- •«Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықта» курсы бойынша лекциялар
- •1. Әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекеттің пайда болуы.
- •2. Мемлекеттік құрылысты ұйымдастыру шаралары.
- •Қр сыртқысаяси мекемесін құру және оның міндеттері.
- •Қр сыртқысаяси мекемесінің құрылуы және оның қызметі.
- •Консулдың құзыры қандай?
- •Елшілер ұстаханасы
- •Дипломатиялық иммунитет деген не?
- •Қазақстан дипломатиясы тарихының негізгі кезеңдері
- •Қазақстан және оның Орталық Азия аймағындағы маңызы.
- •1. Қазақстанның Украина және Беларусьпен қарым-қатынастары.
- •Қазақстан Республикасының Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ассоциациясы (асеан) елдеріне қатысты сыртқы саясаты.
- •1. Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығы
- •1. Әлемдік қауымдастықтағы бұұ-ның орны мен рөлі және маңызы. Қазақстанның бұұ-ға мүше болуы.
- •1. Қазақстанның Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымымен (еқыұ) саяси ынтымақтастығы.
- •2. Қазақстан үшін қр еқыұ-ға 2010 жылы төрағалығы туралы шешімнің маңызы.
- •2. Қазақстан және түріксой.
- •2. Қазақстанның Еуразия экономикалық қоғамдастығына (ЕурАзЭқ) қатысуы және оның осы ұйымдағы рөлі.
- •Қазақстан және Каспий проблематикасы
- •Каспий – көздің қарашығы «Алаш айнасы».
- •Переговоры по разделу Каспия не дали результата
- •1. Қазақстан және Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңес (аөсшк).
- •2. Қазақстан және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (шыұ).
1. Қазақстанның Украина және Беларусьпен қарым-қатынастары.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан-Украина қарым-қатынасы белсенді түрде дамыды. Біздің сыртқы саясатымызда украиндық бағытқа үлкен мән беріледі. Халықаралық қоғамдастықта айта қаларлықтай экономикалық әлеуеті және саяси салмағымен ерекшеленетін Украина Қазақстан үшін прак-тикалық мүдде тұрғысынан маңызды.
Қазақстан-Украина байланыстарының негіздері Президент Н.Назарбаевтың Украинаға (1994, 1999 және 2000 жж.) және Президент Л.Кучманың Қазақстанға (1995, 1997, 1998 жж.) жоғары деңгейдегі сапарлары барысында қаланды. Екі жақты қатынастардың негізгі принциптері төмендегідей маңызды құжаттарда белгіленді, олар: Достық пен ынтымақтас-тық туралы шарт, Еркін сауда-саттық туралы келісім; Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім; Сыртқы саяси консультациялар туралы келісім; Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Жалпы алғанда Қазақстан мен Украина арасында ынтымақтастықтың түрлі салаларындағы келісілген іс-қимылды көздейтін 50-ден астам құжаттар жасалды.
Өзара сауда айналысын ынталандыруда Украина Президенті Л.Кучманың 1995 жылғы қыркүйекте Қазақстанға сапары барысында қол қойылған, Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және дамыту туралы келісім үлкен рөл ойнады. Мемлекеттер басшыларының шешімімен Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құрылды. Осы органға отын-энергетика, тау-кен - металлургия кешендері, химия өнеркәсібі, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және коммуникация сияқты салаларда экономикалық интеграцияның негізгі принциптері мен бағыттарын әзірлеу міндеті жүктелді. Комиссия шеңберінде тараптар электр энергетикасы, көмір өнеркәсібі мен машина-жасау саласындағы ынтымақтастық үшін жағдай туғызу, тамақ және жеңіл өнеркәсіп тауарларының, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтардың, ауыл шаруашылығының және басқа да өнімдердің өзара жеткізілімі туралы уағдаласты.
Президент Л.Кучманың 1997 жылғы қазандағы Қазақстанға сапары Қазақстан-Украина қарым-қатынасын одан әрі дамытуға жәрдемдесті. Келіссөздердің нәтижелері тараптардың өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ұмтылыстарын қуаттады. Президенттер ТМД бірлестігіне тиісті даму қарқынын беру үшін осы ұйым шеңберіндегі өзара іс-қимыл сияқты екі жақты ынтымақтастықтағы осындай аспектіні айналып өткен жоқ. Сапар барысында төмендегідей келісімдерге қол қойылды, олар: Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы; "Зенит" зымыран ұшырғышының бөлінетін бөліктерінің құлау ауданы ретінде Қазақстан Респуб-ликасының аумағындағы жер учаскесін уақытша пайдалану туралы; Стандарттау, метеорология және сертификаттау саласындағы, үкіметтік байланыс саласындағы ынтымақтастық туралы. Сондай-ақ Әділет министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы, Әскери білім беру саласындағы, Зейнетақымен қамтамасыз ету және банкаралық есеп айырысуларды ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.
