Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
мірді тану.docx
Скачиваний:
15
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
34.01 Кб
Скачать

«Өзін-өзітану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының ықпалдастыру әлеуеті

Б. Айтуқызы, п.ғ.к.

Жаңа ғасыр толқыны әкелген жаңалықтарға сәйкес қазіргі заманда адамның тұлғалық дамуына баса назар аударылып, жас жеткіншектерге берілетін білім негіздері олардың жеке даралық қабілеттерін жетілдіруге қызмет етеді. Әр баланың ішкі мүмкіндігі мен өзіндік қарымын дамытуға әсер ететін рухани адамгершілік қағидалары жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының, өзін-өзі жүзеге асыруының аса қажетті шарты болып табылады.

Осы тұрғыдан келгенде еліміздің бірқатар мектептерінaде тәжірибеден өтіп жатқан өзін-өзі тану пәнінің оқыту мен тәрбие үрдісіндегі орны өзгеше. Оның өзгеше болатын себебі, бұл пәннің мазмұнын мектептегі басқа пәндердегідей ғылыми тұрғыдағы білім негіздері емес, керісінше руханилық бағдардағы тәрбиелік мәнді ұғымдар, оқушылардың өзіндік «Менін» қалыптастыруға ықпал ететіндей дәрежедегі адамгершілік құндылықтар қамтиды.

Өзін-өзі тану пәнін оқытуда оқыту үдерісіндегі ұтымдылық көрсететін оңтайлы әдіс-тәсілдерді пайдалану білім сапасының қажетті деңгейіне жетуге негіз болады. Ол өзін-өзі тану пәні мен өзге оқу пәндерінің инновациялық әдіс-тәсілдер арқылы өзара сабақтасып, ықпалдасуын қажет етеді. Оқу пәндерінің өзара ықпалдасуы пәнаралық байланысты дамытуды ғана емес, ол сонымен қатар әр пәннің өзіндік мақсаты мен міндетінің айқындала, толыға түсуін де қамтамасыз етеді. Сол себепті мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бастау алып, үздіксіз білім беру жүйесін тұтас қамтитын және болашақ 12 жылдық білім беру жүйесіне негізгі пәндердің бірі ретінде ендірілгелі отырған «Өзін-өзі тану» мен мазмұндық өзегі өзара өрімделген «Қазақ әдебиеті» пәндерін ықпалдастыру тиімді деп санауға болады.

Қазіргі кезде көп айтылып жүрген интеграция яғни салалас пәндердің өзара ықпалдасуы олардың мазмұндық, құрылымдық, ғылыми-теориялық, лингво-семантикалық және жалпыпедагогикалық аспектілерінің кірігуімен ерекшеленеді. Кіріктірілген пәндердің өзара байланысын төмендегідей белгілеріне қарай сипаттауға болады:

– ықпалдасу негізділігінің пәндік мазмұнға, оқыту нысаны мен әдістеріне сәйкестігі;

– білім мазмұнын сұрыптауда білім, білік дағдыларының құндылықты бағдарлы мәнділігін сақтау ұстанымының ескерілуі;

– оқушылардың компетенттілігін, тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологиялық әдіс-тәсілдердің жиынтығы болуы қажет.

Пәнаралық ықпалдасудың қазіргі оқыту үдерісінде толық, жартылай және блоктік деп аталатын үш түрі ұсынылады. Салалас пәндер мазмұнындағы оқу материалдарының бір курс төңірегінде топтасуы толық ықпалдасу деп аталады. Оқу материалдарының бір тақырып аясындағы ең өзекті мәселеге топтасуыжартылай ықпалдасуды білдіреді. Алблоктік ықпалдасу дегеніміз жалпы білім беру бағдарламаларының жеке пәндік бағдарламалармен ұштастырылуы.

Қай пән болмасын кіріктірілген сипатта қызмет ете алатындықтан «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасын өзге пәндермен ықпалдастыруда пәнаралық, пәнішілік байланыстар мен оқушының іс-әрекеттік қызметін арттыруға баса назар аударылады.

Бұл ретте әдебиет пен өзін-өзі танудың өзара ықпалдасуында мәдени-танымдық, тәрбиелік ұстанымдар тірек болады. Біртектес гуманитарлық білім аяларын құруға негіз болатын дидактикалық құрылым ретінде бұл пәндердің адамгершілік қағидалары негізге алынады. Рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының мазмұндық құрылымы ана тілі, әдебиет, тарих, философия, психология, педагогика, мәдениеттану, валеология, әлеуметтану, әдеп, эстетика ғылымдарының іштей кірігуімен ерекшеленіп, тақырыптық жүйе оқушылардың өзін-өзі жетілдіруіне ықпал ететін жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға бағытталады. Аталған пәндердің мазмұндық құрылымына әдеби көркем шығармалар негіз болатындықтан білім мазмұнын құрастыруда жалпыадамзаттық құндылықтар туралы ұғымдар жүйесі мен олардың адам өміріндегі көрінісін ескеру қажет.

