтарының жеткіліксіз болып келетіндігіне назар аудармайды. Демек, осының кесірінен бюджеттер «жұқара түседі». Осындай компаниялардың көптеген менеджерлерінің түсінігі (интерпретациясы) бойынша бизнес дегеніміз, ең алдымен, мемлекеттік бюджеттен неғұрлым көп қымқыра білу.

Бәсекеге қабілеттіліктің екінші деңгейіндегі компаниялар өздерінің өндірістік және басқарушылық жүйелерін «сырттан бейтарап» жасауға тырысады. Бұл осындай кәсіпорындар өздерінің негізгі бәсекелестері нақты нарықта (салада немесе аймақта) орнатқан стандарттарға түгелдей сәйкес келуі тиістігін білдіреді. Олар лидер-фирмалар сияқты өндіріс құруға тырысады, яғни саланың жетекші кәсіпорындарынан өндірісті ұйымдастыру әдістерін, технологияларды, техникалық тәсілдерді максималды түрде алып пайдалануға, өздерінің басты бәсекелестері алатын көздерден қажетті шикізат пен материалдарды, жартылай фабрикаттар мен жиынтықтаушы бұйымдарды алуға ұмтылады.

Осы деңгейдегі компаниялар бәсекелестерінің өнім сапасын басқаруға және қор мен өндірісішілік тысқары істер деңгейін бақылауға қатысты принциптері мен көзқарастарына иек артады.

Бәсекеге қабілеттіліктің екінші деңгейіндегі компаниялар ерекшеліктеріне төмендегілерді жатқызуға болады:

  • маркетингті басқарудың басты функциясына айналдыру. Бұл компаниялар, әдетте, өнімге бағытталған маркетинг тұжырымдамасын насихаттайды. Нарықты зерттеу – олар үшін жай нәрсе емес, керісінше аса тиімді жарнама арқылы потенциалды тұтынушылар жүрегіне жол таба білуге бағытталған жоспарлы да, күнделікті аналитикалық жұмыс;

  • маркетингтік бағытқа ие фирмалар болуға тырысу, оларда өндірісті жоспарлау мен дамытудың барлық үдерістері нарықты зерттеу қызметінің қатысуымен құрылған өткізу болжамына негізделеді.

  • бәсекенің айрықша айлалы түрлері мен әдістері, онда бағалық бәсекені тұтынушыларға қызмет көрсетудің сапасы мен деңгейі және т.б. бойынша бәсеке ығыстырып шығарады. Мұндай кәсіпорындар негізгі бәсекелестеріне осы параметрлер бойынша жақындауға ұмтылады;

  • кадрлық саясаттың өзгеруі. Бұл жерде фирма басшылары егер қажет болса, жұмысқа осы саланың басқа да компанияларынан басқарушылар мен мамандарды шақыруға тырысады, олардың жоғары біліктілігі мен кәсіби қасиеттеріне сенгенмен, нақты кәсіпорынның немесе өндірістің ерекшелігін ескермейді;

  • нарықта негізгі бәсекелстерінің жетістікке жетуін қамтамасыз ететін типтік басқарушылық, әрі неғұрлым кең тараған технологияларға бағыт ұстау. Еңбекті, басқару жүйесін ұйымдастыру мен ынталандыруды жетілдіру бұл арада «қанағаттанарлық деңгей» (бәсекелестерде бұл жоқ екен, демек бізге де қажеті жоқ) принципі бойынша жүзеге асырылады.

Бәсекеге қабілеттіліктің үшінші деңгейіндегі компаниялардың ерекше белгілері келесілерде көрініс табады:

  • бұл компанияларда тұтынушының мұқтаждықтары мен сұраныстары басты назарда болады, тұтынушыға бағытталған маркетинг тұжырымдамасы насихатталады, ал басқару өндірістік жүйелердің дамуына белсенді түрде жәрдемдесе бастайды;

  • мұндай компаниялар, шын мәнісінде, маркетингтік бағытқа ие бола түседі;

  • бәсекеге қабілеттіліктің үшінші деңгейіне қол жеткізген компаниялардағы өндіріс «іштен қолдау» табады. Оның дамуына ұйымның басқа да бөлімшелері бағыт ұстайды;

  • бәсекеге қабілеттіліктің үшінші деңгейіне қол жеткізген компаниялар қазақстандық бизнесте санаулы-ақ. Сондықтан біздің менеджменттің таяу болашақтағы басты міндеті – бәсекеге қабілеттіліктің үшінші деңгейіне дейін көтерілу, яғни өзіндегі басқару жүйесін әлемнің үздік компанияларындағы сияқты етіп құруға тырысу;

  • өнім өндіру саласындағы (ассортименттегі, сападағы және т.б.) кез келген жаңалықтар мен өзгерістер тек оларды тұтынушылар қолдайды деген сенім бар болғанда ғана іске асырылады.

Бәсекеге қабілеттіліктің үшінші деңгейіндегі компаниялар интеграцияланған маркетинг тұжырымдамасын ұстанады, ол тұтынушылардың мұқтаждықтары мен сұраныстарын болжауға бағытталған. Басқару мен өндірістік жүйелердің басқа қызметтері (функциялары) маркетинг талаптарына сәйкес тұрақты түрде жетілдіріледі. Бұл басқарудың анағұрлым үнемді, әрі тез қайта құрыла білетін аппаратын ұйымдастыру да, шешім қабылдаудағы неғұрлым жоғары жеделдік пен икемділік те, жұмыскерлерді жоғары деңгейде ынталандыру да болуы мүмкін. Өндірістік жүйелердің тиімділігі тек ішкі факторлармен (басқарушылық және көбіне-көп маркетинг құралдарының әртүрлілігі мен нәзіктігі, тұтынушылардың жоғары индивидуалды және көбіне-көп өзгермелі сұраныстары мен мұқтаждықтарына бағыт ұстаған оңтайлы өндірістік жоспарлау немесе сапаны кешенді басқарумен) ғана емес, сонымен бірге сыртқы басқарушылық факторлармен (басқару жүйесінің ұйымдастырылу сапасы және тиімділігімен) анықталады.

Бәсекеге қабілеттіліктің төртінші деңгейіне қол жеткізген компаниялар бәсекелестерінен ұзақ уақытқа алға шығып кетеді. Олар тек саланың басқа фирмаларының тәжірибесін көшіруге ғана ұмтылмайды және бар стандарттардың ең қатаңынан да асып түсуге тырысады. Олар бүкіл әлем бойынша кез келген бәсекелеске өндіріс пен басқарудың кез келген аспектісінде қыр көрсетуге дайын. Өндірісті басқару мен ұйымдастырудағы, даму стратегиясындағы кез келген өзгерістер бұл жерде нарықты зерттеу нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады. Сонымен қоса басқарудың барлық функциялары маркетингтік зерттеулер үдерісіне немесе олардың нәтижелерін жүйелеуге тікелей тартылары сөзсіз. Маркетингтік жұмыстар мамандандырылған бөлімшелерде аз жинақтала түседі. Ал бұл бөлімшелер мәліметтерді қорытады, басқа қызметтердің күш-жігерлерін үйлестіреді.

Міне, тап осындай кәсіпорындарды әлемдік деңгейдегі өндіріс, постиндустриалды эра өндірісі деп атауға болады.