Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
«Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықта»...doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.59 Mб
Скачать

Қазақстан Республикасының Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ассоциациясы (асеан) елдеріне қатысты сыртқы саясаты.

Оңтүстік-Шығыс Азия үдемелі экономикалық процестер дамыған, сауда-экономикалық қызметінің ауқымы кеңейіп келе жатқан, капиталдың, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, жұмыс күшінің, технология мен ақпарат рыногында аймақтық ынтымақтастықтың бай тәжірибесін жинақтаған аймақ ретінде Қазақстан үшін практикалық тұрғыдан маңызды. Шығыс Азияда саяси және экономикалық мүдделерінің жақындасу үрдісі, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты белсенді түрдегі өзара іс-қимыл анық көзге түседі. Мемлекеттілігі қалыптасу кезеңінде аймақтың көпшілік мемлекеттері ішкі дамуды жеделдетуге және әлемдік шаруашылық процестеріне кірігуге өздерінің қабілетті екенін көрсетті. Олар аграрлық секторды реформалау кезеңдерін дәйекті түрде өтті, білім беру мәселелерімен айналысты, патриархалдық қоғамнан жоғары дамыған мемлекетке айналып, экономиканы құрылымдық қайта құруды жүзеге асырды.

Егер азиялық жаңғырудың ерекшелігін қысқаша қорытып айтатын болсақ, онда ол индустриалануға келіп тіреледі, оның негізінде экономиканың ауқымды экспорттық бағдары және шетелдік инвестицияларды мақсатты түрде пайдалану жатыр.

Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің Ассоциациясы (АСЕАН) 1967 жылы 8 тамызда Индонезия, Малайзия, Сингапур, Тайланд, Филиппин мемлекеттері құрған халықаралық ұйым. Кейін ұйымның құрамына 1984 ж. Бруней, 1995 ж. Вьетнам, 1997 ж. Лаос және Мьянма, 1999 ж. Камбоджа кірді. АСЕАН құрылғаннан бастап саяси ынтымақтастық саласында келісімдер жасауға баса көңіл бөлді. АСЕАН елдерінің алғашқы екі кездесуі (1976 және 1977) осы ұйым қызметінің принциптерін жария етіп, адам ресурстарын дамыту, кедейшілік пен сауатсыздықты жою, есірткі саудасына жол бермеу, т.б. салада ынтымақтастықты кеңейтуге арналды. Ұйымға мүше елдер Оңтүстік Шығыс Азияда еркін сауда аймағын құруға талпыныстар жасап, арнайы келісімшарттарға отырды. Ұйым Азия-Тынық мұхит аймағындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша жыл сайын конференциялар өткізеді. 1993 ж. АСЕАН-ның аймақтық форумы құрылып, оған бақылаушы мемлекет ретінде Папуа-Жаңа Гвинея және екі кеңесшілік серіктес елдер – Қытай мен Ресей кірді.

Сондай-ақ ұйым аймақта экономикалық өсімді, әлеуметтік және мәдени дамуды жеделдету, аталған салаларда белсенді ынтымақтастық пен өзара көмек көрсету мақсатында ғылым мен технология, қоршаған орта, мәдениет пен ақпарат, әлеуметтік даму ынтымақтастығын үйлестіреді. 1995 ж. АСЕАН елдері Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында ядролық қарусыз аумақ құру туралы шартқа қол қойды.

АСЕАН-ның жоғарғы органы – Мемлекет және Үкімет басшыларының саммиті. Бұл саммит әр 3 жыл сайын өткізіледі, ал олардың аралығында бейресми кездесулер өтеді. АСЕАН-да 11 арнайы комитет жұмыс істейді, ағымдағы басшылықты Тұрақты комитет жүзеге асырады. Бес жыл мерзімге тағайындалатын АСЕАН-ның Бас хатшысы жетекшілік ететін Секретариат Жакарта қаласында орналасқан.

Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының қызметі (АСЕАН)- аймақтағы интеграцияның көрнекі мысалы бола алады. Осы аймақтық қауымдастық үлкен тарихи жолдан өтті және қазір Шығыс Азияның экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. АСЕАН өзінің өміршеңдігін және тиімділігін дәлелдеген ұйым ретінде әлемдік қоғамдастықта беделге ие болып отыр. 1960 жылдардың ортасында қабылдаған Декларацияда АСЕАН-ға қатысушы мемлекеттер өздерінің алдына өзара экономикалық, әлеуметтік және мәдени іс-қимыл жасау мақсатын қойды. Бұл міндет аймақ халықтары тұрмысының айрықша төмен деңгейімен байланысты еді. Аймақтық құрылым құруға тартылған бес мемлекет (Индонезия, Малайзия, Тайланд, Филиппин және Сингапур) экономикалық даму Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жағдайдың шешуші факторы болады деп ұйғарды. Индонезияның Сыртқы істер министрі А.Алатас "Оңтүстік Шығыс Азиядағы стратегиялық жағдайда саяси көзқарастар мен алға қойған максаттарға қол жеткізудің жолдары туралы пікірлердің жақындығы олардың Қауымдастыққа бірігуінің басты себептері болды" деп мәлімдеді.

1971 жылғы 27 қарашада Куала-Лумпурда АСЕАН-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Оңтүсік-Шығыс Азияны бейбіт, еркін және бейтарап аймақ деп жариялаған Декларация қабылданды.

1976 жылы Балидегі (Индонезия) АСЕАН-ның тұңғыш саммитінде Қауымдастық мүшелері аймақтық ынтымақтастықтың негізгі принциптерін айқындаған Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Олардың қатарында бір-бірінің тәуелсіздігі, егемендігі, теңдігі, аумақтық тұтастығы және ұлттық ерекшеліктері; әрбір мемлекеттің қандай да бір сыртқы араласусыз еркін даму құқығы, бір бірінің ішкі істеріне араласпау; келіспеушілік пен дауларды бейбіт жолмен реттеу; күш қолданудан және күш қолдану қаупін тудырудан бас тарту; өзара тиімді ынтымақтастық сияқты базалық принциптер бар.

Ширек ғасыр бойы осы принциптерді бұлжытпай сақтаудың нәтижесінде әлемдік қоғамдастықта Оңтүстік-Шығыс Азиялық мемлекеттердің қуатты бірлестігі қалыптасты әрі нығайды. Қазіргі уақытта АСЕАН 10 мемлекетті - Малайзияны, Индонезияны, Филиппинді, Сингапурды, Тайландты, Вьетнамды, Лаосты, Камбоджаны, Брунейді, Мьянма (Бирманы) қамтиды.

1995 жылғы 15 желтоқсанда осы елдер АСЕАН-ның Бангкогтегі саммитінде Оңтүстік-Шығыс Азияда Ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. Шарт 1997 жылғы 27 наурызда күшіне енді.

Ұстанымдардың сындарлылығы Қауымдастыққа қатысушыларға аймақішілік жанжалдарды болдырмауға, тиісті елдердің саясаты мен ұлттық мүдделерін үйлестіруге мүмкіндік берді. АСЕАН өзі өмір сүрген 4 онжылдық бойы бірінші кезекте экономикалық даму мәселелеріне назар ауда-рып келеді. Бұл ұйым, сөз жоқ, аймақтағы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, саяси тұрақтылыкқа зор үлес қосты.

АСЕАН Қытайдан "мәдени ревалюцияны" аймаққа экспорттауға ұжым болып қарсы тұру мақсатында құрылды. 1970 жылдың ортасынан бастап АСЕАН саясатында Вьетнамға қарсы үрдістер үстем болды. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы саяси жағдайдың бірте-бірте қалыпқа түсуіне, Қытайда, Вьетнамда және басқа да елдерде батыл экономикалық реформалардың басталуына байланысты үлкен ауқымдағы интеграцияны жолға қою үшін қолайлы жағдайлар туындады. АСЕАН беделді ұйым ретінде бүкіл әлемге танылды.

Оңтүстік Шығыс Азия аймағы барлық әлемдік діндердің - индуизмнің, буддизмнің, конфуцияндықтың, исламның және христиандықтың аралас және қатар өмір сүруімен бірегей. Аймақтың көпшілік елдерінің экономикалық әл-ауқатты тұрмысы мен діни ағымдардың саналуан сипаты бір бірін өзара толықтыратындай. Оңтүстік-Шығыс Азия біртұтас әлеуметтік-мәдени қауым болып табылмаса да, онда көптеген осы заманғы өзекті саяси және экономикалық проблемаларға ортақ көзқарасты қалыптастыру үшін ерекше жағдайлар жасалған.

