- •«Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықта» курсы бойынша лекциялар
- •1. Әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы.
- •2. Мемлекеттік құрылысты ұйымдастыру шаралары.
- •Қр сыртқысаяси мекемесін құру және оның міндеттері.
- •Қр сыртқысаяси мекемесінің құрылуы және оның қызметі.
- •Консулдың құзыры қандай?
- •Елшілер ұстаханасы
- •Дипломатиялық иммунитет деген не?
- •Қазақстан дипломатиясы тарихының негізгі кезеңдері
- •Қазақстан және оның Орталық Азия аймағындағы маңызы.
- •1. Қазақстанның Украина және Беларусьпен қарым-қатынастары.
- •Қазақстан Республикасының Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ассоциациясы (асеан) елдеріне қатысты сыртқы саясаты.
- •1. Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығы
- •1. Әлемдік қауымдастықтағы бұұ-ның орны мен рөлі және маңызы. Қазақстанның бұұ-ға мүше болуы.
- •1. Қазақстанның Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымымен (еқыұ) саяси ынтымақтастығы.
- •2. Қазақстан үшін қр еқыұ-ға 2010 жылы төрағалығы туралы шешімнің маңызы.
- •2. Қазақстан және түріксой.
- •2. Қазақстанның Еуразия экономикалық қоғамдастығына (ЕурАзЭқ) қатысуы және оның осы ұйымдағы рөлі.
- •Қазақстан және Каспий проблематикасы
- •Каспий – көздің қарашығы «Алаш айнасы».
- •Переговоры по разделу Каспия не дали результата
- •1. Қазақстан және Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңес (аөсшк).
- •2. Қазақстан және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (шыұ).
1. Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығы
«Қазақстан ЕО-мен ынтымақтастыққа өңірлік және халықаралық қауіпсіздік, экономика, әлеуметтік және мәдени даму салаларында зор мазмұн беруге мүдделі. Біз өзіміздің еуропалық серіктестерімізге инвестициялық қызмет, ірі халықаралық жобаларды іске асыру, біздің елімізге озық технологиялар мен білімді тарту үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек» (Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. ҚР президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – ЕҚ, 1 наурыз 2006 ж.).
Еуропалық Одақ (ЕО) әлемдік саясаттың негізгі бір тарапы болып табылады. Қазіргі уақытта ЕО-ға қарағанда басқа анағұрлым дамыған сауда-экономикалық әрі саяси интеграцияланған бірлестік жоқ. 370 млн. адамы бар біртұтас ішкі рынок жағдайында Еуроодақтың ішкі жалпы өнімі АҚШ-қа тең (5,5 трлн. доллар). ЕО -да тауарлардың әлемдік саудасының 40 пайызы және қызмет көрсету саудасының 30 пайызы шоғырланған, ғылыми-техникалық және қаржылық әлеуеті АҚШ-тан кейін екінші орын алады.
Аймақтық ынтымақтастықты дамыту, жанжалдарды реттеу, еуропалық құрылықта бітімгершілік операцияларын жүргізу мәселелеріндегі, шығыс блогының елдері есебінен Одақты кеңейту процесіндегі ЕО-ның өсе түсіп отырған рөлі ЕО-ға қатысты біздің сыртқы саясатымыздың белсенді болуын айқындайды, ондағы мақсат өзара іс-қимылды тереңдету әрі оны стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру. ҚР мен ЕО арасындағы ресми дипломатиялық қатынастар 1993 жылғы 2 ақпанда орнатылды. 1993 жылы желтоқсанда Брюссельдегі Еуропалық Одақ жанынан ҚР-дың Өкілдігі ашылды. 1994 жылғы қарашада Алматыда Еуропалық комиссияның (ЕК) Өкілдігі ашылды.
Еуропалық Одаққа қатысты Қазақстанның саясаты оның әлемдегі экономикадағы рөлімен және Еуропаның 15 дамыған елдері кіретін осы бірлестіктің жемісті интеграциялық саясатымен айқындалады. ЕО біздің еліміздің ең ірі сауда-экономикалық әріптесі болып табылады. 1999 жылы біздің еліміздің Еуродақ мемлекеттерімен сауда айналымы 2,2 млрд. долларды құрады (Қазақстанның сыртқы саудасының жалпы көлемінің 23,9 пайызы). 2000 жылы ЕО өлдерімен сауда көлемі 3 млрд. долларды құрады (21,8 пайыз), оның ішінде экспорт – 2 млрд. жуық доллар, импорт - 1 млрд. доллар. Біздің еліміздің экономикасына Еуропалық Одақтың тікелей инвестицияларының үлесі шамамен 22 пайыз (2,3 млрд. доллар), бұл Қазақстан экономикасына салынған инвестициялардың жалпы көлемімен салыстырып алынып отыр. Еуродақ елдерінің ішіндегі негізгі инвесторлар Ұлыбритания (12,6 пайыз), Нидерланды (2,6 пайыз), Италия (1,7 пайыз) болып табылады.
Қазақстан Батыс Еуропа елдерімен егемендікті және аумақтық тұтастықты құрмет тұту, бір-біріне шабуыл жасамау және ішкі істеріне араласпау, күш қолданбау және күш қолдану қаупін болдырмау, теңдік әрі өзара тиімділік принциптерін баяндайтын саяси шарттар жасасты. ЕО елдерімен сыртқы экономикалық байланыстардың шарттық-құқықтық базасы екі жақты сауда-экономикалық қатынастардың өсіміне ықпал етеді. Біздің еліміздің экономикасын құрылымдық қайта құруға және оның өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға белсенді түрде қатысып жүрген елдермен қол қойылған құжаттар айрықша маңызды. Мәселен, Австрия мен ГФР 1993 жылы кредиттік желілерін ашты. ЕҚДБ, ЕЭҚ сияқты еуропалық құрылымдармен Қазақстанға қаржылық көмек көрсету жөнінде келісімдерге қол қойылды және олар жемісті түрде жүзеге асуда. Еуропалық елдердің ішінде Ұлыбританиямен, Германиямен, Франциямен, Нидерландпен, Швейцариямен ынтымақтастық анағұрлым жемісті түрде дамып келеді.
Біздің еліміз Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы, сондай-ақ Қосарланған салық салуды болдырмау туралы халықаралық келісімдер жасасу жолымен өз экономикасына шетелдік капиталды тарту үшін дәйекті түрде құқықтық режим құруда. Мұндай келісімдер ЕО-ның көптеген елдерімен жасалды.
Саяси диалогты жандандыру және экономикалық ынтымақтастықты нығайту арқылы Қазақстандағы өзінің ықпалын кеңейту жөнінде Еуроодақтың күш-жігерін еселеуі заңды болып табылады. 1993 жылы күшіне енген Еуропалық Одақ туралы Маастрих шартында оның сыртқы саясатының негізгі мақсаттарының бірі демократияны дамыту мен нығайту, заңның үстемдігі, адам құқығы мен негізгі бостандықтарды құрмет тұту болып табылады деп көрсетілген. Сондықтан біздің еліміздегі демократиялық реформалар процесіне байланысты мәселелер барлық уақытта қазақстандық-еуропалық қатынастардың басты назарында болды.
Энергетикалық ресурстардың ірі тұтынушысы ретінде Еуропалық Одақтың Қазақстандағы мүдделілігі үлкен. Болашақта энергоресурстарды тұтынудың болжамданатын өсімін ескере отырып, ЕО энергия көздерін ендіруге, мұнай және газ құбырлары желілерін құруға байланысты инвестициялық жобаларға қатысуға зор көңіл бөлуде.
Қазақстан мөн ЕО арасындағы техникалық ынтымақтастық сондай-ақ басқа да бірқатар бағдарламалардың шеңберінде жүзеге асуда, мәселен; ИНТАС (ТМД елдерінің ғалымдарын қолдау жөніндегі халықаралық қауымдастық), КОПЕРНИКУС, Европартенариат және т.б.
1992 жылдың аяғында Алматыда Қазақстан Республикасына техникалық көмек көрсету жөніндегі ЕО Бюросы ашылды, ол ТАСИС (ТМД елдеріне техникалық көмек керсету бағдарламасы, 1991 жылдан бастап жұмыс істейді) және ТЕМПУС (білім саласында ЕО тарапынан көмек көрсету бағдарламасы, 1994 жылдан бастап жұмыс істейді) сияқты Еуропалық Одақтың бағдарламалары шеңберінде құрылды.
ТАСИС бағдарламасын 1991 жылы ЕО-ның Министрлер кеңесі бекітті және бағдарлама мемлекеттік, сондай-ақ жекеше мекемелермен байланыстар орнату арқылы тәжірибе әрі арнайы білімдер алмасуға көмек көрсету үшін жәрдем ақша беріп, қолдауға бағытталған. Бағдарлама консультативтік қызмет көрсетуді, кейбір жобаларды қаржыландыруды көздейді. Бағдарлама бірнеше негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады, олар еуропалық тараптың пікірі бойынша қайта құру процесін жеделдету: жекеше секторды дамыту, әлеуметтік қызмет пен білім жүйелерін реформалау және басқалары үшін айрықша маңызды. ТАСИС бағдарламасы, мәселен, Қазақстан кәсіпкерлері конгресіне қолдау көрсетті, шағын және орта кәсіпорындарды, банк секторын дамыту жөніндегі бағдарламаларды жасауды жүзеге асырды. ТАСИС Экономика министрлігінің шеңберінде болжамдау мен жоспарлаудың макроэкономикалық үлгісін әзірледі және соңғы макроэкономикалық амалдар бойынша министрлік қызметкерлерін даярлаудың бағдарламасын өткізді. ТАСИС бағдарламасы бойынша 1991-1998 жылдар ішінде шағын және орта бизнесті дамытуды қолдау, жекешелендіру және құрылымдық қайта құру, адам ресурстарына инвестициялар салу жобаларын жүзеге асыруға барлығы 130 млн. доллар қайтарымсыз көмек бөлінді, мұның өзі біздің елімізге көрсетілген барлық батыстық техникалық көмектің жартысынан астамын құрайды. 2000-2002 жылдар кезеңінде қосымша 24 млн. евро бөлінеді. 1992 жылдан бастап ТАСИС біздің елімізге 120 млн. евро сомасында қолдау көрсетті.
Ұлттық бағдарламамен қатар ТАСИС шеңберіндегі ынтымақтастық бірқатар аймақтық бағдарламалар бойынша да жүзеге асырылды, олар экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге, сауда-саттықты дамытуға, көліктік және энергетикалық желілерді кеңейтуге бағытталған. Олардың бірі
Орталық Азия және Закавказья елдерінің сауда-саттық және коммуникациялық мүмкіндіктерін дамытуға қызмет ететін ТРАСЕКА (Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі) жобасы. Осы жобамен талшықтық-оптикалық кабель төсеу жоспары да байланысты, аталған жоспар Еуропа-Азия желісінде байланысты қамтамасыз етеді. ТРАСЕКА біздің еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыру жөнінде қолға алынып жатқан күш-жігер тұрғысында, сөз жоқ, Қазақстанның мүдделілігін туғызады.
1995 жылы басталған мұнай мен газды тасымалдаудың ИНОГЕЙТ мемлекетаралық бағдарламасы Энергетика саласында инфрақұрылымды қалыптастыруға көмек көрсетуге бағытталған. Бағдарлама энергоресурстарды Каспий және Қара теңіз арқылы Еуропаға тиімді түрде шығаруды қамтамасыз етуі тиіс. Бұл бағдарламаны іске асыру - аймақ елдерінің тәуелсіздігін нығайтуға және энергоресурстарды тасымалдауға арналған экспорттық жолдарды дамытуға мүмкіндік береді. Көп жақты ынтымақтастық негізінде энергия көздерін тасымалдаудың проблемасын Қазақстанның шешуінің маңыздылығын ескертетін болсақ, бұл жобаның тиімділігі еселеп өсе түседі.
Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсету және оның тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу мәселелерінде халықаралық қаржылық ұйымдармен ынтымақтастық ЕО-ның маңызды міндеті болып табылады. Осы бағытта Еуропалық Одақ Еуропалық қайта құру және даму банкісімен анағұрлым белсенді түрде жұмыс істеуде. Еуропалық Одақпен ынтымақтастық БҰҰ-ны, ЕҚЫ¥-ны, Энергетикалық хартия жөніндегі конференцияны қоса алғанда, халықаралық форумдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды да қамтиды.
1995 жылғы 23 қаңтарда Президент Н.Назарбаев Брюссельде ҚР мен ЕО арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Ол 1999 жылғы 1 шілдеде күшіне енді. Бұл өзара қатынастың дәрежесі мен сипатын анықтайтын, оларды ұзақ мерзімді және тұрақты әріптестік деңгейіне көтеретін ауқымды халықаралық-құқықтық құжат болып табылады.
Жоғарыда аталған Келісімге сәйкес Ынтымақтастық кеңесі (ҚР-дың орталық атқарушы органдарының бірінші басшылары деңгейінде), Ынтымақтастық комитеті (аға лауазымды тұлғалар деңгейінде), Парламенттік ынтымақтастық комитеті сияқты органдар құрылды. Келісім күшіне енгенге дейін ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерімен "Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ" Бірлескен комитеті тікелей айналысты, Комитет өзінің үш отырысын өткізді: 1996 жылғы маусым (Брюссель), 1997 жылғы мамыр (Алматы) және 1998 жылғы мамыр (Брюссель).
Келісімге сәйкес саяси салада еуропралық және ғаламдық қауіпсіздікті нығайту мүддесі жолында халықаралық проблемалардың бүкіл спектрі бойынша саяси диалог пен консультациялар жүйесі орнатылады. Осы мақсатта үкімет мүшелері, атап айтқанда, сыртқы істер министрлері деңгейінде диалог өткізіледі. Диалог Ынтымақтастық кеңесі шеңберінде жүзеге асырылады, мұның өзі аса маңызды халықаралык мәселелер бойынша, әсіресе бітімгершілік саласы бойынша ЕО-мен іс-қимылды үйлестіруге мүмкіндік береді. Бұл, әрине, маңызды проблемалар бойынша басқа да кездесулерді жоққа шығармайды. Елдің аға лауазымды тұлғаларының және ЕО "үштігінің" (оған Одақтың қазіргі төрағасы болып табылатын ел басшысы, бұрынғы және болашақтағы төрағалар кіреді) жүйелі түрдегі консультацияларын, сондай-ақ сарапшылар арасындағы жұмыс бабындағы тұрақты байланыстарды қолдау көзделген.
Тараптар экспорттық және импорттық тауарларға салық салуға қатысты өзара негізде анағүрлым қолайлылық режимін (АҚР) қолдануды қамтамасыз етуге міндеттенді. Бұл ретте АҚР экономикалық интеграция туралы келісімдерге сәйкес үшінші елдерге анағұрлым қолайлылық режимін беру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Қазақстан үшін мұндай ерекшелік ТМД шеңберіндегі міндеттемелеріне қатысты қолдану үшін қажет, ал ЕО үшін - жаңа мүшелердің қосылуы тұрғысында қажет.
Келісім Еуропалық Одақ елдерінен Қазақстанға инвестициялар тарту үшін және қазақстандық шаруашлық жүргізуші субъектілердің инвестициялық қызметі үшін тұрлаулы жағдайлар жасайды. Оның ережелері шетелдік компанияларды құру режимін және олардың қызметін реттейді: оларды құру үшін мейлінше қолайлылық режимі көзделген. Келісім сондай-ақ зияткерлік меншіктің түрлі объектілерін қорғау жөніндегі тараптардың көп жақты конвенцияларға қатысуынан туындайтын міндеттемелерін белгілейді. Келісім сөз жоқ, осы құқықтарды қорғау практикасын бекітеді, дегенмен олардың көлемі мен деңгейі Қазақстанның үшінші елдермен қарым-қатынасында түрліше болуы мүмкін. Бұл ЕО елдерінде зияткерлік меншіктің қазақстаңдық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді: көп жағдайда мұны істеудің мүмкіндігінің болмауы Қазақстанда тиісті құқықтарды қорғаудың осы тақылеттес деңгейінің жоқ екендігімен түсіндірілді.
Мұндай міндеттеме Қазақстандағы шетелдік инвестицияларды көтермелеу үшін де маңызды, өйткені оларды тартудың шарты зияткерлік меншік құқықтарын қорғау туралы мәселені шешумен байланысты. 1999 жылғы шілдедегі Ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысында сауда-саттық пен инвестиция, сот әділдігі мен есірткілердің заңсыз айналысына қарсы күрес, қоршаған орта, аймақтық ынтымақтастық (ИНОГЕЙТ және ТРАСЕКА), сондай-ақ демократияны дамыту салаларында екі жақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары талқыланды.
1999 жылғы қарашада Астанада Ынтымақтастық комитетінің алғашқы отырысы өтті, онда қазақстандық-еуропалық құқықтық консультативтік орталықты құру, ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан ТЕМПУС бағдарламасының Ақпараттық бюросын және Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығының кеңсесін Алматыда ашу сияқты міндеттерді іске асыру жөнінде нақты шаралардың кешені белгіленді.
2000 жылғы 27 маусымда Президент Н.Назарбаевтың Брюссельдегі Еуропалық комиссияға ресми сапары болды. Сапар барысында Мемлекет Басшысы Еуропалық Комиссияның Президенті Р.Продимен кездесті. Басшылар екі жақты ынтымақтастықтың қазіргі жәй-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы жетекші рөлін, оның әлемдік геосаясат пен экономикадағы орнын ескере отырып, екі жақты қатынастарды стартегиялық әріптестік деңгейіне көтерудің мүмкіндігін талқылады.
Қазақстанның аймақтағы ерекше рөлін және ЕО-ның біздің елімізбен әріптестікке мүдделілігін атап көрсетіп, Р.Проди Орталық Азия аймағын дамытуға қатысты ЕО-ҚР-дың бірыңғай доктринасын, сондай-ақ аймақтық тұрғыдағы ҚР-ЕО ынтымақтастығының кешенді бағдарламасын әзірлеу қажеттігі туралы мәлімдеді.
Сапар нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Экономикалық Қоғамдастық арасындағы тоқыма бұйымдарымен сауда-саттық жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Қоғамдастық арасында хаттар алмасу нысанында келісімге қол қой-ылды, Басқарылатын ядролық синтез саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге алдын ала қол қойылды.
2000 жылғы шілдеде Брюссельде Ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысы өтті. Қазақстандық тарап сауда-экономикалық ынтымақтастықтың бірінші дәрежелі міндеттерін белгіледі, олар: Қазақстанда "нарықтық экономикасы бар ел" деп тану, қазақстандық өнімдердің Еуропа рыногына енуін кеңейту, қазақстандық ферросилицийге антидемпингтік баж- дарды жою, біздің еліміздің инвестициялық заңнамасын одан әрі үйлестіру. Тараптар қазақстандық рынокқа инвесторлар тартудың және сыртқы сауда өсімінің маңызды факторларының бірі біздің еліміздің Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) кіруі болуы мүмкін деген пікірмен келісті.
Еуропалық тарап Арал теңізі мен Семей полигоны аймақтарының проблемаларын шешу үшін ТАСИС желісі бойынша бөлінетін техникалық көмек көлемін ұлғайту туралы Қазақстанның ұсынысымен келісті. Мәжіліс кезінде есірткі тасымалдаудың ғаламдық ауқымдағы проблемасы - есірткілердің заңсыз айналымына бақылау жасау жөніндегі ұлттық бағдарламаны ЕО қатысуымен Қазақстанда жүзеге асыру қажеттігі талап етілетіні айтылды, ЕО мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы есірткілерге бақылау жасау жөніндегі өзара іс-қимылдың жоспары қолда-нысқа енгізілуі тиіс. Талқыланған халықаралық проблемалар ішінде аймақтық ынтымақтастық және Ауғанстандағы жағдай жөніндегі Қазақстаның ұстанымы сөз болды.
2001 жылғы 17 шілдеде Брюссельде Ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өткізілді. Тараптар сауда-саттық пен инвестиция, демократияны дамыту, сот әділдігі және ішкі істер саласындағы әріптестік пен ынтымақтастық туралы негізге алынатын келісімді іске асырудың барысын, сондай-ақ халықаралық саясаттың бірқатар мәселелерін талқылады. Еуропалық тарап демократия, адам құқығы және нарықтық экономика принциптерінің негізінде Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтт. Осы тұрғыда Қазақстанның 2000-2001 жылдардағы экономикалық жетістіктеріне оң сипаттағы баға берілді.
Сауда инвестициялық мәселелер блогын талқылау кезінде Еуроодақ делегациясы ҚР Өкіметінің Дүниежүзілік Сауда Ұйымымен келіссөздеріне оң баға беріп, осы халықаралық ұйымға біздің еліміздің кіруін қолдау ниеті туралы мәлімдеді.
Еуропалық Тарап сондай-ақ ет өнімдерін ЕО рыногына түсіруге қатысты Қазақстанның өтінішін қарауға міндеттенді. ЕО делегациясының хабарлауы бойынша таяу уақытта жоғалып кету қаупі алдында тұрған жабайы хайуандар мен өсімдіктер дүниесінің халықаралық саудасы жөніндегі конвен-цияның Тұрақты комитетінің 45-сессиясында қабылданған міндетемелерді ескере отырып, қазақстандық балық өнімдерін Еуроодаққа импорттау мәселесі шешілетін болады.
10 жыл ынтымақтастық ішінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ өткен жолды бағалай отырып, 1995 жылғы екі жақты келісімде белгіленген әріптестік қарым-қатынас нақтылыққа айналғанын атап өтпеу мүмкін емес. Сауда-экономикалық мүдделердің бүкіл спектрі бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған демократия және адам құқығы сияқты әмбебап құндылықтарды тануға негізделген қазақстандық-еуропалық әріптестік біздің еліміздің тұрлаулы дамуының маңызды факторы.
Қазақстан Республикасы Еуропаның Орталық Азиядағы ірі сауда-экономикалық әріптесіне айналды, мұның өзі айтарлықтай деңгейде біздің ішкі саяси тұрақтылығымызға байланысты мүмкін болды. «Қазақстанның Еуропа Одағымен 2007 жылғы сауда айналымы 21,5 миллиард еуроны құрапты, ал бұл Орталық Азиядағы төрт мемлекет пен Кавказдағы үш мемлекеттің бәрінің Еуропа Одағымен сауда айналымын қосқандағыдан да артық» (Егемен Қазақстан, 19 қараша 2008 ж.).
Еуропалық құрылықта аймақтық ынтымақтастықты дамытудағы, соғыс жанжалдарын реттеудегі, бітімгершілік операцияларын жүргізудегі ЕО-ның белсенді позициясы, сондай-ақ шығыс блогы елдерінің есебінен ЕО-ның кеңею процесі өзара іс-қимылды тереңдету және оны стратегиялық әріптестік деңгейіне шығару мақсатында Қазақстанның Еуродаққа қатысты саясатын түзету қажеттігін айқындайды. Таяу келешекте қазақстандық дипломатия 2000 жылғы маусымдағы ҚР мен Еуропалық Комиссия Президенттерінің арасындағы уағдаластыққа сәйкес Қазақстан мен Еуропалық Одақ әріптестік доктринасын әзірлеу қажеттігі туралы мәселені ЕО-мен пысықтауы қажет.