Сапар шеңберінде екі елдің үкіметтік делегацияларының келіссөздері жүргізілді. Еркін сауда-саттық режимінен алып тастаулар туралы хаттамаға қол қойылды, экономикалық қылмыстарға және қаржылық заң бұзушылықтарға қарсы күрес саласындағы; әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы келісімдер жобалары қаралды. Екі елдің тиісті ведом-стволарына Қазақстаннан Украинаға мұнай жеткізілімін ұлғайту туралы; Қазақстанның мұнай-газ секторы үшін құрал-жабдықтар мен диаметрі үлкен құбырларды Украинадан сатып алу туралы; Астық жинау комбайндарын жасау жөнінде Қазақстанда және Украинада бірлескен кәсіпорындар құру туралы; Сауда және жолаушылар флотын дамыту жөніндегі Қазақстанға жәрдем көрсету туралы; лизингтік шарттармен АН-70 және АН-140 ұшақтарын сатып алу туралы; Жағалау күзеті катерлерінің жеткізілімі туралы; Астана инфрақұрылымын дамытуға украиндық бизнестің қатысуы туралы мәселелерді пысықтау тапсырылды.
Объективтік және субъективтік факторларға байланысты барлық уағдаластықтардың орындалмағанын айту керек, олардың көпшілігі бұрынғысынша зерттелу сатысында тұр.
Дегенмен жоғары деңгейдегі Қазақстан-Украина диалогы тауар айналымына игілікті түрде ықпал етті. 1998 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Украинамен сауда-саттығының жалпы көлемі 523 миллион долларды құрады, бұл негізінен энергия көздерінің (мұнай, мұнай өнімдері) жеткізілімін ұлғайту есебінен өткен жылғымен салыстырып қарағанда 75 пайызға өсті деген сөз. Қазақстандық импорттың құрылымында машиналар және қурал-жабдықтар, құбыр прокаты, сондай-ақ ауылшаруашылығы өнімдері (қант, спирт, өсімдік майы), жеңіл және тамақ өнеркәсібі бұйымдары басым. Еркін сауда-саттық туралы келісімді Украина Парламентінің 1998 жылғы қазанда бекітуі елдер арасындағы сауда байланыстарының әлеуетін тиімді түрде іске қосуға мүмкіндік береді деп күтілген болатын. 1997 жылғы маусымда қол қойылған, тауарлардың экспорты мен импорты кезінде жанама салықтарды өндіріп алу принциптері туралы келісімді іске қосу да сауда-саттықтың дамуына оң ықпал еткен болар еді. Алайда, әзірге сауда-экономикалық ынтымақтастықтың деңгейі екі елдің қазіргі әлеуеттік мүмкіндіктеріне сәйкес келмейді. Оның үстіне 2000 жылы сауда айналымы біздің еліміз үшін оң сальдомен (170 млн. доллар) аяқталса да біршама төмендеп, 348,5 млн. долларға түсіп кетті.
Бірақ соңғы жылдары тауар айналымы бірнеше рет өсіп, 2007 жылы 3 миллиард долларға жетті. Тауар айналымының өсуі жөнінен Қазақстан соңғы екі жылда Украинаның 200 сыртқыэкономикалық әріптестерінің ішінде көшбастаушыға айналды (Казахстанская правда, 23.10.2008 г.).
Қазақстан Президентінің 1999 жылғы Украинаға сапары барысында ҚР мен Украина арасындағы 1999-2008 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық туралы шарт және оның бағдарламасы, Кеден ісіндегі ынтымақтастық туралы; Қаржы министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы; ҚР мен Украина Ұлттық банкілері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер сияқты маңызды құжаттарға қол қойылды.
Мұнай-газ саласындағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі, жеңіл өнеркәсіптегі, металлургия мен машина жасау саласындағы екі жақты ынтымақтастықтың перспективасы зор. Украина көмірсутегі шикізатының ірі импортері болып табылатындықтан қазақстандық мұнайды алуға, сондай-ақ оны Еуропаға транзит арқылы өткізуге мүдделілік танытуда. Біздің еліміз қазірдің өзінде Украина рыногына 3,5 млн. тоннаға жуық мұнай шығарады. Бұл мұнай көлемі Херсон мұнай өңдеу зауытында мұнайды өңдеу көлемі ұлғайған жағдайда елеулі түрде өсуі мүмкін.
Екі жақты қарым-қатынастарда уақыт озған сайын мұнай проблематикасы маңызды орын алуда. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия шеңберінде қазақстандық мұнай-газ кен орындарын игеру жөнінде бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігін зерттеу туралы, сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және жобалық зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Украина Қазақстан аумағында жеке мұнай ресурстарын алуға, біздің елімізге диаметрі үлкен құбырларды жеткізуге мүдделі. Тараптар Украина аумағы арқылы еуропалық рыноктарға Қазақстан мұнайын кедергісіз тасымалдау, сондай-ақ оны украиндық мұнай өңдеу зауыттарыңда ұқсату туралы принципті уағдаластықтарға қол жеткізді. Босфор бұғазы арқылы танкерлер өтуінің кейбір қиындықтарына байланысты Қара теңіз жағалауы мемлекеттерінің оның ішінде Украинаның мұнай терминалдарын пайдалану ықтималдылығы күрт өсуі мүмкін.
