Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
СОЫ КУРС ИНШАЛЛА Мади.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
72 Кб
Скачать
☆

3.Шариғаттың үйреткен талақ ету тәсілі қандай?

Шариғатта үш түрлі талақ ету жолы бар. Екеуі - шариғатқа сай құптарлық, үшіншісі - шариғатқа теріс. Олар мынадай:

1. Әхсан талақ (ажырасудың ең абзал жолы-أحسن الطلاق):

Бұл тәсілде ері әйеліне ашық талақ ету сөзімен бір «рижғи талақ» айтып, үш етеккір келу уақыты бойы оған жақындаспайды. Мұндағы мақсат – ері өз қарарында сенімді ме, әлде асығыс берілген шешім бе, соған көзін жеткізуге мұрсат береді. Осы уақыт аралығында райынан қайтып, әйелімен татуласып, әлі де отбасын сақтап қалу жолын таңдар деген үміт. Ибн Әби Шәйбәнің «әл-Мусаннәф» атты кітабында келтірілген риуаятта, сахабалардың да талақ етудің осы тәсілін артық көретіндігі Ибраһим ән-Нәхаъи тарапынан риуаят етілген.

Әхсән талақ мына талаптарға мән берілгенде жүзеге асады:

Хайыз немесе нифастан тазарған болуы тиіс. (Хайыз не Нифас кезінде талақ ету күнә).

Сол таза уақытында жыныстық қатынасқа түспеген болу керек. Жыныстық қатынасқа түскен болса, келесі хайыздан тазарғанша талақ айтпағаны дұрыс. Себебі, жыныстық қатынасқа түсіп қойған тазалық күндері әйелін талақ ету күнә.

Талақ сөзін бір рет айтады да, үш хайыз келу уақыты бойы онымен жақындаспайды. Бірақ бұл талақ «рижғи талақ» болғандықтан, осы үш хайыз уақыты толық бітпейінше некелері сол қалпында сақталады және үш хайыз ішінде ері райынан қайтып, әйелімен қайта татуласуына құқылы. (Рижғи талақ).

Татуласу – әйеліне «мен райымнан қайттым», «сөзімді қайтарып алдым», «сенімен ажыраспаймын», «сені қайтардым» т.б. деп айту сияқты сөз жүзінде немесе оны (әйелін) махаббатпен сүю, аймалау т.б. әрекеттері арқылы іс жүзінде жүзеге асады.

Тағы айта кету керек, мұнда үш хайыз келу уақыты өткенше райынан қайтпаған болса, «кіші байын талақпен» (жоғарыда тоқталдық) неке бұзылады. Әйелімен қайта қосылғысы келсе, әйелдің ризалығымен, жаңадан мәһр беріп, некелерін жаңартады.

2. Хасан талақ:

Шариғатта көрсетілген талақ ету жолының екіншісі – хасан талақ. Мұны «сүннет талақ» деп те атайды. Мұнда да жоғарыда айтып өткен шарттар қарастырылады (ахсан талағының шарттары). Тек бір айырмашылығы бар, бұл ажырасу тәсілінде ер кісі өзіне берілген үш талақ ету құқын, үш хайыздан кейінгі үш тазалық уақытына бөліп-бөліп айтады.

Мысалы, ері әйелінің етеккірден тазарған уақытында, онымен жыныстық қатынасқа түспей «мен сені талақ еттім» деп бір рет ашық талақ сөзін айтады да, келесі хайызды күтеді. Хайыз келіп, сол хайыздан тазарғаннан кейін жыныстық қатынасқа түспестен тағы солай екінші рет талақ етеді де екінші хайызды (қатынасқа түспестен) күтеді. Екінші хайыздан тазарғаннан кейін үшінші талағын айтады. Бұдан кейін әйелі идда мерзімі ретінде бір ғана хайыз уақытын күтеді. Себебі алдында екі хайыз уақыты өтті.

Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «...Талақ екі рет (болса), онда не туралықпен ұстау немесе (үшінші талақ айтып) жақсылықпен ажырасу керек», – дей келе бөліп айтуды меңзесе, Талақ сүресінде: «Әй Пайғамбар! Қашан әйелдеріңді талақ қылсаңдар, онда оларды белгілі мерзімінде ажыратыңдар және сол мерзімді есептеңдер» , – делінген.

