Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
д-рістер.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
239.31 Кб
Скачать

4 Дәріс. Таным процестерінің психологиялық ерекшеліктері.

Таным процестері жеке адамның жан дүниесінде ішкі өміріне байланысты адамның психологиялық сезінуі, қабылдауы, түсінуі. Адамның таным процестері әртүрлі түйсіктер, рецепторлар арқылы дамып отырады. Түйсік қарапайым таным процесі болып саналады. Материалды дүниенің, болмыстың жеке қасиетін бейнелейді. Сол сияқты тиісті рецепторларға тікелей емес әрекеттер кезіндегі организмнің сыртқы күйі. Түйсік пайда болу үшін біріншіден, дүниедегі болмыстың сезімдік органдарына әрекеті қажет. Ең бір жүйелік түйсік қолдануды ағылшын физиологы И.Ширрингтон ұсынды. Ол үш негізгі топты бөліп көрсетті. Олар мыналар: экстрорецептивті, интерорецептивті (органикалық), пропреорецептивті. Түйсік органының сезімділігі тітіркенудің минималды және максималды күшімен шақырылады.

Экстрорецепторлар - бұлар сыртқы тітіркендіргіштерді түйсінуге ыңғайланған тәннің сыртқы бетінде, я соған таяу жерлерде тұрған саңылаулар ( иіскеу, дәм айыру, сипау, есту, көру саңылаулары).

Интрорецепторлар - организмнің ішкі мүшелерінен шығатын тітіркендіргіштерді түйсінуге ыңғайланған мүшелердің (қарын, өкпе, бауыр, жүрек т.б) бетінде болатын саңылаулар. Бұларды органикалық түйсінулер деп те атайды.

Проприоцепторлар – дене мүшелерінің қозғалысын, денені теңдікке ұстауды қабылдаушы мүшелердің (боршалардың, тарамыстардың) астарында жатқан саңылаулар.

Түйсіну дегеніміз – дүниені танып білудегі бейнелеудің процесінің алғашқы баспалдағы. Түйсік себепсіз болмайды. Ол адамды қоршаған шындықты бейнелеуден пайда болады. Сол шындық пен болмыстың адам сезім мүшелерін көрсетіп, мида бейнеленуінен түйсік туады. Басқаша айтқанда, түйсік – сыртқы әсердің сана фактісіне айналуы, объективтік дүниенің субъективтік бейнесі. Адамның дүние тануының алғашқы баспалдағы осы түйсік.

Түйсік арқылы заттардың түсін, исін, дәмсін, қатты, жұмсақтығын, кедір-бұдыр екенін т.б. осы секілді қасиеттері ажыратылады. Сондай-ақ, түйсік денеде болып жататын түрлі өзгерістер жөнінде де, яғни дененің қозғалысы мен оның кеңістікке орналасуын, жеке бөліктердің жұмысы жайлы хабарлайды. Сыртқы дүниенеі танып-білу түйсіктен басталады. Ол білім атауының алғашқы көзі. Мәселен, жолдасыңның көзін жұмуын өтініп, оның алақанына белгісіз бір затты тигізсең, сосын адан оның не екенін сұрасаң, ол: "қатты, жылтыр, мұздай, жұмсақ, жылы, кедір-бұдыр бір нәрсе" деп жауап береді. Заттың нақты атауы емес, тек түрлі қасиеттерін білдіретін осы сөз тіркестері түйсік болып табылады. Түйсіктер заттар мен нәрселердің тек жеке қасиеттерін ғана бейнелейді. Мәселен адам секундтың бірден он бөлігінде жалт еткен жарықты көрдім деп айта алады, бірақ оның қалай деп аталатынын білмейді. И.П.Павловтың жүйке қызметі туралы ілімі түйсіктердің пайда болуын анализатор (талдағыш) деп аталатын анатомиалық-физиологиялық жүйке апаратының жұмысына байланысты түсіндіреді. Адамдар мен жануарларда көптеген анализаторлар бар. Олардың қай-қайсысы болмасын (көру, есту, қозғалыс т.б.) үш бөліктен құралады. Олар: бірінші сезім мүшесі (рецептор). Сезім мүшесі сырттан келген тітіркенгіштерді жүйкелік қоздырғыштарға айландырып отыратын жер. Екінші миға баратын жүйке талшықтары. Олар секундына 120 метр тездікпен рецепторларға түскен қозуларды мидың түрлі бөліктеріне жеткізіп отырады. Анализатордың үшінші компоненті – мидағы түрлі жүйке орталықтары. Олар тітіркендіргіштерді айыра алуға қабілетті нейрондардан тұрады.