Украина Қазақстанға жоғары сапасымен және салыстырмалы түрде төмен бағасымен ерекшеленетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігі бар (қант, өсімдік майы, жүгерінің сорттық тұқымдары). Қазақстан өз кезегінде Украинаға бидайдың қатты сорттарын жеткізуге дайын екенін білдірді. Біздің елімізде украиндық "Лан" ком-байндарын шығару қолға алынды.
Көлік және коммуникация саласындағы ынтымақтастықтың да перспективасы зор. Мұнай өнімдерін тасымалдау үшін лизинг шартымен Украинаның теміржол цистерналары мен теңіз танкерлерін пайдалану туралы келіссөздер жүргізілуде. Екі елдің үкіметтері бірқатар басқа да жобаларды қарауы керек, олардың ішінде мыналар бар: Қазақстанның сауда және жолаушылар флотын дамытуға Украина флотының қатысуы; екі ел арасындағы теміржол және авиация қатынастарын дамыту; екі елдің аумақтары арқылы жүктерді өзара тиімділікпен тасымалдау; Украинаның Қара және Азов теңіздеріндегі айлақтарын тиімді пайдалану. Киев Азия рыногына шығу үшін Қазақстанның көлік жүйесін пайдалануға ниет білдірді.
Украина мен Қазақстан металлургия және машина жасау саласында әріптестер бола алады. Ол үшін осы салаларда ынтымақтастықтың жаңа ұзақ мерзімді бағдарламаларын жасау қажет. Мұндай құжат Қазақстан экономикасын шикізат бағытынан түпкі өнімді өңдеуге және шығаруға қайта бейімдеу процесінде пайдалы болатыны сөзсіз.
Қол жеткізілген уағдаластықтарға қарамастан екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимыл тетігі жетілдірілмеген күйінде қалуда. Өзара есеп айырысудағы проблемалар, жүктерді тасымалдаудың жоғары транзиттік тарифтері, экспорттық-импорттық операциялар кезінде кедендік және салықтық кедергілер сауда-саттықтың деңгейіне теріс ықпал етуде. Мұның бәрі украиндық өнімді қазақстандық рынокта бәсекелестікке қабілетті ете алмайды.
Екі достас мемлекеттердің сыртқы саяси мүдделері Астананың өз позициясын еуропалық аймақта, ал Киев болса Азия аймағында нығайтқысы келетін ниеттерінде тоғысып жатыр. "Еуропа мен Азия арасындағы көпірдің" құрамдас бір бөлігі болғысы келетін Украина ниеті осы елдің еуразиялық көлік дәлізін құруға белсенді түрде қатысуынан, сондай-ақ Орталық Азиядағы өсе түсіп отырған белсенділігінен көрінеді. Мәселен, Украинаның АҒСШК мен Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығында байқаушы мәртебесі бар. Қазақстан үшін Қара теңіз экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ҚЭЫҰ), Орталық еуропалық бастама, Дунай комиссиясы сияқты ай-мақтық экономикалық ұйымдарға қатысу идеясы тартымды.
ТМД шеңберіндегі интеграцияға түрлі көзқарастар сақталып отырса да екі жақты қатынастардың ең жоғары құндылығы туралы өзара уағдаластық ынтымақтастықты нығайту үшін айрықша маңызды болып табылады.
Шынында да Астана мен Киевте интеграциялық мәселелерге және олардың болашағына түрліше қарайды. Украина әлі күнге дейін Достастықтың қауымдастырылған сипаттағы мүшесі ғана. Украинада "дербестік" көңіл-күйі басым, мұның өзі оның интеграцияға қатысуын жоққа шығарады. Қалай бол-ғанда да Украина Еуропадағы негізгі мемлекеттердің бірі екенін ұмытпаған жөн. Бұл мемлекеттің төңірегінде Ресей, АҚШ және Еуропалық Одақ елдері қатысып жүрген күрделі геосаяси "ойындар" жүріп жатыр. Сондықтан Украинаның халықаралық позициясын нығайту тұрғысында Қазақстанның онымен қарым-қатынасы да маңызды.
Соңғы жылдары екі елдің ынтымақтастығы іскерлік және достық негізде дамып келеді. Бүгінгі күні біздің елімізде 23 украин ұлттық мәдени орталығы жұмыс істейді. Украин тілінде жарық көретін «Украинські новини» газеті мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады, украин тілінде телехабар таратылады. Сонымен қатар, украин тіліндегі мектептер мен шығармашылық ұжымдар жұмыс істейді. 2007 жыл Украинадағы Қазақстан жылы, ал 2008 жыл Қазақстандағы Украина жылы болып жарияланды. Қазақстандағы Украина жылы басталғалы бері 300-ден астам түрлі шаралар өткізілді. Осы шаралардың арқасында қазақстандықтар мен украиналықтар бір-бірін жақынырақ түсініп, біле бастады. Бұл - екі елдің тәуелсіздігінің нәтижесі (ЕҚ, 24 қазан 2008 ж.).
Қазақстан-Беларусь қарым-қатынастарының шарттық-құқықтық негізін 40-тан астам шарттар мен келісімдер құрайды. Олардың ішінде Достық және ынтымақтастық туралы шартты; Азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісімді және Консулдық конвенцияны; БР аумағында жұмыс істейтін ҚР азаматтарының және ҚР аумағында жұмыс істейтін БР азаматтарының еңбек қызметі және оларды әлеуметтік қорғау туралы келісімді; Еркін сауда-саттық туралы келісімді, сондай-ақ 1999-2008 жылдар кезеңіне арналған ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық туралы шартты бөліп айтуға болады.
