Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
«Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықта»...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.59 Mб
Скачать
  1. Қазақстан және оның Орталық Азия аймағындағы маңызы.

Орталық Азияда аймақтандыру процесін дамыту үшін қолайлы алғышарттар бар. Бұл, ең алдымен, аймақты мекендейтін халықтардың тарихи, географиялық, мәдени және тілдік бірлігі. Сондықтан Орталық Азиядағы мемлекеттермен ынтымақтастықты ұлғайту Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді. Орталық Азия мемлекеттерімен өзара тату көршілік, тұрақты қарым-қатынас – біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторы.

Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан-2030» жолдауында: «Ұлттық мүдделерді қорғауды, сондай-ақ таяудағы және алыс перспективадағы күштердің тепе-теңдігін қамтамасыз етудегі біздің озық қаруымыз – интеграция саясаты, бірінші кезекте Қазақстанның, Қырғызстанның және Өзбекстанның арасындағы Орталық Азиялық Одақты нығайту» - деп атап көрсетті.

Экономика, сөз жоқ, интеграцияның анағұрлым маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Тарихи қалыптасқан шаруашылық байланыстар, сондай-ақ геосаяси жағдайдың ерекшелігі жиынтық экспорттық және транзиттік-көліктік әлеуетті тиімді пайдалану қажеттігін талап етеді. Оның үстіне аймақта бірқатар елеулі проблемалар бар, оларды екі жақты негізде шешу мүмкін емес. Әңгіме аймақтың суэнергетикалық ресурстарын және танзиттік-көліктік әлеуетін келіскен түрде, сондай-ақ ұтымды пайдалану, ауқымды экологиялық, атап айтқанда, Арал теңізі ауданындағы апаттың салдарын бірлесіп еңсеру; аймақтық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру; терроризмге, діни экстремизмге және есірткі бизнесіне қарсы күрестегі бірлескен қызметті үйлестіру туралы болып отыр.

Орталық Азия мемлекеттерін аймақтық интеграциялау идеясы Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру туралы (БЭК) шартқа 1994 ж. 30 сәуірде қол қоюмен нақты жүзеге асты. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан оның қатысушылары болды (1998 ж. 26 наурыздан бастап Тәжікстан шарттың толық құқықты қатысушысына айналды). 1994 ж. шілдеде Президенттердің шешімімен Мемлекетаралық Кеңес және оның негізгі институттары – Премьер-министрлер кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Қорғаныс министрлерінің кеңесі және олардың тұрақты қызмет істейтін жұмыс органы – Атқару комитеті құрылды. Орталық Азиялық Ынтымақтастық және даму банкін (ОАЫДБ) құру туралы келісімге қол қойылды, оның капиталы қатысушы мемлекеттердің үлестік жарналарынан қалыптасады.

1998 ж. 17-18 шілдеде Мемлекетаралық Кеңестің мәжілісінде аймақтық бірлестіктің жаңа атауы – Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығы (ОАЭҚ) бекітілді.

1994 ж. қол қойылған шарт шаруашылық жүргізуші субьектілер арасындағы тікелей экономикалық байланыстарды дамытуға, тауарлардың, капиталдың, көрсетілетін қызмет пен жұмыс күшінің еркін қозғалысына, басымдық берілетін салалардағы өндірістік бірлестіктерге; қатысушы елдердің кредит-есеп айырысу, инвестиция, бюджет, салық, баға, кеден, валюта саясаты проблемалары бойынша консультациялар өткізуге, сондай-ақ көлік және коммуникация саласындағы саясатты жүзеге асыруға қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды рөл атқарды.