Сондай-ақ, Нәсәидің хадис жинағында келтірілген бір хадисте сахаба Абдулла былай дейді: «(Талақ әс-сүннә) Пайғамбарымыздың үйреткен талақ түрі мынадай – ері өз әйелін (етеккірден) таза кезінде, жыныстық қатынасқа түспей бір рет талақ етеді. Кейін тағы бір етеккір көріп, одан тазарғаннан кейін (екінші рет) талақ етеді. Тағы бір етеккірі келіп одан тазарғаннан кейін (үшінші рет) талақ етеді. Одан кейін (қосымша) бір хайыз мерзім күтеді»

Ажырасудың бұл тәсілі – отбасында ұрыс-керіс өршіп, ерлі-зайыптылық міндеттемелер орындалмай, үйден береке кеткен кезде қолайлы. Өйкені, кейде әйелі атаналық міндеттемелерді орындамай өз еріне қарсы шығып жүргенімен, отағасы оны іштей қимауы мүмкін, бірақ ажыраспауға да шара жоқ. Осындай жағдайдаларда, талақты бөліп айту арқылы, өзін біртін-біртін дағдыландыруға тырысады, қимастық сезімі басым түскен жағдайда, қайта татуласуға мүмкіндік бар.

Мұны да, «рижғи талақ» қатарына жатқызамыз. Яғни, алдыңғы айтылған екі талақта арадағы неке бұзылмайтындықтан, райынан қайтып, қайта татуласуына құқылы. Неке жаңартылмайды және әйелінің ризалығы шарт емес, себебі әйелі әлі ол кісінің некесінде болып қала бермек.

Бірақ, одан кейін үшінші рет талақ етер болса, арадағы неке «үлкен байын талақпен» бұзылады. Бұдан кейін әйелі өзге ерге тұрмысқа шығып, одан ажыраспайынша, алдыңғы ері оны қайта некесіне ала алмайды. Бұл жайында Құранда: «Егер (үшіншісінде) талақ еткен болса, басқа ерге тұрмысқа шықпайынша (және кейін одан ажыраспайынша), оған ол әйел адал емес», – дейді

3. Бидғи талақ. Бұл – дініміздің үйреткен ажырасу тәсіліне кереғар. Ханафи мәзһабында талақтың осы түрін қолданған кісі күнә істеген болып есептеледі, бірақ талағы іс жүзіне асады.

Бидғи талаққа мыналар жатады:

Әйелін хайыз кезінде талақ ету. Хайыз кезінде талақ ету - күнә. Бұл кезде талақ еткен кісі, еткен талағын қайтарып, келесі хайыздан тазарған уақытын күткені абзал. Содан кейін қаласа талақ етеді, қаламаса етпейді. Бұл Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің тұжырымдары. Себебі, Муслимнің хадис жинағында келтірілген хадисте, әйелін хайыз кезінде талақ еткен сахаба Абдулла ибн Омарға, Алла елшісі былай деп бұйырады: «Еткен талағын қайта алсын (әйелін қайтарсын)! Осы хайызы тоқтап, келесі хайызынан тазарған уақытына дейін күтсін. Сол кезде қаласа некесінде ұстайды, қаламаса талақ етер».

Хайыздан тазарған уақытта, әйелімен жыныстық қатынасқа түсіп, сол тазалық ішінде оны талақ ету.

Бір сәтте үш талақпен талақ ету. Бір мезетте үш талақпен талақ етудің күнә екеніне қатысты Сахих Муслимде көрсетілген риуаятта былай делінген Абдулла ибн Омар: «...бір мезетте үш талақпен талақ еткен болсан арадағы некелерін бұзылды деген сөз. Ол басқа біреуге тұрмысқа шықпайынша (және одан ажырамайынша) онымен некелесе алмайсың. Бұл әрекетің Раббыңның бұйрығына қарсы. (Оның көрсеткен) Әйеліңді талақ ету жолына теріс».

Бір тазалық уақытында бірнеше рет талақ айту.

Қорытындылай келе айтарымыз, дінімізде талақ ету құқы - тікелей отағасына тән, әйел кісі кей жағдайларда ғана ажырасуды талап ете алғанымен, оған тікелей талақ ету мүмкіндігі берілмеген. Бұл - әйел затының нәзік табиғатын, әрі аса сезімталдылығын ескергендіктен болса керек. Әйтсе де, жоғарыда айтылғанда мұсылманға «ажырасу» ең соңғы шешім болуы тиіс, одан бұрын татуласу жолдарын қолданып көруі шарт. Ажырасуға бел буған болса, жөн-жосықсыз талақ айта салмай, сүннетке сай шариғаттың үйреткен жолымен жасауды бұйырады.