Екі мемлекет те іс жүзінде бір мезгілде ядролық мұрадан бас тартты. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру жөніндегі кеңесті шақыруға бастамашы болса, Беларусь Шығыс және Орталық Еуропада ядролық қарудан азат аймақ құру туралы идеяны ұсынды.
Екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы 1996 жылғы 29 наурыздағы шарттың ережелеріне сәйкес құрылады. Қазақстан мен Беларусь арасында алып тастауларсыз және шектеулерсіз тұрақты негіздегі еркін сауда-саттық режимі жұмыс істейді.
Дегенмен, экономикалық ынтымақтастықтың деңгейі әлі де жоғары емес. Бірлескен кәсіпорындарды, қаржылық-өнеркәсіптік топтарды құруға қатысты екі мемлекеттің мүдделілігіне қарамастан географиялық алшақтыққа және көліктік шығыстарға байланысты бұл мәселелер тиісті шешімін таппай келеді. Сауда-экономикалық қарым-қатынастардың жәй-күйіне екі елдің экономикалық үлгілерінің әр типтілігі елеулі ықпал етуде. Беларусьтағы экономиканы басқарудың орталықтандырылған жүйесі біздің еліміздегі қазіргі бар практикадан мүлде ерекшеленеді. Сонымен бірге Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды зерттеу сауда айналымын ұлғайтуға төмендегідей факторлардың кедергі келтіріп отырғанын көрсетеді, олар:
қазақстандық және беларусьтық тауарлардың Ресей арқылы транзитіне жоғары төлем алынуы (шамамен бір тонна жүк үшін 40-50 доллар);
шаруашылық жүргізуші субъектілердің өзара төлем төлемеуі;
төлем-есеп айырысу тетігінің жеткілікті түрде тиімді болмауы, мұндай есеп айырысу еркін өтімді валютада ғана төлем жүргізуге мүмкіндік береді;
Бірлескен кәсіпорындар тиімділігінің төмендігі.
Сауда-экономикалық саладағы жағдайларды жақсарту мақсатында тараптар Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы ұзақ мерзімді сауда-экономикалық ынтымақтастықтың мемлекетаралық бағдарламасының жобасын әзірлеу орынды деп таниды. Қазақстандық мұнайды БР-да одан әрі өңдеу үшін оны алыс-беріс шикізат шартымен Беларусь тарапының сатып алуына, сондай-ақ БР-ға мұнай тасымалдау квотасын ұлғайтуға қатысты мәселелер пысықталуда.
1998 жылғы сәуірде екі елдің Үкіметтері мен Ұлттық Банктері арасындағы "Қазақстандық теңге мен Беларусь рублінің өзара өтімділігін қамтамасыз ету және олардың бағамдарын тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы" келісім күшіне енді. Қазақстан мен Беларусь үкіметтері мемлекет-аралық есеп-айырысуларды реттеу жөнінде комиссия құрды.
1998 қаңтарда қол қойылған есеп айырысу принциптері туралы келісім әзірге жұмыс істемейді, өйткені онда валютаны, сондай-ақ АҚШ долларына қатысты беларусьтық рубльдің бағамын реттеудің әкімшілік әдістеріне байланысты ұлттық валютада есеп айырысуды белгілеу туралы ереже жоқ.
Әзірге екі жақты сауданың көлемі өте төмен. 2000 жылы ол 60 млн. долларды құрады. Сауда айналымын ұлғайту үшін қазақстандық және беларусьтық тауарлардың Ресей Федерациясы арқылы транзитіне ақы төлеудің шарттары туралы мәселені бірінші кезекте шешу қажет. Кеден Одағының шеңберінде немесе үш жақты Келісімнің (Қазақстан, Ресей, Беларусь) негізінде қазақстандық және беларусьтық тауарлар үшін жеңілдікті тарифті немесе Ресейішілік тарифтерді қолдануды белгілейтін келісімге қол қою анағұрлым ұтымды жол болып табылады.
Екі жақты қарым-қатынастың экономикалық құрамдас бөліктері төмендегідей іс-қимылға бағытталған келісілген шараларды қабылдауды көздейді;
Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастықтың шеңберінде екі мемлекеттің өзара тиімді іс-қимылы;
екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ұйымдық-құқықтық, төлем жүргізу - есеп айырысу тетіктерін жетілдіру;
еркін сауда-саттық режимін нақты іске асыру;
Қазақстандағы экономикалық жобаларды (БелАЗ үлгісіндегі карьерлік самосвалдарды, көп жүк тиеуге есептелген МАЗ машиналарын, астық жинау комбайндарын құрастыру жөніндегі бірлескен кәсіпорындар) мемлекеттік қолдау;
Қазақстандық өнімдердің Беларусь және еуропалық рыноктарға, ал беларусьтық өнімдерді Қазақстан мен Азия рыноктарына шығару мақсатында екі елдің өнеркәсіптік әлеуетін, көлік және коммуникациялар құрылымын ұтымды пайдаланудың біртұтас жүйесін жасасу;
• ғылым мен техника жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаларды, сондай-ақ бірегей ғылыми объектілер мен құрылыстарды тепе-теңдік негізде пайдалануды іске асыру;
екі елдің аумағындағы шағын және орта бизнесті, сондай-ақ лизингтік компанияларды мемлекеттік қолдау;
ұлттық валюталардың өзара өтімділігін қамтамасыз ету;
• екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін ұлғайту.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуде жақсы перспективалар бар. Қазақстанда 160 мыңнан астам этникалық беларустар тұрады. 1992 жылдан бастап Алматыда "Беларусь" мәдени орталығы құрылған. Батыс Қазақстанда ана тілі ретінде беларусь тілін оқытып-үйрететін сынып ашылды, беларусьтық жексенбілік мектебі жұмыс істейді.
