Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
«Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықта»...doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.59 Mб
Скачать

Қр сыртқысаяси мекемесін құру және оның міндеттері.

1. ҚР сыртқысаяси мекемесінің құрылуы және оның қызметі.

2. Қазақстан дипломатиясы тарихының негізгі кезеңдері.

  1. Қр сыртқысаяси мекемесінің құрылуы және оның қызметі.

Тәуелсіздікке дейін Алматыдағы Сыртқы істер министрлігі Желтоқсан бойындағы бір қабатты, шағын үйде болатын. Бар болғаны 20 шақты адам жұмыс істейтін. Кеңес заманында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін министрлік деп айтудың өзі қиын еді. Саясаттың бәрі Мәскеуде жүргізілетін. Ол кезде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі елге келген шетелдік қонақтарды қарсы алып, шығарып салумен ғана айналысатын. Сөйтіп, кеңес заманында Қазақстанның сыртқы істерге қатысы кемдеу болды. Бірақ, ол уақытта бізде дипломатия болмағанымен дипломат қазақ азаматтары болды. Олар Кеңес Одағының елшіліктерінде қызмет істеді. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің сыртқы саяси мекемесі өз жұмысын қиын да күрделі жағдайда бастады. Мамандар жетіспеді. Тәжірибе де аз болды. Соған қарамастан көп қиыншылықтарды жеңіп, сыртқы саяси мекеме өз жұмысына кірісті.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі – сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын және дипломатиялық қызмет органдарының бірегей жүйесін басқаратын орталық атқарушы билік органы. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды орындау және сыртқы саяси бағытты қамтамасыз ету мақсатында ҚР Президентінің 1992 ж. 2 шілдедегі Жарлығымен ҚР СІМ туралы Ереже бекітілді. Қазіргі кезде министрліктің қызметі ҚР үкіметінің 2004 ж. 28 қыркүйектегі Қаулысымен бекітілген ҚР СІМ туралы Ережемен реттеледі. СІМ ҚР Үкіметінің құрамына кіреді. Оған елдің бірегей сыртқы саяси, сыртқы экономикалық бағытын жүргізу үшін орталық атқарушы органдардың халықаралық қызметін үйлестіру міндеті жүктелген. СІМ-нің негізгі міндеттері: елдің сыртқы саясатының тұжырымдамасын жасап, басты бағыттарын белгілеу; Президентке және Үкіметке ұсыныстар беру, сыртқы саяси бағытты жүзеге асыру, сыртқы экономикалық саясатты іске асыруға жәрдемдесу, дипломатиялық жолдармен және әдістермен еліміздің егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын, шекарасының бұзылмауын, саяси, сауда-экономикалық және басқа мүдделерін қамтамасыз ету.

Министрлік өз қызметінде ҚР Конституциясын, «Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі туралы» 1999 ж. 7 наурыздағы ҚР Заңы мен өзге де құқықтық-нормативтік актілерді басшылыққа алады. Заңнамалық бастама көтеру құқығын іске асыру шеңберінде СІМ өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша заң жобаларын әзірлейді, ҚР Президентіне халықаралық шарттар мен келісімдер жасасу туралы ұсыныстар түсіреді. СІМ халықаралық шарттар мен келісімдер жасасуға немесе олардың күшін жоюға қатысты мәселелер бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттардың іске асырылуын бақылауда үйлестірушілік рөл атқарады. Оның қатысуымен ұйымдастырылған маңызды халықаралық іс-шаралар: АӨСШК саммиттері, Әлемдік және ұлттық дәстүрлі діндер жетекшілерінің бас қосулары, БҰҰ аясында Транзиттік тасымал бойынша 1-халықаралық министрлік конференциясы, ТМД-ға, ЕурАзЭҚ-ға, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары мен үкімет басшыларының саммиттері, БҰҰ, ЕҚЫҰ аясындағы әр түрлі халықаралық тақырыптардағы көкейтесті мәселелер бойынша өткізілген конференциялар.