Егер осы айтылған анализатордың үш бөлігінің біріне зақым келсе (мәселен көзге зақым келсе) көру түйсігіне нұқсан келеді. Анализатордың мидағы ядролар тиісті аймақтарға орналасқанмен, олар бір-бірімен тығыз байланысып жатады. Анализаторлар бірінің қызметін екіншісі атқара алуға қабілетті. Мұны ми қабығының компенсаторлық функциясы деп атайды.

Түйсіктердің заңдылықтарын екі түрге бөліп қарастырамыз: бірінші – түйсіктер мен тітіркендіргіштер арасындағы сандық қатынасқа байланысты психофизикалық заңдылықтар; екінші - түйсіктер мен сезім мүшелерінің қалпына тәуелді психофизиологиялық заңдылықтар. Тітіркендіргіштер мен адам түйсінуінің арасында логарифмді тәуелділік бар. Мұны психофизикалық заңдылық деп атаймыз. Бұл заңдылықты тұңғыш рет ашқан неміс физиологы Э.Вебер (1795-1878) және неміс физигі Г.Фехнер (1801-1887). Сондықтан бұл заң « Вебер-Фехнер» заңы деп аталады.

Қабылдау – талдау жүйесінің қызмет нәтижесі. Қабылдау жоқ заттың бар заттан ерекшелігін және кеңінен әрекет ету белгілерінің бөлініп шығуын тұжырымдайды. Ол негізгі және бар белгілердің бірігуін талап етеді және қабылдағанды алдыңғы тәжірибемен салыстырады. Қабылдау қасиеттері: субъективтік, бүтіндік, құрылымдылық, тұрақтылық, ойшылдық.

Зейін - адам санасының белгілі бір объектіге шоғырлануы. Кез-келген болмысты қабылдау үшін, бағдарланған реакцияны шақыра білетіндей және оған өзінің сезім органдарын тұғызуға мүмкіндік беру қажет. Мұндай еркін немесе еркін емес бағыт зейін деп аталады. Зейіннің түрлері бар: ырықты және ырықсыз. Инженерлік іс-әрекетке негізгі болып зейіннің қалыптастыру шарты болып табылады.

Қабылдау барлық адамда бірдей бола бермейді. Мұнда топ адамдарға тән типтік айырмашылықтар да бар. Француз психологы А.Бине адамдардың қабылдауын арнайы зерттеп, оның типтік сипатта болатынын әдейі жүргізген тәжірибелер арқылы көрсетеді. Мысалы, біреулер тартқан шылымына қарап отырып, оның түрін, сипат ерекшелігін тәптіштеп айтып береді. Ал, екіншілері шылым туралы көрген білгенін әңгіме етеді. А.Биненің зерттеуі бойынша алғашқылары – баяндау типі, екіншілері – түсіндіруші тип. Қабылдау – ақиқат дүнеиедегі заттар мен құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер етіп, тұтастай заттық түрде бейнеленуі. Қабылдау түйсінулерге негізделініп құралады. Егер адам түйсіну арқылы дүниедегі заттардың жеке қасиеттерін ғана сәулелендіретін болса, қабылдау арқылы дүниедегі заттар мен құбылыстарды бүтіндей, тұтас зат күйінде сәулелендіреді. Түйсіну, қабылдау пайда болу үшін дүниедегі заттар мен құбылыстар адамның сырқы сезім мүшелеріне тікелей әсер етіп отыруы керек.

Қабылдау түйсінуге қарағанда неғұрлым күрделірек және жоғарырақ сатыда тұрған психикалық процесс болып табылады. Қабылдау түйсінулердің жәй ғана қосындысы емес, ол сонымен қатар заттың жеке қасиеттерін тұтас бейнелеуден пайда болатын күрделі процесс.

Қабылдауға түйсінулермен қатар ой элементтері, елестеулер мен ұғымдар да еніп отырады. Адам заттарды қабылдаған кезде көбінесе олардың мазмұнын түсініп, ой жіберіп, оларды санасынан өткізіп отырады. Анық және дұрыс қабылданған заттар ғана түсінікті болады. Керісінше, адам заттарды дұрыс түсінбесе, оларды қате қабылдайды. Сөйтіп қабылдау процесінде түйсінулер мен бірге елестеу, түсіну, ұғыну т.б жан қуаттары да араласып отырады. Мұның нәтижесінде адамның қабылдауы толығырақ, дәлірек болып шығады.