"Батыстық" және "Шығыстық" құндылықтарды салғастыру "Азия- Еуропа" форумы шеңберінде Еуропалық Одақ пен Шығыс Азия елдерінің арасындағы диалогтың негізгі тақырыптарының бірі болып табылатыны кездейсоқ емес. АСЕАН-ның саммиттері және жұмыс бабындағы кездесулері "АСЕАН + 3" үлгісінде яғни Оңтүстік - Шығыстың он мемлекетінің және Солтүстік Шығыс Азияның үш мемлекетінің (Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея) қатысуымен өткізіледі. 2000 жылғы қарашада "АСЕАН + 3" саммитінде қабылданған, бүкіл Шығыс Азияда өркін сауда аймағын құру туралы шешім әсіресе 1997 жылғы Азияның қаржылық дағдарысынан кейін күрт белең алған интеграциялық идеялардың бірте-бірте іске асырылуын куәландырады.

Ауыр қаржылық дағдарысты және одан кейінгі болған экономикалық құлдырауды басынан өткізген Шығыс Азия елдері, қаржылық бақылауды күшейтуге, банктік және корпоративтік секторды реформалауға бағытталған сауатты әрі дер кезіндегі іс-қимыл нәтижесінде экономикалық өсімнің қарқынын қалпына келтірді. Осыған байланысты Малайзия үкіметінің бірегей практикасы айрықша атап өтуді талап етеді, Малайзия Халықаралык Валюта Қорының қаржылық көмегінсіз елді дағдарыстан шығара білді. Малайзияның тәжірибесі 2001 жылы жазда Қытайда өткен экономикалық форумда азиялық мемлекеттер басшыларының мүдделігін туғызған талқылау тақырыбына ай-налды.

Азиялық мемлекет болып табылатын және бай табиғи ресурстары бар, Еуразияның көлік жолдарының тоғысында орналасқан Қазақстан өзінің ұзақ мерзімді мүдделері жолында Оңтүстік-Шығыс Азияның интеграциялық процесіне тартылуға обьективті түрде үміт арта алады. Еуропа мен Азия ара-сындағы байланыстырушы көпір тұжырамдамасын іске асыру үшін АСЕАН-ға мүше мемлекеттер арасында дипломатиялық және басқа да арналар бойынша түсінік жұмыстарын жүргізген дұрыс сияқты. Ол жақта өкінішке қарай Қазақстандағы экономикалық реформалардың жетістіктері туралы, әлемдік шаруашылық құрылымдарына біздің еліміздің қатысуы туралы әзірге жеткілікті түрде біле бермейді. Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен ынтымақтастықтың қабылдауға болатын нысанын іздестіруді жалғастыру айрықша маңызды.

Макроэкономикалық тұрақтануға қол жеткізген Қазақстан экспорттық мүмкіндіктері ұлғайған сайын, сөз жоқ, сыртқы рыноктарға шығу проблемасына тап болады. Азия-Тынық мұхит аймағындағы аймақтық интеграцияға қосылу тиісті мемлекеттер қабылдаған шарттармен аймақ елдерінде Қазақстанның белсенді сауда жүргізуіне мүмкіндік береді. Аймақтың экономикалық ресурстарға қажеттілігі ұлғайғанын ескеретін болсақ, Қазақстан Оңтүстік Шығыс және Солтүстік Шығыс Азияға көмірсутегін шығаратын негізгі экспортерлердің біріне айналған болар еді.

Перспективасы және мүмкіндігі бар тағы бір бағыт - ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанның ынтымақтастығын ұлғайту болып табылады. Жылына орта есеппен 12-ден 15 млн. тоннаға дейін астық өндіретін біздің еліміз осы өнімді аймақ мемлекеттерінің рыногына ұсына алады. Ол үшін тауарларды тасымалдау проблемасын шешудің маңызы зор. Қазақстан сондай-ақ Шығыс Азиялық елдері индустриясы айрықша мұқтаж қара және түсті металдарды, химия өнеркәсібінің бұйымдарын ұсынуына болады.

