Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
«Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықта»...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.59 Mб
Скачать

2. Мемлекеттік құрылысты ұйымдастыру шаралары.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құруға кірісті. Елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйенің орнығуына, күшті заң шығарушы органның, тәуелсіз баспасөз және автономиялық жергілікті басқарудың дамуына көп көңіл бөлінді.

Атамекен жеріміздің тәуелсіз ел екендігін, құдіретін, байлығын, бірлігін, мақсат-мұратын білдіретін қастерлі рәміздерді құрмет тұту, сыйлау, асқақтата дәріптеу қазақстандық әрбір азаматтың ең қымбатты борышы. Рәміз дегеніміз белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге, жанама сипаттап көрсетуден туатын сыр-таңба, эстетикалық категория, шартты белгі. Елтаңба, Ту, Әнұран - әрбір тәуелсіз мемлекеттің ажырамас бөлігі. 1992 ж. 4 маусым Қазақстан тарихында мемлекеттік рәміздердің дүниеге келген ерекше мәртебелі күн.

Қазақстан Республикасы туының авторы – Ш.Ниязбеков. Тудың біртүстілігі Қазақстан халқының бірлігін білдірсе, көгілдір түс геральдика тілінде адалдықты, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны, күн – энергия көзі, байлықтың нышаны. Тудағы бүркіт бейнесі мемлекеттік билікті, кеңдікті білдіреді, еркіндіктің, тәуелсіздіктің, болашаққа деген талпыныстың нышаны. Төл туымызды даралап тұрған тағы бір белгі оның сабына таяу тік тартылған ұлттық өрнекті жолақ. Онда “Қошқар мүйіз” деп аталатын қазақы өрнек салынған. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Елтаңбасының авторлары – Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов. Елтаңба мәңгі өмірдің белгісі, отбасы берекесін, бірлікті, байлықты, бейбітшілікті меңзейді. Қазақстан Әнұраны әуенінің авторлары – композиторлар М. Төлебаев, Е. Брусиловский, Л. Хамиди болса, мәтінінің авторлары – ақындар М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева. Әнұранда халқымыздың еркіндікке құштар көңілі, тамыры терең болмысы, келешегіне бағышталған арманы көрініс тапқан. Әнұран патриоттық сезімнің белгісі. Әнұранның әуені 1992 ж. 4 маусымда, ал мәтіні 1992 ж. 11 желтоқсанда бекітілді.

Ал 2007 жылы Елбасы Жарлығымен 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді. Бұл – Мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрмет белгісі. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – отаншылдық сезімнің аса бір жарқын көріністерінің бірі.

Астана – егеменді Қазақстанның жаңа елордасы. 1997 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл тарихи шешімнің қабылдануына қаланың өте ірі көліктік жолдардың тоғысында, еліміздің ұтымды геосаяси орталығында орналасуы себепкер болып, ол көп жағдайда біздің жас мемлекетіміздің келешек қарқынды дамуын айқындап берді. 1998 жылы 6 мамырда жаңа елорданы Астана деп атау туралы шешім қабылданды. Ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Осы жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Біз айрықша қысқа мерзімнің ішінде еліміздің дәл ортасында жаңа астанамызды тұрғыздық. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды.

Қоғамды демократияландыру барысында жаңа саяси институттар – парламент, 1993-ші және 1995 жылдардағы конституциялар қабылданды, тәуелсіз сот билігі қалыптасты. Қазақстанда көппартиялық жүйе пайда болды. 1999 ж. республикада 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. Ал 2003 жылы саяси партиялардың саны 19-ға жетті. Жаңадан халық арасында танымал “Отан”, “Ақ жол” т.б. партиялар бой көтерді.

1995 жылғы желтоқсанда өткен бірінше қоспалаталы парламент сайлауынан кейін Қазақстанда қоғамды демократияландыру қадамдары одан әрі жалғасын тапты. Ашық баламалы сайлау, саяси күрес мәдениеті, көппартиялық жүйеге кең жол ашылды. Оның нақтылы дәлелі ретінде елімізде жүргізілген Президент, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауды айтуға болады.

1999 жылғы 10 қаңтарда болып өткен Қазақстан Президенті сайлауына балама негізде 4 кандидат тіркелді. Олар: Коммунистік партия өкілі С.Ә.Әбділдин, Сенат депутаты Ә.Ғ.Ғаббасов, Мемлекеттік Кеден комитетінің төрағасы Ғ.Е.Қасымов және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан Президентін сайлауға барлық сайлаушылардың 87,05 проценті қатысты. Дауыс беру қорытындысында Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетіп, қайтадан Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланды. Оған дауыс беруге қатысқан барлық сайлаушылардың 79,79 проценті өз дауыстарын берді.

Қазақстандағы болып жатқан демократиялық өзгерістер 1995 жылы қабылданған Ата Заңында өзінің басты көрінісін тапты. Еліміз егемендік алғаннан бері екі Конституция қабылданды. Оның біріншісі – 1993 ж. қаңтарында өмірге келді. Бірақ оның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі бар еді. Бірінші Конституцияны жасауда асығыстыққа жол берілді. Нақтылап айтсақ, ел ішінде болып жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік процестерді бірден ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан нақты айқындау әлі мүмкін болмады. Осындай себептерге байланысты жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туындады. 1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық дауыс беру арқылы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды.

Жаңа Конституцияға, оның алдыңғысымен салыстырғанды, көптеген өзгеріс, ғылыми қағидалар енгізілді. Егер бұрынғы Ата Заң 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан тұрған болса, кейінгісі көлемі жағынан едәуір қысқарып, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда еліміздің экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті кепілдікті құқықтар беретін көкейкесті мәселелерді шешу ескерілді. Жаңа Ата Заң құқықтық мемлекет құруға бағдарланған. Конституцияның кіріспесінде: “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”,- делінген. Мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне бөлінеді. Конституция бойынша Қазақстан Президенттік республика болып табылады. Президент елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілейтін мемлекет басшысы, ең жоғарғы лауазымды адам болып есептеледі.

Конституцияда Парламенттің орны мен атқаратын қызметі айқын белгіленген. Ол заңдар шығарып, қабылдайтын орган. Парламент – Сенат және Мәжіліс палаталарынан тұрады. Бұған дейін Парламентте мұндай екі палата деген ұғым боған емес. Жаңа Конституцияда екі палаталы парламенттің ерекшеліктері де жан-жақты көрсетілген. Жоғары мемлекеттік органдар жүйесіндегі үкіметтің тиісті орны, сот билігінің, прокуратураның қызметтері де айқындалған. Бұрынғы Ата Заңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйіні кейінгі Конституцияда жаңаша шешілген. Оны, әсіресе, жер, тіл, азаматтық,, негізгі құқықтар мен бостандық сипаты туралы, қос палаталы парламент құрылымы және Президентті айып тағу арқылы қызметтен кетіру мәселесі жөніндегі баптар мен тармақтардан айқын көруге болады.

Қорыта келгенде, біздің жаңа Конституциямыз, еліміздің рәміздері халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге міндетті.

4 – лекция. 1 сағат.