Аталған құжаттың шеңберінде екі жақты және көп жақты ынтымақтастықтың жаңа арналарын белгілеуге болады, сондай-ақ Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі, экономикалық кооперацияны дамытудағы, ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және есірткі тасымалына қарсы күрестегі аймақтық ынтымақтастықтың катализаторы ретінде Қазақстанның әлеуетін пайдалануға болады. Осы бағыттағы келесі қадам Ресей Федерациясына және Украинаға қатысты құжаттар тақылеттес Қазақстанға қатысты Еуроодақтың жалпы стратегиясын әзірлеу қажет.
Қазақстандық өнімдер үшін еуропалық рыноктарды кеңейтуге және ҚР - ЕО сауда-инвестициялық ынтымақтастығын тереңдетуге байланысты айтатын болсақ, бұл жерде 2000 жылғы қазанда Еуропалық Одақ Кеңесі қабылдаған ЕО-ның Антидемпингтік ережесіне түзету енгізу туралы шешімінің бірінші кезектегі маңызы бар. Бұл Еуроодақтың біздің елімізге "нарықтық экономикасы бар мемлекет" мәртебесін беруін білдіреді.
ЕО-мен ынтымақтастықтың ерекше маңызы сондай-ақ Еуропалық Одақтың Еуропадағы түрлі құрылымдармен және бірлестіктермен интеграциясының жоғары деңгейіне баланысты (қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, ғарыш және басқа да салаларда).
Есірткілердің саудасы мен таралуына қарсы күрес проблемасының халықаралық сипатын ескеретін болсақ ЕО бастамашысы болған, Есірткілерге бақылау жасау жөніндегі ЕО мен Орталық Азия мемлекетері арасындағы іс-қимыл жоспарын іске асыруға Қазақстанның қатысуы өзекті болып табылады. Қазақстандық тарап болашақта Ынтымақтастық комитеті жанынан Есірткілерге бақылау жасау жөніндегі кіші комитетті құру туралы мәселені пысықтауда. Өз кезегінде Еуроодақ сот әділдігі мен ішкі істер жөніндегі кіші комитет құрудың орындылығы туралы пікір білдіруде. Алматыдағы Еуропалық Комиссияның Өкілдігі жанынан Есірткі проблемалары жөніндегі ЕО-ның аймақтық өкілінің кеңсесін ашудың маңызы зор.
Бірлескен жер серігін жасау және ұшыру, Байқоңыр ғарыш айлағынан басқа да жер серіктерін ұшыруды қамтамасыз ету мақсатында Еуропалық ғарыштық агенттіктің кәсіпорындарымен байланысты дамыту - Еуроодақпен өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыты болуы мүмкін. Осы бағыттағы алғашқы қадам деп Байқоңыр ғарыш айлағынан ресейлік зымыран - ұшырғыштың көмегімен КА "Кластер - 2" макетін сәтімен ұшыруды айтуға болады.
Қазақстан белсенді қатысушысы болып табылатын Еуразиялык Экономикалық Қоғамдастықтың (ЕурАзЭҚ) және ЕО-ның мақсаттарының ортақтығы - тауарлардың, керсетілетін қызметтердің, еңбектің және капиталдың ортақ рыногын құру мақсаты - көп жақты үлгіде өзара тиімді экономикалық өзара іс-қимылды дамыту үшін берік негіз қалайды. Қазақстан үшін Еуропалық Одақтың ізашары болған Еуропалық көмір мен болат бірлестігінің, Еуроатомның және басқа да еуропалық экономикалық қоғамдастықтардың үлгісі бойынша Орталық Азияда салалық бірлестіктерді қалыптастыру басшылыққа алатын тәжірибе.
Еуропалық Одақ және АСЕАН сияқты беделді аймақтық бірлестіктердің диалогы негізіндегі "Еуропа-Азия" саммитінің жұмысына біздің еліміздің қатысу мүмкіндігі көкейкесті екені рас. Бұл орайда Қазақстанның бастамасы бойынша қабылданған СПЕКА бағдарламасы Еуразиялық әріптестікті нығайтудың маңызды элементі болып табылатындығын ескеру қажет.
Бұл мәселелер 2001 жылы Брюссельде болған Парламентаралық ынтымақтастық комитетінің екінші мәжілісінің және сол қалада шілдеде болған Ынтымақтастық кеңесінің үшінші мәжілісінің барысында талқыланды.
1998 жылғы мамырда Еуропа Кеңесі Министрлер Комитетінің Құқық арқылы Демократия үшін Еуропалық Комиссиясында біздің елімізге байқаушы мәртебесін беру туралы шешімі Қазақстанның халықаралық саясатындағы маңызды оқиға болды. Демократиялық заңнама мәселелері бойынша Еуропалық Кеңестің консультативтік органы болып табылатын осы беделді еуропалық ұйымға байқаушы болғаннан кейін Қазақстан заң жобаларын әзірлеуде және өзінің заңнамасына сараптама жүргізуде көмек сұрауға құқық алды. Сонымен бірге Қазақстан демократиялық құндылықтарға бейімділігін және Еуропалық Кеңеспен тізе қосуға ұмтылысын паш етті.
Қорыта келгенде, Еуропа Одағы елдерімен көп тарапты ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз және бұл бағытта практикалық қадамдар жасап жатырмыз.
2008 жылы «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат халықаралық қатынастардың еуропалық жүйесіне Қазақстанның неғұрлым белсендірек ену ниетін айқын көрсетіп берді.
«Еуропаға жол» бағдарламасының басты мақсаты Қазақстанның Еуропа елдерімен технология, энергетика, көлік салаларындағы ынтымақтастықты дамытып, тереңдету, сондай-ақ еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы үшін жағдай туғызу болып табылады. Сонымен қатар, бағдарламаға техникалық реттеу мен метрология салаларындағы қарым-қатынасты қалыптастыру да кіреді.
«Еуропаға жол» бағдарламасының арқасында Қазақстан жетекші Еуропа елдерімен саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларда жаңа стратегиялық әріптестік деңгейіне шығып, өз кезегінде бұл тауар айналымын ұлғайтуға жағдай туғызады (ЕҚ, 25.10.2008).
2009 ж. 13 наурызда Алматыда «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қ.Тоқаев Қазақстандағы Еуропа Бизнес-ассоциациясының (ҚЕБА) жәрдемімен ұйымдастырылған Қазақстанда жұмыс істейтін еуропалық бизнес қауымдастықтары өкілдерімен кездесті.
Қазақстан Сенатының басшысы еуропалық іскерлер ортасында Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен әзірленген «Еуропаға жол» бағдарламасының негізгі бағыттары туралы ағылшын тілінде айтып келіп, бұл жоспардың басты мақсаты саяси және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту арқылы еліміздің Еуропа мемлекеттерімен қатынастарын стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру екенін атап көрсетті.
Қ.Тоқаев еуропалық іскерлер ортасын алдағы 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі басымдықтары мен міндеттері туралы хабардар етті. Ол Ұйымның үш өлшемдегі – гуманитарлық, экономика-экологиялық және әскери-саяси қызметін дамыту жөніндегі белсенді жұмыстарын жалғастыруға Қазақстанның ниеттеніп отырғанын жеткізді. Бұл тұрғыда Қазақстан Сенатының басшысы елді қоғамдық-саяси тұрғыдан одан әрі өркендету, демократиялық институттарды дамыту, ұлттық, оның ішінде сайлау заңнамаларын жетілдіру мақсатындағы Қазақстан басшылығының бастамасы бойынша еуропалық тәжірибеге негізделіп қабылданған шаралар туралы жан-жақты әңгімеледі.
Қазақстандағы Еуропа Бизнес-ассоциациясы (ҚЕБА) – елімізде жұмыс істейтін және инвестиция әкелетін Еуропалық Одақтың, Қазақстандағы Еуропалық Комиссия делегациясы бірнеше компаниясының бірлескен бастамалары бойынша 1999 жылы құрылған тәуелсіз, коммерциялық емес ұйым. Ол Қазақстанда еуропалық бизнестің мүдделерін білдіру, Қазақстанның негізгі экономикалық әріптесі ретінде Еуропалық Одақтың келбетін насихаттау және бизнес саласы мен Қазақстанда өз бизнесін бастауға немесе инвестиция әкелуге бет алған компанияларға жергілікті мәдени дәстүрлер бойынша ұсыныстар беру үшін құрылған (ЕҚ, 14.03.2009).
2009 ж. наурыздың басында Брюссельде Еуропа халықаралық қатынастар институты (ЕХҚИ) Еуропадағы болжау және қауіпсіздік институтымен (ЕБҚИ) бірлесіп «Қауіпсіздік: Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық. Жаңа әріптестік жолындағы стратегия» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Оның жұмысына дипломатиялық миссиялар жетекшілері, Еуропалық Комиссия, НАТО, ғылыми-зерттеу топтарының өкілдері мен Еуропа дипломатия академиясының тыңдаушылары қатысты.
ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі П. Морель өзінің сөзінде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы айырмашылыққа екпін түсіре келіп, Қазақстанның экономикалық өсу және саяси даму қарқыны жөнінен өңірдегі сөзсіз көшбасшы екенін бөліп көрсетті. Ол, сонымен қатар, Астананың өңірлік және жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға қосып отырған үлесін ерекше атады. Өзге баяндамашылар да осындай көзқараста екендіктерін көрсетті. Ал осы бағыттағы бастамаларбүгінде халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланып жүргені белгілі (ЕҚ, 14.03.2009).
Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасымен қарым-қатынасы
Соңғы жылдары Қазақстан мен Германия жақсы халықаралық қатынастар құрды. Біздің елдеріміздің ұстанымы өте жақын. Екіжақты экономикалық қарым-қатынастар динамикалық даму ырғағынан көрініс тапты. 2007 жылы екіжақты сауда көлемі 5,6 миллиард еуроны құрады. Германия мен Қазақстан арасында 600-дей біріккен кәсіпорын құрылды. Біз осы әріптестікті бекемдеу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға тиістіміз (ЕҚ, 10.10.2008).
Қазіргі кезде Қазақстанда Германияның 170-ке жуық ірі фирмаларының филиалдары мен өкілдіктері жұмыс істейді. 1500 неміс фирмасы тұрақты түрде қазақстандық әріптестерімен сауда-саттық байланысын жасайды. Германия елімізбен халықаралық сауда-саттық қарым-қатынасын жасайтын елдердің ішінде алғашқы үштіктің құрамына кіреді. Екі ел арасындағы сыртқы экономикалық айналым жылдан жылға өсіп келеді. Тек өткен жылы ғана ол 2006 жылмен салыстырғанда 17 пайызға өсті. Екі ел арасындағы сауда айналымы 2004 жылдан 2006 жылға дейін екі еселеніп, 4,7 млрд. еуроны құраса, 2007 жылы бұл көрсеткіш 5,56 млрд. еуроға жетті. Сөйтіп Германияның Орталық Азиядағы сауда айналымының 90 пайызы Қазақстанның үлесіне тиеді.
Қазақстан ГФР-ді энергиялық қуат көздерімен қамтамасыз ететін ең сенімді әріптес болып табылады. Германияға жөнелтілген мұнай импорты өткен жылы 7,95 млн. тонна болды. Неміс сарапшыларының мәлімдеуінше, Қазақстан мұнай импорттауда 5-ші орынды иеленіп, бұл мемлекетке импортталатын барлық мұнай көлемінің 7 пайызын иеленеді.