Әзірге жалпы өсім үрдісіне қарамастан Қазақстанның аймақ елдерімен тауар айналымы мардымды емес. Бұл көп жағдайда Иран айлағы Бердөн-Аббас пен қытайлық айлақ Лень-юнган арқылы Қазақстаннан Оңтүстік Шығыс Азия бағытындағы қазіргі бар көліктік желілерді жеткілікті түрде пайдаланбаудан туындайды. Қажетті құқықтық база қаланғанымен тұрақты тікелей әуе қатынасының болмауы қазақстандық іскер топтардың ОША-дағы әріптестерімен байланысына кедергі келтіруде.

1996 жылы Банкокте болған Азия-Еуропа (АСЕМ) саммитінде Мемлекеттер басшылары Корей түбегін, Қытайды, Үндіқытай елдерін, Малайзия мен Сингапурды біріктіретін трансазиялық теміржол желісінің құрылысын салу туралы принципті уағдаластыққа қол жеткізді. Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға қызмет ететін Еуропа мен Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс Азияны біріктіретін трансеуразиялық темір жол құрылысын салудың перспективасы да нақты сипат алып келе жатыр. Солтүстік пен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынастың қалыпқа түсуі осы елдердің корейаралық теміржол қатынасын қалпына келтіру туралы уағдаластыққа қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Осыған байланысты Шығыс Азия елдерінің іскер топтарында Азия-Еуропа бағыты бойынша теміржол тасымалдарына мүдделілік ұлғаяды. Қазақстанның осындай жобаларға қатысуы іс жүзінде Жібек жолын қалпына келтіруге және біздің еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға көмектеседі.

Осы аймақтағы Қазақстанның сыртқы саяси қызметі интеграциялық процестерге белсенді түрде қатысуға және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы (АСЕАН), "Азия-Еуропа" саммиті (АСЕМ), Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық ұйымы (АТЭС) сияқты аймақтық форумдардың қызметіне қосылуға бағытталған. Халықаралық қауіпсіздік жөніндегі АСЕАН-ның аймақтық форумы Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АҒСШК сияқты құрылымдар дейгейінде өзара іс-қимыл жасау көзқарасы тұрғысынан да Қазақстан үшін маңызды болып табылады.

Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің этникалық, мәдени, діни әралуандығын және экономикалық даму қарқынындағы кейбір айырмашылықтарды ескере отырып, біздің еліміздің олармен ынтымақтасудағы көзқарасы сараланған сипатымен көзге түседі. Сондықтан екі жақты ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан аймақтағы Вьетнам, Индонезия, Малайзия, Сингапур, Тайланд, Филиппин, Камбоджа сияқты мемлекеттермен дипломатиялық қатынастар орнатты және олармен көптеген салаларда нығайып келе жатқан шарттық-құқықтық база негізінде екі жақты ынтымақтастықты дамытуда. Біздің елімізде Вьетнамның, Индонезияның, Малайзияның, Сингапурдың басшылары ресми сапармен болды. Сыртқы саяси ведомстволар арасында интенсивті диалог режимі орнатылды. Қазақстан мен Оңтүстік Шығыс Азия елдері арасындағы ынтымақтастық мәдениет, білім, туризм саласында да дамуда.

Аймақтағы Қазақстанның ежелгі әріптестерінің бірі Вьетнам болып табылады, осы елмен Қазақстан Кеңестер Одағы құрамында болған кездің өзінде сауда-экономикалық қатынастар орнатқан болатын. Вьетнам ҚР-дың тәуелсіздігін 1991 жылғы 27 желтоқсанда таныды. 1992 жылғы 29 маусымда екі мемлекеттің арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды. 1994 жылғы қаңтардың аяғында Алматыға Вьетнамның Сыртқы істер министрі Нгуан Мань Кам келді. Келіссөздер нәтижесінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге және Екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы консультациялар туралы хаттамаға қол қойылды. 1994 жылғы маусымда Вьетнам Премьер-Министрі Во Ван Кият Қазақстанға ресми сапармен келді. Сапар барысында Қазақстан-Вьетнам байланыстарының перспективалық бағыттары талқыланды, оларды одан әрі үлғайту мақсатымен нақты іс-шаралар белгіленді. Сапар нәтижесінде екі ел үкіметтерінің басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Онда Қазақстан мен Вьетнам, тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты, теңдікті және өзара тиімділікті құрмет тұту принциптерінің негізінде өзара достық қатынастарды дамытуды басшылыққа ала отырып, мұндай қатынастарды дамыту екі мемлекеттің ортақ мүдделеріне жауап береді, Азиядағы және бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылық ісіне үлкен үлес қосады деп атап көрсетті. Тараптар екі жақты саяси диалогты кеңейтуді жақтап пікір білдірді және өзара мүдделілік білдірілетін халықаралық проблемалар бойынша тұрақты пікір алмасудың маңыздылығын атап көрсетті.