Орталық Азия аймағында көп жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін және Азия құрлығының елеулі бөлігінде тұрақтылықты нығайту үшін 1997 ж. 10 қаңтарда Бішкекте қол қойылған, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан арасындағы мәңгілік достық туралы шарттың зор маңызы болды. Бұл әлемдік дипломатиялық практикада бұрын-соңды болмаған бірегей көп тарапты құжат. Осы құжатқа қол қоюдың бастамашысы Қазақстан Президенті болды. Үш мемлекеттің өзара қарым-қатынасының бүкіл кешенін қамтитын шарт өзара сенім білдіру, тәуелсіздік, егемендік, аумақтық тұтастық, тең құқылық және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау сияқты принциптерді құрмет тұту негізінде жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді көздейді. Құжат саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда аймақтық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар туғызуды мақсат тұтады.

Үш Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары БҰҰ аясында бірлескен бітімгершілік батальонын (Орталықазбат) құрудың қажеттілігі туралы ортақ пікір білдірді, мұның аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде орны бөлек. БҰҰ аясында бітімгершілік батальонын құру туралы идея үш ел Президенттерінің 1995 ж. 15 желтоқсанда болған Жамбылдағы кездесуі барысында жүзеге асты. Мемлекет басшылары Ұжымдық бітімгершілік батальонын ұйымдастыру және құру туралы келісімге қол қойды. Осы кездесу барысында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Қорғаныс министрлерінің кеңесі туралы ереже бекітілді. Бұл кеңес аймақтық қауіпсіздікке, өзара қорғаныс іс-қимылына және әскери ынтымақтастыққа қатысы бар барлық мәселелерді қарайды.

1996 ж. 6 мамырдағы кезекті кездесуде Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары бітімгершілік батальонын құру және «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы шеңберінде оқу-жаттығуға әзірлену, Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты іске асырудың барысы, үш мемлекет арасындағы өндірістік кооперация проблемалары, сондай-ақ су-энергетикалық ресурстарды бірлесіп пайдалану проблемалары жөніндегі шараларды қарады. «Орталық Азия: интеграция проблемалары» журналын құру туралы шешім қабылданды.

Орталық Азия елдерінің саяси өзара іс-қимылы және экономикалық ынтымақтастығы олардың аймақтық экономикалық интеграцияға жіті көңіл бөлуіне байланысты. Осы жаңа үрдісті ескере отырып, Президент Н.Назарбаев Орталық Азия экономикасы үшін арнайы Бағдарлама құру туралы бастама көтерді. Ол екі басты мақсатты көздеді: аймақ мемлекеттерінің арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту және Орталық Азия елдерінің Еуропамен сондай-ақ Азиямен ынтымақтастығын дамыту. Бағдарламада төмендегідей басымдық берілетін бағыттар болды: көліктік инфрақұрылым, су-энергетика ресурстарын ұтымды пайдалану, шетелдік инвестицияларды тарту және көмірсутегі шикізатын әлемдік рыноктарға жеткізудің көп нұсқалы жолдары. Қазақстандық дипломатия осы ұсынысты нақты іске асыру үшін едәуір күш-жігер жұмсады.

ОАЭҚ шеңберіндегі интеграцияны тереңдетуге ұмтыла отырып, Президенттер 2005 жылғы кезеңге дейін арналған Қоғамдастықтың даму стратегиясын бекітті. Бұл құжат экономикалық өзара іс-қимылдың төмендегідей басымдық берілетін бағыттарында қатысушы мемлекеттердің күш-жігерін жұмылдыруды көздейді:

  • сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру;

  • су және энергетикалық ресурстарды бірлескен түрде және ұтымды пайдалану;

  • көліктік-коммуникациялық жүйені дамыту саласында келісілген саясатты жүргізу;

  • қалыптасқан шаруашылық байланыстарды жетілдіру және импортты алмастыратын өндірісті дамыту;

  • ОАЭҚ елдерінің халықтары арасындағы гуманитарлық-мәдени байланыстарды кеңейту үшін мейлінше қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.

ОАЭҚ мемлекеттерінің 2002 жылға дейін кезеңге арналған біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдарының бағдарламасы бекітілді.

Орталық Азия елдерінің экономикалық үлгілеріндегі, олардың интеграцияның өзіне қатысты көзқарастарындағы елеулі айырмашылықтарға байланысты жоғарыда аталған уағдаластықтар, Қазақстанның үлкен күш-жігеріне қарамастан, әзірге нақты іске асқан жоқ.