Қазақстан-Әзербайжан қарым-қатынастары белсенді түрде дамуда, мұның өзі екі жақты қатынастар шеңберінде болсын (1996 жылғы қыркүйектегі Н.Назарбаевтың сапары және Г.Алиевтің 1997 жылғы маусымдағы сапары) немесе көп жақты форумдардың барысында болсын (ТМД, түркітілдес мемлекеттердің бас қосулары, ЭЫҰ) екі мемлекеттің жоғары деңгейдегі басшыларының тұрақты байланыстарынан көрініс табуда.
Әзербайжан Кавказ аймағындағы қазіргі бір мәнді емес геосаяси жағдайда маңызды рөл ойнайды. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін белгілеу, мұнайды әлемдік рыноктарға тасымалдау және басқалары сияқты бірқатар стратегиялық мәселелерді бірте-бірте шешу мақсатында Қазақстан осы елмен әріптестік қарым-қатынаста болуға мүдделі. Екі жақты қарым-қатынастардың шарттық-құқықтық базасы 60-тан астам шарттар мен келісімдерді қамтиды.
Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығын кеңейтуге Қазақстан Премьер-Министрінің Бакуге сапарының ықпалы болды (1998 жылғы қазан). Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы, Өнеркәсіптік меншікті қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы, Байланыс саласындағы ынты-мақтастық туралы; Қазақстан мен Әзербайжанның Ұлттық Банктері арасындағы қаржылық-банктік жүйедегі ақпарат алмасу және зерттеу саласындағы ынтымақтастық туралы маңызды келісімдерге қол қою келіссөздердің нәтижесі болатын. Тараптар 1999-2000 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу, бірлескен көліктік-экспедиторлық кәсіпорындарды құруға белсенді түрде жәрдемдесу, ТРАСЕКА жобасы шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Екі елдің үкіметтері Ақтау-Баку бағыты бойынша паром қозғалысының жұмысын жаңғыртуға, екі елдің Каспий теңізі айлақтарындағы алымдарын азайту мүмкіндігін қарастыруға келісті. Тараптар Әзербайжанның Қазақстан алдындағы 16,9 млн. доллар мөлшеріндегі мемлекеттік берешегін өтеу жөнінде келіссөздер жүргізуде.
Асылында Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығының анағұрлым перспективалық бағыты мұнай саласындағы жобаларды іске асырумен байланысты. Біздің еліміздің алдында мұнайды Әзербайжан аумағы арқылы әлемдік рыноктарға тасымалдау үшін жақсы мүмкіндіктер ашылып отыр. Қазақстандық мұнайдың транзитке қатысты көлемін 10 млн. тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Сондықтан экспорттық құбыр желілерін қоса алғанда, мұнай көлік инфрақұрылымын кеңейту және жаңғырту орынды.
2000 жылы екі жақты тауар айналымының көлемі 58 млн. долларды құрады, мұнын өзі 1999 жылға қарағанда 13 млн. долларға көп. Дегенмен тараптар сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі жәй-күйіне қанағаттанып отырған жоқ. Әзербайжан үкіметі Әзербайжанның сыртқы саудасында 37 млн. жуық долларды құрайтын теріс сипаттағы сальдоға алаңдаушылық білдіруде. Бұл әзербайжандық кәсіпорындардың (машина мен құрал-жабдықтардың, химиялық өнімдердің өндірісіне қатысты) қазақстандық рынокта бәсекелестікке түсе алмайтындығымен түсіндіріледі. Ал Қазақстан болса би-дай, ұн және шикі мұнай экспортын ұлғайтты.
ТРАСЕКА жобасын іске асыру екі жақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Қазақстан Ұлы Жібек жолын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық конференция барысында Бакуде 1998 жылғы 8 қыркүйекте қол қойылған, Еуропа-Кавказ-Азия халықаралық көлік дәлізін дамыту жөніндегі негізгі көп жақты келісімнің қатысушысы болды.
Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізіне қатысты ұдайы көршілер. Сондықтан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау тең деңгейде екі мемлекеттің де мүдделерін қозғайтын негізгі проблема болып қала береді. Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері 1996 жылғы 16 қыр-күйекте Бірлескен мәлімдемеге қол қойды, онда Каспий мәртебесінің мәселесі бойынша ұстанымдарының ұқсастығы туралы түңғыш рет айтылды. 1998 жылғы 6 шілдеде қол қойылған, Қазақстан мен Ресей арасындағы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісім тұрғысында Бакумен диалогты жалғастырудың үлкен перспективасы бар. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2001 жылғы шілдеде Каспийде болған Иранмен жанжал кезінде Әзербайжанды үзілді-кесілді қолдады.