Қазіргі уақытта екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мардымды емес. Дегенмен Вьетнам Қазақстан үшін тартымды саяси және сауда әріптесі болып табылады, өйткені осы елдің аймақтағы өсе түсіп отырған беделі, сондай-ақ оның экономикалық табыстары өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыру үшін қолайлы жағдайлар туғызады.

Малайзия Оңтүстік Шығыс Азиядағы жетекші мемлекеттердің бірі. Қазақстанда осы елмен жан-жақты байланыстың үлкен практикалық мәні бар деген пікірді ұстанады. Малайзияның Қазақстанның елшілігі ашылған Оңтүстік Шығыс Азиядағы бірден бір мемлекет екені кездейсоқ емес. Біздің елдеріміздің арасындағы дипломатиялық қатынастар Малайзияның Сыртқы істер министрі Д.А.Бадауидің Қазақстанға сапары барысында 1992 жылғы 16 наурызда орнатылды.

1993 жылы Шикізат өнеркәсібі министрінің орынбасары бастаған малайзиялық делегация және спутниктік байланыс пен мұнай өндіру саласында маманданған "Бинарьянг" корпорациясының (малайзиялық шығыс азиялық спутниктік корпорация) делегациясы Алматыда болды. Жаңа тәуелсіз мемле-кеттерге техникалық көмек көрсету бағдарламасына сәйкес дипломатия, медицина, банк ісі, менеджмент, микробиология және қаржы сияқты салаларда бірқатар қазақстандық мамандар Малайзияның ғылыми орталықтарында және оқу орындарында тағылымдамадан өтті.

Екі мемлекет басшыларының сапар алмасуы нысанында екі жақты қатынастар одан әрі дами түсті. Н.Назарбаев 1996 жылғы мамырда Малайзияда болса, М.Мохаммад 1996 жылғы шілдеде Қазақстанға келді. Сапарлар нәтижесінде Қазақстан-Малайзия қарым-қатынасының принциптік ережелерін айқындаған саяси сипаттағы негізгі құжат болып табылатын Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Тараптар мемлекеттердің теңдігін және егемендікті, аумақтық түтастықты және саяси тәуелсіздікті, бір-бірінің ішкі істеріне араласпауды, дауларды бейбіт жолмен шешуді құрмет тұту принциптері негізінде өзара сенім білдіруді нығайту арқылы достық қатынастарды дамытуға бекем бел байлағандарын мәлімдеді. Мұндай қатынастарды дамыту, екі тараптың да пікірі бойынша, Қазақстан мен Малайзия халықтарының ортақ мүдделеріне жауап береді. Бірлескен мәлімдемемен қатар Әуе қатынасы туралы келісімге және Малайзияның Негара Банкі мен Қазақстанның Ұлттық банкі арасындағы келісімге қол қойылды. Екі елдің үкіметтері Қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімді және Визалық мәселелер жөніндегі келісімді қол қоюға әзірлеу үшін жұмыс жүргізуде.

Қазақстан Малайзиямен сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға зор маңыз береді. Осы бағытта Бірлескен сауда-экономикалық комитет сындарлы рөл ойнайды. Малайзиялық үкіметтік және іскер топтар Қазақстанмен ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық танытуда. Шикізат өнеркәсібі министрлігі пальма майының бірнеше түрін, қалайыны, табиғи каучукты экспорттауды ұсынады. Жеміс-жидекті өңдеу, жеміс-жидек шырындарын өндіру мен орау, Қазақстанның мұнай кен орындарының бірін игеру, пайдалану және абаттандыру, кадрлар даярлау сияқты салаларда Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірілді. Малайзиялық тарап Қазақстанның жаңа астанасының объектілерінің құрылысын салуды және қазақстандық әуежайларды қайта құруды инвестициялауға ниет білдірді.