Сонымен қатар Орталық Азия аймағы экономикалық және саяси тұрғыдан бір тектес емес. Ең алдымен осы аймақтағы мемлекеттер экономикалық даму деңгейі, шаруашылық әлеуеті, сондай-ақ экономикадағы құрылымдық тұрғысынан бір-бірінен ерекшеленеді. Халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша Қазақстан экономикалық реформалар жөнінен аймақтың барлық басқа елдерінен әлдеқайда озық тұр. Жалпы ішкі өнімнің көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде жетекші орында тұр. Басқа елдер, мәселен Өзбекстан экономикаға қатаң түрде мемлекеттік бақылау жасау саясатын жүргізуде. Азаматтық соғыстан зардап шеккен Тәжікстан экономикада терең құрылымдық өзгерістер жүргізуге объективті түрде дайын емес.

Мұның бәрі Орталық Азиядағы интеграцияға ықпал етпей қоймады. Аймақтағы интеграциялық процестердің көп жағдайда саяси сипаты бар екенін мойындау керек, өйткені барлық елдер Орталық Азиядағы тұрақтылықты нығайту үшін достық қатынастың маңызы зор екенін түсінеді. Экономикалық ынтымақтастыққа қатысты айтсақ, онда, негізінен, екі жақты күш-жігер негізге алынып келеді.

Дегенмен ҚР Президенті Н.Назарбаев өзінің 2006 жылғы Қазақстан халқына Жолдауының «Көршілес Орта Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық» деген арнайы бөлімінде «Біздің өңірде ықпалдастық қарқынын төмендетпеудің маңызы зор. Біз мәдениетіміз бен тарихымыздың ортақтығы жақындастырып отырған көршілес Орта Азия мемлекеттерімен жан-жақты байланыстарымызды дамыта беруге тиіспіз. Біздің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығымыздың келешегі зор. Біздің күш-жігеріміз бұларды одан әрі дамыта беруге бағытталуы керек» - деп атап көрсетті (Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. – ЕҚ, 2 наурыз 2006 ж.).

2008 жылы 9-10 қыркүйекте Алматыда «Орталық Азия. Инвестициялық мүмкіндіктер. Жаңа жібек жолы» халықаралық конференциясы болып, оған жетекші халықаралық инвесторлар, Орталық Азиядағы ірі компаниялардың акционерлерімен бірге мемлекеттік жоғары лауазым иелері жиналды. Қаржы саласындағы алпауыттар жиынын ҚР-ның Премьер-министрі К. Мәсімов ашып, Орталық Азия өңірі бүкіл еуразиялық кеңістіктің экономикалық қарым-қатынастары жүйесінде ерекше орынға ие екендігін айта келе, 2007 жылы осы өңірдегі елдердің ІЖӨ-сінің жалпы көлемі 160 миллиард АҚШ долларына жеткенін мәлімдеді. Үкімет басшысы Қазақстанның үлесіне Орталық Азия елдерінің ІЖӨ-сінің 70 пайызы тиесілі екендігіне инвесторлар назарын аударды.

- Елдің жыл сайынғы экономикалық өсімі соңғы бес жыл ішінде орта есеппен 10 пайызды құрады. Бүкіл Орталық Азия өңірінің экономикасына тікелей шет елдік инвестициялардың жиынтық көлемінде Қазақстанның үлесі 80 пайыздан астам. Қазақстанның экономикасына тікелей салынған инвестициялар 70 миллиард АҚШ долларынан асып түсті, - деді Премьер-Министр.

Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша тұрғындардың жан басына шаққанда ТМД елдерінің көшбасшысы рөлін атқарып отыр. Сондай-ақ ТМД елдерінің ішінде еліміз инвестициялық кластың халықаралық рейтингінде де бірінші орында тұр. Оған қоса Бүкіләлемдік банк Қазақстанды инвестиция салуда барынша тартымды 20 мемлекеттің санатына кіргізді.