Сыртқы істер министрлігін Министр басқарады, оның 5 орынбасары бар. Министр жанындағы СІМ-нің Алқасы – сыртқы саяси бағытты іске асыруға қатысты нақты іс-шараларды ұйымдастыратын, халықаралық жағдайдың негізгі мәселелерін қарастыратын, Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің, сондай-ақ СІМ-нің орталық аппараты мен шетелдегі мекемелерінің қызметін үйлестіретін кеңесші орган. Қазақстанның тәуелсіздігі басталған жылдардан бері СІМ-н басқарған министрлер: Т. Сүлейменов (1991-94), Қ. Саудабаев (1994), Қ. Тоқаев (1994-99), Е. Ыдырысов (1999-2001), Қ. Тоқаев (2001-2006), М. Тәжин (2006 жылдан қазірге дейін). СІМ-нің орталық аппараты тиісті аумақтық және атқарымдық құрылымдардан (департаменттерден, басқармалардан) тұрады. Министрліктің жүйесіне дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер, ҚР-ның халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктері, министрліктің ҚР аумағындағы өкілдіктері және идаралық бағыныстағы ұйымдар жатады (Идара, ведомство – нақты бір мемлекетте қоғамдық өмірдің белгілі бір саласын немесе аясын басқаратын және мемлекеттік басқару органдары жүйесіне кіретін орталық мекеме. Идараның құқықтық жағдайы оның түріне байланысты болады. Үкіметтің түрлі комитеттері, комиссиялар, бюролар, бас басқармалар, департаменттер, т.б. идара болып табылады). Қазіргі уақытта ҚР-ның дипломатиялық қызметі жүйесінде 68 дипломатиялық өкілдік, соның ішінде 38 елшілік және 15 дипломатиялық өкілдік, 15 консулдық мекеме (7 Бас консулдық және 8 консулдық), халықаралық ұйымдар жанындағы 5 өкілдік (Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде, ТМД-да, ЕО-да, НАТО-да, ЕҚЫҰ-да) жұмыс істейді. ШЫҰ-дағы ҚР-ның ұлттық үйлестірушісі, сондай-ақ ҚР-ның ТМД-дағы мәдени-гуманитарлық мәселелер жөніндегі арнайы өкілі тағайындалды. Қазақстандық өкілдер ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары және ТМД атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазақстанда 101 шет мемлекет 66 елшілік арқылы өкілдік ашқан және 43 елші қосымша тағайындалған, сондай-ақ 21 халықаралық ұйымның өз өкілдіктері бар. 2002 ж. СІМ жанында сыртқы саяси қызметтің нақты бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеп отыру мақсатында Сыртқы саясат жөніндегі кеңес құрылды. СІМ өзінің басылымын – «Дипломатия жаршысы – Дипломатический курьер» журналын шығарып тұрады (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 8-том. А., 2006.142-143-бб.).

Консул (лат. Consul) – басқа мемлекетте белгілі бір міндеттерді (өз мемлекеті мен оның азаматтарының заңдық және экономикалық мүдделерін қорғау істерін) орындау үшін тұрақты өкіл ретінде тағайындалған лауазымды адам. Консулды тағайындаған мемлекет оған жеке басын куәландыратын патент береді және ол өзі қызметке келген мемлекеттің рұқсатынан (экзекватура) кейін ғана міндетіне кіріседі. Консул тағайындалған елінде өз мемлекетінің заңды тұлғалары мен жекелеген азаматтарының экономикалық және құқықтық мүдделерін қорғайды, төлқұжаттар мен кіру-шығу рұқсатнамаларын береді, нотариалдық қызметтер, т.б. атқарады. Консулдық мекеме басшылары өздері басқаратын консулдықтың класына қарай Бас консул, консул, вице-консул, консулдық агенті болып 4-ке бөлінеді. Қазақстан консулдары өз қызметінде ҚР Конституциясын, ҚР заңдарын, Үкімет қаулыларын, халықаралық конвенциялар мен келісімдерді, сондай-ақ, халықаралық рәсімдерді басшылыққа алады. Шет ел консулдарының еліміздегі қызметіне кірісуіне рұқсат беру тәртібі және олардың құқықтары, пайдаланатын жеңілдіктері мен иммунитеті «Қазақстандағы басқа мемлекеттердің дипломатиялық және консулдық өкілдері туралы ереже» бойынша жүзеге асырылады (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 4-том).