Бірақ екі елдің сауда айналымының көлемі ауқымды емес. Бұл жеткілікті түрде пысықталмаған көлік кестесіне байланысты. Иран айлағы Бендер-Аббас және Қытай айлағы Ляньюнган арқылы өтетін қазіргі бар бағыттар өз дәрежесінде жұмыс істемейді, Қосарланған салық салу режимінің болмауы да сауда байланыстарын дамыту процесін етектен тартуда. Сауда-саттыққа кедергі келтіретін үшінші бір фактор екі елдің іскер топтарының қолында Қазақстан мен Малайзияның экспорттық-импорттық мүмкіндіктері туралы жартымды хабардың жоқтығы деп саналады.

Саяси тұрғыдағы ынтымақтастықтың құндылығы мынадан көрінеді, Малайзия Қазақстанның АСЕАН-да және АТЭС-те қонақ немесе байқаушы мәртебесін алу тілегіне қолдау білдірді.

Қазақстанда халықаралық саяси және экономикалық қатынастар жүйесінде Индонезиямен достық қатынастарды дамытуға зор маңыз береді. Астана демократиялық қайта құрулар жолына түскен осы мемлекеттің тиісті әлеуетін орынды түрде бағалайды. 200 млн. халқы бар Индонезияның әлемдегі ірі мұсылман мемлекеті болып табылатындығының да маңызы аз емес.

Қазақстан мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы 2 маусымда орнатылды. 1994 жылғы тамызда Қазақстан Сыртқы істер министрінің Индонезияға сапары болды, Министр осы елдің Сыртқы саяси ведомствосының басшысы А.Алатаспен келіссөздер жүргізді.

1995 жылғы 6-8 сәуірде Индонезия Президенті Сухарто Алматыға ресми сапармен келді. Келіссөздер нәтижесінде Бірлескен мәлімдемеге сондай-ақ Сауда және техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бірлескен мәлімдеме екі елдің өзара қарым-қатынасының негізгі принциптерін белгіледі. Бұл орайда бейбітшілікті, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан мен Индонезияның іскер топтарының ауыл шаруашылығы, мұнай мен газ өндіру, өңдеу өнеркәсібі, халық тұтынатын тауарларды өндіру салаларында байланыстарды кеңейту тілектеріне қолдау білдірілді.

1995 жылғы маусымда Президент Н.Назарбаев Индонезияда қарымта сапармен болды. Бірлескен коммюникеде екі жақты қатынастар мәселелері, сондай-ақ өзара мүдделілік білдірілетін халықаралық және аймақтық проблемалар бойынша жоғары деңгейдегі пікір алысудың жемісті болғаны атап көрсетілді. Халықаралық өмірдің анағұрлым өзекті мәселелеріне қатысты екі елдің көзқарастарының ұқсастығы да атап өтілді. Азия мен Тынық мұхитқа арналған БҰҰ-ның Экономикалық және Әлеуметтік Комиссияларының (ЭСКАТО), басқа да аймақтық форумдардың шеңберіндегі ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Индонезия Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы перспективалы және ұзақ мерзімді әріптес ретінде қарайды. Джакарта Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңесті шақыру жөніндегі Қазақстанның бастамасын оң шырай танытып қабылдады. Индонезияның сырт-қы саяси ведомствосының өкілдері байқаушы ретінде АҒСШК жөніндегі Арнайы Жұмыс тобының мәжілістеріне қатысуда.

Екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға қатысты айтсақ, оларды толыққанды дамытуға географиялық арақашықтық, сондай-ақ Индонезия салдарын әлі күнге дейін сезініп отырған Азиядағы валюталық-қаржылық дағдарыс кедергі келтіруде. Мәселен, 1999 жылы Индонезиямен сауда айналымы бар болғаны 12,7 млн. долларды құрады. Сонымен бірге индонезиялық компаниялардың Қазақстанның іскер топтарымен өзара тиімді байланыстар орнатуға ұмтылысы байқалады. 1997 жылғы маусымда "Сентрал Эйша Петролеум" компаниясы мемлекеттік "Маңғыстаумұнайгаз" мұнай өндіруші кәсіпорнының акцияларының бақылау пакетін беру жөніндегі тендерді ұтып алды.