"Қазақстанға инвестиция — немістің орта кәсіпкерлігі үшін мүмкін-діктер" айдарымен өткізіліп отырған форумды Орталық Азиядағы Германия экономикасы өкілдігінің басшысы Йорг Хетч ашып, өткізіліп отырған бұл халықаралык, үлкен шараның мәні мен мағынасына тоқталды. Германия экономикасының Қазақстандағы күні осымен 10-шы рет қатарынан өткізіліп келеді. Өткен жылы Алматыда өткен форумға Германия Федералдық экономика және технология министрі М.Глос қатысса, биылғы Астана қаласында өткізіліп отырған басқосуға Федералдық Президент Хорст Келер қатысты. Бұл ГФР мемлекетінің және бизнес қауымдастығының Қазақстанға деген айрықша қызығушылығын көрсетсе керек.
Форумға Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов қатысып, сөз сөйледі. "Еуропа мемлекеттері ішінде Германия сауда экономикалық айналымы бойынша 6-шы орын алып, біздің еліміз үшін ерекше маңызды әріптес саналады", — деп атап көрсетті ол өз сөзінде.
Еліміздің таяу болашақтағы экономикалық даму стратегиясы — әлемдегі ең дамыған 50 мемлекеттің қатарына кіру болып табылады. Бұл ретте әлем мемлекеттерінің ішінде технология және инжиниринг (ұшақ жасау, электротехника, дәлдік механикасы, оптика, химия өнеркәсібі) бойынша көшбасшылардың бірінен саналатын Германиямен ынтымақтастық — еліміздің еуропалық экономикалық векторындағы ерекше басым бағыттардың бірі. Қазақстан мемлекеті шетелдік кәсіпкерлердің инвестициялық ахуалы үшін барлық қолайлы жағдайды жасаған. Оған мына деректер айқын дәлел бола алады. 1993 жылдан 2008 жылға дейін қазақстандық экономикаға салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 68,8 млрд. АҚШ долларын кұрады. Тек 2007 жылы ғана республикамызға келген тікелей шетелдік инвестиция мөлшері 17,5 млрд. доллар болып 2006 жылмен салыстырғанда 65,4 пайыз өскен.
Сол сияқты шетелдік инвесторлар тарапынан Қазақстан рыногына деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 1999 жылы шетелдік капиталдың үлесі бар кәсіпорындардың саны 2000 болса, 2006 жылы еліміздегі мұндай кәсіпорындардың саны 7700-ге жетті. Неміс капиталының үлесі бар еліміздегі бірлескен кәсіпорындардың саны 688-ге жетіп, оның 547-сі белсенді жұмысымен көрінуде. Бұл ретте "Сименс", "ДаймлерКрайслер", "Фольксваген", "Тиссен Крупп", "МАН", "РВЕ", "Кнауф" және басқаларын ерекше атап өтуге болады. Сонымен бірге екі ел арасындағы сауда айналымы 2007 жылы 2,9 млрд. доллар болып, 2006-мен салыстырғанда 26 пайызға өскен. Үстіміздегі жылдың 5 айында біздің елімізге Германиядан 349,6 млн. доллардың тауары экспортталса, 950,8 млн. доллардың тауары импортталған.
Халықаралық форумға қатысушыларға Бақыт Сұлтанов біздің елімізде соңғы уақытта жүзеге асырыла бастаған серпіңді жобалар жайында жан-жақты мағлұмат берді. Бұл ретте ел экономикасын әртараптандыруға арналған, мемлекет пен бизнестің мүмкіндігін барынша біріктіре отырып, жүзеге асырылатын "30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасының алатын орны ерекше. Бұл бағдарлама еліміздің 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясының басым бағыты болып табылады.
Сонымен бірге министр елімізде қабылданғалы отырған жаңа Салық кодексі мен Бюджет кодексінің және нәтижеге бағдарланған үшжылдық бюджеттің шетел инвесторларына қатысты игі жақтарына тоқталды. Елімізде бұрын да шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалынған болатын. Ал кабылданғалы отырған жаңа зандар бойынша Қазақстанға инвестиция салу шетелдіктер үшін аса пайдалы және барынша сенімді болмақ.
Халықаралық жиынға қатысушылардың алдында Германия Федералдық экономика және технология министрлігінің өкілі доктор Карл-Эрнст Браунер сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ГФР экономикасы үшін Қазақстан маңызды да сенімді әріптес екендігін атап көрсетті. Екі ел арасындағы экономикалық және сауда қарым-қатынастары жылдан жылға дамып, кең серпін алуда. Осыған орай екі мемлекеттің әр түрлі дәрежедегі өкілдері арасындағы кездесулер де жиі орын алып келеді. Мәселен, биылғы жылдың маусым айында Берлин қаласында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Германия-Қазақстан үкіметаралық мәжілісі болып өтті. Сонымен бірге Федералдық экономика және технология министрлігі Германия-Қазақстан ынтымақтастығы бағдарламасы бойынша қазақстандық кадрларды даярлауға қомақты көмек көрсетіп келеді. Мәселен, 2004 жылы 150 қазақстандық менеджерлер германиялық компаниялар мен мекемелерде үш айлық іскерлік жетілдіру курстарынан өтті. Германия Қазастанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруіне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Қазақстандағы Германия экономикасының күнін өткізуге бастамашы болған германиялық экономикалық клубтың президенті Александр Пикер өз сөзінде бүгінгі халықаралық шараның екі ел арасындағы экономикалық және сауда ынтымақтастығын дамытуға қосатын игі ықпалын тілге тиек етті. Оның айтуынша, біздің елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға ынта білдіріп отырған неміс фирмалары жетерлік. Мәселен, өткен жылы Қазақстандағы Германия экономикалық клубына 75 неміс фирмасы мүше болса, биыл олардың қатары 85-ке ұлғайыпты. Жақында клуб мүшелері өздерінің мәжілісінде бұл клубқа қазақстандық фирмалардың да мүше болуына мүмкіндік беру жөнінде шешім қабылдапты. Қазақстандағы Германия экономикасының күні міне, қатарынан 10 жыл бойы екі ел арасындағы экономикалық және сауда байланысының деңгейін анықтайтын үлкен шараға айналып келеді.
Германия инвесторларының Қазақстанға салған тікелей инвестициясының көлемі 550 млн. доллар көлемінде екен. Бұл әрине өте аз. Сондықтан Германия экономикалық клубы бұл деңгейді еселеп көтеруге мүдделі. Ол үшін екі мемлекет арасындағы осы өткен жылдар ішінде қалыптасқан қолайлы экономикалық және сауда ынтымақтастығы барынша тиімді ықпал етпек.
Германия және Қазақстан кәсіпкерлері қатысқан осы халықаралық форумда Ақмола облысының әкімі Альберт Рау, Қостанай обылысы әкімінің орынбасары Виктор Мейстер сөз сөйлеп, өз өңірлерінің Германия инвестициясы үшін тартымды салаларын тілге тиек етті. Өз кезегінде германиялық "Тиссен-Крупп" өкілдігінің басшысы Байер, '"Амиантит" өкілдігінің басшысы Щерц мырзалар Қазақстанда жұмыс істеп жатқан неміс кәсіпкерлерінің іс-тәжірибесімен бөлісті.
Халықаралық форум қорытындысында Германия Федеративтік Республикасы Федералдық Президенті Хорст Келер мен Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен екі ел арасындағы экономикалық келісімге қол қойылды (ЕҚ, 05.09.2008).
2009 жылы ақпанның басында Елбасы Н. Назарбаевтың Германияға ресми сапар жасағаны белгілі. Делегация құрамында болған қазақстандық ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері аталған Еуропа елінде қазақтың ежелгі азық-түлік өнімдері – қымыз бен жылқы етін өндіру кең таралғанына көз жеткізіп қайтты. Бір Германияның өзінде ғана 40 қымыз фермасы жұмыс істейді екен. Онда осы ғажайып сусынмен қатар, жылқы сүтінен түрлі дәрі-дәрмектер,өзінің емдік қасиеті жөнінен Өлі теңіз өнімдерінен асып түсетін жасартатын крем, шампунь өндірілетін көрінеді. Осы тақілеттес фермалар АҚШ-та, өзге де Еуропа елдерінде құрылған. Бұл елдердің бәрінде мемлекеттік бюджет аталған өнімдерді шығаруға қолдау көрсетеді (ЕҚ, 11.04.2009).
ҚР мен Чех Республикасы арасындағы қарым-қатынастар
2009 ж. 1 қаңтарынан бастап Еуроодақ төрағасы болған Чех Республикасымен ҚР арасындағы дипломатиялық байланыс 1993 жылы орнаған. Сол уақыттан бері екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық арта түсумен келеді. 2004 жылы Чехия президенті В. Клаустың Қазақстанға ресми сапары екі жақты қарым-қатынастардың тереңдеуіне айтарлықтай үлес қосты. Қазақстандағы ілім-білімнің қарашаңырағы - әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің құрметті профессоры В. Клаустың сол сапары барысында қол қойылған Ынтымақтастық жөніндегі декларация өз жемісін беруде. Айталық, 2006 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 157,2 млн. долларды құраса, 2008 жылы 199,8 млн. АҚШ долларына жетті. Қазақстанда чех капиталын кірістіре жұмыс істейтін 72 біріккен кәсіпорын мен 16 чех фирмасы тіркелген.
Қазақстан Чехиядан халық тұтынатын тауарлар, дәрі-дәрмектер, медицина құралдарын, құбырлар, автокөліктер мен оларға қажетті қосалқы бөлшектер, жиһаз бен технологиялық құрал-жабдықтар алса, Чех Республикасына біздің минералдық отын мен жанар-жағар май, түрлі химикаттар, фосфор, хром қосындылары, қара және түсті металл, астық, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері жөнелтіледі.
Бірлесе, ынтымақтаса іс-қимыл таныту екі елдің мүддесіне де сай келеді (ЕҚ, 21.01.2009).
13 – лекция. 1 сағат.
Қазақстан және мұсылман әлемі.
Қазақстанның Таяу Шығыс елдерімен қатынастары.
Қазақстан Республикасының Орта Шығыс елдерімен ынтымақтастығы.
Қазақстанның Таяу Шығыс елдерімен қатынастары
Таяу және Орта Шығыс мемлекеттері өздерінің географиялық жақындығы, экономикалық әлеуеті, сондай-ақ осы елдер халқыменен тарихи және мәдени тамырлардың тығыз байланысына орай Қазақстанның маңызды мүдделері аясына етене кіреді. Таяу және Орта Шығыстың маңыздылығы оның осы аймаққа шоғырланған орасан зор адамдық және табиғи ресурстарының өзіндік геосаяси артықшылығымен беки түседі. Көрсетілген жағдаяттар қазіргі әлемдегі көптеген мемлекеттердің осы аймақпен кең ауқымды ынтымақтастықты өрістете түсуге ұдайы ұмтылысын айқындайды.
Қазақстан дипломатиясының Орта Шығыстағы басымдылығы тиісті мемлекеттер мен өзара тиімді экономикалық байланыстарды және саяси ынтымақтастықты жоспарлы түрде кеңейту болып отыр. Біздің еліміздің Орта Шығыс мемлекеттерімен жемісті қатынастарын дамыту осы процеске барлық қатысушылардың саяси және экономикалық мүдделерінің күрделі теңгерімін сақтауды, өзара тиімді ымырашылдықты іздестіруді, өзіміздің ұлттық мүдделерімізді табан тірей қорғауды талап етеді.