5–7-сыныптар аралығындағы «Өзін-өзі тану» пәнінің білім мазмұны ретіндегі оқу мәтіндерін сұрыптауда жеке тұлғаның өмірлік дағдыларын, әлеуметтік белсенділіктерін дамытуға ықпал ететін көркем шығармалар таңдап алынып, жалпыадамзаттық мұраттар мен ұлттық рухани құндылықтардың өзара сабақтастығының тұтастығын сақтау басты бағдар болды. Рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының дамытушылық және тәрбиелеушілік міндеттері әр тұлғаның азаматтық келбетінің жоғары болып, олардың кез келген ортада белсенділік көрсете алатын қабілеттерін жетілдіруді көздейтіндіктен әдеби көркем туындыларды сұрыптауда қазақ халқының өрелі өрісінің түп төркіні халық ауыз әдебиетінің үлгілерін егемен елдің бүгінгі әдебиетімен сабақтастыру қарастырылды.

Бұл сыныптардағы рухани-адамгершілік тұрғыда берілетін білім мазмұнында ұлттық руханиятымыздың өзегін құрайтын қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілері, атап айтқанда, тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар, ертегі, әдеби ертегілер, аңыздар, эпостық, лиро-эпостық жырлар, тарихи жырлар, айтыс өнері мен шешендік сөздердің кейбір таңдаулы үлгілері беріледі. Халық ауыз әдебиетіндегі адамзаттық мүддені қорғайтын, өмірге бейімдейтін, әртүрлі әдептілік, әсемдік, әділдік, және шыдамдылыққа да жетелейтін құндылықтарды оқып-үйрену арқылы оқушылар халқымыздың ділін, дүниетанымын, мәдениетін танып, олардан тәлім алатын болады. Батырлар жырындағы бабалардың елін, жерін қорғаудағы ерліктері; лиро-эпостық жырлардағы сүйіспеншілік пен мөлдір сезім, салт-дәстүр; айтыс өнеріндегі ой тереңдігі, тапқырлық, суырыпсалма ақындықтан көрінетін даналық балалардың өз халқына деген сүйіспеншілік, құрмет сезімін асқақтата түседі. Әдебиеттің ерекше жанры драмалық туындылардағы кейіпкерлермен кездесе отырып оқушылар адам бойындағы жағымды немесе жағымсыз қасиеттердің мәнін ұғынып, өз істерінде оғаштық көрсетпеуді түсінетін болады.

Әдеби көркем туындылардың ізгілікті сипатына орай рухани-адамгершілік білім мазмұнында Әбу насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Ахмет Йас­сауи шығармаларындағы адам тәрбиесіне қатысты ұлағатты, өнегелі сөз оралымдары көрініс тапты. Жыр маржанын төгілткен Қазтуған, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Жиембет, Сүйінбай жыраулардың, Үмбетей, Тәттіқара ақын, Бұқар жырау, Шал ақындардың шығармаларындағы туған жер, сыртқы жаулармен болған азаттық күрес, өз дәуірінің шындығы, ерлік, ел бірлігінің нақыл мен өсиет ретінде жырлануы оқушыларды халқымыздың сан ғасырлық өміріндегі әр алуан адами қарым-қатынастармен қауыштырады.

Сонымен қатар бұл сыныптарда адам мүмкіндіктерінің шексіздігі, әр адамның бойындағы даралық қасиеттер мен қабілеттер және адамның ішкі дүниесі мен сыртқы келбетінің, сөзі мен ісінің үйлесімді болуы туралы да сөз болады. Берілген оқу мәтіндері бойынша оқушылар сыйластық, қайырымдылық, кеңпейілділік, жанашырлық, бауырмалдық тәрізді адамгершілік құндылықтардың адамдардың өзара қарым-қатынас жасаудағы мәнділігін ұғынады. Еліміздегі ынтымақтастық, өзара келісім, бірлік, тәуелсіздік, бостандық, достық, ұлтжандылық сияқты құндылықтарды түсініп, олардың қоғамдағы рөлі туралы оқып, үйрену де осы сыныптар аралығында қамтылады. Оқушыларға табиғатқа ізгілікті қарым-қатынас, қоршаған ортаның орны, денсаулықты сақтау мен нығайтуды үйрету және адамға кері әсерін тигізетін жағымсыз іс-әрекеттерден аулақ болудың жолдарын ұғындыруда көбінесе қазіргі замандық әдеби туындылардағы ізгілік мұраттары таңдалды.