Қазір қазақстандық экономикаға әлемнің 60-тан астам мемлекеті қаржылық ресурстарын құйып отыр. Инвестицияның негізгі бөлігі АҚШ, Нидерланды, Ұлыбритания, Италия және Қытай елдерінен келіп жатқандығын атап өтуге болады (ЕҚ, 10.10.2008).

Қазақстанда Тәжікстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән беріледі. 1993 ж. 19 қазанда қол қойылған, негізгі қатынастар туралы шарт саяси салада екі жақты қарым-қатынастарды реттейтін негізгі құжатқа айналды. 40-тан астам шарттар мен келісімдер екі елдің өзара қарым-қатынасының құқықтық негізін құрайды. Проблемалық мәселелерді шешу үшін үкіметаралық комиссия құрылды, оның тұңғыш мәжілісі 1998 ж. 3 қазанда өтті.

Тәжікстан ТМД елдерінің арасында Қазақстанның сауда әріптестерінің ішінде 7-ші орын алады. Ынтымақтастықтың басымдық берілетін салалары мыналар болып табылады: тау-кен өнеркәсібі, түсті металлургия, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, көлік және коммуникация. 1995 ж. 30 қаңтарда Алматыда өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықтың принциптері туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды, онда меншік нысанына қарамастан тараптардың шаруашылық жүргізуші субьектілері арасында шарттар жасасу құқығы ескеріледі.

Президент Э. Рахмоновтың 1995 ж. қарашадағы Қазақстанға жұмыс сапарының барысында Мемлекеттер басшылары байланыстарды одан әрі нығайту, екі мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени байланыстарының әлеуетін тиімді пайдалану туралы пікір білдірді. Үш үкіметаралық келісімдерге қол қойылды: Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдету туралы, Еркін сауда-саттық туралы, Тәжікстанның борыштық міндеттемелерін қайта ұйымдастырудың шарттары туралы.

Тәжікстан Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастықтың және Орталық Азиялық Экономикалық Қоғамдастықтың толық құқықты мүшесі. Бұл аймақтағы интеграциялық процестерге қосымша серпін береді, сондай-ақ Тәжікстанның өзіндегі жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдеседі.

2000 ж. қарашада Қазақстан Премьер-Министрінің Душанбеге сапары болды. Экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 2000 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 58 млн. долларға жетті. Тау-кен өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, көлік және коммуникация – екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басымдық берілетін салалары.

Түрікменстанмен екі жақты қарым-қатынастар белсенді түрде дамып келеді. Осы елмен қарым-қатынастың шарттық-құқықтық негізін 40-тан астам шарттар мен келісімдер құрайды. Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынасты реттейтін негізгі құжаттар ҚР мен Түрікменстан арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық туралы шарт болып табылады, оған 1993 ж. 19 мамырда қол қойылды, ал Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларацияға 1997 ж. 27 ақпанда қол қойылды.

Қазақстан үшін Түрікменстанның іс жүзіндегі транзиттік әлеуетінің маңызы үлкен. Бұл мемлекет Қазақстанның табиғи әріптесі, өйткені Каспий жағалауы елдерінің қатарына жатады. Оның үстіне екі тараптың құрғақта ұзындығы 400 км. ортақ шекарасы бар. Қазақстан мен Түрікменстанды біріктіретін теміржол құрылысын салуға ерекше назар аударылуда. Өйткені, оны іске асыру еуропалық елдердің Иранмен, Түркиямен, Оңтүстік Азия мемлекеттерімен жол қатынасындағы тасымалын елеулі түрде жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан тарапы шекаралас облыстардың азаматтары үшін шекарадан өтудің жеңілдікті режимін қарастыруды ұсынуда. Түрікменстанда тұратын қазақ диаспорасының саны 90 мыңға жуық адамды құрайды, мұның өзі ел халқының 2 пайызына сәйкес келеді. Түрікмендік өкімет органдары қазақтарға оң көзқарас танытуда. Қазақ тіліндегі мектептер жұмыс істеп тұр. Қазақстанға қоныс аударғысы келетін адамдарға кедергі келтіріп отырған жоқ.