Таяу Шығысқа біздің еліміз сыртқы саяси басымдықтар жүйесінде маңызды орын береді. Бұл үш ірі құрылық: Еуропа, Азия және Африка түйісуінде орналасқан осы аймақтың бірегей геосаяси жағдайымен байланысты. Бұл жерде көмірсутегі шикізатының әлемдік қорларының үштен екісі жатқанын қоса алғанда, адамдық және экономикалық елеулі ресурстар шоғырланған. Көрсетілген жағдаяттар қазіргі халықаралық қатынастарда Таяу Шығысқа барған сайын артып отырған заңды рөлін қамтамасыз етеді.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін көпшілігі тәуелсіздік алған араб мемлекеттері экономикалық дамуының айқындаушы факторы мұнай болып табылады. "Қара алтынның" бай қорын игеру бұл елдер экономикасын басым шикізаттық сипатын ғана емес, олардың сыртқы саяси бағытын да белгілеп берді. Нақ осы мұнай факторы бір жағынан, аймақ мемлекеттерінің аса мол кіріс алуын қамтамасыз етсе, екінші жағынан, әлемдік державалардың Таяу Шығысқа ықпал үшін аймақтық бәсекелестігінің, Иран мен Ирак, Сауд Аравиясы мен Йемен, Ирак пен Кувейт және басқалары арасында көптеген қақтығыстардың туындау себебіне айналды. Өткен ғасырдың 70 жылдарындағы мұнай дағдарысынан бастап Вашингтон Парсы шығанағы ауданын өз стратегиялық мүдделерінің аймағы деп жариялады, бұл аймақ елдерін АҚШ-тың одақтастары мен қарсыластарына жіктеді. Израильден басқа Таяу Шығыс мемлекеттерінің ішкі және сыртқы саяса-тының екінші тірек киті Ислам. Діни фактордың ықпалы да қарама-қайшылықта. Оның игілігі жұмылдырушылық рөлінде (әлемнің бұл елдерінің көпшілігі Батыс пен Шығысқа, Солтүстік пен Оңтүстікке емес, мұсылман және мұсылман емес дүниеге бөлінеді). Бұл діни қағидат бойынша мысалы, ИКҰ, ИДБ және басқа да түрлі халықаралық саяси және қаржы құрылымдарын құруға алып келді.
Мұнымен бір мезгілде Ислам факторының теріс ықпалы да бой көрсетіп отыр, ол көбінесе шииттік Иран мен сунниттік араб дүниесі арасындағы елеулі алауыздықтардың, Ирак пен Бахрейнде суннит және шиит қауымдастықтары қарым-қатынасындағы ішкі шиеленістердің, Ливанда азаматтық соғыстың көзіне айналды. Кейінгі жылдары экстремистік және терроршылдық ыңғайдағы көптеген діни қозғалыстар үлкен қиын түйін болып отыр.
Аймақтағы саяси ахуалды айқындаушы үшінші фактор - этникааралық және конфессияаралық қарама-қайшылықтар. Ілгеріден келе жатқан, қантөгісті әрі шешілуі қиын осы заманғы дағдарыс - араб-израиль қақтығысы нақ осыған байланысты.
Жоғарыда баяндалған ерекшеліктер Қазақстан саясатының Таяу Шығыс бағытындағы ерекшеліктері мен өзгешеліктерін айқындап берді. Аумақтың мемлекеттерімен қатынастар орнату және даму процесі бастапқы кезде белсенді байланыстармен және экономика саласында бірлескен жобалар нөпірімен ерекшелене қойған жоқ. Мұның алғашқысы бұрынғы КСРО кезінен екі жақты байланыстар тәжірибесі болмағандықтан көптеген елдермен қатынас орнатуды тыңнан бастауға тура келді. Бұдан басқа, араб дүниесі тарабынан әліптің артын бағу да аңғарылды.
Мәселенің мәнісі мынада еді, басқа мемлекеттермен қатынастан гөрі билеуші әулет мүшелерімен қатынастар орнату әлдеқайда артық тұратын аймақтың сыртқы саяси өзіндік ерекшелігі сыртқы байланыстарға дем бере қоймады. Байланыстар көбінесе мұнайды сыртқа шығарушы немесе туысқан араб елдерімен (Қазақстан бұлардың екеуіне де жатпайтын еді) кең ауқымда алғанда ислам дүниесімен дамыды. Біздің еліміз мемлекеттік құрылысының зайырлы сипатына қарамастан ислам дүниесіне жатады. Сондықтан Қазақстан ИКҰ-ға кіргеннен (1995 жылғы желтоқсан) кейін жағдай жақсы жағына қарай өзгере бастады.
Қазақстан дипломатиясы Таяу Шығыс елдерімен қатынастарды өзекті халықаралық проблемалар бойынша саяси сұхбат деңгейіне көшіру жөнінде үлкен дайындық жұмысын жүргізді. Бірте-бірте бастапқы кезеңге тән болған мәлімдеме жасау мен енжарлық сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі бар бағыттарын талқылауға ойысты. Нақты жобаларды әзірлеу басталды.
Қазақстанның Таяу Шығыстағы саясатының аса бір нәзік астары Израильмен де, араб елдерімен де қатынастарды қатар дамытуы болып отыр. Аймақта ірі державалардың мүдделері түйіскенін ескере отырып, мұндай саясаттың міндетті шарты Таяу Шығыс бейбіт процесінде барлық қатысушылардың пікірлерін ескеріп отыру болды. Кей ретте ол пікірлер мен көзқарастар бір-біріне қарама-қарсы келіп те жатты. Сондықтан Қазақстан дипломатиясы осы аймақтағы қатынас саясатына теңгерімділік пен тұрақтылық бере отырып, Таяу Шығысты реттеуге өз көзқарасын мұқият ойланып, таразылап отыруы қажет.
Египет Араб Республикасы араб шығысы елдерінің халқының саны жөнінен аса ірісі және мейлінше ықпалдысы болып табылады. Айтарлықтай әскери экономикалық әлеуеті бар. Президент Гамал Абдел Насер заманынан бері Египет байсалды да ұсынақты саясатының, күрделі аймақтық пробле-маларды шешуде ұтымды делдалдық күш-жігер жұмсауының арқасында мұсылман, Африка және дамушы елдер арасында зор беделге қол жеткізе алды. Бүгінгі күннің ақиқатына сәйкес Египет сыртқы саясатының негізгі мақсаты араб ынтымақтастығын дәйектілікпен нығайту, Таяу Шығыс бейбіт процесін ілгерілету, аймақты ядролық қарудан ада өңірге айналдыру, ұжымдық қауіпсіздіктің Жерорта теңіздік жүйесін құру, сондай-ақ Африка құрылығында этникааралық қақтығыстарды реттеу болып табылады.
Қазақстан мен Египет арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы наурызда орнатылды, Екі мемлекеттің алғашқы ресми байланыстары жан-жақты ынтымақтастық орнатуда екі жақтың мүдделі екендігін көрсетті. Бұл ниет екі мемлекеттің өзекті аймақтық және халықаралық проблемалардың көпшілігіне көзқарастарда әлде бір елеулі айырмашылықтың жоқтығымен беки түсті. Алайда, рыноктардың географиялық қашықтығы және көлік коммуникацияларының проблемалары толыққанды сауда-экономикалық байланыстардың дамуына объективті түрде қиындықтар келтірді.
Осыған орай мәдени-гуманитарлық байланыстар әлдеқайда ойдағыдай дамыды. 1993 жылдан бастап Египет тарабының шақыруы бойынша Египеттің түрлі жоғары оқу орындарында 150-ден астам қазақстандық студенттер оқыды. ЕАР Сыртқы істер министрлігі жанындағы ТМД елдеріне техникалық көмек қорының білім беру бағдарламалары шеңберінде экономиканың түрлі саласын, сондай-ақ дипломатияны, заң саласын, ауыл шаруашылығын, журналистиканы және туризмді қамтыған 300 қазақстандық маман Египетте тегін тағлымдамадан өтті.
Президент Н.Назарбаевтың 1993 жылғы 13 - 16 ақпанда Египетке ресми сапары Қазақстан - Египет катынастары тарихында ірі оқиға болды. Қазақстан басшысының ЕАР Президенті X. Мубаракпен келіссөздері екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымын, сондай-ақ екі жақты мүдделілік туғызып отырған бірқатар халықаралық проблемаларды қамтыды. Сапар қорытындылары бойынша ұзақ мерзімді өзара қатынастардың негізін қалаған маңызды мемлекетаралық келісімдер топтамасына қол қойылды. Солардың ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, өзара инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімдерді бөліп айтуға болады. Келіссөздер барысында Қазақстан Египет қатынастарының тарихы талайға кетіп, дәстүрі ғасырлардан келе жатқан гуманитарлық астарларына зор көңіл бөлінді. Біздің ұлы отандасымыз мамлюк сұлтаны Әз Зәхир Бейбарыс атындағы Каир мешітінде болғаннан кейін Н.Назарбаев екі халықтың ортақ игілігі болып табылатын осы монументті сәулет құрылысын қайта жаңғырту үшін Қазақстанның сыйы ретінде жартылай асыл тастарды сыйға беретіні туралы ұсыныс айтты. Өз кезегінде қазақстандықтарға ықылас пен достық қатынастардың белгісі ретінде Египет басшылығы Алматыда Ислам мәдени орталығын тегін салып беру туралы шешім қабылдады.
Қазақстан мен Египет саяси өзара іс-қимыл арқылы сыртқы саяси ведомстволардың, соның ішінде түрлі халықаралық ұйымдар шеңберінде консультациялар алмасу амалын ұстанып отыр. Қазақстанның ИК¥-ға толық құқылы мүше мәртебесін алуы Египет басшылығының біздің елімізге айрықша ықыласын туғызды. Бұл қадам египеттіктерді ТМД елдері арасында жалғыз Қазақстанның Араб мемлекеттерінің лигасы (АМЛ) сияқты беделді аймақтық құрылымда бақылаушы мәртебесін алуына қолдау білдіруге итермеледі.
Бірлесіп жұмыс істеудің маңызды бағыты АҒСШК-ні шақыру туралы идеяны іске асыру жөнінде өзара іс-қимылға қатысты. Араб дүниесінде елеулі салмағы бар және аймақта кауіпсіздік шараларын нығайту үшін сындарлы күрес жүргізіп келе жатқан Каир Қазақстанның осы бастамасына зор мән берді. Бұл ретте египеттіктер Таяу Шығыс қауіпсіздіктің Азия жүйесінің батыс бөлігін білдіретінін негізге алады, сондықтан АҒСШК процесін ілгерлету жөніндегі ұжымдық күш-жігер жан-жақты қолдау табуы тиіс.
Сауд Аравиясы Корольдігі аймақтың қуатты қаржылық және экономикалық әлеуеті бар аса дамыған елдерінің қатарына жатады. Ел экономикасының негізін мұнай өнеркәсібі құрайды. Корольдіктің әлемдегі ірі мұнай ресурстарын иеленуші және сыртқа шығарушы ретіндегі мәртебесін ескерсек, бұл табиғи нәрсе.
Сауд Аравиясының жағдайына оның аумағында мұсылмандардың ең басты қасиетті орындары Мекке мен Мединаның болуы айрықша сипат береді. Осы маңызды жағдай Сауд сыртқы саясатының негізгі қағидаттарын айқындауда, ол бүкіл әлемде исламды қолдауға және мұсылман мемлекеттеріне көмек көрсетіп, демеуге бағытталған. Эр-Рияд Парсы шығанағы аймағында саяси, экономикалық және идеологиялық орталық болып қала отырып, елдегі саяси режимді қайткенде де сақтап қалуға ұмтылады.
Елдің сыртқы саясатында ислам құндылықтарын насихаттауға және қорғауға Араб және Ислам мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайтуға басымдық беріледі. Діни және этникалық қағидаттарға негізделген аймақтағы ықпалды саяси және қаржы мекемелері: Ислам конференциясы ұйымы, Ислам Даму Банкі, Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ын-тымақтастық кеңесі және басқаларды құруда нақ Корольдік шешуші рөл атқарғанын атап өту керек.
Қазақстан - Сауд ресми қатынастары өз бастауын 1992 жылдан алады. Экономика саласындағы байланыстар бір мезгілде басталды, алайда олар ірі жетістіктерге жеткізе қойған жоқ. 1993 жылы желтоқсанда Қазақстанға бірлескен жобаларды қаржыландыруға байланысты келешекті алдын ала зерттеу тұрғысында Сауд Даму қорының миссиясы келді.