Қабылдау – талдау жүйесінің қызмет нәтижесі. Қабылдау жоқ заттың бар заттан ерекшелігін және кеңінен әрекет ету белгілерінің бөлініп шығуын тұжырымдайды. Ол негізгі және бар белгілердің бірігуін талап етеді және қабылдағанды алдыңғы тәжірибемен салыстырады. Қабылдау қасиеттері: субъективтік, бүтіндік, құрылымдылық, тұрақтылық, ойшылдық.

Ес – психикалық бейне формасы, бұрынғы тәжірибені сақтаумен, бекітумен қорытындыланады. Оларды іс - әрекетте қайталанып қолдануға мүмкіндік береді. Ес – ең күрделі психикалық әрекеттердің бірі. Ол айналамыздағы бізге әсер етуші дүниені, ондағы заттр мен құбылыстарды жүйкемізде сәулелендірудің айрықша бір түрі. Сыртқы дүниенің әсері арқылы бұрын мида пайда болған бейнелер, іс-түссіз жоғалып кетпейді, көп уақытқа дейін мида сақталып тұрады. Естің адам өмірінде алатын орны зор. Егер адамда ес болмаса, барлық дүниедегі заттар мен болмыстар бізге әрқашанда жаңа, өткен тәжірибемізде болмаған, оларды еш уақытта қабылдамаған, сезбеген құбылыс болып табылады. Ессіз адам өмір бойы жиналған рухани байлық пен мұраны меңгере алмай, тіпті қоғамда, ғылымның, тарихтың, өнердің, барлық мәдениет атаулының ешбір өсіп-даму прогресі де болмас еді. Естің физиологиялық негіздері ми үлкен жарты шарлары қыртысының күрделі әрекетімен байланысты. Сырттан келетін сан алуан тітіркендіргіштер адамның сезім мүшелері арқылы миға әсер етіп, онда өзіндік «іздер», «белгілер» қалдырып отырады. Бірақ ол «дақтар», «іздер» не екенін, ол қандай іздер, қандай дақтар екені осы күнге дейін белгісіз болып отыр. Естің физиологиялық негіздерін ашуда И.П. Павловтың шартты рефлекс туралы заңы бізге көп көмек көрсетеді.

Павловтың айтуы бойынша, ес адамда шарты рефлекстердің көмегімен қалыптасып отырады. Сөйтіп, адам есінің физиологиялық негізінде мидағы дамыған жүйке байланыстары жатады. Адамның есі мимен байланысты. Мысалы, адамның желкесіне зақым келсе, ол бұрын көрген нәрселерін тани алмайтын болады, не болмаса самайына зақым келген адам бір естігенін екінші естігенде түсіне алмайтын болады, мидың төбе бөлігіне зақым келген адам бұрынғы қимыл – қозғалыстарын орындай алмайтын болады. Бұдан біз адамның есі мидың әрекетімен байланысты екендігін, адам миының жарты шарлары қыртысының әрекеті екендігін білуге болады.

Ойда қалдыратын не қайта жаңғырылатын нәрсенің сипатына қарай ес төртке бөлінеді:

1. Қозғалыс есі деп - ойын, еңбек әрекетіне байланысты туып отыратын қимыл-қозғалыстарды еске қалдыру мен қайта жаңғыртып отыруды айтады. Естің осы түрі қозғалыс дағдыларын (мәселен, коньки тебу, жазу, оқу, машинада қағаз басу, самолет жүргізу, турникте ойнау) қалыптастырудың негізі болып табылады.

  1. Заттар мен құбылыстардың қасиеттерінің нақтылы бейнесін ойда қалдыруда, қайта жаңғыртуда көрініп отыруын образдық ес деп атайды. Суретшілер мен архитекторлардың, музыкант пен актерлердің есі көбінесе нақты, көрнекті болып келеді.

  2. Адам ойының түрлі формаларын (ұғым, пікір, ой) еске қалдыра алу қабілеті сөз - логикалық ес деп аталады. Сөз жүйесін есте сақтау - ойлау жұмысына байланысты. Естің осы түрі көбінесе философтар мен математиктерде жиі кездеседі. Сөз - логикалық естің оқу процесінде маңызы аса зор.