Грузияның Қара теңіз айлақтарына және Түркияның Жерорта теңізіндегі Жейхан айлағына қазақстандық мұнайды тасымалдау мәселелерінде өзара тығыз іс-қимылға екі мемлекет те объективті түрде мүдделі. 1999 жылғы қарашада "Стамбул декларациясына" қол қойылды, онда тараптардың "Баку-Тбилиси-Жейхан" стратегиялық жобасын іске асыруға ұмтылысы белгіленді.
Сол жылдың күзінде Әзербайжан Премьер-Министрі А.Раси-заде Астанаға сапармен келді. Сапар барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссияның мәжілісі өтті. Үкіметтер басшыларының келіссөздері уақыт өте келе стратегиялық әріптестікке айналуы мүмкін ынтымақтастықты одан әрі тереңдету арқылы тараптардың ілгері жүру ниеттерін қуаттады.
Қазақстанның Закавказьедегі сыртқы саясатында Грузияның рөлі өсіп келеді. Қазақстан мен Грузия арасындағы негізгі қатынастар туралы 1993 жылғы шілдеде қол қойылған шарт екі жақты қатынастардағы басты құжат болып табылады.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың (1996 жылғы 17 қыркүйек) Грузияға және Грузия Президенті Э.Шеварнадзенің Қазақстанға (1997 жылғы 11-12 қараша) ресми сапарлары екі жақты қатынастарды жандандыруға оң сипатта әсер етті. Жоғары саяси деңгейдегі келіссөздер кезінде 50-ден астам құжаттарға қол қойылды. Қазақстан-Грузия қатынастарының шарттық-құқықтық базасы салмақты деп айтуға болады.
Грузиндік айлақтарды пайдалана отырып, Әзербайжан мен Грузия арқылы әлемдік рыноктарға қазақстандық мұнайды тасымалдау мәселелерінде өзара іс-қимылдың екі ел үшін де маңызы зор. Грузия Президентінің Алматыға сапары барысында көмірсутегі шикізатын әлемдік рыноктарға тасымалдаудағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, ал үкіметаралық келіссөздердің қорытындылары бойынша екі Закавказье мемлекеттерінің аумағы бойынша қазақстандық мұнай транзитінің көлемін жылына 10 млн. тоннаға дейін ұлғайту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Еуразиялық көлік дәлізін (ТРАСЕКА) құруға қатысудың Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар. Осы жобаны іске асыруда Орталық Азия мен Закавказье елдеріне, оның ішінде Грузияға жетекші орын берілуде. Осы жүйе инфрақұрылымның негізгі буындары теміржол, автомобиль жолдары, сондай-ақ Қара теңіз бен Каспий теңізіндегі айлақтар болып табылады. Қазақстанның ТРАСЕКА жобасына қатысуы Закавказье, Еуропа және Таяу Шығыс елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты елеулі түрде жандандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүктің, сондай-ақ көлік инфрақұрылымына және туристік салаға инвестициялар салу көлемін елеулі түрде үлғайтуға болады. Осындай жоспарларды іске асыру үшін тараптардың айтарлықтай күш-жігер жұмсауына тура келеді.
Қазақстан Грузия мүшесі болып табылатын Қара теңіз экономикалық ынтымақтастығы ұйымына қатысушы елдермен ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттеніп отыр. Бұл бірыңғай телекоммуникациялық жүйені құруға, мұнай тасымалдауға, сауда режимін бірдейлендіруге байланысты бірлескен жоба-ларды іске асыруға жол ашады.
Екі тараптың да сауда-саттықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделі екенін атап ету керек. Грузия қазақстандық көмірдің, ақ қаңылтырдың, қара және түсті металдар прокатының, астықтың, еттің және басқа да өнімдердің жеткізіліміне зәру. Қазақстан Грузиядан химиялық, металлургиялық, машина жасау және тамақ өнеркәсібінің кұрал-жабдықтарын, трансформаторларды, электрқозғалтқыштарды, сондай-ақ тамақ өнімдерін сатып ала алады.
Қазақстанның Армения Республикасымен қарым-қатынасы Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы негізгі қатынастар туралы 1993 жылғы 19 қаңтардағы шарт пен Армения Президенті Р.Кочарянның 1999 жылғы қыркүйөкте Қазақстанға ресми сапары барысында қол койылған, Екі мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы шарт сияқты ірі құжаттармен реттеледі. Осы сапардың нәтижесі бойынша экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, сауда-экономикалық және көлік салаларындағы ынтымақтастық туралы 8 құжатқа қол қойылды.
Мемлекеттер басшылары объективтік қиыншылықтардың орын алып отырғанына қарамастан өзара ынтымақтастықтың әлеуеті толық іске асқан жоқ деп санайды. Ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа нысандарын бірлесіп іздестіруді жүргізу қажет. Бұл міндет бірінші дәрежелі деп белгіленеді. Сондықтан Астана мен Ереванның аталған бағытта жігерлі күш-жігер жұмсауы тиіс.
