- •1 Лекция. Кіріспе. Оқыту және оқу әдістемесіне өзгеріс енгізудің қажеттігін
- •1. Бірлескен топтық жұмыс
- •1. Өзара позитивтік тәуелділік.
- •2. Бетпе-бет тұрғыдан өзара әрекеттесу.
- •3. Жеке жауапкершілік.
- •4. Тұлға аралық жұмыс дағдылары.
- •5. Топтың дамуы.
- •Бірлесе оқудың элементтері
- •Нәтижеге бағытталудың мақсаттары мен міндеттері
- •Мәдениет дегеніміз не?
- •Жағымды психологиялық орта орнату
- •1. Үйрену процесіне қатынасушылардың әрқайсымен өзара сыйластыққа негізделген жеке қарым-қатынас орнатуға мүдделі болу.
- •2. Қарым-қатынаста қысымнан бас тартып, «жұмсақ» әдістерді қолдану.
- •3. Әрбір үйренуші мен бүкіл топ жұмысына көмек пен жәрдем жасау, қол ұшын беруге дайындық.
- •5. Жағымды (позитивтік) және конструктивистік көзқарас ұстану, ешкімді де, ешнәрсені де (өзгенің пікірі мен көзқарасы) сөкпеу, даттамау.
- •Жұмысқа әртүрлі тәсілдер мен құралдарды қолдану арқылы үнемі жаңалықтар енгізіп отыру.
- •Шығармашылыққа негізделу, шығармашылық тұрғыдан қатысушылардың ашылуына мүмкіндік беру.
- •1. Оқудағы кедергілерді анықтау.
- •2.Оқудың аффективтік теориясы, оқушыларды ынталандыру.
- •Мотивация тудыру немесе қызығушылықты ояту
- •2. Үйренушілер талқыланатын тақырыпты кең ауқымды контексте қарастырады.
- •3. Үйренушілер белсенді болады.
- •4. Үйренушілер ізденіс, зерттеу және талдауға негізделген шығармашылық жұмыстарға жұмылады.
- •Мотивацияның ережелері
- •Қызығушылықты тудырудың кейбір тәсілдері
- •Сәттілікке бағытталу
- •1. Оқудағы әлеуметтік өзара іс-қимыл, әлеуметтік өзара іс-қимыл ауқымын кеңейту.
- •2. Сабақтың интерактивті және инклюзивті болуын қамтамасыз ету.
- •1 Интербелсенді әдістеме - өзара әрекеттесу, әрекет арқылы үйрену/үйрету
- •Интербелсенді оқу/оқытудың негізгі қағидалары мен мақсаттары
- •6 Лекция. Оқудағы кедергілер.
- •Неліктен оқушылар ашық тапсырмаларды аса күрделі деп санайды?
- •Неліктен бірлескен жұмыс маңызды?
- •Мұғалімдер оқушылармен қалайша жақсы қарым-қатынас орнатты?
- •Дарынды және талантты балалардың әлеуетін қалай анықтай аламыз?
- •Диалог – адамгершілікті иемденудің негізгі құралы
- •Диалог – адам өмірінің мәні мен мақсаты
- •Тұлға аралық қарым-қатынас мақсаттарын айқындайтын етістіктер
- •3.5 Диалог арқылы оқыту және ұстаздардың ынтасы
- •Тәжірибеде оқытуды басқару және көшбасшылық
- •Жұмысты дамытуға басшылық жасау
- •Әріптестермен және қызығушылық білдіретін тараптармен кеңесу
- •Командаларда жұмыс істеу
- •Мектеппен серіктестік қарым-қатынас орнату
- •Оқушылармен жұмыс
- •Кері байланыс тұрғысынан басқару іс-тәжірибесі
- •1.2 Бағалаудың мағыналары туралы
- •Оқу жүйелеріндегі бағалау ерекшеліктері
- •«Бағалаудың алты қағидасы»
- •2. Бағалау тәсілдері
- •2.1 Тестілеу
- •1. Қысқа жауапты қажет ететін ашық тестер
- •Pisa тестері туралы
- •Оқушылар сіздің тізбектелген сабақтарыңыздың тақырыбына қатысты
Дарынды және талантты балалардың әлеуетін қалай анықтай аламыз?
Лекция 10.