  3. Сезімдерді еске қалдырып отыруды эмоциялық ес дейді. Мәселен, жас кезімізде тұрған жерге келсек, сол кезде бізге ерекше әсер қалдырған нәрселердің бәрі есімізге оп-оңай түседі. Өткендегі оқиға бір қуанышқа байланысты болса, ол өмір бойы естен кетпейді.

Ойлау – жоғарғы таным процесі болып табылады. Адамның дүниетану процесі нақты қарапайым пайымдаудан бірте-бірте дерексіз ойлауға көшіп отырады. Адамның ойы ақиқаттықты тануға болмыстың өзара байланыстарын, қарым-қатынастарын ашуға бағытталған. Ойлау процесінде адам айналасындағы дүниені дұрысырақ, толығырақ, тереңірек танып, жан-жақты сәулелендіреді. Дүниедегі заттар мен құбылыстар еш уақытта жеке дара ұшырамайды, олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста, байланыста болып отырады, бірақ осы байланыс, қарым-қатынастың барлығы бірдей әр уақытта адам санасында сәулелене бермейді. Егер адамның қабылдауы дүниедегі жеке-жеке нақты заттарды ғана қабылдайтын болса, ойлауда кісі олардың арасындағы қатынас, байланыстарды танып - білуі керек. Сөйтіп ойлау деп ақиқат дүниені өзара барлық байланыс, қатынастарымен сәулелендіретін психикалық процесті айтады

Ойлау формаларының ең қарапайым түрі - ұғым. Бұл заттар мен құбылыстардың елеулі, мәнді белгілері туралы ой. Адам ұғымы арқылы дүниедегі заттар мен құбылыстарды (жеке, дара, жалпы жинақтай) өзіне тән белгілерін, байланыстарын, қатынастарын миында сәулелендіреді. Ұғымда адам жеке заттардың ғана бейнелерін елестетумен тынбайды, ол сол заттардың мазмұнын ашып, ішкі байланыстарын танып-біліп отырады. Ұғым елестеулерге қарағанда мағыналы, терең, және ықшам болып келеді.

Әрбір ұғымның өзіндік белгісі болады, оның әр уақытта мағынасы да бір болып келеді. Елестер әр уақытта көрнекті, бейнелі болады. Олар құбылмалы, кездейсоқ, өне бойы өзгеріп, бір қалыптан екінші қалыпқа өтіп отыруы мүмкін, мағынасы да тұрақты, бірдей болып келмейді. Ұғым арқылы адамзаттардың ішкі байланыстарын елеулі, мәнді белгілерін ажыратады. Ұғым өзгермей, бір қалыпта тұра бермейді, қоғамның әлеуметшілдіктің өзгеріп дамуымен бірге ұғымдар да өзгеріп, дамып отырады. Ескі ұғымдар құриды, олардың орнына жаңа ұғымдар пайда болады. Ұғымдар байып, кеңейіп, ол ғылымның техниканың, өнердің жалпы барлық мәдениеттің дамып алға басуын бейнелейді. Ойлау біткеннің бәрі дұрыс бола бермейді, кейде адамның ойы айналасындағы дүниені сәулелендіруде қателесіп отырады.

Қиялдың жаратылыстық-физиологиялық негізі — мидағы оңашаланған орталықтар емес, мидың үлкен жарты шарларының қабығы. Адамның қиялдау әрекетіне қозу мен тежелудің іздік процестері, иррадиация мен концентрация, оң және теріс индукциялар, талдағыштардың ми бөлігіндегі талдау мен біріктіру қатысып отырады. Сөйтіп, көптеген жүйке процестерінің түйісуі нәтижесінде адамның нақты қабылдауында бұрын болмаған жаңа образдар мен елестер туады.

Мұндай жүйкелік байланыстар екі түрлі: 1) сананың қатысуынсыз-ақ, кездейсоқ тітіркендіргіштердің әсерінен ми қабының жоғарғы бөліктерінің бақылауы бәсеңдеп, әлсірегенде туатын жүйкелік байланыстар. Мысалы, түс көру, галлюцинациялар. 2) Адамның өз алдына саналы түрде мақсат қоюы мен ми қабығының тиісті орталықтарындағы қозудың басқа орталықтар қызметімен үйлесуі нәтижесінде туатын жүйкелік байланыстар. Бұл — ырықты қиял. Осы саладағы қиялға жетекші болатын нәрсе — екінші сигнал жүйесі. Ол — сөз. Сөз бұрынғы байланыссыз, уақытша жүйкелік байланыстарды жаңғыртып, заттың сипатын айқын ажыратуға, жаңадан байланыстар тудыруға, қиялды дамытып, өрістетуге жәрдемдеседі. Қиялдың бұл түрінің физиологиялық негізі доминанта принципіне бағынады.