Президент Н.Назарбаевтың Корольдікке сапары (1994 жылғы 25-28 қыркүйек) Қазақстанның тек Сауд Аравиясымен ғана емес, Парсы шығанағындағы басқа да араб княздіктерімен қатынастарда қағидатты жаңа кезеңді бастап берді.
Қазақстан басшысының екі Қасиеттің Сақтаушысы Король Фахд Бен Абдел Әзизбен кездесуі болды, ол рухы жөнінен жақын екі халық арасында тарихи байланыстардың қалпына келтірілгендігіне айрықша қанағаттанғандық білдірді. Сауд монархы Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялағаны туралы хабарды мұсылман қоғамдастығы зор ынтамен қабыл алғанын атап айтты.
Екі басшы өзекті аймақтық проблемаларды шешуді талқылау және іздестіру жөнінде тығыз саяси байланыстар жасауды қолдады. Президент Н.Назарбаев пен Король Фахд Таяу Шығыстағы көп жылдан келе жатқан жанжалды шешудің бірден-бір жолы осында бейбіт процесс орнатуды қолдайтындықтарын мәлімдеді. Таяу Шығыс проблемасын шешудің сөзсіз шарты Палестина халқына тәуелсіз мемлекет құрудағы заңды құқықтарын беру болуға тиіс. Тараптар Орталық Азияда орнықты дамудың маңызды алғы шарттары ретінде осы аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты проблемаларға айрықша көңіл бөлді.
Жоғары дәрежелі келіссөздердің қорытындылары бойынша сауда-экономикалық, инвестициялық техникалық және мәдени салалардағы ынтымақтастық туралы бас келісімге, сондай-ақ спорт және жастар ісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Эр-Рияд Корольдік іскер топтарының Қазақстанмен мұнай секторын, ауыл шаруашы-лығын, коммуникацияларды дамытуды, сауда мен қаржыны қоса алғанда, экономиканың түрлі салаларында белсенді байланыстарды жолға қоюын барынша қолдауға әзірлігін білдірді. Қазіргі кезде Сауд бизнесі Қазақстан экономикасына "Даббах Групп", "Таиб банк", Сауд инвестиция компаниясы сияқты және басқа да компаниялардың қызметімен тартылып отыр.
Дәулеті 750 млрд. доллар бағаланатын 80 мыңнан астам миллионер өмір сүретін бұл елдің инвестициялық әлеуеті айтарлықтай елеулі.
Сауд топтары Қазақстанда Астананы салуды қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларға үлкен ықылас білдіруде. Королдік өкілдері Қазақстан астанасының бас жоспарын әзірлеуге қатысты, көп ұзамай қалада осы мемлекеттің қаражатына салынған ғимараттар бой көтеретін болады. 2000 жылғы 2 қарашада Сауд Арабиясының Қорғаныс және авиация министрі ханзада Сұлтан Бен Абдел Әзиздің сапары барысында Парламент Сенатының жаңа ғимаратының алғашқы іргетасын қалау болды, Королдік оны салуға 15 млн. доллар мөлшерінде өтемсіз көмек бөлді. Сауд Даму қорының қара-жатына (12 млн. доллар мөлшерінде жеңілдетілген кредит) Астана - Қарағанды автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Алматы қаласында Кардиология орталығының да құрылысы басталып кетті.
Екі жақты қатынастарда жинақталған оң тәжірибелерге қарамастан Қазақстан - Сауд ынтымақтастығының әлеуеті толық іске асырыла қойған жоқ. Бұл процесті тежеп отырған себептердің арасында кейінгі уақытта екі елдің сыртқы экономикалық белсенділігінің жалпы төмендеуін бөліп айтуға болар еді, бұл екі мемлекетті жалғастырып жатқан тікелей көлік дәліздерінің болмауы сияқты ішкі сипаттағы себептерге байланысты.
Қазақстанның араб Мағрибы (араб дүниесінің батыс бөлігі) және Парсы шығанағы мемлекеттерімен қатынастарының серпінді дамуы қалыптасты. Кейінгі жылдар саяси деңгейде және біздің еліміздің осы мемлекеттердің инвестициялық мүмкіндіктерін жандандыруда барған сайын нығайып келе жатқан өзара іс-қимылмен өтті.
1997 жылғы 31 тамыздан 3 қыркүйек кезеңінде Президент Н.Назарбаевтың Кувейтке, Бахрейн мен Оманға ресми іссапары болды. Жоғары дәрежедегі келіссөздер барысында Қазақстанның осы елдермен ынтымақтастығының жай-күйі және келешегі туралы жан-жақты пікір алмасылып, сондай-ақ халықаралық және аймақтық саясаттың бірқатар мәселелері талқыланды. Үш мемлекеттің басшылары Қазақстанның қазіргі жағдайына, әлеуметтік экономикалык, реформаларға, инвестициялық ахуалға ден қойды. Эл-Кувейттегі, Манамдағы және Маскаттағы кездесулерде Орталық Азия мен Парсы шығанағының трансазиялық күре темір жолды пайдалану мүмкіндігін қоса алғанда, аймақаралық өзара іс-қимылының келешекке арналған жоспарлары, еркін экономикалық аймақтар құру және басқа да мәселелер қозғалды. Алматыны осы елдердің астаналарымен байланыстыратын тұрақты әуе қатынасын ашу туралы да қағидатты түрдегі келісімге қол жетті.
Сапар қорытындысында бірқатар маңызды екі жақты құжаттарға, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы, Сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар алмасу туралы құжаттарға қол қойылды. Келіссөздер барысында Астана өз тауарларын халықаралық рыноктарға тасымалдау үшін жаңа бағыттар іздеуге мүдделі екендігін атап көрсете отырып, Қазақстан басшысы аталған мақсаттарға Кувейт, Бахрейн мен Оман айлақтарын тарту мүмкіндігі туралы пікір білдірді. Араб басшылары мұндай ұсынысты толық қолдап, сауда, мұнай, инвестиция және банк салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға күш салуға уәде етті.
Кувейт Әмірінің тапсырмасы бойынша экономикалық даму жобаларын іс жүзінде жүзеге асыруға байланысты Кувейт араб экономикалық даму қоры Қазақстанда жұмысқа кірісіп кетті. Осы қор қаражатынан Арал өңірін ауызсумен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалар шеңберінде 24 млн. доллар бөлінді. Эл-Кувейтте штаб-пәтері бар Бүкіләлемдік ислам қайырымдылық ұйымы біздің елімізде жетімдерге арналған мектеп салуды, ауруханалар үшін жабдықтар беруді, кәсіптік-техникалық училищелер құруды, фармацевтика зауытын салуды қоса алғанда, бірқатар жобаларға қатысуға мүдделілік танытты. Кувейт қаржы үйі Қазақстанда басым инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстан - Кувейт банкін құруды ұсынды.
Оман Сұлтаны Кабус Бен Саид Каспий құбыр консорциумы жобасы шеңберінде өзара іс-қимылдың қол жеткізілген деңгейіне және Оман компанияларының біздің еліміздің батысындағы мұнай кен орындарын игеруге кіріскендігіне қанағаттанғандық білдірді. Ол Оманның екі жақты ынтымақтастық қарқынын, соның ішінде Қазақстан мұнайын шет елдерге та-сымалдау саласында еселей түсу ниетін айтты. Аталған мақсаттар үшін Сұлтан Қазақстан жүктерін әлем рыноктарына тасымалдау үшін Оман айлақтарының қуатын, атап айтқанда халықаралық тораптың стратегиялық нүктесіне орналасқан Райсут айлағын пайдалануды ұсынды.
Бахрейн басшылары елдің жеке секторын, сондай-ақ аралда жұмыс істейтін жергілікті және шет елдік банкілерді Қазақстандағы жұмысқа жан-жақты ынталандырып отыруға әзірліктерін білдірді. Президент Н.Назарбаевтың Манама мен Алматыда тиісінше екі ел банкілерінің өкілдіктерін ашу туралы ұсынысына жергілікті іскер топтар зор ынта қойды. Екі жақтың пікірінше мұндай қадам Бахрейн капиталын Қазақстанда ауқымды жобаларды қаржыландыруға тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік берген болар еді.
1998 жылғы 23-28 мамыр кезеңінде Президент Н.Назарбаевтың Қатар Мемлекетіне және Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары болды, оның қорытындылары бойынша маңызды мемлекетаралық келісімдер топтамасы жасалды. Қатар Әмірі Шейх Хамад Бен Халифа Әл Танимен және БАӘ Президенті Шейх Заид Бен Сұлтан Әл Нахаианмен келіссөздер барысында тараптар дипломатиялық өкілдіктер алмасудың, сондай-ақ ынтымақтастықты жандандыру үшін үкіметаралық бірлескен комиссиялар құрудың маңыздылығы туралы тұжырымға келді.
Көмірсутегін өндіру мен тасымалдау, инвестиция және банк саласы, туризм, әуе қатынасын ашу және басқалары басым бағыттар қатарында аталды. Сауда-саттық алмасу бөлігінде катарлықтар мен әмірліктіктер Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін, металдар және құрылыс материалдарын экспорттау жөніндегі мүмкіндіктеріне ерекше ден қойды. Екі ел басшылары Қатар мен Әмірліктердің жеке секторын Қазақстанмен қатынастарды дамытуға барынша ынталан-дырып отыратындықтарын мәлімдеді. Бұдан басқа олар Астанада үкіметтік объектілер салуға көмек көрсетуге әзірліктерін қуаттады.
Бұл елдердің іскер топтарының өкілдерімен кездесулер барысында Алматыда аурухана кешенін және сауда орталығын, Астанада өтемсіз негізде Ислам мәдени орталығы ғимаратын салу, Шымкентте бірлескен Қазақстан-Қатар банкін құру, Қарағанды - Астана жолының құрылысы бойынша жобаны қоса қаржыландыру, басқа да бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қаралды. Астанада құрылыс жүргізуге көмектесуге БАӘ бейілдігін мәлімдеді. Әбу~ Даби қорынан қаражат бөлу туралы келіссөздер жүргізілуде.
БАӘ-нің, Қатардың, Парсы шығанағындағы басқа да мемлекеттердің елеулі инвестициялық мүмкіндіктерін ескеретін болсақ (мысалы, Әмірліктер іскер топтарының жиынтық капиталы 260 млрд. долларды құраса, кувейттіктердікі - 160 млрд. доллар) бұл саладағы өзара ынтымақтастықтың келешенгі айтарлықтай тартымды көрінеді.
Сөйтіп, Н.Назарбаевтың Эл-Кувейттегі, Манамадағы, Маскаттағы, Дохтағы және Әбу-Дабидегі келіссөздері біздің еліміздің араб дүниесіндегі саяси мүдделерін ілгерлету үшін өрісті айтарлықтай кеңейтті және Қазақстанның Парсы шығанағы елдерімен жемісті сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын жолға қоюға ықпал етті.