Диалог – адамгершілікті иемденудің негізгі құралы
Қазіргі заманда білім адамды бұрынғыдай табиғатты өзіне бағындырып, дүниені игеру немесе өзгерту үшін қажетті ұғымдармен «қаруландырмай», керісінше оның болмыс пен жаратылыс заңдылықтарын біліп, дүниеге бейімделіп, «кірпіш» секілді «қалануына» әкелуі керек. Білім адамға ақыл беріп, әлемді көріп, түсінуге, оған өзінің жан дүниесін ашуға, сол арқылы ақиқатты ізденуге жетелеуі қажет.
Білім әр адамға өз әлемін айқындап, оның құндылықтары мен қағидаларын белгілеуге көмек беруі керек. Бұл арқылы адам өзінің ішкі жан дүниесін ашып, оны басқаруға үйренеді. Кешегі дәстүрлі оқыту жүйесі тұлғаның дамуын оның парасаттық (интеллектуалдық) деңгейімен түсіндірсе, бүгінде бұл мәселе тұлғаның өзіндік рефлексиясымен (яғни қоршаған, зерттеліп жатқан болмысқа деген адамның өзіндік көзқарасы, оның құндылықтарын, себептері мен салдарын, мағынасын түсінуі) байланыстырылады.
Ал бүкіл Әлемді және басқаны түсінуге, адам болуға, адамгершілік қасиеттерді бойыңа дарытуға тек диалог арқылы ғана жетуге болады. 1998 жылы өткен Әлемдік философиялық конгресте диалог - тұлғаның адамгершілік қасиеттерді иемденудің ең басты тәсілі деп аталғаны бекерден бекер жәйт емес болар.
Сонымен, білімнің басты мақсатын «Үйрету!» емей, «Адами қасиеттерді басқа адамды түсіну арқылы бойға сіңіру үшін қажетті жағдайлар жасау» немесе, басқаша айтқанда, «Диалог пен қарым-қатынасқа үйрету» деп қабылдап, «Диалог – оқу/оқыту процесінің басты құралы» деген қағиданы ұстану керек.
Диалог – адам өмірінің мәні мен мақсаты
Сайып келгенде, тiршiлiктiң негiзi осындай қарым-қатынас пен диалогқа орнығады: басқаның ойымен, пiкiрiмен, көзқарасымен санасу, бөтендi түсiне бiлу, өзiңдi оның орнына қоя бiлу – осы қасиеттердiң бәрi де әлеумет ахуалын белгiлейтiндiгi даусыз тұжырым. Өмiрде ең керектi бiлiм – қоғамда қарым-қатынас құра бiлу, басқа адамдармен тiл табысу. Мiне осылай ғана бiз әр адамға тән, табиғатымызда жаратылыстан қалыптасқан менмендiктен арыламыз. Философ Эрих Фромм келесi сөздерде осы ойды меңзеген сияқты: «Адамның өмiрдегi басты мақсаты – нарциссизмнен (яғни, менмендiктен) арылу» (Э.Фромм, 64).
Пәлсапашы Қанат Нұрланованың пайымдауы бойынша, қарым-қатынас идеясы қазақ ұлттық философиясының негiзiнде жатыр. «Өмiр мәнi – араласу, қатынасу, iштесу, қауышу, дидарласу, жүздесу, яғни, түсiнiсу»,- деп түсiнген ата-бабаларымыз осы әрекеттер арқылы басқа адамға, оның көзқарасы мен дүниетанымына, ойы мен пікіріне деген ыждаһат пен ықылас қалыптасатындығына көздерiн жеткiзген (К.Нурланова, 4).
Соңғы кезде жиi келтiрiлетiн Ысты Бөлтiрiк шешеннiң келесi сөздерiнде де осы терең мағыналы идея жатыр: «Қарт шешеннен:”Өмiрдiң мәнi не: бала ма, бақ па, дәулет пе?»- деп сұрағанда, ол былай деп жауап берген екен: «Бала деген артта қалған iз емес пе, бақ деген аспанда ұшқан құс емес пе, дәулет деген қолда ұстаған мұз емес пе? Бұл өмiрдiң мәнi – сiз бен бiз емес пе?!»
Сонымен, адамзат ғұламалары біздің тек қана қарым-қатынас арқылы, диалог құру арқылы ғана Әлемді тануымыз ықтимал, яғни таным мен білім - адамдардың өзара әрекетінің нәтижесі деп есептеген, тіпті қарым-қатынас, диалог - өміріміздің мәні деп түсінген. Олар ықылым заманнан бері бұл қағиданы адам өмірінің негізі ретінде санап келеді. Адамның жаратылысынан әлеуметтік мақұлық екендігін де ұмытпау керек: біз бір-бірімізсіз өмір сүре алмаймыз.