Өзіндік ерекшеліктері мен олардан туындайтын себептерге орай, қиял ырықсыз, ырықты болып екіге бөлінеді. Психологиялық әдебиеттерде ырықсыз қиялды пассив қиял, ырықты қиялды актив қиял деп те атай береді.

Ырықсыз қиял адамның алдына мақсат қоймай-ақ, басындағы елестердің ағытылып, бірінен соң бірі өтіп жататын кезінде туады. Қиялдың бұл түрі төменгі сынып оқушыларында жиі кездеседі. Ұйқылы-ояу кезде де ырықсыз қиялдар өздігінен туындап жатады. Пассив (әлсіз) қиялдың айқын түрі түс көруден байқалады. Көрген түстің қисынсыз шым-шытырық болатыны да — осы ырықсыздықтан. Мұндай қиялдардың пайда болуы адамның өз ойының тізгінін босатып жіберуіне де байланысты. Мысалы, аспандағы бұлтқа қарап, оны әр нәрсеге ұқсату, немесе біреу әңгіме айтып отырғанда, оның басынан кешіргендері тыңдаушының көз алдынан ағылып өтіп жатуы. Осы екі мысалдың бірінші жағдайында — қарапайым қиялдау затты қабылдаса, ал екінші жағдайда сөзді қабылдаудан елес пайда болады. Елес— қиялдың пассив түрі.

Қиялдың саналы әрі жемісті түрі — ырықты қиял. Бұл — адамның алдына саналы түрде мақсат қоя отырып, әдейі образдар жасау мен қажетті бейнелер тудыруы. Қиялдың бұл түрі балалардың ойын әрекетінен де анық байқалады. Ұшқыш, дәрігер, ғарышкер, мұғалім т. б. болып ойнауларына қарап, олардың ырықты қиялдарын аңғаруға болады. Өйткені, ырықты қиял еңбектену процесінде дамып, әрбір адамның іс-әрекеті мен жұмыс нәтижелерін алдын-ала көз алдарына елестетеді. Оларды орындауға, қимыл-әрекеттерді жоспарлы түрде жасап отыруға міндеттейді. Ырықты қиял түрлерін топтап қарастырудың жолдары бар. Олар — қайта жасау қиялы және жасампаздық қиял.

Қайта жасау қиялы адамның өмір тәжірибесінде кездестірген, бұрын болған бейнелерді қайта жаңғыртып елестететін сөздік тітіркендіргіштерге байланысты туындайды. Мұндай қиялдың пайда болуында сөздік тітіркендіргіш қызметін әр түрлі суреттер мен сызулар, сызбалар мен кестелер, ноталар атқарады. Ал бұл қиялдың психологиялық құрылысын іздестіріп көретін болсақ, ол — екінші сигналдық тітіркендіргіштерді бірінші снгналдық бейнелерге айналдыру. Мысалы, мұхитты көрмеген адам басқа біреудің сол мұхитты суреттеп жазғанымен таныса отырып, оның ұшы-қиырсыз бейнесін қиялдайды. Қайта жасау қиялындағы мақсат жаңа, соны бейнелер жасау емес, табиғаттағы заттарды адамның өзі тікелей қабылдамаса да, сол қалпында қайта елестету болып табылады.

Қиялдың ең жоғары түрі — жасампаздық қиял. Қиялдың бұл түрі арқылы жаңа бейнелер мен образдар жасалады. Шығармашылық жасампаздық қиял қайта жасау қиялы сияқты нақты суреттер мен шартты бейнелерге сүйенеді. Адамның шығармашылығы, ол жасаған туындылар — қоғаммен бірге дамуда рух беріп, жігерлендіріп отыратын күш. Жасампаздық қиял — қоғамдық мәні бар жаңа, соны өнімдер жасап шығаруда жетекші қызмет атқаратын психикалық процесс. Машиналардың жаңа түрлерін ойлап табу, бұрынғы машиналарды реконструкциялау, мал тұқымын асылдандыру, өсімдіктердің жаңа түрлері мен сорттарын өсіріп шығару, ғылымда, өнер мен әдебиетте, құрылыс пен халық шаруашылығының басқа салаларында жаңалық ашу — мұның бәрі де шығармашылық қиялға жатады. Мұндағы процеске тек қиял ғана емес, тұрақты зейін, әр түрлі ойлау әрекеттері, ерік процестері т. б. әрекеттер де қатысады. Дегенмен, ырықты қиял жетекші рөл атқарып, адамның барлық процестері мен істеріне жол сілтейді.