Қазақстан Израиль Мемлекетімен белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Осы заманғы халықаралық қатынастарда елеулі орын алатын бұл ел де ынта-ықылас танытуда. Израильдің саяси топтары басқа мұсылман елдерімен байланыстарды жолға қою тұрғысынан Қазақстанның экономикалық әлеуетін пайдалануға болады деп пайымдайды. Қазіргі уақытта экономиканың түрлі салаларында, саудада, көлік пен коммуникацияда, ғылым мен техникада, ауыл шаруашылығында, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салада екі жақты байланыстар серпінді дамып отыр. Израильдің Сыртқы істер министрі Ш.Перес Қазақстанға ресми сапармен келіп қайтты (1995 жылғы тамыз), Премьер-Министр И.Рабинді жерлеуге біздің еліміздің Сыртқы саяси ведомствосының басшысы қатысты. Қазақстан - Израиль қатынасы Таяу Шығыстың саяси ерекшелігін айқындайтын негіз қалаушы бірқатар жағдаяттар ескеріле отырып құрылды. Араб-Израиль жанжалының өзекті мәселелерінің шешілмеуі (Иерусалимнің мәртебесі, Палестина проблемасы, Сирия мен Оңтүстік Ливанның басып алынған жерлерініңжағдайы) аталған аймақта мүдделер тепе-теңдігін мейлінше ескеруді және қолдауды талап етеді. Таяу Шығыс проблемаларын реттеу бойынша Қазақстанның қағидатты ұстанымы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын, атап айтқанда № 181, 242 және 338 қарарларын қолдау болып табылады. Бас Ассамблеяның сессияларында жыл сайын дауыс беріп өткізілетін БҰҰ-ның басқа қарарларына келсек, Қазақстанның көзқарасы саяси ақиқатты барабар ескеру жағында.
Президент Н.Назарбаевтың Израильге ресми сапары (1995 жылғы 26 желтоқсан) екі жақты қатынастарда елеулі оқиға болды. Оның Премьер-министр Ш.Переспен келіссөздерінің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекетінің өзара қарым-қатынастарының негіздері туралы декларацияға қол қойылды. Бұл құжатта ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары: теңдік, әр мемлекеттің егемендігін құрметтеу, дауларды бейбіт шешу және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау қағидаттары көрініс тапты. Тараптар халықаралық қатынастарда болып жататын саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер әсіресе халықаралық қауіпсіздік саласында мемлекеттердің бейбітшілікті, прогресті сақтауы және халықтардың әл-ауқаты мүдделері тұрғысынан әлдеқайда тығыз ынтымақтасуы арқылы жүруі тиістігіне кәміл сенімдерін білдірді.
Қазақстан Басшысының сапары сауда-экономикалық ынтымақтастықтың, атап айтқанда, Қазақстанға Израиль инвестицияларын және озық технологияларын тартуға, көлік, коммуникация, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және гуманитарлық салаларда өзара іс-қимылды жандандыру сияқты салаларда басым бағыттарды айқындап алуға мүмкіндік берді. Қазіргі кезде екі жақты сауда-саттықтың оң серпіні байқалады, 2000 жылы оның көлемі 16 млн. доллардан асып түсті. Қазақстанда израильдік компаниялар мен жеке фирмалар айтарлықтай белсенділік көрсете бастады. Таяу болашақта іске асырылуы мүмкін жобалар қатарында Көксарай су қоймасын салу жөніндегі халықаралық консорциум құру, Астанада тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар салу, ауыл шаруашылығы саласына және бірқатар салаларға израильдік жоғары технологияларды тарту бар.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссия ынтымақтастықты нығайтуда пайдалы рөл атқарып отыр. Комиссияның Израильдік бөлігінің төрағасы ішкі істер министрі Н.Щаранский 1998 жылы Алматыға келді, сөйтіп, Қазақстанның Премьер-министрімен және Сыртқы істер министрімен келіссөздер жүргізді. Бұл сапардың екі елдің сауда-экономикалық қатынастарын дамыту үшін маңызы зор болды, жоғары деңгейдегі жаңа байланыстарға жол ашты.
Қазақстанның Таяу Шығыс проблемаларына салмақты көзқарасының бір дәлелі Президент Н.Назарбаевтың Израильге баруды Палестинаға ресми сапар жасаумен ұштастырғанын (1995 жылғы 28 желтоқсан) дәлел ретінде келтіруге болады. Палестинаны азат ету ұйымы Атқару комитетінің Төрағасы, Палестина ұлттық өкіметінің Төрағасы Я.Арафатпен келіссөздер кезінде екі жақты сипаты бар және екі жақ мүдде білдіретін өзекті халықаралық проблемалар мәселелері талқыланды. Олардың көпшілігі бойынша Қазақстан мен Палестинаның ұстанымдары жақын екендігін екі мемлекет басшысы атап көрсетті, сондай-ақ Араб елдері және Израиль арасында Таяу Шығыс проблемаларының барлық астарын әділ шешу жөнінде пікір алмасуды жалғастыру қажеттігін қолдады. Келіссөздердің қорытындылары бойынша бірлескен мазмұндама қабылданды, экономика, өнеркәсіп пен мәдениет салаларында ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Журналистер алдында сөз сөйлеген кезде Қазақстан Басшысы өзінің Газа қаласына алғашқы сапары бірқатар аумақты Палестина елінің ұлттық әкімшілігінің басқаруына берумен байланысты Палестина халқының өміріндегі маңызды оқиға қарсаңында өтіп жатқанын атап көрсетті. Ол Палестина мен Израиль басшыларының екі жақтан да қысым болғанына қарамастан сындарлылық танытқанын, жарты ғасырлық осынау жанжалды реттеуде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізе алғандықтарын жоғары бағалады.
1999 жылы Я.Арафат қысқа мерзімді ресми сапармен Алматыға келді. Н.Назарбаевпен кездесу кезінде Таяу Шығыстағы жағдай туралы егжей-тегжейлі пікір алмасылды.
Қазақстан дипломатиясы Таяу Шығыстағы және Солтүстік Африкадағы басқа да араб елдерімен, атап атқанда Иорданиямен, Ливиямен, Мароккомен, Туниспен және Ливанмен достық қатынастарды дамытуға зор көңіл бөледі. Жер қашықтығына қарамастан біздің мемлекеттерімізді ортақ тарихи тамырлар мен мәдени мұралар байланыстырады, бұл өзара сенім мен құрметке негізделген екі жақты қатынастарды кеңейту үшін қолайлы жағдай жасайды.
Аталған елдердің саяси және іскер топтары Қазақстанмен жемісті байланыстарды жолға қоюға мүдделіліктерін жасырмайды, оны Орталық Азияда көрнекті орын алатын мемлекет ретінде қарайды. Қазақстанға Сирияның Сыртқы істер министрі Ф.Шараа (1992 жыл), Ливияның Қаржы министрі А.Әл-Бухари (1992 жылғы наурыз), Марокконың Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Мулин (1992 жыл), Иордания Премьер-Министрінің орынбасары А.Схеймат (1993 жыл), Ливия Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары С.Мужбир (2000 жыл) басқа да өкілді делегациялар және көптеген іскер миссиялар келіп қайтты.
Бұл мемлекеттер мен байланыстарды жолға қою ИКҰ, АМЛ, ОАПЕК сияқты беделді құрылымдарда өзінің мүдделерін ілгерілету тұрғысынан Қазақстан үшін пайдалы. Бұған қауіпсіздік мәселесін қоса алғанда өзекті халықаралық және аймақтық проблемалардың көпшілігіне біздің елдеріміздің көзқарастарының ұқсастығы да септігін тигізеді. Осыған бай-ланысты бірқатар араб мемлекеттерінің АҒСШК-ні шақыру жөніндегі Қазақстан идеясын алға апаруға белсене қатысуын атап айтуға болады.
Экономикалық көзқарас тұрғысынан бұл араб елдері екі жақты экспорттық номенклатураның бірегейлігін ескере отырып, отандық тауарларды өткізу үшін келешегі зор рынок болып табылады. Мысалы, астықтың әлемдік импортының 23 пайызы араб әлеміне келетінін ескерсек, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауы айтарлықтай келешегі бар іс. Бұл ретте Иордания бидайдың 90 пайызын, ал Солтүстік Африка елдері 60 пайызын сырттан әкеледі. Сонымен қатар, тікелей көлік қатынастарының жоқтығы салдарынан аталған елдермен сауда көлемі әзірге онша үлкен емес күйде қалып отыр.
Қазақстанмен қатынастарының келешегінің дәрежесіне қарай бұл елдерді мынадай ретпен атап шығуға болар еді: Иордания, Ливия, Тунис, Марокко, Ливан, Сирия және Алжир. Бұл тізім ішкі тұрақтылық, рыноктың ашықтық дәрежесі, өндірістік күштер мен экономикалық әлеуеттің деңгейі ескеріле отырып жасалды. Мысалы, Алжирмен жемісті ынтымақтастықты дамытуға елде жайлаған зорлық-зомбылық пен террор кедергі келтірсе, Сириямен қатынасқа ішкі рыноктың белгілі бір дәрежеде жабықтығы және жоғары импорттық баж-дар тосқауыл болып отыр. Екінші жағынан 2000 жылы БҰҰ-ның Ливияға қатысты санкцияларды ("Локерби" ісі бойынша) тоқтатуы бұл елмен экономикада және гуманитарлық байланыстар саласында өзара тиімді қатынастарды кеңейтуге қосымша алғышарттар жасайды. Ливия Қазақстанмен байланыстарды жолға қоюға өзінің ұмтылысын белсене көрсетіп келеді. 2000 жылы Астанаға Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, Ливия Джамахириясының жоғары басшысы М.Каддафидің арнайы елшісі келіп қайтты.
Қазақстанның Таяу Шығыс елдерімен саяси байланыстары әзірге ішінаралық сипатта болса, экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктері толық ашылмаған күйде қалып отыр. Алайда Қазақстанның халықаралық мұнай рыногында жаңа ықпалды күш ретінде пайда болуы отандық дипломатия ал-дына өзара мүдделерді біздің еліміздің стратегиялық мақсаттарына сай келтіру міндетін қойып отыр. Ал, Қазақстан шекараларына жақын көптеген жанжал нүктелерінде Ислам факторының болуы саяси пікір алмасуды Таяу Шығыс мемлекеттерімен тұрақты сұхбат және ұдайы консультациялар алмасу деңгейіне жеткізуді талап етеді.
Түркия мен Қазақстан арасында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда тұрақты стратегиялық әріптестік қалыптасқан. Екі ел арасында шешілмеген мәселелер жоқ. Қазақстан мен Түркияның өзекті халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас. Соңғы жылдары парламентаралық байланыстар дамып отыр. Кейінгі кезде Н.Назарбаев түріктілді елдердің Парламенттік ассамблеясын (ТүрікПА) құру туралы бастама көтеріп жүр. Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 1,6 мың кәсіпорын жұмыс жасайды. Қазақстан-түрік сауда айналымының көлемі 2 миллиард долларға жетіп отыр (Казахстанская правда, 23.10.2008 г.).
14 – лекция. 1 сағат.
Қазақстанның Латын Америкасы елдерімен қарым-қатынастары.
1. Бразилия және Аргентинамен дипломатиялық, саяси және экономикалық қарым-қатынастар.
2. Куба, Чили және т.б. Латын Америкасы мемлекеттерімен саяси және экономикалық байланыстар.
Латын Америкасының елдері де қазақстандық сыртқы саясаттың назарында тұр. Әрине біздің дипломатияның қалыптасқан басымдықтарына бұл аймақтың Қазақстаннан географиялық қашықтығына орай Қазақстан тиісті мемлекеттермен талғап қатынастар жасауға мәжбүр. Әлемнің бұл бөлігінде Қазақстанның мейлінше келешекті серіктестері Куба, Бразилия, Аргентина және Чили болып табылады. 2000 жылы Кубамен сауда көлемі 32 млн. долларды, Бразилиямен 28 млн. долларды құрады.
Бразилия Оңтүстік Америка құрлығында, оның ішінде Латын Америкасы ықпалдастық қауымдастығы - МЕРКОСУР (Латын Америкасының ортақ рыногы) сияқты аймақтық беделді ұйымда жетекші рөл атқарады. Бразилия ІЖӨ көлемі бойынша құрлықта бірінші орын алады. Қазақстан үшін жоғары технологиялар, машина жасау, жеңіл және болат құю өнеркәсібі салаларында ынтымақтастықты дамыту зор қызығушылық тудырады. Халық тұтынатын тауарлардың ірі экспортері Бразилия өнімдер мен шикізаттың жекелеген түрлерін сатып алуға әзір.
