Клиникалық көрінісі.
Созылмалы гастриттің клиникалық көрінісі оның түріне,фазасына, асқазан секрециясының деңгейіне тәуелді. Көрінісіне мынадай жалпы белгілер тән:
-эпигастрий аймағының тамақ ішуге байланысты ауырсынуы;
-асқазандық диспепсия;
- созылмалы гастриттің салдарынан жалпы күй бұзылыстары, басқа ағзалардың екіншілік зақымдану белгілері.
Созылмалы гастритте эпигастрий аймағы сыздап ауырады. Антралды гастритте , секрецияның қалыпты немесе жоғары кезінде, ауырсынудың түрі жара ауруындағы ауырсынуға ұқсайды – ашқарында, тамақтанғаннан 1,5-2 сағаттан кейін мазалайды, өйткені пилорикалық канал мен онекіелі ішектің қышқыл затпен тітіркенуінен, асқазан қалтқысы түйіледі. Сондықтан ауырсыну эпигастрий аймағының оң жартысында орналасады. Аырсыну синдромы тамақтанғаннан кейін немесе спазмолитиктерді, сілтілі заттарды қабылдағаннан уақытша басылады.
Асқазанның секрециясы төмендегенде мысалы аутоимундық гастритте немесе В гастриттің атрофиялық пангастритке айналған кеш сатысындаэпигастрий аймағы жайылма ауырады. Асқазанның кілегей қабығының тағаммен тітіркенуінен және керілуінен, ауырғандық тамақты іше бастағанда немесе одан көп өтпей басталады.
Асқазандық диспепсия синдромының көрінісі секрецияның түріне тәуелді. Нормо- немесе гиперсекреция болса, мысалы антралды гастриттің алғашқы кезеңдерінде қыжылдау, қышқылмен кекіру жиі мазалайды. Гипо- немесе анацидтік жағдай қалыптасқан атрофиялық пангастритте ахилия синдромының көрінісі орын алады: тәбет нашарлайды, жүрек айну, кейде құсу, ауыздың темір татуы, құрғауы пайда болады; ауамен, ащы сұйықтықпен жиі кекіру және гастрогендік энтериттің белгіле- рі – ішектің шұрылдауы, метеоризм, кейде іштің өтуі байқалады.Кекірік шірік иісті болады. Диспепсиялық бұзылыстармен бірге, асқазан тонусының жойылу симптомдары мазалайды- эпигастрийде салмақ сезілу, тамаққа тез тойыну сезімдері болады. Гастриттің басқа түрлеріне қарағанда, атрофиялық гастритте жалпы күйдің және өзге ағзалардың екіншілік бұзылыстары пайда болады. Осыдан келесі белгілер анықталуы мүмкін:
-анемия қосылуынан тері жамылғылары қуқылданады;
- гиповитаминоздан ауыздық түсуі, тырнақтардың сынғыштығы;
- тілдің қою шөгіндімен қапталуы немесе В12жетіспеушілігінен кілегей қабықтың атрофиялануы, осыдан тіл ұшының ашып ауыруы және бетінің «жалаңаштануынан» тілдің таңқурай түсті қызаруы;
- тонустың жойылуынан асқазанның төменгі шегінің төмен түсуі(кіндік деңгейіне немесе одан да төмен );
-асқазанның барьерлік функциясының жойылуынан ішектің микробтық контаминациясының күшеюі, осыдан іштің шұрылдауы,оқта- текте өтуі және кебуі.
Қосымша тексеру әдістері.
1.Асқазанның гастринмен (0,005мг/ кг – 0,024мг/кг дозада) немесе пентагастринмен 6 мг/кг дозада стимуляцияланған секрециясын зерттеу. Оның мәліметтері атрофия процессін шамалап бағалауға және ем жобасын тиімді түзуге қажет.
2. Асқазанның рентгеноскопиясы. Бұл кезде гастриттің диагностикасында рентгеноскопияның маңызы жойылған. Оны асқазан рагынан күдіктенгенде ауруды анықтау үшін қолданады.Рентген зерттеудегі гастритке тән белгілер: асқазан қатпарларының әртүрлі қалыңдауы, қиғаш орналасуы; асқазан қабырғасының ригидтілігі; тонусының күшеюі, перистальтикасының жойылуы.
3. Фиброгастродуоденоскопия- созылмалы гастрит диагностикасының басты әдісі.
Визуалдық өзгерістер гастриттің түріне тәуелді. В типті гастритте антропилоробуль-биттің көрінісі анықталады: аталған аймақтардың ала-құла қызаруы, ісінуі, атрофия-лануы; кілегей қабықтың жарақаттанғыштығы, қанағыштығы, жайпақ немесе төмпек эрозиялар. Кампилобактерлік гастриттің 20% -на жара ауруы қосылады. Әдетте жаралар асқазанның шыға берісінде және онекіелі ішектің буылтығында орналасады.
А типті гастритте асқазан түбінің, денесінің диффузды атрофиясы анықталады(қыр-тыстарының аласаруы , жойылуы,кілегей қабықтың ақшылданып жұқаруы, астындағы тамырлардың көрінуі). Ахилияға байланысты асқазанның қалтқысы кейде аңырайып ашық тұрады. Антралдық бөлікте айтарлықтай өзгерістер болмай-ды, эрозиялар сирек кездеседі. Эрозиялар болса , онда аутоиммундық гастритке хеликобактериоздың қосылуынан күдіктену керек- мұндайда биоптаттардан НР –ды іздеу қажет.Диагнозды нақты анықтау үшін, күдік туғызатын ошақтардан биоптат алынып, гистологиялық және цитологиялық зерттеулер жүргізіледі. Ережесі бойынша биоптаттың саны 5-тен кем болмауы тиіс(2 антралдық бөліктен,қалтқыдан 2 см жоғары жерден, асқазан денесінен(кардийден 8 см қашықтан), артқы және алдыңғы қабырғаларынан және асқазанның бұрышынан).