Әр тақырыптың мазмұнын ашатын ата-баба өнегесі, әке мен бала қатынасы, ана мен әке қатынасы, қоршаған орта, күнделікті тіршіліктегі сыйластық пен мейірім, ар-ождан, қайрат, ақыл, жүрек, ерік, жігер, намыс, жан мен тән сұлулығы, т. б. құндылықтардың адам өміріндегі қажеттілігін сезініп, пайымдай алғанда ғана толық адам ретінде қалыптасуға мүмкіндік туады. Ол үшін адам өзіне не қажет екендігін дұрыс сезінуі ке­рек. Ежелгі грек философы Демократ адам өміріндегі қажеттіліктер олардың өзіндік ішкі мүмкіндіктері мен тілек-мақсаттарынан және сыртқы әсерлерден туындайтынын айта келіп, «Қажеттілік адамды барлығына да үйретеді», – деген екен. Олай болса, адам өмірінде қандай қажеттіліктер болады? Олардың бір-бірінен қандай айырмасы не­месе қандай ұқсастықтары бар? Күнделікті тұрмыстағы қажеттілік дегеніміз не? Адам өміріне орай әртүрлі қажеттіліктерді саралай отырып, барлық пәндерді ықпалдастыруды ойластыруға болады. Мысалы, биологиялық қажеттілік адам ағзасының дамуын қамтамасыз етсе, әлеуметтік қажеттілік адамның қоғамдағы орнын, мәнін анықтайды. Рухани қажеттілік – парасаттылық, танымдық, эстетикалық моральдық ізденістен туа­ды. Әлемді тану, табиғат әсемдігін, үндестілігін, үйлесімін, өнер жетістіктерін жүрекпен қабылдап бағалай алу, өзі өмір сүріп отырған ортаның заңдарын, ұлттық құндылықтарды қастерлей білу, махаббатты, сүйіспеншілікті, қайырымдылық пен имандылықты құрмет тұту тәрізді қажеттіліктерді өзін-өзі тануда ықпалдастық арқылы жеткізуге болады. Осы ретте біз әдебиет пен рухани-адамгершілік білім негіздерінің ықпалдасуын қарастыруды нысана етіп отыруымыздың себебі көркем шығарма – әдебиет пәнінің де өзін өзі танудың да мазмұнын құрушы материал болып табылады.

Әдебиет – адамзаттың асыл арманы, халқымыздың тарихи ізі, елдік-ерлік дәстүрлері, тұрмыс-тіршілігі, болмыс-бітімі кескінделген көркем шежіре. Ол – халықтың сан ғасырлық сөз өнерін атамұра, рухани байлық ретінде жеткізетін өмірдің көркем оқулығы. Әдебиетті тегін «өмір оқулығы» демесе керек. Олай болса, әдеби көркем шығарманың әр адамға өнеге, үлгі, тәлім-тәрбие беретін қуатының жоғары болуы оның адамгершілік ұстанымын аша түседі. Тәрбие ең алдымен адам жүрегіне жол табумен ерекшеленеді. Тәрбиенің әдістемелік негізін философиялық, психологиялық, педагогикалық тұрғыдағы баланың өзіндік қабілеті, белсенділігі, шығармашылығы, тұлғалық дамуы сияқты аспектілердің жиынтығы құрайды. Қазақ халқының ұлағатты өнегесі арқылы адамгершілікті тәрбие төңірегінде қаншама құндылықты ойлар айтылған. Сонау халықтық педагогикадан бастап, бүгінгі заманауи құндылықтардың бәрі де адам үшін қызмет етеді. Рухани-адамгершілік мазмұндағы әдеби көркем мәтіндердің ішінде Абай мен Шәкәрім шығармаларының алатын орны ерекше. Екеуі де адамзат баласын, адам әлемін сезіне, сүйе білуге шақырып, ізгілік еліне сара жол салады.

«Абай шығармаларының алтын арқауы болып Адам тұрады, адамға деген махаббат тұрады. Ұлы ақын нағыз адам, толық Адам қандай болуы керек? – деген мәңгілік сұраққа жауап іздейді, әрі оған жауап береді де», – деп Қ. Бітібаева айтқандай пейілі кең, ойы орнықты, талғамы терең, сезімі сергек, санасы жоғары, ең бастысы жүрегі жылы адамның рухани байлығы да мол болады. Абай айтқан жылы жүрек, ыстық қайрат, нұрлы ақыл адам баласын бақытқа бөлеп, өмірін өркендете түседі. Біздің өзін-өзі тану пәні рухани білім берудегі басты мақсатымыздың өзін осы Абай айтқан адамгершілік қағидаларын оқушы жүрегіне жеткізе білу деп ойлауға әбден болады. Әдеби тұрғыдан келгенде Абай мен Шәкәрім, Мағжан мен Мұқағали шығармаларының көркемдік ерекшеліктері айшықты оралымдардан көрінеді, ал бізге қажеттісі – олардың жан дүниесінің сұлулығы. Олар іздеген үйлесімдік пен ізгілік, махаббат пен достық, пейіл мен ықылас жарасымын адам бойындағы құнды қасиеттер деп бағалай отырып, біз әдеби-көркем туындылардағы мазмұн арқылы болашақ ұрпақты еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеуді нысана тұтамыз.