Қазақстан мен Бразилия арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылғы 22 қыркүйекте орнатылды. 1994 жылғы қазанда Бразилия Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша елшісі М.Гарсия Алматыға келді. Оның барысында екі ел арасында сауда-экономикалық, саяси ынтымақтастықты дамытудың келешегі талқыланды.
1995 жылғы қаңтарда Қазақстан Сыртқы істер министрі Бразилияның Президенті Ф.Кардозоны ұлықтау салтанатына қатысты, оған Н.Назарбаевтың жеке жолдауын тапсырды. Қазақстан сыртқы ведомствосының басшысы өзінің Бразилиялық әріптестерімен жан-жақты келіссөздер де жүргізді. Тараптар екі мемлекеттің саяси өзара іс-қимылын дамыту, сондай-ақ сауда-саттықты ынталандыру үшін қолайлы мүмкіндіктердің бар екендігін атап көрсетті.
1998 жылғы наурызда Астанаға Бразилия Президентінің арнайы өкілі И.Каннабрава келді, оны Президент Н.Назарбаев қабылдады.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 2007 ж. 26 қыркүйекте ресми сапармен Бразилияға барды. Бұл біздің елбасының Латын Америкасына алғашқы сапары және оның континенттегі дипломатиялық дебюті ретінде аймақтағы 188 млн. халқы бар ірі елді таңдап алуы кездейсоқ емес.
Н.Назарбаевтың Бразилиядағы келіссөздерінің негізгі тақырыбы – астық экспорты. Бұл оңтүстікамерикалық ел – астықтың ең бір ірі импортері. Қазіргі кездегі астықтың жоғарғы бағасы және қазақстандық астықты дәстүрлі тұтынушы кедейлеу жақын көршілеріміздің жағдайында астығымызды Бразилияға шығару аса тиімді болып табылады. Бүгінгі күні екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 200 млн. доллар көлемінде. Бұл өте мардымсыз. Бразилия Қазақстанға өзінің дәстүрлі ауылшаруашылық өнімдерін – кофе, бұршақ, тропикалық жемістерді ұсына алады. Екі ел дамыған тау-кен өнеркәсібіне ие, міне, осы салада екі жақтың ынтымақтасуы үшін мол мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар бізді бразилиялық өнеркәсіптің жоғары технологиялық өнімдері қызықтырады. Бразилия осыдан 10 жыл бұрын-ақ мини және микрокомпьютерлер жасап, шығарудан АҚШ, Жапония және Германиядан кейінгі төртінші орында болды. Бүгінгі күні бұл латынамерикандық алып ел әлемдегі барлық адам таситын және әскери ұшақтардың төрттен бірін шығарады. Бұған қосымша Бразилияда ортақашықтыққа ұшатын ұшақтардың әлемдік өндірісінің 40% шоғырланған. Олар жергілікті «Эмбрайр» компаниясында жасалады және әлемнің көптеген елдеріне, соның ішінде АҚШ пен Қытайға сатылады. Келіссөздер барысында ұшақтар жасау саласындағы ынтымақтасу мәселесі де тыс қалған жоқ. Әрине, маңызды бағыттардың бірі – мұнайгаз саласы болды.
Елбасы Бразилия Президенті Луис Инасиу Лула да Силвамен келіссөздер жүргізумен қатар осы елдің саяси және экономикалық элитасымен кездесулер өткізді. Сапар барысында бірлескен саяси декларацияға қол қойылды.
Қазақстан мен Бразилия арасында біраз ұқсас жағдайлар бар. Екі мемлекет те аймақтық көшбасшылар. Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы болса, Бразилия Латын Америкасындағы көшбасшы болып табылады. Екі елдің де экономикасы қарқынды дамып келе жатыр. Мысалы, Бразилия жалпы ішкі өнім (ВВП) көлемі бойынша әлемнің өнеркәсіптік дамыған он елінің қатарына кіреді. Бұл көрсеткіш бойынша Ресейдің өзін басып озған. Ол өзінің табысты экономикалық даму тәжірибесімен Қазақстанмен бөлісе алады (Независимая газета, 26.09.2007, с. 6).
Аргентина - Оңтүстік Америкада аса серпінді дамып отырған мемлекеттердің бірі. Ол халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Президент К.Менем жүргізген ауқымды реформалар ұлттық экономиканы тұрақтандыруға (1991 - 2000 жылдары ІЖӨ-ның орташа өсімі жылына 4,7 пайызды құрады), инфляцияны төмендетуге, сондай-ақ елге әкетілген капиталдың едәуір бөлігін қайтаруға мүмкіндік берді. Реформаның екінші жағы Аргентина экономикасының шетелдік капитал ағынына тәуелділігі, оның сыртқы факторлардың әсеріне байланыстылығы болды. Әлем-де ірі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің бірі бола отырып және өнеркәсіптің түрлі салаларында, соның ішінде мұнай-химия және металлургия саласында бай тәжірибесі бола отырып Аргентина Қазақстанның осы аймақтағы тиімді серіктесі болуға қабілетті.
Қазақстан мен Аргентина арасында дипломатиялық қатынастар орнатылған кезден бастап (1993 жылғы 25 маусым) екі жақты ынтымақтастық тарихындағы аса елеулі оқиға ірі халықаралық жиындар барысында Н.Назарбаев пен К.Менемнің кездесулері (Голландияда 1993 жылғы қараша және Давоста 1994 жылғы қаңтарда) болды.
1995 жылғы қаңтарда Бразилия қаласында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосы басшысының Президент К.Менеммен кездесуі өтті, оған Қазақстан Басшысының жолдауы тапсырылды. Аргентина Сыртқы істер министрі Г.Марио де Телламен келіссөздер барысында екі жақты ынтымақтастықтың келешекті бағыттары талқыланды. Екі жақтың пікірі бойынша бұл - мұнай-газ секторында, ауыл шаруашылығы, өндіруші, өңдеуші, металлургия және тамақ өнеркәсібі салаларындағы өзара іс-қимыл болмақ. Бұл орайда әңгіме тәжірибе алмасу, тауарлар сатып алу туралы ғана емес, Қазақстан өнімдерінің экспорты, кен рудасын өндіру, металлургия және химия салаларында отандық әзірленімдерді беру туралы да жүрді.
Қазақстан Аргентинаның экономикалық реформаларды жүргізу, оның Рио топтары, 15 топтары, МЕРКОСУР кеден одағы, сондай-ақ Американ мемлекеттері ұйымы (біздің еліміз АМҰ-да бақылаушы болып табылады) шеңберіндегі қызметіне іс жүзінде қызығушылық білдіреді.
Латын Америкасы құрлығы мемлекеттерінің арасында Қазақстанның Кубамен ынтымақтастығы әлдеқайда серпінді дамып келеді. Жалғасып жатқан экономикалық құрсау салдарының қиыншылықтарына, энергия көздеріне бағаның өсуіне және валюталық түсімнің негізгі көзі қантқа төмен бағаға қара-мастан 2000 жылы Кубада ІЖӨ өсімі 4,5 пайыз болды (Латын Америкасы бойынша орташа көрсеткіш 3 пайызды құрайды).
Елде тропикалық дақылдар өсіру, мал шаруашылығын дамыту үшін үлкен мүмкіндіктері, никель, кобальт, марганец және темір кендері, мыс, хром мен фосфориттің елеулі қорлары бар. Кубаның батысында мұнай мен газдың келешегі зор кен орындары ашылды. Экономиканы орталықтандырылған басқарудан бас тартпай Гавана макроэкономикалық тұрақтандыру, мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық дербестігін арттыру, сыртқы экономикалық қызметті ырықтандыру және шет елдік инвестицияларды қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асыра отырып, бірте-бірте нарықтық амалдарды енгізу үстінде.
Екі ел арасындағы дилломатиялық қатынастар 1992 жылғы 26 наурызда орнады, бір жылдан кейін Қазақстанда Куба елшілігі ашылды. Куба елшілігі Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялардың арасында алғашқылардың бірі болып өз резиденциясын жаңа елорда - Астанаға көшірді.
Екі жақты қатынастардың негізін калаушы құжат сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім болып табылады. 1992 жылғы қарашада Алматыға Куба Сыртқы сауда министрінің бірінші орынбасары Г.Фернандес келді. Келіссөздердің басты тақырыбы Куба қантын Қазақстан мұнайына айырбасқа беру мүмкіндігі, сондай-ақ екі елдің сыртқы сауда және сыртқы экономикалық ведомстволары арасында байланыстарды жандандыру болды. Биотехнология (Кубадан фармацевтика, оның ішінде Б гепатитінің вакциналары импортталады), медицина (Кубада емделу, отбасылық дәрігерлер жүйесі), туризм, сондай-ақ қант және темекі бұйымдарын өндіру екі жақтық ынтымақтастықтың келешегі зор салалары болып табылады.
1995 жылғы қаңтарда Қазақстан Сыртқы істер министрінің Кубаға сапары болып өтті, оның шеңберінде ол Куба Республикасы Мемлекеттік кеңесінің басшысы Ф.Кастро Руспен, Ұлттық Ассамблея басшысы С.Флорнонмен, Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Л.Сотомен және Сыртқы істер министрі Р.Робайнамен кездесті. Маңызды екі құжатқа: Мәдени және ғылыми ынтымақтастық туралы келісімге және Қазақстан мен Куба Сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар алмасу туралы хаттамаға қол қойылды.
Екі мемлекет арасында парламенттік байланыстар да дамып отыр. 2001 жылы Гаванаға Парламент Мәжілісінің төрағасы Ж.Тұяқбай барды, ол Куба парламентінің спикері А.Аларконмен келіссөздер жүргізді және Ф.Кастроның қабылдауында болды.
Соңғы 15 жылда Чили өзінің экономикалық дамуында таңқаларлықтай ілгері кетті. Біздің елімізге Чили тәжірибесін қолдану тұрғысынан келсек, экономиканы реттеу, кен өндіру өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын дамыту айрықша қызығушылық тудырады. Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау саласындағы Чили тәжірибесі кеңінен қолданылуда. Мысалы, қазіргі кезде біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан зейнетақы реформасы көп ретте Чили үлгісін көшіреді. Сонымен қатар, Чилиде көмірсутегіне қатты тапшылық біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жақсы келешегі бар екендігін айтуға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Чили Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылғы 19 тамызда орнатылды. 1995 жылғы қаңтарда екі мемлекет Сыртқы істер министрлерінің келіссөздері болып оның қорытындылары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықтың басым салалары нақтыланды. Олардың ішінде: кен ісі (мемлекеттік ұйымдастыру, заң шығару және лицензиялар беру жүйесі), молибден (технологиясы мен өндірісі), мыс және басқа да металдар (технологиясы, өндірісі және ұйымдастыру), денсаулық сақтаудың жекеше жүйесі (ұйымдастыру, заң шығару және бақылау) бар.
Жауап қадам ретінде Сантьяго 1996 жыл ішінде Қазақстанға екі миссияның -Экономика министрінің орынбасары А.Мауленді, сондай-ақ Чили Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі әрі сонымен қатар "Кореа энд Кореа Консалторс Лимитед" белгілі фирмасының президенті болып табылатын Е.Корреа Риосты аттандырды, түрлі ведомстволардағы, оның ішінде Қазақстан СІМ-дегі келіссөздер барысында екі елдің сауда саласындағы және іскерлік топтары арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту туралы пайдалы пікір алмасу болды.
15 – лекция. 1 сағат.
Қазақстан Республикасы және Біріккен Ұлттар Ұйымы.
1.Әлемдік қауымдастықтағы БҰҰ-ның орны мен рөлі және маңызы.
Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болуы.
2.Қазақстанның БҰҰ-да жасаған ұсыныстары.