Қазақстандық дипломатия Таиланд Корольдігімен саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуға қатысты жұмыс істеуде. Елдер арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 6 маусымда орнатылды. Қазақстан Президентінің 1993 жылғы шілдедегі Таиландқа ресми сапары екі жақты байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарды.

Осы сапардың барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес 1993 жылғы 12-14 қыркүйекте Алматыда Сыртқы Істер министрінің орынбасары С. Пицуван бастаған Таиландтың үкіметтік делегациясы болды. Делегация құрамында түрлі министрліктер мен ведомстволардың, іскер топтардың, ірі жеке банктердің, фирмалар мен компаниялардың өкілдері болды. Жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде тай тарабы жаңа технологияларды пайдаланып, қазақстандық мұнай мен газдың кен орындарын барлау әрі игеру, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату, сақтау, түсті және сирек металдардың кен орындарын игеру сияқты салаларда бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.

Қаз тұру кезеңіндегі екі жақты экономикалық байланыстар қазақстандық экспорттың айқын басымдығымен қалыптасуда. Таиланд импортының дәстүрлі түрлері негізінен кір жуғыш машиналар, кондиционерлер, компьютерлер, калкульяторлар, тоңазытқыштар, медицина құралдары сияқты тұрмыстық мақсаттағы тауарлар болып табылады. Таиландқа натрий дихроматы, қара металл прокаты, химикаттар және басқалары экспортталады. 1999 жылы Таиландпен тауар айналысы 55,3 млн. доллар құрады, оның ішінде экспорт - 52,9 млн. доллар, импорт - 2,4 млн. доллар.

Жаңа тәуелсіз мемлекеттерге техникалық көмек көрсету бағдарламасы шеңберінде Таиланд үкіметі Қазақстанға түрлі бағыттар бойынша, оның ішінде дипломат мамандығы бойынша Таиландта оқуға және тағылымдамадан өтуге арналған 20 стипендия бөлді.

Азия-Тынық мұхит аймағында іс жүзінде барлық интеграциялық процестердің беделді қатысушысы болып табылатын Таиланд Қазақстанның перспективасы мол саяси және экономикалық әріптесі болып табылады. Тап осы Банкогте АСЕАН құрылды, АСЕАН-ның қауіпсіздік жөніндегі аймақтық форумы және тұңғыш "Азия-Еуропа" саммиті өтті.

1991 жылы Сингапур мемлекетін ширек ғасырдан астам басқарған, бұрынғы Премьер-Министр, Сингапур Премьер-Министрі кеңсесінің аға министрі Ли Куан Ю Алматыға келді. Сингапур реформаларының патриархы экономикалық қайта құрулар саласындағы Қазақстан басшылығының ой-ниетін білуге ынта білдірді. 1993 жылғы 30 наурызда Сингапур ҚР-мен дипломатиялық қатынастар орнатты. 1994 жылғы тамызда Сыртқы істер министрі бастаған қазақстандык делегация Сингапурға келді. Осы елдің Президентімен, Премьер-Министрімен, Сыртқы саяси ведомствосының басшысымен, сондай-ақ іскер топтардың өкілдерімен кездесулер өткізілді.

1996 жылғы мамырдың аяғында Президент Н.Назарбаев Сингапурға сапар жасады. Сингапурдың Премьер-Министрі То Чок Тонгпен және аға министр Ли Куан Юмен келіссөздер жүргізілді. Қазақстандық басшы Сингапурмен белсенді ынтымақтастықты жолға қоюға, сондай-ақ біздің еліміз байқаушы мәртебесін алуға ұмтылып отырған АСЕАН және АТЭС-тің аймақтық форумдарының жұмысына қатысуға ынта-ықылас танытты. Сапар барысында екі мемлекет арасында әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылды. Сонымен бірге Сингапурмен ынтымақтастық мүмкіндігі ішінара ғана қамтылып отыр, ал осы мемлекеттің инвестициялық ресурстары мүлде іске қосылған жоқ.

12 – лекция. 1 сағат.

Қазақстан сыртқы саясатының Европалық векторы.

  1. ҚР Европа бағытындағы сыртқы саясатының негізгі принциптері. Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту.

  2. Қазақстанның Англия, Франция, Германия, Италия және т.б. Европа елдерімен саяси және экономикалық қатынастары.