Экзистенциализм философиялық бағытының көрнекті өкілі Карл Ясперс адам өз өмірінің мәнсіздігінен, абсурдтығынан, өмірдегі жалғыздығынан, жаттанудан тек шынайы қарым-қатынас (коммуникация) арқылы ғана арылуына болады деп есептеген. Қарым-қатынас дегеніміз, К.Ясперс бойынша, жақын адамдармен бірін-бірі жақтыру, достық пен махаббат жағдайында қауышып, ешкімге де ұқсамайтын қайталанбас (уникалды, уникумды) ішкі жан дүниеңді жүзеге асыру (А.Перцев, 9).
Кезінде Кеңес Одағында есімі тек әдебиеттанушыларға ғана мәлім болып қойған, ал Батыста терең философ ретінде дәріптелген М.М.Бахтин атақты орыс жазушысы Ф.Достоевскийдің шығармашылығын талдай келе, былай деп жазған еді: «Адамның шынайы өмірін сөзбен құрастырудың жалғыз ғана адекваттық формасы болып ешқашан аяқталмайтын диалог танылады. Өмір өз табиғаты бойынша диалогтық құбылыс. Өмір сүру дегеніміз диалогқа қатысу: сұрау, тыңдау, жауап беру, келісу және т.с.с.» (М.Бахтин, 153).
Тағы да бір жерде М.М.Бахтин былай дейді: «Достоевскийде адам қаратпа субъектісі болып шығады. Ол туралы айтуға болмайды, - оған тек қаратып сөйлеуге болады. Сол себепті де Достоевскийдің көркем әлемінің нақ ортасынан диалог орын алған, және де диалог тәсіл ретінде емей, мақсат ретінде қолданылады. Бұл жерде диалог әрекеттің себепкері емес – ол әрекеттің өзі... Болу дегеніміз диалог арқылы қарым-қатынас құру» (М.Бахтин, 338). Диалог туралы ойын М.Бахтин әрі қарай былай деп пысықтайды: «Барлығы да құрал, ал диалог – мақсат. Бір дауыс ешнәрсені аяқтамайды және ешнәрсені шешпейді. Екі дауыс - өмір минимумы, болмыстың минимумы... Достоевский диалогының негізгі схемасы қарапайым: «мен»-нің «басқаға» қарама-қарсы тұруы тәрізді, адамның адамға қарама-қарсы тұруы» (М.Бахтин, 339).
Философияда сөйтіп диалог тек қана қарым-қатынас құралы болмай, сонымен бірге өмірлік мақсат ретінде танылып отыр. Бұл тұжырым өмірге деген көзқарасты түбегейлі өзгертуі мүмкін. Ол «Өмірдің мәні – қарым-қатынас пен диалог, өмірдің өзі де қарым-қатынас пен диалог» деген өмірлік қағиданың үстемдігіне бастайды. Ал бұл дегеніңіз әр адамда басқаға деген ынта мен ықыластың пайда болуына алып келеді, адам өз өмірінің мәнділігі мен толыққандылығын тек басқалармен байланыс пен қарым-қатынас арқылы ғана өлшейтін болады. Ол басқалар үшін өзінің ішкі әлемін айқара ашып, басқаларды тануға ұмтылады, сол арқылы «Мен ғана!» деген эгоцентристік көзқарастан арылып, өз жүрегінде адами қасиеттерді ұштай түседі, адамгершілікке негізделген құндылықтарға бағытталады.
Диалогтың ерекшеліктері
Диалог - екі жақтың сөз арқылы ауызша немесе жазбаша қарым-қатынасы. Мұнда екі жақтың құқықтары бірдей болғандықтан, диалогты демократиялық қоғамдағы қарым-қатынастың басты нысаны деп атауға тұрарлық. Ал демократиялық қоғамның әрбір мүшесі өмірде туындаған қандай да болмасын проблеманы терезесі тең тұлғалардың қарым-қатынасында талқылауға дайын болып, өзінің конструктивтік позициясын басқаларға білдіруге және жеткізуге ұмтылады. Бұл қарым-қатынас міндетті түрде конструктивтік ұстанымда болып, басқалардың тұлғасы мен пікірін түсіну және сыйлау тұрғысынан жасалады.