Шығармашылық қиял арқылы жасалатын жаңа туындылар мен өнімдер әрқилы жорамалдар жасап, көп ізденуді талап етеді. Алға қойған міндеттерді шешуде көпке дейін нәтиже шықпай, іздеген образ жасалмайды, зат тетіктері үйлеспейді. Шығармашылық қиялдану үстінде адамның іздегені күтпеген жерден, кенеттен тууы да мүмкін. Адам басында көптен бері жүрген мәселенің кенеттен, күтпеген жерден шешімін табуы, оған тиісті жауап алынуы психологияда интуициялық процесс деп аталады. «Интуиция» латын сөзі — шұғылданып қарау деген мағынаны білдіреді. Кертартпа психологтар интуицияға «іштен жарқырау» не «құдыреттің күшімен тану» деген анықтама береді. Дегенмен, бұл шындыққа жанаспайды. Ғылыми тұрғыдан қарастыратын болсақ, дүниені интуиция арқылы танып білу — ми қабығының белгілі түрде атқаратын қызметі. Бұл мәселені ғылыми-табиғи негізде дәлелдеп берген — И.П.Павлов зерттеулері. Ол «Ми алқабы көлемінің белгілі дәрежеде тежеліп жатқан орталықтарында да синтездеу процесі жүріп жатады. Кезінде мұндай әрекет адамға сезілмесе де, оның болып өткені — ақиқат. Сондықтан қолайлы бір жағдай туа қалса, қайдан келгені белгісіз сияқты болып, даяр күйінде ол шыға келуі мүмкін» деген болатын.

Ғылыми жаңалықтарды, келелі мәселелер мен істерді шешуге керекті жаңа байланыстар адам өзінің рухани қуатын сол проблемалар төңірегіне шоғырландырғанда ғана туады. Міне, осындай жағдайда адамда шабыт пайда болады. Шабыт билеген адам әрқашан да жемісті нәтижеге жетпек. Осы орайда, ғылым тарихынан бірнеше мысалдар келтірейік:

Ерте заманда өмір сүрген ғалым Архимед заттардың салмағын ажыратып білуді үйіндегі астауға шомылып жатқанда ашады. Ал ағылшын инженері Дж.Уатт жаңа машина жасап шығаруды қиялдап жүргенде, пештің үстіндегі шәйнек қақпағының қайнаған судың буынан діріл қағып, орнынан қозғалғанын аңғарып қалады да, «бұл не деген күш!» деп таңданады. Осыдан кейін Дж.Уатт бу машинасын ойлап тапты деген сөз бар.

Кибернетика ғылымының негізін қалаушылардың бірі, атақты американдық оқымысты Н.Вимер электрондық-есептеу машинасын адам миының қызметіне негіздей отырып ойлап тапқан. Жалпы алғанда, ғылым мен техника, өнер мен білім жаңалықтарының ашылуы адамның шығармашылық қиялының жемісі болып табылады. Сондай-ақ, әрқилы құрал-саймандардың да адамның әр алуан іс-әрекеттері нәтижесіндем жасалғаны белгілі. Мәселен, тырна — қолдың бес саусағының бірігіп әрекет жасауының, ожау екі қолды қосып сұйықтықты ішудің жемісі деуге болады.

К.Э.Циалковский: менің ғарышқа сапар шегу талабым фантастикалық шығармаларды оқудан пайда болды. Ынта соңынан ақыл-ой әрекеті туды. Егер ғылым тарапынан көмек келмегенде, тек ақыл-ой еш нәтиже бермеген болар еді,— дейді.

Қазақ халқының ертедегі қиялы да ұшқыш кілем, таусоғар, көлтауысар, желаяқ тәрізді басқа да кереметтер жөнінде қиял-ғажайып ертегілер туғызды. Сол арман-тілектің көпшілігі бүгінде нақты шындыққа айналып отыр. Қазіргі таңда ел қажеттілігін, мұқтаждығын өтеп отырған пойыздар мен автокөліктер, ұшақ типтерінің сан алуан түрі – адамның жасампаздық және шығармашылық қиялының жемісі.

Нег: 4 [335-511], 7 [262-325], 8 [511-641]

Қос: 12 [66-88], 11 [195-301]

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]