Сонымен бірге екі жақты қарым-қатынастағы жағдай Арменияда транзиттік көлік жолдарының болмауынан, Карабах жанжалының реттелмеуінен бір ізге түспей келеді. Армения мен Әзербайжанның қарсы тұруы армян экономикасын тұралатып, қазір ол күрделі жағдайды басынан өткізуде. Сондықтан Қазақстан мен Армения арасында соңғы уақыттарға дейін белсенді байланыстың болмауына таңқалудың реті жоқ. Ол ТМД елдері ішінде Қазақстанның сыртқы саудасындағы ең төменгі көрсеткіш болды. 1999 жылы Қазақстан мен Армения арасындағы сыртқы сауда айналымы бар болғаны 7,2 млн. долларды құрады.
Бір есептен Қазақстан-Армения қарым-қатынасының өзіне тән және назар аударарлықтай тарихы бар. 1991 жылдың өзінде Н.Назарбаев Ресей Президенті Б. Елыцинмен бірге отқа оранған Қарабах жанжалында делдалдар ретінде шығуды ұсынды. Железноводск қаласында кездескеннен кейін екі мем-лекет басшылары Әзербайжанда, Арменияда және Таулы Карабахта болды, ол жерлерде қоғамдық және саяси қайраткерлермен кездесулер өткізді. Қазіргі уақытта осы проблеманы шешуге халықаралық ұйымдар, ең алдымен ЕҚЫҰ, сондай-ақ көптеген державалар тартылып отыр. Бірақ Қазақстанның делдалдығы Закавказьедегі жағдайға әлемдік қоғамдастық назарын аудару тұрғысында жағымды рөл атқарды. Одан кейінгі Грузиядағы және Чешенстан теңірегіндегі оқиғалар мұндай алдын алудың дұрыстығын және дер кезінде жасалғандығын растады.
Карабах проблемасын қараған кезде қазақстандық дипломатия мемлекеттердің аумақтық тұтастығы сияқты негізге алынатын принциптерге басымдық берілуін жақтайды. Ұлттардың өзін-өзі басқаруы сияқты құқықтың пайдасына осы принципті бұзу қазіргі әлемнің тұтастығы мен халықтар игілігі үшін зардабы мол салдарға әкеп соғуы мүмкін.
2001 жылғы 23-24 мамырда Президент Н.Назарбаев Армения Республикасына тұңғыш рет ресми сапар жасады. Екі мемлекеттің басшылары іс жүзінде мүдделілік білдірілетін халықаралық проблемаларды талқылады. Ереван АҒСШК-ні шақыру жөніндегі Қазақстанның ұсынысын жақтап пікір білдірді. Сондай-ақ Карабах жанжалын реттеу проблемасы бойынша егжей-тегжейлі пікір алмасылды.
Сауда-экономикалық қатынасқа байланысты айтатын болсақ, Қазақстаннан Арменияға ауыл шаруашылығы өнімін жеткізудің көлемін ұлғайту туралы, сондай-ақ химиялық және тау-кен - металлургиялық өнеркәсіп саласында, түсті металдардың, Астанада зергерлік бұйымдардың өндірісін ұйымдас-тыруда бірлескен кәсіпорындар құру туралы, Армениядағы атом электр станциясы үшін шикізат жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Көлік инфрақұрылымын дамыту саласында Ақтау айлағы - Энзели айлағы (Иран) - Армения үлгісі бойынша Иран аумағы арқылы транзитпен Арменияға тауар-лар жеткізу мүмкіндігі қаралды.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласында болашақта Арменияның Мәдениет күндерін Қазақстанда өткізу туралы, сондай-ақ түркі тайпаларының (қыпшақ қолжазбалары) тарихи-мәдени құндылықтарын бірлесіп зерттеу мақсатында Қазақстанның ғылыми мекемелері мен Арменияның Ежелгі қолжазбалар институты арасындағы байланыстарды жолға қою туралы уағдаластық жасалды.
Өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына қосымша тыныс беру үшін тараптар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияны қалыптастыруға байланысты рәсімдерді жеделдетіп аяқтаудың қажеттігі туралы мәлімдеді.
Қазақстан мен Арменияны Стандарттау, метрология, сертификаттау және тіркеу саласындағы ынтымақтастық туралы; Құқықтық ақпарат алмасу туралы; Әділет министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы; Сот сараптамасы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер байланыстырады.
Президенттердің Еревандағы келіссөздері екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың мүмкіндігі аз емес екендігін көрсетті. Сондықтан оларды тиісті деңгейге көтеру үшін отандық дипломатияға қойылатын талап та аз болмаса керек.
10 – лекция. 1 – сағат.
Қазақстанның Азия бағытындағы сыртқы саясаты.
1. Қазақстанның Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея елдерімен қарым-қатынастары.
2. Қазақстан Республикасының Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері ассоциациясы (АСЕАН) елдеріне қатысты сыртқы саясаты.