Диалог тек қарама-қарсы отырған адаммен ғана орын алмайды, диалогты әрбір адам өзімен де жасайды. Атақты структуралист Ю.Лотман қарым-қатынастың (коммуникацияның) схемасын екі түрде былайша көрсеткен: «Мен – Ол» және «Мен – Мен». Бірінші схема түсінікті, өйткені ол басқамен жасалған диалогты, қарым-қатынасты меңзейді. Мұнда «басқа» рөлінде бөтен адамдар, ақпарат, кітап, табиғат, бүкіл Әлем болуы ықтимал. Ал екінші схема өзіңмен-өзің жасаған диалогты айқындап тұр.
Біздің санамызда (басымызда, миымызда) өзіндік түсінік, пікір, ойлар формасында туындайтын білім де тура осындай екі жолмен игеріледі, сіңіріледі: алдымен басқамен қарым-қатынас арқылы, содан кейін өзіңмен диалог жасау, яғни рефлексия арқылы. Рефлексия қарастырылатын әрбір мәселе бойынша ой толғатып, жан-жақты зерттеп, өз түсінігіңді қалыптастыру, өзіңді тану мен түсіну, ішкі жан дүниеңе үңілу, өзіңмен сырласу, өзіңе есеп беру дегенді білдіреді. Осындай рефлексиялық жұмыс санада жаңа ұғымдар мен түсініктерді құрастырады, жаңа білім, міне, осы кезде қалыптасады, сол себепті де оқу/оқыту процесіндегі барлық іс-әрекеттердің негізін рефлексия құрауы керек.
Диалогтың негізінде қарым-қатынасқа деген қажеттілік жатыр. З.С.Смелкова бұл турасында былай дейді: «Ең бастысы – бірлескен жұмысқа ішкі қажеттілікті (мотивация) қалыптастыру, психологиялық жақтырушылықты қамтамасыздандыру, белсенді түрде іздену мен жаңа білімді игеруге бағытталу» (З.Смелкова, 55).
Диалогқа деген қажеттілік қашан және қалайша туындайды? Оның келесідей шарттарын келтіруге болады:
1. Танымдық ұстаным.
Егер студент «Жаңа түсінік (білім) бірлескен жұмыс нәтижесінде ғана қалыптасады» деген қағиданы ұстанса, онда ол әрқашан да өзінің идеялары мен туындаған сұрақтарын басқаларға жеткізіп, оларды талқылауға дайын болады.
2. Психологиялық алаңдамаушылық.
Диалогта студент өзінің құқықтарын ешкім аяққа баспай, ойлары мен идеяларының, пікірлері мен көзқарасының мұқият тыңдалып, олардың сенімсіздік пен күлкіден қорғалатындығын білсе, онда ол өзін қарым-қатынастың тең дәрежелі субъектісі ретінде қарастырады.
3. Қызығу.
Монологқа қарағанда диалогтың қызық екендігін түсініп, студент оның ұтымды жақтарына назар аударады:
- егер монолог оқытушының басымдылығына жетелесе, диалогтың басты кейіпкерлері ретінде студенттер танылады;
- егер монолог студенттерден тек тыңдау мен жазу (көшіру) сияқты қызықсыз (бәлсенді, пассив) әрекеттерді талап етсе, диалог көптеген интербелсенді тәсілдерді қолдануды меңзейді;
- егер монологта тек оқытушының ғана пікірлері жарияланатын болса, диалогта сабаққа қатысып отырғандардың бәрінің де пікірі ортаға салынып, талқыланады;
- егер монологта жұмыс нәтижесі көзге көрінбей, кейінге (келесі сабаққа) шегерілсе, диалогта өз қолыңмен жасаған жұмыстың нәтижесі мен нәтижелігін әр сабақта көруге болады.
Шындығында да монолог екінші жақты ескермейді, оның пікіріне құлақ аспайды, оған өз ойын жеткізу мүмкіндігін бермейді. Монологты оқытудың негізгі әдісіне айналдырған ұстаз шәкіртіне тіпті ойлануға мұрсат та бермейді: мәселен, мұндай ұстаздар сұрақ қойғаннан кейін жауапты орта есеппен тек үш секунд қана күтеді екен. Бұл уақытта шәкірт тарапынан жауап естімесе, ұстаздың назары басқа оқушыға ауады немесе жауапты өзі береді екен. Ал егерде шәкіртке сұрақ қойып, оған ойлану үшін, өз ойын басқалармен талқылап, ұштай түсу үшін бірнеше минут уақыт берілсе қайтеді? Диалог - екі жақтың да үні мен даусы емес пе?