Саяси-экономикалық тұрғыда Каспий теңізінің мәртебесі, Каспий ресурстарын пайдалану, көмірсутегі шикізатын өндіру сондай-ақ әлемдік рынокқа тасымалдау және жүктердің тасымалы саласында елдер арасындағы әріптестік пен кооперация, сондай-ақ Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы шеңберінде (ЭЫҰ) екі тараптың мүдделерін ілгері жылжыту жөніндегі позицияларды жақындастыру екі мемлекеттің күш-жігерін жандандыруда анағұрлым перпективалы бағыт болып табылады.

Өзара ынтымақтастыққа дәйекті сипат беруді қамтамасыз етуде жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулердің маңызы зор. Президент Н. Назарбаевтың 1999 ж. сәуірдегі Ашхабадқа сапары екі жақты қатынастардың тарихында маңызды оқиға болды. Екі елдің Президенттері өзара ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған шараларды талқылады. Мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы меморандумды қоса алғанда, бір топ маңызды құжаттарға қол қойылды.

2001 ж. 5-6 шілдеде Түрікменстан Президенті С. Ниязов Қазақстанға ресми сапар жасады. Тараптар мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау туралы шартты, Мемлекеттік шекараны қорғаудағы ынтымақтастық туралы келісімді, сондай-ақ Кеден ісіндегі ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы, Салық заңнамасын бұзушылыққа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық және ақпарат алмасу туралы және т.б. келісімдер жасасты. Екі елдің басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындау проблемасына, Түрікменстан аумағы арқылы Иранға қарай қазақстандық мұнайды тасымалдаудың перспективаларына айрықша көңіл аударды. Сарапшылардың бағалауы бойынша бұл бағыт басқа жобаларға қарағанда анағұрлым қысқа және коммерциялық тұрғыдан тиімді болып табылады. Сонымен қатар Каспийдің құқықтық мәртебесі мәселесі бойынша Ашхабад Каспий теңізінің түбі бойынша орта сызық жүргізу туралы Қазақстанның позициясын жақтап пікір білдірді.

Соңғы кездері екіжақты үнқатысуды дамытуға 2007 жылдың мамырында Түрікменстан президентінің Қазақстанға жасаған ресми сапары қуатты серпін берді. Екі ел басшылары Ғ. Бердімұхамедов пен Н. Назарбаевтың кездесуі іс жүзінде дәстүрлі әріптестікті жан-жақты белсенді етіп тереңдетуге тараптардың әзір екендігін айшықтады. Ал 2007 жылдың қыркүйегіндегі Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Түрікменстанға ресми сапары екі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге негіз қалады (ЕҚ, 25.10.2008).

Түрікменстанмен ынтымақтастық біздің мемлекетіміздің сыртқы саясатында маңызды орын алады.

Қырғызстан мен Қазақстан арасында өзара толықтай түсіністік қалыптасқан. Бүгінгі таңда бірлесе қызмет етудің арқасында 400-ден астам бірлескен кәсіпорын құрылды және жұмыс істеп тұр. Қазақстан кәсіпорындары қырғызстандықтар үшін 8 мыңнан астам жұмыс орындарын ашты.

Қырғыз елі Қазақстан Президентінің Орталық Азия одағын құру идеясын қолдады. Бұл бастама барлық саланың дамуына серпіліс беретіні анық. Екі мемлекет арасындағы сауда айналымы 300 млн. АҚШ долларынан арта түсті. Қырғыз экономикасына келіп жатқан инвестицияның 45 пайызы Қазақстанның үлесінде (ЕҚ, 23.09.2008).

9 – лекция. 1 сағат.

Қазақстанның Украинамен, Беларусьпен және Закавказье мемлекеттерімен қарым-қатынастары

1. Қазақстанның Украина және Беларусьпен қарым-қатынастары.

2. Қазақстан және Закавказье республикалары (Әзербайжан, Грузия,

Армения).