Қос тарапты әлемдік құрылыс жүйесін күйретудің символы болған XX ғасырдың 90-шы жылдарының басында халықаралық қатынастар өзінің дамуының принципті жаңа кезеңіне қадам басты. Ұзаққа созылған кезең ішінде екі үстем держава мен блоктардың арасында тепе-теңдік ұстауға мәжбүр болған көптеген мемлекеттер үшін жаңадан қалыптасқан жағдайлар бұрын-соңды болмаған сыртқысаяси және сыртқыэкономикалық мүмкіндіктер ашты. Мұндай тенденция әсіресе Азия елдерінде айқын көзге түседі. Қуатты экономикалық әлеуеті зор, еңбек және табиғи ресурстары бар Азия кұрлығының көптеген мемлекеттері аймақтық істерде ғана емес, сонымен бірге әлемдік ауқымдағы геосаяси процестерге елеулі ықпал жасай бастады.
Азиядағы, әсіресе оның шығыс бөлігіндегі қазіргі жағдай саяси және экономикалық процестердің жоғары қарқынымен сипатталады. Соңғы жылдары Азия елдерінің көпшілігінің экономикалық даму қарқыны (ішкі жалпы өнімнің өсімі жыл сайын 5-6 пайыз денгейінде, сыртқы сауда - 9-11 пайыз) әлемдік орташа көрсеткіштерден елеулі түрде асып түсіп отыр. Әлемдік өндірістің 60 пайызға жуығы аймаққа тиесілі, ал оның дүниежүзілік саудадағы жеке салмағы 40 пайызды құрайды. Сарапшылық болжамдарға сәйкес, 2015 жылы жалпы ұлттық өнімі көп әлемдегі 12 елдің бесеуі Азия мемлекеттері болады.
1997 жылғы азиялық қаржылық дағдарыс Азия-Тынық мұхит аймағы (АТА) елдерінің нығайып келе жатқан позициясына айрықша теріс ықпал етті. Сонымен бірге бірқатар жағдайларда Азияның өсе түсіп отырған рөліне шектеу қойғысы келетін Батыстың әрекеттерімен байланыстыратын осы дағдарыстың түпкі нәтижесінде тиімді ықпалы болды. Аймақ мемлекеттері экономикалық тұрғыдан өміршеңдігін едәуір нығайтты және қазіргі уақытта дамудың бұрынғы қарқынын сақтауда. Елеулі түрде Азия дағдарысының нәтижесінде қазіргі әлемде мемлекеттердің тұрақтылығына соғыс қаупінен гөрі қаржылық және экономикалық факторлар анағұрлым қауіпті деген түсінік қалыптасты. Бұл Азия-Тынық мұхит аймағындағы мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрамдас бөлігі экономиканы айтарлықтай нығайтуына себепші болды.
Дағдарыстың салдары Азия елдерінің экономикалық стратегиясына, олардың осы заманғы әлемдік шаруашылықтағы рөлі мен орнына қатысты сындарлы ойларға жетеледі. Халықаралық валюта қоры мен АҚШ-тың көмек көрсету бағдарламасына қатысты Малайзия басшылығы ұстанған теріс пози-цияны еске салсақ та жеткілікті. Қаржы дағдарысы аймақтың басты саяси ойыншылары - Қытайдың, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, АСЕАН-ның мінез-құлкына да ықпал етті. Бүгінгі күні азиялық интеграция процесі айқын көзге түседі, бұл процесс Еуропа мен Америка құрылығындағы ұқсас процестерден біршама оқшау дамуда. ХВҚ-на балама ретінде Азиялық ва-люта қорын құру идеясы айтыла бастады.
Аймақтағы әскери-стратегиялық жагдайдың дамуына қатысты Азия-Тынык мұхит аймағындағы бірнеше күш орталықтарының қалыптасу процесін айтуға болады, бүл жерде бірақ Еуропадағы сияқты келіссөздер тетігі жоқ. ЕҚЫҰ үлгісі бойынша қауіпсіздік жүйесін құруға қатысты Азияға тән ұстамды көзқарас осы аймақтағы елдердің тарихи тәжірибесіне байланысты. Бұл қауіп-қатер көздерін жекелеген мемлекеттердің түрліше қабылдауымен, аумақтық дауларды қоса алғанда, олардың арасында бірқатар өткір проблемалардың болуымен, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың әркелкілігімен түсіндіріледі. Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысының Төрағасы Ли Пэннің ұтқыр сөзі бойынша: "Азиядағылар бір төсекте ұйықтайды, бірақ әртүрлі түстер көреді".
Баяндалған факторларды шын мәнінде азиялық мемлекет болып табылатын Қазақстан өзінің сыртқы саясатында жан-жақты ескереді, оның осы келешегі зор аймақта өзінің төл мүдделері бар. Көлік күретамырларының тоғысында орналасқан және салмақты экономикалық әлеуеті бар Қазақстан Азиядан лайықты орын алуға құқылы. Сондықтан қазақстандық дипломатияның осы аймақтағы стратегиялық мақсаты АТА елдерімен ұзақ мерзімді негізде өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайту болып табылады. Азия елдерімен ынтымақтастық, сөз жоқ, Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес келеді, объективті түрде оның халықаралық позициясын күшейтеді, ел ішінде экономикалық қайта құруларды жемісті түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