Сол себепті де монологтық үрдістен арылу үшін бірінші кезекте оқытушы өз сөзінде үзіліс (пауза) жасап отыруы керек: «Диалогқа қатысушылардың сөйлеу ретін тактарге (такт – музыкада ырғақтың қысқа кезеңдері – А.Ә.) бөлуге болады: бір такт – сөйлеу, екіншісі – үндемеу. Бұл тактар бір-бірін тұрақты түрде алмастырып тұратындықтан, диалогты ырғақты процесс деп атауға болады» (О.Гойхман, Т.Надеина, 131), яғни ұстаздың сөзі үзікті болып, екінші жақтың да сөзге араласуын талап етуі қажет. Сонда мұғалім сөйлеушіден тыңдаушыға айналады және де сөйлеу мәнерінің мұндай жаңаша күйі шәкіртке өз ойын құрастыру, қалыптастыру, жеткізу мүмкіндігін береді, оны диалогқа шақырады.
Бүгінде диалогтың екі түрі айқындалады: ақпараттық және түсіндірмелік (интерпретациялық). Ақпараттық диалогтағы қарым-қатынасқа қатысушылардың арасында білім деңгейлері тұрғысынан алшақтық болады, ал интерпретациялық диалогта қатысушылардың білімдері біркелкі болып, тек түсініктері ғана әртүрлі болады (О.Гойхман, Т.Надеина, 131).
Әдетте оқу/оқыту процесінде ақпараттық диалог жиі кездеседі, өйткені көп жағдайда оқытушы сабақты өзінің мол тәжірибесін студенттерге беру процесі деп түсінеді. Оқытушы мен студенттердің білімдері біркелкі болмағандықтан, аудиторияда диалогтың монологқа айналып кету қаупі бар: студенттің мұндай теңсіздік жағдайында диалогтың тең құқылы қатысушысы болып кетуі екіталай, ол мұндай қарым-қатынаста өзін төмен санап, одан бас тартуы да ықтимал.
Мұндай жағдай орын алмау үшін З.С.Смелкова келесідей ұсыныс жасайды: «...Диалог – қарым-қатынас субъектілерінің тоғысуы, олардың әрқайсысы да өзінің серігіне, тыңдаушысынан, түсінушіге қаратып сөйлейді. Оқытудың нәтижелігі олардың қаншалықты тең құқықты екендігіне, мұғалімнің қарым-қатынаста өзінің басымдылығын білдіртпей, қаншалықты бірлескен ой-толғанысты, бірлескен шығармашылықты ұйымдастыра білуіне, ал оның серігі оқушы рөлінен тең құқылы автор рөліне ауыса алатындығына байланысты» (З.Смелкова, 49).
Оқытушы тарапынан осындай тең құқылы жағдай жасалғанда ғана диалог тиімді әрі нәтижелі болып, қатысушылардың танымдық мүдделеріне сәйкес келеді. Сол себепті де оқытушының әр сабақтағы басты міндеті - аудиториядағы қандай да болмасын қарым-қатынасты интерпретациялық диалог деңгейіне көтеру. Бұл үшін ұстаз қарым-қатынаста студенттің білетін мәліметі мен әлі де білмейтін ақпарат (алайда оқытушыға таныс) арасындағы қарама-қайшылық пен айырмашылықты оның жеке тәжірибесіне сүйене отырып теңдестіруі қажет. Студент жаңа мәлімет бойынша өзінің жеке тәжірибесіне жүгінетін болса, диалогтағы екі жақ та тең құқылы болып, өзара қарым-қатынаста ақпаратты қайталамай (репродукция), оны өзіндік тұрғыдан түсіндіруге ұмтылады (интерпретация). Интерпретациялы диалогта тек қана ақпарат емес, сонымен бірге жаңа ұғымдар, түсініктер, құндылықтар қалыптасады. Осылайша оқу/оқытудың нәтижелігі арта түседі.
Оқу/оқыту процесінде диалогты интербелсенді әдістерді қолдану арқылы жүзеге асыруға болады, өйткені мұндай әдістер қарым-қатынас процесінің қатысушыларын ынталандырып, оларда ішкі мотивацияның пайда болуына әкеліп, өзара әрекеттесуіне, бір-біріне ықпал жасауына бастайды. Білім осындай коммуникативтік араласуда пайда болады, ал үйренушінің тұлға ретінде өсуі мен дамуы өзара ықпалдасуда арта түседі.
Кесте №3
